Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
АБАИТАНУ 11 СЫНЫП СЖ.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
318 Кб
Скачать
☆

«Бөтен елде бар болса» өлеңі

«Бөтен елде бар болса» – Абайдың 1886 жылы жазылған өлеңі. Көлемі 168 жол. Тобықтының Мамай атасынан шыққан Жамантайұлы Көжекбай деген кісіге арналған. Бір кезде ақынмен дос-жаран болып, кейінгі кейбір мінездері ұнамағандықтан, Абай соған бағыштай сын өлеңдер жазған. Бұдан бұрынырақ шығарылған эпиграмма түріндегі бір ауыз өлеңі «Жамантайдың баласы Көжек деген» деп басталады. Бұл өлеңнің негізгі мазмұны – Абай заманындағы қазақ қауымында етек алған атқамінерлер арасындағы бас араздық, бақастық, солармен іштей астасып жататын ағайын арасындағы кикілжің, дүрдараздық көріністерін сынау. Өлеңде ел ішінде жақсы аты шығып, беделі артып бара жатқан адамның басына іс түскен кезде, мұнымен алыстан сыйласып жүрген бастасының бұған қарсы айла-шарғы жасап, жауларымен ауыз жаласатыны, онымен де тұрмай, бұған қайта келіп, «Жауыңнан сыр алғалы әдейі істедім» деп, тағы да алдамақ болатын екіжүзділік әрекеттері шенеледі. Басында дос болғансып жүріп, артынан жауығып кеткен мұндай адамның қаскөйлігі өте қауіпті. Ол әлі де досыңмын деп жүріп, жымысқы әрекетін жасай береді. Жұртқа мұны өтірікші, аяр етіп көрсетіп, маңайына ел жуытпайды. Одан әрі ақын «жау жағадан алғанда, өздері иттей тақымдайтын» ағайын адамдардың пасықтық қылықтарын тізбектеп сынайды. Олар үйлерінде отырып ауыздарымен орақ орғандай, қосылып алып, жақсы адамдарын даттағанда да бірауызды. Ал, шынтуайтқа келгенде, шынайы азаматтық пен биік адамгершілік сыналар тұста, жақынын сатып күн көретін жансебіл пұшаймандар. Жағдай өзгеріп, жаңағы қыспаққа түскен адамның алды оңала бастаса, бұл жазғандар осы опасыздық тұрғысында табан тіреп тұра алмай, қайта өзгереді, соның сойылын соғар жанашыры болып шыға келеді. Көлемді екі шумақтан тұратын ұзақ өлеңнің екінші бөліміне ақын жалған достық пен азғын ағайындыққа жинақты сипат беріп, оны жеке адамдардың басындағы көптен бүкіл қауым арасына кең тараған жалпылама құбылысқа айналдыра баяндайды, халықтың басыңдағы қырсықты қасірет ретінде суреттейді. Жақсының ығыңда жүргенде жаңағы топас ағайын шетінен күйсіген тасыр, томырық мінезді тентек, пәле іздеген жалақор. Соларды қыздырып, арасынан өз есебін түгендеп жүрген болыс, би, старшындар және бар. «Ел бүлігі Тобықты, көп пысыққа молықты» дейтін ақынның әйгілі сөзі осы өлеңде айтылған. Бірақ бұл бір ғана рудың, бір ғана аймақтың дерті емес, сол кездегі бүкіл қазақ қауымының басындағы қырсық. Сондықтан да Абай өлеңнің аяғын: «Нанымы жоқ, анты бар, Ел нұсқасы кетті ғой...» - деген ауыр түйінге апарып тірейді. Шығарма жеке адамға арнап жазылғанымен, оның жинақтаушылық сипаты басым, қоғамдық мәні зор, әлеуметтік әуені күшті. Өлең 7, 8 буыңды жыр үлгісінде жазылған, кейде егіз, кейде шалыс, кейде аралас ұйқаспен қиысып, шумақтың ақырына дейін үдеп отырады. Алғаш 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы жинақта 10-жол «Желіккен жауға кез болса», 34- жол, «Аулаққа шығып бірінің», 87-жол «Еркінді жерде ызақор», 96-жол «Егер күші жетпесе», 162-жол «Сенімсіз болды алашқа» деп алынған. 1933, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жолдар Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Желіккен жауың кез болса», «Аулаққа шығып біріне», «Еркін жерде ызақор», «Егер күші жүрмесе», «Сиымсыз болды алашқа» ретіңде қабылданған. Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.

Бөтен елде бар болса

Бөтен елде бар болса,  

Ежеттесің, сыйласың, 

Сыбырлас, сырлас көп болған.  

Көптен тату қимасың. 

Басыңа жұмыс түскен күн 

Татулықты бұрынғы 

Не қылып ол ойласын.

Ашып берер жауыңа 

Өзі көрген қоймасын. 

Желіккен жауға кез болса, 

Араздығы сөз болса,

“Бәрекелді батыр” деп, 

“Мықты боп бара жатыр” деп,  

Мақтап-мақтап қоздырар.  

Ескі досын көргенде,

Есебі жоқ ант ішіп,

Аруақ, құдай айтысып,

Сыр алғалы айттым деп, 

Жауыңды алдап қайттым деп, 

Құдайдан қорықпай, антұрған 

Иман жүзін тоздырар.

Келіп-кетіп көп жүріп, 

Мен досыңмын деп жүріп,

Дұшпандығын оздырар.

Алдайды деп жауыңа,

Ел тарттырмай баурына,

Көрінгенді азғырар.

Кеселді болып бітеді

Жақсыға біткен жақындар.

Жау жағадан алған күн

Өздері иттей тақымдар.

Үйде отырып ескенде,

Бәрі шешен қақылдар.

Аулаққа шығып бірінің

Бірі сөзін мақұлдар.

Жау көп болса басыңда,

Бірі қалмас қасыңда.  

Жетектесең, табандар.

Далаға шығып өзіңді

Жаттан бетер жамандар. 

Жалбарынып күн көріп, 

Жақынын сатып, жөн көріп, 

Қалтаң-құлтаң амалдар. 

Туысқанға кекшілі

Жас баладан бетерді,

Ойлау да жоқ, білу жоқ,

Келер менен кетерді.

ІV Үйге тапсырма:

  1. «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңін жаттау.

  2. Өлеңді құрылысына қарай талдау.

V Бағалау: оқушылардың берген жауаптарына қарай білімдерін бағалаймын.

Тексерілді:

Күні: 26.10.2016

Пәні: Абайтану

Сыныбы: 11-сынып

Сабақтың тақырыбы: «Сегіз аяқ» өлеңі

Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: оқушыларға Абай өлеңдерін терең меңгерту, мәнерлеп жатқа айту, өлеңдерінің идеялық мазмұнын меңгерту, «Сегіз аяқ» өлеңін талдау; 2. Дамытушылық: әр оқушының өзіндік ой-қиялына ерік бере, өзінше ой түюге баулу, шығармашылық жұмыс жасауға жұмылдыру арқылы таным-түсініктерін, сөйлеу мәдениетін дамыту, мәнерлеп оқи отырып талдау; 3. Тәрбиелік: ақын өлеңдерін оқи отырып, оқушы дүниетанымын қалыптастыру, адамгершілік қасиеттерді бойға сіңіру.

Сабақтың түрі: аралас сабақ.

Сабақтың типі: жаңа сабақты меңгерту.

Сабақтың әдіс-тәсілдері: түсіндіру, суреттеу, салыстыру, сұрақ-жауап, сөздікпен жұмыс, бағалау, бекіту, қорытындылау.

Сабақтың көрнекілігі: Абай портреті, шығармалар жинағы.

Сабақтың барысы:

І Ұйымдастыру кезеңі:

1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;

2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;

3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;

4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;

5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.

ІІ Өткен сабақты сұрау:

  1. «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңін жаттау.

  2. Өлеңді құрылысына қарай талдау.

ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:

«Сегіз аяқ» өлеңі

Жүрегін шырақ етіп жандырған кім? Жырымен жан сусының қандырған кім? Өзіне - өзі орнатып ескерткішті Мұра қып, кейінгіге қалдырған кім? Абай қазақ халқының рухани көсемдерінің бірі емес, бірегейі. Баршаның мақтан ететін ойшыл да сыршыл данышпанымыз. Ұлы ақын өзі өмір сүрген қоғам келеңсіздіктерін көріп өскендіктен, солардың бәріне де қарсы болып, ел бірлігін аңсады, мәдениетті елдердің қатарына жетуді, азат ел болуды арман етті. Бүгінде ақын арманы орындалды. Еліміз тәуелсіздігімізді алды, биыл біз «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылдығын» тойлап отырмыз, еліміз қабілетті 50 елдің қатарында. Абай әлемі терең мұхит, сол мұхитты жүзіп өтіп, Абай әлемінен білім алайық. Бүгін біз ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен әрі мол, әрі көркемдік жағынан келісті, зор шығармаларының бірі - «Сегіз аяқ» өлеңімен танысамыз. «Сегіз аяқ» Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. 1. Абай оқуларының аудандық жүлдегері Динара «Сегіз аяқ» өлеңінен үзінді оқып береді. 2. Өлеңді мәнерлеп оқу. /әр топтан 1 оқушыдан/. 3. Өлеңде не жайында айтылған? Не түсіндік? а/ Ақын бұл өлеңде әлеуметтік мәселелерді сөз қылады. Қазақ өмірімен байланысты мәселелердің әрқайсысына ерекше тоқтап, үлгілі сөздер айтады. б/ Ақын тек өмірдің шындығын ғана ашып қоймай, алға қойған мақсатты орындау үшін не керек екендігін де ашып көрсетеді. г/ Ұлы ақын жастардың адам болу үшін ең алдымен еңбек ету керек, білімді болуы керек және халқына пайдалы еңбек ету керек деп қорытынды шығарады. 4. Дұрыс айтасыздар, «Сегіз аяқ» өлеңінде ақын өз кезіндегі өмір шындығын көрсетуден туған өлеңдерінің бірі, мұнда бір жағы – сын, сықақ болса, екінші жағы – өсиет, ғибрат беру.

ІV «Сегіз аяқ» өлеңінің 1 шумағын мәнерлеп оқыту. «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған. Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағына жетіп қайырған - Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл. Балалар, бұл өлең біз бұрын өткен Абай өлеңдерден өзгеше екенін көріп отырсыңдар. Себебі «Сегіз аяқ» өлеңіне Абай тыңнан қосқан шумақ өрнегін көріп отырмыз. Өлеңнің әр шумағы сегіз жолдан тұрады. Өлеңнің ырғақтық құрылысы өзгеше өрнектелген. Шумақ 5-8 буынды, тармақтары жүйелі түрде үйлесіп, араласып түзілген. Алдыңғы 6 тармақ тезис есебінде болса, соңғы 2 тармақ ақындық ой қорытылады. Бұл өлең қазақ поэзиясында жаңа туынды. «Сегіз аяқ» өлеңінің өлшемін, шумақтың өрнегін Ш. Құдайбердиев, А.Байтұрсынов т. б. ақындар да қолданған. «Сегіз аяқ» өлеңі – өз заманындағы өмір шындығы көрсетілген өлеңдерінің бірі. Абай өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрлендіріп, әдейі арнап ән де шығарған.

Ән тыңдау. Жүсіпбек Елебековтың орындауында «Сегіз аяқ». Бұл әннен өлеңнің мазмұны мен мақсатына ақынның ерекше зер салғанын көреміз.

V Дәптермен жұмыс: Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі қанатты сөздерді теріп жазу.

1. Өткірдің жүзі, Кестенің бізі Өрнегін сендей сала алмас. 2. Білгенге маржан, Білмеске арзан, Надандар баһра ала алмас. 3. Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын. 4. Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей. 5. Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын.

VІ Сабақты бекіту: Топтық жұмыс/өлең құрылысына талдау/: І топ Түбінде баянды еңбек - егін салған Жасынан оқу оқып, білім алған. Би болған, болыс болған – өнер емес, Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған. Қара өлең ұйқасы ІІ топ Білімдіден шыққан сөз, а Талаптыға болсын кез. а Нұрын, сырын көруге, - Көкірегінде болсын көз. а Жүрегі – айна, көңілі ояу, б Сөз тыңдамас ол баяу, б Өз өнері тұр таяу, б Ұқпасынба сөзді тез. а Аралас ұйқас ІІІ топ Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің әсері бар. Қара өлең ұйқасы