Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Книга Жуманбаев каз..doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.95 Mб
Скачать

1.1 Иммунологияның даму тарихы

Бұдан көптеген ғасырлар бұрын жұқпалы аурулардан адамдар көп өлген, ал егер тірі қалса, сол аурумен екінші рет ауырмайтыны белгілі болған. Обамен, шешекпен ауырғандарға күтім жасау үшін, аталған аурулармен бұрын ауырғандар ғана жіберілетін болған. Ел арасында жасанды ауру қоздыру үшін әртүрлі әрекеттер жасалған. Қытайда (ХІ ғасыр) шешек бөртпесінің қабыршақтарын мұрынға сепкен, Индияда - теріге жағып, ысқылаған, Грузияда – шешек бөртпесінің іріңін сау адамның терісіне инемен енгізіп жұқтырған.

Э.Дженнер 1798ж. (ағылшын) сиыр шешегімен ауырған сауыншылар кейін адам шешегімен ауырмайтындығын байқап, балаға (1796 ж. Дженсу Финасу) әлгі сиыр шешегін терісіне жұқтырып, 1,5 ай өткен соң сол балаға адам шешегін жұқтырғанда, бала ауырмаған. Өйткені, сиыр шешегі адам шешегіне де қарсы иммунитет берген. Екі жыл ішінде осы әдіспен 100 мың адам егіліп нәтижесінде бәрі де кейін шешекпен ауырмаған. Осылай шешекке қарсы вакцина егу әдісі ашылған. Латын тілінде Vacca сиыр деген сөз. Дженнердің зерттеулерінің маңызы зор болды, жасанды иммунитет дамыту арқылы елді жұқпалы аурудан қорғады. Біздің заманымызда егудің нәтижесінде, сиырдан алынған вакцина жер жүзіндегі елдердің бәрі жаппай егіліп, бүгінде шешек ауруы кездеспейтін болды.

ХІХ ғасырдың басында Луи Пастердің зерттеулері иммунологияның іргетасын қалады. Пастер әр түрлі ашытқыларда микробтардың бар екенін анықтады. Мысалы, Пастер остеомиелитті, іріңді ауруларды, тауық тырыс-қағын зерттеу арқылы көптеген микробтардың түрлерін тауып, анықтады.

Пастер 1881ж. профилактикалық егудің де негізін ашты. Ол вируленттілігі төмендетілген микробтарды сол аурулардың алдын алу үшін адамдарға егу керек екендігін дәлелдеді. Сөйтіп, вируленттілігі төмендетілген микробтарды организмге енгізу арқылы әртүрлі ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыру жолы табылды (1-сурет).

Эмиль Ру және Александр Йерсен (1888 ж.) дифтерия қоздырғышының токсинін бөліп алып, оның экспериментте дифтерияның клиникалық көріністерін дамытуға маңызды екенін дәлелдеді. Сөйтіп, аурудың кейде бактериялар токсинімен дамитыны белгілі болды. Беринг және Китазато 1890 ж. сіреспеге қарсы оны еккеннен кейін токсинді бейтараптайтын заттың пайда болатынын айтты. Бұны антитоксин деп атап, кейін «антидене» деп аталған жалпы термин пайда болды. Антидененің шығуына әсері бар микробтарды т.б. антиген деп атайтын болды.

Херикоурт және Риккет 1895 ж. жануарларға адамның ісік клеткаларын егіп, одан алынған сарысуды науқастарға егуді ұсынды.

ХХ ғасыр басында Пауль Эрлих гуморалдық иммунитеттің теориясын ұсынып, оның антиденелерге байланысты екенін дәлелдеді. Қатерлі ісікте антигендік қасиет барын тауып, организмдегі ісік жасушалары генетикалық бөгде жасушалар болып табылатындығы анықталды. Сөйтіп, Пауль Эрлих «иммунологиялық қадағалау» теориясының негізін қалаушы болды.

Грубер және Дерхем 1896 ж. бактериялардың, кейін Жюль-Борде эритроциттердің агглютинациясын ашты. Крауз 1897 ж. антидене және антиген арасында болатын преципитация реакциясын көрсетті. Соның нәтижесінде бұл реакцияларды іn vіtro-да қойып, тәжірибелік бақылаудың мүмкіндігі туындады.

К. Ландштейнер 1901 ж. эритроциттердің АВО изоантигендерін ашты, тіннің изоантигендері туралы ілімнің негізін дәлелдеді. Осыны әрі қарай дамытып Виннер 1940ж. сүтқоректілер эритроциттерінен RH-факторын тапты. Гросс 1943 ж. бірінші рет қатерлі ісіктің антигенін тапты.

Доссу, Снеллу жасушалардың генетикалық жүйесін зерттеп, бұлардың үстіңгі антиген мен рецепторға байланысты екенін көрсетті.

Медавар және Гашек 1953 ж. иммунологиялық толеранттылықтың механизмін ұсынды. Кейін Бернет иммунологиялық толеранттылықтың жүре пайда болатынын дәлелдеді.

Мечников, Максимов 1940 ж. шеткері қан құрылысын тексерудің клиникалық маңызы барын көрсетті. Мечников иммунитеттің фагоцитарлық теориясының негізін ашты.

Р.В. Петров біздің заманымыздағы иммунды жүйе және оның қызметі туралы ілімнің негізін қалаушы болды. Петров 1965 ж. алғыш рет иммунология курсын Новосибирск университетінде ашты.

Қазір 30-дан артық елде иммунология ғылыми түрде дамып, көп жетістіктерге жетті.

1. Шешек, құтыру, күл, полиомиелит, сіреспе т.б. аса қауіпті жұқпалы ауруларға вакцинация жүргізіледі. 1978 жылы дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымы шешекті жойдық деп хабарлап, оған қарсы егу тоқтатылды.

2. АВО изоантигендерінен басқа MN, Rh, Pp, Kk т.б антигендері табылып, қан құю проблемасы шешілді және бұл жаңалықтар медициналық генетикада, сот медицинасында қолданылады.

3. Нәрестелердің резус-гемолиздік ауруының да проблемасы шешілді. Еуропа, ТМД елдерінде резус-теріс әйелдердің саны 15%. Резус шиеленіс екінші жүктілікте дами бастайды. Оның диагнозы иммунологиялық әдіспен анықталады.

4. Толеранттылықтың және дәрі әсерімен иммунитетті тежеуін қолдану арқылы ағзаларды алмастыруын жүргізуге мүмкіндік берді. Жер жүзінде 100 мыңға жуық бүйрек алмастыру операциясы жасалған, олардың 80% екі жылдан артық өмір сүреді.

5. Иммунитет тесттерімен жұқпалы аурулардың иммунитет жетіспеушілік жағдайын және аллергиялық ауруларды анықтап, емдеу жүргізіледі.

6. Иммунды биотехнология (инженерлік иммунология) деген жаңа ғылым саласы дамып келеді. Молекулалық иммунология жетістіктерінің арқасында иммундық препараттарды, вакциналарды, антигендерді жасанды әдістермен алуы жүргізіледі.

7. Қатерлі ісіктің дамуы, оны анықтау, емдеу, аурудың алдын алу әдістері де иммунологиялық факторларға байланысты.