Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Скачиваний:
53
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
1.03 Mб
Скачать

108-Билет. 1986ж. Алматыдағы желтоқсан оқиғасы. Қазіргі көзқарас.

1986жылдың желтоқсанында жастар бұлқынысының басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспай, Ресейдің Ульянов облысы партия комитетінің 1-хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Сондай-ақ Қазақстандағы барлық билікті уысынан жібермей ұстаған шовинистік жүйе, күшпен орыстандыру саясаты, интернационалистік у-шу тасасында ұлттық тіл мен мәдениетті жою әрекеті, ауру мен балалар өлімінің көбеюі, теңсіздік, саяси бостандықпен санаспау, ұлттық намыс пен ар-ұжданды табан асты ету, жергілікті халықтың қайыршы жағдайда өмір кешуі.

Сол күні Алматыдағы Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін олардың саны әлденеше мыңға жетті. Ереуілге шыққан жастардың қолдарында «Өзімізді-өзіміз билеуді талап етеміз!», «Әр халыққа ─ өз көсемі!», «1937 жыл қайталанбауы керек!», «Ұлы державалық ессіздік дереу тоқтатылсын!» деген ұрандар, транспоранттар болды. Бірақ алаңға жиналғандардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО Ішкі істер министрлігінің №0385 бұйрығы негізінде дайындалған "Құйын- 86" операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсанның 18-і күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Жастардың қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер желтоқсанның 19-ы күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, жаншып таратты. Алаңдағы көтерілісшілер күшпен таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2 мың 401 адам жеткізілді. (Алматы түрмелеріне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталды).

Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілері республиканың Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. Желтоқсан көтерілісіне Кеңес одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің қаулысымен "қазақ ұлтшылдығының көрінісі" деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. . Көтерісшілер қатаң жазаланды. Көпшілігінің өміріне де, көңіліне де жазылмас жара түсті. Ләззат, Сәбира, Қайраттай гүлдеріміз ерте солды. Олар желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпынған, шындық жырын жырлаған, халқымыздың жас өркені еді. Міне осылайша, бұл демократия жолындағы алғашқы қозғалыс әділетсіз түрде басып-жаншылған азаттықтың бейбіт шеруі болды. Тіпті, бұрын қызыл империяның құрамында болып, қазір егемендік туын желбіретіп отырған мемлекеттердің барлығы дерлік белгілі бір деңгейде осы желтоқсан көтерілісіне қарыздар. Шын мәнісінде халықтық сипат алған аталмыш жастар қозғалысының тәуелсіз еліміз үшін маңызы зор болғандығы ақиқат. Желтоқсан пәлен жылдар бойына мызғымас қамал саналып келген Кеңестік империяның іргесін мүжіп, көбесін күйретіп, ақыры жер бетінен жойылып тынуына ұрындырған пәрменді соққы болып тиді.

Егемен еліміздің тарихында айрықша орын алатын осы оқиғаға - орталықтың отарлау саясатына жастардың наразылығын танытқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: « 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетті. Олар жүз жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді»-деп дәл бағалады.

Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын ең алғаш көтерген әйгілі 86-ның желтоқсаны туралы шындық мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Сонау қылышынан қан тамған „колбинизм заманының” өзінде-ақ «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, баспасөз бетінен алаңдағы оқиғаның ақиқатын батыл айта білген қазақ ақын-жазушыларының есімін бүгінде бүкіл әлем таниды.

1986 жылғы желтоқсанның 31-і күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен жазушылар одағында болған кездесуде Жұбан Молдағалиев: «Мен – қазақпын, өз халқымды мақтан етемін!» деп , жастарды жазықсыз жазалаған өкімет адамдары екенін ашық түрде беттеріне айта келіп, «Мен сондай ұят оқиға және оның артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім» - деді. Міне, үлкен мінбеден қазақ жастарын жақтап сөйлеген азаматтың Ақ Жайықтың перзенті болғанын бүгінде біз мақтан тұтамыз.

Шынында 86-ның Желтоқсаны қазақ халқының ұлттық сезімінің өсуіне айырықша ықпал етті, қазақтың өзін-өзі тануын, ұлттық мақтаныш пен тәуелсіздік туралы ұғымын түбірімен өзгертті.

Бұл күн ─ жалынды жастарымыздың тәуелсіздік көксеген рухы алаулаған күн! Бұл күн ─ азаттық үшін алысып, намыс үшін шабысып, басты бәйгеге тіккен күн! Сондықтан да, бұл күн ешқашанда ұмытылмақ емес, қандай жағдайда да болсын, атаусыз қалмақ емес. Олай болса, жарқын болашақтың беташары болған Желтоқсан еліміз бен жеріміз үшін, қабырғалы халқымыз үшін, ұлтымыз бен ұлысымыз үшін маңызы зор тарихи белес.

Соседние файлы в папке 1.Қазақстан тарихы