Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

1.5.3 Тілдік қор – танымдық жады қызметінің нәтижесі

Қазақ тіл білімінің қазіргі даму сипатын жан-жақты айқындау тіл ғылымын жаңа ізденістермен, теориялық ілімдермен, қайталанбас идеялық мазмұнмен толықтырған ғалымдардың еңбектері арқасында мүмкін болып отыр. Уақыт пен заман талабына сай, тілді жоғары адамзаттық құндылық ретінде бағалау, оны антропологиялық танымның, этникалық қалыптасудың құралы деп сипаттау Ә.Қайдар зерттеулеріне негіз болар өзгешеліктер қатарын құрайды. Тарихи, салыстырмалы, экстралингвистикалық зерттеулердің негізінде ғалым жеке ұлттық құндылықтарды жалпыадамзаттық аксиология ұғымдарымен шебер ұштастырған. Тіл тарихын тереңнен зерделеген тілші қабылдауында тілдік бірліктер жалқы мен жалпының үйлесімді жалғасы, этногенездік әрі жаһандық пәлсапаның нәтижесі деп танылуда. Осыған орай, ғалымның «ұлт – тіл - таным» мәселелерінің сабақтастығынан бастау алған ғылыми идеясы, шын мәнінде, тіл ғылымының, оның теориялық ілімдерінің басты өзегін құрап отыр. «...этностың дүниеге келуіне ұйытқы болған да – тіл, рухани-мәдени өмірінің өзегі де, өзін-өзі танып білудің өлшемі де – сол тіл т.т. Осының бәрі «тіл әлемінен» табылады. «Адамтану», «Қоғамтану», «Табиғаттану» деп аталатын ғылыми салалардың қалыптасуына негіз болатын да, біле білсек, осы «тіл әлемі» [36; 11-б.] деген автор пікірі де соны айғақтайды. Тілдің қоғамдық функциясына жете назар аударып, оның заман талабына сай жаңа әлеуметтік уәкілеттілікпен қамтамасыз етілу қажеттігін негізге алған Ә.Қайдардың «Языковое строительство в Казахстане и развитие национальных языков» [1972], «Қостілділікті ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелері жайында» [1979], «Саяхатшы сөз» [1984], «Терминология көкжиегі» [1984], «Тіл байлығы – рухани қазына» [1991], «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» [1993], «Халық та, тіл де мәңгілікті қалайды» [1996] және т.б. ғылыми мақалалары мен зерттеулері Қазақстандағы тілдік жағдай мен тілдік реформаларға етене араласуынан дүниеге келген. Тіл мен қоғам ұғымдарының тығыз байланыста дамып отыратындығына жете мән берген ғалым тілдің әлеуметтік сипатын оның тарихи қалыптасуымен, әр түрлі қоғамдық формациялардан өту ерекшелігімен сабақтастырған, осыған орай, тілдер байланысын немесе «тілара контакт» мәселелерін Ә.Қайдар жалпы генезис проблемаларымен ұштастыра зерттеу керектігін өзектеген. Осыған орай, тілші кез келген ассимиляция процесіне не болмаса қарым-қатынас нәтижелеріне «бір жақты, бір бағытта ғана болатын» емес, «екі жаққа бірдей ықпал жасайтын» өзгерістер деп қарау қажеттігін дәлелдейді. Автор тілімізде кездесетін кірме сөздердің шығу тегі мен ауысу себебіне, табиғи өзгешелігіне тоқтала отырып, тілдің қоғамдық кеңістікте өмір сүру принциптерін түсіндіреді. «Түркі тілдерінің ішінде өзінің тұтастығын, монолиттігін, тазалығын, өзіне тән ұлттық ерекшелігін өз бойында көбірек сақтап келе жатқан қазақ тілінің лексикалық байлығында да шет тіл элементтері көптеп кездеседі» [36; 55-б.] дей келе, тілші қазақ тіліндегі араб-парсы сөздеріне, қазақ-монғол, қазақ-орыс тілдерінің қарым-қатынасына талдау жасайды, сол арқылы тіл-тілде орын алған гомогенді ұқсастықтарға яки гетерогенді айырмашылықтарға сипаттама береді. Айталық, қазақ-орыс тілдеріндегі айтылуы мен мағынасы бір-біріне ұқсас болып келетін бірліктер қатарында автор «бұр – бурить, шап беру – цапать, тасу – таскать, жұму – сжимать, талқанда – толочь...» сынды сөздерді атайды. Бұл тілдік ұқсастықтардың себебін ғалым адамның универсалды дамуынан, жан-жағын танудағы ұқсас әрекетінен әрі «ұлттық сана, ой-өрісінің кеңеюіне қажетті шарттардың бірі – алыс-жақын, көршілес елдермен жіті араласу, рухани-мәдени алмасу» [53; 4-б.] салдарынан өрбіте түсіндіреді.

Лингвистикалық тұжырымдамалардың аса құнды желісін ғалымның тарихи және тарихи-салыстырмалы зерттеулері құрайды. Тілдік бірліктердің түптөркінін, алғашқы түркілік элементтердің рухани болмыс-бітімін, ұлттық танымның негізін сұрыптаған еңбектерге ғалымның «Қазіргі ұйғыр әдеби тілінің дамуы» [1969], «Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері» [1988], «Структура односложных корней и основ в казахском языке» [1986], «Қаңлы: тарихи шежіре» [2004], «Халық даналығы. [қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі және зерттеу]» [2004] сынды жұмыстарын жатқызуға болады. Тіл білімінің тарихпен байланысын тілші халықтың ұлттық қалыптасуымен, мәдени өркендеуімен, әлеуметтік саралануымен ажырамас бірлікте қарастырады. Сол себепті Ә.Қайдар еңбектерінде тілдің лексикалық жүйесі де, морфологиялық құрылымы да, синтаксистік қызметі де – бәрі ұлттық сананың дамуымен қатарласа, қоғамдағы базис, қондырма ұғымдарымен сабақтаса анықталады. «...тарихи лексикология тіл тарихына, сол тілде сөйлеуші этностың бастан кешірген қоғамдық формациялары мен басып өткен ұзақ өмірлік жолына қатысты тілдік фактілердің шығу тегін, қалыптасу кезеңдерін, туыстас тілдердің қатарынан алатын орнын, басқа тілдерге қатыстығын ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеуді мақсат етеді» [36; 50-б.],-деп автордың өзі атап көрсеткендей, тіл ғылымының тарихи аспектісі бүкіл этникалық сұрыпталудың экстралингвистикалық болмысын дәйектеуге мүмкіндік береді. Ең алдымен, кез келген тілді оның халықтық сипатымен, тарихи өрлеуімен айқындау қажеттігін ғалым өз зерттеулерінің негізгі нысаны етеді. Тілдің номинативті мағынаны білдіретін лексикалық бірліктерден құралатынын басшылыққа ала отырып, тілші сөз төркінін гомо- және гетерогенді фактілерге сүйене талдайды. Ғалымның ғылыми-теориялық қорытындылары, тілтанымдық зерттеулері қазақ тілінің мәртебесін көтерер, әлемдік деңгейдегі өзіндік лингвистикалық мектебінің мақсат-міндеттерін айқындар, азаматтық-рухани болмыстың ұлттық парызбен сабақтасатын ерекшеліктерін дәлелдейтін құнды еңбектер қатарын құраумен бірге, «тарихи танымды» сөз етуге, оны «ұлағатты да, күрделі де, жауапты, жадыгерлік ұғым» [54; 4-б.] ретінде бағалауға мүмкіндік беретін терең пәлсапалы ізденістер болып табылады.

«Әрбір халық өзін-өзі дана санайды. Бұл – заңды да түсінікті құбылыс. Өйткені, этностың халық болып қалыптасуының өзі дамудың барлық деңгейінен өтіп, санасы өсіп, дүниетанымы кеңейіп, рухани марқаюына, даналар мен білікті-білгірлердің талғам-танымына, ой-өрісіне, даналығына тікелей байланысты» [53; 4-б.] деген тұжырым арқылы тілші барша халықтардың этникалық ерекшеліктерін тоғыстыра отырып, қазақ тіл білімінде, шын мәнінде, ұлттық әрі әлеуметтік танымның тілдік негіздерін дәйектеді. Зерттеулерін «таным», «көзқарас», «қор», «сана», «дүниетану», «жады», «зерде» ұғымдарымен байланыстыра айғақтаған Ә.Қайдар қазақ лингвистикасын жаңа логика-философиялық арнаға бағыттаумен қатар, тіл ғылымында ерекше танымдық үрдістің негізделіп орнығуына да тікелей әсер етті. «Халық даналығының» түп мақсаты – зердемізді ашып, ұлттық санамызды саралау, ментальдық қасиетіміз бен ғасырлық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды терең біліп, дүниетанымызды кеңейте түсу» [53; 5-б.] болып табылатындықтан, авторлық ізденістердің маңызды бөлігін мақал-мәтелдер табиғатын зерделеу, оның шығу тарихын анықтау, сол арқылы халықтық танымның құрамды бөліктерін сұрыптау, олардың «даналық қорға», ұрпақтан ұрпаққа жетер «бай қазынаға», «рухани мирасқа» айналу жолдарын айқындау мәселелері құрады. Ғалым оларды «өзінің түп негізіне жеке бастың рухани табысы, әр замандағы даналардың қоғамдық өмірге деген көзқарасы, өзіндік танымы» [53; 4-б.] деп сипаттай келе, тіл мен тілдік деректердің қалыптасуындағы «адам факторын» [53; 41-б.] өзектеді. Сөйтіп, адамға тән танымдық, талғамдық қасиеттерді этникалық және қоғамдық дамудың қайнар көзі, сарқылмас бастауы деп бағалады. Бұл ретте зерттеуші «көңілі көрікті, кеудесі ояу, көргені мен көңілге түйгені мол қазыналы қарттардың» [53; 4-б.] ұрпақ үшін құндылығын дәлелдеп көрсетті.

Ә.Қайдар қазақ тіл біліміндегі танымдық бағыттың маңыздылығына мән бере келе, когнитивті ұғымдардың өзгеше сабақтастығына негізделген пікірлер тізбегін ұсынды. Айталық, мақал-мәтелдердің пайда болу себептері қатарында «саналы қауымның өзі өмір сүрген табиғи ортаны, табиғат құбылыстарын танып білу» [53; 6-б.] мүмкіндіктерін қарастырған тілші «елдің жады», «қоғам жадысы», «халық жады» сияқты тіркестерді пайдалану арқылы этнотанымдық феномен табиғатын дәйектеді, соның негізінде тілдің өзге қызметтері қатарында оның «кумулятивті функциясын» [53; 14-б.] осы сирек кездесетін құбылыстан, оның жүзеге асу заңдылықтарынан туындайтын өзгешелік деп анықтады. Нәтижесінде тілтанымдық зерделеудің келесі сатысы «қор», «қордаланған жиынтық», яғни «...ұлт тарихы мен менталитетіне, сана-сезіміне, өзіндік болмысына қажетті рухани құндылықтарын өз бойында сақтап, келесі ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізіп отыратын қасиеті» сараланады. Ол жадыда сақталатын деректер мен мәліметтердің жиынтығын құраумен шектеліп қана қоймайды, соған қоса адам механизмінде жүзеге асатын түрлі құрылғылар мен тетіктердің автоматты әрекеттерін реттеуге әрі аса маңызды рухани міндеттерді шешуге ат салысады. Демек, білім мен тәжірибе арқылы жиналған қор адамдардың «...өз халқының басынан кешірген барша өмірін, салт-сна, қалыптасқан дәстүр, дүниетанымын елестете алуға», «...есте жоқ ескі замандардың сарынын аңғарып, тарихи дәуірлердің дүбірін сезінуге» [53; 23-24-бб.], «...болмыстағы құндылықтарды танып-біліп, заңдылықтарын ашып, олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдар айтуға...», «...адамзат қауымына тән ортақ көзқарас пен құндылықты бағалауға» [53; 31-б.] көмектеседі. Осы орайда тілші «даналық қорды» екі жақты процестердің «ұйытқысы» деп айқындайды. Оның бірін «көненің көзіндей болған...ескі дүние» құраса, екіншісіне «замана талабына сай жаңғыратын, жаңа ұғым-түсініктермен толығатын» жаңару процесі жатқызылды.

Р.Сыздық зерттеулерінің де маңызды бөлігін «қор» ұғымы мен оның тілтанымдық процесте алар өзіндік орнын айқындау мәселесі құрайды. Жалпы теориялық негізде танымдық жүйенің аса қажет бөлігін құрайтын бұл бірлік тілші қолданысында бірнеше бағытта сипатталады. «Сөз құдіретінің» таралу шеңберін жан-жақты талдап көрсеткен Р.Сыздық қорды барлық білім-ғылымның, көркемдеу құралдарының, қоршаған әлемді танудың, ұрпақ тәрбиелеудің, әдеби тілді дамытудың бастауы, қайнар бұлағы деп түсіндіреді. «...поэтикалық фразеологизмдер ғасырлар бойы жинақталады, сондықтан жалпыхалықтық тілдің өзінде қалыптасқан, көпшілік қауымға мағыналары мен қолданылатын орындары айқын қор құрайды. Ақындар, жыраулар, шешендер сол қорды жақсы пайдаланады» [78; 169-б.],- деп аталып көрсетілгендей, кез келген тілдің сан ғасырларды қамтыған қоры «тарихи таным» [79; 25-б.] барысында сұрыпталып, жалпы көпшілікке қызмет етеді, оған бүгіні мен кешегін айқындауға көмектеседі, сол арқылы «сөздік қазына» [55; 105-б.] мен оның қолданылу «уәжі» [55; 104-б.] дәйектеледі. Нәтижесінде тіл білімінің диахронды-синхронды бағыттары өзектеліп, сан салалы тұжырымдар жасалады. Адамның танымдық қоры оның «сөздік қоймасын» [21; 22-б.] да қалыптастырады, барша сөздер мен атаулар таныс және таныс емес топтарға жіктеледі, сөйтіп, олардың жалпы қолданыстағы деңгей-дәрежесі жүйеленеді. Осыған орай, Р.Сыздық «Абайдың сөз өрнегін» талдау барысында ақын шығармаларында кездесетін актив және пассив қор элементтеріне тоқталады, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктеріне мән береді, сол себепті тілшінің «Сөз таңдау» деп аталатын бөлімі де, негізінен, осы екі ұғымның ара-жігін ажыратуға, олардың өзіндік белгілерін сұрыптауға негізделеді. Еңбекте ұлы сөз зергерінің тілдік қоры екі сипатта талданады: біріншіден, «...негізгі идеясына, ойшыл ретінде толғаған тақырыптарына, жанрлық жаңалықтарына сай» [55; 63-б.] қолданылатын «актив сөздік қор»; екіншіден, «Абайдың сөздік қазынасында, сөз таңдауында кездескен, бұл күнде екінің бірі тап басып мағынасын тани бермейтін этнографиялық атаулар сияқты пассив қордағы сөздер» [55; 68-б.]. Адам баласының жадында сақталатын бұл екі қордың да негізін қабылдау, тану, ой желісінен өткізу секілді әрекеттер құрайтындықтан, тілші атап өткендей, олардың қолданылу жиілігі, ең алдымен, «тап басып мағынасын танудан» басталады. Айталық, «...Абай мағынасы күңгірт сөздерге аса үйір болмаған», - дей келе, ғалым суреткер қолданысындағы «жүз жылғы өткен ескілік киім» атауларына тоқталады: «шидем шекпен» («қой жабағысын сыртынан шекпенмен қаптаған күпі), «жарғақ шалбар» («иленген, жүні қырылма жұқа теріден тігілген шалбар») және т.б.; сөйтіп, ақынның оларды «... образ үшін емес, өз заманынан көп бұрын өткен кезеңдегі қазақтардың киіну қалпын оқырманның көз алдына елестету үшін ...тура мағыналарында жұмсағанын» [55; 68-б.] ескерту негізінде «жалпыхалықтық тіл қорының» [55; 70-б.] танымдық деңгейін этностың кешегі тарихымен, бүгінгі дамуымен және ертеңгі мақсат-мүддесімен өлшейді.Тілтанымның пәлсапалық, идеологиялық және эстетикалық ерекшеліктерін зерттеулеріне арқау еткен ғалым «қазақ жазба мәдениетінің» [79; 36-б.] үлгілерімен таныса келе, «сөз таңдаудың, құбылтудың, үндестірудің» [55; 207-б.] тілдік заңдылықтарын терең танымдық талдаулармен шебер сабақтастырады. Автор «өзін-өзі танудың» халықтық, жеке адамдық белгілерімен қатар, «патриоттық», «ғылыми», «ілімдік» [78; 29-б., 9-б.] негіздерін сөз етеді. Мәселен, Ясауи хикметтерінің тілін зерделеген тілші оның танымдық ілімін «құдайды табиғатпен теңдестіретін, табиғатты құдайдың өзіне сіңген деп қарайтын мистикалық пантеизмнің көрінісі» [78; 9-б.],- деп сипаттайды, ал сопылар ілімінің негізін «Адам да табиғаттың бір бөлігі, демек, құдайды тану үшін әуелі адам өзін тануы керек, ол мешіт пен дін басыларының қызметінсіз, зікір салу (құдайды еске алу) арқылы жүзеге асыруға болады» деген тұжырым арқылы анықтап көрсетеді. Демек, әр ілімнің идеялық мазмұны оның пәлсапалық танымымен, өмірлік тәжірибесімен, идеологиялық мақсатымен сабақтасып жататындықтан, әрқайсысының ұрпақ алдындағы құндылығын сұрыптау, қоғамдық қажеттілігін саралау осы аталған танымдық деректер мен ұстанымдардың негізінде мүмкін болады. Р.Сыздық «Ясауи ілімінің танымынша, мораль мен суфизм бір, суфизм – адамгершіліктің бір түрі» [78; 9-б.] деген анықтама негізінде «ясауитанудың» басты мәселелерін жүйелеп талдауды мақсат етті, оның өзекті фактілері қатарында «патриоттық» танымға зер салды. Бұл орайда зерттеуші «...Ясауи мұрасына қазіргі қай түркі халқы ие бола алады, ол қай әдеби тілдің көш бастары; ол «кімнің атасы» деген» [78; 29-б.] сұрақтарға жауап іздеу қажеттігін ескертеді.

«Қазақ табиғатын» қисса-шежірелермен, ақын-жыраулар шығармаларымен сабақтастыра айқындаған ғалымдардың бірі – Б.Әбілқасымов. Оның «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі» [80], «Алғашқы қазақ газеттерінің тілі» [81] атты зерттеулері көпшілікке мәлім. «Халықтық туындылардың» айырмашылығын «...тілінде қазақ ұғымына әбден сіңіскен, қалыпты сөз оралымдары мен бейнелі сөз өрнектерінің молдығымен» [80; 52-б.] сипаттаған тілші «қазақ шындығы», «рухани өмір», «халық талғамы», «дәстүр», «аударма тәжірибесі», «сөздік қор», «бұрыннан бар модельдер» сынды ұғымдық тіркестерді жиі пайдалана отырып, қазақ әдеби тілінің дәстүрлі қалыптасу жолын, даму бағытын қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік жағдайымен, тарихи-этнографиялық өрлеуімен, объективті мәселелермен байланыстырды. Соның нәтижесінде «көне дәуір суретін білдіретін тарихи сөздер» [80; 52-б.] арқылы халықтық таным болмысын, оның негізгі алғышарттарын зерделеуге тырысты. Айталық, жекеленген сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық сипатын дәйектеу мақсатында автор олардың төркініне, этимологиялық негізіне назар аударды, ал кірме элементтердің меңгерілу амалдарын халықтық қор, жады қызметтерінің «активтенуімен» айғақтады. Зерттеуші «...кейбір терминдік мәні бар зат пен құбылыс атауларын қазақтың өз ұғымында бұрыннан бар сөздермен беруге тырысу» тәсілінің байқалатынын ескерте келе, ел санасында орнығар танымдық фактордың маңыздылығын өзектеді, жаңаны да адам бұрыннан таныс модельдер арқылы қабылдап таниды деп ұғынды. Мысалы: аударма тәжірибесінде кездесер ұғымдар табиғатын да ғалым осы үлгіде талдап түсіндірді – «күннің қауымы – солнечная система; жердің жолдасы – спутник земли» және т.б. [80; 74-б.].

«Тілдің, оның даму заңдарын халық тарихымен тығыз байланыста» [82; 14-б.] зерттеген ғалым О.Нақысбековтің еңбектері де жергілікті тілдік ерекшеліктерді анықтауға бағыттала отырып, адам танымының жаңа сөз жасауда не көршілес халықтардан сөз қабылдауда зор қызмет атқаратындығын дәлелдейді. Әр аймақтың лексикалық құрамын сол өңірдегі күделікті өмірге «ең қажетті ұғымдар мен түрлі құбылыстарды білдіру үшін қолданылар» [82; 63-б.] өзгешелігімен сипаттаған тілші «адам, ай, жер, су, мал...» сынды сөздерді «сөздік құрамның негізгі қазығы» деп анықтайды, өйткені, ғалым байқағандай, бұл элементтер қазақ әдеби тілінің де, говордың да құрамында кездеседі. Осыған орай, автор говорларға тән ортақ белгілерді сұрыптап көрсету мақсатында экстратанымдық факторларға да сүйенеді. Бұл қатарда зерттеуші кәсіби лексиканы қалыптастырар себептерге мән береді. Мәселен, «егін, суалдыру шаруашылығы, өсімдік аттары, бау-бақша, жеміс және мал атауларына байланысты сөздердің» [83; 77-б.] белгілі бір аймақтарда кеңінен таралуын ғалым танымдық уәждің ықпалымен бағалады. Халық өмірін жан-жақты қамтыған лексикалық атауларды ғалым ғылыми-теориялық және тәжірибелі-практикалық ұстанымдар арқылы зерделей отырып, әдеби әрі бейәдеби бірліктерді танылу деңгейіне қарай салыстыра айқындады.

«Сөздік қор – аса күрделі тілдік нысан, бірақ көптеген теориялық және практикалық мәселелер үшін оның кейбір қасиеттерін, яғни ең негізгі деген сандық сипаттарын білу жеткілікті» (84; 4-б.) деп тұжырымдаған А.Жұбановтың «Қолданбалы лингвистика: қазақ тілінің статистикасы» деп аталатын еңбегі мәтін ішіндегі тілдік бірліктердің сандық сипаты негізінде танымдық ақпарат мәселесіне арнады. Автор «автоматты түрде өңдеу», «ұзақ мерзімге сақтау», «оларды қажеттігіне қарай іздеп, тауып алу мүмкіндігін» когнитивтік ұстанымдармен байланыстыра отырып, тілдің ішкі табиғатындағы заңдылықтарды оның «қарым-қатынас кезіндегі табиғатымен» (84; 9-б.) түсіндірді. Осы мақсатта тілші «білімді модельдеу» ұғымына мән беріп, тіл білімін логика, математика, психология, кибернетика ғылымдарымен ажырамас бірлікте қарастырды.

«Адам факторының тілдегі көрінісін, тіл мен сол тілді иеленуші адамның (тұтас бір халықтың) ойлау-пайымдау қабілетінің арасындағы байланысты, ұлттық мәдениеттің ұлт тіліне (және керісінше) ықпалын зерттеуде аударма әдебиет көп көмек жасайды» [85; 17-б.] деген тұжырымның авторы А.Алдашева аударма жұмыстың өзіндік белгілерін сұрыптаумен қатар, «ой», «пайым», «қоршаған орта», «бақылау» сынды ұғымдардың да арақатысын зерделеді, себебі ол түпнұсқа мен аударма арасындағы байланысты «жеке адамның ойлау-психикалық қызметінің жемісі» [85; 23-б.] деп пайымдады. Ғалым: «Жазылған дүние, сондай-ақ қабылдаушының да ойлау-пайымдау қабілет-деңгейін ескереді, адамның ойлау-психикалық әрекеті, қоршаған дүниені өз пайымынан өткізуі бірізді, тұйық, «механикалық» түрде жүрмейді. Ой-психика қоршаған дүниені логикалық шындыққа сәйкес тура қабылдайды немесе көріп-білген мағлұматынан әсер алады, алған мағлұматын өзге құбылыстармен теңестіреді, шендестіреді, образдар, суреттер жасайды...» [85; 23-б.],- деп атап өткендей, аудармашы мен қабылдаушы оқырман арасындағы қарым-қатынас танымдық сәйкестіктер арқылы, яки «ұлттық пайымға» негізделген ерекшеліктерді ұғыну арқылы жүзеге асады, яғни екі жақтың бірін-бірі түсінуі не болмаса саналы түрде қабылдауы ортақ суреттердің, бейнелердің, ұғымдардың орын алуы негізінде мүмкін болады. Демек, аударма әдебиет «рухани мәдениеттің бір бөлігі» бола тұра, «мәдениетаралық қарым-қатынастардың кейбір белгілерін,...ұлттық ойсанаға әсер-ықпалын бағамдауға, ғылыми жинақтауға негіз» [85; 21-б.] болар құндылықтар қатарын құрайды. Оған айғақ ретінде тілші ойлаудың образды және логикалық типіне анықтама берді, алғашқысын көркем әдебиетке қажет шарт ретінде қарастырса; кейінгісін ғылыми, ресми стильдермен байланыстырды. Автор айрықша тоқталған тілтанымдық құралдардың бірі – «аудармашылар ұсынатын жаңа, тың ассоциациялар, теңеулер» [85; 31-б.]. Зерттеуші олардың адамның ұқсату әрекетіне негізделген табиғатын «көркем аударманы дербес шығармашылық туынды ретінде бағалауға мүмкіндік беретін...дәлел» деп сипаттады.

Тілдік қордың толығу жолдарын құрайтын мәселелер қатарында ғалымдар сөз мағынасының дамуына, кірме сөздер табиғатына, деривациялық амалдарға, қосымшалар қызметіне ден қойып келеді. Қазақ тіл білімінде синкретизмнің, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы ескі қыпшақ ескерткіштері тілінің сөздік құрамының, ХІ-ХV ғасырлардағы ескерткіштер тілінің, тарихи грамматика негіздерінің, сөз этимологиясының, түбір морфемалардың, жалпы түркітану мәселелерінің қалыптасып, өзектелуі М.Томанов, Қ.Өмірәлиев, Ә.Құрышжанов, Ә.Қайдар, Ә.Ибатов және т.б. көрнекті ғалымдардың есімдерімен тығыз байланысты. Бүгінгі күні аталмыш проблема «аффикстердің эволюциясы», «семантикалық деривация» секілді өзге де ұғымдардың кең көлемде зерттелуімен сипатталады. Лингвистикалық уәждермен қатар, «көптеген ішкі-сыртқы әсерлерге» [86; 19-б.] назар аударған зерттеушілер «Сөздің білдіретін мағынасының өзгеруінің басты себебі – экстралингвистикалық факторлар» [87; 17-б.] екенін қолдай отырып, сөздік құрамның дамуын «сөз бен мағына бірлігінің гносеологиялық, семиотикалық және семантикалық аспектілерін қарастырылуымен» [87; 17-б.] байланыстырды. Осыған орай, тілдік құралдардың құрамдық бірліктерін тарихи таным негіздеріне арқау еткен тілшілер маңызды тілтанымдық арнаның зерттелуін жалғастырды. Бұл ретте Ж.Тектіғұл қазақ тіліндегі түркі негізді қосымшалардың мағыналық дамуын жан-жақты талдап көрсете келе, оның салдарын бірінші «қосымшаның алғашқы нақты мағынасынан жалпылама грамматикалық мағынаның дамуына», екінші оның «қолданылу шеңберінің кеңеюі» мен «қолданылатын семантикалық топтардың көбеюіне» алып келуімен [86; 286-б.] түсіндірді. Үшінші кезекте автор эволюция нәтижесін сөздердің грамматикалық қатарларға қатыстылығымен дәйектеді. Бұл өзгерістердің барлығын зерттеулершілер танымдық процеспен ұштастыра қарастырды. «Сөз мағынасының өзгеруі, дамуы – адамның танымдық іс-әрекетінің нәтижесі» [87; 26-б.],-деп тұжырымдаған Ш.Жалмаханов «семантикалық деривация», «семантикалық реконструкция» терминдерін басшылыққа ала отырып, талдауларын «тіл тарихымен,..халық тарихымен байланыстырды» [87; 47-б.]. Демек, тіл тарихының танымдық арнасына зер салу, оның ұстанымдары мен ұғымдық бірліктерін сұрыптау, сол арқылы диахронды фактілерді аса құнды когнитивтік алғышарттардың бірі ретінде жүйелеу маңызды лингвистикалық мақсат-міндеттердің қойылуын талап етеді.

Тілдік қордың қалыптасу мен дамуын айғақтар құрылымдар қатарында лексикографиялық еңбектердің де маңызы ерекше, сол себепті «Лексикографияның теориясы лексикографияның тарихына, лексикографиядағы отандық және әлемдік дәстүрлерге, сондай-ақ теориялық зерттеулерге сүйенеді» [88; 3-б.] ,-деп атап көрсеткен М.Малбақов сөздіктерді «халықтық білім мен біліктің шежіресі» [88; 5-б.] ретінде жоғары бағалады. Сөздер тарихында «бір тобының ескіріп, екінші бір тобының жаңадан пайда болып жататынын» ескерген автор «тіл тарихындағы түрлі дәуірлерді» ұлт мәдениетімен, әдеби тіл нормаларымен, адамзаттың ғылыми өрлеуімен сабақтастырды. Тілтанымдық ұғымдар тоғысын құрайтын лексикографиялық жұмыстар, бір жағынан, танымдық қорды жинақтаушы функция атқарса; екінші жағынан, норма мен тәжірибе байланысынан бастау алар өзіндік ұстанымдар қатарын түзейді. Осыған орай, аталмыш зерттеуде әрі «лексикографиядағы норма және нормативтілік мәселесі», әрі лексикалық бірліктердің мағыналық динамикасы сөз болады, сондықтан тілші «семантикалық анықтамалар» мен сөз мағынасын түсіндіру тәсілдеріне тілдік және экстратілдік амалдар тұрғысынан тоқталады. Термин сөздерге орай айқындалатын «ғылыми таным» үдерістерімен қатар, «жеке сөздер» табиғатын ашуда кеңінен қолданылатын «ұлттық ерекшелік», «елтанымдық дерек» [88; 300-б.] мәселелерін зерделеу арқылы тілші танымдық фактілердің «сөздік жасау тәжірибесіндегі» маңыздылығына мән берді. «Тұтас бір мәдени әлемнен жұлынып, ойылып алынғандай болмас үшін, ол сөздің елдің рухани және материалдық дүниесіндегі алатын орны жан-жақты ашылуы керек. Сол себепті қосалқы елтанымдық деректердің берілуі де қажеттілік болып табылады» деген автор сөздері соған дәлел.