Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Текст лекций по полит. на каз..doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.96 Mб
Скачать

Алтыншы тақырып. Саяси режимдер

Саяси режимдердің ерекшеліктері саясаттанудағы мұқият назар аударуды және терең зерттеуді талап ететін маңызды проблемалардың бірі болып табылады. Саяси режимдер проблемасы ұзақ уақыт бойы ғылыми-теориялық айтыс-тартыстың нысаны болып келді және болып отыр да.

Ғылыми әдебиеттерде саяси режимдердің мәнін түсіну екі көзқарасқа (бағытқа) – саяси-құқықтық және әлеуметтік-саяси көзқарастарға негізделген.

Саяси-құқықтық (институционалдық) көзқарасты (бағыт) жақтаушылар саяси режимдерді басқарудың формаларымен немесе мемлекеттік құрылыспен теңестіруге бейім. Бұл көзқарас-бағыт әдетте, юридикалық әдебиеттерде негізделеді.

Саясаттануда саяси режимдерге талдау жасауда әлеуметтік-саяси көзқарас-бағытқа басымдық беріледі. Саяси режимдерді талдаудың әлеуметтік-саяси бағытын жақтаушылар ең бірінші, қоғам, мемлекет және азамат арасындағы шынайы қалыптасқан, сондай-ақ, конституцияда немесе басқа да құқықтық актілерде, саяси мінез-құлық нормаларында белгіленгенге сәйкес келуі міндетті емес байланыстарға көңіл бөледі. Осы көзқарас-бағыт бойынша саяси режим – бұл ең алдымен, қоғамды басқарудың тәсілі, ол, бір жағынан, билік органдарын қалыптастырудың негізгі үлгілері мен саяси шешімдер қабылдаудың тәсілдерін біріктіреді, екінші жағынан – әр түрлі саяси субъектілердің: басқарушы элиталардың, партия жетекшілерінің, мүдделі топтардың, жекелеген азаматтардың саяси процеске қатысу тәсілі.

Осыған байланысты саяси режимде әр түрлі әлеуметтік күштердің саяси биліктің қызмет етуіне ықпалы, өздерінің мүдделері мен талаптарын қорғауы, материалдық және рухани игіліктерді бөлу ісіне қатысуының көрініс табатындығын айтуымыз керек. Онда, сондай-ақ, идеялар бақталастығының бүкіл мүмкін деген көлемі, әр түрлі пікірлердің, соның ішінде оппозициялық пікірлердің еркіндік мүмкіндігінің мөлшері көрінеді. Сайып келгенде, саяси режимнің сипатына саяси мақсат-ұйғарым жүйесі, жалпы доктрина, сонымен қатар, қоғам мен мемлекет дамуының формалары мен тәсілдері тәуелді болады.

Саяси режим – бұл қоғамның саяси жүйесінің қызмет етуінің нақты механизмі. Саяси режимнің мәнін, мазмұнын анықтау арқылы саяси жүйенің сипаты мен типін дәлме-дәл және пәндік бағалауға мүмкіндік туады. Бұл тұрғыдағы талдаудың өте маңызды саясаттанулық проблема болып табылатындығы да міне, сондықтан. Өйткені, саяси режимдердің мәні мен мазмұнын түсіну үшін, ең алдымен саяси режим түсінігін ұғыну қажет.

  1. Саяси режим ұғымы

Саяси қатынастардың жай-күйі мен сипатын биліктің нақты типі, қоғамның саяси жүйесінің функционалдық өлшемдері анықтайды. Мемлекеттік биліктің адамдар арасындағы қатынастарды реттеу мен жөнге салудағы сүйенетін құралдары мен әдістерін анықтауға деген қажеттілік осымен байланысты. Биліктің қызмет етуінің осы аспектісі «саяси режим» ұғымын бейнелейді. Режим термині (фр. rejime латынша rejimen) сөзбе-сөз аударғанда басқару тәртібі дегенді білдіреді.

Саяси режим ұғымы батысеуропалық ғылыми әдебиеттерде ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында тарады. Қазіргі кезде бұл ұғым ғылыми, оқу әдебиеттерінде, сондай-ақ күнделікті ауызекі тілде де кеңінен таралған. Бұл саяси өмірдің және тұтас алғанда қоғамдағы саяси жүйенің құбылысы. Осы ұғымға байланысты саяси режимнің жинақталған сипаты бар. Нақ осы режимді талдау адамның билік құрылымдарымен өзара қатынастарындағы оның шын мүмкіндіктері жөнінде барабар пікір айтуға мүмкіндік береді.

Әлемдік және отандық тәжірибе «саяси режим» түсінігінің мазмұнына, оның саясаттанудағы басқа категориялармен салыстырғандағы ерекше сипаттамаларына біздің неғұрлым зейін қоюымыз тиіс екендігін көрсетіп отыр.

Саяси режим түсінігінің ұзақ уақыт қолданылғанына қарамастан, оның астарында жеткілікті түрдегі айқын мазмұнның сақталмағандығын айту керек.

Жүйелік әдісті жақтаушылар бұл түсінікті «саяси жүйе» категориясымен теңдестіре отырып, кеңінен түсіндіреді. Бұл белгілі теориялық қиындықтарды тудырады. Өйткені бір саяси құбылысты екі ұғыммен терминологиялық қайталау қаупі пайда болады. Менің ойым бойынша, «саяси жүйе» және «саяси режим» терминдері саяси өмірдің әр түрлі жақтарын сипаттайды: егер саяси жүйе саясаттың экономикамен, қоғам өмірінің әлеуметтік, мәдени және тағы да басқа салаларымен өзара байланысының сипатын көрсетсе, саяси режим билікті жүзеге асырудың құралдары мен әдістерін анықтайды. Демек, саяси режим саяси жүйенің функционалдық «кесіндісі» ретінде көрінеді, ол саяси билікті ұстаушылар таңдайтын саяси қызмет пен саяси бағыттың нәтижесінде қалыптасады деуге болады.

Кейбір зерттеушілер саяси режимнің мазмұнын басқару формасымен шектейді. Осы көзқарасқа сәйкес саяси режимдердің классификациясы мемлекеттің заң шығарушы және атқарушы функцияларының айырмашылықтарына, олардың арақатынасын айқындауға негізделеді. Осы принцип бойынша билік қосылу режиміне (абсолюттік монархия), билікті бөлу режиміне (президенттік республика) және ынтымақтастық режиміне (парламенттік республика) бөлінді. Үкіметтік құрылымдардың қызметіне ерекше назар аудара отырып, бұндай түсіндірме басқа саяси институттардың: партиялық жүйелер, қысым топтары және т.б. ықпалын ескермейді. Осыған байланысты саяси режимнің компоненттерінің бірі ретінде басқару формасын нақтырақ көрсету керек.

Тарихтан белгілі болғанындай, басқарудың формасы қоғамдағы саяси биліктің сипатына әрқашан сәйкес келе бермейді. Мысалы, Швеция, Норвегия, Бельгия басқару формасы бойынша конституциялық монархия болып табылса да, көптеген республикаларға қарағанда анағұрлым демократиялы елдер. Сонымен қатар, Германия 30-жылдары басқару формасы бойынша республика болса да, билік диктаторлық сипатта болды.

Сондықтан белгілі бір елдегі саяси режим жөнінде кең түрде және нақты түсінік беру үшін мынандай сұрақтарға жауап берген жөн: Аталмыш саяси режим қалай пайда болды? Билік басындағы саяси топтар кімдер? Саяси үстемдіктің қандай әдісі жоғары бағаланады – демократиялық па, әлде зорлықшыл ма? Саяси оппозициялардың өмір сүруіне жол беріле ме және ол қандай мөлшерде берілген? Сол елдегі тұлғаның жағдайы қандай?

«Саяси режим» және «мемлекеттік режим» ұғымдарының айырмашылықтары бар екендігін айту керек. Соңғысы саяси режимнің негізі болып табылады. Мемлекеттік режим – мемлекеттік органдар қолданатын билік жүргізудің құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы, басқаша айтқанда – қоғамның саяси өмірінің өмір сүру ортасы мен жағдайлары болып табылады. Ал, саяси режим болса өзінің кез келген жағдайында барлық қоғамдық өмір салаларында биліктік қатынастарға енетін бүкіл қоғамды қамтиды. Саяси режим ондағы мемлекеттің қатысу үлесін анықтай отырып, осы барлық биліктік қатынастарға ықпал жасайды, ол экономикада, әлеуметтік салада, мәдениетте, ұлтаралық қатынастарда, азаматтардың жеке және топтық психологиясында, олардың санасында саяси элементті белгілейді. Сондықтан «саяси режим» ұғымы «мемлекеттік режим» ұғымына қарағанда кең ұғым. Өйткені, ол мемлекеттің тарапынан ғана емес, сондай-ақ, саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың тарапынан да саяси биліктің жүзеге асырылуының әдістері мен тәсілдерін өзіне қосып алады.

Саяси режим, менің пікірім бойынша, мынандай белгілермен: саяси биліктің қалыптасу механизміндегі халықтың қатысу дәрежесімен, сонымен қатар, бұндай қалыптасудың тәсілдерінің өзімен; тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының қорғалуымен; қоғамдағы биліктің іске асырылуының шынайы механизмдерінің сипатымен; саяси билікті халықтың тікелей жүзеге асыруының деңгейімен; бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайымен, қоғамдағы жариялылық пен мемлекеттік аппараттың ашықтығының дәрежесімен; қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттік емес құрылымдардың орнымен және рөлімен; биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының арасындағы өзара байланысымен; азаматтар мен лауазымды адамдарға қатысты құқықтық реттеудің сипатымен; саяси шешімдер қабылдаудағы азшылықтың мүдделерін есепке алумен; саяси билікті іске асырудағы белгілі бір әдістердің үйлесімдік етуімен; қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңның жоғарылылығы деңгейімен; қоғам мен биліктің өзара қарым-қатынас принциптерімен; мемлекеттің «күштеу» құрылымдарының (әскер, полиция, мемлекеттік қауіпсіздік органдары) қоғамдағы саяси және заңдық жағдайымен, рөлімен; саяси плюрализмнің, көппартиялықтың (партиялық жүйенің) шамасымен; лауазымды адамдарды, ең жоғарғыларын қоса алғанда, саяси және заңдық жауапкершілікке тартудың шынайы механизмдерінің қолдануымен анықталады.

Сонымен, саяси режим – бұл үстемдік етуші әлеуметтік жіктің қоғам тұрақтылығының мақсаттарын көздей отырып және саяси бостандықтың деңгейін, сондай-ақ, олардың қызметінің құқықтық негіздеріне билік органдарының қатынасын көрсете отырып, өзінің саяси үстемдігін жүзеге асыратын әдістер мен құралдардың, тәсілдердің жиынтығы.

Сонымен қатар, саяси режим барлық қоғамның саяси жүйесін, қоғамдағы саяси шешімдер қабылдаудың сипатын, бүкіл әлеуметтік деңгейлерде биліктің таралуын көрсететіндіктен саяси процестердің ағымын бейнелейді. Ол тіпті, қоғамдық жүйенің алыс түкпірлерінің өзінде биліктік қатынастардың бар екенін көруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты Ш.Л.Монтескье «Республика үшін ізгілік қалай қажет болса, ал монархия үшін ар-намыс, сондай-ақ, деспоттық үкімет үшін қорқытушылық қажет» деп атап көрсетті.

Осыған байланысты мынаны айта кеткен жөн: саяси режим біріншіден, саяси биліктің тұрақтылығын, екіншіден, азаматтардың басқарылуын, үшіншіден, билік үшін тиімді қозғалыс (динамика) пен саяси қатынастардың бағыттылығын, төртіншіден, саясаттың мақсатқа қол жеткізуін, бесіншіден, үстемдік етуші элитаның мүдделерінің жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Саяси режимнің қандай да болмасын көп түрлілігіне көптеген факторлар: мемлекеттің мәні мен формасы, заңның сипаты, мемлекеттік органдардың дұрыс өкілеттілігі және олардағы қызметінің заңдық формалары, қоғамдық-саяси күштердің арақатынасы, экономикалық өмір мен жағдайдың деңгейлері және қалыптары, таптық күрес пен таптық ынтымақтастықтың формалары ықпал етеді. Саяси режимнің түріне елдің тарихи дәстүрі кең мағынада алғанда – кейде мемлекеттегі үстемдік етуші таптың талап-тілектері мен саяси болжамдардың қайшы келуіне қарамастан қалыптасатын өзіндік тұрғыдағы қоғамдық-саяси хал-ахуал елеулі ықпал етеді. Саяси режимнің түріне халықаралық жағдай да әсерін тигізе алады.

Әр түрлі тарихи кезеңдерде алуан түрлі саяси режимдер қалыптасады, олар қайсыбір уақыттардағы нақты мемлекеттерде бірдей емес. Құл иеленушілік кезеңге деспоттық, теократиялық-монархиялық, аристократиялық, олигархиялық тәртіптер, құл иеленушілік демократия тәртібі тән. Феодализм тұсында абсолютистік, клерикалды-феодалдық, милитаристік-полициялық немесе «білімді абсолютизм» тәртібі тән болды.

Қазіргі әлемде тоталитарлық, авторитарлық, авторитарлы-тоталитарлық, демократиялық, демократиялы-авторитарлық, либералдық, либералды-демократиялық, әскери-полициялық, фашистік немесе жартылай фашистік, нәсілшіл-ұлтшылдық, кейбір ислам елдерінде – клерикалды-фундаменталистік режимдер өмір сүруде1.

Саяси режимдердің типтерін тек үстемдік етуші таптардың, әлеуметтік жіктердің басқа таптармен, әлеуметтік жіктермен, топтармен нақты өзара байланысына қатысты анықтауға болады.

Мемлекеттік билік жүргізудің әдістері мен құралдар жиынтығының ерекшеліктеріне байланысты саясаттанулық әдебиеттерде әдетте, саяси режимдердің негізгі түрі ретінде: тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық режимдерді бөліп көрсетеді.

Саяси режимдерді тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық деп бөлудің негізіне өзара байланысты үш көрсеткіш алынған. Олар: қоғамдық-саяси күштердің қызметінің бостандық (бостандықсыз) деңгейлері, билікті атқару процесіндегі болуы мүмкін бассыздық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына мүмкіндік беру мен жүзеге асырудың көлемі; билік тармақтарының бір-бірінен және қоғамдық-саяси күштер мен институттардың мемлекеттен дербестігінің шамасы; билік өкілдігін (құқығын) бөлудің мөлшерлестігі мен билік аппараты жауапкершілігінің деңгейі.

Енді саяси режимнің тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық типтерін олардың ерекше белгілерін бөліп көрсете отырып, жеке-жеке қарастырамыз.