Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

ТІЛ

ТАНЫМ

Тілтаным

КОГНИЦИЯ

КОНЦЕПТ

КАТЕГОРИЯ

ФРЕЙМ

МЕТАФОРА

ГЕШТАЛЬТ

АССОЦИАЦИЯ

СЦЕНАРИЙ

АНАЛОГИЯ

сурет 7. Тілтанымның негізгі ұғымдық бірліктері

    1. Танымдық және тілтанымдық универсалий негіздері

Адамға тән танымдық әрекеттер тізбегі өзінің болмысы жағынан ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен дамып қалыптасатындықтан, оның табиғи ерекшелігін, функционалды-семантикалық белгілерін, прагматикалық ұстанымдарын, жіктемелік белгілері мен ұғымдық бірліктерін айқындау пәнаралық сабақтастықтың негізінде ғана мүмкін болып отыр. Оған әр салада дамып келе жатқан когнитивтік пәлсапа мен психология, когнитивтік әлеуметтану мен мәдениеттану мәселелерінің өзектелуі дәлел бола алады, себебі бүгінгі күні «Когнитивизм деп адамды хабар өңдеуші жүйе ретінде, ал оның тәртібі мен әрекетін ішкі заңдылықтарға сүйене қалыптасатын құбылыстар есебінде түсіндіретін көзқарастар жиынтығы аталып келеді» [225; 17-б.]. Демек, таным дегеніміз адамның ішкі мүмкіндіктерін сыртқы әсер етуші күштермен байланыстыратын, оның қоршаған әлеммен тұтасқан болмысын сипаттауға мүмкіндік беретін және аралық қатынасты табиғи заңдылық ретінде немесе заттар мен құбылыстардың өзара әсер етуінің салдары деп дәйектейтін маңызды ұғымдардың бірі болып табылады. Осыған орай, таным табиғатын жүйелеп талдауға мүмкіндік беретін жаңа ұғымдар қатарында танымдық универсалий мәселесіне де зейін қою қжеттілігі даусыз. Адамзат атаулының бітім-болмысын, іс-әрекеті мен тіршілігін, қоршаған әлеммен бірлікте даму сипатын зерделеу негізінде қалыптасатын бұл термин ғылымаралық байланысты нығайтуға әрі жаңа теориялық ұстанымдарды өзектеуге мүмкіндік береді. Зерттеуімізде танымдық универсалий деп адамзат жаратылысының психофизиологиялық, әлеуметтік және этномәдени пәлсапасын объективті және субъективті фактілер сабақтастығы негізінде айқындайтын танымдық құндылықтар мен тұжырымдар жүйесі қарастырылды, ал оның жалпы танымдық теорияларын сұрыптайтын факторлар қатарында төмендегідей мәселелер басшылыққа алынды:

  • антропологиялық фактор, яғни адамзат жаратылысымен түсіндірілетін танымдық бірліктер мен ұғымдар жіктемесінің маңызына мән беру. Оларға адам баласының биологиялық және психологиялық потенциалын анықтауға мүмкіндік беретін көру, есту, қабылдау, ойлау, есте сақтау, жаңғырту және т.б. әрекеттері жатады. Аталған амалдардың әрқайсысы жекеленген тұлғалардың қоршаған ортаны пайымдап зерделеуін, белгілі бір заттар мен құбылыстарға зейін қоя қабылдауын, оларды жадыда сақтау талаптарын қамтамасыз етумен қатар, танымдық процестегі адамдық факторды өзектейді, соның арқасында сезіну объектінің субъектіге тән рецептірлік жүйелеріне әсер ету арқылы пайда болатын психикалық ерекшеліктер нәтижесін құраса; қабылдау сол объекті мен субъекті арасындағы тұтасқан байланыстың психикалық өзгешелігін айқындайды. Бұл аталған танымдық сатылардың келесі үлгілері ретінде елестету мен ойлау әрекеттері қарастырылатынын ескерсек, олардың да табиғаты субъектінің ішкі потенциалымен ұштасады. Бірінші кезекте адамның жадыда сақталған танымдық қоры маңызды қызмет атқарса, екіншіде объектінің көзге көріне бермейтін белгілері есепке алынып, сананың функционалды қабілеті жүзеге асады, яғни барлық жағдайда да когнитивтік қағидалар адам болмысымен тығыз байланыста дамып отырады;

  • аялық фактор, яғни «белгілі бір өмір саласына қатысты тілдік ұжым өкілдерінің тілдік және тілдік емес құбылыстар жөніндегі таным-түсінігінен» [96; 17-б.] бастау алатын аялық білімге негізделген бұл фактор адамды барша қоршаған әлемнің бір бөлшегі ретінде қарастыру, оны жан-жақтағы табиғи үйлесімділіктің көрсеткіші есебінде бағалау, сол сияқты тіршілік нормаларын да айналадағы қажеттіліктен туындаған шарттылық тұрғысынан түйіндеу сынды мәселелермен дәйектеледі. Ол, бір жағынан, танымдық әдіснаманың өзіндік даму бағытын сараласа; екінші жағынан, оның универсалды сипатын айғақтауға септігін тигізеді;

  • аксиологиялық фактор, яғни адамзат жаратылысына тән құндылықтар әлемін зерделеуге мүмкіндік беретін бұл ұстанымдар жігі ұрпақтан ұрпаққа сақталып келе жатқан қазына мен асыл мұраның қайнар көзі деп ұғынылады. Оның негізі қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстар арқылы анықталып, танымдық қабылдаудың жалпыға ортақ және жеке этникалық өзгешеліктерін талдап көрсетуге бағытталады. Осыған орай, ғалым В.И.Карасик «Тілдік шеңбер: тұлға, концептілер, дискурс» атты еңбегінде адамзат болмысына тән «құндылықтар кеңістігін» екі негізде талдап көрсетеді: біріншіден, «аксиологиялық вертикаль» немесе тігінен айқындалатын құндылықтар әлемі; оларға автор суперморальді, моральді, утилитарлы, субутилитарлы нормаларды жатқызды; екіншіден, «аксиологиялық горизонталь» яки көлденең сипаттағы құндылықтар қатарында ол жеке тұлғалық, топтық, этномәдени, универсалды нормаларды сөз етті [226; 30-б.].

Танымдық универсалий көлемінде айқындалатын мәселелер адамзат жаратылысын маңызды әрекеттер тізбегі, ішкі-сыртқы байланыстар жиынтығы, мақсат-міндеттер өзегі тұрғысынан анықтаудың; қасиет-қабілетін психофизиологиялық негізде саралаудың; қатысымдық табиғатын әлеуметтік факторлардың ықпалымен зерделеудің және өзіндік құндылығын этномәдени нормалармен таразылаудың ажырамас бөлігі деп бағамдалады. Оның тілдік универсалиймен ұштасқан бірлігі адам туралы ең құнды деректер мен хабарлар жігін тарту ете алады; яғни бұл одақтың құны адамдық фактордың өрісімен, тыныс-тіршілігінің уәжін талдап танумен өлшенеді. «Этимологиялық зерттеулерге қарағанда, лексиканы оның уәжді себептерімен байланыстыра зерделеу типологиялық сипаттағы кейбір заңдылықтарды, жалпы лексикалық бірліктер мен тілдік таңбалардың қалыптасу үдерісін тереңнен түсінуге мүмкіндік беретін тілдік универсалий үзінділерін айқындауға көмектеседі» [92; 12-б.],- деп ғалым К.Хусаинов тұжырымдағандай, тілдік бірліктердің танымдық көкжиегі оның уәжделу заңдылықтарымен сабақтаса отырып, тілдік универсалийдің және сол арқылы танымдық универсалийдің табиғатын да жан-жақты талдап саралауға ықпал етеді. «Әр тілдің өзіне тән төл заңдылығы бар. Сонымен бірге тіл-тілге ортақ заңдылықтар да бар» [95; 21-б.].

Когнитивтік лингвистика ғылымында универсалий мәселесінің бастапқы үлгісін Н.Хомскийдің универсалды грамматикасы айқындағандықтан, В.З.Демьянков оған «барлық тілдерге ортақ белгілерге негізделген ұстанымдар мен өлшемдер жүйесін ұсынатын тіл теориясы» [227; 181-б.] деген анықтама берді. Адамның биологиялық қабілетінен бастау алған бұл теория, автордың айтуына қарағанда, тек тіл құрылымы туралы ғана емес, оның меңгерілу реті мен жекеленген бірліктерінің толығу жолдарын да қамтыған заңдылықтар тізбегі болып табылады, себебі «тіл табиғи дүниенің бір бөлшегін құрайды». Универсалды грамматиканың жақтаушылары тіл атаулының кез келгені сыртқы өзгешеліктеріне қарамастан, өзара ұқсас ішкі құрылымдар мен ұстанымдарға сүйенеді деген көзқарасты ұстанды. Оған дәлел ретінде зерттеушілер баланың тіл меңгеру қабілетін атады, яғни олар «ана тілі» деген тұғырға қатынас арқылы орныққан әр тіл көтеріле алады деп тұжырымдады, себебі Т.Аяпова «Бала өзінен-өзі сөйлеп кетпейді, бала тілінің шығып сөйлеуі үшін тарихи-қоғамдық тәжірибе арқылы қалыптасқан тілдік орта бар» [69; 26-б.]. В.З.Демьянков тіл тарихында универсалий проблемасының сөз болуы 1660 ж. жарық көрген Пор-Рояль грамматикасынан белгілі (авторлары – К.Лансло мен А.Арно) болса да, ғылыми айналымға аталмыш термин тек 1940 ж.- дың соңына таман енді деп есептейді. Кейін 1960 ж.-дан бастап, бұл бағыт танымдық ұстанымдармен байланысса, 1970 ж. ол күшті және әлсіз универсалийлер деген жіктемеге ие болды. «Оған Фергюсон еңбектерінің дүниеге келуі түрткі болды», - дей отырып, ғалым тілдік қабілеттің туа бітетін ерекшелігіне орай, олардың алғашқысын когницияға емес, тілдік қабілетке қатысты анықтаса, екіншісін, керісінше, адамзаттың жалпы ойлау мен тану мүмкіндіктерінен өрбіте түсіндірді [227; 182-б.].

Адам болмысының аса құнды бөлігін құрайтын танымдық әрекеттерді

оның тілімен, сөйлеу әрекетімен ұштаса зерттеу жаңа ғылыми жетістіктердің көрсеткішін құрай отырып, «танымдық төңкерілістің» тың бағыт-белесін айқындап, маңызды пәнаралық ізденістерді өзектеді. Келесі мәселелер тобы тіл мен таным байланысын дәйектейтін когнитивтік лингвистика ережелерін қамтуға негізделді. „Адамзат тілі – санамен ұштасар, құпиясы мол құбылыстардың бірі. Тілді қолдану табиғи жолмен жүзеге асатындықтан, адамдар оның күрделі де керемет құрылымына мән бермейді. Тіл адам үшін хабар берудің ауыстырылмас құралы, өз ойын білдірудің ең бай амалы әрі мәдени дамудың ажырамас бөлшегі...” [228; 18-б.]. Олай болса, алуан түрлі факторлардың ықпалымен түсіндірілетін тілдік универсалий табиғаты, ең алдымен, адам атаулының жаратылысымен, өзге тіршілік иелерінен ерекшеленер болмысымен айғақталары сөзсіз. Жекеленген өзгешеліктеріне қарамастан, барлық тілдердің ортақ заңдылықтар мен ұстанымдарға сүйене қалыптасып дамуы, яғни ұқсас қағидалар мен құбылыстарға тәуелді болуы жалпы тіл табиғатына, оның атқарар қызметіне тән шарттардың біріне жататыны сөзсіз. Демек, лингвистикалық универсалийдің бастауын адамзаттың физио-психологиялық тегі арқылы анықталатын танымдық әрекеттер тізбегінің ұқсастығынан өрбіткен абзал. Тіл мен таным сабақтастығы, оларың жалпы адамзатқа ортақ белгілері бүгінгі күні тілдік зерттеулердің бағыт-бағдарымен анықтаумен қатар, жаңа мақсат-міндеттерін шешуге де қолайлы жағдай жасап келеді. Оған дәлел ретінде тілдер арасындағы байланыстар мен қарым-қатынастар негізінде сұрыпталатын универсалды грамматика ұстанымдарын келтіруге болады. Пәнаралық тоғысуға негізделген аталмыш теория тіл мен ойлау жүйелерін дамытуға септігін тигізе отырып, тілтанымдық универсалийдің бірінші өзгешелігін сипаттап берді. Жоғарыда сөз болған Н.Хомскийдің универсалды грамматикасы формальды универсалий нормаларына сүйеніп, зерттеу нысанын тіл-тілге тән универсалды формаларға бағыттағандықтан, тілтанымдық ұқсастықтардың алғашқы бастамасын сұрыптады. Айталық, барлық тілдерде грамматикалық категория ұғымының бар екенін ескерсек, онда жекеленген сөз таптарының да, сөз құрылымын дәйектейтін қосымшалардың да болатындығын анықтау қиынға соқпас. Тілдік бірліктердің табиғатындағы форма мен мағына бірлігі формальды универсалийге қарама-қарсы дербес универсалий ұстанымдарының да орын алатынын дәлелдей алады, себебі формалық ұқсастықтар мағыналық-мазмұндық жағынан ортақ белгілерді уәждеуге, олардың өзіндік қалыптасу кезеңдерін салыстыруға қажет болар алғышарттар тізбегін құрайды. 1965 ж. жарық көрген Н.Хомскийдің „Синтаксис теориясының аспектілері” атты еңбегінде келтірілген „барлық тілдерде туыстық атауларды білдіретін зат есімдер мен түр-түсті айқындайтын сын есімдер болады” деген тұжырымы [229] бұл пікірімізді растай түседі. Екінші тілтанымдық универсалийлер тізбегін абсолютті және шартты универсалийлер топтайды. Бұл өзгешеліктер тілдік ұқсастықтардың таралу дәрежесімен сипатталады. Кейбір ортақ белгілер барлық тілдерді қамту деңгейімен нақтыланса, ендігілері олардың шартты түрде ғана логикалық жолмен айғақталуы арқылы негізделеді. Осыған орай, Дж.Гринбергтің айтуына қарағанда, тіл-тілде қызыл түсті білдіретін атаулардың кездесуі ол тілдерде қара мен ақ түстерінің де атаулары барын дәйектей алады [230]. Демек, танымдық универсалий мен тілдік универсалий қағидаларын басшылыққа ала дүниеге келген тілтанымдық универсалий негіздері тілдік құралдардың екі жақты сипатын анықтауға әрі оның статистикалық есебін болжап түсіндіруге мүмкіндік бере келе, танымдық ұғымдардың тілдік талдауларда атқарар қызметін саралауға, оның антропоцентристік маңызын өзектеуге де көп үлес қосады, сондықтан оның пайда болуын айқындайтын факторлар қатарында келесі мәселелерді негізге алған дұрыс:

  • антропо-типологиялық фактордың маңызына зер салу, яғни тілтанымдық ұқсастықтардың табиғатын адам жаратылысының жалпы даму заңдылықтарымен, тілдің пайда болу тарихымен әрі тілдік қатынастың нормативті көрсеткіштерін жүзеге асыратын тұлғалардың ортақ физиологиялық болмысымен түсіндіру;

  • ареалды-аялық фактор негізінде тілтанымдық универсалийдің ұстанымдарын дәйектейтін мәселелер қатарында адамдардың қоршаған әлемі мен өмір сүріп отырған ортасын, көршілес қауымдардың ықпал-әсерін қарастыру, екінші кезекте олардың „әлемнің тілдік бейнесін” жасаудағы ортақ танымдық әрекеттеріне зейін қою, өзара ұқсас заңдылықтарын айқындау;

  • аксио-генеологиялық фактордың әсерімен тілтанымның құндылықтар әлемін, ортақ әлеуметтік- мәдени шарттарын тектік, туыстық жақындықпен дәлелдеп түсіндіру, сол арқылы адамзат жаратылысын айғақтар этика-эстетика нормаларына, қоғамдық және ұлттық сана-сезіміне мән беру.

Тілдік және танымдық ұқсастықтардың басты шарттарын сабақтастыру негізінде жинақталған бұл факторлар қазақ тіл білімінде жүргізілген лингво-когнитивтік зерттеулердің де бағытын анықтап, олардың ұғымдық аясы мен теориялық ұстанымдарын дәйектейді, сол себепті келесі бөлімдерде жалпыадамзат танымының қағидалары, әрекеттері мен бірліктері синхронды-диахронды тұрғыдан қарастырылып, қазақ тілшілерінің ғылыми еңбектері арқылы өзектеліп көрсетілді.

Тілтанымның универсалды заңдылықтары нақты болмаса да, жалпы тіл білімінде жекеленген мақалалар көлемінде сөз болып жүр. Айталық, Е.М.Панина „Лингвистикалық универсалийлерді зерттеудегі рационализм мен эмпиризм” атты мақаласында универсалий табиғатын зерделеу бүгінгі күні екі бағыттың жүзеге асуы арқылы дамып отыр деп атап көрсетті. Олар:

  • рационалистік бағыт;

  • эмпирикалық бағыт.

Әрқайсысының даму ерекшелігін саралап өткен ғалым „Біріншісі Н.Хомский негізін қалаған генеративті лингвистика аясында қалыптасса, екіншісі табиғи тілдердің типологиясын зерттеу барысында негізделді. Лингвистикалық рационализмнің маңызды алғышарттарын адамның сөйлеу әрекетін түсіндіруге мүмкіндік беретін адамзат психикасының туа біткен құрылымына қайта оралу, тілді қатаң алгоритмдік жүйе деп қарастыру, қажеттілікті тіл туралы білімді жинақтаудың өзегі ретінде тану, дедуктивті әдіс пен тілдік талдаудың формальды сипатын қолдану сияқты мәселелер құраса, эмпиризм үшін кез келген туа біткен білімдерді мойындамау, керісінше, зерттеу нысаны ретінде нақты тілдік тәжірибелер негізінде айғақталған фактілерге зейін қою, сөйтіп, индуктивті әдіске сүйену тән болып келеді” [228; 18-б.] деген қорытынды жасады. Демек, генеративті теорияға негізделген рационализм мен типологиялық теориядан бастау алған эмпиризм ұстанымдары лингвистикадағы тіл мен танымның универсалды байланысын анықтайтындықтан, алғашқы когнитивтік зерттеулердің көпшілігі тілдік талдаудың сипаттама түрінен түсіндіру, дәлелдеу амалына өте отырып, жүзеге асқан.

Н.Хомскийдің грамматикасы адамның тіл туралы білімін оқып үйренуге, оның табиғаты хақында болжамдар жасауға негізделген. Тілтанымдық универсалийдің бастапқы тұжырымдары да бала тілін зерттеуге, оның тіл үйрену қабілетін зерделеуге арналды. Нәтижесінде ғалым 1975 жылы жарық көрген „Тілдегі қатынастар” деген зерттеуінде адам генотипін құрайтын элементке немесе оған туа бітетін арнайы лингвистикалық ұстанымдарға сүйене келе, сөйлемдерді құрау процесінің жүзеге асу жолдарын сұрыптады [231]. Кейін 1984 жылы Э.Леннеберг өзінің „Тілдің биологиялық негіздері” атты жұмысында бұл теорияны дамытып, тілді адамға тән танымдық әрекеттің салдары деп түсіндірді, соның негізінде тіл құрылымын да адамзат танымының биологиялық өзгешелігі тұрғысынан сипаттады [232]. С.Пинкердің „Тілдік инстикт” атты ізденісі лингвистикалық универсалий туралы генеративті көзқарастарды таным теориясының эволюциялық ұстанымдарымен сабақтастыруды мақсат етті, сондықтан ол адам қоршаған мәдени ортаның әсерімен қалыптасады дей отырып, „Қоғамдық Ғылымдардың Қалыпты Үлгісін” [233; 23-б.] жасауға тырысты. Бұл еңбектер рационализм бағытын ұстанып, болжалды дедукциялық тұжырымдардың дүниеге келуіне әсер етті. Ал, эмпирикалық бағыттың дамуына Дж.Гринберг бастаған бір топ ғалымдардың ықпалы күшті болды. Олар тілдерге тән ортақ белгілерді зерттеуде жаңа амал-тәсілдерді ұсынумен қатар, жаңа танымдық теорияларды қалыптастырды, сөйтіп, генеративистерге қарағанда, нақты тілдік материалдарды қолданып, универсалды сипаттамаларға қол жеткізді. Егер генеративті теорияда универсалийдің субстанционалды және формальды түрлері белгілі болса (яғни, біріншіден, кез келген тілдің қажет болар не мүмкін-мүмкін емес ұқсастықтары сөз болса, екіншіден, олардың грамматикалық заңдылықтарын анықтайтын формалар негізге алынған болатын), типологиялық теорияда оған тілде қажет деп таныла бермейтін статикалық универсалийлер мен корреляцияларды анықтау көзделді, ол үшін индуктивті немесе эмпирикалық амал-тәсілдер басшылыққа алынды.

Ж.Манкеева: „...адамға тән бұл әмбебап танымдық үлгілер (модельдер)– тілдің „терең құрылымдарында” туатын тілдің күрделі когнитивтік қызметінің жемісі. Бұл арада когнитивтік модельдер адамның ойы мен санасының арасындағы аралық бейнені көрсетеді” [63; 40-б.],-деп көрсеткендей, адамның тілдік және танымдық мүмкіндіктерінде байқалатын ортақ құбылыстар мен ұстанымдарды таза рационалистік немесе таза эмпирикалық бағытта қарастырған дұрыс болмас еді, себебі адамзат болмысын айқындайтын фактілердің кез келгенін зерттеу барысында болжалды гипотезалық тәсілдер мен индуктивті амалдар қатар, яки кезек-кезек қолданылғанда ғана жан-жақты әрі маңызды тұжырымдар жасау мүмкіндігі туындайды. „Шын мәнінде, тіл білімінде таза эмпиризмді не таза рационализмді кездестіре алмаймыз. Бірде бір рационалист тәжірибелік деректердің маңыздылығын жоққа шығармайтындықтан, бірде бір эмпирист болжамдар мен жалпылаулардың тіл білімінде атқарар қызметін назардан тыс қалдыра алмайды. Универсалды грамматикаларды зерттеу де бұл екі процестің бірлігін дәйектейді” [228; 27-б.]. Тілтанымдық универсалийдің динамикалық дамуы мен диалектикалық қозғалысы оның табиғатын айқындауда жетекші қызмет атқара отырып, тың теориялық қағидалардың өзектелуіне түрткі болды.

„Лингвистика адамның метафункционалды табиғатын өзінің тілдік шеңбері мен мәдениеті арқылы әрі өзгенің мәдени дамуы негізінде анықтауға мүмкіндік береді. Адам болу дегеніміз – шекаралардан аттай отырып, әр түрлі мәдениеттер тоғысын құрайтын әлемде өз мәдениетіңнің құндылығын сақтай білу” [226; 434-б.] екенін ескерсек, тілтанымдық универсалийдің аясы оның антропологиялық маңыздылығымен, логикалық жүйелілігімен әрі пәлсапалық бастауымен айғақталады. Демек, тілтанымдық универсалий дегеніміз - адамзат атаулыға ортақ тілдік және танымдық универсалий нормаларынан бастау алатын, өзіндік ұғымдық аясы мен әдіснамалық негізі анықталған ұстанымдар жиынтығы.