Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

ұқсату

метафо-ра

символ

этно- мәдени белгілер

этно-

графи-

змдер-

дер

қоғам-

дық сана

тарихи таным

геш- тальт

фрейм

Ұғымдық бірліктер

Қазақ тілтаным ғылымы

Ғылыми ұстанымдары

Әдіснамалық негіздері

диалек-

тикалық

дедуктивті-

индуктивті

антропо-

логиялық

әлеуметтік

психоло-гиялық

халықтық

мәдени

сурет 3. Қазақ тілтаным ғылымының теориялық негіздері

Демек, оның негізгі нысанына айналған тіл мен таным бірліктері де ғылымаралық байланыстың, объективті шындықты субъективті түрде бейнелейтін заңдылықтың нәтижесі тұрғысынан ұғынылса, олардың астарында ұқсату немесе балау, образды түрде қабылдау, зейін қою, жадыда сақтау әрекеттері жатыр деп есептелді. Осыған орай, қазақ тілтаным ғылымында сөз болған тілдік құралдар когнитивтік сипатта, негізінен, келесі топтарға жіктеліп ұсынылып отыр: ұқсату яки аналогиялық қабылдауға негізделген бірліктер; метафоралар; этномәдени белгілер; мәдениет константтары мен символдық ұғымдар және этнографизмдер мен этнолингвистикалық арналар. Әрине, аталған элементтер тілтанымдық зерделеудің барлық қырларын қамти қоймағанмен, оның негізгі бағытын айқындауға себепкер болары анық, яғни «...Құбылыс - көп, сөз – аз» [8; 92-б.] деп белгілі ғалым Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, жалпы тілдік деректер адамның қатысымдық әрекетін, ойлау жүйесін анықтау мақсатында талданып, оның жалғасын құраған тарихи ізденістер жеке тұлғалық, халықтық әрі жалпыадамзаттық мәліметтерді толықтыруға ат салысатындықтан, бүгінгі тіл ғылымы адам мен қоршаған әлем заңдылықтарын танып қабылдауға ұмтылатын, тілдік фактілерді де сол танымдық үдерістің ұшқыны деп қарастыратын сала ретінде ұғынылады.

Таным негіздерін, оның өзге құбылыстармен байланысын зерттейтін ғылымның өзі әр түрлі салаларға жіктелетіндіктен, аталмыш ұғымның аясы да ғылыми тұрғыдан әр келкі түсіндіріліп келеді. ХХ-ғасырдың екінші жартысында нақтыланып, зерделене бастаған ғылыми парадигмалардың үздіксіз дамуы танымдық аспектілердің де, оның негізгі мәселелері мен мақсат-міндеттерінің де жан-жақты айқындалуына мүмкіндік берді, сол себепті когнитивтік ғылымның бастамасын құраған, 1956 ж. 11 қыркүйекте Масачусетс штатының Кембридж қаласында көпшілік назарына ұсынылған Ньюэлл мен Саймонның «Логикалық теоретика» атты баяндамалары да ғылыми ұстанымдардың жаңа бағытын дәйектеді. Адамзат болмысының ажырамас бөлігін, тұрмыс-тіршілігінің аса қажет бөлшегін құрайтын танымның субъективті қабылдау мен қоршаған ортаны бақылау нормаларымен сабақтаса отырып, объективті шындық заңдылықтарын танып білу принциптерімен де ажырамас бірлік құрауы бүгінгі күні когнитивтік модельдердің әрі техникалық, әрі жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдарда қолданыс табуын айғақтайды. «Кез келген әңгімені не болмаса гуманитарлық жүйенің өзге де көрсеткіштерін когнитивтік графикаға сала отырып жүйелеуге болады» [111; 2-б.],- деп зерттеуші В.Буданов атап көрсеткендей, тіл, таным, ойлау мәселелерін тек когнитивтік психология нысаны ретінде ғана емес, нақты жаратылыстану мен математика салаларында ұтымды пайдалана білу аса құнды қорытындылар жасауға көмектеседі. Оған дәлел есебінде автор ойлау жүйесінің санадағы екі түрлі функционалды ерекшелігіне тоқталды:

  • ойлап түсіну;

  • ойлап дамыту.

Бірінші жағдайда дескриптивті сипаттауға, виртуалды мәнмәтіндердің жасалуына және символдық мағыналардың негізделуіне мүмкіндік берілсе, ойлаудың екінші кезеңі бастапқы қарастырылған шарттарды өзгертуге, жаңа оқиғаларды дамытуға, сол арқылы сөйлеу әрекетін қалыптастыруға, тарихты сипаттап жазуға, яғни адамзаттың өсіп өркендеуіне жағдай жасайды. Демек ойлау мен «таным» немесе «когниция» ұғымдарының негізінде әрі психологиялық, әрі логика-философиялық және әлеуметтік-мәдени ұстанымдардың құндылықтары мен ережелері қалыптасады. Танымдық өзгешелікпен қоса, когниция латын тілінен аударғанда «ой, ойлау» сияқты мағыналарды да ұштастыратындықтан [112; 81-б.], когнитивистер оның аясы қарапайым танымнан әлде-қайда кеңірек деп есептейді. Когниция адамның жүйке жүйесі мен миында болып жататын барлық процестерге араласады: хабарды қабылдау, пайымдау, ойлау, түсіну, жіктеу, жүйелеу, әр түрлі ментальді образдарға үйлестіру, керек жағдайда жадыда сақтау және т.б. Танымдық үдерістің бұл ерекше формалары тіл мен ойлау, сөйлеу секілді адамдық табиғаттың ең жоғарғы көрсеткіштерін құрауымен қоса, күнделікті өмірде туатын қажеттіліктерді де өтеуге бағытталады. Адамның танымдық әрекеті саналы, ғылыми дәйектелген шарттар қатарында өздігінен жүзеге асатын, адам болмысы итермелейтін рефлексті амалдардан да топталады.

В.И.Писаренконың «Когнитивтік лингвистика мен «когнитивтік» терминінің семантикасы туралы» атты мақаласындағы «Когнитивтік лингвистиканың пайда болуына әсер еткен когнитивтік ғылымның өзі де уақыт өте келе, әр түрлі мектептер мен ғылыми бағыттарға жіктелу негізінде дамып отыр, мысалы: когнитивтік психология, нейроғылым, антропология және т.б., сондықтан бір ғылым саласына қатыстылығынан туындаған когнитивтік терминнің ұғымдық ерекшеліктерін әр түрлі дәрежеде түсіндіруге болады» [113] деген пікірге назар аударсақ, таным категориясының негізгі белгілері когнитивтік ғылымның мақсатына сай толықтырылып дамып отырады да, оның жалпы ұғымдық сипаттамасы жекеленген танымдық ғылыми бағыттардан, олардың бірліктері мен заңдылықтарынан сұрыпталады. Жаңа пәлсапалық энциклопедияда когнитивтік ғылымға «теоретика-информациялық модельдерді қолдану негізінде сана мен жоғары ойлау процестерін зерттейтін жүйе» деп анықтама берілген [114; 264-б.]. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде ол адамның ақыл-ойымен шұғылданатын әрі оның ментальды жағдайымен тығыз байланыста қарастырылатын, негізгі нысана ретінде когниция мен оның құрылым-үрдістерін қамтитын, ең бастысы, хабар мен оны өңдеу амалдарын зерделейтін ғылым саласы ретінде танылып отыр. Осыған орай, танымдық ғылымның негізі «әрі білім, әрі таным, әрі хабар, әрі адамзат ақыл-ойы мен санасы, әрі оларға сәйкес анықталатын және барлығының биологиялық негізін құрайтын адамзат миы» [112; 58-б.] тұрғысынан айқындалып, күрделі танымдық процестердің тоғысын құрайтын ғылыми жүйе ретінде зерттеліп келеді. Қазіргі ғылымның негізгі екі ерекшелігін өзектей отырып, ғалымдар антропологиялық және пәнаралық даму нәтижесінде жалпы танымдық ғылымға тән негізгі белгілер қатарында төмендегідей мәселелерге көңіл бөлуде:

  • ғылымның пәнаралық негізде қалыптасуы;

  • таным көзі ретінде білім мен ілім негіздерінің дамытылуы;

  • когнитивтік құрылымдардың өзектелуі;

  • білімді қалыптастыратын мәдени және әлеуметтік факторлардың

екінші кезекке қойылуы;

  • таным негіздерін тіл арқылы, оның құрылымдық әрі мағыналық

ерекшеліктерін салыстыра бақылау арқылы дәйектеу;

  • компьютерлі метафора ұстанымдарын қолдану,

яғни бастапқы кезде адамның миын компьютерге ұқсас құбылыс деп түсіндіру («hardware» компьютерлік метафора аппараты негізінде) үстем болса; кейін адам санасында компьютерлік бағдарламаларға ұқсас құрылымдар орналасқан, оған жады қызметі дәлел болады деген тұжырымдардың айтылуы («software» компьютерлік метафорасының нәтижелеріне сай) да орын алған.

Таным адам әрекетінің, тұрмыс-тіршілігінің әр алуан кезеңдерімен айқындалып пайымдалатындықтан, оның табиғатын түсіну әр түрлі ғылыми деректерді сабақтастыруға, олардың антропологиялық өзгешеліктерін сипаттауға негізделеді. Адам белгілі бір психо-физиологиялық ерекшеліктер жиынтығы бола тұра, жаратылыс табиғатынан ойлы, пәлсапалы мүмкіндіктер орталығы, сан қилы маңызды әрекеттер тоғысы деп танылады (4-суретті қараңыз). Адам өздігінен емес, қоғамдық бірлікте және қалыптасқан әлеуметтік-мәдени шарттарға сүйене дамып келе жатқандықтан, оның танымдық әрекетін пәлсапалық негізге, психологиялық сұрыптауға, әлеуметтік дамуға, ұлттық-мәдени өркендеуге сүйене қарастыру керектігі даусыз. Адамзат ақыл-ойының күрделі табиғатына негізделген аталмыш ғылымның бастауы жайлы әр түрлі пікір-тұжырымдардың орын алуы да содан болар. Ғалымдардың бір тобы ғылым бастауын когнитивтік психология мен лингвистика құрады десе, келесілері олардың санатына бірде пәлсапаны, бірде тіл білімін не болмаса антропология мен нейроғылымдарды жатқызғанды дұрыс деп есептеді [115; 72-б.]. Демек, «Когнитивистер пәнаралық байланыстан жырақ кете алмайды, бұл заңдылық оның тарихи тамырында жатыр. Тек психологияның, лингвистиканың, антропология мен философияның, компьютерологияның көмегімен ғана ақыл-ой табиғатын, тәжірибе пайымын, концептуалды жүйе негіздерін анықтауға болады...» [116; 23-б.],- деп аталып көрсетілгендей, қазіргі ғылыми бағыттардың ішінде когнитивтік философияның, когнитивтік психологияның, когнитивтік әлеуметтанудың, когнитивтік мәдениеттану сияқты салалардың қалыптасып дәйектелуі де соның үйлесімді жалғасын құрап келеді.

«Адамзаттың ақыл-санасы, ойлау жүйесінің заңдылықтары, білімнің қайнар көздері мен оны меңгерілу жолдары, сол сияқты ми, психика, ментальды жағдайлар мен актілер – барлығы ерте кезден пәлсапа мен логика, психология мен биология шеңберінде зерттеліп келгендіктен» [112; 61-б.], танымдық ғылымның жетістіктерін бір ғана бағытта сұрыпталатын тұжырымдар емес, олардың тоғысқан табиғаты, шебер ұштасқан жүйесі құрайды. «Таным» құбылысының ұғымдық аясы түрлі ғылыми түсініктемелердің бірлігінен жинақталып, маңызды мақсат-міндеттердің шешілуіне мүмкіндік беріп отыр.

Барша ғылымның бастамасын құраған пәлсапа мен ғылым пәлсапасы -күрделі де универсалды бағыттардың бірі. Логика, психология, социология, тарих ғылымдарымен байланыса отырып, пәлсапа әрі қоғамдық, әрі жаратылыстану заңдылықтарын сабақтастырды. Бастапқы кезде тек танымдық немесе эпистемологиялық өлшемдерге негізделген бұл ғылыми бағыт қазіргі кезде сан алуан ғылымдардың тоғысқан көрсеткішіне, пәнаралық байланыстың маңызды бөлшегіне айналды. Сондықтан болар, философияның негізгі ұстанымдары әр даму кезеңінде таным мәселелерімен бірде жақындаса, бірде алыстай отырып, қалыптасып келді. Мәселен,

1-кезеңді қамтыған ХІХ ғасырдың екінші жартысы эмпирикалық танымның психологиялық және индуктивті-логикалық негіздерін талдауға бағытталды;

2-кезеңде немесе ХХ ғасырдың алғашқы он жылында ғылыми көзқарастарда байқалған революциялық процестерді түсіну орын алды;

3-кезеңді, яғни ХХ ғасырдың 20-40 жж., аналитикалық кезең деп сипаттауға болады. Оның идеялық негіздерін Л.Витгенштейннің пікірлері мен ғылым тілін талдауға арналған классикалық позитивизм бағдарламасы құрады.

4-кезеңде пәлсапа ғылыми пайымның логикалық негіздерімен байланыса отырып, таным мәселелеріне қайта оралды. ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында эмпиризм негізін сынаған имманентті көзқарас үстем болып, ғылымның ұғымдық аясы кеңейе түсті. Философия ілімі тек жаратылыстану мәселелерімен шектелмей, тарихи деректермен де байланыстырылды;

5-кезеңнің ерекшелігі – неопозитивизмнің негізгі ережелерінің сынға алынуы. 50-жылдардың аяқ шенінде У.Кайнның «Эмпиризмнің екі догмасы», К.Поппердің «Ғылыми зерттеудің логикасы» сынды еңбектері көпшілік назарын өзіне аударды. Осы кезде Т.Кун, М.Полани, Н.Гудмен және т.б. ғалымдардың да зерттеулері дүниеге келді. Сөйтіп, аналитиклық пәлсапамен қатар ғылым парадигмаларын әлеуметтік-мәдени негізде қарастыратын әлеуметтік ілімдер мен ғылыми бағыттар қалыптаса бастады. Дәл осы уақыттан бастап пәлсапада пәнаралық байланыстың принциптері өзектеліп, таза құрылымдық жүйелердің орнына ғылымның метафизикалық өлшемдеріне көңіл бөлу мәселелері көтерілді. Нәтижесінде «парадигма», «тақырып», «әлемнің ғылыми бейнесі», «ғылыми ойлау стилі» секілді ұғымдарға баса мән беру мақсат етілді.

6-кезең немесе 60-70 жж. ғылымдар пәлсапасында постпозитивистік тұжырымдардың қарастырылуымен ерекшеленеді. Бұл кезде де эпистемологиялық негіздерге көбірек көңіл бөлу, концептуалды мәселелерді нақтылау қажеттілігі аталды. Демек, танымның маңызды антропологиялық өлшемдері дәстүрлі пәлсапалық талдаулардың әдістемелік негіздерін жаңа бағытта толықтыра түсті.

Бүгінгі күні ғылым пәлсапасының аясы кеңейген сайын пәнаралық сабақтастықтың ұстанымдарын жан-жақты дамыту күннен күнге өзектеліп отырғандықтан [117; 3-б.], танымның пәлсапалық негіздерін айқындау да когнитивтік ғылымның аса құнды дереккөздерінің бірін дәлелдеуге мүмкіндік берді. «Таным – дүниені, өмірді танып-білу қабілеттілігі» деп [118; 135-б.] қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде көрсетілгендей, пәлсапа аясында сөз болатын танымның да өзгешелігі «сана», «қабылдау», «қабілет» ұғымдарымен байланыстырылады. Пәлсапалық сана когнитивтік зерттеулердің маңызды бірлігі бола тұра, табиғатының күрделілігіне орай, сан алуан ғылыми қағидаларға ортақтығымен ерекшеленеді, сондықтан әрі пәлсапа, әрі психология нысанын құраған бұл ұғымның анықтамалары да, функционалдық сипаттамалары да біркелкі емес. ХІХ ғасырда ғалымдардың бір қатары сананы зерттеу, оның болмысын нақтылау мүмкін емес деп келсе (биолог Т.Гексли), келесі біреулері оның тек жекеленген құбылыстары мен құрылымдарын ғана тануға болады деген көзқарасты ұстанды (В.Вундт). Кейінірек еуропалық пәлсапада сана білім көзі, бағыт, көзқарас, көңіл, өзін-өзі тану сынды ұғымдар негізінде түсіндірілді. Бүгінгі күні философтар сананы когнитивтік теориялар негізінде, жасанды интеллект мәселелерімен ұштастыра талдап зерттеуді мақсат етуде. Осыған орай, сана қызметі бірде адамның танымдық мүмкіндіктері шеңберімен шектелсе, бірде оның аясы нейрофизиологиядан мәдениеттануға дейін кеңейтіліп, ғылыми тұжырымдар тізбегінде оған таным құралы, материямен сәйкестік құрайтын құрылым, саналы не болмаса рефлексті әрекеттер сабақтастығы деп анықтама беріліп жүр.

сурет 4. Танымдық әрекеттің құрамды бөліктері

Адамның анатомиялық жаратылысынан бастау алатын таным, ең

алдымен, табиғи жүйенің бір бөлшегі, ішкі физиологиялық тәртіптің жемісі деп қарастырылары анық. Өзге салаларға қарағанда, әлде-қайда бұрын дүниеге келген когнтивтік психология да танымның антропологиялық негіздерін дәл анықтауға көмектеседі. Танымдық процестер психологиясын адамның ментальды дамуымен сабақтастырған аталмыш ғылым алғашында теориялық бағыттардың бірі ретінде қалыптасса, кейін ол «когнитивтік төңкерілістің» алғышартын құрады, себебі «Жалпы психология» курсында «психика - объективті әлемнің субъективті қабылдауда көрініс табуы» [119],-деп түсіндіріліп келеді. Осыған орай, психологиялық әдістер де, бір жағынан, аналитикалық зерттеулерге сүйенсе, екінші жағынан, синтетикалық ізденістердің жүзеге асуын қадағалайды. Алғашында өмірдің әр түрлі кезеңдеріне, адамның әрекет ету өзгешеліктеріне қатысты айқындалатын психика элементтерін танып білу көзделетін болса, келесі зерттеулер алуан түрлі психикалық көріністерді сұрыптау негізінде жалпы адамзатқа тән ортақ белгілерді дәйектеуге бағытталды. Осыған орай, адам психологиясын таныммен байланыстыру қажеттігі туды. «Когнитивтік психология» деген терминді 1967 ж. ғылыми айналымға ұсынған У.Найссер оны бихевиористік теорияға қарсы дамыған бағыт деп сипаттады. Адамның ішкі психикалық өзгешеліктерін зерттеу кезінде байқалған қарама-қайшылықтар әр теориялық тұжырымның өзіндік ұстанымдары мен қағидаларын сұрыптады. Психологияның танымдық бағыты субъектілердің қабылдау, ойлау, тану, пайымдау, түсіну әрекеттерін жан-жақты талдау негізінде адамның ішкі, көзге көріне бермейтін әрі нақты механизмдер мен процестер арқылы емес, сана, жады қызметтерінің көмегімен бақыланатын мәселелерді шешуге бағытталды. Сол себепті Р.Л.Солсо танымдық психологияның ғылыми-теориялық принциптерін жалпы психологияның 10 негізгі саласы мен олардың тұжырымдары құрайды деп есептеді. Олардың қатарында ғалым қабылдау, бейне-образдарды тану, көңіл-бөлу, жады қызметі, елестету, даму, ойлау мен мүмкіндіктерді шешу, адамның ақыл-парасаты мен жасанды интеллект, тілдік функциялар сияқты құбылыстардың психологиялық белгілерін атап өтті [120; 496-б.]. Бастапқы кезде психологтар танымдық әрекетті ойлау жүйесінің бір бөлігі деп қана бағаласа, кейін зерттеушілер оны функционалды-прагматикалық, аккумулятивті және қатысымдық қызметтері ерекше, адамзат тірішілігіне аса қажет фактор ретінде саралады. Сөйтіп, психология ғылымының нысанын құраған көптеген мәселелерді жаңа қырынан талдауға әрі адам табиғатының ішкі мүмкіндіктерін тың сипатта түсіндіруге жағдай жасалды. Мәселен, бала психологиясының өзіндік проблемаларын зерттеген ғалымдар 60-жылдарда оның тек ойлау жүйесінің қызметіне және азды-көпті жекеленген заттарды тану әрекетіне назар аударды. Когнитивтік психологияның қалыптасуы баланың ақыл-санасының дамуына ықпал етер факторларды жан-жақты таразылауға мүмкіндік берді, себебі бұдан былай «адам - ерекше танымдық жүйенің иесі» ретінде айқындалып, хабар алу, оны өңдеу, жадыда сақтау мәселелерінің барлығы дерлік психотанымдық негізде талдана бастады. Нәтижесінде алғашқы проблемалар жігі бала санасында көрініс табатын бейнелі образдарға сипаттама берумен шектелсе, уақыт өте келе, олардың қатарына баланың хабарды меңгеруі, оған өзіндік қарым-қатынасын байқатуы секілді мәселелер қосылып, негізгі танымдық ұғымдарға мән беру көзделді. Қабылдау, елестету, пайымдау, сезу, сезімін білдіру - барлығы когнитивтік теорияның маңызды проблемаларына айналды. Психолог И.Изард танымдық теория негізінде екі түрлі аса қажет тұжырымдар қарастырылу керек деп есептеді. Оларға автор «мен теориясын» және «эмоцияны тудыратын, соның себебін анықтайтын өзге де теорияларды» жатқызды. «Соның ішінде, бүгінгі күні кеңінен қолданыс тауып отырғаны – «Мен» концепциясы, оның негізі жеке тұлғалардың өзін-өзі бағалауымен, қоршаған ортамен байланысқа түсе білуімен сараланады» [121; 1-б.],- дей келе, ғалым адамның сыртқы ортаны тануы, ең алдымен, өзінің ішкі мүмкіндігін түсінуден, өзіне дұрыс баға беруден басталады деген пікірді қолдайтындығын атап өтті. Олай болса, таным аясында психологиялық факторлардың тоғысар нүктесі, құрылымдарын бір-бірімен байланыстырар тетігі сөз болары да хақ.

Когнитивтік психологияның нысанын құраған маңызды мәселелердің бірі – білімнің құрылымы мен түсінік аппараты немесе адамның ойлау әрекеті. Психолог Г.П.Щедровицкий білімге «...гетерогенді, гетехронды, гетерархивті» [122; 3-б.] құбылыс деп анықтама бере отырып, оның табиғатын адамның түсіну, қабылдау аппаратымен сабақтастыра дәйектеді. «Адамның ойлау әрекетін оның мазмұндық-генетикалық теориясынан әрі эпистемологиядан тыс қарастыруға болмайды. Дәстүрлі құрылымдарға қарағанда, бұл схеманың өзіндік даму ұстанымдары бар. Бірінші қалыпты жағдайда әрекет етуші не болмаса ойланушы субъект қана сипатталса, екінші жағдайда ойлау жүйесін түсіну мен түсіндіру процестеріне назар аударыла келе, жаңа ізденістерге мүмкіндік жасалады. Бұл ретте аталған үдерістердің өзгешелігі, таңбалар жүйесімен байланысы, сана жұмысымен бірлікте әрекет ету ерекшелігі ескеріледі», - деген ойын психолог мазмұндық-генетикалық теорияның құрылымы мен ұғымдарына сипаттама берумен жалғастырды. Ол үшін автор «таңбалық пішін» және «объективті мазмұн» сияқты екі мәселеге тоқталды. Зерттеуші білім құрылымында біріншісі жоғарғы қабатта, ал екінішісі төменгі қабатта орналасу керек деп есептеді, себебі «таңбалық пішін» кез келген хабарды ұсынатын әрі сипаттайтын құрал ретінде танылса, «объективті мазмұн» жалпы мазмұн мен жеке ғылым салаларын құрайтын объективті шындықтың көрсеткіші есебінде ұғынылды [123; 4-б.]. Демек, білім негізін шындық пен объективті мазмұнның арақатынасы, олардың тығыз байланысы құрайтындықтан, психологиялық зерттеулердің нысанын құраған «білім» адамның қоршаған ортадан, таңбалық бейнелерден алатын хабарлары негізінде әрі ішкі түсінік-пайымы арқылы дамып, толығып отырады.

Адамның психологиялық және когнитивтік мүмкіндіктерін зерттеу - кез келген ғылым жетістігін жалпыадамзаттық игілік ретінде пайдаланудың бірден бір көзі, себебі адам табиғатымен ұштасатын, оның тұрмыс-тіршілігінде қажетін өтей алатын құрылғылардың жасалуы тек техникалық білімді меңгерумен шектелмейді. Қолданбалы лингвистика нысанын құраған жасанды интеллект мәселесінің жаңа бағытта дамытылуы соған дәлел. Қазіргі компьютерлік жүйелерді логикалық алгоритмдермен қоса, нейропсихологиялық ерекшеліктермен де жабдықтау көзделіп отыр. Бұл жаңалықтар процессуалды-алгоритмдік және логикалық жүйелерге қарағанда, адамның ойлау әрекетінің субстратты негіздеріне сүйену арқылы хабарлар мен мәтіндерді тез де сапалы өңдеуге жағдай туғызады. Нейрокомпьютинг тек морфемалар мен синтаксистік бірліктерді танумен шектелмейді, ол мағыналық жүйелерді реттеуге, сол арқылы оларды автоматты түрде сатылы байланыстыруға, тақырып бойынша қажет мағлұматтарды топтауға, ең бастысы, адам санасына жақындай әрекет етуге мүмкіндік береді, өйткені «...нейрокмпьютер ойлаудың субстратты негіздеріне, нейрожүйенің қызметін басқаратын нейрондар табиғатына сүйенеді. Нәтижесінде компьютерде «ұқсаттыру» жұмыстары жүзеге асып, бала санасында қалыптасатын жай және шығармашылық ассоциацияларды жасай алатын алғышарттар пайда болады» [111; 7-б.]. Демек, жасанды интеллект мәселесінде қарастырылып келе жатқан ғылыми жаңалықтар адамның тану, қабылдау, ойлау әрекеттерін басшылыққа алу негізінде адамдық факторды аса маңызды шешім қабылдау құралдарының бірі ретінде өзектеп отырғандықтан, «...жасанды интеллект пен когнитивтік психология арасындағы қарым-қатынастар бірін-бірі дамытып толықтыратын маңызды ғылыми фактор болып табылады. Жасанды жолмен адам тәріздес механизмді жасау, оны адамға тән қабылдау, ойлау, тілді меңгеру қасиеттерімен жабдықтау, ең алдымен, аталған процестердің адам бойында жүзеге асу принциптерін танып білуден туындаса, жасанды интеллект теориясының дамуы адамзат атулыға тән танымдық өзгешеліктер табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді» [120]. Әрине, жасанды интеллект теориясы қатарында дамып келе жатқан қағидалардың әрқайсысы ғалымдар арасында әр түрлі тұжырымдардың тууына себепкер болып отыр. Айталық, Д.Деннит пен оның шәкірттері ұсынған адам тәріздес машина жасаудың ұстанымдары Дж.Серль тарапынан сынға ұшырап, концепция негізіде «бұрынғы бихевиористік пікірлер жатыр» деген ой айтылды. Автор «Олар, шын мәнінде, сананы жоққа шығарып отыр. Олардың анықтамасындағы сана өз қызметінен айырылған немесе бірінші жақтағы ішкі, субъективті, сапалы ментальды жағдайларды сипаттаудан гөрі, үшінші жақтағы көпшілік бақылай алатын өзгешеліктерге ие болған құбылыс ретінде ғана танылып келеді. Сананың барын дәлелдейміз дей отырып, олар, керісінше, оны жоққа шығарумен тынады... » [123; 29-б.] ,- деп атап көрсетті.

Ұзақ жылдар бойы, әсіресе XVIII-XIX ғғ., бірізді шешімге келмеген проблемалар қатарында психологтар сезім мен эмоция ұстанымдарына мән берді. Бастапқы кезде адам ағзасында байқалатын физиологиялық құбылыстар тек психикалық дамудың салдарымен түсіндіріліп келді. Кейін ғылыми танымның шеңбері кеңейе отырып, адам табиғатын айқындар факторлардың жүйесі пәнаралық тоғысудың, жан-жақты байланыстардың біріккен қарым-қатынасымен сипаттала бастады. Айталық, психолог И.Д.Гербарт адам сезіміне әсер етер аса маңызды психологиялық шарттар қатарында «елестер мен бейнелерге» баса назар аударды. Зерттеуші «Біздің сезімдер көз алдымызға елестер бейнелерге қатысты»,- деп атап көрсетті. Неміс ғалымы В.Вундт да осы ойды жалғастыра отырып, эмоцияны ішкі өзгерістер нәтижесі ретінде қарастырды. Ол сезімдердің белгілі бір образдарды жасауға қатысатындығын және, керісінше, образдардың өзіндік сезімдерді туғыза алатынындығын талдап көрсетуге тырысты, сол себепті физиологиялық процестерді ғалым эмоция салдарынан пайда болатын құбылыстар деп анықтады. Физиолог У.Кеннон әр түрлі эмоцияларға сәйкес байқалатын физиологиялық өзгерістерге көңіл аудара келе, ағзалық ауысулардың биологиялық мәніне тоқталды. Осыған орай, психологтардың бір тобы эмоцияны психикалық құбылыстан гөрі ағзаның белгілі бір жағдайға жауап қайтару үлгісі ретінде талдау қажеттігін ұсынды. Бұл пікірді дамытушылар қатарында Ч.Дарвин, Э.Клапер сынды ғалымдардың есімдері аталып келеді. Келесі топтың өкілдерін Е.И.Рогов «эмоция табиғатын интеллектуалды немесе когнитивтік негізде түсіндірушілер» [124; 12-б.] деп атады, сөйтіп, американ ғалымы Л.Фестингердің когнитивтік диссонанс теориясына және психофизиолог П.В.Симоновтың эмоцияның информативті концепциясына тоқталып өтті. Л.Фестингер диссонансты адам санасында қайшы мәліметтерді қабылдаудан туындайтын қолайсыз жағдай, субъективті толқу деп сипаттаумен қатар, одан құтылудың екі түрлі тәсілін ұсынды: біріншіден, айтылған шындыққа сәйкес өз көзқарасыңды өзгерту; екіншіден, өз пайымыңа сай жаңа мәліметті не болмаса хабарды қабылдауға тырысу, сол арқылы ішкі үйлесімділікті реттеу, яғни таным көкжиегін арттыра отырып, өз-өзіңмен келісімге келу. П.В.Симонов та адамның эмоционалды жағдайы оның қалауынан туындайтын фактор деп түсіндірді. Оны психолог «өзекті қажеттілік күші» [124; 13-б.] ретінде ұғындырды. Бұл «күштің» негізінде зерттеуші әрі бағалау, әрі қанағаттану мүмкіндіктерін қатар қарастыратын адамға туа бітетін немесе уақыт өте келе, тәжірибе арқылы жинақталатын ерекшеліктерді дамытты.

«Кез келген психикалық құбылыс сияқты біздің сезімдеріміз де ағзамызда болып жататын физиологиялық процестермен тығыз байланысты» [124; 29-б.] болатындықтан, психологтар эмоцияны сананың қызметі, когнитивтік процестердің шартталған қосындысы деп анықтаудың түп тамырында адам табиғатын пайымдаған Аристотель, Аквинский, Дидро, Кант секілді ойшылдардың идеялары жатыр деп есептеді [121; 1-б.], сондықтан эмоция табиғатын зерттеуші Арнольд сананы сезімді тудырушы уәждеме ретінде қабылдау қажеттігін ескертті. Осы ойдың жалғасын Шехтер мен Сингердің психологиялық теориясы құрады. Олар эмоцияны физиологиялық қозу мен танымдық әрекеттің нәтижесі деп қарастырды. «Адамға әсер ететін кейбір оқиғалар табиғи реакцияларды тудырады, сөйтіп, ол болған жағдайды бағалауға, сол арқылы белгілі бір сезімдердің сыртқа шығу себебін түсінуге тырысады. Демек, эмоцияның түрін, сапасын айқындау – адамның физиологиялық ерекшелігінен емес, индивидтің болған нәрсені бағалауынан, ой таразысынан өткізуінен бастау алатын құбылыс. Жағдайды анықтау, оны дұрыс саралау арқылы ғана адам өз сезімін нақты сипаттай алатын, қуану мен ренжудің, үрку мен жақтырмаудың себеп-салдарын танып білетін мүмкіндіктерге ие болады» [121; 2-б.] деген тұжырым кейіннен эмоцияның әлеуметтік психология ұстанымдары негізінде зерттелуіне ықпал етті.

Қорыта келгенде, психологиялық зерттеулердің нысанын құраған танымдық процестер алуан түрлі тәжірибелерге сүйеніп дүниеге келумен қатар, адам миында жүзеге асатын ментальды құбылыстар табиғатын айқындауға, олардың құрылымды және жүйелі қамтамасыз етілу қағидаларын саралауға мүмкіндік берді. Ғылыми әдіс-тәсілдердің ішінде математикалық модельдеу, информация мен кибернетика теорияларын қолдану әдіснамалары басшылыққа алына отырып, когнитивтік психологияның жаңа мүмкіндіктері ашыла бастады. Сөйтіп, аталмыш ғылым саласы алғашқылар қатарында пәнаралық байланыстың қажеттілігін дәлелдеумен бірге, адам миы мен психикасының құрылымы және қызметі жайлы тың деректерді көпшілік назарына ұсына алды. Жады, зейін, қиял, әрекет, оның жоспарлануы секілді психикалық құбылыстар енді электронды есептеу машиналарының көмегімен зерттеліп, когнитивтік модельдер мен жүйелер туралы күрделі де маңызды қорытындылар жасау мүмкіндіктері пайда болды. Нәтижесінде, У.Найссер атап көрсеткендей, когнитивтік процестер әрі туа бітетін, әрі белгілі бір әлеуметтік-мәдени шарттарға бағына қалыптасатын ерекшеліктер деп танылды, яғни когнитивтік психологияның дамуымен классикалық көзқарастардың өзінде жаңа бетбұрыстар байқалды. Адам әлемді қалай қабылдайды, оның миында болып жатқан түрлі құбылыстар таза психикалық көрсеткіштерге жата ма, әр адамның дүниетанымы оның іс-әрекетіне қалай әсер етеді, жадыда сақталар мәліметтер оған қалай енеді және керек кезінде қалай қолданыс табады, т.б. – осы сынды сұрақтардың барлығы бұрынғы кезде тек психология тұрғысынан талданып келсе, кейінгі кезде олар көзге көрінетін және көрінбейтін ішкі –сыртқы механизмдер тарапынан қарастырылып, когнитивтік ізденістердің негізін құрады. Адамның танымдық жүйесін хабар өндіруші құрылғы ретінде қарастыру арқылы психотанымдық өзгешеліктер де тілдік қабілет табиғатын дәйектеуге, оның себеп-салдарын анықтауға бағыттала отырып, үш маңызды мәселенің шешілуіне мүмкіндік берді. Олар: сөйлесімнің пайда болуы, оның қабылдануы мен түсіндірілуі, бұл орайда тілдік жағдай мен өзге де әлеуметтік шарттардың да атқарар қызметі орасан.

Адам белгілі бір қоғамның мүшесі, ұлттық-мәдени дамудың жемісі болғандықтан, оның танымдық әрекеті де, бойындағы психологиялық өзгешеліктері де алуан түрлі әлеуметтік-мәдени факторлардың ықпалымен түсіндіріледі. «Бүгінгі күні эмоцияны білдіру кезінде байқалатын ерекшеліктер тек биологиялық дамудың нәтижесі ретінде ғана емес, әр түрлі әлеуметтік топтардың, ұлттар мен кәсіпкерлердің байқатар өзіндік көрсеткіштері деп те танылуда. Әр жастағы балалар өз сезімдерін әр түрлі білдіреді, ол үшін әр басқа қимылдар мен сөздерді пайдаланады. Сол сияқты әр келкі тарихи кезеңдерде адамдар өз сезімдерін өзара ұқсамайтын дәрежелерде көрсетіп отырады...Сонымен қатар әр халықтың да өзіндік ұлттық ерекшеліктері қалыптасқан әдет-ғұрыптарында, дәстүрлі салттарында көрініс табады... » [124; 26-28-б.],- деп көрсетілгендей, физиологиялық жағынан біртекті болып келетін адам атаулының өзі алуан түрлі факторлардың ықпалымен әр келкі дамып, әр келкі қарым-қатынас жасайды, өзінің ішкі сезімдерін де әр басқа танытады. Сондай әсер етуші күштердің бірі ретінде адам өмір сүретін қоғам мен сол қауымдыстық орнататын заңдылықтарды ескерген жөн. «Баланың сөз мағынасын меңгеруі адамның қалыптасқан қоғамдық-тарихи тәжірибесінің негізінде болып, өмір шындығымен ұштасады» [69; 34-б.],-деп Т.Аяпова атап өткендей, адамдар бір қоғамның, уақыттың өкілдері бола тұра, әр түрлі құндылықтардың иесіне, әр басқа танымдардың жемісіне айналары анық. Оған өскен, тәрбие алған орта, білім деңгейі, сыртқы қоршаған адамдардың ықпалы, ішкі сенімі, конфессиялық жағдайы әсер ететіні сөзсіз. Таным да осы аталған фактілердің ара-салмағымен өлшенеді, сондықтан жалпы танымдық тұжырымдамалардың қатарында когнитивтік әлеуметтану мәселелері де өз алдына оқшауланып тұрады. Когнитивтік әлеуметтану дегеніміз – жеке адамдар мен топтардың ойлау әрекетінде қалыптасатын, орын алатын әлеуметтік ерекшеліктерді зерттейтін ғылым саласы. Бұл бағыттағы алғашқы еңбек 1973 ж. А.Сикурелдің дайындауымен жарық көрген. 1997 ж. саясаттанушы Е.Зерубавел «Когнитивтік әлеуметтануға шақыру» атты жұмысында когнитивтік әлеуметтанудың синхронды негіздерін анықтау мақсатында төмендегідей мәселелердің зерттелу қажеттігін атады:

  • жеке тұлғалардың ойлау әрекетіндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды түсіндіру;

  • әлеуметтік конвенцияларға талдау жасау;

  • хабарды қабылдау барысында байқалатын әлеуметтік шарттарға назар аудару;

  • жеке субъективті мәселелерге қатысты анықталатын талғам ұғымының анықтамасы, ерекшелігі;

  • мағына мен мазмұн ұғымдарының типологиялық және құрылымдық негіздерін құрайтын жіктеменің әлеуметтік негіздерін оқып үйрену;

  • аса құнды және қажет оқиғаларды, құбылыстарды не болмаса процестерді жадыда сақтаудың әлеуметтік ұстанымдарын зерттеу;

  • уақыт, заман, қоғам мәселелерінің әлеуметтік даму шарттарын саралау [125; 1-б.].

Дәстүрлі әлеуметтану мәселелеріне қарағанда, оның таныммен

сабақтасқан саласы жаңа ғылыми ұстанымдар мен ұғымдардың пәнаралық негізде қалыптасып дамуына әсер етті. «Әлеуметтік таным» астарында қоғам, тұлға, сана секілді үштік одақтың байланысы жатқандықтан, зерттеушілер жаңа танымдық әдістер мен бағыттарды қолдана отырып, когнитивтік ғылымның тағы бір маңызды да құнды деректанымдық жүйесін сұрыптады.

Соның негізінде әлеуметтану когнитивтік психология, когнитивтік лингвистиᏺа, когнитивтік антропология, жасанды интеллект теориясы сияқты ғылым салаларымен бірлесе дами бастады. Оған Ч.Лумис, Р.Аксельрод, С.Московичи, Р.Будон сынды әлеуметтанушылардың еңбектері дәлел бола алады. Жүйелі ізденістердің нәтижесінде жаңа терминдер дүниеге келіп, әлеуметтану ғылымында кең қолданыс тапты, айталық: «когнитивизм», «социо-когнитивтік үрдіс», «когнитивтік талдау» және т.б. Танымдық бағыттың өзектелуі арқылы қоғамтанудың адам санасының қалыптасуымен, жады қызметінің қажеттілігімен, қоршаған орта, әлемнің тілдік бейнесі, қабылдау мен пайымдау сияқты ұғымдармен үйлесімді ұштасқан тұжырымдары айқындалды. Ғалымдар антропология негіздерін әлеуметтік қалыптасумен, экстратанымдық дамумен байланыстыра келе, адам санасында жүзеге асып отыратын процестерді бүтіннің бөлшектері, динамикалы өсудің нәтижесі деп қарастыру қажеттігін дәлелдеді. «Ұжымдық жады - әділдікке негізделген шарттардың қайнар көзі. Соның арқасында жеке тұлғаларға тән жадының құрылымдық, ұстанымдық өзгешеліктері негізделіп, өзіндік құндылықтары сұрыпталады» [126; 61-б.],- деп зерттеуші О.Т.Лойко айқындағандай, адамды қоршаған дүние, орта – барлығы оның жеке тұлғалық болмысын, аксиологиялық танымын, рухани өрісін қалыптастырады. Әлеуметтік жадының функционалды-прагматикалық, ұлттық-мәдени, табиғи мінездемесін зерттеген автор жадыда сақтау мен ұмытудың өзін өмір мен қоғам қажеттілігінен туындайтын фактор деп қарастырды. Мәселен, ұмыту сөзінің орыс тіліндегі баламасына талдау жасағанда, О.Т.Лойко, ең алдымен, сол сөздің дыбысталу ерекшелігіне мән берді: «забыть» және «за-бытия» деген мағыналардың негізінде жатқан «болмыс» сөзі бұл құбылыстың тек уақыттық немесе мезгілдік көрсеткішін ғана емес, сонымен қатар сыртқа көрінбейтіндей, жасырын күйде сақталып отыратын ерекшелігін дәлелдейді деп тұжырымдады. Оны ғалым «жады мен естен шығарудың арасындағы дихотомиялы, яғни екі жақты әрекеттің көрінісі», «адам санасында сақталар ішкі қордың латентті не болмаса құпия дамуы» деп түсіндірді [126; 19-б.]. Автор генетикалық және әлеуметтік жадыларды өзара салыстыра отырып, екіншісін танымдық және тәжірибелік әрекеттер қоры деп қараған дұрыс деген қорытындыға келді. Адам жадында сақталар мәліметтер қазіргі, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің негізінде ғана емес, әр түрлі тарихи дәуірлер мен кезеңдердің үлгісінде көрініс тауып жинақталатындықтан, әлеуметтік жадының құрылымдық сипаттамасына ғалымдар қабылдауды, жасыруды, сақтауды, қолдану қажеттігіне орай сыртқа шығаруды жатқызып келді, сол себепті зерттеушілер жадының қоғамдық өзгешелігі деген мәселе шеңберінде символ мен метафора ұғымдарына да зер салды, оларды әлеуметтік жадының мазмұндық хабаршысы, танымдық сабақтастырғышы ретінде бағалады. Олар «Метафора салыстыруға негізделген құрал бола тұра, бұрыннан орныққан, бірақ әр кез қалыпты жағдайда қабылдана бермейтін қоршаған орта байланыстарын танудың көзі болып табылады, өйткені метафораланудың өзі адам болмысымен өлшенеді» [126; 156-б.],- деп тұжырымдады.

Тану мен қабылдау бір жағынан қоғамдық, екінші жағынан ұлттық-мәдени көрсеткіш болғандықтан, әлеуметтік танымның көкейтесті мәселелері қатарында ғалымдар «этос» ұғымына назар аударды. А.К.Бондарев «Этос» маңызды ғылыми және іскерлік тәжірибеде» атты мақаласында аталмыш терминнің қолданылу аясын салыстыра келе, оның қоғамдық, ұжымдық сана тұрғысынан зерттелу ерекшелігіне тоқталды. «Этос» - көне грек пәлсапасында танылған терминдердің бірі. Кезінде А.Лосев те бұл сөздің «мінез-құлық» деп аударылу өзгешелігіне назар аударған, ал антика эстетикасында әрі өнертану саласында ол «стиль», «ерекшелік», «индивидуалдылық» секілді мағыналарда қолданған... «Этос» ұғымының аясы кеңейе келе, ол адамның ішкі қадір-қасиетіне негізделген ұжымдық сананың құнды бөліктерін құрайтын құбылыс ретінде таныла басталды...» [127; 33-б.]. Сонда әлеуметтік тұрғыдан этос «белгілі бір мәдениеттің құндылықтары мен идеалдары» болып табылатынын ескерсек, қоғамдық сана мен танымды да сол мәдени-этникалық дамудың бір бөлігі ретінде қараған дұрыс. Демек, танымның әлеуметтік негіздері қоршаған әлемнің адамға әсер етуінен әрі жеке тұлғалардың сол дүниемен және бір-бірімен қарым-қатынас жасау өзгешеліктерінен туындайды. «Идеология дегеніміз – белгілі бір топтың яки саяси партияның өзі өмір сүрген қоғамның мүдделерін білдіретін саяси, праволық, моральдік, діни, көркемдік, философиялық көзқарастар жиынтығы» [128; 42-б.],- деп аталып көрсетілгендей, қоғам, әлеумет, халық, саясат, идеология секілді ұғымдар адамзат дамуына қажет шарттардың бірі болып табылады, сондықтан П.П.Гайденко танымның құнды және когнитивтік байланыстарын зерттеу, шын мәнінде, бұрыннан таныс сенім мен сана ұғымдарының сабақтастығын өлшеуге негізделетінін атап көрсетті [129; 235-б.].

Олай болса, әлеуметтану мен пәлсапа, психология мен лингвистика т.б. ғылымдардың нысанын құрайтын қарым-қатынас қоғамдық дамудың да ажырамас бөлшегін құрайды. Қазіргі танымдық теорияның негізінде жеке тұлғалық сананың субъектаралық және қатысымдық әрекеттері жататындықтан, кез келген адамды қоғамдық арақатынастар жемісі деп зерттеген дұрыс, сол себепті ғалым Р.Якобсон оның құрамды бөліктері ретінде әлеуметтік антропология, әлеуметтану және экономика салаларына зер салды. Нәтижесінде Л.А.Боброва мен Е.В.Фидченко әлеуметтік қатынастың типологиясын айқындайтын белгілер қатарында келесі мәселелерге зейін қойды:

  • субъектілердің мінез-құлықтары бойынша: субъектаралық, топаралық, мәдениаралық, жеке-топтық және т.б.;

  • қарым-қатынастың формалары негізінде: тілдік, бейвербалды, аралас

қарым-қатынастың жүзеге асу деңгейіне қарап: мәдени деңгейде, арнайы әлеуметтік-мәдени салалардағы тәжірибелік қолданыста т.б. [130; 33-б.].