Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
фармакол. каз.лек.docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
441.8 Кб
Скачать

2. Адренергиялық синапстарға әсер ететін дәрілер

Шеткерлік иннервацияда адренергиялық талшықтардан эффекторлы (жұмыс атқаратын) жасушаларға импульстар берілуінде норадреналин медиаторы қатысады. Адренергиялық аксондар эффекторлы жасушаларға келіп, жүйке ұштарының қызметін атқаратын варикозды түйіндері бар жіңішке торға таралады. Варикозды түйіндердің көпіршіктерінде (везикулаларында) норадреналин медиаторы бар. Жүйке импульстарына жауап ретінде норадреналиннің синапстық қуыста бөлінуі және синапстан кейінгі мембраналарының адренорецепторларымен әсерлесуі пайда болады. Адренорецепторлардың сезімталдығына байланысты 2 түрі бар. Олар α-және β-адренорецепторлар. α-адренорецепторлардың α1 және α2, ал β1 және β2 түрлері бар. α1 – адренорецепторлар синапстан кейін, ал α2-адренорецепторлар синапстан алдын және тыс жинақталған. α-адренорецепторлар бүйректің шырышты қабышасында, терінің қан тамырларында, АІЖ-ң сфинктері мен көк бауырда орналасқан. β1-адренорецепторларды жүректің бұлшық етінде, β2-адренорецепторлары ми, жүрек, бронх және қаңқа бұлшық еттерінде орналасқан.

Көптеген ауруларда, әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларында вегетативті жүйке жүйесінің айқын бұзылыстары пайда болуы мүмкін. Бұл бұзылыстар вегетативті жүйке жүйесінің әр түрлі құрылымында, соның ішінде адренергиялық синапста қозудың берілу механизміндегі өзгірістерімен айқындалады. Сондықтан медициналық тәжірибеде қазіргі кезде кеңінен адренергиялық синапстағы қозудың берілуін таңдамалы қалыпқа келтіретін дәрілер кеңінен қолданылады. Адренорецепторларды қоздыратын дәрілерді адреномиметиктер, ал тежейтін дәрілерді адреноблокаторлар дейді. α1- адренорецепторлардың қозуында қан тамырларын тарылтып, АҚ көтеріледі, β1-адренорецепторлардың қозуында жүрек соғуы жиілеп, күшейеді, автоматизмі жоғарылап, өткізгіштігі жақсартады. β2- адренорецепторлардың қозуында бронхтар мен қан тамырлар кеңейеді. Адреномиметиктер кеңінен айқын гипотензиясы бар жіті қан тамыр жеткіліксіздігіне, бронх демікпесінде, мұрын мен көздің шырышты қабықшаларының қабынуында, глаукомада, гипогликемиялық комада және жұмысы тоқтағанда қолданылады. Адреноблокаторлар гипертония ауруларында, аритмияларға, стенокардияда және тамырлардың түйілуінде қолданылады.

1. α- адреномиметиктер (α- адренорецепторларды қоздырады).

Мезатон – mesatonum (фенилэфрин гидрохлориді) (Б): α1-адренорецепторларды (тамырлардың, тамыр қозғалтқыш орталықтардың) қоздырып, қан тамырларды тарылтып, АҚ-ы жоғарлатады, рефлекторлы брадикардия тудырады. Тамырлардың және тамыр қозғалтқыш орталықтың адренорецепторларын қоздырады. ОЖЖ шамалы қоздырып ішке («Колдрекс» қиысттырылған препараттарының құрамына кіреді) қолданылады. Әсері күре тамырға енгізгенде 20 минут, т/а енгізгенде 40-50 мин бойы сақталады. Көз қарашығын кеңейтетін әсері бар, сондықтан көз түбін зерттеу үшін диагностикалық масатта, глаукомада көз тамшысы түрінде 1-2% еріт қолданылады. мұрынның шырышты қабықшаларының қан тамырларын тарылтып, жергілікті енгізгенде қабынуды төмендететін қасиеті бар, сондықтан ринитте мұрын тамшысы түрінде 0,5% еріт. қолданылады. Қан тамырын тарылтып, АҚ-ы жоғарлату үшін шокта, коллапста 1%-1 мл еріт. амп түрінде 0,3% 1 мл 40% 40 мл глюкозаман к/т баяу немесе тамшылатып; 0,-1 мл т/а және б/е тәулігіне 2-3 рет енгізіледі.

Нафтизин (санорин), називин (назол) және галазолин (ксимелин, тизин, олинт) – α –адренорецепторларды қоздырып, қан тамырларды өте ұзақ уақыт тарылтатын қасиеті бар, сондықтан созылмалы ринитте қолданылады.

Нафтизин – Naphthyzinum (Б): 0,05% және 0,1% 10 мл еріт. флаконда шығарылып, ринитте мұрын қуысына тамшы түрінде тағайындалады. Α-адреномиметиктерді гипертонияда, атеросклерозда, миокардтың созылмалы ауруларында және гипертиреозда қолдануға болмайды.

Клофелин – гематоэнцефальды кедергіден жеңіл өтеді, тамыр қозғалтқыш орталығының α2- адренорецепторларын қоздырып, жүйке ұштарынан норадреналиннің бөлінуін төмендетеді, соның әсерінен орталыққа гипотензивті әсер етіп, АҚ-ы төмендетеді. Клофелин жүрек-қан айналымын төмендетіп, анальгетикалық (ауырған жерді басатын) және седативті (тыныштандыратын) әсер көрсетеді. Гипертониялық ауруларда және глаукомада (көз тамшысы) белгіленеді.

2. β-адреномиметиктер

Изадрин – Isadrinum, (новодрин, эуспиран) (Б): 0,005 таб, β1 және β2 адренорецепторларды қоздырады. Жүректің β1 – адренорецепторларын қоздырып, жүрек жиырылуы күші мен жиілігін жоғарлатады, сондықтан брадиаритмияда және атриовентрикулярлы бөгетте 0,005 таб түрінде тіл астына белгіленеді. Бронхтың β2-адренорецепторларын қоздырып және кеңейтіп, бронхолитикалық әсер көрсетеді. 0,5%-25мл және 1% 100мл флаконда шығарылып, бронх демікпесінде ингаляциялау үшін тағайындалады. 0,5%-1 мл амп. Шығарылып, к/т енгізіледі. Изадриннің бронхолитикалық әсері тез және қысқа (1 сағ дейін).

Жанама әсері: жағынан тахикардия, экстасистолоия (жүректің β1-адренорецепторларын қоздыруымен байланысты) және діріл байқалады.

Бронхтарға таңдамалы әсер ететін β2 адреномиметиктерге: орципреналин сульфаты (алупент, астмопент), фенотерол (беротек, партусистен), сальбутамол (вентолин), тербуталин (бриканил) жатады.

Сальбутамол - Salbutamolum (Б): 0,002 және 0,004 таб. түрінде шығарылып, 1-2 таб. тәулігіне 1-4 рет; 0,1% 5 мл еріт. амп – к/т тамшылатып; 10 мл және 20 мл аэрозоль 1-2 ингаляциядан тәулігіне 4-6 рет. Фенотеролға қарағанда әсері төмен.

Орципреналин сульфаты – бронхтағы β2-адренорецепторларды қоздырып, бронхиальды демікпені алдын алу және ұстамасын басу үшін, кей кезде брадиаритмия мен атриовентрикулярлы бөгетте қолданылады. Изадринге қарағанда АҚ төмендеуі мен тахикардия тудырады. Тербуталин бронх демікпесі ұстамасын басу үшін аэрозоль түрінде қолданылады, мөлшері күніне 8 реттен аспауы қажет.

Кленбутерол (контраспазмин), формотерол (форадил), сальметерол (сальметер, серевент) - әсері ұзағырақ (12 сағ) препараттар. β2 –адреномиметиктер бронхтың, сонымен қатар миометрияның β2-адренорецепторларын қоздырып, жатыр мойынының бұлшық еттерін босаңсытып, түсік тастау қауіпінде қолданылады.

Добутамин (добутрекс, инотрекс) – β1- адренорецепторларды таңдамалы тежеп, миокардтың жиырылуы мен жүректің қан айдауын күшейтеді, сондықтан жүрек жеткіліксіздігінде кардиотоникалық дәрілік зат ретінде, хирургиялық операцияларда к/т тамшылатып енгізіледі.

β-адреномиметиктерді стенокардияда, жүрек ырғағының бұзылуында және жүктіліктің алғашқы 3 айында қолдануға болмайды.

3. α – және β – адреномиметиктер: адреналин (эпинефрин) гидрохлориді (гидротартраты) – фенилалкиламиндер тобына жатады. Адреналин синтетикалық жолмен немесе жануарлардың бүйрек үсті безінен алынады. Тікелей α – және β-адренорецепторларды қуаттандырады. Адреналин β2-адренорецепторларын қоздыруымен байланысты қан тамырларды кеңейтіп (α-адренорецепторларды қоздыруымен байланысты) АҚ-ң жоғарлауынан кейін оның төмендеуі байқалады, сондықтан шокта, коллапста, АҚ көтеру үшін α-адренорецепторларыдың таңдамалы қоздырғышы болып табылатын мезатон мен норадреналинді бірге қолданған дұрыс. Жарақат алғанда, операцияларда, қан кетуде, интоксикацияда, уланғанда – АҚ-ң бірден төмендеуіне адреномиметиктерді қолданбас бұрын, қан айналым жүйкесіндегі қан көлемін толтыруды міндетті түрде ескерген жөн. Адреналин аллергиялық реакцияларда (анафилактикалық шокта, көмейдің аллергиялық ісігінде және т.б.); жүрек тоқтағанда – сол жақ жүрек қарыншасының қуысына енгізіледі; басқа да β-адреномиметиктер әсер етпей жатқанда, бронх демікпесі ұстамасын басуда; инсулиннің мөлшерін асырғанда туатын гипогликемиялық комада қолданылып, сонымен қатар адреналин ерітіндісін жергілікті анестетиктердің улылығын төмендету және әсерін ұзарту үшін қолданылады. Адреналин жүрек бұлшық ет жиырылу күші мен жиілігін жоғарлатады, ал атриовентрикулярлы өткізгіштік бұзылуында β-адреномиметиктерді (изадрин, орципреналин) қолданған дұрыс. Адреналинді б/е, т/а, шырышты қабатқа жергілікті енгізіледі, ал к/т тамшылатып сирек қолданылады. адреналиннің әсері қысқа: к/т енгізгенде -5 мин, т/а енгізгенде – 30 мин.

Жанама әсері: тахикардия, жүрек аритмиясы, жүрек тұсының ауырсынуы, АҚ көтерілуі, гипергликемия, тынышсыздық ауруларында, атересклерозда, тиреотоксикозда, қант диабеті мен жүктелекте қолдануға болмайды.

Норадреналин (норэпинефрин) – АҚ жедел төмендегенде к/т тамшылатып, жүрек тоқтағанда сол жақ жүрек қарыншасының қуысына енгізіледі.

Адренлин гидрохлориді – Adrenalini hydrochloridum (Б): 0,1% 1 мл еріт. амп 0,3-0,75 мл т/а және б/е; 0,1% 10 мл еріт. флаконда шығарылып, жергілікті (шырышты қабатқа) енгізіледі.

Адреналин гидротартраты - Adrenalini hydrotartras (Б): 0,18% 1 мл еріт, амп; 0,18% 10 мл еріт флаконда жергілкіті енгізіледі.

Noradrenalini hydrotartras – норадреналин гидротартраты (Б): 0,2% 1 мл еріт. амп. шығарылып, 5% глюкоза еріт. бірге к/т тамшылатып енгізіледі.

4. Симпатомиметиктер: эфедрин – Ephedra өсімдігінің алкалоиды, α және β-адренорецепторларға тікелей емес (медиатор арқылы) әсер етеді. Варикозды түйіндерге әсер етіп, медиатордың (норадреналиннің) бөлінуін тудырып, медиатордың нейрональды кері ұсталуын төмендетеді. Жүрек жұмысын қуаттандырады, АҚ-ы жоғарлатады, бронхолитикалық әсер көрсетеді, ішектің толқи жиырылуын төмендетіп, көз қарашығын кеңейтеді (аккомодацияға және көз қысымына әсері жоқ), қаңқа бұлшық еттерінің тонусын жоғарлатып, гипергликимия шақырады. Эфедрин ОЖЖ-не психоқуаттандырғыш әсер көрсетеді. Бронх демікпесі ұстамасын алдын алу және басуда, жедел АҚ төмендету үшін және гипотониялық жағдайда, аллергиялық реакцияларда, ОЖЖ-ң тежелуінде, ринитте, көз тәжірибесінде көз қарашығын кеңейту мақсатында және атриовентрикулярлы бөгетте қолданылады.

Гипертониялық ауруларда, атеросклерозда, стенокардияда, гипертиреозда және ұйқысыздықта қолдануға болмайды.

Эфедрин гидрохлориді – Ephedrini hydrochloridum (Б): 0,025 таб, 1-2 таб тәулігіне 2-3 рет; 5% 1 мл еріт. амп – 0,5-1мл т/а және б/е; 100-500мл глюкоза немесе натрий хлорид ерітіндісімен к/т тамшылатып; ринитте 2-3% еріт. мұрын тамшысы; 1-5% көз тамшысы түрінде қолданылады.

5. α-адреноблокаторлар

а) Таңдамалы емес α-адреноблокаторлар: фентоламин және тропафен α1 және α2 адренорецепторларды тежейді. Шеткерлік қан тамырларды кеңейтіп, шеткерлік ұлпалардың қанмен қамтамасыз етілуін жақсартады АҚ төмендетіп, тахикардия тудырады.

Қолданылуы: шеткерлік қан айналымының бұзылуы: эндартериит, Рейе ауруы, аяқтың ойық жаралары, феохромоцитома.

Фентоламин гидрохлориді – Phentolamini hydrochloridum (Б): 0,025 таб. шығарылып, 2-4 таб тәулігіне 3-5 рет қабылдау қажет.

Tropaphenum –тропафен (Б): 0,02 құрғақ зат амп. 1 мл инъекцияға арналған суда ерітіп т/а, б/е тәулігіне 1-3 рет.

б) Таңдамалы α-адреноблокаторлар: празозин (адверзутен, минипресс) – α1-адреноблокаторларды таңдамалы тежейді. Артерия мен венаны кеңейтіп, жүрекке венозды қан ағысын төмендетеді, жүрекке алдын және кейінгі түсетін күшті төмендетіп, жүрек жұмысын жеңілдетеді.

Негізгі әсері –АҚ төмендету. Тахикардия тудырмайды. Қандағы холестериннің мөлшерін төмендетіп, бүйрек пен ми қан айналымын қалыпты жағдайға келтіреді. әртүрлі артериялық гипертензияда қолданылады. Әсері 6-8 сағатқа созылып, бірінші рет ұйықтар алдында тағайындайды, себебі науқас 6-8 сағат төсекте дем алуы (ортостатикалық коллапс қаупін алдын алу үшін) тиіс.

Prazosini hydrochloridum (Б): 0,001; 0,002; 0,005 таб, ½ -5 таб. тәулігіне 1 рет қабылдайды және «алғашқы мөлшердің еренін (феноменін)» туғызбайды. Таңдамалы α-адреноблокаторлар қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясында қолданылады, өйткені қуықтың біріңғай салалы бұлшық еттері мен несеп шығару жолдарының сфинктерін босаңсытып, несептің айдалуын жақсартады, антидизуриялық әсер тамсулозинде (омник) байқалады.

α-адреноблокаторларды жүрек пен қан тамырлардың органикалық зақымдалуы мен жүктілікте қолдануға болмайды.

6. β-адреноблокаторлар (β-адренорецепторларды тежейді).

а) Таңдамалы емес β-адреноблокаторлар β1 және β2 – адренорецепторларды тежейді. Әсері орташа (6-8 сағ): анаприлин (пропранолол, обзидан, индерал), оксипренолол (тразикор), альпренолол, пиндолол (вискен); әсері ұзақ (24 сағ дейін): надолол (коргард), бопиндолол (сандонорм).

Анаприлин – Anaprillinum (Б): 0,01 және 0,04 таб, 1-4 таб. тәулігіне 3-4 рет; 0,1% 1 және 5 мл еріт. амп шығарылып, күре тамырға енгізіледі. β1-адренорецепторларды тежеу нәтижесінде, жүректің жиырылу күші мен жиілігін төмендетіп, жүрек бұлшық етінің қозуын, автоматизмі мен өткізгіштігін және жүрекке оттегінің қажеттілігін төмендетеді.

Қолданылуы: стенокардия, тахиаритмия, инфаркттан кейінгі жағдай. Бүйректегі ренин синтезінің тежелуі мен жүректің минуттық көлемі төмендеуі мен байланысты гипотензивті әсері байқалады.

Жанама әсері: брадикардия, атриовентрикулярлы өткізгіштіктің қиындауы, жүрек жетіспеушілігі, гипотензия, β2-адренорецепторларды тежеу нәтижесімен байланысты бронх тонусының жоғарлауы (бронхспазм), ұйқы келуі, депрессия, аяқ-қол тамырларының түйілуі мен диспепсиялық жағдайлар байқалуы мүмкін. Брадикардия, жүрек жеткіліксіздігінде, бронх демікпесінде, бронхспазмға бейімділікте, атриовентрикулярлы түйіннің өткізгіштігінің бұзылуында, қант диабетінде (анаприлин дәрілік гипогликемияны күшейтеді) және жүктілікте қолдануға болмайды.

Окспренолол - Oxprenololum (Б): 0,02 таб, 1-2 таб тәулігіне 3 рет.

б) Кардиоселективті β-адреноблокаторлар β1-адренорецепторларды тежейді, бірақ бронх тонусына әлсіз әсер етеді. Әсері орташа (6-8 сағ): талинолол (корданум), метопролол (беталок, спесикор); әсері ұзақ (24 сағ дейін): атенолол (тенормин), бисопролол (конкор), ацебутолол (сектраль).

Талинолол - Talinololum (Б): 0,05 драже – 1-2 дражеден тәулігіне 3 рет; 0,2% 5 мл еріт. амп шығарылып, к/т (өте баяу) енгізіледі.

Атенолол - Atenololum (Б): 0,025; 0,05; 0,1 таб; 1 таб тәулігіне 1 рет тағайындалады.

Бисопролол – Bisoprololum (Б): 0,005 таб, 1 таб тәулігіне 1 рет.

в) Ішкі симпатомиметикалық белсенділігі бар β-адреноблокаторлар жүрек соғуының жиілігі айқын әсер етпей, жүректің қызметін жақсартады: окспреналол, альпренолол, пиндолол, бопиндолол, талинолол, ацебутолол.

г) (β+α) – адреноблокаторлар: лабеталол α1-адренорецепторларды тежейді, басқа β-адреноблокаторлардан айырмашылығы айрықша гипотензивті әсері байқалады. Гипертониялық ауруларда және гипертензивті кризде қолданылады.

Лабеталол – Labetalol (Б): 0,1 және 0,2 таб. шығарылып, 1 таб. тәулігіне 2-3 рет тамақ үстінде; 1% 5 мл еріт. амп шығарылып, стационар жағдайында к/т (тез және күшті әсерімен байланысты ортостатикалық гипотензия байқалуы мүмкін) енгізіледі.

β-адреноблокаторларды науқастың жағдайын асқындырып алмау үшін, қабылдауды бірте-бірте төмендеткен дұрыс («доғару белгісі»). Ішкі симпатомиметикалық белсенділігі бар β-адреноблокаторларда доғару белгісі сирек кездеседі. β-адреноблокаторлар (тимолол) глаукоманы емдеу үшін көз тәжірейбесінде қолданылады.

7. Симпатолитикалық дәрілер: резерпин (рауседил, серпазил), октадин (гуанетидин, изобарин, исмелин), орнид (бретилий). Норадреналиннің қайта ұстау және депонирлену (октадин, резерпин), немесе синапстан алдыңғы жүйке ұштарынан норадреналиннің бөлінуін бұзу (орнид) жолымен, жүйке талшықтарынан норадреналиннің бөлінуін азайтады.

Негізгі әсері: қан тамырларды кеңейтіп, АҚ төмендету. Гипертониялық ауруларда (резерпин), артериялық гипертензияның ауыр түрінде (октадин) және антиаритмиялық дәрі (орнид) ретінде қолданылады.

Резерпин – Reserpinum (Б): 0,0001 және 0,00025 таб. шығарылып, 1 таб тәулігіне 2-4 рет тамақтан соң; 0,25% 1 мл еріт. амп шығарылып, 1 мл б/е және к/т енгізіледі. Резерпин раувольфия өсімдігінің алкалоиды, гематоэнцефальды кедергіден жеңіл өтіп, тыныштандыратын әсері бар.

Жанама әсері: депрессия, ұйқы келуі, жалпы әлсіздік, бас айналу, ентігу, асқазан безінің секрециясының күшеюі, АІЖ-ң түйілуі, іш өту, жүрек айну, брадикардия, миоз, мұрын бітуі және ұзақ қолданғанда паркинсонизм байқалуы мүмкін. Құрамында резерпині бар бар таблеткалар: «Адельфанэзидрекс», «Трирезид», «Кристепин», «Бринердин», «Неокристепин». Раунатин (раувазан) препратының құрамында да раувольфия алкалоиды бар, қолданылуы резерпинге ұқсас, бірақ ОЖЖ-не әлсіз әсер етеді.

Октадин – Octadinum (Б): 0,025 таб түрінде шығарылады.

Жанама әсері: ортостатикалық коллапс (препаратты қабылдап болған соң науқас төсекте 2 сағат дем алуы керек), адинамия, брадикардия, жүрек айну, іш өту, мұрын бітелу және сұйықтықтардың ұлпаларда ұсталуы мүмкін.

Препараттарды жедел ми қан айналысының бұзылуында, органикалық жүрек-қан тамыр ауруларының ауыр түрінде, бүйрек жеткіліксіздігінде, атеросклерозда, ал резерпинді – асқазан мен ұлтабардың жарасында, октадинді – феохромоцитомада қолдануға болмайды.