Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.4.1 Тілдік интеграция мен дифференциация - танымдық даму нәтижесі

Ғалым К.Аханов А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов сынды ғалымдар негізін қалаған ғылыми саланы дамыта отырып, жалпы тілдік деректерді салыстыра-салғастыру арқылы құрылымдық универсалий яки интеграция, тілдік ерекшелік немесе дифференциация мәселелерін де жан-жақты талдап сипаттауды мақсат етті. «Тіл білімінің жалпы теориялық саласы болып саналатын жалпы тіл білімі, әдетте, бір ғана тілдің емес, көптеген тілдердің деректерін есепке алады, оларды ғылыми тұрғыдан зерттеудің нәтижелерін сүйеніш етеді және осылардың бәрін жинақтай келіп, жалпы теориялық топшылаулар мен қорытындылар жасайды» [2; 6-б.],- деп тұжырымдаған тілші жалпы тіл білімі ұстанымдарын маңызды тілдік мәселелерді шешудің өзегі әрі жеке лингвистиканың «дұрыс бағытта дамуының» басты шарты ретінде қарастырды, сол себепті оның құзырына енетін лингвистикалық проблемалардың аясын да кең көлемде зерделеді. «Жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның ойлаумен ара қатынасын, байланысын, адам баласы тілінің пайда болуын қарастырады, тілдің даму заңдарын айқындайды, тілді зерттеудің методтарын белгілейді» деп атап көрсеткен ғалым зерттеулерінде ерекше оқшауланып тұратын мәселелер жігін де, сондықтан, тілдің қоғаммен және адамның ойлау қабілетімен байланысы, адамның танымдық әрекетімен сабақтастығы, «жаратылыс тану мен қоғамдық ғылымдар» тоғысы, тілдік амалдардың деректік сипаты, олардың жасалу, даму өзгешелігі құрады. Алғашқы қазақ зерттеушілері аталмыш құбылыстардың өзара тоғысуына танымдық, философиялық тұрғыдан мән берсе, К.Аханов қорытындылары заман талабына сай ғылыми дәйектілігімен, теориялық негізділігімен оқшауланды. Осы орайда, тілші «Қазіргі заманда бір жағынан, ғылымның бұрын болмаған жаңа салалары жасалып, ғылымда дифференциация процесі жүріп жатса, екінші жағынан, екі немесе бірнеше ғылымның өз ара түйіскен жерінен сол ғылымдардың бәріне бірдей ортақ, бәріне бірдей қатысты проблемаларды бірлесе зерттейтін дербес ғылыми дисциплиналар жасалып, ғылымда интеграция процесі жүріп жатыр» [2; 8-б.] деген қағиданы ұстана отырып, оның себебін «материяның қозғалысымен», «шындық болмыстың әр басқа жақтарын зерттеу» [2; 8-б.] қажеттігімен пайымдады. Оған дәлел ретінде ғалымның «интеграция процесінің қарқынды жүру себебі: ...зерттелінетін предметтің сипатының өзгеруінен ғана емес, мұнымен бірге материя қозғалысының негізгі формаларының мәнісін, осы формалардың өз ара байланысын, бір-біріне тәуелділігін, бірімен-бірінің шарттастылығын ары қарай тереңірек танып білуден және шындық болмыстың дамуының бірқыдыру жалпы принциптері мен заңдылықтарын, мысалы, шарттылық принципін, информацияның сақталу принципін және т.б. ашып айқындаудан болып отыр» [2; 9-б.] деген тұжырымын келтіруге болады. Автор ғылымның жаңа сипатын қоршаған әлем заңдылықтарынан туындайтын нәтиже ретінде анықтау арқылы шындық болмыстың адамзат өмірінде, оның даму-өркендеу жолында атқарар қызметін, маңызды үлесін сұрыптады, соның негізінде «әлемдік бейне» мәселесіндегі ішкі-сыртқы факторлардың сабақтастығын саралауға мүмкіндік берді. Бүгінгі күні когнитивтік гештальт ұғымының негізін құрайтын «дүние тұтастығын.., оның салаларының, бөлшектерінің, әр түрлі жақтарының өз ара тығыз байланысын.., шарттас екендігін» [2; 10-б.] басшылыққа алған зерттеуші қазақ тіл біліміндегі танымдық ұстанымдардың өзіндік бағыт-бағдарын айқындауда аса құнды деректер мен тұжырымдар тізбегін ұсынды. «Адамның ойлауы тіл формасы түрінде іске асатын болғандықтан, философия адамның ойлау процесі, анығырақ айтқанда, өзін қоршаған дүниені адамның тану процесі тілде қалай көрінеді деген мәселені ескерусіз қалдыра алмайды» [2; 13-б.],- деп есептеген К.Аханов еңбегінің алғашқы бөлімдерін тілдің қоғамдық, логика-пәлсапалық, психологиялық негіздерін дәйектеуге арнай отырып, тілтанымдық қабылдаудың бірнеше сатыларын диалектикалық байланыста жүйелеп берді. Біріншіден, «Адамның ойлауы тіл арқылы материалдық жамылғышқа оранады да, объективті шындықты көрсетеді» деген қағидаға сүйену негізінде авторлық пайымдаудың алғашқы тобын «тіл мен ойлау» процесі қалыптастырды, себебі автор: «Сөйлем мен байымдаудың, олардың құрылымдық элементтерінің арасында сәйкестілік те, сәйкессіздік те ұшырасады. Субъект пен предикат сөйлем мүшелерімен салыстырылады, бірақ олармен теңестірілмейді. Сөйлем – байымдауда логикалық субъект пен предикаттың қатысынан көрінетін предикативтілік пен екі құрамды сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыштың қарым-қатысынан көрінетін және сөйлемнің мүшесі ретіндегі баяндауышты сипаттайтын синтаксистік категория – баяндауыштық бір емес. Предикативтіліктің баяндауыштан айырмасы сол, ол сөйлемнің шындық болмысқа қатысын сипаттайды, предикативтілік...бүтіндей сөйлемнің қасиеті болып саналады...» [2; 408-409-бб.],- дей отырып, екі құбылыстың бірлігімен ортақ тілдік заңдылықтарға назар аударды. Бұл ретте ғалым екі құбылысқа тән екі жақты ерекшелікке сипаттама берді, олар – биологиялық және әлеуметтік. «...тіл де, ойлау да – адам миының туындысы, соның жемісі; екіншіден, тіл де, ойлау да - әлеуметтік құбылыс, өйткені адамның өзі қоғамдық құбылыс болып саналады» [2; 44-б.],- деп тұжырымдаған тілші «адамға тән құбылыстардың» ортақ белгілері екеуінің бірлігін ғана емес, дүниені танудағы сабақтастығын да танытады деген пікірде болды. Ғалым «Ойлау мен тілдің диалектикалық байланысы тілдің танып-білуде (познание) атқаратын үлкен рөлін де айқындап белгілейді. Тіл біздің ойымызды жасап қалыптастырып қана қоймайды, сонымен бірге ол (тіл) адамдардың білу жұмысының табыстарын баянды етуге, адамдардың сан ғасыр бойындағы мол тәжірибесін сақтауға және оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді» [2; 49-б.],- деп атап көрсетіп, адамзат танымына тән «білім, тәжірибе, жады» сынды ұғымдардың арақатынасы мен өзара байланысын дәлелдеді. Оның айқын айғағы ретінде тілші «ойдың екі түрлі аспектісін» сөз етті және олардың әрқайсысына «мидың материалдық физиологиялық процестері» [2; 45-б.] мен «адам санасында сәулелену» [2; 48-б.] кезеңдері тұрғысынан тоқталды, сол себепті оның алғашқы формасын «ұғым, байымда» құраса, екінші түріне «қабылдау мен елестер образы» жатқызылды. Біздің ойымызша, бұл мәселелер авторлық қолданыстағы тілтанымдық зерделеудің келесі үлгілері ретінде қарастырылуға тиіс, өйткені олар «адам танымының нәтижелері» бола тұра, «тілдің көмегімен іске асатын» көрсеткіштер қатарын қамтамасыз етеді. Екіншіден, объективті шындықты саралайтын процестерге ұғым мен байымдау, олардың адам санасында көріну өзгешелігі жатқызылды. Тілдің қатысымдық қызметімен қатар, танымдық мақсатын да жоғары бағалаған К.Аханов тіл атаулының «ойлау формаларын белгілейтін материалдық құрал ретіндегі» функциясына ерекше зейін қойды, сондықтан «Тіл арқылы адам ойлайды, тіл шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, олардың сан алуан белгілері мен өз ара қатысының адам санасындағы бейнелері болып саналады» [2; 50-б.],- деп түйіндеді әрі оған дәлел ретінде ұғымның «адам санасында дыбыстардың белгілі бір комплексі – сөз арқылы жатталып қалатын» өзгешелігіне сипаттама берді. «Сөздің мазмұнын оның ұғымы, оның мағынасы жасайды да, сөздің формасын оның дыбыстық құрамы жасайды» ,-дей отырып, ғалым екеуінің айырмашылығын да назардан тыс қалдырмады, яғни сөз бен ұғым бірлігінен олардың байланысы ғана анықталады деген көзқарасты ұстанған автор «...кейбір ұғымдар жеке сөздермен емес, сөздердің тіркестерімен айтылады;..Бірнеше мағынаны білдіретін бір сөздің өзі әлденеше ұғымды білдіруі мүмкін. Сөз кейде ұғымды ғана емес, байымдауды да білдіруі мүмкін» [2; 51-б.] сынды ерекшеліктерді атап өтіп, ойлау мен тіл сабақтастығынан өрбитін байымдау табиғатын, оның сөйлеммен байланысын сөз етті. Сонымен «Байымдау (суждение) шындық дүниенің адам санасында бейнелену формасы ретінде қаралады, байымдаудың мазмұнының объективті сипаты болады. ..байымдаудың өзі – бір тұтас нәрсе. Байымдаудың әрбір бөлшегі өздігінен байымдауды жасай алмайды және оның бір бөлшегін екіншісінен бөліп айыруға да болмайды» деп анықталып, сөйлем оның «нақтылы өмір сүруінің формасы» ретінде түсіндірілді. Олай болса, ұғым да, байымдау да адам санасымен тығыз байланыста, ми жұмысының нәтижесінде, «нақтылы заттардан, құбылыстардан тыс өмір сүрмейтін жалпыны (общее) бейнелеу» [2; 48-б.] арқылы дүниеге келетіндіктен, авторлық тұжырымдаманың келесі үшінші сатысын, керісінше, түйсіктер, қабылдау мен елестер образы негізінде жасалатын «абстракті мазмұндағы» деректер жинақтады. Олар да «дүниедегі заттардың, құбылыстардың және олардың сапа, қасиеттерінің сезім мүшелеріне тікелей әсер етуінің нәтижесінен пайда болып», ұғымға қарағанда, өзгеше қабылдану, берілу, сезілу нормаларын қажет етеді. Мәселен, тілші «сөз мағынасы ұғыммен ғана ...емес, зат, құбылыс т.б. туралы елеспен де (представление) байланысты дейтін пікір бар» екенін ескерте келе, «Белгілі бір сөзбен байланысты тиісті бір зат жайында адамда елестің образы пайда болуы мүмкін. Бірақ мұның өзі нақтылы заттың образы түрінде болады да, ол сөзді айтқанда, сөйлеуші немесе тыңдаушы адамдардың әрқайсысында әр түрлі заттардың образы пайда болады. Елестің көрнекілік образы...бір адамнан екінші адамға тікелей тіл (сөз) арқылы беріле алмайды. Демек, сезім арқылы болатын көрнекілік образдар сөздер мен сөйлемдермен берілетін абстракті мазмұн арқылы пайда болады» [2; 49-б.] деген қорытындылар жасады. Алайда, дүние тұтастығын негізге алған ғалым абстракті және жалпылаушы ойлау мазмұндарын бір-бірінен бөлек емес, ажырамас бірлікте қарастырды және оларды «шындықтың бейнеленуінің нәтижесі, қозғалатын материяның әр түрлі формаларының нәтижесі» [2; 48-б.],- деп бағалады.

Төртіншіден, авторлық зерттеудің маңызды бөлігін «материалдық тілдік жамылғышқа ену» арқылы сұрыпталатын адамның «іштей сөйлеу» (внутренняя речь) заңдылықтары дәйектеді, өйткені Л.С.Выготскийдің айтуына қарағанда, «ішкі сөйлеу психологиялық табиғаты ерекше құрылымнан басталып, күрделі қатысымдық қабілетімен көзге түсер сөйлесім әрекетінің бірден бір бөлігін құрайтындықтан» [43], ол өзгелерге бағытталған сыртқы сөйлеуге қарағанда, адамның өзіне ғана арналып, ішкі танымдық фактордың жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Осыған орай, «Жүргізілген эксперименттер адамда іштей сөйлеу болатындығын айқындағанын» [2; 54-б.] ескерте келе, тілші психологиялық негізде тілтанымдық зерделеудің өзіндік белгілеріне тоқталды. Бұл ретте ол И.П.Павловтың «екінші сигнал жүйесі туралы іліміне» [2; 55-б.] ден қойып, «материалдық физиологиялық процестердің» өзара әсерін, «миға барып жететін кинэстезикалық тітіркенулер» табиғатын, И.М.Сеченовтың адамға тән өзімен-өзі ойлану үдерісіне берген анықтамасын басшылыққа алды (ІІІ-тарауды қараңыз).

Бесіншіден, К.Аханов тілдің таңбалық, құрылымдық жүйесі де өзгеше танымдық процесті құрайды деп есептеді. «Тілдің таңбалық табиғаты сөз болғанда, бүтіндей тілдің және оның элементтерінің (морфема мен сөздің, сөз тіркесі мен сөйлемнің) объективті болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы және олармен жанама түрде байланысу дәрежесі ескеріледі. Тілдік единицалардың таңбалық қызметіне олардың (тілдік единицалардың) адамның танып білу әрекетінің нәтижелерін жалпылап білдіру қасиеті мен адамның қоғамдық-тарихи тәжірибелерінің қорытындыларын (жиынтығын) тіркеу және сақтау қасиеті енеді» [2; 58-б.] деген маңызды тұжырым жасай отырып, ғалым тілдік бірліктердің адамның танымдық әрекетімен байланысар мүмкіндіктерін әрі соның салдарынан пайда болатын өзге де когнитивтік ұғымдар тізбегін ғылыми ізденісіне арқау етті, сол арқылы ғылымаралық сабақтастықты, «тілдің ойлаумен, танымның логикасымен және механизмімен тікелей байланысын, адам баласы тілінің объективті дүниенің көп түрлі сипатының күллісін белгілеудің универсалды жүйесі ретінде қызмет ететін ерекше қасиетін» [44] тілдің таңбалық сипатымен, лингвистиканың басқа салалармен тоғысар ерекшелігімен түсіндірді. Еңбекте тіл атаулыға тән құрылымдық-жүйелік сипат та оның зерттелетін «объектіні тұтас күйінде танып білуге мүмкіндік тудыратын» [2; 62-б.] қызметімен анықталды. Зерттеуші «Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын» [2; 67-б.] деген қағидаға сүйене келе, тілдік бірліктердің құрылымдық деңгейлеріне, олардың тығыз байланысқа түсер сатылы қарым-қатынасына мән берді. Жекеленген элементтер арасында сақталатын заңдылықтарға, олардың «бірлікте өмір сүрер» [2; 65-б.] ережелеріне сипаттама берумен қатар, К.Аханов сөзден басталып, сөйлеммен, мәтінмен жалғасар единицалардың «ойды материалдық-тілдік қалыпқа енгізер» қабілеттерін де назардан тыс қалдырмады, керісінше, бұл тілдік өзгешелікті адамдардың «пікір алысуына мүмкіндік беретін» [2; 272-б.] табиғи даралық деп таныды.

Қорыта келгенде, қазақ тіл білімінде тілтанымдық бағыттың өзектелуіне, оның теориялық негізде әрі жалпы лингвистикалық қағидаларды ескере қалыптасуына түрткі болған аталмыш зерттеу, шын мәнінде, адамзат тілі мен қоршаған дүние заңдылықтарын сабақтастырған, олардың ажырамас бірлігін, бір-біріне тәуелділігін «сана», «болмыс» ұғымдарымен дәйектеген еңбектердің бірі болып табылады, сондықтан «Адам санасында шындық өмірдің бейнеленуі тілсіз іске асуы мүмкін емес. Тіл біздің ойымызды білдіре және баянды ете отырып, бізді қоршаған шындық өмір жайындағы білімімізді сақтаушы болып есептеледі» [2; 50-б.] деп тұжырымдаған ғалым қаламынан туған бұл жұмыс қазақ тілтанымының жаңа белесін құрай отырып, жаңа кезеңін бастауға мүмкіндік берді. Бұдан былай жалпы теориялық ұстанымдар тілдік ізденістердің маңызды бағыты ретінде тұрақталып, ғылымаралық байланыс қарқынды даму жолына түсті. Оны автордың әлеуметтік, психологиялық және этнографиялық таным мәселелерін тілдік деректерге арқау ете отырып жасаған тұжырымдары мен топшылаулары айғақтайды, өйткені «Бізді қоршаған дүние және оның заңдары адам санасынан тыс және оған тәуелсіз өмір сүреді, адам оны еңбек процесінде таниды және пайдаланады...Объективті шындықта болған нәрсенің, танылғанның бәрі де тілде белгіленеді» [2; 13-б.].