Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ежелгі азастан.docx
Скачиваний:
204
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
487.04 Кб
Скачать

Соғыстан кейінгі Қазақстан (1946 — 1980 ж.Ж.)

Ауыр соғыста жеңіске жету ел басқарудың әкімшіл әдістерінің дұрыстығына сенім туғызды. 40–50 жылдары әміршіл-әкімшіл жүйе нығая түсті. Бұл жүйенің жетекші күші Коммунистік партия болды.

Соғыстан кейінгі жылдарда республика лагерьлер өлкесі болып қала берді. Күштеп көшірілгендер Қазақстанға, Орта Азия республикаларына, Батыс және Шығыс Сібірге орналастырылды. КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комиссариаты Басқармасының мәліметі бойынша, күштеп жер аударылғандар саны – 2 млн. 463940 (1946 ж. қазандағы санақ). Қазақ халқы сталиндік зорлық-зомбылықтың құрбаны болған халықтарға көмегін аяған жоқ.

Соғыс жылдары Кеңес Одағы ұлттық байлығының үштен бірінен айрылды. Өндірістегі жұмыс қолының жетіспеуін толықтыру мақсатында 11 млн. 365 мың адамдық Кеңес Армиясы қатарынан әскерлерді босату жүргізілді (демобилизация).

Соғыстан кейінгі алғашқы жыл – ауыл шаруашылығы үшін аса ауыр кезең.

40-жылдардың екінші жартысы – 50-жылдардың басы – кеңес адамдарының басым көпшілігі үшін ауыр кезең. Осыған қарамастан аға ұрпақ өкілдері сол жылдарды «алтын ғасыр» деп атайды.

Сталиннің қазасынан кейін (1953 жыл 5 наурыз) аппаратқа, қуғындаушы органдарға сүйенген жүйе дәуірі аяқталды. «Жылымық жылдары» аталған 50-жылдардың екінші жартысынан бастап игі істер атқарылды.

Бесінші бесжылдық (1951–1955 жж.) ішінде 200-ге жуық жаңа кәсіпорын салынды. 1957 жылы тұңғыш тепловоздар Қарағанды темір жолының Ерейментау депосында пайда болды. Экономиканың даму қарқыны өсіп, 1954–1958 жылдары 730 өнеркәсіп орындары мен цехтар іске қосылды. 1959 жылы Қазақстан өнім өндіруден Одақта 3-орынға шықты.

Тың жерлер игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал, Солтүстік Кавказ, Еділ бойы. 1954–1955 жылдары 1 млрд. 100 млн. — 1 млрд 200 млн. пұт астық алу белгіленді. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін облыстар: Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Павлодар. Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдіктер жасалды.

60-жылдардың ортасындағы жүргізілген шаралар – соғыстан кейінгі кезең ішіндегі экономиканы қайта құруға бағытталған ең ірі ұмтылыс.

1960 ж. ортасынан 1980ж. ортасына дейінгі кезең – тоқырау жылдары. Тоқырау кезеңінің идеологиясындағы басты бағыттардың бірі – орыстандыру саясаты.

Соғыстан кейінгі Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі (1945–1950 жж.)

Соғыстан кейін де әміршіл-әкімшіл жүйе қоғамда үстем болды. КСРО-да, соның ішінде Қазақстанда Сталиннің жеке басына табыну күшейді. Жеке адам құқығы барған сайын аяққа тапталды. Қарапайым адамдар басқарудан шеттетілді.

Коммунистік партияның билігі шексіз болды. Қоғамда тоталитарлық, авторитарлық жүйе үстем болды. Осының бәрі жеке адамның басына табынғандықтан пайда болған. Жоғары билік басындағылар тез арада коммунизмге көшу туралы жоспарларды құрастыра бастады. Коммунизмнің теориялық негізі жасалды. Мұның бәрі И. В. Сталиннің көрегендігі ретінде бағаланды. Республикада осылай қияли утопиялық көзқарас пайда болды. Коммунистік партия қияли коммунистік идеологияның мүддесін халықтың өмірі мен тіршілігінен жоғары қойды. Адам мүддесімен ешкім санаспады.

Ауыл шаруашылығы

Соғыстан әлсіреп шыққан еліміздің ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жолында көптеген кедергілер кездесті. Мысалы, ауыл шаруашылық техниканың жетіспеуі, жұмыс күшінің аздығы, әміршіл-әкімшіл жүйенің ықпалы т. б.

Партияның 1946 жылғы қаулысына сәйкес совхоздар мен колхоздардың бұрынғы зардаптарын жою басталды. Ауыл шаруашылғын жаңа техникамен қамтамасыз ету үшін мемлекет арнайы қаражат бөлді. 1950 жылы еліміздегі колхоздарда (76%) МТС-тер (машина-трактор станциялары) жұмыс істеді. Үкімет өзін қамтамасыз ете алмайтын ұсақ колхоздарды біріктіре бастады. 1952 жылы республикада 2047 колхоз жұмыс істеді.

Республика ауыл шаруашылығы біршама жақсы дамыды. Дегенмен барлық халықты бірдей азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, өнеркәсіптің шикізатқа деген сұранысын қанағаттандыра алмады. Ауыл шаруашылығы жоспарлы түрде жоғарыдан басқарылды.

Халықтың әлеуметтік жағдайы

Соғыстан кейін 1946–1950 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы үшін аса ірі ауыр кез болды. 1947 жылы елімізде бұрыннан қолданылып келген, халықты азық-түлікпен мөлшерлі қамтамасыз ететін карточкалық жүйе жойылды.

Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда біраз шаралар қолданылды. Бірақ бұл мәселе онымен шешілмеді. Жұмысшылардың жалақысы көп ретте азық-түлікті сатып алып отырды. Әсіресе, ауыл шаруашылық өнімдерін мемлекет өте арзан бағамен сатып алды. 1946 жылы Кеңестер Одағының біраз өңірін аштық жайлады. Бұл туралы ешқандай мәліметтерде айтылмайды.

Соғыстан кейін республика экономикасын қайта құру (1945–1950 жж.)

II дүниежүзілік соғыс КСРО шаруашылғына өте көп зиян әкелді. Соғыс зардаптары: 1710 қала, 70000 ауыл қирады, 32000 өнеркәсіп, 100000 ауыл шаруашылық кәсіпорны бүлінді және 2 млн. адам қираған үйде тұруға мәжбүр болды. Киев, Ленинград, Сталинград, Минск т. б. қалалардың көп бөлігі талқандалды.

Соғыстан кейін қираған экономиканы, халық шаруашылығын қалпына келтіру басты міндет болды. Бұл бағытта ең алдымен жұмыс күшінің жетіспеуі кедергі жасады. Себебі КСРО соғыста 27 млн. адамнан айырылды. Осыған байланысты Қызыл Армия қатарында демобилизация (әскерден босату) басталды. 1945–1948 жылдары Қызыл Армия қатарынан 8 млн. 500 мың адам босатылды.

Соғыс жағдайына бейімделген ел экономикасының қайта құрылуы басталды. Сұрапыл жылдары соғыстың қажетін өтеп тұрған кәсіпорындар бейбіт тұрмыс өнімдерін шығара бастады.

Қазақстан экономикасын бейбіт жағдайға бейімдеу көп қиыншылықтар тудырды. Соғыс жылдары Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар азат етілген аудандарға қайта көшірілді. Сонымен бірге білікті мамандар да қайтты. Соғыста жарты миллионнан астам адам қаза тапты, көбі мүгедек болып оралды. Мұның бәрі шаруашылқты қалпына келтіруді кешеуілдетті. Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге барынша көмек көрсетті. Сталинград, Ленинград, Киев қалаларын, көптеген қираған кәсіпорындарды қалпына келтіру барысында қазақстандықтар көп үлес қосты.

Сонымен қатар Қазақстан соғыстан зардап шеккен өңірлерге материалдық көмек көрсетті. Мысалы, 1945 жылы Украинаға 500-ге жуық трактор, ауыл шаруашылық техникасын; Ресей мен Белоруське, Украинаға 350000 қой, 22000 жылқы, 17500 сиырды тегін жіберді, 1946 жылы қабылданған 1946–1950 жылдарды қамтитын халық шаруашылығын дамытуға бюджеттен көптеген қаржы бөлінді.

Үкіметтің қолдауымен және жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорындар біртіндеп аяғынан тұра бастады. Теміртау металлургия зауыты, Ақтөбе Ферроқорытпа зауыты сияқты алыптардың қуаты артты. Екібастұз көмір кендері мен Маңғыстау мұнай кәсіпшіліктерінде жаңа құрылыстар салынды.

Ауыр өнеркәсіппен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінің қуаты артты.

1950 жылы 483 шақырымға созылған Мойынты-Шу теміржолы салынды. Байланыс, коммуникация жүйелері де дамыды. 1949 жылы Алматы автоматтық станция арқылы республиканың 56 қаласымен байланыстырылды.

1950 жылы елімізде халық шаруашылғында еңбек ететін адамдардың саны 1 млн. 403000-ға жетті.

Қазақстан экономикасының бейбітшілік жағдайға сәйкес қайта құрылуы

1946 жылғы наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясы 1946–1950 жылдар аралығын қамтитын халық шаруашылғын қалпына келтіру мен дамытуға арналған бесжылдық туралы Заң қабылдады. Бұл жоспарда қазақстанның халық шаруашылығы мен мәдениетін дамытуға үлкен мән берілді. Ауыр өнеркәсіптің дамуына, жаңа темір жол желісін салуға, ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттыруға қаржы бөлінді.

Еңбекшілер қауымының қажырлы қайрат көрсетуінің нәтижесінде 1946–1951 жылдары республикада болат прокатын, қара және түсті металлургия, тау-кен және көмір өнеркәсібі үшін қолдан жасалған талшық өндіру жүзеге асырылды. Бесжылдық жылдарында қара металлургия қарышты қадаммен дамыды. Теміртаудағы металлургия зауытында үй прокат станы мен екі мартен пеші, Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында кәсіпорынның үшінші кезегі іске қосылды. 1947 жылы Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты алғашқы мырышын берді. Екібастұз алабында көмір кесіндісінің құрылысы аяқталды. Балқаш мыс қорыту зауытының қуатын арттыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылды. Маңғыстауда мұнай кәсіпшіліктері қатарға қосылумен болды.

Жеңіл және тамақ өнеркәсібі дамыды. Семейдегі илеу-сығынды зауыты, Қызылорда «Комсомолка» тігін фабрикасы өнім бере бастады. Жамбылда, Қызылордада, Павлодарда тері зауыттарының құрылысы аяқталды. 50-жылдардың басына қарай республикада 65 кәсіпорын болды. 1950 жылы ұзындығы 483 км. Мойынты-Шу темір жол төсемін қалау аяқталды.

1949 жылдың көктеміне қарай Алматыда елдің 56 қалаларымен байланыстыратын автоматтық станция қызмет істей бастады, радиоқабылдау және хабар беру, радио жүйесі 40-жылдармен салыстырғанда екі есе артты.

Республиканың экономикалық өміріндегі өзгерістер маманданған жұмысшылар қатарының өсуіне ықпал етті. Егер 1945 жылы халық шаруашылғындағы жұмысшылар мен қызметкердің саны 1044 мың, олардың ішінде өнеркәсіпте еңбек ететіндер 304 мың болса, 1950 жылы олардың жалпы саны 1403,3 мың, ал өнеркәсіптегілер 366 мың адамға тең болды.

Өнім өндіруді арттыру мақсатымен ұсақ колхоздар біріктіріліп, олардың орнына ірі ұжымдық шаруашылықтар құру жүзеге асырылды. Колхоздарды ірілендіру шапшаң қарқынмен жаппай жүргізілді. Осының нәтижесінде республикада колхоздар саны азайды:

  • 1945 жылы Қазақстанда 6737 колхоз болса; 

  • 1952 жылы олардың саны 2047-ге тең болды.

Еңбекшілердің тұрмыс жағдайының өзгеруі.

40-жылдардың екінші жартысы мен 50-жылдардың басы КСРО азаматтарының басым көпшілігі үшін аса ауыр кезең болды.

1947 жылғы желтоқсанда карточка жүйесі және еңбекшілерді азық-түлік және өнеркәсіп өнімдерімен өлшеулі қамтамасыз ету жойылды. Сол жылы ақша реформасы жүзеге асырылды. Негізгі өнімдердің, нан және наннан жасалған өнімдердің, еттің, өнеркәсіп өнімінің бағасы арзандады. Сомның сатып алу құнының көтерілуімен қатар еңбекшілердің жалақысы да өсті.

Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне, соғыста қаза болғандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жасы ұлғайғандарға, асыраушысының қаза болуына байланысты және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнетақы тағайындалды. Көп балалы және жалғыз басты аналар жәрдем алып тұрды. Шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жеңілдіктермен жолдамалар берілді. Осы жылдары кезектен тыс жұмыс істеуге тиым салынды, ақылы демалыс алу қалпына келтірілді.

Мемлекеттік күрделі қаражат пен кооперативтік кәсіпорындардың және басқа ұйымдардың есебінен халық үшін тұрғын үйлер салу өрістеді.

Жұмысшылар мен қызметкерлердің айлық жалақысы бір жарым есе ғана өсіп, 1950 жылы 64 сомға тең болды.

Әуел бастан негізсіз жасалған, соған қарамастан насихат кеңінен пайдаланған арзандату саясаты халықтың басым көпшілігі тұратын ауыл есебінен жүргізілді.

Мәдениеттің дамуы

Соғыстан кейінгі уақытта мәдениет, еліміздің рухани жағдайы қатал сталиндік идеологияның қыспағында болды. Тоталитарлық режим бұл саланы өз дегенімен басқарып отырды.

Ағарту ісі. Соғыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында кездескен басты кедергілердің бірі – қажетті мамандардың жетіспеуі.

1946 жылы коммунистік партия Қазақстанда жоғары және орта білім беру ісін дамыту шаралары жөнінде қаулы қабылдады. Қазақстанға көптеген білікті мамандар жіберіліп, білім беру ісіне қаражат бөлінді. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары мемлекетке қажетті 60000-дай маман даярланды. 1950 жылы республикада білім беру ісіне 146,5 млн. сом жұмсалды. Нәтижесінде көптеген жаңа мектептер мен интернаттар салынды. 1950 жылы Қазақ КСР-дегі мектептердің саны 9088 болды. Бұл мектептерде 1493000 оқушы оқыды.

1950 жылы республикада міндетті орта білім алу жүйесі енгізілді.

Ғылым. Халық шаруашылығын қалпына келтіру барысында негізгі қажеттіліктердің бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. 1946 жылы маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Ғылым академиясының алғашқы президенті болып ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысын ұйымдастыру бағытында С. И. Вавилов, И. П. Бардин, А. М. Панкратова сияқты КСРО Ғылым академиясының белгілі ғалымдары көп еңбек сіңірді. Құрылған күннен бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы көптеген аса күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1946–1949 жылдар аралығында Ғылым академиясы 900-дей жаңалық ашты.

1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамында 50 ғылыми-зерттеу мекеме жұмыс істеді. Ғылым академиясының 19 ғылыми-зерттеу институтында 500 аспирант оқыды.

Әдебиет. Қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі жағдайы нашар болмады. Бірақ сталиндік идеология әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. 1947 жылы М. Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясының екі кітабын аяқтады.

1949 жылы «Абай жолы» роман эпопеясы үшін ол мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл туынды – қазақ әдебиетінің аса үлкен жетістігі.

Соғыстан кейінгі жылдарда Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», С. Мұқановтың «Сырдария», М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» романдары, Қ. Бекхожин мен Ғ. Ормановтың, А. Тоқмағанбетов пен Т. Жароковтың, Ә. Тәжібаевтың өлеңдер жинақтары жарық көрді.

Ғылым мен мәдениетке сталиндік қыспақ. Е. Бекмаханов ісі (1951–1952 жж.)

Соғыстан кейінгі жылдарда сталиндік тоталитарлық жүйе ғылым мен мәдениеттің дамуына белгілі мөлшерде кедергі жасады. Мысалы, коммунистік партияның қатал идеологиясы қоғамдық ғылымдарға қатты қыспақ көрсетті.

Қазақстан партия комитеті БК (б) П Орталық Комитетінің 1946 жылғы зиялы қауымды саяси қудалауға арналған қаулысын орындау мақсатында жұмыс істеді. Осыдан бастап көптеген зиялы қауымдардың, ғылым, мәдениет өкілдерінің саяси қудалауы басталды. 1947 жылы коммунистік партия Қазақ КСР Ғылым академиясыныңқұрамындағы Тіл және әдебиет институтына XIX ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінің рухани мұрасын зерттеуге тыйым салды. Себебі бұл кездің мұралары «ескінің қалдығы» ретінде сипатталды. Қазақ КСР Ғылым академиясында, Мемлекеттік университетте, жазушылар қауымы өкілдері ішінен «халық жауларын», «бөгде ойлы адамдарды» іздеді.

М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Қ. Жұмалиев, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан сияқты қазақстанның біртуар ұлдарына «ескіні жазушылар» ретінде негізсіз айыптар тағыла бастады. Белгілі ғалымдарға (А. Жұбанов, Б. Сүлейменов, Е. Ысмаилов, С. Кеңесбаев т. б.) әр түрлі жала жабылды. М. Әуезов, Қ. Сәтбаев сияқты ғалымдар біраз уақыт бойы қазақстаннан тыс жерлерді (Ленинград, Москва) мекендеді.

Е. Бекмаханов ісі. Ермұхан Бекмаханов Воронеж педагогика институтын бітірген тарихшы ғалым болды. Е. Бекмаханов 1943 жылы «Қазақ ССР тарихы» атты еңбек жазып, 1946 жылы докторлық диссертация қорғады. 1947 жылы диссертациясын «XX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақстан» тақырыбында монография етіп шығарды. Е. Бекмаханов бұл еңбектерінде 1837–1847 жылдардағы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы кең көлемде жазған болатын. Осыған байланысты Е. Бекмахановқа Ресейге қарсы көтерілісті жақтаған, Кенесары қозғалысын ақтауға тырысқан буржуазияшыл, ұлтшыл деген айып тағылды. 1950 жылдан бастап коммунистік партия баспасөз арқылы Е. Бекмахановты ашық айыптай бастады.

1951 жылы ҚазКСР-нің Жоғарғы соты Е. Бекмахановты айыпты деп тауып, 25 жылға бас бостандығынан айырды. Ол Гулаг лагеріне жазасын өтеуге жіберілді. Е. Бекмаханов 1954 жылы ақталып түрмеден босады. Оның бостандыққа шығуына А. М. Панкратова, А. П. Кучкин сияқты ғалымдар көп көмек көрсетті. Е. Бекмаханов ақталып шыққаннан кейін, өзінің ғылыми педагогикалық жұмысын жалғастырды. Е. Бекмаханов 1966 жылы қайтыс болды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру (1954–1958 жж.)

Тың жерлердің игерілуі 1954 жылы басталды. 1954 жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказ бен Қазақстанда жүргізілді.

1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн. гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер игерілді. 1956 жылға қарай КСРО-да егістік көлемін 28–30 миллион гектарға жеткізу көзделді. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқынмен, асығыс түрде жүргізілді. 1955 жылы 9,4 миллион гектар жер жыртылды. Ал жоспар бойынша 7,5 млн гектар жер жырту көзделген болатын. Тың жерлердің игерілуі жүргізілді: 

  • Ақмола, Солтүстік Қазақстан; 

  • Қостанай, Көкшетау;

  • Торғай;

  • Павлодар облыстарында.

Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшылар келді. 1953–1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдіктер жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150–1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауыл шаруашылық салығынан босатылды.

1954–1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом жұмсалды.

Тың игерудің пайдасы. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалдық елге айналды. Қазақстан жерінде көптеген тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер салынды. Он мыңдаған шақырым жолдар төселді.

Тың игерудің салдары. Көптеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, Мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.

Ең алдымен Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954–1955 жылдарда Қазақстанға келген 650000 тың игерушінің 150000-ы ғана механизатор болды. Нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар етек алды.

Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникасы жіберілді.

Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды.

Мал шаруашылығының дамуы артта қалды. Миллиондаған гектар жерлер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жерлер азайды. Мал шаруашылығының шығынға ұшырауынан ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды.

Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер тарады. Тың игеру жылдары қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, ұлттық руханияттары ескерілмеді. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкілдеріне берілген артықшылықтар қазақ халқын менсінбеушіліктің көрінісі болды.

Мал шаруашылығы

Коммунистік партияның жүргізген солақай саясатының кесірінен Қазақстан мал шаруашылғының дамуы баяу жүрді. Көптеген мал жайылымдардың тың игеру кезінде егістікке айналып кетуі де мал шаруашылығының артта қалу себептерінің бірі болды.

1955 жылы болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында мал шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанда мал шаруашылығына көңіл бөлінгендіктен, 225 совхоз және 47 колхоз мал өнімдерін, яғни ет, сүт өндіретін шаруашылықтар ретінде өзгертілді. Мал шаруашылығы үкіметтің жасаған көптеген шаралары нәтижесінде жақсара бастады. Малшылар еңбегі арқасында мал шаруашылығы ілгері басты.

Шаруашылықтың бар ауыртпалықтарын көтерген малшылар өз еңбегі нәтижесінде үлкен табыстарға жете білді. Мысалы, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Айдарлы колхозының шопаны Жазылбек Қуанышбаевтың өндірген қаракөл терілері Бухарест пен Познаньдағы, Дели мен Нью-Йорктегі көрмелерге шығарылды. Жазылбек Қуанышбаев 1958 жылы «Орақ пен балға» алтын медалін алды.

1960 жылы қазақ КСР-де мал саны 37 млн 400 мыңға жетті.

Республикадағы 50 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір

1953 жылы наурызда әміршіл-әкімшіл жүйенің идеологы, КСРО басшысы И. В. Сталин қайтыс болды.

1953 жылы шілдеде Сталиннің оң қолы, қуғын-сүргінді ұйымдастырушы, КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Л. П. Берия барлық лауазымды қызметтерінен босатылып, атылды. Осылай Кеңестер Одағында ширек ғасырға созылған тоталитарлық, адам құқығын аяққа таптаған үстемдік аяқталды.

Бюрократ көсемдер биліктен кеткенімен, олардан мұраға қалған әміршіл-әкімшіл жүйе жойылмады. 1953 жылы шілде, қыркүйек айларында болған КОКП Орталық Комитетінің пленумында әміршіл жүйеге байланысты біраз мәселелер көтерілді. Бұл мәселенің барлығы КОКП XX съезінің басты тақырыптарының бірі болды. Съезде мемлекет басшысы Н. С. Хрущев жеке адамның басына табынудың жай-жапсары туралы баяндама жасады. Бұл баяндамада И. В. Сталин мен Н. Ежовтың, Л. Берияның заңға қайшы өрескел әрекеттері, олардың мұраға қалдырған, қолмен жасаған бюрократиялық жүйесі, қылмыстары туралы көптеген дәлелдер келтірілді. Адам құқығының аяққа тапталғандығы, көптеген жазықсыз адамдардың сотталып, өлтірілгені туралы да айтылды. Съезде «Жеке адамға табыну және осының салдары туралы» қаулы қабылданды. Съездің басқа құжаттары, талқыланған мәселелері көп уақытқа дейін құпия түрде сақталды.

Бірақ әміршіл-әкімшіл жүйедегі Н. С. Хрущев орны жайлы ештеңе де айтылмады. Мемлекет басшылығының осыдан кейінгі саясаты да дұрыс жүргізілмеді. Мемлекеттік дәрежедегі көптеген мәселелер тек қана бірнеше адамның қолында болды. Одақтас республикалардың құзырында ештеңе болмады.

Н. С. Хрущев кезінде де соны пікір айтқандар қуғындала бастады. Н. С. Хрущев басқарған кезде де бюрократиялық жүйе өзгермеді. 1959 жылы болған КОКП-ның XXI съезінде Н. Хрущев социализмнің толық жеңгені, енді коммунизмге аяқ басқаны туралы өз баяндамасында айтады. Елде осындай қияли болжамға сүйенген утопиялық социализм сақталды.

Қазақстанның 1960 жылдарындағы қоғамдық-саяси жүйесі

60 жылдардың бастап мемлекет Кеңестерді дамыту ісіне басты көңіл бөлді. КОКП-ның XXII съезінде Кеңестердің беделін арттыру туралы мәселе қаралды. Осы кездегі қоғамның саяси жүйесінде елімізде еңбек ететін барлық жүйеден өкілдер құрамына кіретін КСРО Жоғарғы Кеңесінің рөлі артты.

1963 жылы Жоғарғы Кеңес депутаттарының саны 473 болды. Депутаттардың 158-і әйел болды.

Ал Қазақ КСР-нің барлық депутаттар Кеңесінің құрамына 98906 депутат сайланды. Бірақ Жоғарғы Кеңес партия нұсқауы негізінде жұмыс істеді.

Кәсіподақ қызметі де бұл кезде жандана түсті. 1966 жылы кәсіподақ құрамында 4 млн-ға жуық адам болды. 1960 жылы мемлекеттегі рекреациялық қорлар кәсіподақ қарамағына берілді. 1961 жылы ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері кәсіподақтың билігіне көшті. Социалистік жарыстар ұйымдастыру, еңбекшілердің құқықтары мен әлеуметтік жағдайларын реттеу кәсіподақтың міндеті болды. Осындай кең көлемдегі істерді атқару құзырында болған кәсіподақ барлық жағынан партияға бағынышты жағдайда болды.

60 жылдардың ортасында комсомолдың беделі де айтарлықтай болды. 1965 жылы республика жастар ұйымы құрамында 1 млн-ға жуық жастар болса, оның 400000-ға жуығы өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, көлік, байланыс жүйелерінде еңбек етті.

1962 жылы Қазақстан комсомолының X съезінде жастар мал шаруашылық саласын қамқорлыққа алды. Сонымен қатар Қазақстанның 8000-ға жуық комсомол жастары екпінді құрылысқа аттанды.

60 жылдардың басына қарай тағдырдың жазуымен ҚХР-да қалып қойған отандастарымыз оралды. Осы жылдары КСРО-ға ҚХР-нан 350000 адам көшіп келген. Оның 200000-ға жуық адамы Қазақстанға қоныс аударған. Қоныс аударғандардың басым көпшілігі қазақтармен қатар өзбектер, орыстар, ұйғырлар, дүнгендер де Қазақстан жеріне қоныс аударды. Қоныс аудару кезеңі 1963 жылы аяқталды.

1964 жылы КОКП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Пленум барысында партия және мемлекет басшылары арасында ауыс-түйістер туындады. Ең алдымен Н. С. Хрущев КОКП ОК-ның бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. КОКП ОК-ның бірінші хатшысы болып Л. И. Брежнев сайланды. Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметі А. Н. Косыгинге жүктелді. Бұл пленумда негізгі мәселелер Л. И. Брежнев, А. Н. Шелепин, М. А. Суслов, В. Е. Семчастный, Д. А. Қонаевтың қатысуымен шешілді. М. А. Суслов баяндамасында Н. С. Хрущевті айыптады.

70 жылдардың басында бұрынғыдай социализмнен коммунизмге өту туралы теориялық идея басым болды. Бұл жайлы 1967 жылы қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған сөзінде Л. И. Брежнев мәлімдеді.

1977 жылы 7 қазанда КСРО конституциясы қабылданды. Конституцияда қияли болжамдар көп болды. Коммунизмге өтер жол мәселесі, кемелденген социализм теориясы кең таралды.

1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР-нің конституциясы қабылданды. Бұл Кеңестік жүйедегі Қазақстанның соңғы конституциясы болды. Бұл конституцияда да демократияны шектеу, адам құқығын елемеу қоғамға жат құбылыстар орын алды. Ұлтаралық қатынастарда да келеңсіз жағдайлар көбейді. Республикада орыс тілі «ұлы тіл» ретінде дәріптеліп, қазақ тіліне немқұрайды қарау кеңейді.

1975 жылы ақын, қоғам қайраткері О. Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы жарық көрді. Бұл кітапта орыстың әдеби жырындағы түркі сөздері туралы кең ғылыми деректер келтірілді.

Келтірілген деректер шовинистерге ұнамады. Оларға бұл кітап орыс ұлтын кемсітушілік болып көрінді. Сондықтан аталған шығарманың тиражын көбейтуге және оны сатуға тыйым салынды.

Отандастарымыздың қайтып оралуы

Қоғамдық өмірді демократияландыру процесі басталғандығының арқасында шекара сыртында өз еркінен тыс қалып қойған отандастарымыз Қазақстанға қайта оралуға мүмкіндік алды. М. Тәтімов, Б. Төлепов, В. П. Осипов сияқты ғалымдардың пікіріне қарағанда, бұл жылдары Қытай Халық Республикасынан Кеңес Одағына 350000-ға жуық адам оралған, оның 200000-нан астамы Қазақстанға келген. Бұл адамдар Отанын сатпағанын, өктемшіл жүйенің құрбандығына шалынғандығын естен шығаруға болмайды. Репатрионаттардың. яғни, Отанға оралғандардың құрамында қазақ, өзбек, дүнген, орыс, ұйғыр т. б. көптеген ұлттардың өкілдері болды. Республика үкіметі жаңадан келгендерді қарсы алу үшін бірқатар шара қабылдауының нәтижесінде олар негізінен бір кезде кетуге мәжбүр болған жерлеріне қайта қоныстандырылды. Бұл адамгершілік актісі болатын. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты мұндай қоныс аударулар 1963 жылға қарай тоқталып қалды.

Республиканың 1950–1960 жылдарындағы индустриялық дамуы

Соғыстан кейін қалпына келтірілген өнеркәсіп 50 жылдардан кейін жаңа өзгерістерді қажет етті. Осы кезден бастап өнеркәсіпті басқарудың басқа жүйесін енгізу, ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріске енгізу жөнінде көптеген шаралар нәтижесінде Қазақстан экономикасының өсу дәрежесі де кеңейді. 1954–1958 жылдар аралығында Қазақстанда 730 өнеркәсіп орны салынды. Жаңадан салынған өнеркәсіптер: Ақтөбе хром зауыты, Шымкент гидролиз зауыты, Семей цемент зауыты, Жезқазған кен байыту фабрикасы т. б.

1958 жылы жалпы өнім өндіру жөнінен Қазақстан КСРО-да 3-орынға шықты. Өнеркәсіптердің көптеп салынуы жол көлік, байланыс жүйелерінің өркендеуін талап етті.

1956–1958 жылдар аралығында елімізде көлік және коммуникация жүйелерін дамытуға 146,4 млн. сом жұмсалды. Республикада теміржол құрылысына ерекше көңіл бөлінді.

1960 жылы Қазақ КСР теміржолының ұзындығы 11,42 километр болды. 1958 жылы Қазақ КСР-де Қазақ теміржол басқармасы құрылып, республикадағы барлық теміржол осы басқармаға бағындырылды. 1951–1955 жылдар аралығында одақта салынған теміржолдың 30%-ы Қазақстан аумағында салынды. 1960 жылға қарай Одақта өндірілген темір кенінің 5,4%-ы Қазақстанға тиесілі болды. Қазақстан "магниткасы” аталған Қарағанды металлургия зауыты Қазақстан мен Орта Азияны, Сібір мен Оралды темір өнімдерімен қамтамасыз етті. Республикада электр энергиясы өндірісі де біршама дамыды. Дегенмен индустрияның дамуы болмаса, сапа жағы өзгеріссіз қалды.

Соғыстан кейін де біршама шаралар қолданылғанымен, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру саласы артта қалды.

Өнеркәсіпті дамытуға мемлекет көп көңіл бөлгендіктен, ауыл шаруашылығы артқы орында қалып қойды.

1953 жылы КОКП пленумында ауыл шаруашылғын дамыту жөнінде шаралар белгіленді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, бірақ қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жолмен жүргізе берді.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]