Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.2 «Тілтану» парадигмасының қалыптасуы

ХХ ғасырдың алғашқы жартысын қамтыған тілдік зерттеулер «...қазақ лингвистикасының тармақталып, молырақ көлемде көріне бастаған» [9, 40-б.] ізденістерін құрай отырып, маңызды тілтанымдық тұжырымдардың да қалыптасуына ықпал етті. «Жиырмасыншы жылдар кеңес дәуіріндегі қазақ тіл білімі дамуының әрі дайындық кезеңін, әрі аса маңызды қалыптасу кезеңін қамтыды» [14; 19-б.],- деп белгілі ғалым І.Кеңесбаев атап өткендей, «тіл тану» ұғымының қолданысқа ене бастауымен ерекшеленетін бұл кезең қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың қалыптасуын өзектеумен қатар, тілдік мәселелердің кең көлемде әдеби, пәлсапалық, логикалық ұстанымдарды айқындауға қатыса алатындығын дәлелдеді. Алғашқы бастамасын А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгерұлы сынды тілшілердің еңбектері құраған қазақ тілінің зерттелу бағыты кейін Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Х.Басымов, Г.Бегалиев, С.Жиенбаев және т.б. ғалымдардың жұмыстарында жалғасын тапты. Филологиялық мәселелерді әдіснамалық негізде және пәнаралық байланыстарға сүйене отырып шешуге тырысқан тілші-ғалымдар тілдік фактілерді адам болмысын, оның физиологиялық, психологиялық табиғатын пайымдап түсіндіруге мүмкіндік беретін амалдар тізбегі деп қарастырды. Адамзат атаулына тән әрі тіл мен ойлау арақатынасынан бастау алатын зейін қою, жадыда сақтау, елестету, қиялдау, шығармашылық деңгейді таныту, образды түрде қабылдау әрекеттерінің барлығын тіл табиғаты мен қызметін анықтайтын мәселелер қатарына жатқызған зерттеушілер лингвистикалық ізденістердің өзгеше мақсат-міндетін сұрыптады. Оның себебін екі жақты факторлардың әсерімен уәждеген дұрыс. Біріншіден, субъективті негізде; екіншіден, объективті жағдайларға сүйене отырып. «Біздің денеміз бейнелерді, дыбыстарды, иістерді қабылдайтын және оны физикалық байланысқа түсіретін құрылғыларға толы. Миллиардтаған нейрондар сенсорлық хабарларды өңдеп, нәтижелерін ми орталығына жеткізеді» [15; 44-б.],- деп психолог Джон Р.Андерсон атап өткендей, кез келген ой түйінінің астарында адамның табиғи қабілеті, жан-жақты тану әрекеті жататындықтан, тілтанымдық тұжырымдардың да негізін алдымен адамның субъективті болмысын қоршаған әлем заңдылықтарымен байланыстырар себептер құрады. Олар жекеленген тұлғалардың есту, көру қабілеттерінен бастау алатын адамның ойлау, саралау, пайымдау, талдау мүмкіндіктерін танытар ерекшеліктерге негізделді, өйткені екі жақты кодтау теориясын дамытушы А.Паивионың айтуына қарағанда, адам хабарды, заттар мен құбылыстарды қабылдап ұғынғанда, екі түрлі процесті ескеру керек – көзбен көруді және вербалды немесе тілдік амалдармен бекітуді [15; 112-б.]. Олай болса, субъективті факторларға ғалымдардың қабілеті, мүмкіндігі, ішкі сезімі, өзіндік дүниетанымы, біліп-тану дәрежесі жатқызылса; объективті себептерді төмендегідей мәселелермен айқындау қажет, яғни «тілтану» ұғымының күн тәртібіне енуін:

  • ғылымдар тоғысын құраған алғашқы кезеңдердің өзара сабақтасқан сипатымен түсіндірілетін ұғымдық синкретизмнің әсері арқылы;

  • таным нысанын құрайтын заттар мен құбылыстардың универсалды табиғаты негізінде;

  • «қазақ тілінің терең де жан-жақты зерттелуі, әсіресе, отызыншы жылдарда кең өріс ала бастады, өйткені осы кездерде республикада жоғарғы оқу орнын ашу мәселесі қарала бастады, кейін жекеленген салалар бойынша қол жеткізген жетістіктердің дені 1936 жылғы Ұлттық мәдениет институтының КСРО Ғылымдар академиясының Қазақстандық базасымен бірігуінен кейін аңғарыла бастады» [14; 19-20-бб.],-деп ғалым І.Кеңесбаев тұжырымдағандай, Қазақстанның ішкі қоғамдық өмірі мен ғылымдағы ізденістерін ғылыми танымға негіздеу қажеттілігімен;

  • қазақ тілінің ғылыми негізде қалыптасуының жалпы теориялық ілімдердің дамуымен қатарласа жүзеге асуымен;

  • алғашқы қазақ зерттеушілерінің Ресей лингвистикалық мектебінде дәріс ала отырып, өз ана тілін өзге тілдермен салыстыра-салғастыру мүмкіндігіне ие болуымен; яғни жеке және жалпы тіл білімі проблемаларының тығыз байланыста зерделенуімен;

  • тіл философиясы ұстанымдарының үстем болуымен, соның арқасында тілдік заңдылықтардың пәлсапа, этнография қағидаттарымен ұштасу мүмкіндігіне ие болуымен нақтылауға болады.

Аталмыш проблемалардың ұштасуы негізінде қазақ тіл білімінде алғашқы танымдық тұжырымдар жасалып, лингвистикалық деректер бірде адамтану, бірде қоғамтану, бірде елтану міндеттерін шешуге бағытталды, сол себепті қазақ тіл білімі тарихындағы бұл жылдар «жалпы сипаттама шолудан жеке мәселелерді тереңінен түсінуге бағытталуымен» [14; 21-б.] дараланды. Оған дәлел ретінде А.Байтұрсынұлының, Қ.Кемеңгерұлының, Қ.Жұбановтың, С.Аманжоловтың және т.б. еңбектеріне зер салған орынды, өйткені олардың әрқайсысы қазақ тілінің мүмкіндігін жаңа арнаға бағыттаумен қатар, жалпы тілдік құралдардың танымдық сатыларын адамның физиологиялық болмысымен, шығармашылық қабілетімен, ұлттың халықтық дәстүрімен байланыстыра білді.

Қазақ тіл білімінде тілге тек құрылымдық ерекшелік ретінде емес, адамзат болмысының өзгеше бір бөлшегі деп қарау ХХ ғасырдың басында-ақ негізделе бастады. «Тіл - құрал» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, қазақ зерттеушілері тілдің әлеуметтік, психологиялық, танымдық қызметтеріне назар аударды. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры...» деген А.Байтұрсынұлының пікірі де сол маңызды бастаманың алғышарты болды. Тілші 1914 ж. Орынборда шыққан еңбегін «Тіл - құрал» деп атай отырып, атаудың алғашында өзгелерге қаншалықты жат естілсе де, болашақта соншалықты маңызды болатындығын ерекше сеніммен ескертті.

«Тіл құрал деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, үйткені бұл – қазақта бұрын болмаған жаңа зат...» [16; 142-б.] деген автор сөздері соған айғақ. А.Байтұрсынұлы - қазақ тілін өз алдына оқшауланып тұрған, бір халықтың игілігіне ғана қызмет ететін қазына ретінде ғана емес, тіл туралы ғылымның іргелі бір тармағы есебінде, жалпыадамзаттық құндылықтың жүйелі көрсеткіші сияқты зерттеу керектігін алғаш дәлелдеген ғалымдардың бірі. Тілші Р.Сыздықова бұл еңбекке «...қазақ мәдениетінде бұрын болмаған соны құбылыс» [16; 20-б.] деп жоғары баға берді. Тек қазақ тіл біліміне ғана емес, «қазақ мәдениетіне» қосылған зор үлес тұрғысынан бағаланған бұл зерттеудің жалпы танымдық, этнографиялық, ұлттық-мәдени өзгешелігі ерекше, сол себепті автор ойын «Кітап бетінің төменгі тұсындағы сілтемеде хат таныту жолы көрсетіліп, сабақ әдісі қоса беріледі. Барлық әріптерді өтіп болған соң, танымдық материалдар ұсыналады» деп жалғастырды. Таным көзін құраған сөздердің «туысқан-туған іліктес» деген тақырыпта,...киімдердің, ойындар мен ойыншықтардың т.б. атаулары» түрінде топталып берілгенін де тілші асқан көрегендікпен ескертті. Тілдік материалдар сол кездің өзінде таза теориялық қағидаларға ғана емес, идеялық-рухани тәрбиеге де, халықтық дүниетанымға да арқау болған. Ғалым бастауыш мектептерден бастап, оқушыларға тілді үйрету аз, тілді таныту қажет деп есептеді [16; 174-б.]. Еңбегінің жазылу мақсатын да автор өзгеше зейінмен баяндады: «Бұл әліп-би кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындату шарасын табу түрде шығарылып тұр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылып, жаңа програмша болуы көзделді» [16; 50-б.].

Халық қабылдауына жақындатылып, түсінік-пайымдауына негізделіп жазылған бұл еңбек, біріншіден, терең этнолингвистикалық зерделеудің үлгісін танытты. Оқулықта, бір жағынан, Р.Сыздықова атап көрсеткендей, әріптерді оқуға, жазуға жаттықтыру, «дағдыландыру» мақсатында сөздердің халықтық ұғымдары, олардың лексика-семантикалық топтары негізге алынса, екінші жағынан, «Сауат ашқыштың» мәтіндері халық ауыз әдебиеті үлгілерінен жинақталды. Айталық, «Алдар көсе», «Қожанасыр», «Атақозы би», «Жәнібек би», «Әділ би» және т.б. Келер ұрпақтың танымын тереңдету, өз халқына сүйіспеншілігін арттыру, шығу тегін, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұмыттырмау мақсатында тілші Абай өдеңдерінен, Ы.Алтынсарин дерекнамаларынан [«Қыпшақ Сейітқұл»], алуан түрлі танымдық мақалалардан мысалдар ұсынды. Мәселен, «Қазақ салты», «Шаруа жайы», «Дағдылы жол мен айлалы жол», «Қазақ малының тұқымын асылдандыру жайында». А.Байтұрсынұлы тілдік құралдардың бала санасына әсер етер ерекшелігін ескере отырып, мақал-мәтелдердің, жұмбақтардың, аңыз-әңгімелердің, өлең-жырлардың тәрбиелік маңызын жоғары бағалады. Ол тілді халық тағылымы деп сипаттау арқылы оның этнос болмысын танытар барша мүмкіндіктерін зерттеуіне нысана етті. Автор «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады» [16;142-б.],- деп тұжырымдады.

Екіншіден, «Тіл - құрал» атауының өзі жеке қазақ тіліне емес, жалпы тіл ұғымына, оның қызметіне арналып тағайындалған. «Тіл – құрал. Құрал болғанда толып жатқан есепсіз бөлшектері бар, ол бөлшектері түрлі жағымен қиысатын толып жатқан қырлы, тетіктері есепсіз көп бір өте үлкен машина секілді құрал» [16; 335-б.] деген ғалым пікіріне жүгінер болсақ, тіл бір ғана ұлтқа немесе этносқа ғана қызмет етпейді, ол барша адамзатқа ортақ «есепсіз бөлшектер» жиынтығынан құралады. А.Байтұрсынұлы тілдік фактілерді сұрыптай келе, кез келген лингвистикалық еңбектің бір ғана тіл негіздеріне сүйене жазылмайтындығын ескерте отырып, тіл ғылымындағы салыстырмалы, салғастырмалы зерттеулердің маңызын атап көрсетті. Осы мақсатта еңбекте «дүниядағы жұрттың тіліне» де талдау жасалынды. «Дүниядағы жұрттың тілі негізінде үшке бөлінед: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай һәм жапон тілдері. Жалғамалы тіл – сөздің аяғына жалғау қосылып өзгертілетін тіл, мәселен, түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл – сөз түбірімен қопарылып өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі» [16; 143-б.], - дей келе, тілші барлық дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктемесі де назардан сырт қалдырмады.

Үшіншіден, ғалым тіл табиғатын зерделей келе, тілдің ойлау жүйесімен байланысына ерекше мән берді. Ол сөйлемнің құрылымдық, мазмұндық сипатын оның қатысымдық қызметімен ұштастыра келе, «ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді» [16; 264-б.] деген қорытынды жасады. Зерттеуші айтушы мен тыңдаушы арасындағы қарым-қатынастың ерекшелігіне тоқтала отырып, ой мен сөздердің «қиындасуын» маңызды фактор ретінде қарастырды: «...айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық даражада түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады...Сөйлегенде, жазғанда кім де болса ойын айтады. Ойын айтуға тиісті сөздерді алады да, олардың басын құрап, біріне бірінің қырын келтіріп, қиындастырады» [16; 263-264-бб.]. Аса қажет психологиялық мінездеме ретінде тілші «бұйрық, өтініш, үгіт, жай тілек» секілді адам көңіл-күйінің эмоционалды-экспрессивтік реңктерін білдіре алатын тілдік құралдарға шолу жасады, оның барлығын «көңіл тілегі» [16; 298-б.],- деп топтады. Қорыта келгенде, «Тіл - құрал», шын мәнінде, ішкі мазмұны мен тақырыптық ерекшелігі бірден көзге түскен, тілдің барлық дерлік функционалды-семантикалық ерекшеліктерін қамтыған, оның сыртқы құбылыстармен байланысын пайымдай зерттеген құнды еңбектердің бірі болып табылады.

«Азаматтық қалыптасу кезеңі ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтының оянған шағымен тұспа-тұс келіп, алаштың елдік жүгін, бар ауыртпалығын мойымай көтерген үркердей ғана оқыған зиялылардың қатарында Қошке Кемеңгерұлының...алар орны ерекше» [17; 5-б.],-деп Қ.Кемеңгерұлы мұрасын зерттеуші Д.Қамзабекұлы атап өткендей, келесі есімдердің бірі қазақ халқының ұлттық болмысы мен саяси-әлеуметтік өрлеуін, мәдени дамуы мен елдік рухын аса қажет құндылықтар ретінде бағалай білген тұлғаларға жатады. 1915-1930 жж. аралығында «қазақ әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосқан» Қ.Кемеңгерұлының ғылыми көзқарастары қоғамдық өзгерістермен сабақтаса қалыптасқандықтан, еңбектерінің негізгі идеялық бағытын қазақ этносының тарихы, тілі мен діні, мәдениеті мен өркениеті құрады. Сынның ащы тілін болашаққа апарар талап-тілектер әуеніне жалғай отырып, белгілі қайраткер барша шығармалары мен мақалаларын ұрпақ жадында сақталар деректермен уәждеді. Мысалы: «Қазақ тарихынан», «Бұрынғы езілген ұлттар», «Егін салу турасында», «Тілшілердің міндеті һәм мәнісі туралы», «Ел газеті қандай болу керек?», «Жат тіл оқыту әдісі», «Көркем әдебиет туралы» және т.б. Жеке қабілеті ортақ мүддеге тоғысқан автор туындыларының бүгінгі күні өзектелуі, ең алдымен, жазылған деректердің мақсат-міндетімен айғақталса; екіншіден, олардың тақырыптық-идеялық нысанымен, статистикалық мәліметтерімен және маңызды ұсыныстарымен нақтыланды. Терең білімі өмірлік тәжірибесіне, көрген-білгені түйгеніне ұласқан Қ.Кемеңгерұлының қаламына арқау еткен мәселелері өрісінің кеңдігімен, талдауының жүйелілігімен, ойының үйлесімділігімен дараланды, сондықтан «ғалымның тілтанымдық мұрасын» [18; 10-б.] жан-жақты зерделеп көрсету үшін О.Жұбаева екі түрлі кезеңнің жіктемесін ұсынды. Олар «Қ.Кемеңгерұлына дейінгі кезең» және «Қ.Кемеңгерұлынан кейінгі кезең» деп аталды. «...ғалымның тіл білімінің дамуына қосқан үлесін зерделеу, түптеп келгенде, ғылымның тарихын зерделеу болып табылады. Қай ғалымның да белгілі бір ой-тұжырымдарының кейінгі ғалымдарда жалғасын табуы немесе үзіліп қалуы – заңды құбылыс» [18; 11-б.] деген пікір негізінде зерттеуші қазақ лингвистикасындағы сабақтастық мәселесін дәйектеді, ал тарих төрінен алар жазбаларды сол байланыстың ажырамас бөлшегі деп айқындады, яғни Қ.Кемеңгерұлының өз сөзіне жүгінсек, «...қазақ тұрмысына тарихи көз салу шарт. Өйткені қазіргі тұрмыстың шаруа, мәдени, рухани жағы болсын - өткен тұрмыстан қалып отырған мұра...» [17; 37-б.].

«Қазақ тіл білімінің дүниеге келуі мен оның қалыптасуын ауызға алғанда бар өмірін, күш-жігерін отандық ғылымға сарп еткен жандардың есімін зор ізет, құрметпен еске аламыз. Осындай есімдердің бірі – 20-30 жылдарда қазақ филологиясы саласында табысты еңбек еткен профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбанов болатын..,» [8; 8-б.], - деп кезінде академик І.Кеңесбаев атап көрсеткендей, қазақ тіл білімінің даму, жүйелену тарихында ерекше орын алар келесі тұлғалардың бірі – Қ.Жұбанов. Ғалымның зерттеулері арқылы дәстүрлі қазақ тіл білімінің маңызды мәселелерімен қатар, «жалпы тіл тану» жүйесінің аса құнды деректерін негіздеуге болады. «Құдайберген Қуанұлының ғылымдағы құлашының кеңдігі мен ойының тереңдігі «Қазақ тілі грамматикасы» мен «фонетикасынан», «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты еңбектерінен анық көрінеді» [19; 14-б.] деген ғалым Т.Жанұзақов пікіріне сүйенер болсақ, Қ.Жұбанов алғашқылар қатарында тек жаңа терминді ғылыми айналымға ұсынып қана қойған жоқ, сол сияқты ХІХ-ХХ ғғ. есімдері ғылыми көпшілікке танымал болған зерттеушілердің концепцияларына жан-жақты талдау жасай келе, қазақ тіл білімінің тың бағытта дамуын өзектеді. Ол үшін жекеленген тұлғалардың тұжырымдарын ой таразысынан өткізе отырып, тіл табиғаты, қызметі, жалпыадамзаттық ерекшелігі, өзге құбылыстармен байланысы туралы соны пікірлер айтты. Жеке тіл білімімен үзеңгілес тұратын, өзіндік нысаны, әдіс-тәсілдері, тілдік заңдылықтары бар жалпы «тіл ғылымының» даму бағытын айқындаған тілші өзге тілдер қатарында қазақ тілінің де тілдік универсалий мәселесін сұрыптауға, ортақ лингвистикалық ұстанымдарды анықтауға үлес қосар мүмкіндіктерін, заңдылықтары мен қағидаларын ерекше атап өтті. «Қазақ тілі ғылымын бір адам ғана жасай алмайды, бір мезгілде ғана ол жасалмайды. Бұл - көп күш, көп қол, көп уақыт керек қылады. Алдарыңызға тартылып отырған «лекциялар» осы жолға тамшыдай да болса пайдасы тимес пе екен деген бір тәжірибе ғана. Солай да болса мұны ғылыми курс деп атадық. Өйткені мұндағы жазылғандар 5 жылдан бері қазақ тілін, оқыған жақын тілдерді, жалпы тіл ғылымы жүйесін тексерген жұмыстарымның жалпылаңқырап алынған, популяр [жария] түрде тізілген ғана бір қорытындысы еді» [8; 36-б.],- дей отырып, ғалым қазақ, орыс, неміс, қытай, қырғыз, өзбек тілдерінің фактілері арқылы тіл білімінің мақсатын, пайда болу, даму ерекшелігін сипаттап берді. Зерттеушінің әр еңбегі теориялық тұжырымдарға негізделе әрі әлемдік лингвистика тәжірибесіндегі қазақ тіл ғылымының өзіндік сипатын айқындай дүниеге келгендіктен, оларды “жалпы тілтану” жүйесін дамытушы маңызды бастау деп бағалаған орынды. Қ.Жұбановтың 1966 ж. тұңғыш рет, ал 1999 ж. екінші қайтара жарық көрген “Қазақ тілі жөніндегі зерттеулері” мазмұны мен маңыздылығы жағынан алуан түрлі тілдік проблемалардың басын тоғыстырған ғылыми жұмыс болып есептеледі. Атап өтсек, бір еңбектің көлемінде:

  • қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық мәселелері;

  • барлық тілдерге ортақ типологиялық, лингвистикалық универсалийлер мен ерекшеліктерді сабақтастырған, жалпы тіл білімі мен оның әр түрлі салаларын қамтыған терең тұжырымдары;

  • шығыс елдерінің танымын, пәлсапасын, мәдениеті мен өнерін талдап көрсеткен құнды деректер;

  • әдіснаманың маңызды түйіндері;

  • терминжасамның басты принциптері баяндалады.

Қазақ тілінің құрылымдық-жүйелік ерекшелігін талдаудан бастау алған аталмыш еңбек күні бүгінге дейін қайталанбас зерттеулер үлгісін құрап отыр, өйткені, біріншіден, автордың қазақ тілінің теориялық принциптерін қалыптастырудағы өзіндік өлшемдері, ұстанымдары, жеке тілдік салаларды зерделеуге қосқан үлесі оның лингвистика ғылымында алар өзіндік орнын сұрыптауға мүмкіндік беріп отыр.

Екіншіден, автор талқылауына негіз болған әр мәселе тек лингвистикалық тұрғыдан ғана емес, логикалық, психологиялық, философиялық, танымдық аспектілердің байланысына сүйене шешімін тапқан. Мәселен, тіл дыбыстарының табиғаты ғалым зерттеуінде танымдық таразылаудан өтіп барып зерделенеді: “Фонетика сөзінің түбірі – алдыңғы үш дыбыс – “фон”сөзін біз басқа жерлерде де ұшыратамыз, мәселен, граммофон, телефон, фонограф сөздерінде. Мұның бәрінде де “фон”дыбыс деген беріп тұрғанын білеміз. Енді фонетика сөзінің аяққы екі буыны болған – тика жалғауын грамматика, косметика сөздерінде де кездесеміз. Мұның бәрінде де –тика жалғауы “жүйе”, “ғылым” мағынасында екенін аңғарамыз…”[8; 37-б.],- дей келе, айтылған ойдың үйлесімді жалғасы есебінде Қ.Жұбанов тіл дыбыстарын өзге табиғи, техникалық, адам шығаратын дыбыстардан жеке-жеке айырып көрсетеді әрі барлығын қоғамдық қажеттілік тұрғысынан айқындап береді. Осы мақсатта тіл білімінің адам анатомиясымен, табиғат жаратылысымен, әлеумет нормаларымен сабақтастығы басшылыққа алынып, ғалымның зерттеулеріне негіз болған мысалдар жалаң формалық талдаудан өзгешеленіп ұсынылды. Олардың әрқайсысы мәдени-ұлттық сипатта, рухани-идеялық мазмұнда, қоғамдық-әлеуметтік шарттылықта, танымдық-психологиялық аспектіде қарастырылып, маңызды тілдік дереккөздерге, “мұра хаттарға” айналды.

Үшіншіден, “Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер” салыстырыла-салғастырыла берілген алуан түрлі тілдік фактілер қорымен құнды. Ғалым тек қазақ-орыс тілдерінің мысалдарын талдаумен шектелмейді, керісінше, әр қилы лингвистикалық мәселелерді сұрыптау барысында қырғыз, өзбек, татар, якут, грузин, армян, қытай және т.б. тілдердің грамматикалық, семантикалық, дыбыстық ерекшеліктерін де зерттеуіне арқау ете біледі. Сөйтіп барлық тілдерге ортақ заңдылықтарды айқындауды, олардың өзгеше даму бағыттарын сипаттауды міндет етеді. Мысалы, “…қытайда чун (жұмыс), жөн (адам), чун жөн болып қосылып бір екпінмен айтылса жұмысшы деген сөз, егер екеуі екі екпінмен айтылса жан-жөн (тау адамы)…” [8; 107-б.] деген дәлелдемелер арқылы ғалым қытай тіліндегі екпіннің семантикалық қызметін бөліп көрсетеді.Осы мақсаттарда, ғалымның кез келген тілдік анықтамасы не болмаса ой түйіні бірнеше тілдерге сипаттама берумен, олардың құрылымдық, генеологиялық жіктемесіне көңіл бөлумен ұштасады. Айталық: “е. Бұл арабтың е-“ғ”-сы. Мысалы, мағына (маепа)…аа. Ағаш дегенді түріктер ааш дейді. Екі “а”-ның болуы компенсация заңы” [8; 53-б.] және т.б. Келтірілген тілдік фактілер дүние жүзі тілдерін бір-бірімен салыстыруға, олардың ортақ белгілері мен өзіндік ерекшеліктерін нақтылауға әрі тілдік ұқсастықтар мен айырмашылықтар негізінде тілдік универсалий мен типология ұстанымдарын таным үдерісімен байланыста саралауға мүмкіндік берері анық.

Төртіншіден, ғалымның дәріс алған лингвистикалық мектептері, ғылыми қалыптасу жолы Ленинградтағы танымал тілшілердің есімімен тығыз байланысты болды. Атап өтсек, „1928 жылы Ленинградтағы Шығыс тілдері институтын (экстерн ретінде) бітіріп, жоғары білімге ие болады. 1929-1932 жылдары Ленинградта аспарантурады оқиды: - 02. 1929 – 09. 1930 (1,5 жыл) Шығыс тілдер институтында түрік тілдері мамандығы бойынша; - 10.1930 – 09.1932 (2 жыл) СССР Ғылым академиясында (жалпы тіл білімі бойынша). Анкетада өзінің көрсетуі бойынша мына тілдерді білген: неміс, араб, парсы, түрік, монғол, чуваш, коми, грузин, түркі тілдері” [8; 576-б.]. Түркі тілдері мен жалпы тіл білімі бойынша арнайы мамандандырылған Қ.Жұбанов „жалпы тіл тану” мәселелеріне терең теориялық та, практикалық та дайындықпен келді.

Жалпы тіл білімінің өзекті мәселелерін талдап көрсету кезінде қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі С.Аманжолов пікірлеріне зер салу аса маңызды. Ғалымның 1940 ж. «Халық мұғалімі» журналының 4 санында жарияланған «Тіл ғылымы мен оның мақсаты» деген мақаласы жалпы лингвистиканың ережелері мен принциптерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтауға бағытталды. Кейін бұл мақала 2002 ж. ғалымның ұлы А.С.Аманжоловтың құрастыруымен шыққан «Қазақ тілі теориясының негіздері» атты жинаққа енді. «Тіл ғылымы (лингвистика) негізінде адам баласының тілінің жазылуын, өсу-өнуін, оның құрылысын, бұрынғы, қазіргі күйін, оның бірімен-бірі өзара қарым-қатынасын, олардың даму жолдарын, ондағы заңдарды тексереді. Сонымен қабат, тіл ғылымы тіл-тілдің келешегін де, қалай дамитынын да, болашақ тілдің жасалу жолдарын да әңгіме қылады...» [10; 44-б.] деп басталған бөлім жалпы тіл білімінің мәселелерін, бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. С.Аманжолов дәстүрлі бағытты жалғастыра отырып, тіл ғылымының зерттеу нысанын, өзге ғылым жүйелері қатарында алар орнын, атқарар қызметін нақтылауды мақсат еткен, оның айқын айғағы ретінде автордың «бұл ғылым – бүтіндей адам баласының тіршілігіне байланысты ғылым» [10; 44-б.] деген тұжырымын келтіруге болады. Ғалым өзіне дейінгі зерттеушілердің пікірлерін қолдай келе, тілді адамзат атаулына қатысты, оның тұрмыс-тіршілігін, дамуын, өркендеуін қамтитын құбылыс ретінде қарастыру қажеттігіне ерекше зер салды. Осыған орай, тілдің жалпы танымдық, психологиялық, қоғамдық, философиялық негіздері тілші зерттеулеріне негіз болды.

Сөз өнерінің, қатысымдық құралдардың, тілдік бірліктердің танымдық өзгешелігін айқындар құнды пікір-көзқарастардың кез келгені тілге сырттан әсер етуші құбылыстар мен жағдайларды зерттеу нысанына айналдыра отырып, лингвистикада экстратанымдық ұғымдар мен категориялардың да өзектелуіне түрткі болды. Бұл ретте «тілтану» ұғымының қалыптасу парадигмасын үш түрлі теориялық тұжырым негізінде қарастыруға болады. Олар:

  • Сөз өнері - таным өзегі: тіл және сөйлеу;

  • Халықтық психология – этнотаным негізі;

  • Жалпы тілдік фактілер - танымдық тәжірибе нәтижесі.