Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

Қорытынды

Тіл ғылымы адамзат өркениеті қол жеткізген аса құнды да маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады, өйткені адам болмысымен, оның психофизиологиялық табиғатымен, әлеуметтік дамуымен, халықтық-мәдени өсуімен тығыз байланыс құраған әрі бүгінгі күні кең өріспен өзектеліп келе жатқан аталмыш сала пәнаралық сабақтастықтың нығаюына, жаңа теориялық ұстанымдардың дәйектелуіне және жалпы интеграция мен дифференциация мәселелерінің жан-жақты зерделенуіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Адам және әлем, қоғам және халық сынды ұғымдық тіркестерді басшылыққа алған лингвистика алғашқы күннен бастап жалпы адамзат тілінің өзгешелігіне, әлеумет өмірінде атқарар қызметіне ерекше зейін қойды, сол арқылы тілді адамның өзге әрекетінің өзегі, барша табиғи құбылыстар мен қоршаған дүние заттарының айғақталу кілті деп тануға тырысты. Осыған орай, тіл білімінің негізгі бағытын екі түрлі зерттеу нысаны белгіледі, олар - жалпы және жеке тілдер, олардың қалыптасу, даму сипаты. Бұл екі арнаның бірін-бірі толықтырар бірлігі бірінші тараудың мақсат-міндетін саралады, себебі жалпы мен жалқының арасындағы логикалық байланыс тіл ғылымындағы ортақ белгілерді, ұқсас заңдылықтарды түсінуге әрі түсіндіруге көмектесті. Аталған мәселелердің барлығы қазақ тіл біліміндегі танымдық үдерістің өзектелу себебі мен салдарын жүйелеуге, антропоцентристік қағидаларды лингвистикалық ілімдерге арқау етуге, логика-пәлсапалық амал-тәсілдерді ұтымды пайдалануға және дәстүрлі тіл ғылымының жетістіктерін жаңа негізде тұжырымдауға септігін тигізді; соның арқасында қазақ тіл білімінің тарихи фактілері мен қазіргі дерекнамалары арқылы тілтаным теориясының хронологиялық және теориялық өсу ерекшелігі сипатталып, тың талдауларға жол ашылды. «...қазақ тілін тек коммуникативтік-қатынас құралы деп қана танымай, ұлттық рухты, ұлттық сананы ұялататын, табиғат пен адамзат дүниесінің әсемдігін танытатын коммуникативтік-идеологиялық-эстетикалық құрал деп қарау керек, ол үшін қазақ тілін әдеби нормалары орныққан, сөз қазынасы өте бай, грамматикалық құрылымы жетілген, экспрессиялық-эмоциялық қарымы күшті, әсерлі, құлаққа жағымды, сындарлы тіл етіп жұмсауымыз керек, дамытуымыз керек, күресуіміз керек» [148; 17-б.],- деп белгілі ғалым Р.Сыздық атап өткендей, қазақ тілінің ішкі және сыртқы мүмкіндігі оның қоғамдағы қызметімен, әлеуметтік дәрежесімен, этникалық құндылығымен, эволюциялық дамуымен айғақталары хақ. Оны өзге салалармен қатар, тілтаным ғылымының диахронды-синхронды сипаты, тұжырымдамалық негізі (8-суретті қараңыз), теориялық ұстанымдары мен жіктемелік белгілері, ұғымдық бірліктері дәлелдейді. Қазіргі когнитивтік зерттеулердің бастамасын құрайтын қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық тұжырымдардың терең мағыналы сипаты, зор тәжірибелік қоры, сарқылмас білімге негізделген қазынасы, идеялық тұтастығы мен теориялық мәнділігі оларды кешенді түрде ғылыми салаға топтауға мүмкіндік берді. Осы мақсатта тілтанымдық кезеңдердің өзіндік ерекшеліктерін, қалыптастырушы алғышарттарын зерделеу арқылы қазақ лингвистикасындағы когнитивтік парадигманың даму сипаты дәйектелді. «Тіл тану» ұғымының ғылыми қолданысқа енуі А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов сынды ғалымдардың еңбектері негізінде жүзеге асқандықтан, алғашқы лингвистикалық зерттеулердің ғылыми деңгейін, терминдік жүйесін айқындау барысында сол кездегі әлеуметтік және тілдік жағдайлар, ғылыми мектептің даму бағыты ескерілді. Ол үшін Ш.Сарыбаевтың библиографиялық көрсеткіші қолданылды [245; 246; 247]. Сөйтіп, әр жұмыстың әлемдік деңгейдегі өзіндік құндылығы сұрыпталып, дәстүр мен жаңашылдықтың үлгісін құраған теориялық тұжырымдардың қалыптасу, даму сипаты, ең алдымен, объективті және субъективті факторлардың әсерімен айқындалды.

«Бүгінгі күні тіл білімінде этно-мәдени-тілдік процестерді зерттейтін сан алуан пәндер айқындалғанымен, олардың шекараларын шектеп көрсету қиындық тудырады, өйткені олардың нысаны біреу-ақ...» [224; 7-б.],- деп аталып көрсетілгендей, лингвистикалық салалардың ұзаққа созылған қалыптасу тарихы мен өзгеше нысаны, тілдің адамзат өмірінде атқарар қызметі мен маңыздылығы оның танымдық функциясын да антропологиялық ұстанымнан бастау алатын ерекшелік деп зерделеуге мүмкіндік берді. Осыған орай, тілтанымдық дереккөздер мазмұны мен сипатына қарай әрі өзге тілдік салалармен байланысу өзгешелігі негізінде маңызды әдіснамалық белгілермен сипатталды. Танымның күрделі табиғаты мен адамзат өмірінде алар орны оның болмысын кеңінен талдауға мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар өзге құбылыстармен сабақтасу ерекшеліктерін қарастыруға да септігін тигізері сөзсіз, сол себепті бұл байланыстардың көзін адамның тіршілік ету нормалары мен рухани дамуының негіздері құрайтын әлеуметтік, психологиялық, халықтық және мәдени бағыттарды қамтыған фактілер құрады. Оның себебін, біріншіден, қазақ халқының этнотанымдық өрісі мен дүниетанымы құраса; екіншіден, қазақ тілінің өзіндік сипаты мен сөздік қорына негізделген шешендік өнері мен әдеби дәстүрі айқындады. Үшінші кезекте, жеке тіл білімінің дамуына әсер еткен жалпы тілдік заңдылықтар мен қағидалардың үлесіне жете мән берілді.

Қорыта келгенде, қазақ тілтаным ғылымының қалыптасуын түсіндіру үшін, жалпы танымдық және тілтанымдық процестердің себебін анықтап алған дұрыс. Ол үшін төмендегідей мәселелерді нақтылау қажет. Біріншіден, адамның физиологиялық табиғаты оның сөйлеу ерекшелігін ішкі қасиеттерімен сабақтастыра білудің ең басты алғышартын құрайтындықтан, адамдардың қарым-қатынасы сөйлеу аппаратымен қатар, олардың көру, есту, иіс сезу мүмкіндіктерінің жүзеге асу амалдарын зерделеуге түрткі болатындығын есте сақтау керек. Екіншіден, адам баласына тән субъективті қабілеттер мен психологиялық мінез-құлықтар танымдық процестің сатылы дамуын уәждей отырып, оның тілдік құралдар арқылы көрініс табуын айқындай алатындығын да ұмытпаған абзал. Бұл жағдайда адамның қабылдау, елестету, ойлау, сұрыптау, пайымдау, қорытындылау, тұжырымдау әрекеттері көмекке келеді. Үшіншіден, табиғи факторлармен қатар жүретін және адамның жан-жақты өсуіне әсер ететін объективті факторларды да ескеру керектігі даусыз. Олардың өзін іштей үш арнаға бөліп қарастырған орынды: а) қоршаған әлем құбылыстары мен заттарының адам санасына ықпалы негізінде; ә) әлеуметтік орта арқылы жеке тұлғалардың қалыптасуы тұрғысынан; б) ұлттық құндылықтар мен мәдени нормалардың әсер ету сипатына сүйене отырып. Төртіншіден, аталған мәселелер арқылы сана, жады, зейін, зерде қызметтерінің белсенділігін бағалай білу қажеттігі де дау тудырмайды. Бесіншіден, тілтанымдық зерттеудің маңызды сатысын өмірлік тәжірибе мен жинақталған білім қоры қамтамасыз ете алатындығына да өзгеше ықыласпен қарау қажет.

Осыған орай, қазақ лингвистикасындағы когнитивтік парадигманың қалыптасу, даму сипаты мен ғылыми негізде дәйектелуі төмендегідей түйіндер жасауға мүмкіндік береді:

  1. Адам және әлем, қоғам және халық сынды ұғымдық тіркестерді басшылыққа алған лингвистика алғашқы күннен бастап жалпы адамзат тілінің өзгешелігіне, әлеумет өмірінде атқарар қызметіне ерекше зейін қойды, сол арқылы тілді адамның өзге әрекетінің өзегі, барша табиғи құбылыстар мен қоршаған дүние заттарының айғақталу кілті деп тануға тырысты.

  2. Тіл білімінің негізгі бағытын екі түрлі зерттеу нысаны белгіледі, олар - жалпы және жеке тілдер, олардың қалыптасу, даму сипаты. Бұл екі арнаның бірін-бірі толықтырар бірлігі бірінші тараудың мақсат-міндетін саралады, себебі жалпы мен жалқының арасындағы логикалық байланыс қазақ тіл біліміндегі танымдық үдерістің өзектелу себебі мен салдарын жүйелеуге, антропоцентристік қағидаттарды лингвистикалық ілімдерге арқау етуге, логика-пәлсапалық амал-тәсілдерді ұтымды пайдалануға және дәстүрлі тіл ғылымының жетістіктерін жаңа негізде тұжырымдауға септігін тигізді.

  3. Қазақ тіл білімінің тарихи фактілері мен қазіргі дерекнамалары арқылы тілтаным теориясының хронологиялық және теориялық өсу ерекшелігі сипатталып, тың талдауларға жол ашылды.

  4. Тілтаным ғылымының диахронды-синхронды сипаты, теориялық ұстанымдары мен жіктемелік белгілері, ұғымдық бірліктері, қазіргі когнитивтік зерттеулердің бастамасын құрайтын қазақ тіл біліміндегі тілтанымдық тұжырымдардың терең мағыналы сипаты, зор тәжірибелік қоры, сарқылмас білімге негізделген қазынасы, идеялық тұтастығы мен теориялық мәнділігі оларды кешенді түрде ғылыми салаға топтауға мүмкіндік берді.

  5. Лингвистикалық салалардың ұзаққа созылған қалыптасу тарихы мен өзгеше нысаны, тілдің адамзат өмірінде атқарар қызметі мен маңыздылығы оның танымдық функциясын да антропологиялық ұстанымнан бастау алатын ерекшелік деп зерделеуге мүмкіндік береді. Осыған орай, тілтанымдық дереккөздерін құрайтын тұжырымдар да мазмұны мен сипатына қарай әрі өзге тілдік салалармен байланысу өзгешелігі әдіснамалық негізде бірнеше белгілермен сипатталды.

  6. Тіл мен танымның арақатынасына ғылыми-теориялық негізде анықтама беріліп, когнитивтік лингвистика ғылымының даму ерекшелігі лингвистикалық сараптамадан өткізілді. Тілтаным ұғымының мағыналық, идеялық және құрылымдық сипатын анықтау қажеттілігі ескеріліп, жаңа тілдік бағыттың дамуына жағдай жасалды.

  7. Әлемдік лингвистикада кеңінен қолданыс тапқан «тілдік универсалий» мәселесі, оның қалыптасуына әсер еткен факторлар мен жіктемелік белгілер генеологиялық, типологиялық және ареалды факторлармен айғақталып, «танымдық» және «тілтанымдық универсалий» терминдерінің өзіндік белгілері анықталып, олардың қажеттігі дәлелденді. Жалпы тіл атаулыға тән ортақ белгілер танымдық құбылыстың да универсалды болмысын бағдарлауға, адам өмірі мен тіршілігіндегі өзіндік орнын бағалай білуге әсер етті.

  8. «Танымның» ұғымдық өрісі пәлсапалық, психологиялық, әлеуметтік ұстанымдармен байланыстырыла пайымдалып, алғаш рет «танымдық универсалий» тіркесі қолданылды және оның дүниеге келуін дәйектейтін факторлар қатарында антропологиялық, аксиологиялық және аялық мәселелерге назар аудару ұсынылды. «Тілтанымдық универсалий» мәселелерінің көкжиегі нақтыланып, тілдік әрі танымдық универсалий ұстанымдарының тоғысуы тың факторлардың [антропо-типологиялық, аксио-генеологиялық, ареалды-аялық] өзектелуіне ықпал етті.

  9. Қазақ лингвистикасындағы тілтаным теориясы қоршаған ортаның адам санасында сөз арқылы бейнеленуін дәйектей отырып, жеке тұлғаның психикалық және әлеуметтік күй-жайын білдірер өзгешеліктерден құралатын, оларды ғылымдар тоғысы негізінде талдап зерттейтін әрі басты тұжырымдарын тілдік және танымдық универсалий факторларымен сабақтастыратын, диалектикалық, дедуктивті-индуктивті, сонымен қатар антропологиялық ұстанымдарды да жан-жақты қамтитын, ғылыми негізі айқындалған біртұтас күрделі жүйе деп танылды.