Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Философия / ФИЛОСОФИЯ / Қазақ философия туралы / Қазақстандағы бастауыш мектептердің қалыптасуы мен дамуы.rtf
Скачиваний:
17
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
397.82 Кб
Скачать

Семинарияға қабылдау талабы:

  1. 2 сыныптық қала, ауыл, т. б. мектебін бітіргендер;

  2. Правословия дініндегі талапкерлер;

  3. Оқуға түсу үшін емтихан тапсыру. 1.Жазбаша: Орыс тілінен (диктант немесе шығарма жазу); арифметикадан 2 есеп шығару.2.Ауызша: Құдай сөзі, ескілікті шіркеу тілі мен орыс тілі; геометрия; орыс тарихы; география; ән.

Оқылатын пәндер: Құдай сөзі, педагогика негіздері, орыс және шіркеу тілі, арифметика, геометрия және өлшеу, сызу, орыс тарихы, жалпы тарих, орыс географиясы, жалпы география, табиғат зерттеу, көркем жазу, ән. Тәрбиеленушілердің таңдауы бойынша: қолөнер, гимнастика. Басты міндет: теория мен практиканы байланыстыру. Басымдылық: педагогикалық практика.

Мамандық: 4 жылдық бастауыш мектеп мұғалімі.

Бастауыш мектеп мұғалімдерін даярлаудың қажеттілігі күннен күнге арта түсті. Қазақ балаларына орысша білім беріп, тәрбиелейтін орыс-қазақ мектептерінің қазақ сыныптарында оқу жұмысымен айналысатын мамандар даярлау мәселесі күн тәртібінен орын алды. Қазақ балаларына білім беруді ана тілінде ұйымдастыру үшін ең өзекті мәселенің бірі болып, қазақ тілін жетік білетін ұстаздар, мектеп мұғалімдеріне деген сұраныс арта түсті. Бұл қос тілді меңгерген бастауыш мектеп мұғалімінің қажеттілігін көрсетті. Ал орыс мектебінің мұғалімдері түгелдей, жергілікті қазақ тілімен таныс емес, олардың арасында Түркістан семинариясының түлектері аз болды және онда жергілікті тілді үйрететін сабақтар болмады. Осыған орай Түркістан мұғалімдік семинариясында қазақ тілін пән ретінде оқытуды енгізді.

Кесте -13.

Түркістан мұғалімдер семинариясы (оқу мерзімі 4 жыл)


Семинарияға қабылдау талабы

1. 2 сыныптық қала, ауыл, т.б. мектебін бітіргендер;

2. Оқуға түсу үшін емтихан тапсыру:

  • жазбаша орыс тілінен (диктант немесе шығарма жазу); арифметикадан 2 есеп шығару;

  • ауызша орыс тілі; геометрия; орыс тарихы; география; ән.

Оқылатын пәндер: Құдайға сиыну (шәкірттердің діни нанымына байланысты, христиан діні басымдық алды), педагогика, арифметика, орыс тілі, геометрия, алгебра, физика, жаратылыстану, тарих, жергілікті тіл (31.05.1872 ж. ережеге сєйкес), көркем жазу, сурет, ән, әуез, қол еңбегі, гимнастика, бау-бақша ісі.

Мамандық: 4 жылдық бастауыш мектеп мұғалімі. Тілмаш.

Жергілікті орыс мектептерінің орыс сыныптарында жұмыс жасайтын мұғалімдер 1879 жылы ашылған Түркістан мұғалімдік семинариясын бітіргендер еді. Бұл мұғалімдік семинарияның оқу бағдарламасындағы қамтылған пәндер; құдайға сыйыну, педагогика, арифметика, орыс тілі, геометрия, алгебра, физика, жаратылыстану, тарих, жергілікті тіл, көркем жазу мен сурет, ән, әуез, қол еңбегі, гимнастика, бау-бақша ісі, оқу курсы 4 жылдық. Осы Түркістан семинариясында (1879-1904жж аралығында) 415 шәкірт білім алып тәрбиеленген, оның 254-і ғана аяқтаған. Қабылданған 415 шәкірттің 384-і орыс (83.9 %); 54-і қазақ пен қырғыз (13.0 %); 9-ы өзбек (2.2 %); 3-татар (0.7 %); 1-түрікмен (0,2%) болған екен. Осылардың ішіндегі семинарияның толық курсын аяқтаған 254 бітірушінің 39-ын ғана жергілікті халықтың өкілі (11.4 %) қамтыды. Онда 1-өзбек, қалғандары қазақ және қырғыз, ал түркімен, татар, тәжіктер болмаған. Осы бітірген 39 адамның 1905 жылдың 1-қаңтарына дейінгі мәліметте тек 18-і ғана мұғалімдік қызмет атқарған, ал қалғандары түрлі мекемелерде хатшы, аудармашы немесе кіші қызметкерлік жұмыста болған.

Бұл оқу мекемесі облыстағы орыс-қазақ және ауылдық мектептер жоспарлап отырған даярлығы бар мұғалімдер санын нақ сол кезде бере алмады. Мұндай мектептерді қаржыландырудың құны: Мұғалімге: 200-ден 300-ге дейін рубль жалақы; Ғимарат (жертөле немесе киіз үй) –60 р.; Кітапқа -20 р.; Қозғалысқа -40 р.; Үй қызметшісіне -24 р.; Барлығы- 344-444 рубльді құрады. Бұдан басқа бір мезгілде мектептің мүліктеріне 25 р. бөлінді.

Ауыл мектептеріне мұғалімдерді орталық мектептегі тәрбиеленушілерден алды. Орталық мектептің меңгерушілері ай сайын ауылдық мектептерге барып, олардың қызметіндегі оқу-тәрбие жұмысының бағытын тексеріп тұрды. Кейде (жылына бір рет) ауыл мектебінің мұғалімдері оқытушылық ісін жетілдіруге, яғни мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын курста оқып үйрену үшін орталыққа баратын еді. Оқу-ағарту саласының басшылары ұйымдастырған бұндай курстың негізгі мақсаты ауыл мектептерінің мұғалімдерін үнемі бақылап отыру қажеттілігінен туындаған болатын және қалалық инспектордың тікелей басқаруы мүмкін болмаған жағдайға орай қалыптасты. Мұндай жүйелік құрылымды ұстап тұру үшін оқушылар мен мұғалімдерге әртүрлі мадақтаулар жасалып, қажетті жағдайда қаржымен толықтырылды.

Ал, мұсылмандық оқу жүйесіндегі бастауыш мектептердің мұғалім мамандарын даярлайтын арнайы оқу мекемесі - медресселерге тоқталайық. Медреселер орта және жоғарғы оқу орны болып табылады. Бұндай дәрежеге ие болуы елді мекендік жерлерге, (қала, ауыл, қышлақ) адам санына байланысты және ол оқу орнының қамқоршысының атақ даңқы мен тегіне, игерген ілімі мен біліміне, сол медреседегі дәріс беруші мұғалім, молдалардың да білім деңгейіне де байланысты болды. Мұндай типтегі оқу орны (христиандардың рухани семинарларын, буддистердің монастірлік жоғары мектептерін, еврейлердің ешиботылары сияқты) діни бастауыш мектептерді тамамдаған және мемлекет кеңселерінде немесе діни мешіт аппаратында қызмет істегісі келетін жастар оқитын, яғни абыздық мамандар даярлайтын мектеп-интернат.

Білім алғысы келгендер Самарқанға, Бұқараға және Орта Азияның т.б қалаларындағы көптеген мектептер мен медреселерге барып оқыды. Алайда сол оқуларға тек қана қаржысы барлары ғана бара алды. Мұсылмандық білім берудің басқа арнасы едәуір саналатын ауылдардың жазғы уақытша мектептерін ұйымдастыру болды. Ол мектептерде молдалар немесе Орта Азиялық және Жайық медреселерінің түлектері сабақ берді.

Кесте-14.

Медресе

(оқу мерзімі 7- 8 ж., 10-12 ж., ... ж.)

Оқу курсының деңгейі

Төменгі - Рушдия

Орта - Игдадия

Жоғары - Ғалия

Оқылатын пәндер: Қасиетті кітап Құран, мазмұнын түсіндіру, Шариат-ул-Имам (Ислам ережелері), араб филологиясы, мұсылмандық діни құқық, табиғат тану, араб және парсы филологиясы, астрономия (күнтізбе жазуға үйрену, жұлдыздардың орынның ауысуы арқылы болған түнде уақытты білу, жұлдыздардағы өзгеріс-терді байқау, айлық, жылдық мерзімдерге болжам жасау, ауа райын болжау, т.б.), география (мұраны бөлісуде жер өлшеу, салық көлемін анықтау, жер пайдалану, т.б.), арифметика (100, 1000, ... санау, 4 амалды орындау тәсілін үйрену, бөлшекпен есеп шығару), заң ғылымы (діни заң, сот ісін жүргізу). Медреседегі оқу 28 әріптен тұратын әліппені жаттау, құрастырылған сөз: әбджәд, хутти, қаламан, сагфас, қарашат, саххаз, зазана, т.б. жаттау.

Мамандық даярлау бағыты

  1. Діни бастауыш мектептің оқытушысы – дамолла (парсы т.);

  2. Діни сот қызметкері;

  3. Уағызшы, уағыздаушы – хатиб (араб т.).

  4. Тақпақшы, діни өлеңдерді орындаушы – мәншид (араб т.);

  5. Тілмаш (аударып жазушы) – мутәржем (араб т.);

  6. Тақпақшы (жыршы) – иншад (араб т.).

Мектептер мен медреселердің саны әр түрлі болды. Бір облыстарда олардың саны көп, ал басқа облыстарда аз болды. Медреселерде тек қана діни білім ғана емес, сонымен қатар дүниелік ғылым салаларынан да білім беріліп, математика да оқытылған. Мектептегі білім беру, оқыту жүйесі пән бойынша емес, оқу кітаптары бойынша жүргізілетін. Жекелеген шалғай өңірлерден келген шәкірттер медресенің жатақханасында тұрып оқыды. Олар онда араб филологиясы мен мұсылмандық діни құқықты, сондай-ақ, табиғаттану мен филологияға қатысты бірқатар пәндерді оқыды.

Ендігі кезекте медреселерді ұйымдастырудың педагогикалық құрылымы жөнінде әңгімелесек, оқу ғимараттары, шәкірттер, оқу ісінің ұйымдастырылуы, оқулықтар мен оқу әдістемеліктері. Оқу орындарындағы оқу жұмысын ұйымдастыру көбіне топтық сипатта болды және оқудың жылдық уақыты мен тәртібі белгілі бір уақыт болып анықталған жоқ. Оқу тәртібі көбіне қазақ халқының өмір салтына мүмкіндігінше жақын болды. Жыл мезгілдерімен байланыссыз жұмыс істеді. Қазақ оқу орындарында көбінесе 7-8-ден 16-17 жасқа дейінгі ұл балалар оқыды. Бұл ауылдық елді мекендерде орналасқан белгілі қазақ медреселері туралы. Ал қалаларда орналасқан медреселер қалалық оқу орнының үлгісі бойынша салынған, ғимараттары әжептеуір көрікті болды. Ондай медреселер Семейде, Петропавлда, Оралда, Көкшетауда, Түркістанда, Таразда, Шымкентте, Алматыда және т.б қалаларда болды. Оңтүстік қалаларда орта азиялықтардікіне, солтүстік және батыс қалаларында-татарлардікіне ұқсас болды.

ХІХ ғасырдың соңына қарай жәдидшілдік оқу жүйесі кең өріс алып «Ғалия», «Хусейния», «Мухаммедия» секілді медреселер жәдидшілдіктің ірі ошақтарына айналды. Жәдидтік қозғалыстың нәтижесінде жаңа заман талабына сәйкестендірілген медреселер ашылды. Жәдидшілер мұсылман дінін теріске шығарған жоқ, керісінше, «Құранды» әр ұлттың өз тіліне аударып, оның мағынасын түсінуге көп көңіл бөлді. Сөйтіп, оны жәдид мектептерінде негізгі пәндердің бірі ретінде оқытуды көздеді.

1917 жылдан кеңестік үкіметтің орнауы бастауышта берілетін білім мен тәрбие жұмыстарын жаңаша ұйымдастыруды және бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын оқу мекемелеріне жаңа құрылымдық жүйесінің пайда болуына ықпал етті. Сондай-ақ, мұғалімдерді қайта тәрбиелеп, кеңсе мектебін орнатушы белсенді қайраткерлер қатарына қосу ісі маңызды болды. 1918-1919 оқу жылында курста 40 оқушы (І курста 21, ІІ курста 19 ) білім алды, 18 бастауыш мектеп мұғалімі бітіріп шыққан. Сонымен бірге курстың жанынан қысқа мерзімді жазғы педагогикалық курс жұмыс істеді. Мұғалімдер семинариялары алты қалада (Алматы, Омбы, Ақмола, Семей, Орынбор, Орал) үш жылдық педагогика курстары болып қайта құрылды. Осы кезеңде Қазақ АССР Кеңестерінің 1 құрылтай съезі “Халық ағарту туралы ережелер” бекітті, онда кеңестік жаңа зиялы қауым кадрларын дайындау мәселесі де қойылды. 1920 жылдың 1- маусымынан бастап барлығы 1000 мұғалім даярлайтын 4 айлық курстар ашуды ұйғарды. Мұндай 4 айлық курстардың бағдарламалары мынандай пәндерді қамтыды: социализм тарихы, саяси экономика, Кеңес Конституциясымен байланысты мемлекет және құқық туралы ілім, ислам тарихы (түрік тайпаларының тарихы), география, орыс әдебиетінің тарихы, арифметика, жаратылыстану, ән үйрету, мектеп гигиенасы, сурет және мүсін салу, педагогикадағы жаңа ағымдар, еңбек мектебінің принциптері, балалар әдебиеті, ана тілінің әдістемесі, арифметиканы, географияны, тарихты, жаратылыстануды оқу, еңбекке үйрету әдістері, ауыл шаруашылығы, қол еңбегі. Бірақ білімді оқытушылардың болмауынан көп пәндерден сабақ өткізілмеді.

Мектепке дейінгі тәрбие орындары мен бастауыш (жеті жылдық) мектепке керекті педагог кадрлар даярлау үшін Ташкентте қазақ педагогика училищесі ашылды. Бұл училищеде оқу мерзімі бастауыш мектептің жоғары сыныптарының болашақ мұғалімдері үшін үш жыл, бастауыш мектептің төменгі үш сыныбының мұғалімдері мен мектепке дейінгі тәрбие орындарының басшылары үшін екі жыл болды. Оқуға кемінде орта білімі бар еркек-әйелдер толық құқылы болып қабылданды.

Осы жылдары екі жылдық педагогикалық курстар ашылды, ал оның бағдарламасына енген пәндер:1.Арифметика. 2.Геометрия. 3.Гигиена. 4. Ислам тарихы: Мұхамедтен түріктердің арабтарды жаулап алуына дейінгі кезең. 5. Дін ілімі. Исламның философиясы мен негіздері. Исламды басқа діндермен салыстыру. 6.Педагогика. Тән және жан (рухани) тәрбиесі. Дидактика. 7. Қазақ тілі. Қазақ тілінің этимологиясы мен синтаксисі. (Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері бойынша). 8.Қазақ тарихы. (Шәкәрім Құдайбердиев еңбектері негізінде). 9. Физика. 11. Анатомия. 12. Зоология.14. Орыс тілі.15.География. 16. Әлем тарихы. Аталған пәндерден басқа кәсіпқой емес, мұғалімдер ән-күй, гимнастика, қол еңбегінен сабақ берген. Мұндай оқу бағдарламаларды Педагогикалық Кеңес төрағасы бекітіп отырды.

Қазақ АССР үкіметі мұғалімдерді қайта даярлауды күшейтті. Халық ағарту институттары мен педагогтар даярлайтын орта–дәрежелі педагогикалық техникумдар ашылды. Техникумның оқу мерзімі 5 жылға созылды. Мамандар дайындаудың бағыты:1. І-ІІ басқыш мектептер үшін мұғалімдер даярлау; 2. Мектепке дейінгі оқыту жұмысы; 3. Мектептен тыс оқыту қызметкерлерін дайындау; 4. Мектептен оқу жүйесіне инструкторлар дайындау. Әр аймақтағы елдің сауатын ашып, оқуға, білімге жетелейтін, мектептерге мұғалім кадрларын дайындайтын оқу орны осы педтехникумдар болды. Мұнда: студенттерге орындар ояздар аралығында бөлінді; техникумның негізгі сыныбына 15-20 жасқа дейінгілер, дайындық бөліміне 13 жастан жоғары және 20 жасқа дейінгілер қабылданды; техникумның бірінші негізі сыныбына мектеп көлемінде білімі бар немесе 5-7 сыныптық білімі барлар қабылданды. Оқу мерзімі 200 күн болды. Зерттеліп келтірілген деректерге қарағанда, кеңес үкіметінің алғашқы күндеріндегі халық ағарту саласында мұғалім мамандарының жетіспеуі де ерекше орын алғанын байқаймыз. Сондай-ақ, сол кезде мұғалім мамандарын даярлау екі сатымен жүргізілгенін сонда да болса, қазақ өлкесіндегі оқу ағарту саласы мен мектептерді толық қамти алмағанына көз жеткіземіз.

1930-1932 жылдар аралығында жоғары дәрежелі білімді 445 мұғалім, оның /65-і қазақ/ және 1069 орта дәрежелі білімді мұғалім /770-і қазақ/ даярланды, педагогикалық техникумдардағы оқу мерзімі қысқартылып, мұғалімдерді тездеп даярлау бағыты іске асырылды. Басқа салаларда жүрген мұғалімдік білімі бар адамдар мектепке қайтарылды.

Бұған дейін де, кейін де бастауыш мектептер жоқшылықтан қол үзіп кете қоймады. Қиыншылықтар мен кемшіліктер жаппай бастауыш білім беру ісінің жүзеге асырылуын еш жоққа шығара алмайды. Дегенмен, қазақ зиялылары құрған қазақ ұлттық бастауыш мектебінің ыдырауына алып келді, мектептегі жазу-оқу жұмыстары латын таңбасына ауыстырылды, әрі өкімет тарапынан жасалған қазақ ұлты үшін тағы бір кедергі - рухани байлықтан арылу кезеңі еді.

Қорытынды

1. Зерттеу аумағына енген кезеңдердегі қоғамдық формацияның түрлену үдерісінде білім берудің басымдылығы, әр типтергі бастауыш мектептердің қалыптасуы мен дамуына ықпал жасаған алғы шарттарды анықтау талабы туындайды. Осы негізден патышалық Ресей үкіметінің орыстандыру саясаты аясында келімсектердің қазақ даласына келуі мен орыстық ықпалдың күшейуі. Қазақ даласын бір орталықтан басқару және Қазақстанды шикі зат беретін экономикалық аймаққа айналдыру. Орыс келімсектерінің әсерінен Қазақстанда христиандық діни дүниетанымның әлекметтік ортада күшейуі, «шоқындыру» және орыстық білім, тәрбие беру жүйесінің қалыптасуы мен қоғамдық өмірге әскери, заңдық ережелердің ендірілуінің айқындалуы бастауыш білім мен әр түрлі типтегі мектептердің қалыптасуы мен дамуының мазмұнына ықпал жасаған алғы шарттар екендігі айқындалды.

2.Қазақстанда белгілі әр типтегі бастауыш мектептер пайда болып, әрі жетілдіріліп отырылды. Оған мысал: 1861-1930 жылдар аралығындағы ескі оқу жүйесіндегі мұсылмандық (кадими) бастауыш мектеп, отаршылдық саясат мүддесіндегі орыс, орыс-қазақ (орыс-түзем), т.б. жаңа оқу жүйесіндегі мұсылмандық (жадидтік), қазақ ұлттық бастауыш мектебі (1915ж.) және кеңестік жүйедегі бастауыш мектеп. Осындай қалыптасып бірте-бірте дамып отырған бастауыш мектептердің болғандығы біздің халқымыздың білім алу деңгейі тарихта белгіленіп келген, қате тұжырымдалған «Сауатсыздықтың» (2 %) ақиқаттан қашық екені дәлелденеді.

3. Зерттеліп отырған тарихи кезеңді үш мерзімге бөліп (1861-1890 ж.ж.; 1891-1916ж.ж.; 1917-1930ж.ж.), ондағы бастауыш мектептердің даму тарихындағы, олардың типтері әрі өзіндік сипаты, мұғалім даярлаудың тарихы мен дамуы, білім берудегі оқу бағдарламаларын жетілдірілу сипаты, олардың негізінде пайда болған оқулықтар және оқу құралдары, білім мазмұны, оқу-тәрбие жұмыстарының ана тілінде ұйымдастырылуының кезеңдік ұласымы айқындалды.

4. Қазақстандағы бастауыш мектептердің қалыптасуы мен дамуы (1861-1930ж.ж.) жолындағы білім беру мазмұнын анықтауға негізделген оқу жоспары мен оқу бағдарламалар жүйесінің әр түрлі типтегі бастауыш мектептерде жасалу және қолдану барысында педагогикалық көкейкесті мәселелерді шешудегі атқарған қызметі мен ролін анықтап бердік.

5.Бастауыш мектептердегі білім мен тәрбие берудің негізгі құралы, тіл мәселесінің, яғни, оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында ұлттық ана тілді қолдану арқылы сауат ашу жұмыстары мен ғылыми негіздегі білім беруді ұйымдастыру, оқулық, оқу құралдар, хрестоматия мен оқу кітаптарын баланың ана тілінде жазып шығару, жазу таңбаларының түрлері және қолданыста болған кездегі тиімділігі, бастауыш мектептердегі атқарылатын жұмыстардың өзіндік ерекшеліктеріне мән беріле сипатталып, талдау жасалды.

6.Зерттеу жұмысымыздың қамту аймағына енген (1861-1930ж.ж.) Қазақстанда әр типтегі бастауыш мектептердің пайда болып қалыптасуы мен дамуын педагогикалық тарихи мұрасынан негіздеуде «Қазақстандағы бастауыш мектептердің даму тарихы» атты арнайы курсты ендіру мен ондағы педагогикалық тұжырымдардың пайда болып, мектеп тәжірибесіне қолдану жөніндегі мәселелердің терең және ақиқаттық білім тұрғыдан түсінуге мүмкіндік алуына жасалған іс- шара ретінде анықталды.

7.Зерттеу жұмысымыздың қамту аумағына кіретін мәселелерді ғылыми педагогикалық негізге қарай келе қоғамдық құрылыстың алмасып, өзгеруіне байланысты даму заңдылығын анықтап, мектептердегі берілетін бастауыш білім мен тәрбие жұмыстарын жүргізу барысы қоғамдық құрылыстың жаңару сипатындағы талаптарына орай жаңа бағыттық тұрғыдан жүргізілгендігі анықталды. Сонымен бірге, тарихи мұра тәжірибесіне сүйене отырп бүгінгі бастауыш білім беруді жетілдірудің жаңа бағыттрын анықтауға және болжауға мүмкіндіктер жасалды. Онда, бастауыш білім беудің мазмұнына тілдерді (қазақ, орыс, ағылшын) және информатиканы (компютерлік сауттылық) оқытуды ендіру қажеттілігін басшылыққа ала отырып оқу жоспарының жобасы берілді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау, мемлекетіміз бен көпшілік қоғамның алдында тұрған міндеттері бастауыш білім беретін мектептердің заман талаптарына сай құрылуы жөніндегі педагогикалық ой-пікірлердің дамуына және өткеннің тарихи педагогикалық мұрасына оң баға беріп зерттеу жұмыстарын жүргізуді талап ететіні анық дәлелденді. Яғни, бастауыш мектеп педагогикасы жайлы ой-пікірлердің дамуын зерттеу жұмыстарының осы ауқыммен шектелмейтінін көрсетеді т.б.

8. Қазақстанда білім беруді жүзеге асыруда қарастырылып отырған тарихи мерзімдегі бастауыш мектептің даму тарихы көкейтесті мәселе екендігі, педагогика тарихы ғылымында бұрын-соңды зерттелмеген қазақ бастауыш мектебінің қалыптасып дамуын қамтуы, осы материалдардың негізінде қамтылған, мүмкіндігінше ақиқатқа жуықталып, әдіснамалық ғылыми-зерттеу принциптерінің негізінде жүйеге келтірілуі арқылы ғылыми жаңалығы дәлелденіп, педагогикалық мамандарға жоғары білім беру ісінде оның тәжірибелік орнының дұрыс екендігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, докторлық диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі қазақ мектебінің, оның ішінде бастауыш білім беру сатысындағы мектептердің өрісіне ықпал ету ауқымын кеңейтуде ой түйіндеу нәтижесінде төмендегідей ұсыныстар беріледі:

1.Қазақстандағы бастауыш мектептердің даму тарихын 050102- «Бастауышта оқытудың пеагогикасы және әдістемесі» мамандығының оқу жоспарына арнайы курс ретінде оқытылуы тиімді деп санаймыз.

2.Бастауыш сынып мұалімдерінің білім, біліктігін жетілдірудегі облыстық, қалалық институттарда бастауыш білім берудің тәжірибесі, тарихы және теориясының қалыптасуы жөнінде арнайы дәрістермен семинарлар өткізуге болады.

3.Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасындағы үздіксіз білім беру жүйесіне енетін бастауыш білім беретін мектептердің оқу-тәрбие жұмысын жетілдіру мен жаңашылдық тұрғыдан заман талабына сай ұйымдастыра білу үшін, бастауыштың тарихи мұрасындағы тәжірибелерді ескеру мен негізге алу – оқытудағы әдіс-тәсілдерді пайдаланудың оң нәтижесіне қол жеткізуге мүмкіндік жасайды.

4.Бастауыш білім беретін мектептерде оқу-тәрбие барысын ана тілде ұйымдастырып, қосымша шет тілдерін меңгерту үдерісіне осы тарихи мұрадағы бастауыш білім берудің тәжірибесін ескеру дұрыс болар еді.

5.Өткен тарихи мұрадағы бастауыш мектеп оқушыларына тәрбие беру ісінің алдыңғы қатарлы тәжірибесін басшылыққа ала отырып, бастауыш білім беретін мектепке түрлендіре, жаңа талапқа сай қолдану Қазақстан халқы құрайтын көп ұлттар мен ұлыс өкілдерін қазақстандық патриотизмге, ел жандылыққа және қоғамдық сананың берік қалыптасуына үлкен себепкер болады.

6.Бүгінгі күндегі бастауыш білім беретін мектептердің оқу құралдары мен мектеп қажеттіліктерін толықтыру, жаңа талапқа сай жасау барысында бұрынғы бастауыш мектептердің алдыңғы қатарлы тәжірибесін ескеруді қажетсінеді және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік жасайды.

7.Болашақ бастауыш сынып мұғалімі мамандарын даярлауда өткеннің тарихи мұрасы болып табылатын бастауыш сынып мұғалімін даярлау ісінің тарихи тәжірибесінің даму жағдайымен санасу, бүгінгі күннің мұқтаждық сұранысын нақ танып, білуге мүмкіндік береді.

Біздің зерттеуімізде Қазақстан жеріндегі бастауыш білім беру мен оның ошақтары жөніндегі тарихи-педагогикалық деректер толығымен анықталды, жүйеге келтірілді деген ойдан аулақпыз. Тек, зерттеу аумағына енген кезеңдерге қатысты тарихи мұраларды мүмкіндігінше жиыстырып, оған жан-жақты талдаулар жасадық. Болашақта әр типтегі бастауыш мектептердің білім беру мазмұнын, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастаырудағы оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының дамуын, қолданыста болған оқу құралдары мен оқулықтарының жүйесін, бастауыштағы білім беру бағыттарының қалыптасу тарихын және т.б. өз алдына жеке дербес өзекті мәселе ретінде зерттеуді қажет етеді.