Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ОРАЗАЛИЕВА когнитивтк парадигма.doc
Скачиваний:
186
Добавлен:
16.02.2016
Размер:
2.22 Mб
Скачать

3.2 Тілдің универсалды табиғаты және когнитивтік лингвистика

ХХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов лингвистикалық зерттеулерді жаңа мазмұнда, жаңа идеялық бағытта дамыту қажеттігіне назар аударды. А.Байтұрсынұлының „Тіл - құралын” жоғары бағалай келе, ғалым „...тіл құбылыстарын жалаң түр жағын ғана зерттеумен біліп болмайды. Бұл – сөзсіз сыңаржақтық...Түр-форма деген тілде жоқ белгі емес, бар нәрсе...түр тілдің бар тарауы емес, бір тарауы” [8; 39-б.] деген аса құнды қорытынды жасады. Сөйтіп, тілші адам әрекеті мен танымының тіл дамуындағы орнын айғақтау үшін, „Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде” „...өте алыс экскурстерге” баруды дұрыс деп есептеді. Әр пікірін халық санасына жақындата отырып, зерттеуші адамның жадында сақталар танымдық „ұғырдарға”, „көрініс қалыптарға”, „образдарға”, „ұқсата атауларға” тоқталды, олардың жаңа ұғым мен сөз жасауға қатысын сұрыптады. Бұл ретте автор танымдық қорға негіз болар әлеуметтік-мәдени тәжірибемізді „әуелі көзқарас”[8; 95-б.],-деп атады. Нәтижесінде лингвистикалық зерттеулердің тек деректанымдық көздері ғана емес, теориялық принциптері де жаңа ғылыми көзқарастармен толығып, пәнаралық байланысқа негізделген маңызды салалар дүниеге келді. Осыған орай, А.А.Леонтьев „таза лингвистика” негіздерін сынай отырып, лингвистика „сахнасына” жаңа мәселелердің шығып келе жатқанын мәлімдеді. Ол бүгінгі тіл ғылымы адамды тануға, тілдің биологиялық, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктерін сұрыптауға бағытталады дей келе, жаңа лингвистикалық ізденістер жіктемесін ұсынды :

  • тіл білімінің қолданбалы сипаттағы принциптері, олардың дәйектелуі;

  • психолингвистикаға, нейролингвистикаға немесе әлеуметтік лингвистикаға ауыса отырып дамитын тіл ғылымы;

  • логика не болмаса пәлсапа ілімдерімен байланыса отырып қалыптасатын тіл білімдері.

Ғалымның айтуына қарағанда, аталмыш салалар тілдік проблемаларды өзге қырынан шешуге әрі тілдің бар табиғатын тануға көмектеседі [168; 308-б.].

Қазіргі ғылымдар өзара сабақтасқан, тығыз байланысқа түскен жүйенің құрамды бөліктеріне айналып отырғандықтан, В.А.Звегинцев атап көрсеткендей, «Кез келген ғылым үшін өз шекараларын белгілеу, әрине, заңды нәрсе. Шекара белгілеу дегеніміз зерттеу бағыттарын, олардың әдіс-тәсілдері мен қарастыратын мәселелерін анықтау болып табылады Алайда, ғылымның өзін жабық жүйе ретінде саралауға болмайтынын ескерсек әрі оның әрдайым даму мен қозғалыс үстінде болатындығына мән берсек, онда ғылым үшін қатып қалған шекаралардың орнығуы мүмкін емес дегенді де еріксіз мойындауымыз керек, яғни ғылымның динамикалық, шығармашылық және «ашық» мінезі оның қозғалмалы табиғатын түсіндіре алады...» [169; 5-б.]. Демек, өзге ғылымдар қатарында тілдің универсалды өзгешелігі, адам әрекетінің, тыныс-тіршілігінің барлық жақтарымен байланысу қабілеті, қоғамдық қатынастарды реттеу, жүйелеу мүмкіндігі – бәрі дерлік оны зерттеп талдайтын тіл білімінің аясын кеңейтуге, пәнаралық сабақтастық негізінде өзектілігін дәлелдеуге және маңыздылығын дәріптеуге септігін тигізеді. С.Аманжолов дәл ескерткендей, өйткені олар - «бірін-бірі толықтыратын, біріне бірі материал беретін ғылымдар» [10; 48-б.]. Олай болса, бір ғана емес, жоғарыда аталған барша ілімдер сабақтастығына негізделе дүниеге келген маңызды лингвистикалық салалардың бірі, қазіргі тіл білімінің маңызды мәселелерін, соның ішінде тілдің танымдық қызметін аса құнды қағидаларға сүйене айқындауға мүмкіндік беретін когнитивтік лингвистиканың қалыптасып дамуы уақыт пен заман талабынан туындаған қажеттілік болып табылады. Тіл ғылымының бұл саласы адамның ойлау жүйесінің табиғатын, ішкі заңдылықтарын қарастырудың жаңа үлгісін құрады. “Тіл – амал, құрал, оның арқасында адам бірімен- бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсініседі. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Демек, адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды” [10; 89-90-бб.],- деп көрнекті ғалым С.Аманжолов атап көрсеткендей, тіл мен таным ұғымдарының сабақтастығы, тілдік құралдар арқылы адам санасында орнығатын танымдық бейнелер мен үлгілер – барлығы осы маңызды лингвистикалық бағыттың зерттеу нысанын сұрыптайды. Психология, логика, пәлсапа ұстанымдарымен тығыз байланыста айқындала отырып, когнитивтік лингвистика сана, қабылдау, сыртқы әлеммен үздіксіз байланыста болу, тану, бақылау, пайымдау сияқты ұғымдардың ұштасуы негізінде дәйектеліп келеді. Бүгінгі күні лингвотанымдық зерттеулер тілді танымдық әрекеттің жемісі деп қарастыру арқылы адам бойындағы ерекше табиғи қабілеттерге көңіл бөлуді мақсат етіп отыр. Когнитивистер адам саналы түрде тілді қолданбайды, ол рефлексті түрде санасында орныққан танымдық қорды ретімен пайдалану арқылы қарым-қатынас жасайды, ойын сыртқа шығарады, пікірін айтады, тіпті жаңа затты да сәйкестендіре-салыстыра таниды деп есептейді. Оның негізінде тілдің екі түрлі ерекшелігі жататындығын ескерген ғалымдар тілді әрі қоршаған ортаны тану құралы, әрі терминдерді қалыптастыру мүмкіндіктері қатарында қарастырады (Томахин, 1984; Касевич, 1990, Колшанский, 1990). В.И.Постовалова тіл әлемдік бейненің маңызды бөлшегі, ол өзге әлемдік құндылықтарды түсіндіру құралы деп пайымдайды [11]. Осы орайда, ғалымдар тілдік мағыналарда бүтіндей қоғам қабылдаған, жеке тұлғалар арқылы қолданыс тапқан мәдени дүниені тану, адамның өзін-өзі бағалау көріністерін кездестіруіміз заңды болады деген қорытындыға келеді. Тіл мен оның ішкі-сыртқы мүмкіндіктерін саралайтын бірліктерді таза формалық көрсеткіш ретінде ғана емес, идеялық, ұлттық-мәдени, танымдық, бағалағыштық мазмұндағы элементтер деп қарастыру қажеттігі - сан ғасырлар бойы өзектеліп келе жатқан лингвистикалық мәселелердің бірі. Соған қарамастан, қазіргі тілдік зерттеулер ой, таным, тіл ұғымдарының ажырамас бірлігіне негізделген тың теориялық тұжырымдармен, ғылыми ұстанымдармен әр кез толығып отырады. Тілдің қоршаған болмыспен қарым-қатынасын анықтау, олардың үйлесімді сабақтастығын сұрыптау, бір-біріне құрал болар қабілеттерін жүйелеу, филогенез, этногенез принциптерін ғылымаралық байланыстың нәтижесі деп зерделеу секілді мәселелердің баршасы адам мен оны қоршаған әлем заңдылықтарынан туындайтын факторлар ретінде танылғанда ғана, адам санасының қызметі, қабылдау, тану әрекетінің табиғаты шынайы дүние арқылы, оның әсері негізінде қалыптасқан құбылыстар деп айқындалар. Соның негізінде „...шындықтан ой арқылы тілге жеткен және, керісінше, тіл арқылы ой тізбегімен шындыққа қайта оралған хабарлар мен деректер” [170; 22-б.] болмысын саралау мүмкіндігі пайда болады. Табиғи дамудың, адамзат жаратылысының керемет механизмін құраған бұл процестер көп жағдайда автоматты түрде жүзеге асып отыратындықтан, олардың бір-біріне өту кезеңдерін, әрқайсысына тән қабаттарын бөліп қарастыру қиынға соғады. Әйтсе де, асқан үйлесімділікпен, шебер орныққан заңдылықпен, рефлексті түрде реттелетін тәртіппен сабақтасқан бұл ұғымдардың бір күйден екінші күйге ауыса отырып, бірін-бірі айқындауы ғалымдар назарынан тыс қалмай, жан-жақты зерттеулерге негіз болып келеді.

Тіл мен таным, қоршаған ортаны қабылдау және сұрыптау ұстанымдары, ең алдымен, тілдің универсалды ерекше табиғатынан, жалпы адамзат өмірінде атқарар қызметінен туындайды. Генеологиялық, типологиялық, ареалды факторлардың негізінде адам баласының тілі туралы ғана емес, танымы туралы да мәлімет алуға болары хақ. Тілтанымдық ұстанымдар тілдің табиғатын, қызметін айқындауға бағытталған зерттеулердің көпшілігінде орын алған, себебі тілдік құралдарды, жасалған ой түйіндерін айтушы не сөйлеуші тұлғасынан не болмаса қоршаған әлемнің тигізер әсерінен бөліп қарастыруға болмайды. Адамзат тілінің танымдық құрал, білім мен тәжірибе жинау қоры ретінде қарастырылуы – шынайы болмысты танудың, оның мәнін түсінуге талпынудың бірден-бір жолы, сондықтан „...шетел тіл білімінде когнитивтік бағыт семантиканың әр түрлі қырларын танып білудің салдарынан туындаса, біздің елде оның қалыптасуына номинация, яғни ат қою саласында жүргізілген зерттеулер түрткі болды” деген когнитивистер пікірі дәйектеліп, жаңа тілдік теорияның негізі „тілдегі форма мен мағына мәселелерінің семасиологиялық және оносемасиологиялық деңгейлері” [171; 37-44-б.] арқылы айқындалды. Оған дәлел ретінде көрнекті ғалым Қ.Жұбанов ерекше тоқтала сипаттаған ат қою процесінің даму өзгешелігін атауға болады. „Дүниеге көзқарас арқылы да нәрсеге ат қойылады... Тұрмыста пайдаға асқан затқа ат қойылады немесе бір зат зиянды болса, соған ат қойылады [8; 94-95-бб.],- дей отырып, тілші жалпы есімдер мен жалқы есімдер табиғатындағы „жақындық пен аулақтық тенденцияларына” көңіл аударды. Автор заттарға ат қою процесі „...өздері жоқ жерде сөз қылу” мақсатынан туындаған деп есептеді. Алғашқы дәуірлерден-ақ бастау алған бұл процесс адамның танымын, сыртқы ортамен байланысын айқын көрсететіндіктен, автордың болмыс пен тіл әлемін ұштастырған мәселеге көңіл бөлуі заңды болар деген ойдамыз. Барша қоршаған дүниеден ат қою кезінде тек адам назар аударған не қажет деп тапқан объктілер ескерілетіндіктен, аталмыш процеске бақылау, сұрыптау әрекеттері қатысатыны анық, сондықтан лингвист Е.С.Кубрякова да „...ат қою кезінде тек адам әрекеті бағытталған, адам ойы тоқталған объектілер ғана нысанаға алынады” деп тұжырымдайды [172; 37-б.]. „...тарихи әр кезеңдегі жалқы есімдер құрамы қоғамның бет-бейнесін айқындайды” [61; 6-б.] деп көрсетілгендей, тілді немесе қоршаған әлемді зерттеуге арналған тұжырымдар әр ғылым саласында, соның ішінде лингвистикада, Ж.Фолконьенің айтуына қағанда, „тілде я болмаса тіл арқылы бекітілген деректер мен ілімдер” арқылы дәйектеледі. Когнитивистер әлемдік бейне тек тіл арқылы қалыпқа келтіріліп, қайта өркендеуі мүмкін деп пайымдайды. Олар „сыртқы тіл” мен „ішкі тіл” ерекшеліктерін талдау арқылы адам ойының ішкі сипаты және сыртқа шыққан бейнесі сияқты ұғымдарға мән береді. Бұл ретте жалпы тіл білімінде тіл философиясын дамытқан В.фон Гумбольдт тұжырымдарын атаған орынды. Автор сыртқы тіл негізінде тілдің құрылымдық-жүйелік ерекшелігін, яғни формалық табиғатын сұрыптаса, ішкі тіл мәселесін анықтауда „рух” ұғымына өзгеше назар аударды. Осы орайда, ішкі тіл адамның, халықтың рухын танытатын құбылыс деп қарастырылды, сондықтан рух болмысы үнемі қозғалыс пен даму үстінде болатын тіл негіздері арқылы анықталады деген тұжырымның бастамасы жасалды. Айтылған пікірдің ұтымды жалғасы ретінде қазіргі лингвистердің „ішкі лексикон” ұғымына берген сипаттамасын келтіруге болады. Айталық Е.С.Кубрякова оны тілдің аккумулятивті қызметімен байланыстыра дамытады. Оның пікіріне сүйенер болсақ, бұл ұғым адам тұжырымдамаларының қоры, тәжірибесінің жүйеленер орны болып табылады [173; 96-б.], себебі адам бейнелеуіндегі әлем, бір жағынан, жеке тұлғаның субъективті танымының жемісі болса, екінші жағынан, ол кез келген қабылдаудың астарында жататын қоғамдық факторлармен де үздіксіз байланыста дамитын ортақ тәжірибелік көрсеткіш ретінде қарастырылады.

Когнитивтік лингвистика дегеніміз – танымдық құрылымдардың лингвистикалық сәйкестіктері мен мүмкіндіктерін анықтау, белгілі бір тілдік жағдайды қойылатын мақсатқа, әсер етуші себеп-салдарға орай әр түрлі тілдік құралдар арқылы сипаттау, олардың әр келкі деңгейде қабылдану өзгешелігін зерделеу. „Когнитивтік лингивстика – тілді жалпы танымдық механизм ретінде қарастыратын бағыт” [174; 21-б.], сол себепті тілдік құрылымдардың ақпаратты өңдеу барысындағы қызметін айқындау, өзге танымдық құбылыстармен байланысын сұрыптау аталмыш саланың негізгі мәселелерін жүйелеуге көмектеседі. Мәселен, айтылған ой сөйлеушінің мүддесіне, көзқарасына, берілген эмоционалды бағасына әрі жағдайдың нақтылану үлгісіне және өзге де сыртқы факторлардың әсеріне тәуелді болады, осы аталған көрсеткіштер негізінде айтылым қабылданады және жадыда сақталады, яғни сөйлеуші мен тыңдаушының ішкі танымдық құрылымы мен динамикасын сипаттау және түсіндіру үдерістері тілтанымдық алғышарттарды қалыптастырады. Тілші Қ.Жұбанов „ұжым болып қатынасудың” тілден басқа да амалдары болады деп есептеді, оның себебін ғалым „құбылыс – көп, сөз - аз” [8; 92-б.] деген пікірімен дәлелдеді. Осындай хабарласу амалдарының қатарында „Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерде” сурет өнері, опера алдындағы увертюра, сюжетті музыкамен сүйемелдеу, үлкен ғимарат әшекейлерінен алынатын хабарлар қарастырылды. Аталған амалдар мен тілдік қатынастың ұқсастығын Қ.Жұбанов екі маңызды фактормен жүйеледі: „1) ...психологиялық қиялдан туған жорамал. Мұның аты – берілуге тиісті хабардың керегін айтып, керек емесін бүгіп қалу. Осы шала айтылған формалар да айтушының негізгі ойымен, мақсатымен астарлас. 2) Хабарласудың осы екі амалында да образдылық бар...” [8; 96-97-бб.]. Олай болса, бұл ерекшеліктер адамға әсер етер танымдық универсалий ұстанымдарын дәйектей отырып, тілмен қатар қарым-қатынастағы түрлі хабарларды жеткізу мақсатында қолданылатын амал-тәсілдердің табиғатын сұрыптауға, олардың ерекшеліктері мен ұқсастықтарын айқындауға және дүниені танудың ортақ заңдылықтарын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Қарым-қатынас нормалары тілдік және „үндемей сөйлейтін” бейвербалды амалдар арқылы да жүзеге асып отыратындықтан, адам танымының даму сатылары қатарында жеке тұлғалардың сыртқы бет-пішіні, жанары, дауыс ырғағы, жүріс-тұрысы да сипатталады. Олар тілдік жағдайдың тыңдаушыға ықпалын негіздейтін, бақылаушының танымын уәждейтін құралдар ретінде танылып, антропоцентристік зерттеулердің психо-әлеуметтік негіздерін когнитивті тұрғыдан айғақтауға септігін тигізеді. Тілдік универсалий секілді танымдық универсалий де жалпыадамзаттық биофизиологиялық бірліктен, шығу, пайда болу тарихынан, өмір сүру принциптерінен, халықаралық байланыстардан бастау алатындықтан, адамның тілдік әрекеті жалпыға ортақ танымдық қабілеттерден туындайды деген тұжырым негізінде бейнелерді құрастыру, логикалық қорытындылар жасау, таныс мәліметтерден жаңа деректер жасау не алу, оларды жоспарлау мен жүзеге асыру сынды ерекшеліктер жатады. Демек, адамзат болмысының маңызды бірлігі болып табылатын когнитивті шарттар, танымдық сәйкестіктер, тілдік пайымдар - адам табиғатын зерделеп танудың бірден-бір құралы. Кезінде В.Крофттың „...адам тек болмысты меңгеріп қана қоймайды, ол оны әрі арнайы мақсаттарда бағыттап ұйымдастырады да” [175; 271-б.] деген сөздері соған дәлел. Адам өзіне дейін қалыптасқан тәжірибені басшылыққа алады, дамытады, сол арқылы жаңа ұғымдарды жасайды, тың негіздегі таным көкжиектерін белгілейді. Сол себепті адам танымының нысанын да алуан түрлі идялар мен оларды тудыратын әрекеттер құрайды. Мысалы:

  1. адам сезімі арқылы қабылданатын идеялар;

  2. адамның ойлау ерекшелігі мен эмоциялық қалпы дәйектейтін идеялар тізбегі;

  3. адамның есте сақтау мен қиялдау әрекеттері арқылы дүниеге келген идеялар;

  4. жоғарыда аталған әрекеттердің сабақтасуы не болмаса жіктелуі негізінде пайда болған ой түйіндері [176; 171-б.].

Жаңа теориялық бағыт қоршаған табиғи болмысты адам қолданысындағы сөйлесім формалары арқылы, олардың мазмұндық сипаты негізінде талдауды ұсынады. Сөйтіп, танымдық нысананы адамдық әрекеттермен ұштастыра қарастыру қажеттігін дәлелдейді. Н.Хомский тіл мен таным процестерінің тоғыса байланысуын талдай келе, төмендегідей сұрақтарға жауап іздеді:

  • Бұл қандай ілімдер жиынтығы?

  • Ағылшын, испан, жапон тілдерінде сөйлейтін адамдар санасында не бар?

  • Бұл ілімдер жүйесі адам санасында қалай пайда болды?

  • Олар сөйлесімде қалай қолданыс табады?

  • Қандай физикалық механизмдер оған, оны қолдануға материалдық негіз бола алады? [177].

Тілдің байлығы тек сөздік қор мен сөздік құрамның, грамматикалық мүмкіндіктердің молдығымен айқындалмайды, бұл ретте ұттық тілдік тұлғаны қалыптастыратын танымдық жүйелердің, психо-әлеуметтік құрылғылардың, ұлттық-мәдени бірліктердің байлығы да ескерілу керек, яғни тілтаным ғылымы тілдік құралдардың көмегімен адам болмысын айқындауды, оның қоғамдық ортасын сұрыптап көрсетуді және қоршаған табиғат заңдылықтарын уәждеп талдауды мақсат етеді. Адамның танымдық қабілеттері, когниция құрылымы мен оған сәйкес айқындалатын сана функциялары адамзат атаулының когнитивті ерекшеліктерін құрылымдық және жүйелік негізде сұрыптауға, оның психикасының танымдық аппаратын дәйектеп талдауға бағытталады. Бұлардың барлығы адам миының қызметін реттей отырып, танымдық әрекеттердің жүзеге асуын қамтамасыз ететіндіктен, аталмыш саланың басты мақсатын сана моделін жасау, оның биобағдарламасы мен өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасатын өзгешеліктерін анықтау мәселелері құрайды. Осы орайда, когнитивті лингвистиканың бірқатар ұғымдары мен ғылыми ұстанымдары қазіргі қазақстандық тіл білімінің де өзекті бағыттарын саралауға мүмкіндік беріп отыр.

Танымдық немесе когнитивтік лингвистика мәселелері ғалымдар назарына аталмыш терминнің пайда болуынан әлде-қайда ертерек ілікті. Когнитивтік терминдер сөздігінде танымдық тіл ғылымына адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным механизмі әрі құралы ретінде қарастыратын лингвистика саласы деген анықтама берілген [112; 53-б.]. Бүгінгі күні бұл лингвистикалық бағыттың өзіндік ұғым-бірліктері, ұстанымдары, ғылыми-теориялық негіздері қалыптасып дамып отыр. Алғашында „когнитивтік” деген терминнің өзі нақтыланбаған, ұғымдық бірліктері жүйеленбеген мәселе ретінде қабылданып келді, сондықтан когнитивтік лингвистикаға қатысты пікірлер мен көзқарастар да біркелкі болған жоқ. Кейбір зерттеушілер танымдық аспектілердің тіл білімін жаңа деректермен толықтырғанын мойындағанымен, бұл бағыттың лингвистикаға соны үрдістер мен әдістер жүйесін әкелмегенін әрі когнитивтік лингвистиканың орнықпағанын, ең алдымен, когнитивтік емес лингвистиканың жоғымен түсіндіруге болатындығын ескертеді. Алайда, екінші топ ғалымдары құрылымдық тіл білімін танымдық лингвистикаға қарсы қоя отырып, когнитивтік бағытты ХХ ғасырдың аяғында дүниеге келген „көтеріліс”, „бетбұрыс” деп түсіндіреді (В.Б.Касевич, 1998; П.Б.Паршин, 1996). Нәтижесінде тілшілер когнитивтік лингвистиканы пәнаралық байланыстың көрсеткіші, тілдік ілімдер тоғысы деп бағалады. Сөйтіп, жалпы ғылыми дереккөздер негізінде когнитивтік ғылымды немесе когнитологияны, когнитивтік психологияны, мәдениеттануды қарастырса, лингвотанымды дамытушы алғышарттарға лингвистикалық семантика, лингвистикалық типология, этнолингвистика, нейролингвитсика, психолингвистика, салыстырмалы-тарихи тіл білімі мәселелерін жатқызды [134; 18-22-бб.]. Ғалымдардың айтуына қарағанда, семасиология ұстанымдары мен категориялары адамзат танымының нәтижесін құрайды (Н.Д.Арутюнова, А.Вежбицкая, Ю.С.Степанов, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия), ал тілдік типология заңдылықтары тілдің универсалды құрылымын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Тіл білімінде танымдық бағыттың негізі Н.Хомскийдің, Дж.Миллердің, Ф.Джонсон-Лэрдтің, Дж.Лакоффтың, Р.Шенктің, М.Джонсонның, Т.А. ван Дейктің т.б. зерттеулеріне сүйене дүниеге келді. Бүгінгі күні аталмыш ғылым саласы орыс тіл білімінде Н.Д.Арутюнова, Е.Г.Беляевская, Е.С.Кубрякова, В.З.Демьянков, Ю.С.Степанов, И.А.Стернин, В.Н.Телия, В.А.Маслова сынды өзге де ғалымдардың еңбектерінде жан-жақты қолдау тауып, зерттелу үстінде. 1975 ж. Дж.Лакофф пен Г.Томпсонның „Когнитивтік грамматиканы ұсынамыз” атты мақалалары, 1985 ж. Ж.Фоконьенің „Ментальді кеңістік” атты еңбегі, 1987 ж. Р.Лангакердің „Когнитивтік грамматика негіздері” атты зерттеуінің 1-томы, ал 1991 ж. 2-томы жарық көрді. Танымдық мәселелерге өзіндік тұжырыммен келген зерттеулер қатарында ғалымдар Дж.Лакоффтың „Әйел, от және қауіпті заттары” мен М.Джонсонның „Тән ойлау үстінде” атты кітаптарын да атап өтеді. 80-жылдардың аяқ шенінде „Бенджаминс” баспасынан Б.Рудзки-Остынның басқаруымен дайындалған „Когнитивтік лингвистика мәселелері” атты көлемді мақалалар топтамасы да шығарылды. Аталған ғылыми зерттеулердің әрқайсысы тілдің танымдық ерекшелігін әр қырынан сипаттай отырып, когнитивтік лингвистиканың теориялық ұстанымдары мен бірліктерін айқындауға, танымдық элементтердің адам санасында жүзеге асу, қызмет ету өзгешеліктерін зерттеуге айтарлықтай үлес қосты. Мәселен, Чейф программасы жады қызметін ұйымдастыру теориясы деп аталып, жадының түрлері мен ерекшеліктерін белгілі бір жағдайларға қатысты зерттеуге бағытталды. Осыған орай, ғалым жадының үш түрлі сипатына анықтма берді: атүсті, қысқа мерзімді және ұзақ уақытты жады. Р.Шенк пен оның шәкірттері адамның ойлау әрекетін сұрыптайтын кешенді теория мен концептуалды байланыстар теориясын сабақтастыра келе, концептуалды хабарларды өңдеу мәселелерімен шұғылданды. Р.Шенк барлық білім атаулыны тек лингвистикалық терминдермен түсіндіруге болмайды дей отырып, концептуалды байланыстар тілін ойлап шығарды, оның негізінде ауысудың екі түрі жатты: P – Trans – физикалық ауысу; M – Trans – интеллектуалды ауысу. Тіл мен танымның арақатысын толық қабылдай қоймаған бұл ілімнің нақты танымдық үлгілерді құрастыруда, түсіну процесіндегі танымдық күтудің маңызын сипаттауда өзіндік жетістіктері де болды. Ғалым зерттеуіне қызығушылық, түсіндіру, жады, күту секілді категорияларды арқау етіп, алғашқы когнитивтік теориялық бірліктердің тізбегін, когнитивтік операцияларды немесе концептуалды нәтижелер заңдылықтарын ұсынды. Дж.Лакофф бағдарламасына когнитивтік модельдер, семантика, лингвистикалық гештальт, семантикалық прототип теориясы, метафора теориясы (немесе санаға тәуелсіз шығармашылық деңгейде жүзеге асатын танымдық процестер) секілді мәселелер енді. Н.Хомский негізін қалаған фразалар мен сөйлемдерді құрастырудағы морфемаларды тіркестірудің жалпы ережелері тіл біліміне маңызды өзгерістер әкелген құнды тұжырымдар қатарында бағаланып, универсалды, кейде генеративті грамматика деп аталды. Ж.Фолконьенің ментальді кеңістігі танымдық бағытты дәстүрлі логика-прагматикалық мәселелермен байланыстырудан туындады.

1990 жылдарға дейін когнитивтік тіл білімі бір-бірімен тоғыса қоймаған жеке зерттеу бағдарламаларын, ғылыми көзқарастар жиынтығын құрады. Оған тілшілер жоғарыда аталған еңбектерге қоса, маңызды танымдық қорытындылар жасаған Т.ван Дейктің, Дж.Хэйманның, Т.Гивонның ғылыми көзқарастарын да жатқызды. Когнитивистер тек 1980-1990 жж. бастап дүниеге келген жұмыстар ғана жаңа сипаттағы, тың үлгідегі когнитивтік зерттеулердің бастамасын құрады деп есептеді [134; 22-б.]. Мысалы, 1994 ж. шыққан „Дискурс, сана және уақыт” атты кітап Ч.Филлмор, У.Чейф мақалаларын жинақтаса, 1990 ж. бастап басылып отырған „Когнитивтік лингвистика” журналы алғашқылар қатарында тілдік бағыттың академиялық курс ретінде сұрыпталуына әсер етті. Ерекше айта кетер жай, 90-жылдардың орта шені жаңа оқулықтар мен оқу құралдарының, аударма еңбектердің дүниеге келуімен ерекшеленді. Мәселен, 1996 ж. Ф.Унгерер мен Х.-Й.Шмидттің авторлығымен дайындалған „Когнитивтік лингвистикаға кіріспе”, 1997 ж. Б.Хайненің „Грамматиканың когнитивтік негіздері”, 1980 ж. Р.Щенк пен оның шәкірттері бірлесіп шығарған „Концептуалды хабарды өңдеу” еңбегінің аудармасы көпшілік назарына ұсынылды. Тақырыбы мен мазмұны жағынан өзгеше лингвистикалық ізденістердің нәтижесін сабақтастырған аталмыш басылымдар, біріншіден, бір-бірінің үйлесімді жалғасын құраса, екіншіден, когнитивтік лингвистиканың ғылыми пән ретінде дербес қарастырылуына мол үлес қосты, өйткені әр еңбек курстың әдістемелік және терминдік жүйесін айқындауға, өзіндік нысанын саралауға, сол арқылы танымдық тілдік фактілердің ғылыми-теориялық ұстанымдары мен қағидаларын өзектеуге мүмкіндік берді.

Ресейлік зерттеулердің бастамасын 1985 ж. В.И.Герасимов ұсынған шолу, 1988 ж. баспадан шыққан, тілдің когнитивтік аспектілеріне арналған „Шетел тіл біліміндегі жаңалық” атты жинақтың ХХІІІ томы құрды. 1995 ж. жазылған орыс тіліндегі аудармалардың топтамасы да „Тіл және интеллект” деп атала отырып, тіларалық ғылыми байланыстың дамуына септігін тигізді. Танымдық тіл білімінің дамуына ерекше үлес қосқан еңбектердің ішінде В.А.Маслова Ю.С.Степановтың 1997 ж. шыққан „Константтар: орыс мәдениетінің сөздігі” зерттеуін атап өтті. „Бұл орыс мәдениетінің құндылықтарын жинақтаған алғашқы еңбек бола тұра, концепт, констант ұғымдарының да мәдени негіздерін талдауға бағытталған аса қажет зерттеулер қатарын құрады. Мұнда „Шындық”, Заң„, „Махаббат”, „Сөз”, „Жан”, „Ғылым”... константтарының сипаттамасы нақтыланып берілді”,-дей келе, автор маңызды лексткографиялық жұмыстарға 1996 ж. Е.С.Кубрякованың редакциясымен жарық көрген „Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігін” жатқызды [134; 2-б.].

„Когнитивтік лингвистикада тіл адамзат ақыл-ойының ажырамас және органикалық бөлшегі ретінде, ал универсалды білім қабылдау, түсіну, ойлау секілді ұғымдармен қатар тұратын құрылым тұрғысынан қарастырылады” [27; 45-б.] деп тілші Э.Д.Сүлейменова айқындағандай, адамзат болмысының универсалды сипатын айқындау тіл мен танымның да жалпыға ортақ өзгеше мүмкіндіктерін сұрыптауға көмектеседі. Барша адам баласына тән биоанатомиялық негіз оның ми мен жүйке, сана мен жады құрылыстарының жұмыс істеу принциптерін айқындауға, адамзат атаулының ерекше қабілеттерін жүйелі зерттеуге әрі табиғи болмыс-бітімнің әлеуметтік-мәдени ұстанымдар негізінде даму, өзгеру, толығу бағыттарын талдап көрсетуге себепкер болар маңызды факторлардың бірі ретінде қарастырылды. Сондықтан жалпы тіл білімі көлемінде ғалымдар адамның ерекше жаратылысын оған қызмет ететін тіл, сана, таным, қоғам ұғымдары арқылы зерделеуді, олардың ішкі-сыртқы сабақтастығын әрқайсысының динамикалы қозғалысынан өрбітуді, сол арқылы жеке мен жалпының байланысы негізінде диалектиканың даму заңдарын сұрыптауды мақсат етіп отыр. Қазіргі тіл ғылымы ғылымдар тоғысында, олардың аса маңызды жетістіктері негізінде күрделі ғылыми мәселелерді шешуге талпыныс жасауда, ең бастысы, лингвистика адамның барша әрекетінің көзі ретінде тіл мен оның құралдарын қарастыру қажеттігін дәйектеп көрсетуде. Тіл адамның сыртқы ортамен байланысынан туындайтын, соған ұқсастыра әрекет еткен адам қабылдауынан сусындайтын өзгеше құбылыс екенін ғалымдар ерте кезден байқаған. Олар сөз табиғатын зерттей отырып, оның номинативтік қызметін түсіндіруде тіл пәлсапасының маңызды тұжырымдарын басшылыққа алған. Ат қою мен ұқсату арқылы да жаңа ұғым, жаңа сөз жасала отырып, адамның танымдық қорына енетін үлгілер мен бейнелер, мағыналар мен типтік формалар саны көбейе түсетінін дәлелдеген.

50 жылдар шамасында Г.Щедровицкий „ойлау теориясының” жобасын жасауға талпыныс білдірді. Осы мақсатта ғалым адамға тән ойлау әрекетінің 2 түрлі формалық өзгешелігін атап өтті: біріншіден, ой белгілі бір объектілердің бекітілген мағыналық бейнесі ретінде қарастырылса; екіншіден, ол сол бейнелердің қалыптасуын қамтамасыз ететін процесс не әрекет ретінде танылды. Соңғы жағдайда ой мен танымның белгілері бөлшектенбей, екеуінің белгілері жақындастырыла қабылданған болатын. Дегенмен, бұл кезде адамға тән ойлау қабілетінің жаңа қырларын анықтауда жаңаша көзқарас байқалды. Кейінірек психолингвистикамен тығыз байланыста сұрыптала отырып, когнитивтік лингвистика сана, қабылдау, сыртқы ортамен үздіксіз қатынаста болу, тану, бақылау, пайымдау секілді проблемаларды ұғым, семантика тұрғысынан айқындауға бағытталды. Оның өзге аспектілермен бірге кең көлемде дамып келе жатқан екі түрлі саласын атауға болады:

1) когнитивтік грамматика, когнитивтік лексикология және т.б.

2) концептуалды семантика, фреймдік семантика және т.б.

Олар символдық, семантикалық және фонологиялық құрылымдардың ерекшелігін, ұғымдардың пайда болуын, трансформациялануын [бір күйден екінші күйге ауысуы] және т.б. мәселелерді түсіндіру арқылы адамның концептуалды жүйесінің үнемі толығу үстінде болатындығын дәлелдеуге бағытталды.

Тіл табиғатын танымдық тұрғыдан анықтау, оның лексикалық бірліктерін когнитивтік ұғымдармен байланыста сұрыптау, сөйлеу әрекетіндегі когнитивтік модельдерді жүйелеу, олардың онтогенетикалық сипатын тәжірибе жүзінде дәйектеу, қазіргі қазақстандық лингвоқоғамның әлемді танудағы тілдік бейнесін айқындау, лингвистикалық таңбалардың асимметриялық сипатын танымдық негізде талдап көрсету, ғылыми метафоралар мен тілдік бейне байланысын зерделеу, этномәдени танымның ұстанымдарына зер салу, тілдік қолданыстың когнитивтік негіздерін айқындайтын эмоция, символ, тілдік сана ұғымдарын пайымдап түсіндіру сынды мәселелерді шешу мақсатында қазақстандық тіл білімінде арнайы ғылыми зерттеулер дүниеге келді. Ғалымдардың зерттеу бағыты да сөйлесім әрекетіндегі когнитивтік модельдердің антропоцентристік ерекшелігін анықтауға, тілдік тұлға табиғатын тілдің мәдени-танымдық кеңістігімен байланыстыра айқындауға, ассоциативті тәжірибелердің көмегімен концептуалды жүйенің прототип пен бейнелі көзқарасқа сүйенген болмысын сипаттауға, сол арқылы когнитивтік модельдердің өзіндік табиғатын саралауға негізделді. Айталық, ғалым Э.Д.Сүлейменова қазақ, орыс тілдерінің негіздері [27] мен мағына табиғатын [178] когнитивтік ұстанымдар арқылы өзектей отырып, Қазақстанда танымдық қағидалардың кең көлемде зерттелуіне зор үлес қосты; ал онтогенетика мен эгоцентризмнің танымдық белгілерін мәдени құндылықтар мен эмоционалды негіздердің арақатынасынан өрбіткен Г.Гиздатов «тілдің жүйелі модельдерін» номинация мен метафоралану үлгісінде талдап көрсетті [177], Ш.К.Жарқынбекованың тілтанымдық нысанын түр-түс атауларының қолданылу ерекшелігі құрады [179]. Осы қатарда Қ.Жаманбаеваның [96], Г.Қосымованың [50], А.Исламның [103], Э.Р.Когайдың [180], Р.Д.Ашимбетованың [181], Г.Ю.Аманбаеваның [182], Б.М.Тілеубердиевтің [99], М.Т.Күштаеваның [107], Н.Н.Аитованың [102], А.Б.Әмірбекованың [108], С.И.Жапақовтың [106], В.И.Акимованың [183], Р.Б.Иманалиеваның [184], Ж.Қ.Ибраеваның [185], С.Сансызбаеваның [186], Ж.Кемерованың [26], Ш.Әбдірованың [187] және т.б. ізденуімен жарық көрген зерттеулерді атауға болады.

Қазақстандық тіл білімінде когнитивтік лингвистика ұстанымдарын бүгінгі күні жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың бірі – Э.Д.Сүлейменова. Когниция ұғымын, тілдің танымдық мүмкіндігін, мағына табиғатын контрастивті лингвистика аясында әрі екінші тілді меңгеру проблемаларымен сабақтастыра зерттеген тілшінің тұжырымдары адамзат санасы, концептуалды жүйе, когнитивтік феномен, әлемнің тілдік бейнесі, білім, ішкі лексикон, адамзат тәжірибесі сияқты ұғымдар табиғатын айғақтаумен тығыз байланыста дамыды. «Таным процесіндегі тілдің қызметін абсолютті деңгейге көтеру оны адамнан, оның танымдық әрекетінен тыс тұрған концептуалды жүйе, өзгеше білімдер жиынтығы ретінде тануға әкеледі...» [27; 88-б.],- деп атап көрсете келе, зерттеуші тіл мен таным арасындағы байланыстарды тек ойлау арқылы ғана жүзеге асатын өзгеше қатынастар көрсеткіші ретінде танып білді, себебі, ғалымның пайымдауынша, «...тек ойлау жүйесінде ғана әлемнің бейнесі сұрыпталады, ал тіл ондай қасиетке ие бола алмайды, ол арнайы үлгіде ұйымдастырылған әлемдік бейненің материалдық формасын ғана құрайды» [27; 89-б.]. Осыған сәйкес, Э.Д.Сүлейменова әлемдік бейнені де, әлемнің тілдік бейнесін де адамның ойлау әрекетінің «нәтижесі және шарты» деп қарастырды, сондықтан тілдің танымдық негізін де «жеке тұлғаның өзіндік жетістігі, когнитивтік, перцептивті және аффективті үдерістердің жан-жақты және ұзақ байланыстарының нәтижесі, білімді ұйымдастырудың бастапқы әрі универсалды амалы, адамзат санасының қабылдау, ойлау, түсіну, есте сақтау сынды өзге де когнитивтік құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас жасайтын ажырамас құрамды бөлігі» [27; 82-б.] тұрғысынан қабылдады. Әлемдік тәжірибенің ұтымды үлгісі ретінде тілші когнитивтік процесте қатар қолданылатын субъективті–объективті және дара-универсалды қатынастарға тоқталды, сөйтіп, ішкі лексикон, әлемдік бейне ұғымдарын да осы байланыстардан өрбіте отырып, олардың тіл мен таным негізін дәлелдейтін бірлігіне және қажеттігіне назар аударды. Ғалым «Адамның шындықты тануы лингвистика үшін маңызы зор екі өзгешелікке ие болады: бірін танымдық әрекеттің нәтижелерін тілде бекіту амалдары құраса; екіншісін бұл әрекеттің қатысым шарттарында жүзеге асу сипаты айқындайды» [178; 124-б.],- деп атап көрсетті, сондықтан автор әлемнің бейнесін сыртқы ортаны танудың әрі болжам мен сенімге негізделетін теориялар мен тәжірибелердің байланысуының нәтижесі ретінде айғақтады.

    1. Когнитивтік ұғымдардың ерекшелігі

Когнитивтік лингвистиканың негізгі ұстанымдары мен заңдылықтары оның ұғымдық бірліктерінің өзара қарым-қатынас жасауы арқылы әрі бір-біріне әсер етуі негізінде айқындалатындықтан, тіл мен танымның сабақтасқан бірлігі, ең алдымен, адамның психофизиологиялық қабілетіне және одан туындайтын әрекетіне қатысты сұрыпталады. Танымның күрделі табиғаты әр ұғымның өзіндік ерекшелігін үлкен жүйенің бір бөлшегі ретінде зерделеуге мүмкіндік берумен қатар, олардың адам мен қоршаған ортаны жан-жақты қабылдаудағы қызметі мен орнын түсініп пайымдауға септігін тигізері сөзсіз. Осыған орай, төменде келтірілген сөздер мен сөз тіркестері жаңа лингвистикалық бағыттың өзгешелігін өзектеп қана қоймайды, сонымен қатар тіл арқылы жүзеге асатын адам әрекетінің маңызды қырларын талдап көрсетуге, олардың жалпы тілдік қатынаста атқарар функционалды-семантикалық, прагматика-танымдық қызметтерін жүйелі саралауға көп үлес қосады, себебі С.Иманбердиева атап өткендей, «...сөз – затқа ат беруге қызмет ететін негізгі тілдік бірлік...Сөздерді тақырып жағынан топтастыруда көбінесе тілден тысқары қағидаларға сүйенуге тура келеді» [156; 14-б.].

Басты танымдық ұғымдардың қатарында когнитивистер логикалық таным мен когницияның ара-жігін ажырату қажеттігін ескертті, сөйтіп, екеуінің өзіндік белгілері мен байланысқа түсер мүмкіндіктерін ғылыми негізде жіктеп зерделеген дұрыс деген қорытындыға келді. Когниция - бұл танымның өзгеше сипаты, ол адамды қоршаған шынайы болмыс туралы жан-жақты мәлімет беретін, сезім, эмоция, жады, қиял, қабылдау, ақыл-парасат сияқты әрекеттермен бірлікте дамитын құбылыс ретінде айқындалады [149; 196-б.]. Ғалымдар логикалық танымға қарағанда, когниция әлемді танудың алуан түрлі амал-тәсілдерін, олардың заңды сабақтастығын басшылыққа алады деген тоқтамға келеді. Соның ішінде нақты және абстрактылы, теориялық және тәжірибелік, объективті немесе субъективті шындыққа бағытталған анық не бұлыңғыр қабылдау нәтижелері ерекше аталады, өйткені „когниция” деген термин пайда болғанға дейін олардың кейбіреуі осы ұғыммен мағыналас қолданылып келді. Айталық, абстрактылы, теориялық және т.б. [116; 23-б.]. „Бүгінгі күні когниция ұғымы адамзаттың рухани болмысын сипаттайтын білім, сана, ақыл-ой, ойлау, шығармашылық, жоспарлау, логикалық қорытынды жасау, сәйкестендіру, армандау, қиялдау әрекеттерінен ғана емес, сонымен қатар қабылдау, еске түсіру, көңіл бөлу, тану процестерінен де құралады” [134; 15-б.],- деп ғалымдар дәлелдеп талдағанай, когниция адам атаулыға тән барлық әрекеттердің үйлесімді сабақтастығынан бастау алатын маңызды танымдық бірліктердің бірі болып табылады, себебі адамзаттық ой-таным тек қалыптасушы ғана емес әрі қалыптастырушы күш деп есептеледі. Адамның бақылау, қорыту әрекеттері арқылы жасалатын образдар әлемі эмпирикалық құбылыстар болумен қатар, әр тұлғаның символдық қабылдауына негізделетін ерекшелік, сол арқылы өзгеріп, толығып, дамып отыратын танымдық бірлік ретінде ұғынылады, сондықтан когниция да екі жақты байланыстың тоғысу орталығын құрайды: бір жағынан, ол қоршаған әлемнен қабылданған көрсеткіш болып табылса, екінші жағынан, оны адам қалауымен туындаған өзгешелік деп сипаттаған дұрыс. Осыған орай, адам әрекетінің когнитивтік аясы екі категорияға байланысты дамиды:

  • интеллектуалы „жоғары” категорияларға немесе білім, сана, ойлау, ақыл, шығармашылық, қиял, арман, символ секілді ұғымдардың ерекше ұштасқан әлеміне;

  • „күнделікті тіршілік” категорияларына, яғни практикалық әрекет, естелік, көңіл бөлу, тану, қабылдау ұстанымдарын басшылыққа алар іс-қимылдар тізбегіне [149; 196-б.].

Образды ойлау арқылы қалыптасатын кеңістік, уақыт, заман туралы қағидалар негізінде, бір жағынан, болмыс шындығы дәйектелсе, екінші жағынан, жеке тұлғалардың өз бағыт-бағдарлары, қалаулары сұрыпталады. Адамзат санасының қызметі қоршаған әлемнің жалпы заңдылықтары, өзара байланыстары туралы мәліметтерді, білім негіздерін жүйелеуге мүмкіндік беретіндіктен, кез келген адам оның көмегімен алдына мақсат қоя білуге, жоспарлы әрекет етуге, табиғи және әлеуметтік орталарда өзін-өзі ұстауға дағдыланады. Олай болса, дүниетанымның негізгі бағыттары да уақыт өте келе, өзгеріп, жаңа құндылықтармен толығып отырады. Е.В.Петрушкова „психологиядағы сана ұғымының болмысы субъектінің өзін басқалардан бөліп көрсетуінің, өзін сырттан бақылай алуының құралы болып табылады” [188; 950-б.] деп атап көрсетеді. Ендеше, сананың қызметі адамның өзін-өзі тануымен, өзін-өзі айқындауымен де ұштасатындықтан, когнитивистер оны әр түрлі жағдайлар мен қоршаған әлемді жылжытушы күштер негізі, жады, ойлау, сезу сияқты танымдық құбылыстардың кілті деп бағалау қажеттігін ескертеді [120; 100-б.]. Концептуалды сана адамды рухани және материалды дүниеде бағдарлап отырса, тілдік сана оның тілдік әрекетін жүйелеуде маңызды роль атқарады. Б.Уорф танымдық процестер толығымен ана тілі ретінде қолданылатын тілге қатысты болады, соның ықпалымен дамиды деп атап өткендей [189], тілдің танымдық қызметінің жүзеге асуы, ең алдымен, сол тілде қарым-қатынас жасайтын адамдардың сөйлесім әрекеттеріне тәуелді болады, себебі тілдік сананың өзін үш түрлі бағытта түсіндіруге мүмкіндік бар. Айталық, біріншіден, тілдік сана мағыналар тізбегін қамтамасыз ететін „әлемдік бейненің” ажырамас бөлшегі деп танылса, екіншіден, ол қарым-қатынас негіздерін толық жүзеге асыра алатын құрылымдардың бірі ретінде қарастырылады, үшіншіден, тілдік сананы тілдік таңбалардың құрылатын, сақталатын және өңделіп отыратын орталығы әрі олардың қолданылуын, іске асуын, ережеге сай тіркесіп отыруын қадағалайтын, тіл мен тілдік бөлшектер туралы көзқарастар жиынтығы деп дәйектеу де кездеседі. Осы орайда, ғалым Э.Д.Сүлейменова „әлемдік бейне” мен „әлемнің тілдік бейнесі” деген ұғымдардың ара-жігін ажырата қарастыру қажеттігіне назар аударады, өйткені тіл мен ойлау ұғымдары қаншалықты әр түрлі болса, жоғарыда аталған мәселелердің аяларын да соншалықты бір деуге болмас. „Әйтсе де „әлемнің тілдік бейнесі” секілді терминологиялық тіркестің пайда болуы, ең алдымен, тілдің шындық болмыспен қарым-қатынасынан туындағанын” [178; 125-б.] ұмытпауымыз керек. Соның негізінде тілші әлемді танудың және сол танымның өзгеріп отыруының универсалды динамикалық заңдылықтары қатарында формальді-логикалық қорытындылар жасаудың ережелеріне, табиғи талқылау логикасына және т.б. назар аударды.

Сонымен, И.Протопопова танымдық ізденістерді топтай келе, когнитивтік лингвистика аясында төмендегідей мәселелерді қарастыру қажеттігін ұсынса:

  • табиғи тілдің жүзеге асу және түсіну процестерін зерттеу;

  • тілдік категоризация ұстанымдарын айқындау;

  • ұғымдық құрылымдардың түрлері мен олардың тілдік сәйкестіктерін саралау;

  • когнитивті-семантикалық суперкатегорияларды анықтау;

  • тілдегі қозғалыс және оның кеңістікке негізделген қарым-қатынастары мен концептуалды түрлерін жүйелеу;

  • тіл мен сана ұғымдарының байланысын жан-жақты дәйектеу;

  • тілдегі метафоралық және метонимиялық арақатынастың себебін тұжырымдау [190; 14-15-бб.];

В.А.Маслова „Қазіргі уақытта когнитивтік лингвистика алдына 3 мәселені

қойып отыр: 1) тілдік білім табиғаты; 2) оның меңгерілуі; 3) қолданылу ерекшелігі” деген ойын келесі міндеттердің шешілу қажеттігімен жалғастырады:

  • әлемді тану мен түсінудегі тілдің қызметін анықтау;

  • әлем туралы хабарларды қабылау, өңдеу және жеткізу процестеріндегі тілдік білімнің орнын сипаттау;

  • білім негізін құрайтын концептуалды және категориялы процестерді дәйектеу;

  • концепттік аяны қалыптастырушы универсалды тұжырымдар жүйесін зерттеу;

  • әлемнің тілдік бейнесін айқындау [134; 24-25-бб.].

Когнитивтік лингвистика бойына бірнеше бағыттағы ұстанымдарды сабақтастыра отырып, антропоцентристік зерттеулердің маңызды соқпағын саралауға мүмкіндік береді. Ол дәстүрлі құрылымдық-семантикалық тіл біліміне қарсы қойылатын ғылыми бағыт ретінде емес, лингвистикалық танымның екінші қырын, тағы бір сипатын айқындайтын сала деп танылатындықтан, оның ерекшелігі үш түрлі негізде талданып келеді: „Біріншіден, тілге берілетін анықтамаға сүйене, екіншіден, өзге ілімдер жүйесінде алар орны мен ғылыми тұжырымдардың көмегімен, үшіншіден, қарастырылатын мәселелер көкжиегімен әрі олардың шешілу өзгешелігімен” [134; 12-б.]. Осы орайда ғалымдар танымдық тілдік зерттеулердің ұғымдық, терминдік аппаратын қалыптастыру және оның ғылыми-теориялық ұстанымдарын айқындау аса маңызды міндеттердің бірі болып табылады деп есептейді. „Танымдық тіл білімінің құралдары ретінде жадының оперативті бірліктері – фреймдер немесе стереотипті жағдайлар, сценарийлер; концепттер яки сөз арқылы қамтылатын барлық мағыналар жиынтығы; гештальттар, яғни әлемнің нақты ұғымдар пайда болғанға дейінгі бейнелері және т.б. – танылып келеді, себебі аталмыш лингвистикалық зерттеулер әлемнің суретті бейнесін жасауға, тілдік сананың қалыптасу өзгешелігін саралауға бағытталады...Когнитивтік лингвистиканың терминологиялық жүйесі жоқтан емес, тіл білімінде бұрыннан қолданылып келе жатқан және өзге ғылымдар жүйесінен алынған ұғымдардан құралатындығын” атай отырып, В.А.Маслова оқу құралында оның ұғымдық бірліктері қатарында ақыл-ой, білім, концепт, концептуалды жүйе, когниция, әлемнің тілдік көрінісі немесе бейнесі, когнитивтік база, ментальді көзқарастар, танымдық модель немесе үлгі, категоризация, вербалдану, мәдениет константтары, концепттік ая, ұлттық мәдени кеңістік және т.б. сөздер сөз тіркестерін қарастырады [134; 10-б.,13-14-бб.]. «Кез келген нәрсе біздің санамызда сол туралы соған сәйкес ұғымның арқасында ғана қабылданады. Меңгерген ұғымдар жүйесі арқылы ғана біздің ойымыздағы нәрселердің барлығы біркелкі тұтас болып реттеледі, ұйымдастырылады» [191; 8-б.] деп аталып көрсетілгендей, аталған ұғымдардың әрқайсысы танымдық бөлшектер ретінде ұғынылып, адам санасында сақталатын және қажет жағдайда көмекке келетін бөлшектер санатында зерделенеді. Олар адамзат рухының жоғары көрсеткіштерін құрайтын білім, сана, ақыл-ой, шығармашылық, символ, логикалық түйін, қиял, арман сынды құбылыстарды ғана емес, сонымен қатар күнделікті әрекеттер тізбегін де, атап айтсақ, қабылдау мен есте сақтауды, тану мен көңіл бөлуді де қамтиды.

Концептадам санасының ойлау бірліктері мен психикалық ресурстарын, білім мен тәжірибенің бейнелі көрсеткіштерін құрайтын, хабарлы құрылымдарды түсіндіруге мүмкіндік беретін когнитивті лингвистиканың негізгі ұғымдарының бірі. Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде оған: «жадының, ментальді қордың, тұжырымдау жүйесінің әрі адам санасында көрініс табатын бүкіл әлемнің мазмұнды да белсенді бірлігі» [112; 90-б.] деген анықтама берілді. Тұжырым жасау арқылы адам ойлау әрекетін ғана жүзеге асырып қана қоймайды, ол әлемді танудың негізін құрайтын тәжірибе мен білім жүйелерін талдауды, олардың болмыс-табиғатын пайымдауды міндет етеді. Белгілі бір құбылыстар мен заттарды нысанаға ала отырып, олардың ерекше белгілерін сипаттауға бағытталған кез келген тұжырым дедуктивті не болмаса индуктивті деректер мен хабарлардан жинақталады. Бұл мәліметтерді Р.И.Павиленис индивид білетін, болжайтын, ойлайтын, жорамал жасайтын әрекеттер нәтижесімен сабақтастырады. Автор әр концепт бастапқы алынған мағлұматтарды ескеру, сол арқылы жаңа деректерді ұғыну негізінде дамып отырады деген қорытындыға келеді [192; 101-102-бб.] . Демек, тұжырым жасау барысында адам өз санасында бұрыннан орныққан қағидаларды басшылыққа алады әрі дүниені тану, оның заңдылықтарын ой таразысынан өткізу, тың деректерді жинақтау, оларды жадыда сақтау секілді мақсаттарды да жүзеге асырады. Ойша жасалған болжам мен адам нақты көріп білген, бақылау нәтижесінде көз жеткізген фактілер өзара тығыз байланыс құрай келе, концептілер жүйесінің негізгі құрылымдық бөлшектерін қалыптастырады. Сөйтіп, субъективті тәжірибе мен объективті қоғамдық норма ұстанымдары адамның танымдық әрекетін айқындауға, оның кез келген қоғамда дұрыс бағдарлай білуіне және заттар мен құбылыстардың, ұғымдардың өзіндік ерекшеліктерін нақты айыра білуге көмектеседі. Осыған орай, ғалымдар тұжырым жасау тек теориялық ұстанымдар арқылы ғана емес, нақты антропологиялық функциялар негізінде де дәйектеледі деп есептейді. Олар маңызды концептілер адамның иіс сезу, бақылау, пайымдау, зер салу әрекеттерімен байланыса дамытылады деп атап көрсетеді, себебі затты я болмаса құбылысты жан-жақты тану процесі оның сыртқы формалық сипатына түсініктеме берумен шектелмейді, ол үшін оның исіне, сезімталдық қабілеттеріне, бағалану ерекшелігіне және жалпы мақсатына да мән беріледі. Осыған орай, адамның танымдық ерекшелігін сипаттар концепттік жүйе қазіргі лингвистикалық ғылымда 3 түрлі негізде айқындалады:

  • адам ойының негізгі мәдени көрсеткіші ретінде; яғни барлық мәдени құндылықтар жекеленген концепттер мен олардың қарым-қатынасының жиынтығы деп танылатын тұжырым арқылы дәйектеледі (Ю.С.Степанов);

  • тілдік таңбаның семантикасы концепт мазмұнын айғақтайтын бір ғана құрал деп есептеледі, сондықтан ғалымдар аталмыш терминді когнитивті семантика элементі есебінде қарастырады (Н.Д.Арутюнова [193], Т.В.Булыгина [194], А.Г.Шмелев [195], Н.Ф.Алефиренко [149]);

  • Д.С.Лихачев, Е.С.Кубрякова сынды ғалымдар концепт сөз мағынасынан туындамайды, ол адамның жеке және халықтық тәжірибесінің сөз мағынасымен «қақтығысуының» нәтижесі болып табылады деп дәлелдейді [134; 33-б.].

1928 ж. С.А.Аскольдов концепт терминін алғаш қолдана отырып, оның табиғатын ой құрылымы деп қарастырса [196], қазіргі таңда бұл ұғымның аясы кеңейе отырып, анықтама шеңберінде адамның барша психикалық ресурстары, сана қызметі, жинақталған тәжірибені танытар құрылымдар сөз болуда. «Концепт – жадының, концептуалды жүйенің, адам психикасында көрініс тапқан әлемдік бейненің, ментальді қордың оперативті бөлшегі» болғандықтан, оның негізінде тіл біліміне концептуалды жүйе, концепттік ая сынды ұғымдар да қалыптасып, кеңінен қолданыс тауып отыр. Тілшілер концептуалды жүйені „адам ақылы меңгерген барша тұжырымдар жиынтығының ментальді деңгейі” деп сипаттаса, концепттік ая деп белгілі бір тілде сөйлеуші тұлғаның дүниетанымын қалыптастыратын, универсалды немесе жалпыхалықтық ілімдер мен жеке индивидуалды танымның сабақтасуынан жинақталатын тұжырымдарды атайды [134; 15-16-бб.].

Е.С.Кубрякова тілдік құрылымдар арқылы айқындалатын концептілер тізбегін 2 түрлі бағытта қарастыруға болады деп атап көрсетеді:

  • дүние туралы мағлұматтарды ұсыну, көрсету бағытында;

  • адам санасында белгілі бір мазмұнға сәйкес және әр түрлі жағдайларға қатысты деректерді жинақтау бағытында.

Ол адам ойын тек тілдік құралдар ғана емес, бейвербалды қимыл-әрекеттер де білдіре алады, себебі олар адамның логикалық заңдылықтарға бағынған әрекеттерінің нәтижесі болып табылады деп есептеді [173; 112-б.]. Осыдан келіп, когнитивтік лингвистикада „концепт”, „ұғым” және „мағына” сөздерінің ара-жігін ажырату қажеттігі туды. Бастапқы кезде өзара мағыналас, синонимдес деңгейде қарастырылған бұл терминдер, кейін тек мазмұны жағынан ғана емес, әдіснамалық тұрғыдан да, ғылыми жүйеге қатыстылығы тұрғысынан бөлшектеніп талданатын болды. Біріншіден, ұғым – объектінің танып білген белгілерінің ғана жиынтығы делінсе, концепт – кез келген ұғым емес, ментальді ұлттық сипаттағы құрылым, белгілі бір мәдениеттің табиғатын ашуға көмектесетін күрделі механизм ретінде анықталды; екіншіден, ұғым логика мен пәлсапа терминдері қатарында қабылданса, концепт математикалық логика, мәдениеттану, лингвомәдениеттану, когнитивті лингвистика ғылымдарының нысанын құрады; үшіншіден, концепт пен мағына айырмашылығы да екеуінің ұғымдық арақатынасымен дәйектеледі: „концепт шынайы объектінің әле-қайда тұрақты танымдық көшірмесі іспеттес, өйткені мағынаға қарағанда, ол қоршаған ортамен еркін байланысқа түсе алады, ал сөз бен оның мағынасы, керісінше, сол концепттің бір бөлшегі деп қабылдану керек. Дегенмен, өзге танымдық әрекеттер секілді концепттік тану да, негізінен, тек тілдік құралдар арқылы, яғни сөз, сөйлем, дискурс құрылымдарымен бірлікте ғана жүзеге аса алады” [134; 30-б.]. Олай болса, лингвистикалық теория тілге анықтама берумен шектелмей, тіл арқылы адамзат қандай мақсат-міндеттерді шеше алады деген сауалдарға да жауап іздейтіндіктен, тілтанымның өзегін құрайтын объективті – субъективті факторлардың барлығы бір-бірімен байланыса, бір-бірін толықтыра сабақтасу керек.

„Концепт сөздердің беретін ұғымын түсіну арқылы жеке бір адамнан бастап, қоғамдық топтардың, бүкіл бір ұлттың, халықтың ой-өрісінің, дүниетанымының ерекшеліктері айқындалады” [99 [2]; 88-б.],-деп есептеген Б.Тілеубердиев „онимдердің концептілерін” талдауда „адам”, „кеңістік”, „жан-жануар”, „өсімдік” ұғымдарына тоқталды, оларды „мәдениеттің ментальдік ұясы” тұрғысынан зерделеді, ал тілші М.Т.Күштаева „концептілік талдау тәсілдері мен принциптерінің түрліше сипатта болу мүмкіндігін” ескерте отырып, „Тар мағынасында концептілік талдауды екі мағынада түсінуге болады: мәдени құбылыстың, ұғымның немесе мәдени қабаттың концептілердің көмегі арқылы талдануы; сөздерді мәдени құбылыс ретінде қарау арқылы олардың прагматикасы мен семантикалық құрылымының талдануы” [107; 12-б.] деген тұжырымға келді. Ол „концептілік талдау деп тілді қолданушының әлем туралы түсінігінің ерекшеліктерін сөз арқылы ашатын тілдік талдауды„ атады. Демек, ғалым А.Ислам атап көрсеткендей, „лингвомәдениеттануда концепт жалпы бір ұлт мәдениетінің басты эдементі, адамның ментальды әлемінің басты ұяшығы деп танылды”, ол „...этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ықшам әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым” [103; 15-б.] болып табылады.

Категория. Категорияның негізгі деңгейі. Категория – адам ойының танымдық формаларының бірі. Ол - адам тәжірибесін жалпылауға, жіктеуге мүмкіндік беретін ерекше ұғым. Категория туралы алғашқы түсінікті белгілі ойшыл Аристотель берген болатын. Оның пайымдауынша, әр категория қажет әрі тануға жеткілікті белгілермен сипатталатын. Бүгінгі күні танымдық категория негізгі ерекшеліктеріне қоса, жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз етіліп, адамның когнитивті әрекетімен, яғни әр түрлі заттарды белгілі бір қасиеттеріне орай жіктеу, топтау негіздерімен, материя мен оның қимыл-әрекеттерін сипаттар көп қырлы формаларды объективті түрде кластарға, топтарға біріктіру мүмкіндіктерімен сабақтаса дамып келеді.

Э.Рош пен оның тобы категориялану процесін орталық екі ұғыммен байланыстырады, олар: прототип және негізгі деңгейдегі нысана. Ғылыми және логикалық категорияларға қарағанда, табиғи категория құрамына енетін «мүшелердің» бір-бірімен толық сәйкес келуі міндеттелмейтін бұл нысаналардың негізін «тегі бойынша» ұқсату немесе прототипке сүйене топтау үлгілері құрайды [112; 46-б.]. Олай болса, категориялану ұғымы екі түрлі мағыналық қолданыспен сипатталады, тар мағынада ол тек тәжірибеге сүйене топтауды білдірсе, кең мағынада оған категориялардың жасалу процесі, адамның ішкі және сыртқы әлемін оның қимыл-әрекеті мен тіршілігіне сай жіктеу мәселелері жатқызылады. Категория адамның танымдық әрекетін сипаттайтын маңызды ұғымдардың бірі бола тұра, барлық дерлік танымдық қабілеттермен әрі жүйелермен байланысқа түсе алады, сол арқылы ойлау процесінде жүзеге асатын салыстыру, ұқсату амалдарымен де тығыз сабақтасады. Классификациялау үлгілері адамның бойында өте ерте кезден қалыптасатынына қарамастан, есейе келе, ол тәжірибе мен тіл меңгеру негізінде өзгеріп, тереңдейді, сол себепті кейбір ғалымдар категорияны лингвистикалық құбылысқа жатқызу керек деп тұжырымдайды. Оған дәлел ретінде зерттеушілер сөз бен оның толық мағынасын белгілі бір категорияны танытушы нысана тұрғысынан зерделеп талдайды [197].

Категорияның негізгі деңгейі сана қызметі арқылы айғақталатын тұтастықтар тұрғысынан қарастырылатындықтан, бұл кезде негізгі я болмаса иерархиялық байланыстар ескерілмейді. Р.Браунның айтуына қарағанда, белгілі бір заттың атауын білдірерде адамдар оның категориялы белгілеріне сүйенеді. Ал ғалым Э.Рош аталмыш деңгейді ең жоғары және ең төмен сатылардың ортасынан орын алатын көрсеткіш ретінде бағалайды, сол себепті оны алуан түрлі мәселелерді шешу кезінде пайдаға асатын аралық деңгей деп түсіндіреді. Осыған орай, Дж.Лакофф категория мәнінің өзгерісі адамның дүние туралы көзқарасының өзгеруіне әкеледі деп есептеді, себебі, автордың пайымдауына қарағанда, бұл уақытта танымдық процеске қабылдау, қиялдау секілді өзге де әрекеттер қосылады [198; 9-б.]. Демек, негізгі деңгейдегі категориялар адамды нақты хабармен қамтамасыз етуге көмектесе келе, арнайы тұжырымдар мен атауларда объектінің перцептуалды және функционалды ерекшеліктерін байланыстыруға мүмкіндік береді.

Фрейм. Лингвистикада фрейм ұғымының негізін қалаған ғалым – Ч.Филлмор. Ол өзінің ойын екі мәселе сабақтастығы негізінде тұжырымдап көрсетті:

  • сөз мағынасы жіктеуге келетін бөлшектер жиынтығы түрінде ғана емес, сөйлеуші мен тыңдаушыға әсер ететін таныс деректерден жинақталған тұжырымды құрылым не пайыммен топталған тәжірибе үлгісі ретінде қарастырылуы керек;

  • фреймдер белгілі бір „сценарий” үлгісі бойынша, соның баламасы ретінде дүниеге келетін лингвистикалық нұсқалар жиынтығы болуы қажет.

Автор фреймді балама және тәжірибе мәселелерімен байланыстыра келе, оны „модуль” ұғымымен мәндес мағынада қолданған дұрыс деп есептеді. Оның пікірінше, фреймдер үлкен модульдерге біріге отырып, ішкі және аралық қатынастарға жіктеледі, сондықтан оларды тілдік құралдарды таңдау жүйесі деп те қарастыруға болады. Ғалым грамматикалық ережелер, лексикалық бірліктер, тілдік категориялар сияқты тілдік проблемалар фреймдердің ішкі байланысын құраса, жадыда сақталатын тілдік деректер мен адам өмірінде қолданыс табатын тілдік жағдайлар ұқсастығы фреймдердің аралық байланысын түсіндіре алады деген қорытындыға келді [199; 124-б.].

Аталмыш пікірден басқа лингвистикада фреймге негіз (Э.Гоффман), схема, сценарий, когнитивтік модель (Ч.Филлмор), білім бірлігі (Т.А.Дейк) секілді анықтамалар беріліп келді. Бірінші жағдайда фреймдер жеке тәжірибелерге арқау болар негіз ретінде қарастырылса, екінші жағдайда ол уәжді мәнмәтінге сәйкес құрылған категориялар жүйесінен жинақталып, адамдардың қарым-қатынас нормаларын, қажет білімдер мен тәжірибелер қорын сұрыптауға көмектесті [200; 119-б.]. Білім бірліктерінің қызметі белгілі бір ұғым туралы нақты мағлұмат алуға саяды. Бұл кезде фреймдер конвенционалды сипатқа ие болып, сөз болып отырған мәдени қауымдастыққа тән не жат нәрселерді саралап көрсетеді. Сол себепті олардың маңыздылығы әлеуметтік байланыстың әр түрлі үзінділерінде, күнделікті кездесетін қалыпты жағдайларда сезіліп отырады. Фреймдер білім бірлігі ретінде мәліметтерді игеру, олардың жүйесін сақтау, қажет кездерде бірнеше вариантта қолдана білу [егер, онда...] сынды әрекеттермен сабақтаса жүзеге асып отырады. Жалпы алғанда, фреймдер алуан түрлі байланыстар мен қатынастар құрылымын құрайды. Олар арнайы жағдайларға қатысты анықталып, қажеттілігі туғанға дейін жадыда сақталатын ерекшелікке ие болады.

Көптеген ғалымдар сөздің тілдік мағынасы, бір жағынан, жеке адамның қабылдауымен ұштасса, екінші жағынан, олардың қай-қайсысы болсын, жалпы адам санасында орныққан белгілі бір бейнеге тәуелді болады деген қорытындыға келді [201]. Когнитивистер оған дәлел ретінде адамның дайын құрылымдарды пайдалану ерекшелігін атайды. Адам санасы әр түрлі танымдық бөлшектердің қоймасы болғандықтан, олар мұнда алуан түрлі процестер автоматты түрде және кезек-кезек, белгілі бір тәртіппен жүзеге асып отырады деп тұжырымдайды. Айталық: әр түрлі жағдайларда қажет бірліктердің автоматты түрде қолданысқа шығып отыруы; бейтаныс заттың өзі бұрыннан қалыптасқан тәжірибе арқылы сәйкестендіріле не салыстырыла анықталуы, ұқсас нұсқалар көмегімен қабылданып танылуы; қоршаған әлем адам санасында әр түрлі бейнелер мен бағалағыштық сипаттамалар негізінде көрініс табуы; т.б. – бұлардың барлығы үздіксіз шеңбермен қозғалып, дүние арқылы тілді және тіл арқылы дүниені тануға мүмкіндік береді. Осыған орай, М.Минский [202] фреймдерді қалыпты жағдайларды адам санасында бейнелей алатын деректер құрылымы деп қарастырды. Автор пікіріне сүйенер болсақ, фреймдік модель адам санасы мен жадының психологиялық негізі болып табылады, сол себепті ғалымның фреймдік теориясы декларативті және процедуралық ілімдердің сабақтасуына негізделе келе, 3 түрлі сатылық байланыспен ерекшеленеді: 1) әр фрейм өзіндік бірліктерден және олардың байланыстарынан тұратын жүйе; 2) әр фреймнің өзінің деңгейлері болады; 3) әр фрейм жаңа деректермен толығып отырады. А.С.Герд 1988 жылы аталмыш ұғым кеңістігін одан да кеңейте түсу керек дей отырып, оған 3 түрлі ұстаным негізінде анықтама беру қажеттігіне тоқталды. Мәселен, 1) онтологиялық тұрғыдан фреймдер ғылыми-практикалық әрекеттерді ұйымдастыру құрылымы деп. қаралу керек; 2) гносеологиялық тұрғыдан – аталмыш әрекеттердің танымдық бейнесі анықталады; 3) когнитивтік тұрғыдан – фреймдер адам санасындағы деректерді жинақтайтын, реттеп отыратын құрылым ретінде айғақталады. Айтылған пікірлерді қорытындылай келе, қазіргі когнитивті лингвистикада фреймдер деп тіл арқылы жүзеге асатын қалыпты жағдайлар мен оқиғалар туралы білімдер тізбегі танылады (Кубрякова, 1995; Агеев, 1999 [203]). М.Тернер мен Ж.Фолконье фреймдерді таза лингвистикалық бірлік ретінде қарастырмау керектігін де ескертеді. Олар адам сөздер мен өзге тілдік құрылымдардан тыс жатқан сан алуан фреймдерді де қолданады, кез келген ой нақты тілдік келбетке ие болуы да, болмауы да мүмкін деп тұжырымдайды. Фреймнің әр құрамды бөлігі немесе деңгейі бір-бірімен байланыста дамып отыратындықтан, кейде олардың ара-жігін ажырату, жеке белгілерін айырып көрсету қиынға соғады. Осыған орай, ғалымдар фрейм құрылымын төмендегідей талаптарға сай анықтаған дұрыс деп есептейді: фрейм аты, уақыты, кезеңдері, орны, нәтижелері, мазмұны, субъект, объект, сипаттамалар тізбегі және т.б. [204]. Қазақ тіл білімінде де бүгінгі күні фреймдер алуан түрлі тілдік деректер негізінде талданып жүр. Олардың қатарында поэтикалық мәтіндер, тұрақты тіркестер, жекеленген концептілер қарастырылып келеді. Фреймге „концептуалдық жүйенің құрылымдық элементтерін танытатын қарапайым формасы” [108; 19-б.] деген анықтама беріліп, басты өзгешелігі ретінде „концептінің ең жақын семаларынан құрылуы және ең жақын ассоциативтік, стереотиптік таңбалар арқылы көрініс табуы” өзектеліп отыр. Мәселен, А.Б.Әмірбекова „...өмір концептісінің фреймдік құрылымы М.Мақатаевтың поэтикалық мәтінінде „тіршілік”, „күнелту”, „өмір кешу”, „тағдыр”, „жан бағу”...сияқты танымдық элементтерден құралады”, - деп атап көрсетеді. Осыған орай, ізденуші фрейммен қатар қолданылатын сценарий ұғымына да мән берді, оны „фрейм тармақтарының төңірегінен ” жинақталатын „оқиғалар мен жағдаяттар жүйесінен” [108; 21-б.] өрбитін әрі „белгілі бір фреймнен туындайтын эпизод фрагменттерінен” құралатын өзгешелік деп түсіндірді.

Сана. В.А.Маслова бұл танымдық бірліктің шеңберінде „адамның құндылықтарды, заттар мен құбылыстардың универсалды байланысын тану мүмкіндіктерін әрі сол сабақтастық негізінде әрекет ету өзгешеліктерін” қарастырады, сондықтан адамға тән ақыл-ой жүйесін „кез келген ілімнің қалыптасуын дәйектейтін құрылғы” деп таниды [134; 14-б.]. Логика саласы бойынша жарық көрген оқу құралында аталмыш ұғым туралы төмендегідей анықтама берілген: „Ақыл-ой дамуы дегеніміз – бұл өз мәнінде ескіні қайта ой елегінен өткізуші және жаңа ұғымдарды өмірдің өзгерген жағдайларына сәйкес құрастырушы қабілет ретінде қарастырудан өзге еш нәрсе емес” [191; 8-б.].

Білім. Бұл „бұрыннан орныққан тәжірибе мен қалыптасқан түсінік негізінде субъективті-объективті қатынастарды реттейтін, сөйтіп тұжырымдар мен қорытындыларды негіздеуге көмектесетін, бір мақсатқа бағытталған әрекет” [134; 14-б.] деп танылатын термин үнемі дамып, толығып отыратын функционалды құрылымдар қатарынан орын алатын вербалды және бейвербалды тәжірибелер нәтижесі болып табылады. Петерим Сорокин білімнің негізін құрайтын ғылыми шындық үш түрлі үлгіде кездеседі деп пайымдаған, олар: эмпирикалық немесе қарапайым яки қарабайыр ілімдер; ғылыми-рационалды, яғни индуктивті жолмен нақтыланған ғылыми тұжырымдар тізбегі және интуитивті не болмаса дедуктивті болжамға сүйене дамитын пікірлер. Осы ретте ғылыми және қарапайым танымдық білім негіздерін анықтау субъект табиғатын анықтауға, олардың қалыптасу жолдарын, амал-тәсілдерін саралауға, нысанаға алынған құбылысты қамту ерекшелігіне, мәліметтердің жинақталу үлгісіне және т.б. қатысты болады [112; 28-б.].

Білім когнитивтік ғылымның барлық мәселелеріне қатысты талданатын ұғым болғандықтан, ғалымдар оны адамның танымдық әрекетінің нәтижесі, жиналған тәжірибесін қамтитын бірлігі деп айқындайды. Кейде білім „хабар”, „дерек”, „мәлімет” сынды терминдермен қатар қолданылады, алайда, „хабар” адамға жан-жақтан келіп түсетін мәліметтерден құралатын, әр түрлі сигналдар мен белгілер, сезім мүшелері арқылы қабыланатын әрі қалыпты жағдайда ғана сана әрекетіне негізделіп өңделетін міндеттелмеген ерекшелік болып табылса, білім санада сақталатын, жадының құрамды бөлігі ретінде қарастырылатын ұғым деп танылады. „Білім – кездейсоқ фактілер жиынтығы емес, арнайы сұрыпталып, белгілі бір жүйеге біріктірілген мәліметтер топтамасы” [112; 29-б.] болғандықтан, танымдық ғылымда білім арқылы айқындалатын, оның өзіндік бағыт-бағдарын құрайтын мәселелер тізбегі жинақталады. Айталық,

  • білімді тудыратын себептер қатарында әлемнің объективті заңдылықтары мен оның субъективті түрде қабылданатын өзгешеліктерін қарастыру қажеттігі туралы мәселенің қойылуы;

  • білімнің өсу, молаю жолдарын саралау;

  • білімнің диалектика заңдарына бағынған қарама-қарсылық негіздеріне сүйене дамуы туралы – эмпирикалық – рационалды; процедуралық – декларативті; тілдік – тілдік емес; - т.б. білім жүйелерінің ерекшелігі;

  • білімді жинау процесін жүзеге асыратын әдіс-тәсілдер – дедуктивті, индуктивті, қорыту, талқылау, салыстыру, тану, жіктеу және т.б.

  • адам зердесінде білім қалай, қандай құрылымдар арқылы көрініс табатынын ескеру, олардың өзара байланысу негіздеріне мән беру – фреймдер, сценарийлер, бейнелер – бір жағынан; жады, ментальды лексикон, концептуалды құрылымдар – екінші жағынан;

  • білімнің филогенезі мен онтогенезі туралы мәселенің зерделенуі;

  • білімді ойлау, сөйлеу әрекеттерінде қолдана білудің қарастырылу сипаты және т.б. [112; 29-б.].

Зейін. Зейін хабарды өңдеу барысында айқын байқалатын әрі сол хабарға не болмаса объектіге, яки процеске назар аударуға мүмкіндік беретін танымдық қабілеттердің бірі болып табылады. Аталмыш нысананы саралап қарастыру мақсатында бөліп талдау, сипаттау, жіктеу амалдары қолданыла келе, адам ойында көрініс табатын шынайы болмысты саралау, оның белгілі бір ерекшелігін шектеп айқындау, зейіннің негізгі түйінін хабардың құрамды бөлігі немесе бөлшегі арқылы дәйектеу мәселелерінің барлығы дерлік адам миында қалыптасып, жүзеге асатын білімнің белсенділігін арттыруға, сырттан келіп түсетін хабарлар жүйесін реттеп отыруға жағдай жасайды. Адамзат болмысына қатысты, яғни оның табиғатына тәуелді деңгейде өңдеуден өтіп отыратын хабарлар желісі жеке тұлғалардың еркі мен эмоциясына, тәжірибесіне, жадыда сақталатын мезеттік және мәңгілік деректер тізбегіне орайласа айғақталатындықтан, адамның зейіні де бір саладан екінші салаға оңай ауыса келе, танымдық процестердің жеделдігін, бір бағытқа бағыныштылығын қамтамасыз етуге үлес қосады. Зейін адамға келіп түскен мәліметтердің ішінен өзіне керектісін, маңыздысын және қызықтысын бөліп зерделеуге мүмкіндік береді, сондықтан объективті фактордың негізінде белгілі бір хабарды таңдап алу әр субъектінің жеке тәжірибесіне, түсіну, пайымдау әрекетіне қатысты сұрыпталады.

У.Найссер қабылдау кезінде алдын-ала зер салу мен тыңғылықты зейін қоюдың маңыздылығына тоқтала отырып, олардың жүзеге асу амалдарын көру процесіне қатысты айқындауға тырысқан, сол себепті алғашқы мезеттен бастап, адамдардың танымында әлем объектілердің жиынтығы ретінде сипатталып, олардың біреулері алғы шепте, ал кейбіреулері артқы шепте тұратын нысаналар деп ұғынылды [112; 16-б.].Автор қабылдаудың бұл түрі автоматты түрде жүзеге асып отырады деген тұжырымды ұстанды. Келесі кезекте, керісінше, зейін ізденудің үлгісін құрайтын анықтау, салыстыру, шектеу әрекеттерінің қосындысы ретінде жүйеленіп, оның маңыздылығы адамдардың пікірлеріне, көзқарастарына сәйкес өзектелетіндіктен, оның табиғаты тек психофизиологиялық тұрғыдан емес, танымдық, пәлсапалық, әлеуметтік жіктемелерге де сүйене зерттеле бастады. Қорыта келгенде, оған «...адам санасының белгілі бір заттар мен құбылыстарға бағытталған таңдамалы әрекеті» [205; 83-б.],- деп анықтама берілсе, басты өзгешеліктерін «шындықты бейнелейтін сипаты емес, адам ағзасының өзгеру табиғаты» құрады, сол себепті адамның зейін қою әрекетімен қатар байқалатын өзгерістер қатарында ғалымдар оның тыныстауында, жүрек тамырларында аңғарылатын динамикалы құбылыстарға мән берді.

Жады. Жады – адамның өзі мен өзін қоршаған әлем туралы хабарларды есінде сақтауының, танымдық және ментальды көзқарастарға негізделген тәжірибе мен білімді жинақтауының әрі адамға жан-жақтан келіп түсетін мәліметтерді реттеп жүйелеуінің когнитивті қабілеті. Адамның санасы мен ақыл-ойының функциялары осы көрген-білген, естіген-сезінген деректерді дер кезінде қолданып отыру арқылы жүзеге асатындықтан, аталмыш термин оның сөйлеу әрекеті кезіндегі алуан түрлі әсерлері мен білімдерін қайта жаңғыртар, оларды тілдік қатынаста не болмаса ойлау әрекетінде қолдана білер әрі хабар өңдеуге қатысар аса керек қорларын жинақтауға көмектесетін қабілеттерді сипаттауға мүмкіндік берді. 1969 ж. когнитивтік ғылым енді дүниеге келе бастағанда, Дж. Миллер жадының алты түрлі моделін айқындай отырып, олардың психология мен психолингвистика негіздерін саралаудағы маңызына тоқталған болатын. Дәл сол жылы А.А.Леонтьев жады табиғатын толық ашып көрсету мүмкін емес деген тұжырым жасады, оның себебін автор екі мәселемен түсіндірді: 1) деректердің молдығымен; 2) теориялық жақтан бірізділіктің жоқтығымен [206; 177-б.]. Соның негізінде жады болмысын анықтауға бағыттылған талпыныстардың көптігі және құрылымдық фактордың тың ізденістерге жол ашқандығы байқалды, әсіресе, хабар мен оларды өңдеу жүйелері алғашқы шепке шығып, жадының когнитивтік өзгешелігін зерттеу қажеттігі аталды. Осыған орай, жады туралы толық мәлімет алу үшін, жалпы когнитивтік ғылым хақындағы жұмыстармен, адамзат санасының танымдық ерекшелігін қарастырар әдебиеттермен әрі когнитивтік және эксперименталды психология саласында жарық көрген басылымдармен танысу керектігі де назардан тыс қалған жоқ.

Бүгінде баланың танымдық дамуын, түсінік пен пайым ұғымдарын, хабарды өңдеу амалдарын, когнитивтік психология мен лингвистика мәселелерін қарастырар ғылыми-теориялық аспектілердің барлығы дерлік жады ұғымымен тікелей байланыста сөз болады, себебі зерттеушілер жадының алуан түрі типтерін анықтау барысында қайшылықтар жүйесіне де көңіл бөліп келеді. Айталық, Ч.Осгуд ортақ жүйке жүйесінің құрылғысын айқындай отырып, лексикон, оператор, буфер ұғымдарына тоқталып, оларды жадының түрлері деп сипаттады. Ғалым лексиконды жадының «қорлану» бөлімін құрайтын көрсеткіш ретінде емес, динамикалық дамуын айғақтайтын құрал есебінде бағалады, өйткені лексикон сөйлесімді қабылдау барысындағы хабарды өңдеуді және оның бір кодтан екіншісіне ауысуын қамтамасыз етеді. Оператор мен буфер де қысқа мерзімде жұмыс істей отырып, жады арқылы сақталған мәліметті ұзақ уақыт ұмытпау қабілетіне ие болады. Кез келген жағдайды түсініп бағалай білу қасиеті оны өткен тәжірибемен салыстыру арқылы, яғни жадыда орныққан мәліметтерді жандандырудың көмегімен жүзеге асатыны анық екенін білеміз. А.Р.Лурия: «Жады арқылы біз өткен тәжірибенің көмегімен жаңа құбылыстарды сақтауға, керек кезінде қайта жаңғыртуға және адамға әсер етуден қалған сигналдар жүйесіне көңіл бөлуге мүмкіндік аламыз» [207; 7-б.] деп есептеді. Демек, жады негізінде адамның сақтау қабілеті іске асатындықтан оның табиғатын анықтау мақсатында ғалымдар екі түрлі көзқарасты қолдап келеді. Біріншіден, жады мидың жоғарыда келтірілген қабылдау, сақтау әр түрлі әсерлер мен сезімдерді қайталау әрекеттерімен тығыз байланысты болса; екінші пікірге сәйкес, жады өкеннің бейнелерін салыстырар, нақтылау арқылы қабылдар қасиеттердің шоғырлануынан пайда болады [208; 351-б.], яғни аталған екі тұжырым да жадының кез келген ақпаратты есте сақтар және қажет кезінде сыртқа шығарар қызметіне негізделе жасалған. Осыған орай, В.Н.Крысько жадының негізгі түрлерін төмендегідей ерекшеліктермен саралады:

  • көріп бейнелеуге негізделетін жады әрекеті; оларға адамның көру, есту, иіс сезу қабілеттері жатқызылды;

  • сөзді-логикалық жады қызметі; ол баяндау мазмұны мен логикасынан бастау алады;

  • адамның қимыл-әрекетіне негізделетін жадының функциясы;

  • эмоционалды жадының өзгешелігі немесе адамның көңіл-күйі мен ішкі толқуларын сипаттайтын өзгешеліктер жігі [205; 88-б.].

Қабылдау. Қабылдау – психологияның, когнитивтік психология мен танымдық ғылымның негізгі ұғымдарының бірі. Өзінің табиғи ерекшелігіне орай аталмыш термин пәлсапада да, физиологияда да, нейроғылымдарда да дәстүрлі зерттеулер нысанын құрағандықтан, қабылдау шеңберіне адамның болып жатқан оқиға-құбылыстарға қатысымен қатар, оның қоршаған әлемді бейнелеу, даралап жалпылау әрекеттері де енді. Жекеленген сенсорды процестермен бірге, қабылдауға адамның біріктіру, алған деректерді саралау, шынайы болмыстан белгілі бір сапалық өзгешеліктерді бөліп көрсету, соның негізінде олардың тұтасқан бейнесін жасау әрекеттері де жатқызылды. Сөйтіп, хабарларды өңдеу, оларды әр түрлі материалдық сигналдар мен стимулдар тұрғысынан бағалау ұстанымдары қалыптасып, қабылдаудың өзіндік белгілері айқындалды. Кезінде Аристотель сенсорды қабылдаудың басты амалдары қатарында жекеленген сезім ағзаларының қабілеттері мен қызметтеріне назар аударған болатын. Осы мақсатта ойшыл ғұлама көру, есту, сезу, иіс сезу процестерінің жүзеге асу ерекшеліктерін ескеріп, қабылдауды солардың механизмі, яғни функционалдық белгісі деп таныды [112; 17-б.]. Осыған орай, когнитивтік ғылымда қабылдау тек қоршаған әлемді еш әрекетсіз тану емес, онымен үздіксіз байланыста болу, оның негізгі заңдылықтарына бейімделу, келіп түскен хабарлар тізбегінен өзіңе қажет мәліметті бөліп алу қабілетіне ие болу негіздері деп зерттеліп келеді. Қабылдау адамның өз ақыл-ойына сәйкес қоршаған дүниені танып-білуге, оны сезімдерінің қайнар көзі ретінде бағалауға мүмкіндік береді, сол себепті оның табиғатын зерделеу барысында физикалық және нейрофизиологиялық аспектілермен қатар, танымдық негіздер де маңызды роль атқарады. Демек, когнитивті тұрғыдан қабылдаудың ойлаумен байланысы, ментальды көзқарастармен сабақтастығы, білім мен оны жинау тәсілдерімен ұштасу ерекшелігі және т.б. проблемалар ескерілу керек немесе ғалым Б.Сағындықұлы атап көрсеткендей, «Кез келген затты немесе құбылысты қабылдау адамда бұрыннан бар тәжірибе, білім негізінде жүзеге асады» [41; 5-б.].

Когнитивистер адамзат болмысы мен оның әрекет ету табиғатын сипаттау кезінде қабылдау процесіне ерекше көңіл бөлу қажет деп есептейді. Осыған орай, У.Найссер жаңа когнитивтік теорияда қабылдау нормалары мен адамзат әрекетін ажырамас бірлікте қарастырады. Ол үш перцептивті жүйелік өзгешелікке тоқтала отырып, олардың танымдық үдерісте алар өзіндік орны мен маңызын дәйектейді. Атап өтсек:

  • тікелей қабылдау мен оған сәйкес айқындалатын адам әрекеті мен реакциялары, бұл кезде тек сол мезетте, яки нақты бір жағдайда қабылданатын мәселелер ескеріледі;

  • тұлғаралық қабылдау мен олардың бір-бірімен байланысу ерекшеліктері, яғни адамдардың аралық қарым-қатынасына, қатысымдық әрекетіне зер салынады;

  • объектілерді олардың ментальды ерекшеліктері негізінде тану әрекеті, керісінше, белгілі бір дәрежеде адамның тәжірибесіне және біліміне сүйене айқындалады.

Ғалымның айтуына қарағанда, күнделікті өмірде бұл үшеуі де тығыз байланыс құрайтындықтан, таным процесін тек біреуімен қатыстыра анықтауға болмайды, яғни барлық когнитивтік ерекшеліктер бір-біріне қаншалықты тәуелді болса, олардың қоғамдық және мәдени нормалармен сабақтасу негіздері де соншалықты дәрежеде байланыс құрай дамиды [209; 239-б.].

Гештальт. Тілдік гештальттар теориясын ұсынған Дж.Лакофф оларды тілдің терең мағыналы ерекше бірліктері ретінде қарастыру керектігін атап өтті. Гештальт адамның шынайы болмысты қабылдауына негізделіп, танымдық процестерді бағыттап отыратын қызмет атқаратындықтан, қазақ тіл білімінде оған Қ.Жаманбаева төмендегідей анықтама берген болатын: „Гештальт – образ, форма, бір сөз болуы да мүмкін. Жалпы гештальт деген сөздің мағынасының өзі „бейне, құрылым, біртұтас форма” дегенді білдіреді. Оның атқаратын қызметі сан алуан, сан тарапты нәрсені біртұтас күйінде қабылдату. Аталған біртұтас деген нәрседе жеке бірліктер болмайды. Ол – бір жүйе, құрылым. Оны санамен бөлшектеп көрсету мүмкін емес. Ол тосыннан жарқ етіп, ерекше күй арқылы дүниеге келеді” [96; 11-б.]. Негізінен, ғалымдар оның орыс тіліндегі нақты баламасын табу қиынға соғады деп есептейді, сондықтан олар „гештальт” ұғымының астарында „фигура, конфигурация” негіздері көрініс табады деген ойда болды. Бұл ретте когнитивистер Н.Я.Перлс іліміне назар аударды, өйткені ол „дене мен ақыл, объект пен субъект, адам мен орта ұғымдарының бөлінуін жоққа шығарып, адамға тән рухани және физикалық әрекеттердің арасында „құз” жоқ” [210; 1-б.] деген қорытынды жасаушы тұлғалардың қатарын құрады. Н.Перлс пікіріне сүйенер болсақ, адам санасы қоршаған әлемді бір деңгейде қабылдай алмайды, сондықтан оның маңызды да мәнді құбылыстары сананың орталық бөлігін қамтып, гештальттың немесе фигураның орнығуына әсер етеді, ал екінші кезектегі мәселелер кейінге шегіріліп, фон ұғымын құрайды. Олай болса, гештальт-теориясы, негізінен, келесі бірліктер қарым-қатынасынан жинақталады: фигура мен фонның арақатынасы; қажеттілікті сезіну әрі бүгінгі күнге ден қою; қарама-қайшылықтар заңдылығы; қорғау қызметі мен өсу-өркендеу негіздері және т.б. „Ағза ақылдылығымен” айқындалатын жеке тұлғалар өзін-өзі реттеп отыратын тіршілік иелері деп ұғынылатындықтан, олардың әрқайсысы өзімен де, өзгелермен де әрі өмір сүріп отырған ортасымен де тепе-теңдік дәрежесін сақтай алар мүмкіндіктермен қаматамасыз етіледі. Олай болса, „...гештальт барлық құбылыстың негізінде жатыр. Жоғары құрылымдар гештальт арқылы жасалады. Дара тұлға, эмоция тұрпаттары, ішкі қажнттілік, тілдік сана, бүкіл шығармашылық процесс гештальт арқылы жасалады” [96; 12-б.], ал оның құрастырушы шарты ретінде дәл сол мезеттегі адамның өзін сезіне білу қабілеті мен өз қажеттілігін мойындау ерекшелігі қарастырылады. Н.Перлстің гештальт-терапиясы да сол себепті „осында және қазір” деген қағидаға негізделген, яғни психолог „Осында және қазір болып жатқаннан басқа ештеңе жоқ. Тек қазіргі сәт қана бар...Өткен нәрсе өткен, ол жоқ, ал ертеңгі күн әлі келе қойған жоқ...” [96; 2-б.] деп.

Ұлттық-мәдени кеңістік және этномәдени белгілер. Аталмыш ұғымның аясы мен негізгі айырым белгілері өзге мәдени құбылыстармен бетпе-бет келгенде ғана айқындалатындықтан, оның мағыналық ерекшелігін информациялар мен эмоциялар тізбегі, адам өмір сүретін және қызмет ететін виртуалды әрі шынайы шарттар құрайды.

Мәдениет константтары. Бұл Ю.С.Степанов пен С.Г.Проскурин „мәдениеттің қалыпты ұстанымы” деп сипаттаған ежелден келе жатқан тұжырымдар жігі. Олардың ұрпақтан ұрпаққа беріле бүгінге жетуі – ойшылдардың, жазушылардың және өзге де халықтық қазынаға еңбек етуші тұлғалардың жеңісі.

Прототип ұғымы - белгілі бір өлшемдермен немесе параметрлермен тығыз байланысты анықталатын танымдық көрсеткіш. Оның негізінде арнайы топталатын белгілер, таңдалып алынған өлшемдер жататындықтан, когнитивтік лингвистика көлемінде бұл ілім прототиптер теориясы не болмаса прототиптік амалдар жиынтығы арқылы ұғынылады. Осыған орай, Дж.Клейбер үш түрлі тұжырымдар тізбегін ұсынады:

  • прототиптер семантикасы немесе Э.Рош қағидасына сүйенген психологиялық және антропологиялық амалдар жиынтығы;

  • Х.Патнамның стереотиптер семантикасы;

  • Л.Виттгенштейннің тектік яки жанұялық ұқсастыққа негізделген тұжырымдамасы [211; 9-б.].

Осыған орай, когнитивистер прототиптің екі түрлі сипатын анықтап көрсетеді: біріншіден, белгілі бір топтың өзге қасиеттерімен ортақ дәрежеде айқындалатын бірлік ретінде; екіншіден, өз алдына жеке жүзеге асатын элементтер тізбегі есебінде [112; 140-б.]. Демек, прототиптер теориясында тілдік бірліктер прототип өзгешелігіне негізделген семантикалық қатар құрайтындықтан, лексикон бөлшектері прототиптілік әсерімен дәйектелетін әрі табиғи категорияларды қалыптастыратын ұғым ретінде қарастырылады [212; 1-б.], [213; 202-б.]. Бұл ілімді жақтаушылар прототиптен белгілі бір арақашықтықты ұстанатын биологиялық, танымдық негіздерді топтастыру қажеттігін категориялық кеңістіктегі қағидаттармен түсіндіреді. Олар осы уақытқа дейін үстем болып келген Витгенштейн тұжырымдамасы мен «Платондық» көзқарастың екеуінен де өзгешеленетін ұстанымдарды басшылыққа алған дұрыс деп есептейді, себебі, бірінші жағдайда «жанұялық ұқсастық» категория элементтерінің біркелкі таралу заңдылығына негізделсе; екінші жағдайда категорияның барлық бөлшектері категориялық кеңістіктегі орталық нүктемен байланыста сұрыпталады. Прототиптер теориясына сүйенсек, бөлшектер, көп жағдайда прототиптің өзімен толық сәйкес келе бермесе де, әрқайсысының маңына топтасқан өзгешеліктерден құрылады [214; 15-16-бб.], яғни бұл ретте прототиптілік мәселесі мәнмәтіннен бөліп қарастырылып, тілдік бірліктер өз алдына жеке талданады. Оған мысал ретінде Дж.Тэйлор «үстінде деген мағынаны білдіретін «on» - «на» деген бірліктің семантикасын талдап өтеді [215; 19-б.].

Прототиптік көзқарас өзара тәуелсіз, бірақ бір кезеңді қамтыған біргеше ғылыми бағыттарда қатар қалыптасты, мәселен, когнитивті психология, этнолингвистика, теориялық тіл білімі, пәлсапа және т.б., сондықтан, Э.Холстейннің айтуына қарағанда, зерттеушілердің бір тобы бұл ілімнің бастамасын К.Штумпф, Э.Гуссерль, М.Мерко-Понти еңбектерінде көрініс тапқан феноменологиялық пәлсапалық тұжырымдармен байланыстырса [112; 141-б.], ендігілері когнитивтік психологияның өкілі, табиғи және адамдық категорияларды дамытқан Э.Рош пікірлерінен өрбітеді [216]. Осыдан келіп прототип идеясы аударма, жасанды интеллект, образды тіл, тілдік категоризация, антропологиялық лингвистика, лингвистикалық семантика мәселелерін шешуде кеңінен қолданыс тауып, адамдардың белгілі бір категорияға қатысты нақты немесе абстактылы ойлары мен бейнелі сипаттарын жүйелеуге ат салысады. Когнитивтік ғылымда бұл бейнелер прототип деп аталып, сол бейнеге жақын категория мүшелері өз класының озық үлгілері не болмаса прототиптік даналары деп танылады.

Метафора және метафоралану – «сөз мағынасының ауысуы» [55; 13-б.]. Метафора – тұжырымдау мен танудың бір үлгісі. Ол – жаңа ұғымдарды жасай отырып, жаңа білімнің қалыптасуына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Тілдің дәстүрлі теориясында метафора ойдың емес, тілдің ғана құбылысы деп танылып келді. Когнитивистер алғашқылар қатарында метафораның әлемдік бейнені танудағы, оның концептуалды сипатын айқындаудағы қызметін сұрыптаған ғалымдар қатарында М.Реддидің есімін атаған орынды деп есептейді. Аталмыш зерттеуден бастап метафораның зерттелу аясы кеңейіп, адамның ұқсату әрекеті тек салыстыру мақсатында ғана емес, әсер ету, шынайы болмысты өзгеше қабылдау бағытында да ұғынылды деп көрсетіледі. Осы орайда, бүгінгі күні метафора танымдық құрылғы ретінде ғана емес, абстрактылы ұғымдарды нақтылауға көмектесетін құрал есебінде қарастырылып, қоршаған әлемді танудың, ол туралы тұжырымдаудың нақты көрінісі, амал-тәсілі тұрғысынан сипатталып отыр [217; 46-б.], сондықтан тілшілер когнитивтік метафораның шығу тегін адамдардың әр түрлі тұлғалар мен объектілер арасындағы ұқсастықтарды құрастыра білу қабілетінен өрбітеді [193; 15-б.]. Бұл ұғым бір объктінің екінші объект арқылы сипатталуымен ерекшеленетіндіктен, ғалымдар оны жекеленген құбылыстар табиғатынан гөрі күрделі ой кеңістігіне сәйкестендіре зерделейді, олар танымдық үдерісте орын алатын ой-қорытындылар метафора арқылы бір-бірімен байланысқа түсе келе, нақты және абстрактылы бірліктердің үйлесу заңдылықтарын саралауға септігін тигізеді деп пайымдайды. Демек, ойлау жүйесіне құрылған метафораның танымдық қызметін өзектеумен қатар [218], қазіргі тіл ғылымында оны „”абстрактылы тұжырымдарды саналы түрде қабылдаудың тәсілі, абстрактылы ойлауға мүмкіндік беретін механизм ретінде” [219; 249-б.] қарастыру керектігіне өзгеше мән берілуде, сол себепті Дж.Лакофф пен М.Джонсонның авторлық бірігуімен дүниеге келген еңбекте „Адам ойлайтын, әрекет ететін жүйе табиғатынан метафоралық күйде болатындықтан, метафоралық таным адамның күнделікті өмірінде тек тілге ғана емес, оның ойы мен әрекетіне де әсер етіп, толығымен кірігіп кеткен” [220; 3-б.] делінген. Осы мақсатта ғалымдар метафораның келесі түрлерін бөліп көрсеткен:

  • онтологиялық метафора- эмоцияны, оқиғаларды, әрекеттер тізбегін белгілі бір зат немесе субстанция ретінде қарастырудың амалы. Когнитивті терминдер сөздігінде оған „абстрактылы ұғымдардың кеңістіктегі шекарасын анықтау” [112; 56-б.] деген анықтама берілген;

  • бағдарлы метафора- бір-біріне қатысты дәрежеде ғана айқындалатын әрі кеңістіктегі бағдарға негізделген тұжырымдар жүйесі, мұнда „жоғары-төмен, іші-сырты, терең-таяз, орталық-шеткі” секілді қарсылықты ұғымдар қолданылады. Айталық, ағылшын тілінде жақсы атаулының барлығы жоғары деңгейдегі көрсеткішті құрайды – денсаулық, бақыт, сана; ал оның қарсы мағыналары төменгі деңгеймен өлшенеді – ауру, бақытсыздық, жамандық т.б.;

  • концептуалдық метафора- ерекше хабарлы құрылымды құрайтын, білім туралы мәлімет беруге, оның жадыдағы көрінісін сұрыптауға мүмкіндік беретін амалдардың бірі.

Аталған метафоралардың әрқайсысы образ нысанын құрайтын ұғымдар мен олардың ара-қатынасындағы ұқсастықтарға не болмаса баламаларға негізделе жасалатындықтан, Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігінде оның қосымша тағы төрт түрі аталады. Олар:

  • құрылымдық метафора;

  • „хабарды жеткізу құралы” ретіндегі метафора;

  • „контейнерлік” метафора;

  • құрылымды метафора.

Бірінші жағдайда әр түрлі салаларға қатысы бар объектілер туралы тұжырымдау, оларды бір-біріне ауыстыру әрекеті жүзеге асса; екінші кезекте аталмыш ұғым қатысымдық негізде сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы тілдік құрылымды толықтыратын „мағыналар қозғалысы” ретінде танылады. Үшіншіден, „контейнер” ұғымының өзі білдіріп тұрғандай, жаңа мағыналар тізбегінің „контейнерлерді”, яғни нақты тілдік бірліктерді толтыруы негізге алынады. Ал соңғы өзгешелік сөйлесім әрекетінің көлемді мағыналық бірліктерін кіші мағыналар қосындысынан жинақтау арқылы жасалады [112; 56-б.]. Ғалымдар келтірілген метафоралардың ішінде кеңінен қолданылып жүрген түріне концептуалды метафораны жатқызады. Олар әр түрлі екі саланың, яғни нақты және абстрактылы ұғымдардың, байланысына негізделген, сезім арқылы қалыптасатын тәжірибеден абстрактылы құбылыстарға бағытталған бұл процесті адамның ментальды жүйесіндегі өзгешелігі арқылы әрі сол ойдың ұсынылу үлгісіндегі әркелкі сипаты негізінде дәйектеп түсіндіреді [221; 196-б.]. Нәтижесінде бір тұжырым арқылы бір-бірінен ерекшеленетін алуан түрлі мағынадағы метафоралар жасалуы мүмкін.

Метафоралар әлем туралы тұжырымдауға көмектесе отырып, әр түрлі құбылыстар мен заттар арасындағы ұқсастықтарды дәйектеуге, соның негізінде жиналған білім мен тәжірибені бір саладан екінші салаға ауыстыра қолдана білуге мүмкіндік береді, сондықтан оның табиғатын ғалымдар „когнитивтік санадағы логикалық операциялардың динамикалық көрінісі, ой тудыру моделі” [108; 25-б.] деген анықтама негізінде түсіндіре талдады. Р.Гиббс „Неге көптеген тұжырымдар метафоралы?” („Why many concepts are metaphorical?”) атты мақаласында «...барлық тұжырымдар сезімге негізделген тәжірибеге дәйектеліп, метафора арқылы көрініс табады, сол себепті көзге көрінетін әлем туралы деректерді метафораның көмегімен көзге көрінбейтін ұғымдарға ауыстыруға болады» [222; 310-б.],- деп тұжырымдайды, өйткені тек «образ ғана кез келген ой түйінін артық сөзсіз, нақты сипаттай алады» [217; 48-б.]. Олай болса, әр метафоралы қолданыс сөздер мен мағыналардың таңданарлық тіркесін құраумен бірге, хабар берудің де, мәлімет жеткізудің де ерекше тәсілі бола алады, сондықтан когнитивистер оны адамға тән ұғымдық жүйенің маңызды бөлігі, ойлау әрекетінің ажырамас көрсеткіші және лексикалық қорды толықтыру амалы деп айқындайды. Метафоралану процесі адамның бойындағы образды ойлауға, оның шығармашылық қабілетіне тікелей қатысты болғандықтан, адам бейтаныс әлемді қабылдап қана қоймайды, сонымен қатар нақты және абстрактылы объектілер арасындағы ортақтық белгілерді есепке ала отырып, әр алуан сезім мүшелері арқылы заттарды танып айқындау мүмкіндігіне де ие болады. Демек, метафоралану кездейсоқ жүзеге асатын үдеріс емес, ол белгілі бір объективті және субъективті заңдылықтар мен факторларға бағынған өзгешелік болып табылады, яғни, 1999 Е.О.Шибанова атап көрсеткендей, ол өзіне қажет материал мен дереккөздерін көпшілікке танымал салалардан алады, сол арқылы оның өз ұстанымдары мен қағидалары қалыптасады [223].

«Образдылық көбінесе сөзді өзінің тура мағынасынан көшіріп, ауыс мәнде жұмсауда жақсы танылады. Бұл – метафора, перифраз, аллегория, символ тәрізді амалдармен жүзеге асады... Метафора – затты не құбылысты өзіне ұқсас өзге зат немесе құбылысқа балап, солардың атымен ауыстырып атау...» [21; 130-б.],- деп ғалым Р.Сыздық атап көрсеткендей, метафоралану процесінің өзі танымдық әрекеттің негізінде бұрыннан таныс сөз мағынасының ауысуы арқылы жүзеге асатындықтан, нәтижесінде әр түрлі концептуалды салалардан жинақталған құрылымға сүйенген жаңа ментальды кеңістік қалыптасып орнығады. Бүгінгі күні когнитивистер адамның концептуалды жүйесі оның «ойлау жүйесіне орнатылған» конвенционалды метафоралық жобалардан құралған деп есептейді, соның арқасында адам автоматты түрде және керек кезінде оларды «сана арқылы шығарып алу қабілетіне ие болады, демек, жадыда сақталған деректер сөйлеушінің ұлттық танымының ажырамас бөлшегін құрайды» [224; 210-б.] деген қорытындыға келді.

Аталған ұғымдар (7-суретті қараңыз) тіл мен танымның өзара тығыз байланысқан табиғатын сипаттаумен қатар, лингвистикалық зерттеулердің өзекті де маңызды бағыттарын жаңа қырынан талдап түсіндіруге мүмкіндік береді. Осыған орай, келесі тарауларда сөз болатын қазақ тілтанымының қалыптасу, даму тарихы, ғылыми-теориялық негіздері де, ең алдымен, танымдық ұғымдар мен қабілеттердің тілдік құралдармен сабақтаса талдануына негізделеді.