Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тін» ымыны анытамасы.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.92 Mб
Скачать

Көп қабатты эпителий.

Көп қабатты эпителийге базальды мембранада тек төменгі, базальды қабаты ғана орналасатын эпителийлер жатады. Қалған қабаттарындағы жасушалар бір – біріне қабаттасып орналасады. Эпителиалдық қабаттарының қалың болуна байланысты көп қабатты эпителий алдымен тосқауылдық-қорғаныштық және шекаралық қызмет атқарады. Сонымен қатар, ол эпителий тіндеріне тән басқада қызметтерді атқарады. Көп қабатты эпителийге көп қабатты жазық эпителийлер (мүйізденетін және мүйізденбейтін), көп қабатты текшелі, призмалық және өтпелі эпителий жатады. Олардың көбі эктодермадан дамиды.

1. Көп қабатты жазық мүйізденбейтін эпителий ауыз қуысында, өңеште, көздің мөлдір қабықшасында, қынапта орналасады. Эпителийдің барлық қабаттарындағы жасушалар өмір сүру қабілеттерін сақтайды және ядролары бар. Эпителийде базальды, тікенекті және жазық жасушалар қабаттарын ажыратады. Базальды эпителиоциттердің пішіні цилиндр тәрізді. Олар базальды мембранаға жартылай десмасомалар арқылы бекіген. Базальды эпителиоциттердің арасында дің жасушалары орналасады, олардың митоз жолымен бөлінуі арқылы эпителийдің жасушалық деңгейде қалпына келуі өтеді. Зақымдану кезінде митоздар тікенекті қабатта байқалады. Бұл екі қабат Мальпиги өсу қабатын құрайды. Тікенекті қабаттағы жасушалардың пішіні көп бұрышты, өсінділері бар («тікенек тәрізді»). Өсінділері арқылы көрші жасушалар десмосомалармен байланысады. Жасушаларда диффузды орналасқан кератин тонофиламенттері бар. Жоғарғы қабатта орналасқан жасушалардың пішіні жазық болып келген. Эпителий шекаралық, тосқауылдық-қорғаныштық, экскреторлық қызметтерді атқарады.

2. Көп қабатты жазық мүйізденетін эпителий (эпидермис). Терілік эктодермадан дамиды. Терінің эпидермисін құрайды. Эпителий тосқауылдық-қорғаныштық, экскреторлық және сіңіру қызметтерін атқарады. Эпителийдің төменде орналасқан борпылдақ талшықты дәнекер тінімен шекарасы тегіс емес. Ол борпылдақ талшықты дәнекер тініне эпидермалдық айдаршалар түрінде еніп орналасса, борпылдақ талшықты дәнекер тіні эпидермиске – бүртіктер түрінде. Бұл жағдай, екі тіннің арасындағы механикалық байланыс пен эпителийдің қоректенуін жақсарта, байланысты күшейте түседі. Эпителий бес қабаттан тұрады: 1. Базальды қабат цилиндр тәрізді жасушалардан тұрады, олардың құрамында тіректік қызмет атқаратын тонофиламенттері бар. Бұл қабатта митозға қабілетті дің жасушалары орналасады. Олар тереңірек, эпидермалдық айдаршалардың ұшында орналасуына байланысты зиянды әсерлерден сақтанған. Бұл жасушалар эпителийдің қалпына келуіне жауапты. Базальды эпителиоциттер базальды мембранаға жартылай десмосомамен бекісе, өз ара десмосома, тығыз және саңылаулы байланыстар арқылы байланысады.

2. Тікенекті қабат көп бұрышты жасушалардан тұрады. Олардың цитоплазмасында тонофиламенттерден, тіректік қызмет атқаратын тонофибриллалар түзіледі.

3. Түйіршікті қабат жазық жасушалардан тұрады. Цитоплазмасында филлагрин белогынан тұратын кератогиалин түйіршіктері мен тонофибриллалар болады. Олар кератин филаменттерін тонофибриллаларға біріктіреді (макротонофибриллаларға). Сонымен қатар, мұнда кератолинин белогы түзіледі, ол жасушалардың ішкі бетін қаптап, оларды лизосомалық ферменттердің әсеріне тұрақты қылады. Түйіршікті қабаттағы жасушаларда кератиносомалар да орналасады (Одланд түйіршіктері). Олар лизосомалардың туындысы болып келеді, құрамында бірқатар ферменттер мен липидтік субстанциялар болады. Кератиносомалардың құрамындағы заттар жасушааралық кеңістіктерге шыққан соң, ферменттер жасушалар мен түлейтін қабыршықтарды тығыз біріктіретін липидтерді модификациялайды. Бұл эпителийдің тосқауылдық және суды өткізбеу қызметтерінің жоғарылауына әкеледі.

4. Жарқырауық қабат тек жарықтық микроскопта ғана көрінеді, ол тірі жасушалардың түлейтін қабыршықтарға өту аймағы болып табылады. Жасушалардың пішіні жазық. Цитоплазмасында кератогиалин мен тонофибриллалар комплексі бар, оның жарықты сындыру қабілеті жоғары болғандықтан, бұл қабаттағы жасушалар көрінбейді.

5. Өлген жасушалар қабатында тонофибриллалар мен филлагрин кератиндік фибриллаларды құрайды, олар әртүрлі бағытта орналасады және тіректік қызмет атқарады. Түлеу процессі базальды эпителиоциттерде цитокератиннің синтезделуі мен тонофиламенттердің құралуынан басталады. Бұл процесс тікенекті қабатта жалғасады. Мұнда филагрин белоктарының синтезделуі филаменттердің бірігіп тонофибриллалар құрауына әкеледі. Филагриндердің синтезделуі түйіршікті қабатта күшейе түседі. Сонымен қатар, бұл қабатта кератолинин белогы түзіледі, ол жасушалардың ішкі бетін қаптайды. Түйіршікті қабатта лизосомалардың ферменттерінің белсенділігі артып, жасушалардың ядросы мен органеллаларын еріте бастайды, ал плазмолемма кератолинин болғандықтан сакталады. Жасушалар түлейтін қабыршықтарға айналады, олар тосқауылдық-механикалық қызмет атқарады. Түлеу процесіне түіршікті қабатта орналасқан Одланд түйіршіктері де қатысады, олардың құрамында липопротеидтер болады. Түйіршіктердің құрамындағы заттар жасушалардың арасына бөлініп шығып, қабыршықтарды желімдеуге қатысады. Көп қабатты эпителиийдің құрылысы күрделі. Оның құрамына кератиноциттерден басқа мезенхимадан дамитын: Лангерганс жасушалары (эпидермальдық макрофагтар), лимфоциттер; нейрогиальдық даму көзі бар: Меркель жасушалары, меланоциттер кіреді.

3. Өтпелі эпителий зәр шығару жүйесінің мүшелерінде кездеседі. Базальды қабатта орналасқан камбиальды жасушалар арқылы эпителийдің қалпына келуі өтеді. Эпителийдің үш қабатын ажыратады: базальды, аралық, жоғарғы:

1. Базальды қабат күңгірт түсті, ұсақ үшбұрыш пішінді жасушалардан тұрады. Құрамында камбиальды жасушалар бар.

2. Аралық қабатта көп бұрышты, созылыңқы жасушалар орналасады.

3. Жоғарғы қабат жазық пішінді жасушалардан тұрады, олардың арасында көп ядролы және полиплоидты жасушалар да кездеседі. Бұл қабаттың жасушалары мүшенің физиологиялық жағдайына байланысты пішінін өзгертіп отырады. Мүшенің қабырғасы созылған кезінде үш қабат анық көрінеді. Ал жиырылған кезде ортаңғы қабаттағы жасушалар бір-біріне қабаттасып орналасатындықтан эпителийдің қабаттары көбейеді.