Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ежелгі азастан.docx
Скачиваний:
205
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
487.04 Кб
Скачать

Ғылымның дамуы

XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстан ғылымы қалыптасып, дами бастады. Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне 1920 жылы құрылған «Қазақстанды зерттеу» қоғамы көп үлес қосты. Бұл қоғамда Қ. Жұбанов, С. Аспандияров, Ж. Аймауытов, А. В. Затаевич, А. Байтұрсынов, Ә. Диваев, А. П. Чулошников сияқты ғалымдар еңбек етті. 1926 жылы М. Е. Массон Тараз қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Н. Г. Кассин, С. С. Неустроев, М. П. Русаков, А. Е. Ферсман, Р. А. Барунайов сияқты геолог ғалымдар қазақ жерінің табиғи ресурстарын зерттеуде ірі табыстарға жетті. Қарағанды, Екібастұз көмір қорлары, Ембі мұнай қоры анықталды.

1932 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық базасы құрылды. Бұл базаның құрамында 1935 жылы тарих және геология секторы, Қазақ ұлттық өнер ғылыми-зерттеу институты құрылды.

1935 жылы КСРО Ғылым академиясы Кенді Алтай түсті металын, Жезқазған мысын, Орал-Ембі мұнайын зерттеуге арналған сессия өткізді. Зерттеу нәтижесінде Қазақстанның одақ көлемінде көмір қоры жөнінен бірінші орын алатыны анықталды.

1935 жылы профессор С. Аспандияровтың еліміздің тарихы жөнінде «Қазақстанның көне заманнан бергі тарихы» атты ғылыми еңбегі жарық көрді.

А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Сейфулин, С. Мұқанов бастаған әдебиеттанушылар лингвистика, тіл білімі және әдеби зерттеулер бойынша ғылыми еңбектер жазды.

Қазақ КСР-де ғылымды дамыту жолында С. М. Вавилов, В. Л. Камаров, А. Н. Смаилович (түрколог), А. Д. Архангельский (геолог) есімді академиктер мол үлес қосты.

1940 жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. 1939 жылы елімізде ғылыми істерге жұмсалатын күрделі қаржы 14,4 миллион сомға жуық болды.

Соғыс қарсаңында КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалы құрылды.

Қазақ Кеңес өнерінің дамуы

XX ғасырдың 20–30 жылдарында Алматы, Орал, Петропавл, Семей, Ақмола, Қостанай қалаларында түрлі деңгейдегі мәдениет мекемелері жұмыс істеді.

А. В. Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» (1925 жылы), «Қазақ халқының 500 ән мен күйі» (1931 жылы) деген еңбектерін жазып, қазақ музыкасын зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. А. В. Затаевичке 1932 жылы Қазақ АКСР-ның халық артисі атағы берілді.

1922 жылы Қарқаралыда халық жыршылар бәйгесі өтті.

1924 жылы Москвада өткен халықтар музыкасының концертіне Петропавл педучилищесінің қазақ хоры қатысты. Хорды И. В. Коцых басқарды.

Қазақ әншісі Әміре Қашаубаев 1925 жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы, 1927 жылы Францияның астанасы Париждегі концерттерге қатысып, Батысқа қазақ әнінің құдіретін танытты.

1926 жылы Қазақстанда алғашқы ұлттық қазақ театры сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылды. Театрдың алғашқы директоры актер, режиссер Жұман Шанин болды. Театр ұйымдастыру ісіне Ә. Қашаубаев, И. Байзақов, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Қ. Жандарбеков, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров көп еңбек сіңірді. М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы – театрда алғаш қойылған пьеса. Бұдан басқа театрда Ж. Шаниннің «Арқалық батыр», Б. Майлиннің «Шаншар молда», С. Сейфулиннің «Қызыл сұңқарлар», М. Әуезов пен Л. Соболевтың «Абай», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесалары, Д. А. Фурмановтың «Бүкіл», Шекспирдің «Отелло», Н. В. Гогольдің «Ревизор», «Үйлену» қойылымдары сахнаға шығарылды.

1937 жылы бұл театр қазақ академиялық драма театры аталды.

1930 жылы Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе қалаларында театрлар ашылды.

1933 жылы Алматы қаласында ұйғыр музыкалық драма театры ашылды. Бұл театрда А. Садыров пен Ж. Асимовтің ержүрек ұйғыр қызын бейнелейтін «Анархан» пьесасы және т. б. қойылды.

1937 жылы Қызылорда қаласында Корея театры ашылды. Мұнда Д. И. Дон-Имнің «Чуп-хан-дан» музыкалық драмасы қойылып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Сонымен қатар азамат соғысы кезінде және басқа да қиын-қыстау жылдары Ә. Жангелдин басқарған отрядта, Түркістан атқыштар дивизиясы мен бірінші кеңестік қазақ атты әскер полкінде жылжымалы театрлар жұмыс істеді.

Онда Ж. Аймауытовтың «Ел қорғаны», Р. Мәлібаевтың «Әдет күңі», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», Е. Ерданаевтың «Мылқамбай» сияқты пьесалары қойылды.

30 жылдары қазақ киносының дами бастаған кезі болды. Осы кезде Алматы қаласында жұмыс істеген «Востоккиноның» бөлімшесі «Жайлауда», «Түрксіб» сияқты деректі фильмдер мен «Қаратау құпиясы», «Жұт», «Дала әндері» сияқты дыбыссыз көркем фильмдерді түсірді.

1934 жылдан бастап республикада хроникалы фильмдер студиясы жұмыс істей бастады.

1938 жылы республикадағы алғашқы дыбысты фильм «Амангелді» фильмі қойылды. Бұл фильмді «Ленфильм» киностудиясы түсірді.

1934 жылы Абай атындағы Қазақ академиялық опера және балет театры ашылды. Мемлекеттік музыка театры болып ашылған бұл театрда М. Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі 100 реттен астам көрсетілді.

1934 жылы А. Жұбановтың жетекшілігімен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік оркестрі құрылды.

1936 Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы құрылды.

1938 жылы мамырда Москвада өткен қазақ өнері күндерінде «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары қойылып, Күләш Байсейітова бастаған әншілер ән шырқады. К. Байсейітова КСРО халық артисі атағына ие болды.

Әйгілі суретші П. Г. Хлудов қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі болды. Алғашқы қазақ суретшісі Әбілхан Қастеев – Хлудовтың шәкірті. Ә. Қастеевтің «Амангелді» картинасы – қазақ бейнелеу өнерінің озық туындыларының бірі.

1930 жылдары Қазақстанда мәдени ағарту орындары жұмыс істей бастады.

1934 жылы Алматыда кітапхана техникумы, Орал, Семей, Өскемендегі педагогикалық техникумдар жанынан кітапхана бөлімдері ашылды.

1939 жылы республикада 3304 кітапхана жұмыс істеді. Соғыс қарсаңында республикадағы мәдениет үйлерінің саны 5237-ге жетті.

Соғысқа дейінгі жылдарда Қазақстан мәдениеті осындай зор жетістіктерге жеткенімен, сталиндік бюрократиялық жүйе мәдени рухани салаға орны толмас шығын әкелді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]