Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
созжасам Раманова А.doc
Скачиваний:
140
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
776.7 Кб
Скачать

14-Апта

Кредиттік сағат саны – 1

Дәріс № 14

Тақырыбы: Үстеудің сөзжасамы

Дәріс мазмұны:

  1. Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары.

  1. Үстеу жұрнақтарының мағынасы.

  2. Үстеу жасауда аналитикалық тәсілдің маңызы.

Әдебиеттер:

  1. Жұмағұлова Ө. Қазақ тіліндегі көсемшенің мағынасы мен қызметінің дамуы. Көкшетау, 2002

  2. Искаков А. Наречие в казахском языке. Алма-Ата, 1960.

  3. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. Оқулық. Алматы, 2001.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Таңсықбаева Б. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі. Ф.ғ.к. дисс. авторефераты. А., 2006.

  2. Таңсықбаева Б. Туынды үстеулердің жасалуына уәждеме болған сөз таптары // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2005, 58-62-б.б.

Үстеудің сөзжасамы деп үстеудің сөзжасамдық бірліктерінің белгілі сөзжасамдық тәсілдер арқылы туынды үстеулер жасауы аталады. Үстеудің басқа сөз таптарындай күрделі сөзжасамдық жүйесі болмаса да, өзіндік ерекшелігі бар, белгілі заңдылықтары мен шағын сөзжасамдық бірліктері бар, тілдің сөзжасамдық тәсілдерінің бәрі дерлік қызмет ететін сөзжасамдық жүйесі бар. Үстеудің сөзжасамдық жүйесінің басқа сөз таптарынан ерекшелігі – олардың жалғаулардың түбірге кірігіп, көнеруі арқылы туынды үстеудің жасалуы. Мысалы: алға, бірге, әзірге, баяғыда, күнде, лезде, етпетінен, әуелден, жайымен сияқты үстеулер түбір сөздерге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларының кірігіп, көнеруінен жасалған. Бұл тілдік құбылыс басқа ірі сөз таптарында жоқтың қасы.

Үстеу де өзінің құрамын басқа сөз таптары арқылы толықтыратын сөз табы. Мысалы: қыстай – зат есім, екіншілей – сын есім, бүтіндей – сын есім.

Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары шағын, алайда олар арқылы тілде бірсыпыра туыды үстеулер жасалған. Тілде қалыптасқан сөзжасамдық тәсілдердің бәрі дерлік туынды үстеу жасауға қатысады. Туынды үстеу жасауда аналитикалық тәсіл де елеулі қызмет атқарады. Ғалым Қ.Есенов үстеудің 27 сөзжасамдық жұрнағын көрсеткен. Туынды үстеу жасауда аналитикалық тәсіл деелеулі қызмет атқарады, ол арқылы жасалған күрделі үстеулер бірсыпыра: биыл, бүгін, жаздыгүні, бір жақты, күні бұрын, соңғы рет, күні кеше, елең-алаңда.

Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары арқылы туынды түбір үстеулер жасалады. үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары өнімді және өнімсіз болып бөлінеді. Өнімді жұрнақтар ішінен –ша, -ше жұрнағын ерекше атауға болады. Бұл жұрнақ арқылы жасалған туынды түбір үстеулер үлкен бір топ құрады. Ал өнімсіз жұрнақ үстеуде өте көп. Мысалы: -құрым (кешқұрым), -дік (әредік), -қары, -кері (тысқары), -ы (арнайы).

Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары жалаң және құранды болып бөлінеді. Жалаң жұрнақтар: -ша, -ше, -ы, -ай, -лық, -са, -се. Құранды жұрнақтар: -лата, -лете, -кірім, -құрым, -ыртын.

Синтетикалық тәсілге жалғаулардың түбірге кірігіп, көнеріп, бір түбір сөз жасауын да жатқызуға болады: алға, артқа, жүресінен, түнімен, зорға, демде, бірден. Бұл туынды үстеулердегі жалғаулар лексикалық жағынан біртұтас түбір, біртұтас мағына жасағанымен, ондағы түбір мен қосымшаның жігі анық көрінеді. Тек мұнда жалғаулар сөзжасамдық қызмет атқарады. Сондықтан оларды туынды көнерген түбірлер деп атаған дұрыс. Үстеудің сөзжасамдық жұрнақтары мағынасы жағынан алуан түрлі, соған қарап, оларды үстеудің түрлі мағыналық топтарын жасайды деп саналады. Бірақ ол үстеудің сөзжасамдық жұрнақтарының мағынасын толық аша алмайды. Сондықтан үстеу жұрнақтарының мағынасын толық ашу үшін, оларды мағынасына қарай көрсету дұрыс.

Мезгіл мағыналы жұрнақтар:

-тай, -дай, -дей жұрнағы мезгіл мәнді зат есім сөзге жалғанып, одан туынды түбір мезгіл үстеулерін жасайды: жаздай, қыстай.

-ша, -ше жұрнағы үстеу сөздерден мезгіл мәнді туынды түбір үстеу жасайды: қазірше, бүгінше, биылша, ғұмырынша.

-сын, -сін жұрнағы үстеуден мезгіл мәнді туынды түбір үстеу жасайды: ертеңгісін, таңғысын, кешкісін, биылғысын.

-ын, -ін жұрнағы да зат есімдерден мезгіл мәнді туынды түбір үстеулер жасайды: қысын, жазын, күзін.

-ең: кешең.

Сонымен бірге септік жалғауларының көнеруі де мезгіл мәнді туынды үстеулер жасайды.

  1. барыс септігі: кешке, ертеңіне, әзірге, алғашқыда, күніне, қазірге.

  2. Жатыс септігі: қапыда, баяғыда, ертеңінде, алғашқыда, ертеректе, қазірде.

  3. Шығыс септігі: әуелден, ежелден, баяғыдан, көптен, ертеден, кішкентайынан.

  4. Көмектес септігі: күнімен, түнімен, ертемен.

Мекен мәнді жұрнақтар:

Мекен мәнді туынды түбір үстеулер төмендегі жұрнақтар арқылы жасалады:

-қары, -кері: ішкері, тысқары, сыртқары, шеткері.

-рақ, -рек: жоғарырақ, төменірек, әрірек, берірек, кейінірек.

-ай: жолай.

-ын: жырын. Ел ішінен жырын кеткен шіріген жұмыртқа десті.

Сонымен бірге көнерген жалғаулар да мекен мәнді үстеу жасайды:

  1. барыс септік: алға, артқа, сыртқа, төменге.

  2. Жатыс септік: ілгеріде, төменде, жоғарыда, алшақта, әріде, алда, артта, сыртта.

  3. Шығыс септік: шетінен, алдынан, артынан, сыртынан.

  4. Көмектес септік: бермен, әрмен.

Сын-бейне мәнді жұрнақтар:

Сын-бейне мәнді туынды үстеу жасайтын тілде біраз жұрнақтар бар. Олар төмендегідей:

-ша, -ше: балаша, адамша, қазақша, әлімше, бұрынғыша.

-дай, -дей, -лай, -лей: осылай, былай, солай, анадай, тікелей, бүгінгідей.

-тіндеп: біртіндеп.

-лықты: оншалықты, соншалықты.

-лып: біреулеп, бірлеп, екілеп.

-латып, -летіп: түнделетіп, күндіздетіп, борандатып, жауындатып.

-ата, -лата, -лете: біржолата, жаяулата, түнделете, үймелете.

-ыртын, -іртін: астыртын, үстіртін.

Көнерген жалғаулар да сын-бейне үстеулерін жасайды:

  1. барыс септік: зорға, босқа, текке, бірге, бекерге, жатқа, әзерге.

  2. Жатыс септік: қапыда.

  3. Шығыс септік: етпетінен, шалқасынан, бірден, келтесінен.

  4. Көмектес септік: жайымен, жөнімен, шынымен, ретімен, қалпымен.

Күшейту мәнді жұрнақтар:

Күшейту мәнді жұрнақтар күшейту мәнді үстеулер жасайды.

-ша, -ше: онша, сонша, осынша, мұнша.

-ма: осыншама, соншама, мұншама, оншама.

-лық: осыншалық, соншалық, оншалық, мұншалық.

-ты жұрнағы –лық жұрнақты сөзге тіркесіп, мөлшер мәнін береді: оншалықты, мұншалықты, соншалықты, осыншалықты.

-лап, -леп: ондап.

Мақсат мәнді жұрнақтар:

-леп: әдейілеп.

-ақана: қасақана.

-а: жорта.

Бірігу арқылы үстеудің жасалуы:

Бұл тәсілмен жасалған үстеулер біраз топ құрайды. Олар төмендегі үлгілер бойынша жасалады:

  1. зат есім+зат есім: жайбарақат.

  2. Зат есім+сын есім: басыбүтін, әжептәуір.

  3. Зат есім+сан есім: ауызекі.

  4. Зат есім+үстеу: таңертең.

Кіріккен үстеулер:

  1. есімдік+зат есім: биыл, бүгін, былтыр.

  2. Зат есім+зат есім: жаздыгүні, қыстыгүні, күздігүні.

  3. Сын есім+зат есім: қоңылтаяқ, алагөбе.

  4. Сан есім+үстеу: екіншәрі.

  5. Үстеу+етістік: бүйтіп, сөйтіп, өйтіп.

Қосарлау арқылы үстеудің жасалуы: Үстеудің жасалымында бұл өте өнімді тәсіл. Олар төмендегі үлгілер арқылы жасалады:

  1. негізгі түбір үстеу+негізгі түбір үстеу: енді-енді, ерте-кеш, әрең-әрең, әрі-сәрі.

  2. Негізгі түбір үстеу+кіріккен үстеу: кеше-бүгін.

  3. Кіріккен үстеу+негізгі түбір үстеу: бүгін-ертең.

  4. Туынды үстеу+туынды үстеу: кешелі-бүгінді, ілгері-кейінді.

  5. Негізгі түбір+туынды түбір: жол+жөнекей, көш-жөнекей.

  6. Қайталау арқылы жасалу: леп-лезде, оп-оңай, әәп-әзір, еп-ерте.

Тіркестіру арқылы үстеу жасау:

Тіркестіру тәсілі үстеу жасауда өте өнімді қызмет атқарады. Сондықтан тіркескен күрделі үстеулер бірсыпыра. Тіркескен күрделі үстеулер құрамына қарай түрліше:

  1. екі мүшелі тіркесті күрделі үстеулер: күні ертең, күні кеше, күні бүгін, әр жақта, әр кезде, әр уақытта, бір заманда, көш ілгері, күні бойы, жазға салым, алдын ала, бер жақ, ақырғы рет, бұрнағы күн, алдыңғы жылы, бесін мезгілінде, әуел бастан, ерте кезде, сәлден соң.

  2. Үш мүшелі тіркесті үстеулер: күндерде бір күн, ертеден қара кешке.

  3. Идиомаланған үстеулер: қас пен көздің арасында, бетегеден биік, жусаннан аласа, ақай жоқ, тоқай жоқ, апысы кіріп, күпісі шықты, елден ала бөтен, аяқ астынан, түн баласында, қаннен қаперсіз, томаға тұйық, құлан таза.