Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Текст лекций по полит. на каз..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.96 Mб
Скачать

Екінші тақырып. Саяси ғылым тарихы

Кемеңгерлер өлмейді. Олар мәңгі өмір сүреді. Олардың ақыл-парасаты біздермен әр кезде және әрқашан да бірге жүреді.

Әнуар Әлімжанов

Кез келген ғылым сияқты саясаттанудың да тарихы бар. Саяси ғылымдық білімнің элементтері ұзақ уақыт бойы жалпы философиялық, кейінірек әлеуметтанулық, құқықтық теориялар шеңберінде қалыптасып дамыды. Саясаттанудың тарихы болмайынша, саясаттанудың да болмайтынын айтуға толық негіз бар. Оның қазіргі ілімдері мен теориялары өткен замандардағы саяси ойлардың жаңа тарихи жағдайлардағы жалғасы ретінде дамуда. Ой салар материалдар жинақталынбайынша жаңа саяси теориялардың пайда болуы мүмкін емес.

Әрбір дәуір адамзат өмірінде өзіндік ерекше саяси мәселелерді қойып, оларды өзінше шешті. Егер де ойша кейінге үңілетін болсақ, онда XXI ғасырға бізбен бірге кірген көп түрлі шексіз саяси жүйелерді, ілімдерді, бағыттарды, көзқарастарды көруге болады. Оларды дұрыс бағдарлау мен олардың мәнін түсіну үшін төмендегідей белгілі бір методологиялық әдіс-тәсілдерді басшылыққа алу қажет: біріншіден, кез келген саяси ілім еріксіз «ойдан шығарылған», кімнің болса да, тіптен кемеңгердің болса да ақыл-ойымен табылған нәрсе емес, керісінше ол тарихтың қайсыбір кезеңінде өмірлік жағдаймен қойылған қоғамдық практиканың қажеттілігінің сұрақтарына қайтарылған жауап сияқты. Адамдардың саяси практикасы саяси теориялардың, ілімдердің пайда болуы мен дамуының себепшісі болды және олардың шыншылдығының және өміршеңдігінің басты өлшем-бірліктері болды. Өмірдегі қайсыбір мәселелерге ғылыми негіздеме жасау үшін, теория немесе ілім жасау үшін, сөйтіп саяси практикаға «жарық» жол салу үшін ойшыл сол практиканы терең танып білуі қажет. Адамдарды ойландыратын сұрақтарды алдын ала көре біліп, оларға теориялық негізделген жауаптар беруі тиіс. Тек осындай жағдайда ғана теория немесе ілім адамдарға, халыққа, қоғамға қызмет ететін болады.

Екіншіден, саяси ілімдерде тікелей немесе жанама түрде болса да қоғамдық топтардың, басқа да әлеуметтік күштердің шоғырланған экономикалық мүдделері көрінеді. Бұл экономикалық мүдделер оларды мемлекеттік биліктің қорғауын қажетсінеді. Сондықтан саяси теориялар осындай қоғамдық саяси жүйенің қажеттігін негіздеді, сол тұста үстемдік етуші, әлеуметтік күштердің экономикалық мүдделерін жақсы қорғайтын мұндай мемлекеттік құрылыстың заңдылығын дәлелдеді. Түптеп келгенде адамдардың экономикалық мүдделері өмірге әкелген саяси теориялар немесе ілімдер осылайша қоғамның экономикалық жүйесіне, оның әлеуметтік құрылымына кері ықпал етті. Кейбір ірі державалар өзге елдердегі шикізат көздеріне, әр түрлі пайдалы қазбаларға қол жеткізуге мүдделі болып, бұл аймақтарды өздерінің «ұлттық» мүдделері зонасы (көбінесе осы державалардан мыңдаған шақырым жерлерде орналасқан) деп жариялайды және мұны неше түрлі геосаяси теориялармен негіздеуге тырысады.

Үшіншіден, саяси идеяларды білу, олардың қоғамдық процестегі рөлін түсіну әр түрлі болды. Олар жағымды рөл атқарды, яғни әлеуметтік дамуға ықпал етті немесе жағымсыз, тіпті реакциялық рөл атқарып қоғамның өрлеу бағытында жылжуын тежеді. Бұл осы теорияларды жасаушы әлеуметтік күштердің қандай екендігіне – алдыңғы қатарлы, прогресшіл немесе құрып бітіп бара жатқан, тарихи сахнадан кетіп бара жатқан күштердің жақтастарына байланысты. Бір сөзбен айтқанда, субъективтік фактор, яғни ғалымның, ойшылдың, саяси көшбасшының позициясы әрқашан да саяси ілімнің мәні мен мазмұнына маңызды ықпал еткен.

Төртіншіден, саяси ілімдердің дүниежүзілік тарихының өзіндік дамуының ішкі логикасы бар. Әрбір ілім өзінің «отанынан» тәуелсіз, өткеннен қалған саяси идеялармен және ұғымдармен тығыз байланыста пайда болып дамиды, олардың кейбір ережелері мен қорытындыларына арқа сүйейді. Сонымен бірге қайсыбір ойшылдардың көзқарастарын дүниежүзі саяси ойлар дамуы тұрғысынан бағалап қана қоймай, осындай саяси көзқарастардың пайда болуына себепші болған осы елде қалыптасқан ұлттық, тарихи жағдайлар позициясынан қарау керек.

Саяси ілімдерді немесе теорияларды зерттеуге ұсынылған методологиялық әдіс-тәсілдер олардың қоғамның тоқтаусыз дамуындағы рөлін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Саяси ой – саяси өмірдің пайда болуымен, саяси қатынастардың, институттардың қалыптасуымен дами бастайды.

Осымен байланысты, саяси ойлардың тарихын оқып-білу қазіргі саяси мәселелерді түсінуді жеңілдететінін атап өткім келеді. Саяси ғылым тарихын қарастырғанда қоғамдық ой тарихының жалпы шеңберін белгілеуге, қайсыбір дәуірдің көрнекті ойшылдарының аса маңызды идеяларын бөліп көрсетуге және оның дамуының қайсыбір кезендеріндегі ерекшеліктерін атап өтуге тырысамыз.