Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.5 Қазақ лингвистикасындағы тілтанымдық «этюдтер» парадигмасы

ХХ ғасырдың бас кезінен бастап дүниеге келген тіл туралы жалпы ұстанымдар бүгінгі күні қазақ тіл білімінің маңызды салаларын қалыптастырып, тың лингвистикалық ізденістер мен зерттеулердің жүргізілуіне мүмкіндік беріп отыр. Әлемдік тұжырымдармен сабақтаса, оларды жан-жақты дәйектей әрі өзіндік үрдіспен дәлелдей дамып келе жатқан қазақ «тілтану» жүйесі тіл ғылымын соны пікірлермен, адамзат тіліне әсер етер экстратанымдық деректермен толықтыру үстінде. Тіл пішін мен мазмұн бірлігінен тұратын тілдік құралдардың жиынтығынан, олардың өзара байланысу ерекшелігінен құралған күрделі де универсалды құбылыс болғандықтан, ғалымдар оның құрылымдық-жүйелік өзгешелігін жеке салалық және салааралық зерттеулерге арқау етуде. Ғылым нысанын адам баласының тілі құрайтындықтан әрі лингвистика қоғамдық ғылымдармен де, психофизиология мәселелерімен де, логика-философия заңдылықтарымен де, тарих-этнография деректерімен де сабақтаса дамитындықтан, тілдің шығу тегін, табиғатын, қызметін саралау мақсатында тілшілер адам, ойлау, таным, халық, қоғам сияқты ұғымдардың мән-мағынасына көңіл бөліп келеді. «Қоғам өмірімен етене қабысқан тіл – сөйлеу тәжірибесі, оның лексикасы сол қоғамның тыныс-тіршілігіне орай әр алуан тематикалық серияларға бөлініп, бірқатарының мағыналары өзгеріп, енді бірсыпырасы тұрақталып, терминденіп жатады. Қысқасы, лексиканың белгілі бір топтары сол қоғамның сол дәуірдегі мазмұн-мәнін көрсететіндей дәрежеде қызмет етеді» [48; 141-б.],- деп ғалым Р.Сыздық атап көрсеткендей, тілдің дамуы тек оның ішкі мүмкіндігі арқылы ғана емес, оған сырттан әсер етуші өзге фактілердің ықпалымен де айқындалатындықтан, аталған ұғымдардың бірлікте зерттелуі бүгінгі тілтанымдық ұстанымдардың соны бағыттарын анықтауға мүмкіндік берері даусыз.

Тіл теориясының тарихи тұжырымдары мен құрылымдық заңдылықтарын басшылыққа ала әрі пәнаралық байланысқа зер сала дамып отырған жалпы тілдік қағидалар желісін қазақ тіл білімінде негізгі 5 арнада қарастыруға болады:

  • тіл және қоғам, әлеуметтік дамудың тілдік бірліктер мен ережелерге әсері - әлеуметтік лингвистика мәселелері;

  • тіл және ойлау, адам ойының тіл арқылы көрініс табуы, тілдің эмоционалды-экспрессивтік ерекшелігі – психолингвистика мәселелері;

  • «этнос болмысы» және «тіл әлемі» - этнолингвистика мәселелері;

  • тіл мен мәдениет ұғымдарының сабақтастығы – лингвистикалық мәдениеттану негіздері;

  • тілдің танымдық қызметі – когнитивті лингвистика ұстанымдары.

“Көпшілік назарын өзіне аударған Қазақстандық лингвистиканың өзекті мәселелері қатарында әр түрлі бағыттардың әдістемелік және онтологиялық негіздерін пайымдап түсіну, соның ішінде әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика секілді интегралды салаларға, ат қою теориясына, когнитивті лингвистика, лингвосемиотика, лингвистикалық семантика, сөйлеу актілерінің теориясы мен мәдениаралық қатынас проблемаларына және т.б. көңіл бөлу аталып келеді” [49; 5-б.],- деп тілші Э.Д.Сүлейменова атап көрсеткендей, қазақстандық тіл ғылымы лингвистиканың маңызды проблемаларын шешуге зор үлес қоса отырып, тіл білімін жеке дара емес, өзге ғылымдармен тоғысқан бірлікте қарастыру арқылы таза формалық тұжырымдармен қатар, тілге пәлсапалық, логикалық, танымдық сипаттама беру мүмкіндіктерін де қарастырды. Демек, бұл кезде тілдің қатысымдық қызметімен қатар оның аккумулятивті негізін немесе алуан түрлі мәліметтер мен деректерді жинақтайтын, қоғамдық тәжірибелер мен білім-ғылым қорларын құрайтын өзгешелігін сұрыптау қажеттілігі ерекше өзектеле бастады. Соның арқасында тілді материалдық әрі рухани мәдениетті қалыптастырушы құрал ретінде жан-жақты зерттеу принциптері дүниеге келді. Әр ұрпақ өзіне жеткен мұраны толықтырып, нығайту негізінде тілдің уақыт пен заман талабына сай келетін қоғам, ғылым, мәдениет, өндіріс қажеттіліктерін өтер қабілетін де назардан тыс қалдырмайтындықтан, ғалымдар тілді қоғамдық құбылыс ретінде, ал тіл білімін қоғамдық ғылым ретінде қарастыру керектігін дәлелдей түсті. «Қазір ақпараттар заманы, ақпараттық қоғам өмірде жаңа үрдістерге жол ашты, шешендіктің жаңа түрін туғызды. Қазіргі шешендіктің басты міндеті – ұлттың рухани мәдениетін бойына сіңірген, қоғамдағы өзгерістерді ақыл-ой зердесінен өткізіп, ой қорытындысын жасай білетін, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, көпшілік алдына шығып шешіліп сөйлеп, өз пікірін саналы қорғай餙алатын, жұртшылыққа ой тастап, іске жұмылдыра алатын қабілетті адамдарды қалыптастыру» [50; 4-б.] болып табылатындықтан, тілдің қоғамдық-әлеуметтік принциптерін анықтау, адам ойының әрекеті, үздіксіз тануы мен пайымдауының келбеті іспеттес психофизиологиялық, пәлсапалық өлшемдерін қалыптастыру қазіргі лингвистикалық ізденістердің өзгеше лебін құрау үстінде, сондықтан адам мен қоғам ұғымдарынан туындайтын, олардың өмір сүру, әрекет ету тәсілі болып табылатын тіл лингвистердің еңбектерінде, ең алдымен, қоғамдық фактор ретінде және оның маңызды құрамды бөлшегі есебінде әрі халықтық танымның ажырамас белгісі ретінде пайымдалып талданды. Сөйтіп, дәстүрлі жолдың жалғасын құраған бұл зерттеулер заман талабына сай жаңарып та, жаңғырып та отырғандықтан, маңызды да өзекті тұжырымдамаларды таза когнитивті түйіндерден гөрі, тілтанымдық «этюдтер» қатарында зерделеген дұрыс деп қорытындыладық, өйткені ғалым Ә.Қайдардың айтуына қарағанда, «этюд» дегеніміздің өзі «түсініктемелер, анықтамалар, мағлұматтар, топшылаулар» [36; 27-б.] тізбегі болып табылады. Басқаша айтқанда, тіл мен таным байланысын өз тұжырымдарына арқау ете отырып, аталмыш кезең зерттеушілері қазақ тіл білімінде когнитивті ізденістердің өзектелуіне, танымдық ұғымдардың ғылыми айналымға енуіне және тілтанымдық деректердің жан-жақты зерделенуіне көп үлес қосты. Осыған орай, қазіргі қазақ тіл ғылымының жан-жақты дамуын, теориялық негізде өркендеп өсуін қамтамасыз етіп отырған ғалымдардың еңбектеріне мән беру аса қажет. Ол үшін тілтанымдық ізденістердің негізгі теориялық тұжырымдарын айқындап алған дұрыс. Ондай мәселелер қатарын:

  • Лексикалық бірліктер – таным көрсеткіші;

  • Тілдік норма – танымдық заңдылық;

  • Тілдік қор – танымдық жады қызметінің нәтижесі;

  • Тілдегі тәжірибе мен таным бірлігі – лингвистикалық мәселе

деген түйіндер уәждеді.