
агрохимия Р. ЕЛЕШЕВ
.pdfшамасын, жылуы жоғары немесе төмен тәуліктің орташа жылылығының қосындысын және белсенді әрі тиімді жылу көрсеткіштерін қолданады.
Ауа температурасының режимі арқылы ауа райын бағалайды. Жауын-шашын өсімдіктер өніміне үлкен әсер етеді. Ол
топырақ қабатындағы ылғалдың негізгі көзі болып саналады. Жауын-шашынның жиынтығын миллиметр өлшемі арқылы белгілейді. Атмосфера ылғалдылығы жөніндегі мәліметті сол аймақта орналасқан метеорологиялық стансадан алуға болады.
Өсімдіктердің зақымдалуын байқау. Метеорологиялық қолайсыз жағдайлардың әсерінен тәжірибе өсімдіктері зақымдануы мүмкін. Байқау жұмысын жүргізгенде өсімдіктің қандай мүшелері неден зақымдалғанын көзбен шамалайды.
Егер мөлдектегі өсімдіктің жиілігі мен биіктігі бірқалыпты, тамырларын өте жақсы жайған, зақымдалған және жойылған өсімдік жоққа жақын, арамшөптері өте аз болса, егістік өте жақсы (5 балл) күйде деп бағаланады.
Өсімдіктің жиілігі бірдей емес, тамырлары орташа шоғырланған, арамшөппен шамалы ластанған, аздап ауруға шалдыққан және шамалы зиянкестерден зардап шеккені байқалса егіс жақсы күйде (4 балл) болғаны.
Өсімдіктің жиілігі біркелкі емес, биіктігі мен тамырларының шоғырлануы орташа, зиянкестерден шамалы зардап шеккен, арамшөптермен ластануы қанағаттанарлық егістіктің күйі орташа (3 балл) деп бағаланады.
Егер егін сирек, әрі ала-құла, кескінсіз, бойының биіктігі аласа, көп ластанған, зиянкестердің немесе ауа-райының қолайсыздығынан едәуір зақымданған болса нашар егіс (2 балл) деп бағаланады.
Егіс өте сирек, жиілігі біркелкі емес, тұқым толық көктеп шықпаған, өте күшті ластанған және зақымданған болса өте нашар (1 балл) баға беріледі.
Егіс нашар немесе өте нашар күйде болса, оның неден болғанын толығырақ көрсету керек.
Күздік дақылдардың қыстап шығуға даярлану үрдісін сипаттау үшін күзде оның өсуі тоқтаған кезде тексереді.
Оның мерзімін ауаның орташа тәулік температурасы арқылы анықтайды. Егер бес тәулік бойы бес градустан төмен түспесе онда
271
егістікті тексеріп шығады. Ал онкүндікте бес градустан асатын болса, күзгі тексеруді екінші рет жүргізеді. Дақыл тұқымының топырақтағы орналасқан тереңдігін, түптену деңгейін, тамыр жүйесінің жағдайын, өсімдіктің өсіп-жетілу кезеңдерін, оның биіктігін, жиілігін, арамшөптің таралу дәрежесін, өсімдіктерге зяинкестер мен аурулардың әсерін, метеорологиялық жағдайдың қолайсыз болуынан зақымданғанын, жойылған өсімдіктерді, егістің жалпы жағдайын анықтайды. Күздік дақыл тұқымының өнуін анықтау үшін 50х50 см көлемде 12 см тереңдіктен топырақ алып дәндерді санайды. Сонан кейін көктегендері мен өнбегендерін пайыз арқылы көрсетеді.
Тамыр жүйесінің қандай дәрежеде екендігін екінші реттегі қосымша тамырлардың сандары арқылы сипаттайды. Егер екінші ретті қосымша тамырларының саны бестен асатын болса, тамырлануы жақсы деуге болады. Өсімдіктің қысқы жағдайын тексеру үшін биологиялық бақылау әдісі бойынша учаскенің төрт жерінен өсімдіктерді сындырмай, қардан тазартады да байқағанын есепке алады.
Күздік дақылдардың қыстан шыққанына сипаттаманы толық беруді қар кеткен соң он күннен кейін жүргізеді. Ол үшін өсімдіктің биіктігін, жиілігін, жалпы күйін, зақымдалған дақылдың мөлшерін т.б. анықтайды.
Фенологиялық байқаулар тұқымда сепкеннен, дақыл толық піскенде дейін жүргізіледі. Өсімдіктің жекелей өсу дәуірі, дамуы оның өзіне тән ерекше өтеді. Даму барысында өсімдіктің пішіні мен өсуі өзгеріп отырады. Даму үрдісі тұтасымен алғанда бірінен соң бірі келіп отыратын, жақсы ажыратылатын және көзге байқалатын бірнеше кезеңдерден немесе сатылардан тұрады. Мұндай кезеңдерге тұқымның өнуі, бүршік жару, вегетативтік, одан соң репродуктивтік мүшелердің пайда болуы мен өсуі, гүлдеу және жеміс байлау жатады.
Тәжірибе учаскесі варианттарындағы өсімдіктердің кезеңдерін белгілеу үшін әр бір қатардың біркелкі 10 көгін тексереді. Егер 10 пайыздай кезең белгісі өсімдіктерде анықталса, белгілі бір кезең басталды деп ұйғарады.
Дақылдарға фенологиялық байқау жүргізгенде олардың мына кезеңдерін тіркейді.
272
Жаздық дәнді дақылдардың (бидай, арпа, сұлы, қара бидай, тары) көктеу, түптену, сабақтану, масақтану, шашақтану, гүлдеу, сүттеніп пісу, балауызданып пісу, толық пісу (тарының сүттеніп және балауызданып пісуі есепке алынбайды) кезеңдері.
Күздік дәнді дақылдардың (қара бидай, бидай, арпа) көктеп шығу, үшінші жапырақ, түптену, вегетациясының күзде аяқталуы мен көктемде басталуы, сабақтану, масақтану, гүлдеу, сүттеніп пісу, балауызданып пісу, толық пісу кезеңдері.
Жүгері үшін тұқымның өнуі, үшінші жапырақ, түптену, жетінші жапырақ, шашақтану, аталық гүлдерінін гүлдеуі (шашақ басы), аналық гүлдерінің гүлдеуі, сүттеніп пісу, балауызданып пісу, толық пісу кезеңдері.
Қарақұмық - тұқымның өнуі, тарамдалуы, шашақтануы, гүлдеуі, сүттеніп пісуі, толық пісуі.
Бұршақ тұқымдастар - тұқымның көктеуі, үшінші жапырақтың тарамдалуы, гүлінің шоғырлануы, гүлдеуі, пісуі.
Майлы дақылдар - тұқымның өнуі, гүлдеуі, пісуі.
Қант қызылшасы - тұқымның өнуі, қосқұлақ кезеңі, үшінші жапырақ, қатар аралығы мен қатарларын жапырақтардың жабуы, жапырақтарының тарқатылуы.
Тамыр жемістілер - тұқымның өнуі, тамыржемістің қалыптасуы, сабақтануы, пісуі.
Мақта - тұқымның өнуі, гүлдеуі, пісуі.
Картоп - тұқымның көктеуі, тарамдануы, шанақтануы, гүлдеуі, түйнектенуі, пәлектерінің қурауы.
Шөптер - көктеп шығуы, өсуінің басталуы, түптену мен масақтануы, гүлдеуі, пісуі.
Өсімдіктің өсіп-жетілу кезеңдерінің мәліметтері оның өсу тіршілігінің ұзақтығын жеке кезеңдерге бөлуге мүмкіндік тұғызады. Мысалы, астық дақылдары мынадай кезеңдерге бөлінеді: себу-көктеп шығуы, көктеп шығуы - сабақтануы, сабақтануы - масақтануы, масақтануы – пісуі. Бұл кезеңдер арқылы байқау жұмысын жүргізу ыңғайлы.
Егістік тәжірибе өсімдіктерінің аурулары мен зиянкестердің әсерін және арамшөптермен ластануының келіп фенологиялық, метеорологиялық байқаулармен салыстыру арқылы жиналған мәліметтер өте бағалы болады.
273
Байқау жұмысы барлық варианттарда немесе көршілес емес қайталауларда жүргізіледі. Мысалы, төрт қайталаулардың бәрінде немесе бірінші мен үшінші, немесе екінші мен төртінші қайталауларда орындалады.
Өсімдіктін жиілігін оның вегетативтік даму кезеңдерінде екі рет анықтайды. Бірінші рет егін көктегенде, екінші дақылды жинар алдында жүргізеді. Ол үшін әр мөлдекте төрт жерден егіннің екі аралас қатарын қазықпен белгілеп, ондағы өсімдіктерді санайды. Сол төртеуінің қосындысы бір шаршы метрге тең болады. Өсімдіктерді санауға арналған алаңды мөлдекте қиғаш бағытта орналастырады. Мұнда қатар аралығы 15 см өсімдіктің ұзындығы 83,3 см ені қатарын алады (2х15х83,3=2500 см2).
Өсімдіктің жиілігі мен себу мөлшері белгілі болған жағдайда тұқымның далалық шығымдылығы мына формула арқылы анықталады:
А = (В*100):С
мұнда,
А- тұқымның далалық шығымы, %;
В- өсімдік жиілігі;
С - себу мөлшері, млн.дана.
Отамалы дақылдың жиілігін мөлдектің төрт жеріндегі ұялардың өсімдіктерін санау арқылы анықтайды. Мұнда бір мөлдектегі ұялардың саны 100 болуы керек.
Өсімдіктің биіктігі оның негізгі даму кезеңдерінде өлшенеді: астық дақылдарының түптену кезеңінің басында, сабақтанудың басында, масақтануда, толық пісуінде; жүгеріні үш және жеті жапырағында, шашақтану мен дәннің толық пісу кезеңінде; дәнді бұршақ дақылдары мен қарақұмықты, картопты тармақталғанда, шанақталғанда, гүлденгенде, толық піскенде анықтайды.
Топырақ пен егістіктің арамшөптермен ластануын анықтау тәжірибе учаскесіне толық сипаттама беру үшін қажет. Арамшөптердің түрін, санын, орналасуын көзбен шамалап анықтайды. Тәжірибе учаскесінің арамшөптермен ластану дәрежесіне сипаттама жасау үшін төрт баллды шкаланы пайдаланады: 1 балл - арамшөптері бірен-саран, 2 балл – арамшөп егістің төрттен бірін ластанғанда, 3 балл – арамшөппен мәдени өсімдік саны бірдей бол-
274
ғанда, 4 балл – арамшөптің саны мәдени өсімдік санынан көп болғанда беріледі.
Энтомологиялық және фитопатологиялық байқаулар жүргізу зиянкестермен, аурулармен қарсы күресу шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл аталған байқауларды орындауда нақтылы мерзімін анықтайтын күнтізбе дайындаған өте тиімді болады. Өсімдіктің зиянкестермен аурулардан зақымданғанын 5 баллдық шкаламен бағалайды: зардап шеккен өсімдік жоқ – 0 балл; өсімдіктің 10%-ына жуығы зақымданды – 1 балл; өсімдіктің 10- 25%-ы зақымданды – 2 балл; өсімдіктің 25-50%-ы зақымданды – 3 балл; өсімдіктің 50-75%-ы зақымданды – 4 балл; өсімдіктің 75%- дан көбі зақымданды – 5 балл.
Өсімдік массасының қорлану қарқынын анықтау тыңайтқыштармен жүргізілетін егістік тәжірибелерде маңызды болып есептеледі. Астық және бұршақ тұқымдас дақылдардың егістерінен мөлдекті диагональды бағытпен жүріп отырып алты жерден бес өсімдіктен, қант және малазықтық қызылшадан сегіз өсімдіктен алады. Өсімдікті тамырымен қазып алып, топырақтан тазартып, тамырын кескеннен кейін таразыға тартады. Картоп, қант және малазықтық қызылша сияқты дақылдардың жер асты мүшелерін бөліп алып, оларды жеке өлшейді. Үлгілерді құрғақ ауада кептіреді де өсімдіктің әр мүшелерін бөлек есептейді.
Тамыр жемістің бойындағы суды анықтау үшін оның әрқайсысынан үлгілер алынады. Үлгілердің мөлшері ұсақ тамыржемістің 1/4, ірі тамыржемістің 1/8 бөлігінен тұрады. Үлгілерді пышақпен майдалап кесіп араластырып 100 грамнан екі сынақты алады. Алынған сынақты алдымен ауада, содан кейін термостатқа (кептіргіш шкаф) қойып 60-700С градуста кептіреді. Кептірілген массаны таразыға тартады.
Өнім құрылымы дақыл түсімінің элементтерінің жиынтығынан тұрады. Әрбір дақылдың өнім құрылымы бірдей емес. Астық дақылдарының (бидай, арпа, тары, күріш т.б.) өнім құрылымын анықтау үшін мөлдектің 4 қазықпен бекітілген, әрқайсысы 0,25 шаршы метр 4 алқабының өсімдіктерін егінді жинардан 1-2 тәулік бұрын тамырымен қазып алады. Әр мөлдектен алынған астық бауына жапсырма қағаз бекітіп зертханаға жеткізеді де күн сәулесі тікелей түспейтін жерге іліп кептіреді. Кептіргеннен кейін баудағы өсімдік пен сабықтың санын, өсімдікпен оның масағын немесе
275

шашақ басының ұзындықтарын, масақтардағы дәндердің санын және оның массасын анықтайды. Ол үшін бау үлгісінен сұрыптап алынған орташа сынаманың 25 өсімдіктерін пайдаланады. Ал өнім құрылымның басқа көрсеткіштерін есептеу арқылы шығарады.
Топырақ жағдайларын айқындау – егістік тәжірибеге қойылатын басты шарттың бірі. Тәжірибе үшін таңдап алынған учаске топырағына жан-жақты талдау жасалады. Топырақтың негізгі морфологиялық белгілері және физикалық қасиеттерімен алдын ала танысады.
Тыңайтқыштармен жүргізілетін егістік тәжірибе топырағының агрохимиялық көрсеткіштерін анықтаудың маңызы зор. Топырақтың агрохимиялық қасиеттерін егістікке тыңайтқыш қолданудың алдында және дақылдың вегетациялық кезеңдерінде 3- 4 рет анықтайды. Жұмысты топырақ үлгісін алудан бастайды. Ол үшін мөлдектің бірнеше жерінен (10-15 нүкте) бұрғымен дербес үлгілер алынады (20-сурет).
20-сурет. Пішіні әртүрлі мөлдектерден дербес топырақ үлгілерін алу үшін нүктелерді орналастыру.
Дербес үлгілерді клеёнкаға төгіп, қолмен жақсылап араластырады да, жұқалап жаяды. Содан кейін жайманың 10-15 жерінен топырақты алып, матадан тігілген дорбаға салады. Мұны аралас үлгі деп атайды. Аралас үлгінің дорбасында үлгіні алған күні, мөлдек пен қайталау саны, варианты, топырақ тереңдігі жазылған жапсырма қағаз болуы тиіс. Егістен дымқыл күйінде әкелінген үлгілерді жақсы желдетілетін бөлмеде кептіреді.
276
Кептірілген топырақ үлгілерінің үштен бірін бөлек алады, қалғанын мұқият ұнтап, тесігінің диаметрі 2 мм електен өткізеді. Егер топырақта ұсақ тастар және басқа қоспалар кездессе оларды алып тастайды. Осыдан кейін картон корапқа немесе қағаз пакетке жапсырма қағазымен бірге салады да химиялық талдау жасау үшін сақтайды. Үлгінің бастапқы үштен бір бөлігінен гумус пен жалпы азотты анықтайтын орташа сынама алады. Ол үшін топырақты таза қағазға жаяды да көзге көрінетін түйіршіктер мен басқа органикалық қоспаларды (өсімдік сабағы, жапырағы, тамыры т.б) пинцетпен түгел теріп алады. Гумуспен жалпы азотты анықтауға арналған орташа сынама массасы шамамен 20-25 г болуы тиіс.
Cодан кейін орташа сынаманы ұнтап, тесігінің диаметрі 0,25 мм електен өткізіп қағаз пакетке этикеткасымен бірге салады.
Зертханада топырақ үлгілерінің агрохимиялық қөрсеткіштерін анықтайды. Әр түрлі топырақ типінің агрохимиялық көрсеткіштерін анықтау тәсілдерін арнайы әдістемелік нұсқаудан алады.
6.2.11. ӨНІМ МӨЛШЕРІН АНЫҚТАУ
Егістік тәжірибе дақылдарының өнімінің көлемі агротехниканың дәрежесіне (мысалы, тыңайтқыш қолдану) ғана емес, егінді жинау техникасы мен мерзіміне де байланысты. Тәжірибе жұмысы ұқыпты жоғары дәрежеде жүргізілгеніне қарамастан егінді мерзімінде жинамаса оның өнімі кемиді.
Егістік тәжірибе нәтижесі учаскенің орналасқан жеріне, топырақ ерекшелігіне, дақылдың түрі мен сортына, ең бастысы зерттелетін агротехникалық тәсілге байланысты.
Мөлдектегі егінді жинардан бірнеше тәулік бұрын тәжірибе учаскесін дайындайды. Мөлдектегі егіннің ысырабы (жауыншашыннан жығылған, арамшөптермен ластануы, малдың егінді бүлдіруі т.б.) 50%-дан артық болса, есепке алынбайды. Егіс өнімін есепке алардан бұрын мөлдектердің қорғаныш алқабындағы дақылдарды жинайды.
Тәжірибе жұмысында өнімді анықтаудың бірнеше әдістері қолданылады. Ең тиімді, әрі қолайлысы – мөлдектегі егінді жаппай жинау. Онда өнімді қолмен немесе комбайнмен жинайды. Өсімдік сабағын бірдей биіктікте орған дұрыс. Мөлдектің егінін орып жиегіне шыққанда комбайн 5 минуттей жұмыс істеп тұрады. Бұл
277

астықты мүмкіндігінше толық бункерге түсіру үшін орындалады. Бастырылған астықты қаптайды да ішіне жапсырма қағазын салып таразыға тартады. Мәліметін тәжірибе күнділігіне жазады. Астықтың ылғалдылығын, дән массасын, ластануын, химиялық құрамы мен сапасын анықтау мақсатында әр мөлдектен жиналған астықтан 2-3 кг үлгілер алып дорбаға салады да жапсырма қағазды байлайды.
Дақылды комбайнмен жинаған кезде мәліметтер мына үлгіде жазылады.
|
|
|
2 |
Вариант |
Қайталау |
Мөлдек нөмірі |
Есепке алынатын алқап, м |
|
|
|
|
Мөлдек өнімі, кг
барлығы |
дәннің бастапқы күйі |
|
|
Дәннің ылғалдылығы, % |
Мөлдек түсімі, кг |
Өнім мөлшері, ц/га |
%-дық ылғалдылығы өнім, ц/га |
|
|
|
14 |
|
|
|
|
Егер мөлдек көлемі кішкентай болса, егінді қол орақпен орып жинайды. Қол орақпен орған егіннен бау байланады, оның іші мен сыртына мөлдектің нөмірі, баудың саны, егінді орған күні жазылған жапсырма қағаз тағылады. Бауларды қырманға тасып бастырады. Әр мөлдектің бауларын бастырудан алынған өнімді таразыға тартып салмағын анықтайды.
Дақылдар өнімін сынақ бау арқылы анықтауды жаппай есептеу әдісін қолдану мүмкін болмаған жағдайда пайдаланады. Мөлдектегі орылған егіннен белгілі бір қашықтықта үыс толтырып алады да солардың жиынтығынан бау сынағын құрастырады. Мөлдектегі өнімді (егін массасы) және бау сынағын қосып өлшейді. Содан кейін бау сынағын жеке өлшейді. Бау сынақтарының дәндері ысырап болмас үшін, олардың масақты жағын төмен қаратып қапқа салады. Қаптың ішіне мөлдек нөмірі, бау сынағының салмағы, жинаған күні жазылған жапсырма қағазды қоса салу керек.
Мөлдектегі астық өнімінің мөлшерін формула арқылы анықтайды:
X = A Б ;
В
278
мұнда, Х – мөлдектен жиналған астық өнімі,кг;
А – мөлдектегі егіннің жалпы массасы, кг; Б – сынақ баудың массасы, кг; В – сынақ баудың дәндерінің массасы, кг.
Нәтижесі өте дәлдікті талап ететін тәжірибелерде сынақ бау әдісін қолданудың қажеті жоқ.
Отамалы дақылдар өнімдерін жаппай әдіспен анықтайды. Әр мөлдектің өнімін егіс басында таразыға тартады.
Егістік тәжірибе дақылдарының өнімін анықтау жұмысы өте үлкен назар аударуды және ұқыптылықты талап етеді. Сондықтан анықталған өнім мөлшерін статистикалық тәсілмен өңдеу керек.
279
Бақылау сұрақтары:
1.Егістік тәжірибе дегеніміз не?
2.Егістік тәжірибе көмегімен қандай мәселелерді шешуге
болады?
3.Д.Н.Прянишников пен В.Е.Егоров егістік тәжірибенің маңызың қалай бағалады?
4.Қандай факторлар егістік тәжірибенің маңызын шектейді?
5.Агрохимиялық егістік тәжірибе шешетін мәселелерді
атаңыз.
6.Егістік тәжірибе орындаушыға жүктелген жауапкершіліктердің түрлері?
7.Егістік тәжірибенің қандай түрлері бар?
8.Тұрақты (стационарлық) тәжірибелердің түрлері және оны кімдер жүргізеді?
9.Өндірістік тәжірибенің тұрақты тәжірибеден айырмашылығы.
10.Көп факторлы тәжірибелер зерттейтін мәселелердің түрлері мен мақсаты.
11.Географиялық тәжірибе зерттейтін мәселелердің түрлері.
12.Тәжірибенің сызбасы (схема) дегеніміз не және оның қарапайым түрін атаңыз?
13.Тәжірибе варианты дегеніміз не және оларды учаскеде қалай орналастырады?
14.Тәжірибеде не себепті варианттарды бірнеше қайталанымда орналастырады?
15.Тәжірибе мөлдегі дегеніміз не және оның пішіні қандай
болады?
16.Егістік тәжірибе сапасына қойылатын негізгі әдістемелік талаптарды атаңыз.
17.Тәжірибе қателігі дегеніміз не, оның түрлері мен пайда болу себептері?
18.Тәжірибе дұрыстығы мен дәлдігінің оның нәтижелерін бағалауда маңызы.
19.Тәжірибені құжаттаудың себебі неде және оның негізгі құжаттарын атаңыз?
20.Егістік тәжірибе жүргізуге арналған учаскеге қойылатын негізгі талаптар.
280