Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhuz_sheber_sony.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.6 Mб
Скачать

ҚАЗАҚ КӨРКЕМ СӨЗІНІҢ ШЕБЕРЛЕРІ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

М.О.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ИНСТИТУТЫ

ҚАЗАҚ КӨРКЕМ СӨЗІНІҢ

ШЕБЕРЛЕРІ

АЛМАТЫ

2009

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының

ғылыми кеңесі ұсынған

Жалпы редакциясын басқарған: ҚР ҰҒА академигі, филол.ғ.д., проф. С.С.Қирабаев

Жауапты шығарушы: филол.ғ.к. Г.Ж.Орда

Қазақ көркем сөзінің шеберлері: Анықтамалық. – Алматы: ................., 2009. 480 бет.

ХҮІІІ-ХХІ ғасыр аралығын қамтитын дәуір әдебиетінен іріктеліп алынған көркем сөз шеберлері туралы кітапта қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы қамтылған. Ұсынылып отырған кітаптың негізгі ерекшелігі – Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап қазіргі тәуелсіздік дәуіріне дейінгі аралықтағы қаламгерлердің шағын шығармашылық биографиясының жасауы.

Ұлттық құндылықтарымызды жаңа қырынан байытып, оның өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан сөз зергерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбек орта және жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті пәні бойынша дәрістер, арнаулы курстар мен семинарлар жүргізгенде жетекшілік қызмет атқарады. Көпшілік оқырман осы кітап арқылы қазақтың көркем сөз шеберлері туралы толық мағлұмат алатын болады.

@ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институты, 2009

@

Алғы сөз

Қазақ әдебиеті таланттарға, биік дарын иелеріне бай әдебиет екендігі белгілі. Бірақ солардың әрқайсысының шығармашылық өмірбаянын бір дереккөзіне топтастыру жұмысы нақты қолға алынбаған болып шықты. Әсіресе орыс тілді оқырмандар қазақ руханият әлемінде өзіндік орын бар дара дарындар туралы нақты мағлұматқа зәру екендігі белгілі. Бұл анықтамалық кітапты шығару әу баста сол басқа тілде оқитын қауымның рухани мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатынан туындаған болатын. Жинақпен жұмыс істеу барысында тіпті ана тілімізде білім алған оқырмандардың да қазақ әдебиетінің майталмандарын дұрыстап біле бермейтінін, сондықтан олардың да сұраныстарын ескеру қажеттігін байқадық. Сондықтан бұл кітапты қазақ тілінде де шығарудың еш артықтығы жоқ екендігі белгілі болды.

Сөз өнеріміздің бастауында тұр делінетін арғы дәуірлердегі Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз сияқты жыраулардан тартып, олардан кейінірек дәуірлердегі Бұқар жырау, Шал ақын сияқты жыр жампоздары ауыз әдебиетімізде өрнекті із қалдырған дара тұлғалар. Олардан бері қарайғы Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап бүгінгі көзі тірі жекелеген дарын иелерінен дейінгі аралықта талай ақын-жазушының аты-жөнін мақтанышпен айта алатынымыз және рас. Көпшілік оқырманнан солардың ішінде жекелеген дарын иелерінің аты-жөндерін жаңылмай атай алғанымен, олардың қандай шаруа тындырғаны, қандай туындылары артқа мұра болып қалғанын және ол туындылардың несімен ерекшелене алатыны жөнінде сұрасаңыз ішінара кі біртіктеп қала тын және жасырын емес. Қолмен қойғандай етіп бірден сақылдатып айта алмай, тая соғып, лағып кетуі де мүмкін. Сондықтан, қазақтың бетке ұстауға болады-ау дейтін ақын-жазушыларының шығармашылық өмірбаянын жинастырып, анықтамалық түрінде кітап шығарудың қажетті күнделікті өмір талаптарынан туындап отыр.

Бұл анықтамалыққа қазақ халқының көркем сөзінің, яғни, көркем әдебиетінің тарихында өз орнын анықтап, мүмкіндігінше айтулы із қалдырған ең таңдаулы деген жүз өкілінің шығармашылық өмірбаяны енгізілгені де сол себептен. Қазақ әдебиеті тарихынан ең таңдаулы деген ақын-жазушыны іріктеп алудың бәлендей қиындығы бола қоймасы анық. Бірақ олардың санын тұп-тура жүз деген межеге әкеп тіреудің өзіндік қиындықтары болғанын жасырып қажеті шамалы. Қазақ сөз өнерінің ең атақтыларын айта қойшы деген жағдайда ең алдымиен ауызымызға түсе кететін, әрине, жаңағы Бұқар жырау Қалқаманұлы, Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов сияқты аяулы есімдер. Бұлардан кейін де оншақты дарын иелерінің аты-жөндерін жаңылмастан атап келіп, бір тыныстап алуға болады. Ал енді осы тізімді жүзге дейін жеткізу қажет болған жағдайда ептеп кібіртіктей бастауға тура келеді. Өйткені қазақ әдебиетінің төл мамандары болмаса, әдебиеттен жалпылай ғана білімі бар оқырман кейінгі буын өкілдерінің есімдерін бірін біліп, енді бірін білмей жатады. Олардың шығармаларынң атан атап, түсін түстеуде, көркемдік ерекшеліктерін таразылауда одан гөрі де қианлыңқырап қалуы ғажап емес. Міне, сондай сәтте көмекке келетін құрал – осы қоларыңыздағы басылым болып қалар деген үміттеміз.

Қазақ сөз өнерінің жүз шеберін іріктеу барысында жоғарыда атттары аталған, әдебиетіміздің бастау көзінде тұрған және одан кейінгі ғасырларда өмірге келген ауыз әдебиетінің өкілдерін енгізу міндетті емес деген тұжырымға келдік. Өйткені, біріншіден, олардың шығармашылық өмірбаяндары біздің заманымызға толық жетпеген, екіншіден, ақын-жыраулардың да барлығы көркем сө тарихында ірі тұлға деңгейіне көтеріле бермеген.

Жинақты құрастырушылардың да ептеп бөгеліңкіреп қалғаны қазақ әдебиеті тарихының кейінгі кезеңдерінің өкілдерін іріктеген сәтте. Төл әдебиетімізге сіңірген еңбектері де, таланттары да шамалас қаламгерлерді бірінен бірін ажыратып бөліп әкету бір қараған көзге ала қойды бөле қырыққандай көрінуі ықтимал. Іріктеу барысында белгілі бір өлшемдерді, қоғамға ортақ жалпы түсініктермен бірге жекелеген обьективті себептерді де негізге алуға тура келді. Ең алдымен «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері» тәрізді мемлекеттік деңгейде мойындалған атақтармен санасу қажет еді. Онан кейін мұндай марапатқа жетпесе де, қалың оқырман мен әдебиет сыншылары тарапынан жылы лебізге ие болған қаламгерлердің де ескерусіз қалмауын қадағалауды жөн санадық.

Анықтамалықты жазуға қатысқан әдебиеттанушы ғалымдар – академик Серік Смайылұлы Қирабаев, филология ғылымдарының кандидаттары Нұрдәулет Бабиханұлы Ақыш, Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда және Сәлима Ақашова.

Сонымен қазақтың ең тәуір деген ақын-жазушыларының шығармашылық өмірбаяны топтастырылған осынау бірегей анықтамалық қолдарыңызда. Кітап ең алдымен жалпыға білім беретін орта мектептердің, орта арнаулы және жоғары мектептердің қазақ әдебиеті пәні мұғалімдеріне, оқушылар мен студенттерге, қазақ әдебиетінің тарихына қызығушылық танытатын жалпы көпшілік оқырманға арналған.

Бұқар жырау Қалқаманұлы

(1693-1787)

Бұқар жырау Қалқаманұлы 1693 жылы Баянауыл өңірінде, Долба тауының баурайында (қазіргі Павлодар облысы) дүниеге келген. Арғын руының ішіндегі ішіндегі Қаржастың Алтынторы деген атадан шыққан ақын ұзақ ғұмыр жасайды. Бейіті өз елінің Далба тауында. Арғын руының қабырғалы билерінің бірі болған Бұқар – Абылай хан төңірегінде біраз болып, ел басқару ісіне де белсене араласқан көреген жырау.

Қазақ әдебиетіндегі жекелеген ақын-жыраулардың аттары белгілі бола бастаған кезең Бұқар жырау поэзиясынан бастау алады. Кеңестік дәуір тұсында ол «феодалдық қоғамның мүддесін көздеп, жырын жырлаған» ақын ретінде біржақты бағаланғаны белгілі. Тәуелсіздік тұсында Бұқар мұрасы көркемдік эстетикалық талап тұрғысынан қайта қаралып, өзінің әділ бағасын алды. Ақын мұрасы бүкіл әдебиетші қауымның зерттеу нысанына алынды. Оның туындылары С.Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1-жинақ, 1931 ж.), С.Мұқановтың «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1-бөлім, 1942 ж.) атты кітаптарда және «ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармалары» (1962 ж.), 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» («Жазушы»), «Алдаспан» (1971), ХҮ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрастырған екі томдық «Бес ғасыр жырлайды» (1984, 1989), «Он ғасыр жырлайды» (2006) жинақтарымен бірге «Бұқар жырау Қалқаманұлы. Шығармалары» (1992), атты жинақтарға енді. Бір ескеретін жайт, кеңестік цензураның салдарынан алғашқы жинақтарда «Құран», «Аллаһ» сөздерінің көпшілігі қысқартылып, бір тармақтар редакцияланса, енді бірі қысқаруға түсіп отырған. Сондықтан, соңғы жылдары шыққан «Шығармалары» мен соңғы жинаққа сүйенген жөн. Бұл жинақтарға оның бұған дейін жарияланбаған бір топ толғаулары енген.

Бұқар жырау шығармаларының жиналып, хатқа түсуіне, зерттелуіне, ғылыми айналымға түсуіне біршама ғалымдар үлес қосты. Олардың қатарында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншіәлиев, М.Мағауин, Ы.Дүйсенбаев, Қ.Мұхамедханов, М.Жармұхамедовтарды атауға болады. М.Жармұхамедов 1992 жылы шыққан жинақты әзірлеп, алғы сөзі мен түсініктерін жазды. Сол түсініктерден ақын шығармалары туралы толық мағлұмат алуға болады.

Қазақ халқын имандылықтың таза жолына шақырған Бұқар жырау әрбір сөзін «бисмиллаһтан» бастайды. Оның:

... Кемелді етіп санатпен,

Саулық берген тәңірді айт.

Аузыңа иман үйірткен,

Ғалиассалам Мұхамметті айт.

Мұсылман болсаң алдымен,

Іншаллаһи, бисмиллаһты айт.

Таңертең азан шақырған,

Дауысы сұлу молланы айт

– деп сөздің басын «Ғалиассалам Мұхаммет» пен «бисмиллаһтан» бастауы да содан болса керек. Ол өзінің әрбір толғауында имандылықтың мәні мен мазмұнын ашып түсіндіріп отырады. «Ей, айташы, аллаһты айт, Аты жақсы құдайды айт. Төрт шарияр Мұстафа, Мұсқап ашқан ғалымды айт» деп басталатын толғауда ол Аллаһ кітабы құранның аты – Фұрқан екендігін, Аршы мен Күрсі Аллаһ Тағаланың ең үлкен жаратылысы екендігін, «Лаухұл махфуз» барша жаратылыстың пайда болған кезінен бастап, қияметке дейін тағдыры жазылған кітап екендігін айта келіп, сол кітапты жазу үшін Аллаһ Тағаланың қаламды бірінші жаратқанын да түсіндіреді. Жыраудың осы толғауының астарында үлкен мән жатыр. Ол біріншіден, Аллаһқа деген үлкен сенім болса, екіншіден, жазу-сызудың да сол Аллаһ Тағаланың құдіретімен келгендігі. Оның «Аллаһ деген ар болмас, Ақтың жолы тар болмас», «Хақтың үйі мешіт-ті, Ақты құдай шешіпті» деген жолдарының астарында да үлкен-үлкен мәселелер жатыр. Осылайша Бұқар жырау әрбір толғауында имандылықтың ақ жолын жадында ұстап отырған. Оның «Бірінші тілек тілеңіз» деген толғауында айтып отырған он бір тілегінің ішінде өмірге керек асылдардың бәрі де бар.

Бірінші тілек тілеңіз:

Бір Аллаһқа жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз:

Әзәзіл, пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа,

– деп басталатын толғаудағы он бір тілектің бәрі де бірінен-бірі құнды. Бірінші тілегінің өзін Аллаһтың атымен бастаған ол имандылық болған жерде жаман іс-әрекет, теріс пиғыл, жөнсіз қиянат болмайтындығын білген жырау ә, дегеннен оқырманын имандылыққа шақыра білген. Сонымен бірге «Үшкілсіз көйлек кимеске», «Бес уақыт бес намаз Біреуі қаза қалмасқа» деп мұсылманның барар жері мен парыздарын да жадында ұстап отырған. Залымның тіліне ермеу, төрде төсек тартып жатпау, жау келгенде сасып тұрмау, төреңнің тақтан таймауы, анаңның аңырап қалмауы, жарыңның жесір қалмауы сынды өсиеттердің бәрі де адам баласы үшін бірінші кезекте тұратын қағидаттар. Оның қай туындысын алсаңыз да осындай үлкен-үлкен өзекті мәселелердің топтап-топтап айтылатынын, оларды бір жерге топтай білетінін байқауға болады.

Ол жырау болғандықтан көбіне толғау түрін пайдаланған. Оның философиялық терең ойға құрылған «Айналасын жер тұтқан», «Ай не болар болар күннен соң», «Ақсаңнан биік тау болмас», «Қара арғымақ арыса», «Құбылып тұрған бәйшешек», «Қорғанды шаһар қаласын», «Асқар таудың өлгені», «Жал, құйрығы қаба деп», т.б. толғауларында шешендік ойлар, тұрақты афоризмдер көптеп кездеседі. Жырау өмірден көргені мен білгенінен философиялық түйін жасап, оны оқырман қауымға ұсынады. «Айналасын жер тұтқан айды батпас демеңіз» деп басталатын толғауында ай артынан күн туарын, өмірдің өзгеріп тұратын динамикалық күйін, ешнәрсенің де мәңгілік еместігін түсіндіреді де одан философиялық түйін жасаса, енді бірде «Жаулық жолын сүймеңіз, Мынау жалған сұм дүние, Өтпей қалмас демеңіз» деп жырлайды. Сондықтан да оның толғауларының тәрбиелік мәні өте күшті.

Мәселен:

Құрсағы құшақ байлардан

Дәулет таймас демеңіз.

Жарлыны жарлы демеңіз:

Жарлы байға тең келіп,

Жайлауға жарыса көшпес демеңіз,

– деген жолдарынан бай мен билерге деген ескерту мен бірге жарлы-жақыбайларға деген жұбату мен болашаққа деген үміт отын тұтандыруды көруге болады. «Ай не болар күннен соң?» – өмірдің динамикалылығын танытар толғау. Оның «Етекті кессең, жең болмас», «Ежелгі дұспан ел болмас», «Екі жақсы қас болмас», «Екі жаман дос болмас» деген тіркестері тұрақты афоризмге айналып кеткен. «Жал-құйрығы қаба деп» деп басталатын толғауының әрбір тармағын жеке-жеке мақал-мәтел, тұрақты афоризм, өсиетнама ретінде пайдалануға болады:

Жал-құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз!

Қалыңмалы арзан деп,

Жаманнан қатын алмаңыз!

...Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас...

Жаманнан қатын алсаңыз,

Топқа түсер ұл тумас...

Жаманнан жақсы туса да,

Жақсыдан жаман туса да,

Тартпай қоймас негізге.

Осылайша ол өмір құбылыстары мен табиғат заңдылықтарын, қоғамдық және әлеуметтік сан-қырлы мәселелерден түйген философиялық түйіндерін көркем поэтикалық бояумен бейнелей білді. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, сөздің мәйегін орнын тауып қолдана білген ақын қазақ поэзиясын жаңа биікке көтерді.

Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында адамның жас ерекшелігіне қатысты жыр жолдары көптеп кездеседі. Осындай өлең жолдары Бұқар шығармашылығында бар. «Балалық он жасыңыз», «Жиырма деген жасыңыз», «Атам болған жиырма бес», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» деген өлеңдерінде адамның жас ерекшелігіне байланысты үлкен-үлкен айырмашылықтарды нанымды бейнелеген. Мұнда қырыққа дейінгі асау тұлпардай құлшынған жастық жалынның елу мен тоқсан арасындағы сүреңсіз сұрғылт шақпен салыстыруға келмейтіндігі нанымды бейнеленген:

Жиырма деген жасыңыз

Ағып жатқан бұлақтай,

Отыз деген жасыңыз

Жарға ойнаған лақтай,

Қырық деген жасыңыз

Ерттеп қойған құр аттай,

Елу деген жасыңыз

О да бір көшкен ел екен,

Алпыс деген жасыңыз.

Қайғылы-мұңлы күн екен,

Сексен деген жасыңыз

Қараңғы тұман түн екен,

Тоқсан деген жасыңыз

Ажалдан басқа жоқ екен.

Ақын тұтастай он жыл бедерін бір тармақпен көркем бейнелей білген. Осындағы бұлақ, лақ, құр ат, көшкен ел сынды теңеулер өлеңнің ұлттық бояуын қанықтыра түскен.

Бұқар жырау тек жыр-толғау айтумен ғана шектелмей, «аузы дуалы» билердің бірі ретінде ел басқару ісіне де белсене араласты. Ол қазақтың тұтастығын, ел бірлігін сақтауға баса көңіл бөлген. «...Жаулық жолын сүймеңіз, Мынау жалған сұм дүние, Өтпей қалмас демеңіз», не болмаса «Мұсылманның баласы, Сірә, бір кеңес құрыңыз, Бір ауызды болыңыз» деген жолдарынан елді бірлікке, ынтымаққа шақырғанын көреміз. Оның «Керей, қайда барасың» (соңғы жинақта «Садыр, қайда барасың» деп берілген) деп басталатын толғауынан екі ру арасындағы түсінбеушіліктен туған кикілжіңді көрсек, оны сөзбен басатын да жырау. Осындағы «Сен – бұзау тері шөншіксің, Мен – өгіз терісі талыспын» деген жолдардан ақынның қазақ поэзиясына жаңа тіркестер мен ұйқастарды алып келгенін ерекше атаған жөн. Қазақ поэзиясына Бұқар жырау алып келген мазмұн, түр жаңалығы оның осындай айшықты да бейнелі образдарынан танылады.

Көпті көрген көреген қарт керек жерінде Абылай ханның өзіне де сын айтып, оған ақыл-кеңес беруден жалықпаған.

Ал, тілімді алмасаң,

Ей, Абылай, Абылай!

Сені мен көргенде

Тұрымтайдай ұл едің.

Он бес жасқа келгенде,

Арқада Әбілмәмбет төренің

Түйесін баққан құл едің.

Абылай атың жоқ еді,

Сабалақ атпен жүр едің,

– деп, басталатын толғауында жырау Абылай ханның кешегі өткен өмірін есіне сала отырып, оған болашақта ел бірлігін сақтау керектігі жөнінде ақын кеңес береді. Келтірілген тармақтардан Бұқар жыраудың Абылай ханның өзіне батырып айта алатындығын аңғаруға болады. Ол – керек жерінде ханға да тілін батыра алған «дуалы ауыз» жырау. «Құбылып тұрған бәйшешекте» ол «Ханның жақсы болмағы – Қарашаның елдігі. Қараша халық сөйлесе, Алтыннан болар белдігі» деп ханның қараша халықпен бірге болу керектігін, халық сырт берсе, кімге хан болатындығын ашық айтып, оған ақыл-кеңес береді. «Қазақтың ханы Абылай» деп басталатын толғауында қазақтың Қанжығалы Бөгембайдай батырынан айрылғанын естіртіп, ханға көңіл айтады. Атақты батырынан айрылған ханның елінің алдында өзіне бекем болуын талап еткен қарт жырау Бөгембайдай батырдың ел мен жер үшін жасаған жанкешті ерліктерін тілге тиек етеді.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардың тоғысында жасап, тарихи оқиғаларға куә болған жырау сол тұстағы ел бірлігінің жыршысы болды. Ол «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ей, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Қалданменен ұрысып», «Басыңа біткен күніңіз», «Құбылып тұрған бәйшешек», «Ханымыз отыр аһ ұрып», «Әй, Абылай, сен он бір жасыңда» сынды толғаулары арқылы Абылай хандай тарихи тұлғаның көркем бейнесін қазақ поэзиясына алып келді. Аталған туындыларында Абылайдың жас кезінен бастап, өсу, толығу кезеңдерін көруге болады. Ел басқарған ханға жырау керек жерінде ақыл-кеңес берумен бірге оны түзу жолға да салып отырған. Ханның күні қарашамен тығыз байланысты екендігін оның есіне сала отырып, ел басқарудың негізгі тенденцияларын да аша түскен. Қазақтың батырларын мақтан тұтқан жырлары жерді жаудан қорғауда оларға күш-қуат берді. Қазақ поэзиясын мазмұн, түр жағынан байытқан ол ұлттық сөз өнерін соны бейнелі тіркестермен, философиялық толғаулармен жаңа биікке көтерді. Сондықтан да ол жаңа поэзияның бастаушы ретінде тарихта қалмақ.

Шал ақын

(1748-1819)

Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы Азат темір жол станциясының маңында дүниеге келген. Өмірінің негізгі бөлігі өткен жер – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Сергеев ауданының аумағы. Баласы болмай келіп, қартайыңқыраған шағында Шал ақын Мәлібай, Мәлике деген екі перзент көріпті. Мәлібайдан қазір ұрпақ жоқ. Мәликені қалың Қыпшақ ішінде Нұрым деген кісіге ұзатқан екен, Нұрымнан Айтбай, Айтбайдан Наушабай, Наушабайдан белгілі ақын Нұржан Наушабаев туған.

Шалдың алғаш ақындық даңқы шығуы – он бес жасында. Осы жасқа келгенде ел ішіндегі төреден де тайсалмай, көңіліндегі сөзін айтып салып, қарап отыратын болыпты. Содан өмірінің соңына дейін ақындығының арқасында қысылғанда сөз тауып кететін шешендігінен танбапты.

Абылай ханның қасындағы белді билердің бірі Күлен шешенге бір жолы былай депті:

Төрт ауылдың бір биі Күлен шешен,

Төреңізді тура бер құдай десең,

Өлсең де, қабірінде тек жатпайсың,

Төре беріп біреуден пара жесең, –

дейді Шал.

Басеке, мал жануар басқа бітер,

Қына шөп секілді ол тасқа бітер.

Үйінен ит жаланып шықпайтұғын

Өзіңдей жатып ішер насқа бітер, –

депті тағы бір жерде Баспай деген байға.

Зорлықшыл жуандарды осылайша сынап-мінеген Шал ешкімді жөнсіз мақтамаған. Шал артында қалған мұра мың жарым жол шамасындай, соның ішінде ақынның жағымпаздығын білдіретін ешқандай сөз жоқ. Демек, Шал арлы да, азамат ақын болған.

“Мен өзім талай сөзді хатпен жазғам” – деген бір өлеңіне қарағанда, Шал жаза алатын сауатты адам болған. Ол кездің қазақтары ауылдан ауыл қыдырып, үйден үйге қонып жүре берген. Бір жолы Шал бөтен үйде қонып жатып, әрі ақылды, ибалы қызына риза болып, былайша өлең шығарған екен:

Пайдамды тигізермін, келсе шамам,

Қолына ал ойланып қағаз-қалам,

Ақынның аса зерек әңгімесін

Жиып ал үлгі қылып тегіс тәмәм.

Ақын бол бөгелмейтін тіл мен жағың,

Жазудан тоқталмасын он саусағың.

Артылып алапатың абыройлы,

Күн сайын аса берсін өнер бағың.

Демек өзі жаза білетін ақын басқа талаптылардың да ойын жазып қалдыруын қалайтыны сол сөздерінен-ақ көрініп тұр. Әріп танитын ақындардың бір бірімен хат жазысуы сол замандарда-ақ дәстүрге енген. Бір ақын қыздың Шалға жолдаған хаты мынадай:

Базардан алып келген сауыр кебіс,

Естимін Шал ақынды еміс-еміс.

Біздерге ноғай деген дерт шығыпты,

Айтып бер дағуасын, емін тегіс.

Ислам дінінің қағидаларын жақсы меңгерген Шал өз заманы үшін білімдар адам болған. Соған қарамастан ақынның кейінге жеткен өлеңдері ауызша шығарылған және жыраулық дәстүрден гөрі ақындық сипаты басым болып көрінеді. Өлеңді көркемдікпен құрай білуі, шығару машығы Шалды шын мәніндегі ақын етіп танытады.

Ол суырып салып өлең шығару өнерін мейілінше жетік меңгерген. Мысалы, Шал бір үйге келсе, үй иесі әйел сабын қайнатып жатыр екен, кәрі ақынды онша адамсынып, елей қоймайды. Сонда Шал ақын қолма-қол:

Сабының сақар болсын дені, келін,

Көрмедің шыбын құрлы мені, келін.

Жұрт сыйлаған басымды күлге теңеп,

Жаярмын талай жерге сені, келін, –

деп суырып салыпты.

Ел аузында оның Кіші жүз Молтыр бидің үйіне қонуы жайлы да әңгіме қалған. Ақынды сыртынан жақсы білетін би бір көтерем тоқтыны союға әкеледі де, “Ал, бата қылып жіберіңіз” – дейді. Тоқтыны көріп, көңілі қалған Шалдың батасы мынадай:

Енесі жануардың имеген бе,

Көп қойдан шөп қағытып, тимеген бе?

Антұрған қатын сауып қақтаған ба,

Болмаса қойшы оңдап бақпаған ба?

Алты ай жаздай бір теңі келмей жүріп,

Молтыр би бізге арнап сақтаған ба, алла акбар!

– деп, бет сипапты. Суырып салып шығара беретін мұндай шумақтардың ақын талантынан, тапқырлығынан хабар беретіні сөзсіз.

Шал поэзиясының басты тақырыптары – ислам діні, адам өмірі, өмірдің мәні, фәни мен бақи мәселелері.

Адам өмірінің кезеңдеріне байланысты шығарған өлеңдері де біраз. Олардың көпшілігі ақынның бойынан қуат кетіп, ауру болып, ұзақ күнді төсекте жатып өткізген кездерінде, қартайған шағында туған деуге негіз бар. Бұл шығармалардағы ойды жеткізу тәсілі бірдей емес, ақын адам жасына байланысты жеңіл тақпақ түрінде де, ұзақ толғау ретінде шығара берген. Адамның туғанынан өлгеніне дейінгі өмір жолын тұтас қамтитын ұзақ өлеңдері философияға толы әрі бейнелі.

Ақынның ерекше шабытпен жырлайтыны – қайғысыз, қамсыз, балалық шақ.

Бір жаста, екі жаста бесіктемін,

Бес жаста тәңірі берген несіптемін,

Алты жаста қайыңның тозындаймын,

Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын,

Он жасымда сүт емген қозыдаймын ...

Сегізде бала болып ойнап едім,

Тоғызда тайлы суға ойлап едім ...

Он бес деген жасым-ай,

Жарға ойнаған лақтай ...

Балалық шақтан кейінгі бозбалалық, жігіттік дәурен, ересек тартқан шақ, жер ортасы егделік және қарттық. Яғни, қайран жиырма бес, жігіт ағасының жасы отыз, қырық, елу, алпыс және ары қарайғы кезеңдер.

Жиырма деген жасым-ай,

Көлге біткен құрақтай,

Отыз деген жасым-ай

Таудан аққан бұлақтай ...

Жиырмада құрып өттім жігіт салтын,

Ойламай ешнәрсенің алды-артын.

Бар болса елде сұлу менікі деп,

Болмапты ешнәрседен сонда парқым ...

Бұл бір соққан желдей есіп өткен қызық дәурен. “Қынаптағы қылыштай” қырықтан соң күрк-күрк жөтелген, ақ таяқты ақбас кәрілік жетеді.

Кәрілік жарасады сәніменен,

Оның сәні келеді малыменен,

Жолдасы арқа жылытар, аяқ сипар,

Жұмсақ төсек, тәтті тамақ бәріменен.

Адамның баппен қартаюын осылай дәріптеген Шалдың өзі қартайғанда онша күйлі болмаған көрінеді. Ақын өз өмірін ойламай, мал жимай, өнермен, өлеңмен өткізген. Сондықтан төсек тартып жатқан ақын кедейлікке көнгісі келмейді. Бойдан күші кетіп, қуаты күн сайын кеміген ақын кәрілікті даттап, былайша шер тарқатқан екен:

Қартайғанда мүкістеу болар құлақ,

Жас ағып екі көзден тұрар жылап ...

Ауыздан опырайып кетер пішін ...

Белгісі кәріліктің кеудең толар ...

Қартайсаң, аяқ, тізең ауырады,

Жатудан жамбастарың жауырады ...

Таяққа қартайғанда асыларсың ...

Әрине, бұл арада Шал тек өз басының ғана мұңын ғана жырлап отырған жоқ, бұл – пенде атаулының көрер күні. Бұл тақырыпқа ақынның қайта-қайта оралып соға беретіні де сондықтан.

Шал шығармашылығының едәуір бөлігі Ислам дінінің құдіретіне, жаратушының артықшылығына арналады. Көп өлеңінің мазмұнына қарағанда Шал, шынында да, Мұхаммедтің үмметі деген атын ақтаған, таза жүректі мұсылманның нақ өзі.

Жақсыны алыс, жаманды жақын деме,

Жақсы атансаң, біреудің хақын жеме.

Жақсымын деп момынның малын жесе,

Жаман адам сол болар, мақұл деме.

Зұлымдыққа жол бермеу, жамандықпен күресу әр жанның парызы дейді ақын. Сондықтан ол өз шығармаларында жақсылық қайдан шығады, жақсы адам дегеніміз кімдер, жамандық неден туады, жаман адамдар қандай деген мәселенің төңірегінде өз философиясын кестелеп жеткізеді.

Адамның әлеуметтік-тұрмыстық орнына да байланысты салыстырмалы суреттемелерінде философиялық толғам бар. Мысалы, жақсы әйел, жаман әйел, жақсы жігіт, жаман жігіт, жақсы келін, жаман келін туралы жазған шығармалары да осындай сипатта болып келеді. Қазақтың ескі патриархалдық қоғамның қаймағы бұзыла бастаған заманында өмір сүрген Шал жұрттың алты бақан алауыздығын, аталас рулардың қоныс үшін, қыстау үшін, өзара таласып, қырқысқанына да куә болып отырды. Ол адамның адамдық қасиетінің бір белгісі бірлікке, ынтымаққа ұмтылушылықта деп біледі. Оның поэзиясындағы басты көркемдік кредоларының бірі – ел ішін осылайша бірлікке, ынтымаққа шақыру.

Ағайының көп болса,

Бірлігі оның бек болса,

Жамандық жер кез келсе,

Бір-біріне сеп болса ...

Шәйі, сиса, асыл қылыш – елдің көркі,

Ер жігіт жауға аттанған – елдің көркі,

Жарасар әрбір нәрсе өз сәнімен,

Аққу-қаз – айдын шалқар көлдің көркі.

Гүл-шешек орман өсіп желкілдеген,

Биік тау, асқар төбе – жердің көркі,

Ағайын бір уақыт жақсы болса,

Сонымен табылады елдің көркі.

Өлеңдерінің біраз бөлігі үгіт, насихат түрінде ақыл беру, үлгі айту сияқты дидактикалық сарында болып келеді. Бірақ жалаң ақыл емес, ойды көркемдеп жеткізе алған.

Жамандар өзін-өзін зорға балар,

Бір өзінен басқаны төмен санар.

Жақсылар ағын судай, асқар таудай,

Жаймалап қайда жақсы орын алар.

Ақынның өмір мағынасын философиялық тұрғыдан жақсы түсіне алғанына осындай өлеңдері куә. Жақсылықты ту етіп көтере отырып, жамандықтың барлық түрін жерлейді, жұртқа жиренішті етіп көрсетуге тырысады. Бұл арада ескі ақын-жазушылардың үгіт-насихат түрінде келетін өлең-жырларына тән сипат анық көрінеді.

Шал сияқты ақын-жыраулар бауырластарын жаманшылықтың кесепатынан жирендіруге ұмтылып отырған. Дидактикалық сарын адам бойына жақсының шапағатын дарытпақ ниеттен туды. Бұл шығармалардың өз кезінде жастарды тәрбиелеуде, тентекті тыюда елеулі қызмет атқарғаны сөзсіз. Өз заманы үшін Шал жаңа типтегі ақын болды. Оның отты да ойлы жырлары кейінгі ақындар үшін өзгеше бір мектепке айналған деуге болады. Бірақ онда таза дидактикалық сарын аз, ишара, мегзеу басым. Жыраулар поэзиясына еліктеп, ескі дәстүрден қол үзіп кетпеген ақындардың дәстүрлі соқпағы нақыл термелер де Шал шығармашылығына тән бола бермейді. Шалдың ден қоятыны – ескі 11 буынды қара өлең үлгісі.

Бұл күнде көңілім ауыр қорғасыннан,

Көп қылдым жігіттікті мен басымнан.

Сауырдан су төгілмес боз жорға едім,

Тарлан тартса танбайтын жорғасынан.

Өткен еске түскенде құлазимын,

Ақ киіктей айрылған ордасынан.

Осы арада лирикалық кейіпкердің бейнесі атойлап алға шыққан. Бұл – ақынның өзіндік “мені” көрінген лирикалық поэзиясының үлгісі. Мұндай жолдар алдыңғы буын ақындарда жоқ. Шал Бұқарға дейінгі ескі сүрлеуден шығып, өлең туғызудың жаңа үрдісіне бет алған.

Ақынның тағдырға налыған “Жер түрлентіп жараттың” деп басталатын өлеңіндегі философиялық тұжырым айқын. Жер – желкілдеген бозымен, қой – бауырындағы қозымен көрікті. Тау – жылғалап аққан бұлағымен, көл – жағалай біткен құрағымен, ешкі – бауырындағы лағымен көрікті. Тек ақын ғана жалқы, ақын ғана жалғыз: оның перзенті жоқ. Ақын өзінің зарын арқарға теңейді.

Шалға дейінгі жеке ақындар творчествосында әйел заты кең жырлана қоймаған. Ал, Шал болса әйел затының табиғатына үңіле отырып жырлады, жан дүниесін ашып көрсетуге талпыныс жасады.

Қазақ өлеңін тақырып жағынан да кеңейтуге қосқаны.

Қазаққа пайда мынау: малын бақсын,

Отқа жайып, суарып, бағып-қақсын,

– деп келетін шаруашылыққа, тұрмысты түзетуге байланысты шумақтардан байқалады. От басы, ошақ қасының әңгімесі баяндалатын бірлі-жарымды шумақтарында да тұжырымды ойлар көрінеді. Өмірмен қоян-қолтық араласудан туған өлеңдерде жалаң популизм жоққа тән. Біреулер не болса сол өлеңге қосылып, баяғы Шалкиіз, Бұқарлар тұсындағы көркемдікке, ойлылыққа құрылған жырлардың ауылы алыстады деп те сынады. Әдебиет зерттеушілердің кейбірі тақырыптың аясы, философиялық тереңдігі жеңілдеп, Шал поэзиясы шегініс болып есептеледі дейді. Бірақ бұның – болуға тиісті шегініс екенін түсіну керек. Көркемдік тақырыбы реализмге негізделген Шал шығармашылығы ескі жыраулық поэзияның өтіп бара жатқандығын аңғартты. Сөйтіп, қазақ әдебиеті осы ақынның шығармашылығы арқылы жаңа белеске көтерілді, келешек ақындардың осы жаңа бағытпен жүруіне үлгі болды.