Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

Төлеген Айбергенов

(1937-1967)

Аса талантты лирик ақын. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Төлеген Айбергенов 1937 жылы 3-наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы Кегейлі деген жерде дүниеге келген. Алғашында Чкалов атындағы жетіжылдық мектепте, сегізінші сыныптан бастап Максим Горький атындағы орта мектепте білім алып, сондағы балалар үйінде тәрбиеленген. 1954-1959 жылдары Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институтында қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқиды. Оны бітіргеннен кейін 1959-1962 жылдары Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім болған ақын 1962-1965 жылдары қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор қызметін атқарды. 1965 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет жасай жүріп, біржола шығармашылықпен айналысты. Қысқа ғұмырында жырдан маржан тере білген ақын қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан байытты. Оның поэзиясы әуезді ырғақ, жаңа екпінімен ерекше. Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды замандастарына ортақ тағдыр тәлкегін көрген ақын поэзиясында олардан өзге, тың жол тапты. Ол кешегі соғыстың жазылмас жарасын емес, бүгінгі бейбіт өмірдің шуақты жақтарын шабыттана жырға қосты.

Төлеген ақын қазақ поэзиясын «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Арман сапары. Таңдамалы шығармалар» (1976), «Бір тойым бар» (1989), т.б. жыр жинақтарымен байытты. «Арман сапары» атты тұңғыш жинағымен дараланған ақын қаламынан туған дүниелер өзіндік сөз саптасымен ерекше. Тұңғыш жинағы «Арман сапарының» қолжазбасын Алматыға алып келе жатып жол үстінде жазған «Менің республикам» өлеңі сол жинақтың беташарындай болды. Ә.Тәжібаев пен С.Бегалин бастаған ақындар қауымын Қазақстаннан жырақта жүрген жас ақын мына жыр жолдарымен баурап еді:

Бұл аймақ бір кездегі

қазақ ұшқан.

Жұлдызға

космодром – ғажапстан.

Міне дос, парасатты

партияның

Қолымен қайта туған

Қазақстан!

Түрікмен классигі Мақтымқұлы, қарақалпақ әдебиетінің Бердақ пен Ажнияз сынды шайырларынан нәр алған ақын өзбек, қазақ ақындарынан да үйрене білді. Оның поэзиясындағы туған жерге, елге деген сүйіспеншілік кіндік кескен Кегейлі жерінен бастау алады. «Кегейлі дәптерінен» атты жыр шумағында жыраулар поэзиясындағы толғау үлгісімен «Қырында анам қыз күнін, Қыздырып өткен Кегейлі... Су алған сайда әжемнің Сырғасы қалған Кегейлі...» деп ата-баба қонысының сырын санамалап айту басым. Қарақалпақстанда туып, Өзбекстанды жоғары білім алып, Қазақстанға ат басын тіреген ақын үш елдің төл перзенті бола білді. Оны «Ұланы болдым мен бүгін, Ұласқан үш планетаның» деп мақтан тұтады. Сондықтан ақын жырларының бірсыпырасы Қарақалпақ жері мен еліне арналған. «Қарақалпақ жырларында» «Ұмыту сені мүмкін бе? Ұмыту деген – сүймеу ғой» деп түйген ақын туып-өскен жерін бір сәт ұмытқан емес. Ол қарақалпақ жеріне «Әму жағасында», «Туған еліме», «Әмудария жайлы өлеңдер», «Қоңырат», «Туған елге», «Өскен жер», «Ауылым»,т.б. өлеңдерін арнады.

Төлегеннің үлкен арманы ата қонысқа, Қазақстанға ат басын тіреу болғандығы поэзиясынан анық аңғарылады. Сондықтан да оның поэзиясында сағыныш басым. «Аруана – бауыр дүниеде»:

Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп,

Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,

Омырауын шерге толтырып.

Апталап-айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын.

Қазығын таппай тоқтамайды екен, мәңгілік тіпті күн батсын.

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние,

Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың,

– деп жырлаған ақын аруана сынды ата-қонысқа басын тірегенше тыным таппады. Ол бұл арманына жетті де. Қазақстанға келіп қазақ еліне қызмет етті. Қазақстанда жүріп туған жерге «Менің республикам», «Түркістан дәптерінен», «Қаратау», «Қарашық», «Қарсақты», «Аруана – бауыр дүние», «Қазақстан көктемдері», «Атамекен» сынды жыр шумақтарын арнады. Ақын арманы болған Алматыға «Алатауға», «Алматым», «Алатау бұршы маған мойыныңды» өлеңдерін арнады. «Аяз» өлеңінде:

«Төндіріп тас төбеден түнегіңді,

Көп болса бозартарсың гүл өңімді,

Ал, бірақ, Алматымды сүйетұғын,

Суыта алмайсың от жүрегімді, – деп жырласа, «Алматыға» бірінші өлеңінде:

Сен – менің шабытымның астанасы,

Сен – менің дарынымның бастамасы,

Сен – менің үмітімнің жас қаласы,

Сен – менің арманымның астанасы – дейді.

Қазақстанның төрт бұрышын түгел аралаған ақын әр елді мекеннің жетістігін жеткізе жырлады. Маңғыстау саздарындағы «Сырласу», «Шевченко – мұнай ордасы», «Мұнаралар», «Төстегі жаңғырықтар», «Күйлер», «Ақ Жайық», «Ақ ерке ақ Жайық» өлеңдеріндегі «Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда Мұнаралар басына шырақ тасып», «Мұнаралар жарығы сөнбесін деп, Кірпік ілмей шығады ғұламалар», «Бұрымдарын тарқатқан ақ қайыңнан, Жайық, Жайық, айнасы босамаған!» деп батыстағы мұнайшылардың өмір-тіршілігінен хабар бере отырып, олардың жер қойнауындағы қара алтын игерген ерлігін мақтан етеді. «Маңғыстау жырлары», «Арал жырлары» туған жерге деген үлкен сүйіспеншіліктен туған жалынды жырлар екені анық. Түркістанға ат басын тіреп, Қожахмет Яссауи күмбезін жырға қосып тебіренсе, енді бірде Семей мен Сыр бойындағы мақталы алқаптың еңбекшілеріне сөз арнады. Осылайша ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі Кегейліден Алматыға, Алматыдан Қазақстанға, Қазақстаннан Кеңестер Одағына ұласты.

Басқа ақындар секілді Төлеген де анаға деген бала махаббатын жеткізе жырлады. Сондықтан да ол анасы қайтыс болғанда «Анама» деген өлеңінде былай күйзеледі:

Өтті анам – үш баламның пайғамбары,

Үш сәби жүрегінің сайран бағы.

Жыр қылып жатты біздің қара шаңырақ

Менің сор маңдайымның тайған бағын...

Адам өмірінің айтулы кезеңдерін жырға қосу қазақ поэзиясында қалыптасқан дәстүр. Жігіттіктің ең бір есте қалар шағы жиырма бесті жырға қоспаған ақын жоқтың қасы. Төлеген де жиырма бесті «Жиырма бес», «Жиырма бес – станоктардың...», «Саған жақ барлық жақсы адам», «Жиырма бес егер сен тау бола қалсаң», т.б. өлеңдерінде жеткізе жырға қосты. Жиырма бесті бірде тауға, енді бірде биіктік пен тереңдікке, көк пен жерге, ар мен адалдыққа теңеген ақын «Жиырма бес – станоктардың Зырылдап жатқан ұршығы. Бәйгіге қосқан аттардың Тұяқтарының дүрсілі» деп түйіндейді.

Ақын поэзиясынан үлкен орын алатын тақырыптың бірі – табиғат лирикасы. 1958 жылы студент шағында «Қазақ әдебиеті» газетіне «Пейзаж» деген атпен шыққан тұңғыш топтасынан бастап туған жердің сұлу табиғатын бір сәт ұмытқан емес. Ә, дегеннен «Аямай, жерге төгіп алтын нұрын, Күн көзі күлімдейді қасын қағып» деп бейнелі образбен сөйлей білген ақын табиғатқа жан бітіруде жетістікке жетті. Табиғаттың құбылыстарына жан бітірген ақын олармен бірде сырласады, енді бірде бай табиғатқа таңдай қаға сұқтанады. Мәселен, «Таң жыры» атты өлеңінде:

Аймалап ерке желі жан-денені,

Бозарып қылаң беріп таң келеді.

Малынып шығар күннің шұғыласына

Көк құрақ мың құбылып сәнденеді,

немесе:

Ну қамыс жарыса өскен шулап күліп,

Қайтадан түрегелді сұлап барып.

Толқыны жардан құлап,

аунап тұрып,

Сұңқылдап жатыр бұлақ сыр ақтарып,

– деп жансызға жан бітірген ақын дерексіз затты көз алдыңа көлбеңдете бейнелейді. «Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен», «Ұқсаған көктегі ай асқан шамға», «Арманың ада болмас арна сенің», «Отырмын түнді жамылып», «Бақшаға саяхат», «Шығанға шұлғып шың басын», «Не деген мынау сән-көрік», «Тау жолында», т.б. өлеңдерінде ақын жаңа тіркестер арқылы жаңа образдар жасады. «Күн – бикеш көкжиектен құлап кеткен», «Ұқсаған көктегі ай асқан шамға», «Суықтан дала жатыр тұмауратқан, Мұртына теректердің қырау қатқан», «Ұялшақ сәби талдың жағадағы Етегін гулеп ойнап жел түреді», «Сыңсиды жел қобызын бұрап тартқан», «Шебер қыс көлді ұқсатып бір ғалымға, Көзіне іліп кетіпті көзілдірік...» сынды тіркестер ақынның қазақ поэзиясына алып келген жаңа бейнелері.

Ол өзі өмір сүрген кеңестік дәуірдегі замана жырын жырға қоса білді. Оны «Космонавт монологы» поэмасы мен «Арайлы күн жүзіне ұлы Ленин», «Көсем туралы жырлар», «Партия туралы жырлар» сынды туындыларынан көруге болады.

Ақын «Есек пен сауысқан» атты мысалы арқылы замандастарына ой салып, оның жақсылық пен жамандық, адалдық пен аярлық, аңғалдық пен зымияндық жайындағы ойын осы мысал арқылы көркем бейнелей білді. Жақсы да, жаман да қасиеттерді мысал арқылы жеткізу – ақынның үлкен табысы.

Ақынның лирикалық кейіпкері сағыныштан жаралғандай. Оның қай өлеңін алсаңыз да, сағыныш басым. Туған-жерге, туған-туысқа, дос-бауырға деген сағыныш – ақын поэзиясының лейтмотиві. Қарақалпақстанда жүргендегі Қазақстанға деген сағынышы Қазақстанға келген соң кіндік қаны тамған жерге деген сағынышпен ауысты. Сол үлкен сағыныштан болса керек, өмірінің соңғы күндерін ол өзі туып-өскен қарақалпақ жерінде өткізді, сол жердің топырағы бұйырды. «Сағынған көздің моншағы, Шашылып жатыр төсекте...» дейтін Төлегеннің сағынышқа толы лирикасының шоқтығы биігі – Мұхтар Шахановқа арнап жазған «Сағыныш» өлеңі:

Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,

Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.

Олсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың

қатарға,

Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға.

Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық

шағыңдай.

Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың

Бауларға кірсең сағынбай.

Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан

шықпас асқақатап,

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп

тас қаптап...

«Космонавт монологы» деп аталатын лирикалық поэмасында шағын лирикадағы табысын эпикалық шығарма жазуда сынап көрді. Космонавт монологымен берілген «Ұшарда», «Көтерілу», «Көк төсінде», «Қиырда», «Оралу» атты бөлімдер жинала келіп, поэманың тұтастығына қызмет етеді. Айға көтерілген ұшқыштың Жер туралы монологынан оның туған жерге деген отаншылдық рухын көруге болады. Жер бетінде болаған алапаттар мен қасіреттер нәзік жүректі ақынның жан-дүниесін астан-кестен етеді. Сондықтан да ол Жер – ананы былайша жырға қосты:

Мен – Жермін арман толы аңқылдаған,

Мен – Жермін мың сөніп, мың жарқылдаған.

Мен – Жермін бармағы бал, бауыры – қан,

Қасірет сорғалаған сауырынан.

Сан рет шөгіп қайта түрегелген

Уақыттың ала сапыран дауылынан...

«Елеуреп сан ояндым шырт ұйқымнан Қара Жер күңіренгенде оқтын-оқтын», «Күнәсіз даңқты өмірлер кісенделген, Дәл қазір көз алдымда ол да менің», «Сан рет бездірдік қой қонған бақты, Бауырмал жүректерге тізгін салып», «Тірнектеп жиғанымды аш көдікпен Қанқұмар талай ғасыр тонап алған» дейтін лирикалық кейіпкер тыныштықты бұзушыларға лағнет айтады. Ол адам қолымен жасалған зұлымдықтар мен қасіреттердің Жер-ананың төсін қанға бояғанын кешіре алмайды. Сондықтан да Айға ұшып, Жерге қайта қонаған лирикалық кейіпкер: «Адамзат тыныштығын қорғау үшін, Ғаламның бұзып келем тыныштығын!» деген түйін жасайды. Жұбайы Үрнисаның айтуына қарағанда жазғанының бәрін жатқа айтатын ақынның дүние салардан екі-үш ай бұрын жазған 174 жолдан тұратын поэмасы қағазға түспей қалған. «Сенің ойыңша, бұл қазір пайда болғандай көрініп тұр ғой. Мен оны толғатқалы қашан!», - деген ақын алдындағы жинақтардың шығуын күтіп жүріп, келесі жинақтарға енетін жырларын тек жатқа айтып жүрген тәрізді. Бұл әрине өкінішті.

Оның «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т.б. өлеңдеріне жазылған әндерді ән сүйер қауым сүйіп тыңдап келеді. Көзінің тірісінде «атан жілікті атақты ақын» атанған Төлеген ақынның классикалық туындысының бірі – «Бір тойым бар» өлеңі.

Бір тойым болатыны сөзсіз менің,

Дәл қай күні екенін айта алмаймын.

Бірақ... бірақ...

Ешкімді де билетпей қайтармаймын...

Мен сөйтіп бар шаңнан бір сілкінемін,

Мен сөйтіп рақаттанып бір күлемін.

Кім білсін талай түнгі тілегім ед,

Мәңгілік тарқамауы да мүмкін оның,

– деген ақынның өзі айтқандай оның тойы мәңгілік болды. Жыр сүйер қазақ оны той гимні тәрізді жатқа айтып, «Бір тойым бар» өлеңінсіз бір қазақ той жасамайтын дәрежеге жетті. Қазақ поэзиясына жасампаздық рухпен келген ақынның жыр өлшемдері де өзгеше. 2 буыннан бастап 3, 6, 8, 13, 18, 15, 17 сынды әртүрлі буындармен төгіп-төгіп алатын ақын лирикасын әуезді әуенге құра білді. Үйлесімді екпінге құрылған әртүрлі буынмен жазылған өлеңдерінен басы артық бунақ та шумақ та кездеспейді. Өлеңдерінің басынан аяғына, аяғынан басына қарай бір деммен оқылатындығы ақынның өзі алғашында жатқа айтатындығынан, екпінге, әуезге құра білгендігінен болса керек. Төлеген Айбергенов – қазақ поэзиясына жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа леп алып келген жаңашыл ақын.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]