Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тін» ымыны анытамасы.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Қанның құрылысы

Қанның плазмасы сұйық зат. Оның 90-93% судан, 7-8% құрғақ заттан тұрады. Құрғақ заттың 6.6-8% белок, 1.5-3.5% органикалық және минеральдық қосындылар. Қанның негізгі белоктарына альбуминдер, глобулиндер, фибриногендер жатады. Қанның плазмасының РН-7.36. Оның құрамында Na, K, Ca, Mg, Cl, P, J, Zn бар, олардан басқа креатинин, биллирубинді атауға болады.

  1. Қанның пішіндік элементтері

Эритроциттер. Адамда және сүтқоректілерде бұл жасушаларда ядро жоқ, негізгі қызметі оттегі мен көмірқышқыл газын тасымалдау, яғни тыныс алуды қамтамасыз ету. Жасушаның бұл қызметін атқаратын бөлігі арнайы пигмент – гемоглобин. Оның құрамына күрделі белок және темір кіреді. Эритроцит цитолеммасының көмегімен аминоқышқылдарды, антителоны, токсиндерді, кейбір дәрілерді тасымалдай алады.

Ересек еркек адамдарда эритроциттің мөлшері 3.9-5.5 х 1012 г/л, әйелдерде 3.7-4.9 х1012 г/л. Эритроциттердің саны адамның жынысына, жасына, денсаулығына, көңіл-күйіне және тұрғын аймағына байланысты өзгереді. Эритроциттердің санының артуы эритроцитоз, ал кемуі эритропения деп аталады.

Қан ағымының ішіндегі эритроциттің екі жағы ішіне кіре орналасқан. Олар дискоцит деп аталады. Дискоциттер эритроциттердің 80% құрайды. Электронды микроскоптың көмегімен эритроциттің басқадай пішінді түрлері анықталды: планоциттер (екі беті де тегіс), сфероциттер, эхиноциттер (тікенекті), стоматоциттер т.б. Ақырғы екеуі эритроциттердің қартайған кезіндегі түрі болып табылады. Эритроциттің диаметрі 7.1-7.9 мкм, эритроциттің шеткі аймағының қалыңдығы 1.9-2.5 мкм, ортасының қалыңдығы – 1 мкм. Бұндай мөлшерлі эритроцит нормоцит деп аталады және олар бүкіл эритроциттердің 75%-ын құрайды. Егер жасушаның диаметрі 8.0 мкм немесе одан үлкен болса ол макроцит деп аталады, ал егер 7.0 мкм кіші болса микроцит деп аталады. Қанның құрамында жас эритроциттер кездеседі (1-5%). Олардың гемоглабині аз, қышқыл және негізгі бояуларды қабылдайды, яғни полихроматофильді болады. Цитоплазмасында түйіршікті-торлы құрылымдар анықталғандықтан оларды ретикулоциттер деп атайды. Бұл құрылымдар р-РНК-сы бар органеллалардың қалдығы екені анықталған. Эритроциттер 120 тәулік өмір сүреді. Күніне адам ағзасында 200 млн эритроциттер бұзылып, глобинге және гемин тобына бөлінеді.

Лейкоциттер. Олар қанның ақ түйіпшіктері. Оларды цитоплазмасындағы түйіршіктерінің барлығына немесе жоқтығына орай екі топқа жіктейді: түйіршікті (гранулоциттер) лейкоциттер, түйіршіксіз (агранулоциттер) лейкоциттер.

Бұл түйіршіктердің біреуі қышқыл, екіншілері негізгі, ал үшіншілері екі бояуды да қабылдайды. Сондықтан оларды базофилдер, нейтрофилдер, эозинофилдер деп атайды.

Түйіршіксіз лейкоциттерді лимфоциттер және моноциттер деп жіктейді. Бүкіл лейкоциттер дөңгелек пішінді болып келеді. Жалпы саны ересек адамда 3.8-9.0 х 109г/л болып келеді. Олардың саны тамақтанғанда, еңбек еткенде, миға күш түскенде (ойлау кезінде) - өзгереді. Лейкоциттер белсенді қозғала алады. Олар қан тамырының ішінен шығып, дәнекер, эпителий тіндерінің арасында орналасуы және де сол жерлерде қызметін атқаруы мүмкін. Олардың жылжу жылдамдығы әртүрлі жағдайларға байланысты: орналасқан ортасының консистенциясына (тұтқырлығына), РН, температурасына т.б. Лейкоциттердің санының көбеюі лейкоцитоз, ал кемуі лейкопения деп аталады.

Нейтрофилдер – дөңгелек пішінді болып келген жасушалар (диаметрі 7.9 мкм, әйнекте олар 10-12 мкм дейін болады). Ересек адамның қанында бүкіл лейкоциттердің 65-75% нейтрофильдер. Бұл жасушалардың цитоплазмасында ұсақ түйіршіктер болады. Олар екі түрлі болады: азурофильді және нейтрофильді. Түйіршіктер цитоплазмасының шеткі аймақтарында болмайды. Бұл аймақ нейтрофильдің қозғалуына қатысады. Нейтрофилдердің дамуына, ядросының пішініне байланысты оларды үш топқа бөлеміз:

  1. Ядросы сегменттелген нейтрофил 60-65%

  2. Ядросы таяқша тәрізді нейтрофил 3-5%

  3. Ядросы бұршақ тәрізді немесе жас нейтрофил 0-0.5%

Эозинофилдер (диаметрі 10 мкм, әйнекте 14 мкм). Бүкіл лейкоциттердің арасында эозинофилдер 1-5% болады. Эозинофилдердің цитоплазмасында дөңгелек не сопақша оксифильді боялатын көлемі 0.5-1.5 мкм түйіршіктер орналасады. Қышқыл бояуды қабылдайтын себебі бұл түйіршіктер аргининге бай негізгі белоктан тұрады. Түйіршіктерінде арилсульфатаза мен гистаминаза ферменттері болады. Эозинофилдердің дамуына байланысты үш түрін ажыратамыз:

  1. Ядросы сегменттелген эозинофил

  2. Ядросы таяқша тәрізді эозинофил

  3. Жас эозинофил

Базофилдердің көлемі 9 мкм, әйнекте 12 мкм. Қанның құрамында лейкоциттердің 0.5-1% құрайды. Базофилдердің цитоплазмасында үлкен дөңгелек болып келген базофилді боялған көлемі 0.5-1.2 мкм түйіршіктер болады. Түйіршіктерге метахромазиялық қасиет тән. Базофилдердің қызметі гистамин мен гепариннің метаболизміне қатысу. Олар қанның ұю жүйесіне, тіндік гомеостазға, аллергиялық реакцияларға өзінің әсерін тигізеді.