Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
деп негіздері оу ралы 2012-1 посл..doc
Скачиваний:
718
Добавлен:
06.03.2016
Размер:
11.89 Mб
Скачать

Өздік жұмыстарға арналған тапсырмалар

1. Үстел жасау (үйде, кафеде, мейрамханада) туралы бейнероликтерді көріп талқылау.

2. Мерекелік дастархан жасау үлгісі.

3. Студенттік асханада тамақтану мәдениеті туралы пікірталас.

2.5 Қоғамдық орындардағы мінез-құлық әдебі

Жоспары:

1. Көшеде жүріп - тұру, мінез - құлық әдебі.

2. Қоғамдық транспорттағы әдептілік. Автобуста, трамвайда.

3. Театр этикеті.

4. Кітапханада кітапты пайдалану әдебі.

5. Мекемеде, мейманханада, демалыс үйінде, санаторийдегі мінез- құлық мәдениеті.

  1. Көшеде жүріп-тұрудың өз тәртібі бар. Алдымен көшеге шықпас бұрын үсті- басыңызды ретке келтірген дұрыс. Аяқ киіміңіз шаң емес пе, шашыңыз таралды ма, жағаңыз қисық тұрған жоқ па осының барлығына көңіл бөліп, айна алдында бір сүзгіден өтіңіз.

Мәдениетті адам көшеде келе жатып өзіне өзгелердің назарын аударуға тырыспайды. Айқайлап сөйлеп, қатты күлу, өтіп бара жатқандарға орынсыз сын - ескертпе айту арқылы өзгелердің назарын аударту - әдепсіздік.

Көшеде жаяу жүріп келе жатып нан, тәтті тоқаш, балмұздақ т.б. жеуге болмайды.

Келе жатып танысыңызды кездестіріп қалсаңыз, онымен көшенің қақ ортасында тұра салып сөйлеспеңіз. Танысын кездестіргенде әйел кісі жымиып танығанын білдіргені дұрыс. Ал ер кісі ұзақтан арсалаңдап, қолын созып, амандасуға асықпағаны дұрыс. Ары- бері өтіп жатқан жүргіншілерге кедергі жасамас үшін кездестірген танысыңызбен көшенің бір шетіне шығып, амандық саулық сұрасқан орынды.

Егер Сіз көшеде қызбен қыдырып келе жатсаңыз, оны оң жағыңызға алыңыз.Қыздың белінен ұстап, иығына қолыңызды салып жүру тым ерсі. Мұндай жағдайда қыз баласының да жігіттің белінен қапсыра құшақтап алуы, иығына басын қойып жүруі әдептілікке жатпайды. Сондай - ақ, көшеде, гүлзарда, саябақта, кез - келген көпшілік орында қыз бен жігіттің құшақтасып тұруы, сүйісуі өте әдепсіз қылық болып саналады. Жастардың мұндай әдеттен аулақ болғаны жөн. Бұл шынайы сүйіспеншіліктің белгісінен гөрі мәдениетсіздіктің, тәрбиесіздіктің белгісі.

Әйел кісі ер азаматтың оң жағында жүреді. Егер ерлі - зайыптылар көшеде келе жатқанда жауын жауып кетер болса, екеуі бір бір қолшатырын ұстаған ыңғайсыз болады. Мұндай жағдайда ер адам әйелдің қол шатырын оң қолына алып, әйелін өзіне икемдеп қатар алып жүргені жөн.

Көшеде дос - құрбы үш адам келе жатқанда, екі ер кісі бір әйел азамтшаны ортаға алып жүруі керек. Екі әйел бір ер кісі болған жағдайда әйелдер ер азаматтың екі жағынан жүргені жарасымды. Жасы үлкен, егде кісіні екі жағынан келіні мен баласы немесе күйеу баласы мен қызы алып жүрсе болады. Ал егер, төрт адам болсаңыздар екеуара бөлініп жүрген жөн. Өзгелерге кедергі жасап, жолды жауып, өзгелердің өтуіне мүмкіндік бермей жүру ерсі көрінеді.

Бағдаршамнан өтерде міндетті түрде «жасыл көздің» жануын күтіңіз. Көшенің арғы бетіне кез - келген жерден жолды қиып өту өз өміріңіз үшін қауіпті. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақты жол (зебра) белдеуінен өткен дұрыс.

Гүлзар бақты, көгалды жерді баспаңыз.

Көшенің тар бөлігіне келгенде алдымен әйел кісіні өткізіп, содан кейін өзіңіз өтіңіз. Ал қарсы беттегі жүргіншінің жасы Сізден үлкен болса, оны алдымен өткізіп жіберуге тырысыңыз.

Арық атыздан өтер кезде әйел кісінің қолынан ұстап сүйемелдеген жөн.

Ер кісінің әйелге шылым шегіп тұрып сөйлеуі әдепсіздік. Жалпы көшеде арнайы орын болмаса, кез - келген жерде шылым шегуге, әсіресе танысыңызды жолықтырып қалғанда шылым шегіп тұрып әңгіме айтуға болмайды.

Есіңізде болсын:

- сен көшеге шықтың. Жүріп келе жатқан адамдарға бөгет жасамау үшін әуелі сол жаққа, содан кейін оң жаққа қара.

- көшені барынша аз қиындықпен өтетін жолды таңдап ал.

- қала көшесімен келе жатқанда абай бол.

- асықпа, тротуармен немесе жол жиегімен жүр.

- тар тротуармен келе жатқанда алдыңнан қарсы келе жатқан үлкен кісіге жол бер.

- көшеде келе жатып үйдің қақпасынан келе жатқан көлікті көрсең, күте тұр.

- еш уақытта жүріп бара жатқан көлікке секіріп мінуге болмайды.

-сондай - ақ көлік тоқтағанша одан түсуге рұқсат етілмейді.

- көлікте келе жатып, дабырласып сөйлеуге, ойнауға, сыртқа терезеден бас, қол шығаруға болмайды.

2. Қоғамдық транспортқа кіргенде мүгедектерді, балаларды, егде адамдарды, әйелдерді алдымен өткізеді. Қажет болған жағдайда жолаушылар оларға көмектеседі. Егер бір есіктен кіріп шығатын болса, әуелі адамдардың шығуына мүмкіндік береді. Егер транспорт күтіп тұрғанда кезек жиналып қалса, оны сақтау керек. Транспорт жүріп бара жатқанда, секіріп мінуге немесе ырғып түсуге қатаң тыйым салынған, өйткені бұл өмірге қатерлі. Нақ сол себепті басқышта тұруға немесе жүріп бара жатқан транспорттың соңынан жүгіруге тыйым салынған. Егер трамвайдың немесе автобустың вагоны толы болса, келесісін күткен жақсы. Транспорттағы итерісу, ережені бұзу кейде адамдарды барар жерінің орнына ауруханаға апарады.

Вагонда есік алдында тұрып қалмай, өзге жолаушыларға орын босатып, ілгері өтіп кетіңіз. Автомат кассадан билет алу үшін ақшаны қолжалғау жасап беруге болады.

Басқа жолаушыларға кедергі жасамайтындай болып тұрып, оларға жанынан қағып - соқпай өту керек. Егер орындық екі адамға арналған болса, оны бір өзің иеленіп, шалқайып жатып алуға болмайды. Заттарыңыз бен сөмкелеріңізді алдыңызға алып, тізеңізге қойып отырыңыз. Пакетті немесе сөмкені ешкім түрегеліп тұрмай, бос орын болған жағдайда ғана орындыққа қоюға болады. Егер бос орын болмаса, затты өзінің тізесінің үстіне немесе еденге қояды. Өзге жолаушылардың мазасын алмайтындай болып отыру керек. Отыратын орынды қарттарға, науқастарға, емізулі баласы бар аналарға, екіқабат әйелдерге, кішкене балалар мен қартаң адамдарға бергенде, сыпайылық сақтаңыз. Еркектер де, әйелдер де, бірінші кезекте жас адамдар осылай істеуге міндетті. Тәрбиелі еркек тұрған әйелге өз орнын береді. Орынды бергенде жағдаймен санасып, әдептілік сезімін ұстану керек. Орнынан тұрғанда бірер сөз айтуға болады, бірақ мұны үндемей де істеуге болады. Өзіңізге берілген орынға отырып жатып, ілтипат көрсеткені үшін міндетті түрде алғыс айту керек. Орныңыздан тұра беріп жылы сөз айтудың артықшылығы жоқ,ұсынған орынға отырып жатып, рахмет айтыңыз. Егер өзінің қасындағы әйелге орын берілсе, еркек те алғыс айтады. Егер өзіңіз келесі аялдамадан түсетін болсаңыз, ұсынылған орыннан бас тартуға болады. Онда ілтипат көрсеткені үшін алғыс айтып, ілтипаттылықты неліктен пайдаланбағаныңызды түсіндіріңіз.

Трамвайда, автобуста және қала маңына жүретін поездарда тамақ жемейді және темекі тартпайды. Көлікке басқа жолаушылардың киімін былғайтын балмұздақ пен тұтатылған шылымды алып кірмейді. Қоғамдық көлікте қатты сөйлеудің, тамақ жеудің ыңғайы жоқ. Киімінен қар немесе жаңбыр тамшыларын қағып түсірмейді. Пайдаланылған билеттер мен қоқысты еденге тастамай, қоқыс жинайтын жәшікке салады. Түшкіргенде және жөтелгенде қол орамалды пайдаланып, ауызыңызды жауып отырыңыз. Вагон ішінде өзінің үсті - басын тәртіпке келтірмейді, тырнағын тазаламайды, құлағы мен тісін шұқыламайды, бет бояу немесе шаш жөндеу де жөнсіз. Ата - аналар баласының аяғымен орындықты сермеуін және басқа жолаушылардың киімдерін бүлдірмеуін қадағалауға тиіс.

Газет оқығыңыз келсе, оны бүктеп оқыңыз. Көршінің оқып отырған газетіне,журналына үңілу, жолаушыларға қадала қарау әдепсіздік. Жолаушыларға барлап қарамайды. Қатты күлу де орынсыз.

Қатты сөйлесу мен күлу адамдарға кедергі жасайды. Вагон ішінде үй іші мен қызметтегі істер жайында сөйлеспейді, өзгелердің әңгімесіне құлақ салмайды.

Билет алу қала транспортының көптеген түрлерінде билетті (талонды) компостирлеумен алмастырылған. Билетті алдын - ала алу керек. Кассадан немесе кондуктордан билет алу үшін қалтаңда ұсақ тиындар болуы қажет.

Егер серігіңіз өзіне де, сізге де билет алса, оған алғыс айту, рахмет айту және кім бірінші жол ақысын төлейді деп дауласудың қажеті керек. Егер жол ақысын төлеген адам билет алу үшін ақша алудан бас тартса, бұл тақырыптағы әңгімені тоқтатқан жөн. Әйел өзіне билет алғысы келсе, ер кісі онымен таласпайды. Егер көлікте кондуктор болмаған жағдайда, әрі жолаушылар көп болса, жол ақысын төлеуге біреуден қол ұзартып жіберуін өтініңіз, ал салон бос болса, біреуді мазаламай өзіңіз төлегеніңіз жөн.

Жол билетін шиыршықтап, умаждап тастамайды, өйткені тексерген кезде бұған бола түсініспеушілік тууы мүмкін. Кондуктор мен тексерушіге сыпайылықпен «тексеруші жолдас», «кондуктор жолдас» деу керек. Түсініспеушілік туған жағдайда ашуланбау, таласпау қажет.

Егер кондуктор немесе тексеруші сыпайы болмай әділетсіздік жасаса, кондуктор омырауындағы белгіден номерді есте сақтап, тиісті мекемеге жүгінуге болады.

Кондуктор мен тексерушінің барлық жолаушылардан қоғамдық транспортты пайдалану ережелерін орындауды талап етуге хақысы бар. Өз кезегінде, кондуктор өзінің жолаушыларға қызмет көрсетуге тиіс екенін есте сақтап, өз талаптарының бәрін сабырлы да сыпайы формада қоюға тиіс.

Есіңізде болсын:

- автобус қоғамдық пікір тудырып, айтысып тартысып, пікір алмасатын орын емес;

- автобуста, жалпы көлікте кітап, газет оқуға болмайды, ол өз денсаулығыңызға кері әсерін беруі мүмкін;

-таксистке «жәй жүреді екенсіз», «бұл көшемен емес, ана көшемен жүр» деп нұсқау бере беруге болмайды. Баратын жеріңізді айтсаңыз жетіп жатыр, такси жүргізушісі сол мекен жайға Сізді жеткізіп салуға міндетті.

Көлік ілгері уақыттағыдай байлықтың, мансаптың белгісі болудан қалған. Қазір көлікті қажеттілік үшін сатып алады. Барар жерге тез жету үшін, шаруасын тез тындыру үшін көлік сатып алу үрдіске айналған. Солай болған күннің өзінде де көлікке деген көзқарас, оған отырып тұрудың тәртібі өзгерген жоқ.

Егер ер кісі көлік рулінде отыратын болса, алдымен әйел адамның көлікке отырып, жайғасуын күткен жөн. Бұл орайда әйел кісінің қай орынға отыратыны өзінің құқы. Дегенмен, әйел заты үшін көліктің артқы орындығына, жүргізушінің оң жағындағы артқы орындыққа жайғасқан дұрыс. Әрі бұл көліктегі құрметті орын саналады.

Таксидегі жайлы әрі ыңғайлы орын да осы жүргізушінің оң қол жағындағы артқы орындық Егер таксиге әйеліңізбен бірге отыратын болсаңыз, екеуіңіз де артқы орындыққа жайғасқандарыңыз жөн. Онда да алдымен әйел кісіні жүргізуші жақтағы артқы есікті ашып отырғызып, содан кейін, ер кісі келесі беттегі есікті ашып әйелдің жанына отыруы керек.

Көліктен түскенде ер кісі алдымен түсіп әйелге есік ашуы қажет.

Ал автобустарға мінгенде алдымен түсетін жолаушыға жол беру керек. Жолаушылар түсіп болған соң, барып ішке көтеріліңіз. Автобус ішіндегі орындықтардың алдыңғы қатардағысы, жүргізушінің арқасында орналасқан орындықтар балалы аналар мен қарттарға арналған орындық екенін ұмытпаңыз. Жалпы автобусқа жүкті әйел, балалы ана, қарт кісі мінгенде ізет сақтап орын берген жөн.

3. Театрға, концертке бару кішігірім мереке болып саналады. Бұл адамның ішкі жан дүниесін байытып, көңілін көтеретін кеш болғандықтан оған арнайы дайындықпен барған жөн. Міндетті түрде әдемі киінуге тырысыңыз. Үлкен театрларға тіпті арнайы көйлек тіктіріп, тойға барғандай сәнденіп бару үрдіске айналған. Дегенмен, сәнді көйлегіңізді киіп, әшекейлеріңізді тағынып алсаңыз, Сізден әдемі адам болмасы анық. Театрға, концертке жұмыстан шыға салып баруды, базар аралап болып, кіріп шығуды әдетке айналдырмаңыз. Театрға жол сөмкесімен, пакет толы затпен кіру мәдениетсіздік болып табылады.

Театрдағы көрермендердің өзін ұстау мәдениетінің өзі бір қойылым іспеттес. Онда мәдениетсіздік танытып, жағымсыз кейіпкер атанатын көрерменнің де, ішкі мәдениеті жоғары, әдептілік әліппесін оқыған жағымды кейіпкердің болуы да әбден мүмкін.

Ерлі - зайыптылар немесе қыз бен жігіт болсаңыз, әйел кісі ер азаматтың оң жағындағы орынға жайғасқаны дұрыс. Сізден бұрын отырған көрермендердің алдынан өз орныңызға өтетін болсаңыз, отырған адамдарға теріс қарамай, жүзбе - жүз қарап өту қажет. Отырған өзге көрерменге арқаңызды беріп өту әдепсіздік болып саналады. Сонымен бірге театрға, концертке барғанда иіссуді көп сеппеген жөн. Өйткені Сізге ұнаған иістің өзгелерге ұнамауы мүмкін.

Театрға ер кісілер қара, сұр, қоңыр түсті киім кигені жөн. Жалпы алғанда спорттық киім үлгісімен, джинсый киіп тетрға бара беруіңіз болады - ақ, оның үстіне бұл киіммен Сізді билет тексеруші қызметшінің де ішке жібермей қоймасы анық, бірақ бұл өзіңіз үшін ыңғайсыз болары сөзсіз.

Киноға, әдетте, көшеге шыққанда киетін (күндізгі) киіммен барады. Театрға түсі ашық емес, мерекеде, қонаққа киетін киім киген жөн. Еркектер әрқашан ішке кіргенде бас киімін шешеді. Егер әйел кейінде отырғандарға кедергі жасайтындай үлкен немесе биік қалпақ киген болса, ол да солай істейді. Сырт киімді гардеробқа өткізу, орындарын табу үшін уақыт қажет болатынын біліп, үсті – басыңызды ретке келтіріп, асықпай өз орныңызды тауып алу үшін ертерек келу керек.

Еркек әйелдің пальтосын шешуіне көмектесіп, оны гардеробқа өткізеді де, номерді өз қалтасына салады.

Театр, концерт және кино залына еркек бірінші болып кіреді. Ал әйел бірінші болып шығады. Егер бір бірімен таныс жұп болса, онда бірінші бір ер адам,содан соң екі әйел адам, соңынан екінші ер адам кіреді, дәл осы ретпен: ортаға әйелдер, екі шетке еркектер орындықтарға отырады.

Сіздердің орындарыңыз. Егер сіздер өз орындарыңыз қатардың ортасында екенін білсеңіздер,басқа көрермендерді әбігерлендірмеу үшін соңғы белгіні күтпей- ақ , алдын-ала алуларыңыз керек. Егер отырғандардың мазасын алуға тура келсе, олардан кешірім сұрайды. Мазаландырылған адам наразы болған кейіп танытпайды және өзінен өтіп кетуге рұқсат сұрағанын күтпей, тар аралықпен келе жатқандарды байқап алдын- ала өзі орнынан тұрады. Сіздерді өткізіп жіберу үшін орындарынан тұрған инабатты адамдарға алғыс айту қажет.

Өз орныңызға өтерде бетіңізді отырғандарға қаратып, кешірім сұрап өту керек. Егер сіз өтіп бара жатқанда сізге еркін өтуіңізге қолайлы жағдай жасап, отырған адам орнынан тұрса, оған рахмет айтыңыз.

Ер адам серігіне экран не сахна анық көрінетіндей қолайлы орынды ұсынады. Әдетте әйел адам ер адамның оң жағынан орын алады. Тек әскери адамның әйелі сол жағында жүреді. Әскери қызметтегі адам арнайы тәртіпке сәйкес келесі бір әскери адам кездесіп қалған жағдайда сәлем беру немесе оның сәлемін қабылдау үшін оң қолы бос болу керек.

Креслоға отырарда немесе тұрарда дыбыс тудырмау үшін отырғыштан ұстаған жөн. Алдыңғы креслоның арқалығына, егер креслолар бір бірінен бөлек болмаса, оның шынтақшасына сүйенбейді. Артта отырғандарды жауып қалмас үшін бас киімді шешеді. Әйел адамдар бас киімі болмаса шешпеуге де болады. Еркек алдында жүреді. Ол креслоның отырғышын түсіріп өзінің жанындағы әйелдің отыруына көмектеседі де, өзі сонан кейін ғана отырады. Әдетте еркек әйелдің сол жағына отырады, ал бірақ өзінің орны ыңғайлырақ болса, егер ол жерден сахна жақсырақ көрініп тұрса,инабатты еркек әйелге орын береді. Отырып, тұрғанда тарсылдатпауға тырысады. Креслоның отырғышын дыбысын шығармай түсіреді. Тұрып бара жатқанда ол креслоның арқалығына соқпау үшін оны қолмен ұстап тұрады. Креслоның екі қанатына да сүйеніп отыру сыпайылық емес, өйткені көршінің де шынтағын сүйегісі келуі мүмкін. Алдыңғы креслоның арқалығына сүйенуге немесе оған аяқ тіреуге болмайды.

Бағдарлама мен дүрбіні көршісінен сұрамай, әркім өзі алады. Залды, әсіресе, дүрбі сала отырып, айнала қарап шықпайды. Театр дүрбісі залда отырғандарды тінткілемей, сахнаға отыруға арналған. Егер балконда отырсаңыз, парапетке дүрбіні не сөмкеңізді қоймаңыз, төмендегілерге құлап кетуі мүмкін. Балконда отырғанда балконның жақтауына дүрбілерін, сөмкелерін немесе басқа заттарын «жайнатып» қоймайды, оларды тізесіне қойып отырады.

Өзгелердің орнына отырмайды, өйткені бұл әсіресе, осы орындардың иелері кешігіп келсе, көп әбігерлік туғызуы мүмкін.

Егер сіз әлдебір себеппен кешігіп қалсаңыз, залға тыныш кіріп, есік алдында тұрыңыз немесе жақын жердегі бос креслоға шу шығармай отыра салыңыз. (Театрда кешіккендерді әдетте балконға жібереді). Егер кешігіп қалсаңыз, қараңғыда қарманып орныңызды іздемей, бұрышта немесе балконда үзілісті күте тұрыңыз.

Қойылым жүріп жатқанда жан жағыңыздағылармен көргеніңізді талқыламаңыз, қошеметіңізді немесе риза еместігіңізді дауыстап айтып, жар салмаңыз. Тәрбиелі адам әртістің қателігін айғайлап айтпайды, аяқ тепкілеп, ысқырмайды. Қошеметіңіз бен ризашылығыңызды ақырын қол соғумен білдіріңіз.

Егер сіз симфониялық не хорлық концертте бірнеше бөлімнен тұратын симфония, кантата тыңдап отырсаңыз, әрбір бөлімнен соң қол шапалақтауға асықпаңыз. Қошеметті тек барлық бөлім аяқталған соң ғана білдіреді. Үздіксіз қол соғу - овация классикалық музыка концертінде орынсыз.

Бағдарлама басталған кезде қандай әңгімені болса да тоқтату керек. Айтылмай қалған әңгімені үзілісте жалғастырады. Ойын немесе киносеанс көрсетіліп жатқан кезде әңгімелеспейді және оны түсіндірмейді, қайта көріп, тыңдайды. Тіпті бағдарлама қызық болмаған жағдайдың өзінде де сыпайылық адамды үндемей отыруға мәжбүр етеді. Егер сізге концерт ұнамаса,онда залдан келесі номерді хабарлағанда ғана шығыңыз. Ең дұрысы- қалғандардың мазасын алмай, мазалағаныңыз үшін кешірім сұрау. Әрине, залдан реті келген сәтте, әсіресе үзіліс кезінде кетіп қалуға болады. Үзіліс кезінде дәмханаға баруға болады. Серігіңізді ұзақ жалғыз қалдырмаңыз.

Залда көршілерінің мазасын алуы мүмкін ештеңемен айналыспауға тырысады: конфет ораған қағазды немесе бағдарламаны сыбдырлатпайды, сөмкенің аузын тырсылдатпайды, басын қозғамайды және т.т. Тіпті есіту қабілетің жақсы болғанның өзінде де, саусақтарыңызбен тырсылдатып, аяғыңызды әуенге салып соққсаңыз немесе қосыла әндетсеңіз, жақсы қылық жөнінде айтып жатудың да қажеті жоқ.

Қатты жөтелетін немесе тұмау тиген адам өзгелердің денсаулығы мен мазасызданбауын ойлап, концерттен немесе спектакльден бас тартуға тиіс.

Актердің қателерін дауыстап айту - әдепсіздік. Қол шапалақтауға қоса айқайлау және еденді тепкілеу ұят. Шын жүректен қол шапалақтау - ең жақсы алғыс. Симфонияны, бірнеше бөлімнен тұратын камералық шығармаларды және ән циклдарын қол шапалақтап бөлмейді. Сондықтан концерт кезінде тым ерте қол соға бастамау үшін ерекше мұқият болу керек.

Атақты адамдарға және қатысушыларға сұқтанып, ұзақ қарап тұрмайды.

Егер сіз орындаушыға гүл әкелсеңіз, оны құттықтаумен немесе қошемет белгісімен бірге театр қызметкеріне беруіңіз керек, ол оны актерге табыс етеді. Орындаушыға көпшіліктің орындарынан тұрып қошемет көрсетуіне болады. Классикалық музыка концерттерінде ырғаққа қосылып қол соғуға болмайды.

Антракт кезінде бой жазып жүргендердің жанынан өтіп бара жатып, оларға жалтақтап қарай бермейді. Егер еркек театрға әйел ертіп келген болса, ол оны ұзақ уақыт жалғыз тастамайды. Әйел де бұлай істемейді.

Егер сіздің тамақ ішкіңіз келсе, антракт кезінде буфетке баруыңызға болады. Зал мен фойеде отырып бірдеңе жеуге болмайды. Егер еркек әйел ертіп келген болса, ол буфетте де серік әйелге қамқорлық жасап, оған қалаған нәрсесін әкеп береді.

Шымылдық түсіріледі. Спектакль, кино, концерт аяқтала салысымен есікке жүгірмеңіз. Сәл ғана уақыт алу үшін отырғандарды мазаламаңыз. Театрда немесе концертте шымылдық түсірілгенше күтіңіз, пальто алу үшін гардеробқа жүгіріп кетіп қалмаңыз. Киім алу үшін кезекке тұру керек. Таныс адамдарды көре салып кезекке тұрғандарды көзге ілмей алға қарай кимелеген дұрыс емес. Олардың орнында сіз болсаңыз, басқа біреудің бұндай қылығы сіздің қытығыңызға тиетіні сөзсіз.

4. Кітапханада да, көрмедегі сияқты айналадағыларға кедергі жасамауға тырысады. Кітапханада кітапқа өте мұқият болу керек.

Кітапты пайдаланғанда оны өзіңнің ең жақсы досыңдай ұстау керек екенін ұмытпаңыз. Лас және дымқыл қолдар кітапта дақ қалдырады. Сырттай қарағанда тап - таза көрінген қолдың өзінен кітапта тер ізі қалады, сондықтан кітапты қолын мұқият жуып барып алады. Оқитын кітапты қаптап ұстау керек. Бұл үшін былғарыдан, пластикаттан, қатырма қағаздан немесе тіпті қағаздан жасалған мұқабаны пайдалануға болады.

Кітап парақтарын ашқанда, саусақты суламайды, саусақты ауызға салып, кітап бетіне тигізуге және кітап беттерін қайтармайды, беттердің бұрышын бүктемейді. Кітап беттерін ортасына не жоғарғы жағынан абайлап ұстап, аударады. Кітаптың мұқабасын бүктеп қайырмайды, өйткені сыртқы мұқабаны бүлдіреді. Өзіңіз оқып жеткен жерді белгілеу үшін қыстырма қағазды (закладканы) пайдалануыңыз керек. Өзіңізге қажетті бетке кітап бетін белгілеуге арналып тағылған бау немесе қағаз қойып қойыңыз. Кітапхананың кітабына ешқандай белгі соқпайды,оның ішіндегі мәтінді сызбайды және т.б. Кітап беттерін әр түрлі жазулар жазып, суреттер салып бүлдіру дұрыс емес.

Егер кітаптан үзінді жазып алған болсаңыз міндетті түрде авторын, кітаптың атауын, баспаны, шығарылған жылын, бетін толық жазып алыңыз. Бұл мақала жазғанда мәтінді салыстыруға өте қажет болады. Ал егер библиография құрастырсаңыз, онда кітаптың қанша беттен тұратынын да көрсетіңіз.

Кітапты біреуге сыйға тартқыңыз келсе өз атыңызды немесе арнауды кітаптың бірінші парағына немесе мұқабаның ішкі жағына жазыңыз. Соңғы кездері кітап сыйлағанда кімге және кімнен екенін көрсетпейді. Бірақ қалай істеу керек екені сіздің еркіңізде. Ең жаман нәрсе танысыңыздан кітапты оқуға сұрап алып қайтаруға ұмытып кету немесе әдейі қайтармау. Егер есте сақтау қабілетіңізге сенімсіз болсаңыз, оның бірінші бетіне кітап иесінің фамилиясы (тегі) мен оны қайтару мезгілін көрсетіп бір парақ қағаз салып қойыңыз. Таныс адамыңның немесе кітапхананың кітабын өз кітабыңнан гөрі ұқыпты ұстауың керек.

5.Мекемеде. Адам дүниеге келген сәтінен - ақ мекемелермен өзара қатынас жасай бастайды. Адам өскен сайын оның ұшырасуына тура келетін мекемелер саны да көбейе береді. Бұлар кассалар, дүкен сөрелері мен банк столдары, пошталар, театрлар, кинолар, моншалар және басқа көптеген мекемелер.

Келушілер мекеме қызметкерінен іскерлікті, жұмыстағы нақтылықты, ілтипаттылықты, елгезектілікті және биязылықты күтеді. Елгезек қызметкер келушіге іскерлікпен, байсалды, нақтылы және жылы жүзбен кеңес береді, егер қажет болса, бірдеңені анықтап, тиянақтайды, телефон арқылы сұрап біледі және т.т.

Егер оған құлағы нашар еститін қария немесе өз ойын анық та айқын етіп баяндай алмайтын адам өтініш айтса,оларды қызметкер шыдамдылықпен тыңдап, көмек көрсетуге әрқашан әзір болуға тиіс. Бір адамға ілтипаттылық пен елгезектік көрсету көпшілікке нұқсан келтірмейтін болуға тиіс. Егер келушілердің біреуі өзінен кейін тұрған адамдармен санаспай, ұзақ түсіндірулер мен пайымдауларға уақыт жоғалтатын болса, кезекті көрсетіп, неғұрлым қысқа айтуын өтіну керек.

Келушіні мекемеден мекемеге, бөлімнен бөлімге жүгіруге тек бюрократ және тәрбиесі нашар адам ғана мәжбүр ете алады немесе өзін қызметтегі міндеттері күтіп тұрғанда жеке пайдасын көздеп телефонмен сөйлесіп отыра береді.

Мекемелердің қызметкерлері өз отандастары - келушілерге қандай талаптар қояды?

Көптеген мекемелерде белгілі бір күндер мен сағаттарда келушілер әдеттегіден көбірек болады да, соның салдарынан жұмыс қауырт бола түседі. Мұны болдырмау үшін мүмкіндігі бар адамдар бұл мекемелерге басқа бір, неғұрлым қолайлы уақытта баруға тиіс.

Мекемеге ол нақ жабылардың алдында келгенде мекеме қызметкерлерінің де жұмыс күні мөлшерлі және олардың демалуға құқысы бар екенімен санасу керек.

Келушілер мекеме қызметкерлеріне сыпайылық танытып, өз өтініштерін анық әрі қысқа айтуға тиіс. Егер келушілерге арналған гардероб болмаса, ер адам тек бас киімін ғана шешеді. Жеке үйге кірердің алдында есікті қағу керек, ал кірген соң, амандасу қажет. Егер келуші қызметкердің жазып, ақша санап немесе тексеріп отырғанын көрсе, ол оның жұмысын бітіргенін күтіп тұрады да, сонан кейін барып оған шаруасын айтады.

Өз жұмысыңды айтпастан бұрын нені және қалай айту керек екенін ойластырып алу керек. Қажетті құжаттар, төлқұжат ,ақша және т.б. алдын ала дайындалуға тиіс. Егер сіздің айтқаныңызды түсінбесе, өз өтінішіңді асықпай қайталап айту керек, өйткені бұған әрқашан мекеме қызметкері кіналі бола бермейді. Келуші әрқашан биязы сөйлейді, «өтінемін» және «рахмет» деген сияқты сөздер айтуды ұмытпайды. Өзіңіз неғұрлым сыпайы болсаңыз, сізді соғұрлым жылы қабылдайды. Мекеме қызметкелері мен келушілердің бір - бірімен сыйласуы - қалыпты жұмыс істеудің кепілі.

Егер сіз мекемеге адамдар қабылдау күтіп отырған кезде келсеңіз, бұрынырақ келген адамдардан кейін тұрыңыз. Тіпті кезекте тұрғандар көп болып, орын өте тар болған жағдайда да бір - бірімен иін тіресе тығылысып тұрмау және итеріспеу керек. Қандай да болсын кезектен тыс өту әрекетіне жол беруге болмайды. Өз ісін өзгенің уақыты есебінен тындыруға ешкімнің қақысы жоқ.

Айналасындағыларға айтқысы келмейтін жеке істері жөнінде қызметкермен әңгімелескенде сыбырлап сөйлеседі. Артқы жағында тұрған әдепті адам аздап алыстап,әңгімені тыңдамауға тырысады. Сіздің алдыңызда тұрған адамның әңгімесі ұзақ, ал сіздің жұмысыңыз бір минуттік болуы мүмкін. Онда, егер кезек болмаса, сіз кешірім сұрап, оның әңгімесін бөліп, өз мәселеңізді шешіп беруді өтіне аласыз.

Жұмыстағы мінез - құлық этикасы бұл әріптестер, бәсекелестер арасындағы шынайы және тура қарым - қатынас.

Сыртқы келбет. Сіздің киім киісіңізге қарап тек сізге ғана емес, сонымен бірге сіз жұмыс істейтін мекеме, ұйымға да баға береді. Әртүрлі шараға сәйкес мұнтаздай таза киінген кімге болса да жақсы әсер қалдырады.

Мінез - құлық. Тілектестік пікір айтудағы айқындық, өзін абыройлы ұстау, жанжалды жағдайларда сабырлы, сыпайы болу. Жұмысқа отбасындағы келеңсіздіктер кедергі болмауы тиіс. Жұмыс орнында өз туысқаныңмен отбасындағы рөліне қарай емес қызметіне қарай қатынас жасау керек.

Фирманың немесе ондағы жұмыс істейтін қызметкердің қателіктерін бөтен адамның көзінше айтуға болмайды.

Сөйлесу, тілдесу мәдениеті. Бейпілауыздыққа бөтен адамдар тұрмақ, өз қызметкерлеріңнің арасында да жол берілмеуі тиіс.

Ұжымдық жұмыстың ұстанымдары. Ұжым, оның әрбір мүшелері жеткен жетістікке қарағанда әлдеқайда зор табысқа жете алады. Фирма өзінің жұмысшыларына қауіпсіз, денсаулыққа нұқсан келтірмейтін жұмыс орнын жасауы тиіс. Жұмыс орнында қолайсыз, шиеленіскен жағдай тудыратын іс - әрекетке, ескертпе немесе басқа да мінез - құлыққа жол берілмеуі керек.

Жеке ақпараттар фирманың меншігі болып табылады. Оларға фирма қызметіне байланысты қаржы, маркетинг және қызмет бабындағы жоспарлар жатады. Бұл ақпарат сіздің, бірге жұмыс істейтін әріптестеріңіздің еңбегінің жемісі, нәтижелер интеллектуалды жекеменшік болып табылады. Осы орайда сіздің фирмаңыз рұқсатынсыз ондағы ақпараттарды шетке шығармауыңыз, оны сақтауыңыз, сақтаудың барлық шараларын қолданғаныңыздың маңызы зор. Сыртқа шығаруға тыйым салынған фирма меншігіндегі ақпараттарды ешқашан сыртқа шығаруға болмайды.

Қызметтік қарым - қатынастар. Жаңа қызметкерді ұжымға бастық таныстырады. Бұрынғы қызметкерлер жаңа адамның ортаға өз адамдарындай сіңісіп кетуін іске араластырып, бірнеше күн өткеннен кейін жаңа адам өзін осы ортаның байырғы мүшесіндей қолайлы сезінуі керек.

Ұжымдағы кейбір адамдардың күрделі қарым - қатынастарын, өзара реніштерін жаңа келген адамға білдіртпеген жөн. Ұжымдағы мүшелердің бір - бірімен қарым - қатынасы олардың арасында қалыптасқан дағдыға немесе өзара жеке қарым - қатынастарына байланысты болады.

Мекеме басшысы неғұрлым жас болса, жасамыс қызметкерлер мен әйелдерге сәлем береді.

Бөлмеге кіргенде, басшы бірінші амандасады, қызметкерлер орындарынан тұрмай - ақ амандасады.

Басшы өз кабинетіне жұмыспен келген әйел қызметкерді тұрып қарсы алмайды.Әңгіме ұзаққа созылар болса, орын ұсынады.

Келушінің қызметкерлерді өз жұмысынан алаңдатпауы үшін есікті қақпай кіргені дұрыс. Басшының кабинетіне алдына хатшы болмаса ғана қағып кіруге болады. Басшы қызметкерлеріне есік қағып кіруді ескерткен болса, бұл ережені сақтаған дұрыс.

Қызметкерімен немесе келушімен сөйлесіп отырған басшы : іске қатысы жоқ қағаздарды ақтарып кетуден; қайта - қайта телефонменен сөйлесуден; саусақтарымен үстелді тықылдатудан аулақ болғаны жөн.

Мемлекеттік қызметшінің әр түрлі кәсіби сұрақтарды шешудегі адалдығы мен әділдігі, қайырымдылығы мен байсалдылығы, әріптестермен өзара қарым қатынаста да, жұмыс барысы немесе жеке мәселемен келген сырт адамдармен қатынаста да маңызды рөл атқарады. Қызметтік этика қазіргі мемлекеттік қызметшінің жеке бас сапасы ретінде ғана емес, оның сапалық қасиетін білдіретін деңгейіне көтереді.