Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

2.2 Тілтаным теориясының әлеуметтік негіздері

Әлеуметтік танымның қажеттілігі тілдің шығу тегін зерттеу, оның табиғатын сұрыптау, өзге тілді меңгеру, базис пен қондырма мәселелерін анықтау, яғни адамның бар болмыс-табиғатын түсіну-түсіндіру процестерінің шешілу мүмкіндігімен сараланады. «...таласы көп сөздер әлеумет мәселелері турасындағы пікірлерде болады. Тұрмыс мәселесі – тоқсан түйіннің тоғысып шиеленісетін жері. Оны дұрыс шешуге көпті көрген көсем болуға керек. Адамның, халықтың, я бір таптың мінезін, құлқын, салт-санасын, жан жүйесін, ой жүйесін, тарихын, мұң-мұқтажын жақсы білетін дана болу, ғалым болу керек. Тұрмыс мәселелері деп қандай мәселелер айтылады? Тұрмыс мәселесі деп айтатын, айтылатын шын адамшылық мәселесі, өмір мақсатының мәселесі, яғни өмір бақытты болу мәселесі, ошақ басының, жұрт қамының, мемлекет жайлылығының, дүние тыныштығының мәселесі» [20; 221-б.] деп қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі А.Байтұрсынұлы ұсынған мәселелер жіктемесіне назар аударсақ, адам атаулының қоғамдағы, күнделікті тіршіліктегі жүзеге асырар қызмет-қасиеттері оның әлеуметтік танымын айқындауға, когнитивтік бірліктерді қоғамдық ұғымдармен сабақтастыруға мүмкіндік береді. Қоғам мен адам арақатынасы, ең алдымен, тілдік құралдар арқылы көрініс табатындықтан, жеке тұлғалардың қатысымдық әрекеті, топпен араласу қабілеті, қоғамда атқарар қызметі, соған орай анықталар әлеуметтік жағдайы – барлығы дерлік тіл арқылы, тілдік қатынас негізінде дәйектелетін экстратанымдық факторларды құрайды. «Тілдік жағдай» ұғымының астарында да осы аталған фактілер жинақталып, жүйеленетіні сондықтан болар. Адамдар тіл арқылы құрылымдық не болмаса формалық өзгешеліктерді ғана емес, ең бастысы, сол тілді пайдаланушылардың ұлттық психологиясын, мәдени даму үлгісін, әлеуметтік негіздерін танып білу қасиетіне ие болады, сол себепті тілдің шынайы болмыспен, қоршаған әлеммен, өркениетпен, адам жаратылысымен байланысы ғалымдар назарын ғылыми қалыптасудың алғашқы кезеңдерінен бастап өзіне аударды. Ежелгі үнді, грек, қытай ойшылдары да тіл табиғатын зерделеуде адам мен қоршаған орта ұғымдарының байланысын негізге ала пайымдады. Айталық, Платон өзектеген мәселелер қатарында «Сөздер танымның құралы бола ала ма? Олар тілден сырт жатқан болмыспен байланысты ма?» деген сауалдар қарастырылып келді.

Қоғам мүшесі туралы толыққанды мәлімет жинау үшін, оның өмір сүру ерекшелігін, әлеуметтік ойлау жүйесін, бойында тұнып жатқан сан алуан қабілеттер желісін айқындап алу қажет. Адам мәңгі қозғалыста жүретін жаратылыс иесі ретінде ұғынылатындықтан, әлеуметтік танымның ұстанымдары да сол қозғалыстың динамикалы сипатына, латентті мінездемесіне қатысты, яғни жеке субъектілердің өмірі де, мәдени қалыптасуы да өзара байланыссыз тізбектер жиынтығы емес, олар бүтіннің бөлшектері, әлеуметтік дамудың құрамды бөліктері деп танылады, өйткені Б.Хасанұлы «Адамзат баласы дүние есігін ашқаннан бері қоршаған ортаға әсер ету үшін қоғам мен табиғаттың даму заңдылықтарын зер сала зерттеп, тынымсыз тану үстінде...» болады [131; 7-б.] ,- деп атап көрсетеді. Осыған орай, бірінде болып жатқан өзгерістер екіншісін де сырт айналып өтпейді, тіпті бір күйден келесі қалыпқа ауысуына, өтуіне ықпал етеді. Шынайы болмыс, қоршаған орта өзгерген жерде танымның өзі де, оның дереккөздері де өзінің қалыпты жағдайынан ауытқып, нәтижесінде әлеуметтік заңдылықтардың жаңа теориясы қалыптасады, өзгеше бағыт-бағдары анықталады. Осындай өзгерістер қатарында әлеуметтік танымның тілдік құралдарын атауға болады. Ғалым А.Байтұрсынұлы дәйектеп өткендей, олар «Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету, халықтың құлқын түзеуге зор пайдасы тиетін нәрсе» [20; 227-б.] болғандықтан, тіл қоғам мен оның даму ерекшелігін сипаттайтын әрі оның адамзат жадында сақталар нормаларын белгілейтін құндылықтардың бірі болып табылады, сондықтан тілдік деректерді жинақтау, олардың экстратанымдық ұстанымдарын саралау, ең бастысы, қоғамдық маңыздылығын уәждеу қазіргі лингвстикалық зерттеулердің қажет діңгегін құрайды. «Әрбір халықтың тарихында үлкен әлеуметтік, қоғамдық, мәдени өзгерістер дәуірі болатыны хақ. Халық тарихындағы осындай өзгерістер сол халық тілінің сөздік қорына әсерін тигізбей қоймайды. Өмірге қанша жаңалық, қанша жаңа зат пен жаңа ұғым қосылса, тілге де соншама жаңа сөздер мен сөз тіркестері қосылып отырады» [89; 103-б.],- деп ғалым Ш.Сарыбаев ескерткендей, тіл дамуын айғақтайтын бұл өзгерістер халықтың тілдік қорынан ғана емес, өмірлік тәжірибесінен де, мұрагерлік қазынасынан да орын алары анық.

Когнитивтік әлеуметтану мен әлеуметтік тіл білімі мәселелерін

сабақтастырудан туындаған бұл бағыттың да бүгінгі күні өзіндік ұстанымдары да, тұжырым-қағидалары да өзекті тақырыптарға ұласып, маңызды тілдік зерттеулерге арқау болып отыр. “Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты...Әдетте қоғамның азаматтық тарихының тіл дамуына әсері едәуір кідіріспен, кешеуілдеп жүреді. Әлеуметтік-саяси, идеологиялық өзгерістер болған күннің ертеңіне тіл өзгеріп шыға келмейді. XІX ғасырдың ІІ жартысынан бермен қарай қазақ халқының әлеуметтік-саяси өмірінде не бір өзгерістер, жаңалықтар болып өтті, бірақ тіл өзінің негізгі сипатын түбегейлі өзгерткен жоқ, рас, сөздік қазына молықты, грамматикалық нормалар тұрақтала түсті, функционалдық стильдердің жеке белгілері айқындала түсті т.т. ..,”-деп атап көрсетеді тілші Р.Сыздықова [71; 23-б.]. Шын мәнінде, тіл мен қоғамның байланысы, бір-біріне әсер ету ерекшеліктері бір күнде не бір мезетте байқала қоятын қатынастар құрамына енбейді. Ол үшін қоғамдық-саяси жағдайлардың деңгейін, әсер ету күшін әрі танылу сипатын сұрыптайтын арнайы уақыт керек, өйткені тіл адамзат жаратылысының негізі ғана емес әрі сол адамдар өмір сүретін қоғамның, қарым-қатынас нормаларының сарапшысы да бола алады.

Тіл адам қоғамында өмір сүріп, оның “қажетін”жүзеге асыратын құрал болғандықтан, тіл білімінің әлеуметтік лингвистика деп аталатын саласының атқарар қызметі де, ғылыми маңызы да ерекше. XІX-XX ғғ. бастап, лингвистикалық бағыттар мен мектептердің бірі ретінде негізі қаланған бұл саланың бүгінде өз нысаны, мақсат-міндеті, заңдылықтары қалыптасып орныққан. Әлеуметтік лингвистика тілдің қоғамдық сипатын, стильдік саралануын, әлеуметтік ерекшелігін, қоғамдағы қостілділік, көптілділік мәселелерін, тілдік жағдай, тілдік саясат ұғымдарын және т.б. айқындауға мүмкіндік береді, анығырақ айтқанда, тілші Э.Д.Сүлейменова “Әлеуметтік лингвистика - тілдің қоғамдық қызметтерін, әлеуметтік шартталған белгілері мен заңдылықтарын кешенді түрде зерттейтін қазіргі тіл ғылымының маңызды бағыттарының бірі. Ол тіларалық байланыс жағдайындағы кез келген тілдің өмір сүру формасына, қоғамдық қызметінің ауқымы мен сипатына қатысты айқындалатын тілдердің қызмет ету ерекшеліктерін қарастырады”[132; 42-б.],- деп анықтама береді. Тілдің қоғамдағы орны оның қатысымдық деңгейімен, нормалану дәрежесімен, құқықтық мәртебесімен, конфессиялық ерекшелігімен, оқытылу, меңгерілу сипаттарымен өлшенеді.

Ғалым С.Аманжолов зерттеулерінің желісі тілдің қоғамдық ерекшелігіне шоғырланған. Автор тілдің барлық белгілерін оның қоғамдағы орнымен, әлеуметтік өзгешелігімен байланыстырды. Автор тұжырымдарының басым көпшілігі лингвистиканы қоғамдық ғылым ретінде қарастыруға саяды. «Адам қоғамына» [10; 90-б.] мән бере келе, оның мүмкіндігін жоғары бағалай отырып, ғалым тек қоғам бар жерде ғана тіл өмір сүреді, оны зерттеп, өркендетер тіл ғылымы дами алады деп түйіндейді. Осыған сәйкес, кез келген тіл білімінің саласын С.Аманжолов “адам қоғамының зор табысы, ғылыми жетістігі” деп дәйектеді: ”Мыңдаған жыл өмір сүрген адам баласының дүние тануына үнемі қызмет еткен тіл, тек қарым-қатынастың құралы ғана емес, ол дамудың да және. күрестің де құралы болуымен қатар, грамматика сияқты адам баласына зор қызмет істейтін өте маңызды ғылымды тудырды. Бұл ғылым адам баласының ұзақ өміріндегі тұрмыс үшін күрес жолында жасаған тәжірибелерін, ойлауының ұзақ уақыт абстракциялануы арқасында топшыланған жетістіктерін қорытқан да білім болып отыр”[10;92-б.]. Ғалымның жоғарыда келтірілген үзіндісінде “адам баласы” деген тіркес қатарынан үш рет кездеседі. Тілші көпшілік назарын тілдің қоғамдық маңыздылығын, оның табиғи әрі танымдық ерекшелігін, функционалды сипатын тіл арқылы айқындауға бағыттаған. Осы орайда, қоғамдық факторлармен бірге зерттеуші тілтанымдық құралдарға зер салды, ол тілдік амалдарды тек қарым-қатынас функциясында ғана емес, дүниені тану, тәжірибе жинау, ойлау, білім алу негізі деп сұрыптау қажеттігін ескертті. Құрылымдық типология тұрғысынан барлық тілдер тең дәрежелі болып есептелсе де, әлеуметтік типологияда тілдердің сараланатын өз өлшемдері, өз “құндылықтары” барын назарға алсақ, С.Аманжоловтың “...тілдердің біріне-бірі ұқсап та, ұқсамауы да әлеуметтік [социалды] жағдайға байланысты” [10; 54-б.] деген тұжырымының маңыздылығына, сөзсіз, көз жеткіземіз. Бұл жағдайда сол тілде сөйлеуші адамдардың, халықтардың саны, қолданушы мемлекеттердің есептік көрсеткіші ескеріледі әрі тілдің қоғамдық функциялары мен әлеуметтік салаларды қамту өзгешелігі нысанағы алынады. Мұндай ерекшеліктерді С.Аманжолов “қоғамдық қарым-қатынас күштілігі” ,- деп сипаттай отырып, тілдің “қоғамдық құбылыс, қоғамдық коллективтіктің тапқан, жасаған нәрсесі, қоғаммен бірге өсіп-өнетін нәрсе” [10; 50-б.] екенін дәйектейді. Демек, тілдің әлеуметтік деңгейін анықтау, оның қоғамдық танымын саралау және қоғамдық сананы қалыптастырудағы атқарар қызметін талдап көрсету, бір жағынан, қарым-қатынас күштілігі деп түсіндірілсе, екіншіден, қоғамдық коллективтің тапқан, жасаған нәрсесі деп ұғынылады, яғни әлеуметтік таным тілдік құралдардың жасалу, қалыптасу, даму заңдылықтарымен тығыз байланысты болады.

“...тіл және оның даму заңдарын қоғам тарихымен бірге, бірінен- бірін айырмай қарағанда ғана түсінуге болады” [10; 89-б.] деген тұжырым негізінде тілдік таным мен қоғамдық сананың байланысын дәлелдейтін мәселелерді С.Аманжолов, біріншіден, “Жаңа жағдай, жаңа тұрмыс, жаңа қоғамдық саты тілдің де жаңаруын керек етеді...” [10; 65-б.] деген қағидамен байланыстырды. Олай болса, адамды қоршаған орта, тұрмыс-тіршілік оның әлеуметтік өсуіне, сол арқылы тілдің қоғамдық қызметіне тікелей әсер етеді. Бұл ретте автор К.Маркстің „сөз – қоғамдық өнім. Бұл өнім қоғам өскен сайын өседі” деген пікірін қолдады, сондықтан әлеуметтік танымның өзегі ретінде, ең алдымен, ол лексикология проблемаларына шолу жасады: жаңа сөзді, жаңа ұғымды, жаңа мағынаны – барлығын „қоғамдық өнім”деп таныды. Зерттеуші ең кіші лексикалық бірліктің өзіне өзгеше анықтама береді, сондықтан оның қабылдауындағы „сөз” тек номинативті қызмет атқарушы тілдік элемент қана емес, ол - “адам баласының барлық қоғамдық тіршілігінің сәулесі, көрінісі, дерегі...” (П.Лафарг) болып табылды. „Адам баласының өмірінде, тұрмысында болған қайшылықтар, белеңдер, кедір-бұдыр кезеңдер, тарихи сатылар, баспалдақтар, түрлі қабаттар да сөзден табылады”, себебі „сөздің өзі – идеяға айналған саналық зат” [10; 244-б.] дей отырып. С.Аманжолов сөз мағынасындағы алуан түрлі өзгерістерді қоғам мен қоғамдағы оқиғалардың ықпал ету күшімен түсіндірді. Ғалым сөздік қор мен сөздік құрамның жасалуы, сөз мағынасының кеңеюі немесе тарылуы, сөздердің актив немесе пассив қолданылуы - барлығы қоғамдық дамудың нәтижесі деп есептеді. “Сөздердің ескіруі идеологияның ескіруіне, жаңаның пайда болуы жаңа идеологияның үстемдік алуына байланысты. Мысалы, Октябрь революциясынан бұрын қазақта “барымта”, “құн”, “қалың мал”, “әмеңгер”, “зекет”, “пітір”, “ғұшыр”...сияқты не ескі рушылдық-феодалдық саясатқа, не ислꏮм дініне байланысты сөздер үстем еді. Олар қазіргі социалистік мәдениетіміз бен санамызға сай келмей жойылып, орнына жаңа салт, жаңа өнеге пайда болды. Соларға лайық жаңа сөздер пайда болды”[10; 69-б.] деген тілші пікірін басшылыққа ала отырып, біз тілтанымдық ұғымдардың әлеуметтану негіздерін айғақтауға мүмкіндік бергеніне көз жеткіземіз, яғни „социалистік сананың” орнығуы „салт, өнегеге”, тәжірибеге байланысты, сол арқылы қалыптасатын дүние тану нормаларына қатысты болатындықтан, “қоғам ілгері басқан сайын, адамның дүние тануы да кеңейеді, өнері, техникасы артады” [10; 325-б.].

Екіншіден, ғалым әдеби тіл мен оның қолданылу ерекшелігін де әлеуметтік таным нормаларымен тоғыстыра талдады. Әдеби тіл нормаларын сұрыптай отырып, зерттеуші оның ауызекі сөйлеу тіліне қарағанда кең көлемде және қоғамның кез келген саласында қолданылатынына ерекше мән берді: “Әдеби тіл дегеніміз - бүкіл қазақ халқына ортақ ұлт тілі. Бұл ұғымға тек көркем әдебиеттің тілі ғана кіріп қоймайды, оған бүкіл баспа сөздердің тілі, барлық ғылыми, саяси, тарихи және техникаға байланысты кітаптардың, газет-журналдардың тілі де кіреді”[10; 54-б.]. “Әдебиет тілі деп толық тәртіпке, қалыпқа түскен саясат, әдебиет, ғылым [пән] үшеуінде ешбір ақаусыз, кемшіліксіз жаза алатын тілді ғана айтамыз”[2, 158-б.]. Демек, әдеби тілдің қызметі оның қоғамдық болмысымен, мәдени-ұлттық дамуымен түсіндіріледі, сол арқылы тілдің әлеуметтік өзгешелігі, халықтың тұрмыс-тіршілігімен сабақтастығы, қоғамның тілге, ал тілдің қоғамға әсер ете алар табиғаты айқындалады. Тілдік таным қоғамның барлық салаларына әсер ететіндіктен, оның функционалды-стильдік ерекшелігі антропологиялық негізде, сатылап даму заңдылықтарына сүйене жүзеге асады, себебі, Р.Сыздықова атап өткендей, “Әдеби тіл дегеннің ең басты белгісі - оның өңделеген, сұрыпталған, нормаланған тіл болуы, бұл-бір. Қызметі жағынан сол халықтың өмірінде ұйымдастырушы, қоғам мүшелерінің басын қосушы сипаты, яғни жалпыға ортақтық қасиеті болуға тиіс”[71; 8-б.].

Үшіншіден, авторлық талдаудың маңызды бөлігін терминжасам мәселелері құрады, өйткені ғалымның өзі арнайы бөліп қарастырған терминжасам жүйесі, оның қоғамдық фактілермен байланысу өзгешелігі тіл мен қоғамның тікелей арақатынасынан, адам жадында сақталар қордан, оның өмірлік тәжірибесінен, ойлау мен пайымдау әрекетінен және тану, қабылдау негіздерінен туындайды. “Аударма тілі ұлт әдеби тілі мен орыс тілін жақсы білуге, оның қағидаларын дұрыс қолдануға және ұлт терминологиясының дұрыс жасалып, дұрыс пайдаланылуына байланысты әдемі және айқын болмақ” [10; 204-б.],- дейді зерттеуші. Ол терминдердің өзге сөздерден айырмашылығын түсіндіре отырып, олардың қалыптасу жолы біркелкі немесе еш қатесіз болмайтынын ескертеді: “...термин сөздер - жай сөз емес, ерекше құнды, мағынасы айқын, әрі терең, асыл сөз...Дұрысын айтуымыз керек, олардың қабылдануы, жиналып ретке салынуы, зерттелуі, әсіресе, олардың қолданылуы оңайлыққа түскен жоқ” [10; 205-б.]. Осыған орай, С.Аманжолов терминжасау жұмыстарында кеткен бірнеше олқылықтарға тоқталды. Мәселен, “бірсыпыра ғылым саласында әлде болса термин сөздің қасиетін білмеушілік, қазақша балама табуда ойланбай, бірдемені аласалушылық, соның арқасында қазақ тілінің қадірін түсірушілік орын алып жүр...”, “осы кезде қолданылып жүрген терминдеріміздің арасында бір ұғымға әртүрлі сөз қолданылып, сөздің терминдік қасиетін кетірушілер бар...”,”кейбір аударушылар белгілі терминдердің қазақ тілінде толық баламасы бола тұра, аударуға қолы батпайды. Қазақ тілі сөз байлығының асылдану жолы бір жақты дамиды деп түсінеді...”[10; 206-б.] - осы сынды ескертпелер бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.

Бұл пікірлердің үйлесімді жалғасын Н.Т.Сауранбаев зерттеулерінен де

кездестіруге болады. Тілдік категориялардың қалыптасу, даму өзгешеліктерін зерделеген ғалым, ең алдымен, тіл білімінің қоғамдық сипатына мән берді. Ғалым „Тіл ғылымы - әлеуметтік ғылымдардың бір көрнекті бөлігі...” [34; 125-б.] дей отырып, „уақыт”, „жаратылыс”, „дәуір” ұғымдарын лингвистиканың құрылымдық мәселелерін анықтауға бағыттады, сол себепті оның еңбектерінде қоғамдық өзгерістер тілдік жаңарулармен яки толығулармен қатар беріліп талданды. Екі процестің даму динамикасын тығыз байланыста сұрыптаған автор тіл құрылысының сипатын уақыт тезінен өте қалыптасатын ерекшелік ретінде қарастырғандықтан, құрмалас сөйлемдер табиғатын „Неғұрлым қоғамның алыс уақыттағы дәуірлеріне терең бойлай берсек, тілдің құрылысының да соншалықты жабайы болатынын көреміз. Сол сияқты неғұрлым осы заманға жақындаған сайын, тіл құрылысының қыйындағанын, жаңаланғанын көреміз” [36; 286-б.] деген тұжырымды келтірді. Ғалым М.Балақаев „Тіл - әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді” [33; 5-б.] дей отырып, тілтанымның әлеуметтік заңдылықтарын сұрыптауда „адамның тіл жұмсау” [33; 38-б.] әрекетін басшылыққа алды, оны адамның „қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекеттердің бір бөлігі” деп есептеді. Осыған орай, тілші „қоғамдық сананың” [38; 36-б.] қалыптасу алғышарттарын тілдік дамудың, оның „жаңа сапалы тіл қажеттіліктерін атқаруының” [38; 24-б.] салдары деп түсіндірді. Оған дәлел ретінде зерттеуші „Ешбір қоғамдық құбылыс дербес, дара, оқшау қалпында, басқа құбылыстармен байланыссыз өмір сүре алмайтынын” атап өтті. Сондай құбылыстар қатарында М.Балақаев тіл мен әлеуметтің бір-біріне әсер ету нормаларына ерекше зейін қойды, сондықтан „...қоғам ол [тілді] құралды шыңдай түсу қамын ойлайды. Өйткені қоғам өмірінің биік шыңға көтерілуі, адамдардың ой-өрісінің, сана-сезімінің, экономика, өнер-білім, ғылым, мәдениетінің біріне-бірі ілесе ілгері дамуы, сөз жоқ, оның тіліне де ықпалын тигізеді” [38; 137-б.] деген қорытынды жасады. Оның айқын айғағы ретінде тілші әдеби тілдің, оның стильдік тармақтарының даму үлгілерін сөз етті. Сөйтіп, „қоғам мүшелерінің қатысымен” дамитын және қоғамның „әр қилы орайындағы тілік тәсілдердің белгілі бір мақсатқа жинақталуымен” жүзеге асатын бұл лингвистикалық ұғымдарды „қоғамдық категориялар” [38; 5-б.] деп таныған ғалым тілтанымның әлеуметтік негіздерін қалыптастыруға ат салысып қана қойған жоқ, сонымен қатар оның ғылыми-теориялық дамуының да алғышарттарын ұсынды.

„Жалпы тіл білімінің теориялық топшылаулары мен қорытындыларын” дамытқан К.Аханов зерттеулері де тіл мен қоғамның қарым-қатынасын «екі жақты байланыс» үлгісінде қарастырған ғылыми ізденістер нәтижесін құрады. Ғалым «...тіл білімі тілді қоғамның тууымен бірге туып, қоғамның дамуымен бірге дамитын қоғамдық құбылыс ретінде, қоғам мүшелерінің пікір алысу, қатынас жасау құралы ретінде қарастырады» [2; 10-б.] дей отырып, бұл сабақтастықтың бірнеше дәлелдемелерін келтірді:

  • тілсіз ешбір қоғам өмір сүре алмайды: қоғамның өмір сүруі, адамдардың бірлесіп еңбек етуі үшін қатынас құралы, пікір алысудың құралы – тіл қажет;

  • тіл қоғам бар жерде ғана өмір сүреді: қоғам – тілдің өмір сүруінің шарты, қоғамнан тыс, адамдардың коллективінен тыс тіл жоқ [2; 38].

Олай болса, қазақ тіл білімінде әлеуметтік лингвистика мәселелеріне алғашқылар қатарында зер салған автор тілді қоғамдық құбылыстарға жатқыза отырып, оны базис пен қондырмадан универсалды қоғамдық-әлеуметтік функциясы арқылы ажырату керектігін атап өтеді, өйткені, автордың пайымдауынша, тіл адамдардың әлеуметтік ерекшеліктерін танып білуге көмектесетін және қоғамдық нормалар мен заңдылықтарды жүйелейтін құрал болып есептеледі. Осыған орай, тілші «шындық болмыстағы» құбылыстарды да екі түрлі сипатта зерделеген дұрыс деген қағиданы ұстанды. Сөйтіп, олардың ір тобын «материалдық құбылыстар, жаратылыс құбылыстары» құрайды, оларды «жаратылыс тану ғылымдары зерттейді»; екіншісін «қоғамдық құбылыстар» айқындап, «қоғамдық ғылымдар зерттейді» [2; 7-б.] дей келе, автор қоршаған әлемнің күрделі табиғатын қазіргі ғылымдар интеграциясының аса қажет алғышарты деп түсіндірді. «Ғылымдардың интеграциясы өте-мөте күрделі процестерді, заттарды, шындық болмыстың құбылыстарын бірқыдыру ғылымдардың бірлесе комплексті зерттеу түрінде де, әр түрлі ғылымдардың басқа ғылымдарға кірігуі, әр басқа ғылымдардың предметтері мен методтарының өз ара жақындасуы түрінде де жүріп жататындығын» [2; 8-9-бб.] ескерген ғалым қоғамдық құбылыстардың да даму, өзгеру себептерін сыртқы факторлардың әсерімен таразылады, соның негізінде тілдік құралдардың толығу амалдарын айғақтайтын сөздік қор мен сөздік құрамның даму заңдылықтарын да жан-жақты талдады. Бұл бірлікті ғалым «дүниенің бір тұтастығымен, оның салаларының, бөлшектерінің, әр түрлі жақтарының өз ара тығыз байланысымен, бірімен-бірі шарттас екендігімен, бір-біріне әсер ететіндігімен» [2; 10-б.] айқындады. Нәтижесінде «...қоғам тарихын зерттеу барысында тіл білімінің деректері мен жетістіктерін де пайдаланатын» тіл ғылымы мен қоғамтанудың тығыз байланысы дәйектеліп, тың ұстанымдардың өзектелуіне мүмкіндік жасалды әрі «қоғамдық құбылыс ретіндегі жалпы адам баласының тілін сипаттайтын жалпы заңдылықтар» мен «жеке, нақтылы тілге тән» [2; 77-б.] қағидалар сабақтастығы зерделенді.

«Заман қозғалысы тілді де қозғады» деп тұжырымдаған Р.Сыздықтың ғылыми-танымдық талдаулары әлеуметтік тақырыппен, қоғамдық фактормен тығыз байланысты. Тіл табиғатын анықтау, оның таныммен байланысу нормаларын сұраптау мәселелерінің бүгінгі күні әлеуметтік және саяси ықпалмен түсіндіріле зерттелуі тілдік танымның уақыт пен заман сұрыптаған заңдылықтармен ұштасуы деп түсіндіруге болады Оның айқын айғағы ретінде осы кезге дейін тілшілер лексикалық қабаттың өзгеру, толығу жолдарын талдап, сөздік құрамға енген бірліктердің кірігу уәжін айғақтауды мақсат етсе, қазіргі тілдік ізденістердің дені экстратанымдық себептердің тарихи тұрғыдан дәйектелген, пәлсапалық болмыс тұрғысынан айқындалған әрі әлеуметтік сана тарапынан қабылданған қорытындыларына негізделіп келеді. Бір жағынан, «сөздік құрамның дамуына әсер ететін факторлар – қоғамның әлеуметтік құрылысының өзгеруі, өндірістің, мәдениеттің, ғылымның дамуы» деп талданса [48; 62-б.], екінші жағынан, қазақ әдеби тілдің қалыптасуы мен даму тарихы «қоғамдық сананың», «патриоттық танымның», «халықтардың өзін-өзі тану санасының оянуының» [79; 24-б.], [78;29-б.] жемісі деп танылды, сондықтан автор «Қоғам өмірімен етене қабысқан тіл – сөйлеу тәжірибесі, оның лексикасы сол қоғамның тыныс-тіршілігіне орай әр алуан тематикалық серияларға бөлініп, бірқатарының мағыналары өзгеріп, енді бірсыпырасы тұрақталып, терминденіп жатады. Қысқасы, лексиканың белгілі бір топтары сол қоғамның сол дәуірдегі мазмұн-мәнін көрсететіндей дәрежеде қызмет етеді...» [48; 141-б.] деп тұжырымдайды. Демек, әлеуметтік таным - тілдік қордың молаюына, сөйлеу тәжірибесінің қалыптасуына тікелей әсер ететін экстралингвистикалық фактор. Ол «әлеуметтік диссонансты [кереғарлықты]» [55; 72-б.] көрсететін, қоғамдық сананы қалыптастыратын қозғаушы күш бола тұра, тілдік бірліктердің қоғамдағы орны мен қызметін, әлеуметтану саласына қосар өзіндік үлесін сұрыптауға мүмкіндік беретін когнитивті ұғымдардың бірі болып табылады, сол себепті «әлеуметтік танымды ішкі сәйкестіктері бар көпдеңгейлі үрдіс» [133; 7-б.] ретінде қарастыру қажет. Ғалым зерттеулерінің көлемді бөлігі әлеуметтік танымның тілдік құралдарды қалыптастырудағы маңызын дәйектеуге бағытталған. Автор көркем шығарма тілін сан алуан экстратанымдық ықпалдардың нәтижесі ретінде саралай келе, қаламгердің тақырыптық, мазмұндық және идеялық өрісін, ең алдымен, оның азаматтық болмысын сомдар қоғамдық мәселелермен сабақтастырады. Айталық, Абайдың дара тұлғасын, ақындық шеберлігін Р.Сыздық тілтанымның әлеуметтік мақсатымен ұштастыра талдады. «Абай - әлеумет, халық, ұлт мүддесін кеңінен сөз еткен ақын. Оның әлеуметтік тақырыптарға баруы өзіне дейінгі барлық ақындардан асып түседі. Өз заманын, заманындағы қазақ қоғамын, сол қоғамдағы саяси-әкімшілік, заң-сот құрылысын, экономикалық тұрмыс-тіршілігін тарихшыларша баяндамайды, ақын болып суреттейді. Суреттеу арқылы жаманына күйінеді, жақсысына сүйінеді. Сондықтан ақын заманының әлеуметтік картинасын беретін, сол кездегі жалпыхалықтық тілде актив қолданылған сөздер Абай тілінен де кең орын алған» дей отырып, ғалым «болыс, болыстық, шаруа, сайлау, партия, ..атшабар, бай, жарлы, сауда...» [78; 66-б.] сынды бірқатар сөздерге ден қойды. Сөйтіп, ғалым Абай танымындағы тілді «заманын түзету үшін қолданған» «қару» ретінде сипаттаумен қатар, оның әлеуметтік табиғатын, танымдық болмысын «заман», «қоғам», «әлеуметтік картина», «әлеуметтік топ атауы» сияқты ұғымдардың көмегімен түсіндірді.

Олай болса, қазақ тіл біліміндегі тілтанымның әлеуметтік негіздерін қоғам, қоғамдық сана мен ой-өріс, қоғамдық таным, әлеуметтік тыйым, әлеуметтік картина, заман, тұрмыс мәселелері, тәжірибе сынды ұғымдар құрайды, себебі ғалым Ә.Хасенов атап өткендей, «Қоғамсыз тіл болмайды, тілі жоқ қоғам – адамзаттың ешбір қауымы болмайды. Демек, қоғам үшін тіл керек; тілдің өмір сүруі үшін оның қоғамы болу керек. Бұл – ақиқат та тарихи шындық» [42; 324-б.], яғни қоғамдық құрылыстың құрамды бөліктері тілтанымның универсалды әлеуметтік негіздерін анықтау үшін, ал тіл мен танымның ұғымдық бірліктері қоғамның даму сипатын айғақтау үшін аса қажет. Айталық, Ә.Ахметов мифотанымдық элементтер мен әлеуметтік заңдылықтарды байланыстырған тілдік құбылыстар қатарында “табу мен эвфемизмдерді тек этнолингвистикалық құбылыс қана емес, сонымен қатар тіл мен қоғамның өзара байланысын сипаттайтын социолингвистикаға да қатысы бар құбылыс” [93; 7-б.] ретінде де зерттеген орынды деп тұжырымдайды. Тілдің әлеуметтік саралануы, әлеуметтік топтар мен олардың мүдделері сияқты әлеуметтік тіл білімінің өзекті мәселелерін тыйым салу яки ауыстырып айту құбылыстарымен сабақтастыру мақсатында ғалым 1)“Саяси эвфемизмдер” бөлімінде баспасөз бетінен алынған бірқатар мысалдарға шолу жасайды. Сөйтіп оларға “…белгілі бір саяси топтардың мүддесін қорғауға арналған, шындықты бүркемелеу үшін қолданылатын айла-шарғы, саяси тәсіл” [93; 129-б.] деген мінездеме береді. Мысалы: тұтқын лагерьлер – стратегиялық деревнялар, ауруханалар мен мектептің жетіспеушілігі - инфрақұрылымның аздығы және т.б. [93; 130-133-бб.]. 2) Келесі кезекте автор “сөз магиясын” уәждейтін фактор ретінде “ат тергеу салтын” қарастыра отырып, оның негізгі себебін адамзаттың биоәлеуметтік дамуымен түсіндіреді. “…шартты лексиканың немесе тілдің пайда болуының ең басты себебі адамдардың жыныс айырмашылығы мен олардың қоғамдағы әлеуметтік сатылардан алатын орнына байланысты қалыптасатын әр түрлі әлеуметтік тыйымдар жатыр” [93; 37-б.] деген пікірдің төркінінде қазақ халқының ұлттық танымымен қоса, сан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан әлеуметтік заңдылықтары, тұрмыс-салт нормалары да жататыны да даусыз.

Қорыта келгенде, тілтаным теориясының әлеуметтік негіздері дегеніміз – тіл мен қоғам байланысын танымдық ұстанымдармен сабақтастыра айқындайтын ережелер мен анықтамалар тобы.