Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
созжасам Раманова А.doc
Скачиваний:
140
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
776.7 Кб
Скачать

10-Апта

Кредиттік сағат саны – 1

Дәріс № 10

Тақырыбы: Зат есім сөзжасамы

Дәріс мазмұны:

  1. Зат есім сөзжасамы туралы жалпы түсінік.

  2. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары.

  3. Есімдерден зат атауын жасайтын жұрнақтар.

  4. Етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.

  5. Күрделі зат атауының жасалуы.

Әдебиеттер:

  1. Қасым Б. Күрделі зат есімдер сөздігі. Алматы, 1999.

  2. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Оқулық. Алматы, 2001.

  3. Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі есім сөздердің жасалуы. Алматы, 1973.

  4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы, 1991.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Әмірова Ж. Сын есім заттануының синтаксистік жолдары // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2007, 55-57-б.б.

  2. Байбала С. Зат есімнен зат есім жасаушы -ша, -ше жұрнағының семантикасы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 8, 2004, 91-93-б.б.

  3. Құрманәлиева З.А. Реңк мәнді туынды зат есімдердің мағыналық құрылымы. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2003.

  4. Сарсембаева М.Қ. Матаса байланысқан сөз тіркесінің лексикалануы негізінде жасалған туынды сөздер семантикасы. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 2004.

Зат есім – сөзжасамы өте күрделі сөз табы. Зат есімде сөзжасам тәсілдерінің бәрі қызмет етеді және бәрі де белсенді қызмет атқарады. Зат есімнің сөзжасамдық бірліктері де алуан түрлі, солардың ішінде зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары ерекше көзге түседі. Зат есім сөзжасамдық жұрнақтарға өте бай, сәйкесінше тіліміз де туынды зат есімдерге өте бай.

Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары. Зат есімнің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуына сөзжасамдық жұрнақтар арқылы жасалу жатады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары деп алуан түрлі сөздерден туынды түбір зат атауын жасайтын жұрнақтар аталады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары есім сөздерден зат есім жасайтын жұрнақтар және етістіктерден зат есім жасайтын жұрнақтар болып бөлінеді. Туынды түбір зат есімдердің жасалуына зат есім, сын есім, сан есім, етістік сөздер негіз болады. Осы сөз таптарының сөздерінің негіз болуы арқылы жасалған туынды түбір зат есім сөздер туынды түбір сөздер болып саналады. Туынды түбір зат есім сөздерді жасайтын тілде 110 шамалы жұрнақ бар. Олар құрамы, мағынасы, қызметі жағынан алуан түрлі.

Жалаң жұрнақтар деп құрамы бөлшектеуге келмейтін жұрнақтар аталады. Мысалы: -шы, -ші, -кер, -гер сияқты жұрнақтар бір морфемадан тұрады, сондықтан олардың құрамы бөлінбейді. Туынды зат есім атаулар жасайтын мұндай жұрнақтар зат есім сөзжасамында негізгі орын алады. Олар арқылы көптеген туынды түбір зат есім сөздер жасалған.

Құранды жұрнақтар деп құрамы ең кемі екі морфемадан тұратын жұрнақтар аталады. Мысалы: -шылық, -шілік, -ынды, -палық жұрнақтарының құрамы екі морфемадан тұрады яғни олар бұрын екі жұрнақ болған. Кейін тілдің дамуында олар кірігіп, бірінсіз бірі қолданылмайтын дәрежеге жеткен. Туынды зат есім жасайтын жұрнақтардың мағыналық құрамы да әртүрлі. Бірсыпыра жұрнақтар түрлі мағыналы туынды зат атауларын жасайды. Мысалы: -лық, -лік, -тық, -тік жұрнағы түрлі мағыналы туынды сөздер жасайды (бастық, сулық, апталық, қалыңдық, оттық, патшалық). –ық, -ік, -ақ, -ек жұрнағының мағынасы алуан түрлі: 1) адам мүшелерінің атын білдіреді: тырнақ, білек. 2) нақтылы зат атауын білдіреді: қармақ, орақ, дөңгелек,. 3) мекен, орын мәнді зат атауларын жасайды: қорық, тұрақ, жатақ. Сонымен бірге зат есім сөзжасамдық жұрнақтарының ішінде жеке, бір ғана мағынада қолданылатын жұрнақтар да көп: -хана, -тай, -й. Туынды түбір зат есім жасайтын жұрнақтардың біразы бір-бірімен мағыналас болып келеді. Олар синоним жұрнақтар боып саналады. Мысалы: -шы, -ші (жұмысшы, етікші) – кер, -гер (жұмыскер, саудагер).

Туынды түбір жасайтын зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары жүзден аса болғанымен, олардың сөзжасамдық қабілеті бірдей емес. Осыған байланысты зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтары өнімді және өнімсіз жұрнақ болып бөлінеді. Өнімді жұрнақтар деп тілге талай туынды зат атауын берген, қазір де сөзжасамдық қызметін жоғалтпаған жұрнақтар аталады. Зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының басым көпшілігі өнімді жұрнақтарғы жатады. Олар: -лық, -лік, -шы, -ші, -шылық, өшілік, -шық, -шік, -ым, -ім, -хана, -гер, -кер, -ын, -ан, -у, -ма, -ме. Өнімсіз жұрнақтар: -қат: жарақат, -арт: мұзарт, -сын: сусын, -қай: алаңқай. Туынды зат атауларын жасауға жұрнақпен қатар негіз сөз де қатысады. Туынды зат атауларына түрлі сөз табының сөздерінегіз болады, олар: зат есім, сын есім, сан есім, еліктеуіш сөздер, етістік. Олардың жұрнақтарында да айырма бар. Сондықтан оларды бөліп қарастырған жөн. Олар: 1) есім сөздерден зат атауын жасайтын жұрнақтар; 2) етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар. Есім сөздерден туынды зат есім сөздер жасайтын жұрнақтар аз емес, олардың жалпы саны жетпіс бестей болып қалады. Олардың мағынасында екі түрлі үлкен айырмашылық бар. Бір топ жұрнақтар есім сөздің лексикалық мағынасын өзгертеді, енді біреуі сөздің лексикалық мағынасын сақтап, оған үстеме мағына қосады. Осыған байланысты есім сөздерден туынды зат есім сөздер жасайтын жұрнақтар сөз мағынасын өзгертетін жұрнақтар және сөз мағынасын түрлендіретін жұрнақтар болып бөлінеді.

Есімдерден зат атауын жасайтын жұрнақтар

1. Лексикалық мағынаны өзгертетін жұрнақтар. Туынды зат есім сөздер жасаушы жұрнақтардың көбі сөз мағынасын өзгертуші жұрнақтарға жатады. Лексикалық мағынаны өзгертетін зат есімнің сөзжасамдық жұрнақтарының мағынасы түрлі-түрлі, оларды түгел көрсету мүмкін емес. Мұнда солардың ішінен ірілерін жинақтап, 13мағыналық түрі берілді.

1. Мамандық мәнді жұрнақтар: -шы, -ші (өнімді), -кер, -гер (өн-ді), -паз, -пан, -кеш, -лық, -лік: балықшы, егінші, қаламгер, суреткер, арбакеш, аспаз, сақпан.

2. Орын-жай мәнді жұрнақтар: -стан, -кент, -хана, -дық, -дік: Қазақстан, Шымкент, дәріхана, шабындық, егіндік.

3. Лауазым атаулары мәнді жұрнақтар: -дық, -тық, -лық, -лік: патшалық, әкімдік, бастық.

4. Кісі аттарын жасайтын жұрнақтар: -зада, -қан, -жан, -бай, -бек: Гүлзада, Әлімқан, Гүлжан, Асылбек, Оразбай.

5. Салт-дәстүрге қатысты атаулар жасайтын жұрнақтар: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік, -ын, -у: құдалық, базарлық, ұрын бару, ілу.

6. Туыстық атауларын жасайтын жұрнақтар: -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік, -дас, -тас: ағалық, жиендік, туыстық, жиендік, қарындас, бауырлас.

7. Тағам атауларын жасайтын жұрнақтар: -дық, -не, -шік, -дақ, -тақ, -сын, -п: тұздық, ірімшік, ұнтақ, сусын, шалап.

8. Дене мүшелері атауларын жасайтын жұрнақтар: -тық, -шік: қолтық, жіліншек.

9. Мезгіл атауларын жасайтын жұрнақтар: -лық....: апталық, айлық, жетілік, жылдық.

10. Дерексіз мәнді зат атауларын жасайтын жұрнақтар: -лық..., -ым, -ім, -м, -шылық...: достық, қастық, қателік, мейірім, мүмкіншілік.

11. Қарым-қатынас атауларын жасайтын жұрнақ: -дас, -дес, -тас, -тес, -лас, -лес: жолдас, әріптес, жерлес, күндес.

12. Аспаптар атауын жасайтын жұрнақтар: -ген, -ған, -кен, -ман, -пар: жетіген, құмған, желкен, сайман, шоқпар.

13. Деректі зат атауларын жасайтын жұрнақтар: -тық..., -ық, -ік, -ақ, -ек, -ша, -ше, -шық, -шік, -сыз, -сіз, -ілдірік: белдік, орындық, жеңсіз, мойнақ, бақша, ойыншық.

2. Лексикалық мағынаны түрлендіретін жұрнақтар. Адамдар арасындағы түрлі қарым-қатынасқа байланысты туатын сан алуан мәндегі көңіл-күй, ризалық, үлкенге құрмет, сый, сияпат білдіру, жақсы көру, кішіні еркелету сияқты адамның ішкі сезімін білдіретін реңк мәнді жұрнақтар зат есім сөздердің өзіне жалғанып, оның лексикалық мағынасын түрлендіреді. Түрлендірілген сөзжасамдық мағына деп лексикалық мағынаның үстіне қосылатын реңктік мағына аталады. Зат есімнің лексикалық мағынасын түрлендіріп, оған түрлі реңк мәнін қосатын жұрнақтар тілде көп емес. А.Ысқақов бұл жұрнақтардың 13 түрін көрсеткен. Соңғы зерттеу бойынша зат есім лексикалық мағнасын түрлендіретін, реңк мәнін қосатын 24 жұрнақ бар. Олар:

1) –еке, -қа, -ке: Жұмеке, Мұқа, ағеке.

2) –й: ағай, апай.

3) –тай: апатай, әкетай.

4) –жан: көкежан.

5) –қан, -ақан: ботақан, қошақан.

6) –шақ, -шек: құлыншақ, інішек.

7) –шық, -шік: қапшық, көлшік.

8) –қай, -кей: балақай, шешекей.

9) –ша, -ше: кітапша, өгізше.

10) –ш: Құрмаш.

11) –сымақ: бастықсымақ.

12) –шығаш, -шігеш: байшығаш.

13) –жын, -жін: құнажын, дөнежін.

14) –ес: белес, дөңес.

15) –қа: қырқа.

17) –ат: қырат.

18) –қал: шатқал.

19) –пат: ойпат.

20) –пан: балапан.

21) –анақ: шұқанақ.

22) –қалаң: шатқалаң.

23) –ақай: итақай.

24) –бай: елпекбай.

Зат есімнің лексикалық мағынасын түрлендіретін жұрнақтар тілде түрлі реңктік мағынаны білдіреді. Олар: сыйлау, құрметтеу, жақсы көру сезімін білдіру, еркелету, кішірейту.

Етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар

Синтетикалық тәсіл арқылы жасалатын туынды түбір атауларға етістік те негіз болады, ондай туынды түбір атаулар етістік негізді туынды түбір деп аталады. Тілімізде етістік негізді туынды түбір атаулар көп. Зат есім сөзжасамының бұл өнімді жолы болып саналады, өйткені тілде етістіктен зат атуларын жасайтын жұрнақтар көп және олар түрлі мағыналы зат атауларын жасайды.

  1. Тамаққа қатысты атауларды ж.ж.: -мал, -ма, -ме, -дақ, -маш, -меш, -м, -мақ, -мық, -пақ: саумал, жарма, кеспе, қуырдақ, қуырмаш, жем, құймақ.

  2. Құрал сайман атауын ж.ж. –ғы, -гі, -ақ, -ық, -ік, -у, -ма, -ме, -кіш, -нда: бұрғы, орақ, қашау, кескіш, бұранда.

  3. Табиғат, мезгілге байланысты атауларды ж.ж. –й, -а, -ы, -ші, -н, -сын, -сін: қурай, жыра, тамшы, борасын.

Күрделі зат атауының жасалуы

Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған заттық атаулар күрделі атаулар деп аталады. Құрамына қарай күрделі зат есімдерді 4-ке бөлу қалыптасқан: біріккен, кіріккен сөдер, тіркескен күрделі сөздер, қос сөздер, қысқарған сөздер.

Біріккен, кіріккен атаулар. Бұл сөздердің көне түрі кіріккен заттық атаулар. Кіріккен атаулар деп өзінің құрамындағы сыңарлардың дыбыстық өзгеріске түсіп, бір-бірімен жымдасып, ықшамдалып, кірігуінен жасалған түрі аталады. Мысалы: білезік – білек жүзік, қарлығаш – қара ала құс. Біріккен атаулар деп сыңарлары дыбыстық жағынан өзгеріссіз қалыпта тұрып, мағына тұтастығына көшкен сөздер аталады. Мысалы: балабақша, жолбасшы, өткел, пікірталас. Мағына жағынан біріккен атаулар әртүрлі: өсімдік атаулары, жан-жануар, жәндік атаулары, көне атаулар, туыстық атаулар, ауру атаулары, ойын атаулары, т.б.

Тіркескен күрделі зат атаулары. Тіркескен күрделі зат атаулары деп екі не одан да көп сыңарлардан құралып, бір лексикалық мағына беретін, бір лексема қызметін атқаратын сөздер аталады. Тіркескен күрделі зататауларының сыңарлары бөлек жазылады. Мысалы: азу тіс, бас бармақ, кәрі жілік.

Қосарланған күрделі атаулар. Күрделі сөзжасамының бір түріне жататын қоақтау тәсілі арқылы жасалған күрделі зат атауларының бір түрі қос сөздер деп аталады: әке-шеше, ата-ана.

Қысқарған атаулар. Қысқарған аталымдар қазақ тілінде үлкен екі топқа бөлінеді: 1) кісі аттарының қысқартылуы: Жұмеке, Асеке, Сәке, Жәкен, Жұмаш; 2) мекеме, ұйым, т.б. атауларының қысқартылуы: БҰҰ, ҒА, ҚР.

Лексика-семантикалық тәсіл арқылы жасалған туынды зат есім сөздер ғылымда субстантив зат есімдер деп аталады.