Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

3 Тіл біліміндегі таным теориясының универсалды сипаты

3.1 Тілдік универсалий мен таным сабақтастығы

Лингвистика адамзат тілінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін, өзге құбылыстармен сабақтасар белгілері мен амал-тәсілдерін, мағыналық болмысы мен ұғымдық аясын, қоғамда атқарар қызметі мен әлемдік өркениетке қосар үлесін жан-жақты зерделеуге бағытталады. Тіл білімінің ғылыми түрде қалыптасуы мен теориялық негізде дамуы адамдық фактордың өзектелуімен, әлеуметтік және психологиялық жүйелердің ықпал етуімен, халықтық әрі мәдени құндылықтардың маңызды сатыға көтерілуімен тығыз байланысты. Кезінде С.Аманжолов «...тіл ғылымының өзінің тарихы дегенімізге ескі грек, индия оқымыстыларынан бастап, европа оқымыстылары мен біздің совет оқымыстыларының тіл мәселесін зерттеулері кіреді» [10; 48-б.],- деген еді, яғни тіл ғылымының пайда болу тарихы өз бастауын ежелгі дәуірдегі Үнді, Қытай, Грек, Рим ойшылдарының еңбектерінен ала отырып, сан мыңдаған ғасырларға созылған қалыптасу, өрлеу кезеңдерін басынан өткізді. Алғашында пәлсапаның бір тармағы ретінде дүниеге келген бұл ғылым кейіннен нысаны, әдіс-тәсілдері бөлек, өз алдына дербес құрылымдық жүйесі орныққан салаға айналды, сондықтан сан алуан пікірталастар, көзқарас қайшылықтары негізінде дамыған лингвистика тарихындағы әр кезеңнің өзіндік орны, тіл ғылымының дамуына қосар үлесі ерекше айқындалуға тиіс. «Кез келген пәннің тарихы өткен жолдың, кезінде қол жеткізген жетістіктер мен жіберілген кемшіліктердің куәгері ғана емес, болашақ бағыттар мен ізденістердің, қайталанбас қателіктердің айғағы болып табылады» [160; 8-б.] деген А.И.Кононов сөздері де соған дәлел. Тарих беттері кешегі соқпақтардың, ертеңгі мақсат-мүдденің көрсеткішін құрайтындықтан, тіл ғылымының диахронды аспектісі, біріншіден, тіл мен оның табиғаты, қызметі туралы зерттеулерді сұрыптауға мүмкіндік берсе; екіншіден, өзге ғылымдар қатарында ұғымдық аясы, зерттеу нысаны, ұстаным-ережелері айқындалған жаңа ілімнің алғашқы нұсқаларымен танысуға әрі тілтанымдық ізденістердің бағыт-бағдарын жүйелеп талдауға да жол ашылды; үшіншіден, уақыт талабына сай дамып келе жатқан тіл туралы ғылымның ішкі салаларын, олардың бірліктері мен байланысу заңдылықтарын зерделеуде жаңа амал-тәсілдер айқындалып, нәтижесінде тілдік фактілердің аясын кеңейтіп қарастырытын маңызды ғылыми бағыттардың дүниеге келуіне жағдай жасалды. Осыған орай, адамзат тарихындағы Көне дәуір, Орта ғасыр, Қайта өрлеу кезеңі, ХУІІІ, ХІХ, ХХ ғасырлар адамзат қауымының ортақтасқан өрлеуінің, мәдени-ғылыми өркендеуінің ғана емес, жаратылысы мен қызметі өзгеше тіл атаулының да зерттелу белестерін құрады.

Ғылыми таным, дәстүр, сабақтастық секілді мәселелер байланысы негізінде жинақталған тіл білімі адамзат болмысымен ұштаса, өмірімен тоғыса дамитындықтан, оның басты заңдылықтары да жеке тұлғалардың физио-анатомиялық, психологиялық белгілерін зерделеу арқылы әрі жалпыадамзаттық құндылықтардың қоғамдық-әлеуметтік, ұлттық-мәдени өзгешеліктерін жүйелеу негізінде қалыптасары сөзсіз. Оны тіл білімінің бүгінгі даму сипаты дәйектей алады, өйткені қазіргі ғылым немесе синхронды лингвистика яки сипаттама тіл білімі қоршаған әлемнің, оның құбылыстары мен заттарының тығыз байланысын айғақтайтын пәнаралық ұстанымдарға сүйене келе, тілді адамзат жаратылысының аса күрделі құралдарының бірі деп таныды. Жаңа теориялық тұжырымдардың өзектелуі «Тіл арқылы адамдардың барлық функционалды ерекшеліктері жүзеге асады, тіл арқылы оның өзгеше табиғи бітімі сомдалады» деген пікірлерді басшылыққа алған қазіргі қазақ тіл білімінде де маңызды мәселелердің зерттелуіне, тың фактілер арқылы тілдік деректердің өзгеше сипатта саралануына себепкер болды. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниядағы адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді» [16; 446-б.] деген А.Байтұрсынұлының ой түйіні де соны айғақтайды. Тарихи өсуін ХХ-ғасырдың басынан бастаған қазақ лингвистикасында антропоцентристік қағидалардан өрбіген экстратанымдық мәселелерді зерттеу кезеңі, яғни тілді адам әрекетімен, оның табиғи жаратылысымен байланыстыру бағыты ерте кезден-ақ қолға алынғандықтан, жалпы тілдік теориялардың дамуын да сол кезеңдегі ғылыми зерттеулердің мақсат-мүддесімен дәйектеп көрсетуге болады.

Зерттеуші А.Е.Кибрик: «Тіл – лингвистиканың негізгі нысаны. Оның астарында, ең алдымен, адамдардың шығу тегі мен өмір сүру заңдылықтарынан туындайтын әрі солармен тығыз байланыс құрайтын адамзаттың табиғи тілі қарастырылады...» [161; 9-б.] деу арқылы бұл бағыттың бүгінгі күні қаншалықты маңызды әрі қажет екендігін дәлелдеп отыр. Тілдің табиғатын зерттеу адамзат болмысының даму өзгешелігін анықтаумен қатар жүретін лингвистикалық проблема деп есептелетіндіктен, қазіргі тіл білімінің негізгі мақсатын тілді антропологиялық таным тұрғысынан зерделеу, оның жалпыадамзаттық эволюция, аксиологиялық құндылық секілді ұғымдармен сабақтастығына жете мән беру сияқты міндеттер арқылы шешу көзделіп келеді. Осы орайда, басты үш ұғымның арақатынасын анықтап алған дұрыс. Олар:

  • тілдік универсалий мен оны дамытушы факторлар; тілдік ұқсастықтардың таралу сипаты мен өзгешеліктері;

  • танымдық универсалий мен оны қалыптастырушы факторлардың сабақтастығы; танымның жалпыадамзаттық белгілері;

  • тілтанымдық универсалийдің өзектелу себептері; тіл мен таным қарым-қатынасының универсалды табиғаты.

Аталған тілдік мәселелердің әрқайсысы, ең алдымен, адамзат тілінің даму ұстанымдарына сүйенетіндіктен, кез келген талдаудың жалпы эволюция заңдылықтарымен, диалектика және динамика қағидаларымен әрі логика-философиялық ұғымдармен байланыстылығын ескерген жөн. Қазіргі лингвистикалық ізденістердің ерекшелігін құрайтын бұл фактілер, бір жағынан, ғылымаралық үдерісті қажет етсе; екінші жағынан, кешенді әдіснамалық амалдарды өзектеп отыр. Аталмыш еңбекте де қазақ тілтанымының теориялық қалыптасуы пәлсапалық, мәдени-әлеуметтік, психологиялық ұстанымдардың бірлігі арқылы айқындалып, тілдік деректер ғылыми-теориялық негізде танымдық қабылдау тұрғысынан зерделенді.

Лингвистика зерттеу нысанына қарай жеке және жалпы тіл білімдерінің сабақтастығына құрылған деп алдыңғы тарауларда ескертілгендей, жалпы мен жалқының байланысы қазіргі зерттеулердің өзегіне айналып отыр. Жеке тіл білімі - бір тілдің құрылымдық, ұлттық-мәдени, әлеуметтік-құқықтық нормаларын сипаттай отырып, оның бір немесе бірнеше халықтар үшін маңыздылығын анықтауға бағытталса; жалпы тіл білімі – барлық тілдерге ортақ болатын қалыптасу, даму принциптерін сұрыптауға негізделеді. Жеке тіл білімінің дамуы арқылы, салыстырмалы-тарихи зерттеулерге сүйене қалыптасқан жалпы теориялық мәселелер «дыбысты тілде толып жататын ортақ сипаттардың, универсалды құбылыстардың» [45; 6-б.] табиғатын, себеп-салдарын анықтауды мақсат етті. Олар:

  • адамзат тілінің табиғи бастауынан, биофизиологиялық ерекшеліктерінен;

  • тілдің адамзат қоғамында атқарар қызметінен;

  • тілдердің генеологиялық немесе туыстық жақындығынан;

  • территориялық шектестік салдарынан бір-біріне әсер етуінен;

  • саяси-экономикалық, мәдени байланыстардың нәтижесінен

туындайтындықтан, тілдер дамуында әр тілдің жеке белгілерімен қатар, ортақ заңдылықтардың орын алуы заңды құбылыс ретінде қарастырыла келе, тіл ғылымының жаңа мүмкіндіктерін саралауға жол ашады. Тілдік фактілердің «бір-біріне бағына» байланысқан жүйесін талдап көрсеткен ғалым М.Томанов пікіріне сүйенер болсақ, олар «... бір-біріне бағынышсыз, оқшау алып қаралмайды, белгілі жүйені құрайтын тәсілдер ретінде қарастырылады. Бұндай зерттеудің нәтижесінде тілдің динамикалық тарихы, яғни, тілдік функциялар мен қатынастардың даму, өзгеру тарихы, тіл семантикасының даму, өзгеру, жаңару тарихы жасалуға тиіс болады» [40; 19-б.].

Жалпы тіл білімі барлық тілдерге ортақ қағидаларды, ұстанымдарды талдап көрсетуге, тілдің пайда болуы, қоғаммен, ойлаумен, мәдениетпен, таныммен байланысуы сияқты тілдік мәселелерді шешуге негізделетіндіктен, тіл дамуының ішкі заңдылықтары оған сырттан әсер етуші күштердің деңгей-дәрежесімен және, ең бастысы, адамдық фактор мен оны қоршаған түрлі уәждердің тоғысу сипатымен анықталуы қажет. Осындай әр қырлы сабақтастықтың дәлелі ретінде ғалымдар тілдің шығуы туралы мәселеге тоқталды, сөйтіп жалпы және жеке заңдылықтардың табиғи жақындығын дәйектейтін 2 принципке назар аударды: 1] жалпы адамзат тілінің пайда болуынан туындайтын тұжырымдарды ескеру; 2] жеке тілдердің жасалу кезеңіне мән беру. Тілдің пайда болу тарихының тіл білімінде көптен бері өзектеліп келе жатқанын бұрыннан белгілі теориялар арқылы дәлелдеуге болады, айталық: грек философтары дамытқан дыбысқа еліктеу немесе аномопоэтикалық теория, эмоционалды теория, одағай теориясы мен қоғамдық шарттасу теориясы және т.б. Адамзат тілінің түптөркінін анықтау аса күрделі де әмбебап мәселе болғандықтан, бір ғана лингвистикалық зерттеулердің аздық ететіндігін ескерсек, К.Ахановтың: «...Тілдің о баста шығу проблемасын зерттеп шешу тарих пен лингвистика ғылымдарының ғана емес, сонымен бірге философия мен психологияның, археология мен этнографияның, физиология мен антропология ғылымдарының және жалпы материалдық мәдениет тарихының мәліметтері мен деректерін есепке алып, кең түрде пайдалануды талап етеді» [2; 441-б.] деген тұжырымына көңіл бөлген дұрыс. Бүгінгі лингвистика адам табиғатын жан-жақты зерттейтін өзге ғылым салаларымен тығыз байланыста дами келе, пәнаралық сабақтастықтың ең ұтымды көрсеткішін танытып отыр. Бұл ретте Дж.Лакоффтың «...Мен үшін тілді өзге адамзат жаратылысын айқындар аспектілермен байланыстыра зерттеу аса қызықты да құнды лингвистикалық нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі» [162; 351-б.] деген пікірін де тіл біліміндегі жаңа ойлаудың үлгісі әрі лингвотанымдық аспектілердің өзектелу белгісі деп түсіндірген абзал.

Жоғарыда аталған жалпы теориялық мәселелер тілдің «өмір сүру ортасын», оның даму бағытын сұрыптайтын шарттардың нақтылануымен тығыз байланысты болғандықтан, тілдерге тән ортақ принциптерді саралау келесі факторлардың әсерін дәйектеу негізінде жүзеге асады:

а) генеологиялық фактордың әсері; бұл жағдайда тіларалық ұқсастықтар барлық тілдер бір негізден таралған деген болжам арқылы дәйектеледі. Кезінде «Кейбір тілдердің арасындағы ұқсастықтар мен бірліктің растала беруі және көптеген материалдармен дәлелденуі бұл құбылыстың тегіннен-тегін емес екенін аңғартады да, лингвистер ондай тілдердің шығу тегінің бір екендігін айқындай бастайды. Әр түрлі тілдерді зерттеудің барысында олардың өз ара ортақ белгілері лексика саласынан ғана емес, сонымен бірге грамматика саласынан да табылып, айқындала береді...» [2; 473-б.],- дей келе, салыстырмалы-тарихи зерттеулердің бастамасын айқындаған К.Аханов тілдік ұқсастықтардың «тегіннен-тегін» болмайтынын ескерткен еді. Осыған орай, тілдердің құрылымдық ұқсастығы «ата тіл» (Ә.Хасенов) ұғымымен сабақтаса қарастырылып, «моногенез гипотезасының» дүниеге келуіне себепші болды. Барлық тілдердің шығу тегі бір деген пікір үстем болды. Бұл тұжырымның ерекшелігі тілдер арасындағы ұқсастықтар олардың бір ата тілден таралуымен әрі жеке тілдердің қатар дамуын қамтамасыз ететін конвергентті немесе жақындық себептермен түсіндіріліп, айырмашылықтар тілдердің бір негізден тараған құрылымдық мүмкіндіктерін әр түрлі немесе дивергентті сипатта пайдалану салдарымен айқындалды.

ә) ареалды фактордың ықпалы территориялық жақындықтың немесе өзге де байланыстардың әсерінен тіл-тілде кездесетін лексикалық, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктердің орын алуымен айғақталады. Қ.Жұбанов «Бірге жасасқан ел бір-бірінен тіл [сөз] алмай тұрмайды. Сондықтан монғол темір, алдан деп сөйлесе, қазақта темір, алтын деп сөйлейді» [8; 117-б.],- деп тұжырымдады, яғни дүниеде таза тіл жоқ «ел құранды болғандықтан, тіл де құранды болмақ» [8; 119-б.]. Бұл қағидаға сәйкес, тілдер әр түрлі себептермен өзара тығыз байланыста болады, олардың сөздік құрамдары да аралық әсерден сырт қала алмайды. «Генезис проблемасына байланысты тарихи лексикологияның өнімді де өндіре зерттеуге тиісті объектісінің бірі – тілдердің тарихи контактысы мен өзара араласуы. Әрбір тарихи кезеңдерде, әр қилы әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени, географиялық қарым-қатынастарға байланысты басқа тілдерден сөз қабылдап, соның есесіне байып, дамып отыру - қазақ тіліне де тән және тамыры тым тереңде жатқан күрделі құбылыс; ол қазақ халқының халық болып қалыптасуына негіз болған көптеген түркі тілдес этностық топтардың, ру-тайпа бірлестіктерінің тілі басқа, діні басқа көршілес қауымдармен қарым-қатынас жасап, араласқан сонау көне замандардан басталып, бүгінге дейін толастамай келе жатқан тарихи көштің ұзын сонар сілемі іспеттес» деген ғалым Ә.Қайдардың тұжырымы бұл фактордың ертеден келе жатқан тілдер дамуындағы маңызды көрсеткіштердің бірі екенін анықтауға мүмкіндік береді. Автор тіларалық байланысты «тіл біліміндегі күрделі проблемалардың қатарына» жатқыза отырып, оның зерттелу тарихын «екі жүз жылдан астам уақытпен» өлшеді. Тілдер бір кеңістікте және бір уақыт өлшемінде дамитындықтан, өзара қарым-қатынас жасаудан сырт қалуы мүмкін емес десек, олардың әр түрлі себептермен бір-біріне тікелей немесе жанама түрде әсер етуі де заңды ықпалдың нәтижесі деп қарастырылуы қажет. Олай болса, «Әрбір тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы болып қоймайды. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден де ауыстырып алу арқылы да өз тілін байытып, жетілдіріп отырады...Осыған байланысты тіліміздегі қыруар кірме сөздерді қоғам тарихымен, қазақ халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып зерттеген жөн...» [51; 60-61-б.],- деп кезінде ғалым Ә.Болғанбаев атап өткендей, тіл-тілдегі ұқсастықтарды шекаралас орналасудың немесе әлеуметтік, экономикалық, мәдени қарым-қатынастың нәтижесі деп түйіндеуге болады. Бұл мәселеге қатысты зерттеулердің қатарында А.Е.Карлинский мен У.Вайнрайх еңбектерін атаған орынды. Ғалымдар тілдік қарым-қатынас, тіларалық байланыс негіздеріне тоқтала келе, бір-бірімен араласқан екі не одан да көп тілдердің арасында байқалатын құбылыстарға зер салды. У.Вайнрайхтың көпшілікке танымал «Тілдік байланыстар» атты еңбегі байланыс пен интерференция, диглоссия, тілдік айырмашылықтарың аралық қатынаста байқалуы, теориялық тұжырымардың тәжірибелік негізде дәйектелуі проблемаларына арналды. Тілші интерференцияға тіларалық байланыстар мен жеке адамдардың бірнеше тілді меңгеру салдары деп анықтама бере отырып, оны «өзге тілдің әсерінен белгілі бір тілдің өз нормасынан ауытқушылығы, кірме элементтердің кірігуі нәтижесінде тілдік модельдердің өзгеріске ұшырауы» [163],- деп түсіндірді. Мұндай тұжырымдарды ғалым С.Аманжоловтың зерттеулерінен де кездестіруге болады, мәселен, “Әрбір ұлт лексикасында түрлі басқа елдердің де сөздері бар деп жоғарыда айттық. Бұлар да қажетке қарай көбейіп я азайып отырмақ. Азаятыны, әрине, идеологиялық, техникалық жағынан артта қалған сөздер болмақ ”[10; 70-б.]. Кез келген тілде байқалатын фонетикалық, морфологиялық немесе лексикалық және синтаксистік өзгерістер кейде ареалды фактордың ықпалымен анықталады, сондықтан А.Е.Карлинскийдің «Тілдік байланыс теориясының негіздері» атты жұмысында салыстырмалы-тарихи әдістің дамуы нәтижесінде сөз бола бастаған тілдердің дивергентті және конвергентті өзгерістері, субстрат теориясы, аралас сипаттағы теория мен тілдер одағы теориясы, ішкі және сыртқы лингвистика мәселелері, қостілділіктің әлеуметтік және психологиялық негіздері жеке-жеке талданып ұсынылды [164]. Қорыта келгенде, ғалым М.Томановтың пікіріне сүйенер болсақ, «Ареалдық әдіс тілдердің, диалектілердің өзара ықпалдасу процесінің сыпаты мен дәрежесін, ондай процестің орны мен таралу аймағын айқындап, ол нәтижелерді тілдің тарихи өзгерістерінің бір түрі ретінде тілдің тарихи грамматикасына енгізуге болады...ареалдық әдіс туыс, бір-біріне жақын тілдердің белгілі бір регионда шектесуінің нәтижелерін ғана зерттеп қоймайды, географиялық орналасуы жағынан өзара шектесетін туыс емес тілдердің де өзара ықпалдасуының нәтижелерін іздестіреді...» [40; 18 –б.].

б) типологиялық фактордың әсері, бұл жағдайда тілдер ұқсастығы адам жаратылысының жалпы даму заңдылықтарымен, тілдің пайда болу, өркендеу тарихымен, тілдік қатынастың нормативті көрсеткіштерімен түсіндіріледі, себебі белгілі ғалым А.Байтұрсынұлының пікіріне жүгінер болсақ, «олар шыққан заманда халықтың бәрінің бір ананың қолында өскен балалар сияқты көргені, өнегесі, үлгісі бір болған. Ол уақытта қай халықтың болса да, табиғат бауырында болып, табиғат тауқыметінде тұрып, табиғат қабағына қарап, өмір шеккен. Ол заманда адам табиғат ісіне өзгеше қарап, табиғат күшін өзгеше ұғып, бәріне өзінше мағына берген...» [20; 228-б.], яғни тілдің шығуын адамзат атаулының дүниеге келуімен сабақтастырған тілші тұжырымының негізгі өзегі ортақ тарихи қоғамдық құрылыстар мен адам «сана-саңлауының» жетілу нормаларынан бастау алған. «Сөйлесім тілі - тек адамзатқа ғана тән әрекет, тек адамдар ғана тіл арқылы сөйлей алады, ұғыныса алады...Сөйлесім әрекеті тек сөйлеу мүшелерінің қызметіне ғана емес, ойлау мен пайымдаудың, сана мен мидың да ерекшелігіне қатысты» [23; 8-б.],- деп тілші Ф.Оразбаева дәлелдеп өткендей, тіл - тек адам қажетін өтеуге жұмсалатын құрал ретінде танылатындықтан, тіл білімінің өзекті мәселелері адамдардың жалпы биологиялық шығу тегі мен эволюциялық дамуынан, психофизиологиялық өзгешелігінен жинақталады. Адамның бойына біткен ойлай алу, сөйлей алу, есте сақтау, қабылдау, пайымдау секілді қабілеттері нейрофизиологиялық механизмнің әрекеті болып табылады, сол себепті тілдің қолданылу мүмкіндіктері мен функционалдық ерекшеліктері де адамның іс-әрекетімен тоғыса қалыптасады. Олай болса, типологиялық фактор «Біз тілді зерттей отырып, оны пайдаланушы адамның барша іс-әрекетін назардан тыс қалдырмауымыз керек» [165; 26-б.] деген тұжырымның негізінде тілді оны дамытушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші адамзат болмысынан бөле қарауға болмайтын қажеттіліктен туындады. Лингвистикадағы «динамикалық типология» болжамы бойынша адамның тілдік қабілеті оның жалпы табиғи болмысынан туындайтын 2 қағидаға саяды: біріншіден, адамның тілді қолдану әрекеті өзге адамдық мүмкіндіктерімен қатар жүреді; осыған сәйкес тіл ғылымында төмендегідей принциптер қалыптасып дамыды: әрекеттің типтік блок-құрылымдарын басшылыққа алатын гештальт принципі – Дж.Лакофф [1976, 1981]; А.М.Пешковскийдің үнемдеу принципі [1934]; Бергельсон-Кибриктің таңдау принципі [1981, 1987] және т.б.; екіншіден, тілдік қабілет адамның өзге қажеттіліктерін өтеу мақсатында қалыптасады, сондықтан ол адамның танымдық, қатысымдық, иіс сезгіш, психологиялық және әлеуметтік мүмкіндіктерінен құралады. Осы тұжырым негізінде лингвистика пәнаралық байланыстардың кілтін құрайтын маңызды сала ретінде танылып отыр.

«Әр тілдің қайталанбас әлеуметтік, мәдени тарихы, қоғамдағы орны және болашаққа бастар бағыт-бағдары болатыны сөзсіз. Дегенмен, жекеленген тілдік тағдырлар ортақ заңдылықтардың, ортақ типтік даму жолдарының әрі типологиялық тұрғыдан жақын тағдырлардың болатындығын жоққа шығара аламайды...» [166; 14-б.],- деп тілші Н.Б.Мечковская атап өткендей, тілдер арасындағы ұқсастық табиғи дамудың салдарынан айқындалатын ортақтық есебінде немесе типтік жіктеме негізінде сұрыпталатын жалпы сипатта талдануы қажет. Адамзат тілі - адамзат жаратылысын дәйектейтін маңызды фактор. Осыған орай, жалпы тіл білімінде тілдер ұқсастығы екі түрлі принциптің бірлігі арқылы талданады: а) лингвистикалық универсалий үлгісінде, яғни дүние жүзіндегі тілдердің барлығына ортақ белгілерді болжалды немесе логикалық жолмен нақтылаудың арқасында; ә) лингвистикалық типология ережелеріне сәйкес тілдер ұқсастықтарын жекеленген типтерге жүйелеу негізінде. Бұл ұстанымдардың әрқайсысы өзіне тән әдіс-тәсілдерді, заңдылықтарды басшылыққа ала отырып жүзеге асатындықтан, олардың тіл табиғатын жалпы теориялық тұрғыдан қарастыруға қосар үлесі де, алдына қояр мақсат-міндеті де айрықша болмақ.

Лингвистикалық универсалий аясында тілдер ұқсастығы дедуктивті немесе индуктивті жолдармен айғақталады. Бірінші жағдайда белгілі бір заңдылықтар барлық тілдерге ортақ болуға тиіс деп қабылданатын теориялық болжамға негізделсе, екінші жағдайда нақты анықталған универсалды сипаттамалар сөз болады. «...сөйлемді құрайтын әрбір сөздің өз орны, өз қызметі, өз мағынасы, өз қасиеті бар» [167; 9-б.],- деп ғалым Т.Сайрамбаев атап өткендей, сөйлемдегі сөз табиғатының функционалды-семантикалық ерекшелігі оның барлық тілдерге ортақ синтаксистік қабілетін айқындайтындықтан, тіл тарихын зерттеген М.Томанов тілдік универсалийді «типологиялық модификация» [40; 19-б.] деп қарастырды, яғни тіл-тілдің ерекшеліктерімен қоса жүретін олардың ортақ даму принциптерін адамзат тілінде кездесетін «заңдылық» ретінде қараған автор Е.Д.Поливанов пікірін растай отырып, «...дамудың барлық немесе көпшілік тілдерге ортақ себептері мен принциптері болатындығын бүгінгі лингвистика жоққа шығармайды, қайта дәлелдей түседі» деген тұжырым жасады. Осыған орай, тілдік ұқсастықтар табиғаты болжау мен нақтылаудан жинақталатындықтан, дедуктивті немесе аксиомалық универсалий логикалық қорытындыларды басшылыққа алса, индуктивті немесе эмпирикалық ұқсастықтар болжамды нақтылап растауды қажет етеді, дәлірек айтқанда, дәйекті дәлелдемелерге сүйенуді мақсат етеді. Лингвистикалық универсалий мәселелерін сұрыптау кезінде бұл аталған тәсілдердің екеуі де негізге алынады, өйткені бірнеше тілдік фактілер арқылы жасалған дедуктивті пікірлер кейін индуктивті жолмен нақтыланып, ғылыми қорытындылар жасалынады. Мысалы: тілдік қабаттар бойынша қарастырылатын ортақ заңдылықтар қатарында әр тілдің құрылымдық-жүйелік ерекшелігін саралау, сөздердің сөз таптарына жіктелуі, сөз құрамының морфемалармен сипатталуы, қосымшалардың сөз тудырушы және форма түрлендіруші немесе деривацилық яки реляциялық қызметте жұмсалуы секілді мәселелерді барлық тілдерге қатысты анықтау – заңды нәрсе.

1989 ж. лингвистикалық универсалий ұстанымдарын айқындаған Гэсс пен Ард тілдер ұқсастығын олардың физикалық, перцептуалды негіздері бойынша, танымдық қабілетіне, қолдану кезіндегі нейронды және интеракционалды мінездемесіне орай әрі меңгеру әдісі негізінде талдау қажеттігін ұсынды. Осыған орай, тілдер арасындағы аталмыш жақындықтар сипатына, деңгейіне, логикалық пішініне қарай бірнеше үлгіде жүйеленіп талданып келеді:

  • деңгейіне қарай ортақ белгілер абсолютті және статистикалық көрсеткіштерден жинақталуы мүмкін; бұл мәселе тілдік фактілердің барлық тілде бірдей, яғни тең дәрежеде кездесуіне немесе кездеспеуіне сәйкес тұжырымдалады;

  • логикалық пішініне қарай – жай және күрделі формада анықтала отырып, ұқсастықтардың аралық сабақтастығы күшейіп, олар бір-бірінен туындайтын логикалық байланыс құрайды;

  • сипатына қарай ортақ заңдылықтар келесі белгілермен ерекшеленеді:

  • семиотикалық немесе таңбалық ұқсастықтар арқылы;

  • психолингвистикалық, яғни тілдік және сөйлесімдік ұқсастықтар негізінде;

  • статикалық және динамикалық ұқсастықтар бойынша;

  • әлеуметтік лингвистикалық ұқсастықтарға сүйене;

  • лексика-грамматикалық ұқсастықтарды басшылыққа ала.

Деңгейлік ұқсастықтар.Индуктивті заңдылықтарды толық дәрежеде әрі дүние жүзіндегі барлық тілдерге қатысты анықтап көрсетуге болмайтынын ескерсек, лингвистикалық сараптама мен статистика жүргізудің қиындығына көз жеткізу қиынға соқпас. Дегенмен, іс жүзінде 30-ға жуық тілдер мен барлық тілдік семьяларды [Гринберг, 1970] зерттеген не болмаса 400 тілдік материалды [Соколовская, 1980] қамтыған фактілерді, яки 700 тілдің дыбыстық жүйесін талдауға арналған [166; 252-б.] лингвистикалық еңбектерді алып қарайтын болсақ, «...тілдердің көпшілігіне тән қағидалар мен норма-амалдары абсолюттік универсалий деп те атап жүр, кейде статикалық универсалий деп те атай береді» [42; 19-б.]деген Ә.Хасенов пікірі негізінде кейбір ұқсастықтардың толық немесе абсолютті деңгейде дәйектелетіндігіне назар аударуға болады, ал белгілі бір заңдылықтардың жекеленген тілдерге қатыстылығын айқындайтын статистикалық мәліметтерді төмендегідей тілдік заңдылықтар арқылы нақтылап алу мүмкіндігі байқалады:

  • сандық көрсеткіші жоғары болса, бұл ұстаным тілдерге аса қажет;

  • пайыздық санағы орта деңгейде болса, тілдерге қажеттілігі сөзсіз, дегенмен маңыздылығы шектеулі;

  • сандық сипаты төмен келетін ұстаным аса қажет емес деп танылады;

  • сирек ұшырасатын тілдік ережелер сол тілдердің дифференциалды өзгешелігін құрайды деген қорытындылар жасауға болады.

Логикалық пішінмен сұрыпталатын ұқсастықтар, анығырақ айтқанда, тілдердің логикалық жақтан қарапайым не күрделі үлгіде жіктелуі жалпыға ортақ тілдік заңдылықтардың таралу сипатын айқындайтын тұжырымдамалар негізінде жасалады, яғни тілдерде белгілі бір құбылыстардың кездесуі логикалық байланыстың нәтижесі деп танылады. Мысалы, 1) қарапайым [элементарлы] тұжырымдамаға сәйкес, «Барлық тілдерде А құбылысы бар, ол бәріне ортақ және оның кездесуі - заңды нәрсе» сияқты пікір айтылады. Оған дәлел ретінде барлық тілдердің құрылымдық, жүйелік ерекшелігі, таңбалық сипаты айқындалған, тілдік қабаттары мен бірліктері сұрыпталған секілді лингвистикалық қағидалар келтіріледі; 2) күрделі [импликативті] логикалық байланыстар «егер.., онда...»сияқты құрылымдық сәйкестіктер негізінде жасалады. Айталық, «Егер тілде сөз тудырушы морфемалар болса, онда сөз түрлендіруші аффикстердің болуы – заңды құбылыс»; немесе «Егер тілдерде сабақтаса байланысу кездессе, онда салаласа байланысқан құрылымның орын алуы да заңды» және т.б.

Тілдік ұқсастықтардың сипатына қарай реттелетін принциптері лингвистиканың аса құнды проблемаларының шешілуіне септігін тигізеді. «Тіл, шын мәнінде, (адамзат қоғамының белгілі бір сатысында) табиғи жолмен пайда болып, әлеуметтік қажеттілік негізінде дамып отыратын таңбалық жүйе; бұл жүйе, ең алдымен жекеленген тұлғалар үшін емес, белгілі бір қоғамға қажеттілігімен анықталады...» [161; 9-б.] деген пікірге сәйкес қарастырылатын тілдердің таңбалық жүйесі немесе лингвосемиотика мәселелері; тіл мен сөйлеудің арақатынасы: сөйлесімнің маңызды типтік ерекшеліктері – айтылым мен жазылым, оқылым мен тыңдалым және тілдесім; психолингвистика, гендерлік зерттеулер, тілдің онтогенетикалық сипаты; тілдегі статика-динамикалық белгілер, тілдің қалыпты сипаты, өзгеру, толығу жолдары; қоғам мен танымдық әрекеттердің, рухани, мәдени, материалдық негіздердің тіл дамуына әсері; тілдік бірліктердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалқ жақтан меңгерілуі; тіл – хабар – орта ұғымдарының сабақтастығы; фонема туралы түсінік; инверсия мен оның логикалық және эмоционалды-экспрессивті қызметі; лексикалық бірліктердің семантикалық топтары және т.б.осы сынды проблемалар зерттеліп, тілдік ізденістердің жаңа амал-тәсілдері сұрыпталады.

Осы аталған лингвистикалық ұстанымдардың пәнаралық байланыс негізінде өзектелген жаңа қырлары кейінгі жылдары Қазақстанда соны тілдік мәселелердің айқындалуына, тың тақырыптық зерттеулердің дүниеге келуіне себепкер болып отыр. Осыған орай, 2001 ж. Э.Д.Сүлейменованың “Қазақстандық лингвистиканың өзекті мәселелері: 1991-2001” [49] деген библиографиялық сипаттағы еңбегі жарық көріп, жалпы теориялық бағытта жүргізілген зерттеулерге шолу жасалған. Зерттеулердің әрқайсысы тақырыптық әрі мазмұндық өзгешелігіне қарай топталып берілген. Әлеуметтік лингвистика көлемінде адам-қоғам-тіл ұғымдарының байланысы жан-жақты талданып, соның негізінде бұл бағыттың «онтологиялық және әдістемелік» ерекшеліктері алуан түрлі зерттеулерге өзек болып келетіні ескертілген. Жоғарыда аталған тілдің әлеуметтік негіздеріне қоса, қазақстандық лингвистикада төмендегідей мәселелер қарастырылып келеді: мемлекеттік тілдің қолданылу аялары мен әлеуметтік–функционалдық мүмкіндіктері; тілдік саясат, тілдік жағдай, тілдік жоспарлау мәселелерінің ҚР–нда жүзеге асу өзгешеліктері – М.М.Копыленко, тіларалық байланыстар мен тілдердің сақталу формалары, олардың қостілділік жағдайында даму бағыттары – А.Е.Карлинский, К.Ш.Хусаинов, М.К.Исаев, З.К.Ахметжанова, жас ерекшеліктеріне қарай топталған билингвтердің қатысымдық қабілеттері туралы мәліметтер – А.К.Шаяхметова, Г.Д.Алдабергенова, Г.С.Сүйінова еңбектерінде сөз болады. Сонымен қатар жалпы тіл білімінің дәстүрлі мәселелері лингвистикалық пәлсапа тұрғысынан да талданып, А.П.Комаров, С.Е.Исабеков, Л.В.Екшембеева зерттеулеріне арқау болды; ал тіл білімінің даму тарихы, теориялық-әдістемелік негіздері жан-жақты сұрыпталып, жеке тілшілер мен лингвистикалық мектептердің ғылыми-теориялық, философиялық концепциялары арнайы зерттеу нысанын құрады. Қазақстанда дамып келе жатқан теориялық лингвистиканың ерекшелігі – тілдің танымдық, қатысымдық, прагматикалық ерекшеліктерін анықтау мақсатының көзделуі. Осы ретте тілдің және тілдік бірліктердің мағыналық сипаттары өзектеліп, “мағына және таңбалау”, “мағына және қолданыс”, “мағына және білім” сияқты ұғымдар сабақтастығы Э.Д.Сүлейменова еңбектерінде қарастырылуда. Тұрақты тіркестердің семантикалық, ономасиологиялық, атауыштық әрі сөзжасамдық деңгейдегі ерекшеліктері де жүйеленіп, номинативтік қызмет сөйлесім әрекетінің жеке дербес формасы ретінде Л.К.Жаналина жұмыстарында танылып отыр. Халықаралық қатынастардың кеңеюі аударма теориясының дамуына, қазақ әдеби тілінің лексика-грамматикалық құрылымының динамикалық және статикалық қалпының зерттелуіне тікелей әсер еткендіктен, сөз мағынасының өзгеріп, кеңеюі әрі бірқатар қосымшалардың сөзжасамдық қабілеттерінің өнімді пайдалану, кей сөздердің жаңа тіркесімдік құрылымдарын дамыту мүмкіндіктері пайда болды, сондықтан бүгінгі күні аударма мен түпнұсқа арасындағы сәйкестікке, ұлттық-мәдени бояудың сақталуына, мақсатты стильдік аудармалардың ерекшеліктеріне зер салу қажеттілігі де ескеріліп отыр (А.М.Алдашева, З.К.Ахметжанова, Н.Ж.Шаймерденова еңбектері). Сонымен қатар вербальді интеракт компоненттерінің байланысу механизмі жасалып, танымдық модельдер тәжірибе негізінде, ал сөздің ассоциативтік өрісі, жалқы есімдер адамның ішкі-сыртқы әлемін танып зерттеу көзі ретінде айқындалуда (Ш.Ы.Нұрғожина, Г.Гиздатов, Ш.К.Жарқынбекова, Г.Б.Мадиева жұмыстары). Этнолингвистика тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасын зерттейтін лингвистиканың сыртқы саласы ретінде қарастырылатындықтан, елтанымдық деректерді жүйелеу барысында халық өмірінің қоғамдық-мәдени дамуын тілдік материалдармен, кеңістікпен әрі рухани өрлеумен тығыз сабақтастықта саралау қажеттігі аталып жүр. Қазіргі лингвистикалық зерттеулердің өнімді желісін салғастырмалы зерттеулер құрап отыр, бұл мақсатта қазақ және орыс тілдерінің лексика-семантикалық, т锱қырыптық топтары талданып, сөздің лексикалық мағынасына ерекше мән беріліп келеді. Адамзат атулының танымдық және лингвомәдени дамуын айқындайтын деректер негізінде салғастырмалы зерттеулердің жаңа салалары дүниеге келді: салғастырмалы лингвистикалық мәдениеттану, салғастырмалы лингвокогнитивистика, салғастырмалы прагматика. Олар алуан түрлі лингвомәдени бірліктер мен құбылыстарды жеке-жеке талдап қарастыру арқылы дәйектеліп, құнды тілдік тұжырымдардың қалыптасып дамуына түрткі болды. Тілдің универсалды табиғаты мен оның заңдылықтарын зерделеуге бағытталған ілімдер жиынтығы барлық тілдерге тән ерекшеліктерді айқындауға, олардың ортақ даму негіздерін жүйелеуге, сол арқылы тілтанымдық мәселелерді дәйектеп шешуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ғалымдардың «түрлі тілдік ұқсастықтардың, бір тілден екінші тілге аударылу ұстанымдарының, универсалды белгілердің, ой әрекетінің тілдік құралдар арқылы жарыққа шығу бірлігінің және жалпы адамзат тілінің ментальды негіздегі тұтастығын» [42; 23-24-бб.] өзектеген тұжырымдарына назар аудару қажеттігі даусыз. Жалпы тілдік мәселелер адамның табиғи бастауынан, өзара қарым-қатынас жасау нормаларынан және қоғамдық шартталған заңдылықтардан бастау алатындықтан, «универсалий» ұғымының негізінде антропологиялық, диалектикалық және логика-пәлсапалық қағидаттардың ескерілуі заңды, сол кезде ғана алуан түрлі тілдік құралдардың, олардың қолданылу өзгешелігінің және, ең бастысы, дүниеге келу тарихының уәжді себептерін болжауға не анықтауға мүмкіндік жасалады, яғни танымдық ізденістерге жол ашылады. Олай болса, жоғарыда сөз болған тілдік үниверсалий негіздері тілдің тек құрылымдық, не болмаса психологиялық, халықтық, мәдени яки әлеуметтік мәселелерін шешумен шектелмейді, олар әрі тілдің когнитивті табиғатын зерделеуге, адам болмысын тіл мен таным арақатынасы арқылы айғақтауға көмектеседі. Демек, тілдік универсалий дегеніміз - генеологиялық, типологиялық немесе ареалды фактілермен анықталатын, абсолютті яки статистикалық деңгейде дамитын, болжалды-логикалық не болмаса нақты индкутивті амалдармен айқындалатын барлық тілдерге ортақ заңдылықтар мен ұстанымдар жүйесі (6-суретті қараңыз).

Тілдің жан-жақты және өзге құбылыстарға ортақ сипаты оның болмысын пәнаралық байланыста, жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесінде қарастыруға мүмкіндік береді, сол себепті жалпы тіл білімінің проблемалары танымдық, психологиялық, әлеуметтік, мәдени дамудың да универсалды белгілерін айғақтауға септігін тигізеді. Адам баласын барша ғылыми ұстанымардың өзегі ретінде қарастыру ғылым салаларын сабақтастыруға, олардың ұғымдық бірліктерін байланыстыруға, сол арқылы зерттеу жұмыстарының жаңа бағыттарын саралауға жол ашатын алғышарт болып табылатындықтан, тілдік универсалий негізінде, оның дамытушы факторлары мен уәждеріне сүйене танымдық бағыттың өзгешелігін айқындау, когнитивті ізденістердің ғылыми негіздерін сұрыптау, олардың тіл табиғатымен тоғысар мүмкіндіктерін дәйектеу бүгінгі лингвистикалық зерттеулердің маңызды бөлігін құрап келеді. Тіл мен таным ұғымдарының байланысы осы уақытқа дейін тіл ғылымының әрі құрылымдық, әрі әлеуметтік типология негіздерін, интра- және экстралингвистика ережелерін басшылыққа ала дамығандықтан, аталмыш мәселелерді бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста зерделеу қажеттігі де дау тудырмайды, яғни тілдік универсалий ұстанымдары танымдық қағидаттармен бірлесе отырып, тілтаным заңдылықтарын жүйелеуге, олардың әдіснамалық негізін анықтауға мүмкіндік туғызады.

сурет 6. Тілдік универсалий негіздері