Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65.62 Mб
Скачать

4.2 Эфир майлы дақылдар (жалпы сипаттамасы)

Эфир майлы өсімдіктерді ароматты зат – эфир майларын алу үшін өсіреді. Оларды негізінен парфюмерия-косметика, тамақ және дәрі дәрмек өндірістерінде қолданады.

Эфир майларын өсімдіктер шикізатынан гидродистилляциялау жолымен немесе ерітінділерімен экстракциялау арқылы алады. Эфир майлы өсімдіктер эфир майлары өндірісінде табиғи шикізат болып саналады.

Эфир майлы өсімдіктер жер шарының барлық егіншілікпен айналысатын аймақтарында өсіріледі. Әлемде жылына 20-25 мың тонна эфир майлары өндіріледі. Олардың басым бөлігі – 26-28% - Солтүстік Америка мен Азия елдерінің үлесіне тиеді, ал Европа мемлекеттерінде -20% және Оңтүстік Америкада – 14%-ға жуығы өсіріледі. Европа континентіндегі эфир майлы өндірістің ең дамыған елдеріне ТМД мемлекеттері, Болгария, Франция, Испания және Италия жатады.

Адамзат эфир майлы өсімдіктерді ертеден пайдаланған. Біздің эрамызға дейін 4 мың жыл бұрын мысырлықтар өздерінің қажетіне хош иісті өсімдіктерді қолданған. Индия, Египет және басқа ертеде өркениеті дамыған орталықтардың эфир май өндірісі жер шарының басқа елдеріне кеңінен тараған.

ТМД елдерінде әлемдегі барлық эфир өндірісінің 4%-дан астамы және дүниежүзіндегі кориандр майының 90% өндіріледі.

Әдебиет көздерінің деректері бойынша, әлемнің эфирлі табиғи флорасында 3000 таяу түрлері тіркелген, оның ішінде 1054 түрі ТМД мемлекеттері үлесіне тиеді, атап айтқанда Кавказда 491 түр, ал Қазақстанда 449 түрі кездеседі. ТМД мемлекеттерінде мәдениленген эфир майлы өсімдіктердің 30-ға таяу түрлері бар.

Эфир майларына ең бай өсімдіктерге ерінгүлділер, балдыркөктер, астра, шатырша тұқымдастары кіреді және олардың эфир майлы өсімдіктер арасындағы үлесі 50%-дан асады.

Эфир майлы өсімдіктердің химиялық құрамы күрделі және тұрақты емес. Оның құрамындағы компоненттер қатынасы, олардың сақталуы немесе сақталмауы көптеген факторларға - өсімдіктің табиғатына (түр, сорт), өсірілген жеріне, климат жағдайына, жинау мерзіміне және т.б. – байланысты өзгереді.

Өсімдіктердің барлық бөлігінде бірдей эфир майлары болмайды. Мысалы, кориандр өсімдігінде эфир майы гүлінде, жемісінде, сабағында, жапырағында және тамырында түзілсе, осы тұқымдастыққа жататын кароподиумда тек қана жемісінде жиналады. Бір өсімдік деңгейінде әртүрлі органдарына жиналған эфир майларының құрамы да әртүрлі болады.

Өсімдіктердің әртүрлі органдарынан эфир майын алудың технологиялық үдерісінің өздеріне тән ерекшеліктері бар, сондықтан эфир майлы шикізат әртүрлі топтарға жатқызылады. Олар тұқым, шөп, гүл және тамыр шикізаттары болып бөлінеді.

Тұқымдылар тобына шатырша тұқымдастығына жататын өсімдіктер кіреді, олардың піскен тұқымдары маңызды эфир майын алатын көздерге жатады, өндірістік маңызы бар өкілдері – кориандр, анис, зере, тмин және фенхель.

Шөптесін эфир майы шикізатын беретін өсімдіктерге және эфир майларын жер бетіндегі органдарында, негізінен жапырақтарында, жинаушылар қатарына ерінгүлділер тұқымдастығы жатады. Оған жалбыз (мята), басқа тұқымдастардан осы топқа герань, эвкалипт және т.б. кіреді. Гүлді топтар құрамына эфир майы гүлдің желек және тостаған жапырақшаларында, көбінесе гүл шоғырында болады (раушангүл, мускатты шалфей т.б.)

Тамырдан алынатын эфир майлы шикізат беретін өсімдіктерге, яғни майы тамырында жиналатындарға: ирис, аир және т.б. жатады.

Шетелдерге эфир майлы шикізатты ағаш түрлерінен алады. Олардан майды ағашты өңдеу жолымен өндіреді.

Республикада және ТМД елдерінде егіс көлемі және өндірілген эфир майының мөлшеріне қарай жетекші орынды кориандр, бұрышты жалбыз, мускатты шатыраш (шалфей), анис, тмин және фенхель иеленеді.

Еліміздегі аталған дақылдардан өндірілген эфир майларын негізгі тұтынушы парфюмериялық және косметикалық өнеркәсіптер. Сонымен қатар, эфир майларын тамақ өнеркәсібінде, кондитер бұйымдарын дайындауда, алкогольсіз сусындар, балық, көкөніс консервілерін, арақ- шарап жасауда пайдаланады. Кейбір эфир майлары медицинада және ветеринарияда қолданылады. Көптеген эфир майлы дақылдар тұқымдары мен жемістерінде эфир майымен бірге басқа майдың болуы оларды техникалық мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік жасайды. Майы сығылғаннан кейінгі қалған қалдық-күнжарасы – жануарлар мен құстарға бағалы мал азығы.

Шатырша және ерінгүлді тұқымдастардың барлық өсімдіктері-бал жинаушы дақылдар.

КОРИАНДР

Халық шаруашылығындағы маңызы. Криандр тұқымында негізінен парфюмерия өндірісінде пайдаланылатын эфир майы (0,5-тен 1,5% дейін) болады. Ол жұпар иісті парфюмерлік заттар дайындауға қажет. Кориандр тұқымындағы эфир майынан басқа, 18-22% өсімдік майы өндіріледі (сұйық май), оны және полиграфия өнеркәсібінде пайдаланады. Тұқымы нан және тоқаш дайындауда қолданылады.

Кориандр жемісінен эфир майын алғаннан және сұйық майды экстракциялағаннан кейінгі қалдық-күнжаралар – малға жақсы құрама жем. Оның 1 кг күнжарасы 0,69 мал азықтық өлшеммен бағаланады.

Кориандр күнжарасында 6%-дан жоғары өсімдік майы 16% - шикі клетчатка, шикі протеин 31% дейін, эфир майы – 0,018% жуық, сонымен қатар белогінің 80% ерімейтін фракциядан тұрады. Кориандр күндарасы сауын сиырға, шошқаға, қойға және құстарға бағалы мал азығы болып есептелінеді.

Кориандр – жақсы бал әкелетін өсімдік. Дақылдың негізгі егістігі Ресей және Украинада орналасқан. Кориандрдың тұқым өнімі 10-12 ц/га.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Кориандр (Coriandrum sativum L.) – балдыркөктер тұқымдасына (Apiaceae) жататын біржылдық шөптесін өсімдік. Ол кіндік тамырлы, сабағы жоғарғы жағынан бұтақтанады, биіктігі 50-100 см. Жапырақтары кезектесіп орналасады, төменгілері – ұзын сағақты, қауырсынды, ортаңғылары – қосарланған қауырсынды, жоғарғылары-ұзын таспа тіліктерге қатты тілінген. Гүл шоғыры – күрделі шатыршагүл. Гүлдері – ұсақ, ақ, ақшыл қызыл, сары, бестік түрде. Төмен түйінді, екі ұялы. Жәндіктермен айқас тозаңданады. Жемісі – дөңгелек немесе шар тәрізді, сары қоңыр немесе қоңыр түсті, қос тұқымша. 1000 тұқымның массасы 7-10 г. Піскен жемістер оңай үзіліп түседі. Жемістерінің піскен кездері жағымды иісі мен тәтті дәмімен ерекшеленеді (Сурет 41.).

Кориандрдың биологиялық ерекшеліктеріне басқа көптеген шатырша гүлділерге тән - өсіп-дамуының бастапқы кезеңдерінің ұзақтығы: себу көктеу кезеңінің ұзақтығы -15-23, ал көктеуден – сабақ түзуге дейін-40-46 тәулікті құрайды. Ол жылуға қатаң талаптар қоймайды, оның өсіп-жетілуіне белсенді температура жиынтығы – 1900ºC болса жеткілікті. Кориандрдың тұқымы топырақтың 0-5 см қабаты 6-8 ºC жылынған кезде өне бастайды, бірақ мұндай температурада өсімдік көгі себілгеннен кейін 20-25 күннен соң пайда болады. Өсімдік көгі 7-8 ºC үсікті көтереді.

Жылудың барынша қажетсінетін кезеңі – гүлдену және тұқымның пісуі. Кориандр өсіп- жетілуінің басында ылғалды шамалы пайдаланады, бірақ вегетативтік массасының қарқынды өсуі мен гүлдену кезеңдерінде ылғалды қажет етуі күрт өседі.Қоректік заттарды ең көп сіңіруі толық гүлдену кезеңінде, сондықтан топырақтағы қоректік заттар мен ылғал бұл кезеңде жетіспесе өнім төмендейді.

Кориандрға ең жақсы терең қарашірінді қабатты қара топырақтар. Оған ауырсазды және батпақтанған топырақтар жарамсыз.

Сурет 41. Кориандр

Өсіп-жетілуінің алғашқы кезеңінде кориандр баяу өседі және арамшөптерден көп зардап шегеді. Оның гүлденуі мен пісуі біркелкі емес. Өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 90-110 күн. Кориандрдың өсіруге рұқсат етілген және кең таралған сорттары - Смена, Луч, Янтарь Ранний.

Өсіру технологиясы. Кориандрдың өте жақсы алғы дақылдары көң енгізілген екпе сүрі танабына орналасқан күздік астықтар, отамалы және дәндібұршақ дақылдары.Кориандр тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді. Органикалық тыңайтқыштарды алғы егісіне, ал минералдықтар- дақылдардың өзіне тікелей беріледі. 1 гектардан 15-18 ц тұқым өнімін алуға тұқым себу алдында топыраққа 45-60 кг-нан азот, фосфор және калий енгізеді. Тұқыммен бірге түйіршіктелген суперфосфатты (1гектарға 10 кг Р2О5) қатарға себу тиімді. Кориандр өсімдігін 4-5 жапырақ кезеңінде гектарына 20кг әсер етуші зат есебінде азот және фосфор тыңайтқыштарымен үстеп қоректендіреді.

Топырақты өңдеу шараларында 22-25 см тереңдікке сүдігер жырту (дәнді дақылдардан кейін кориандрды орналастырғанда алдын ала сыдыра жыртқыштармен өңдегеннен кейін), ерте көктемгі тырмалау және тұқым себу алдындағы қопсыту тырмалаумен бірге жүргізіледі.

Себуге ірі, біркелкі тұқымдар пайдаланылады. Тұқымды 3-4 күн жылы ауада қыздыру жақсы әсер етеді. Себу алдында тұқымды 80%-дық ТМТД (1ц тұқымға 400г) препараттарымен дәрілейді.

Кориандрды ерте көктемде, далалық жұмыстардың алғашқы күндерінде жаппай қатардағы немесе қатараралықтары 45 см кең қатарлы тәсілмен себеді.

Тұқым себу мөлшері гектарына жаппай қатардағы егісте 20-22, кең қатарлыда 13-15 кг/га. Себу тереңдігі 2-3 см.

Жаппай қатардағы егісте өсімдік көктері шықпай тұрып, топырақ бетіндегі қабыршақтарды ротациялық шабықтауышпен жояды, ал кең қатарлыда- одан басқа , қатараралықтарды 2-3 рет қопсытады.

Кориандр жемістері біркелкі піспейді, алдымен жемістер орталық шатыршада, сонан соң бүйір шатыршаларда піседі. Жемістер көп тұрып қалса, оңай шашылып қалады. Кориандрды шатыршалардың 75% қоңырланғанда комбайнмен жинайды.

АНИС

Халық шаруашылығындағы маңызы. Анис жемістерінде тағамға, парфюмерияда, фармацевтикада және өндірістің басқа да салаларында пайдаланылатын эфир майы (2,5-4%) жинақталады. Сонымен қатар, оның жемісінде негізінен сабын қайнатуда қолданылатын техникалық май 22% -ға дейін болады, оның 80-90% қатты анетолдан және сұйық метилхавиколдан тұрады.

Анис күнжарасы – құнды құрама жем. Оның 100 кг күнжарасында 85 мал азықтық өлшем бар.

Эфир майын алынғаннан кейінгі анис күнжарасында 19% дейін протеин және 22% май болады. Күнжара бағалы мал азығы, егер онымен сауын сиырларды азықтандырса сүттілігі және майлылығы жоғарылайды.

Анистің отаны Кіші Азия. Ол ТМД елдері бойынша Ресейдің кейбір облыстары мен Украинаның орманды–далалық бөлігінде аздап өсіріледі.

Анистің тұқым өнімділігі – гектарына 6-8 ц/га.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Анис (Pimpinella anisum L.) – Балдыркөктер тұқымдасының (Apiaceae) біржылдық өсімдігі. Дақыл – кіндік тамырлы, жақсы жетілген. Сабағы тік өседі, жоғары жағында тармақталған, биіктігі 40-60 см. Жапырақтары кезектесіп орналасқан, төменгілері – ұзынсағақты, домалақ, немесе бүйрек тәрізді; ортасындағылары қысқасағақты, ұшсалалы жапырақ; жоғарғылары сағақсыз, таспа бөліктерге бөлінген. Гүлшоғыры – күрделі шатыршагүл. Гүлдері – ақ. Жемістері жұмыртқа немесе алмұрт пішінді, екі тұқымды – жарылмайтын жасылша-сұр жемісшелерден тұрады. Жемістері жабысқан қысқа қылшалармен жабылған, эфир каналшалары орналасқан ұзына бойы қабырғалары бар. Дәмі – тәттілеу, татымды. 1000 тұқымның массасы 3,5-4 г.

Анис өсу ортасына көктегеннен – бұтақтану кезеңіне дейін қатаң талаптар қояды. Көгі шыққаннан кейін 40-50 күннен соң гүлдейді, гүлдегеннен жемісінің пісуіне 50-60 тәулік қажет.

Өсіп-даму кезеңінің ұзақтығы 120 күнге созылады, белсенді температура жиынтығы – 2200°C құрайды. Анистің өсіп-жетілуіне оңтайлы жағдай қоңыржай ылғалды топырақта қалыптасады. Анис жылу мен ылғалға салыстырмалы талапты. Оның тұқымы 6-8°C өніп-өсе бастайды. Өсіп өнуіне оңтайлы температура 22-25°C Көктері 4-6°C дейінгі қысқа мерзімді үсікті көтереді. Өсімдіктің жылуды көп мөлшерде қажетсінуі гүлденудің басынан тұқымның пісуіне дейінгі аралық.

Тұқымның бөртуі үшін массасының 120% ылғал қажет. Ылғалды барынша көп қажетсінуі гүлдену мен тұқым түзу кезеңдерінде байқалады. Топыраққа анис жоғары талап қояды. Ол үшін ең жақсы топырақ – құнарлы қара топырақ.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары – Алексеевский 38, Алексеевский 334, Местный.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егісте анисті күздіктер мен отамалы дақылдардан кейін орналастырады. Ол тыңайтқышты қажетсінеді. Негізгі тыңайтқыш ретінде гектарына 45-60 кг-нан (ә.е.з. мөлшерінде) толық минералдық тыңайтқыштар (NPK) енгізіледі. Себуде түйіршіктелген суперфосфат, ал жертаған жапырақ пайда болғанда өсімдікті гектарына 15-20 кг әсер ететін зат есебімен азот- фосфор тыңайтқыштарымен үстеп қоректендіреді.

Анис топырағын өңдеу кориандрға ұқсас. Тұқымды себу алдында жылы ауамен өңдейді. Себуді, егер танап арамшөптерден таза болса, ерте жаздық астықтармен бір мерзімде кәдімгі жаппай қатардағы тәсілмен жүргізеді.

Арамшөптермен ластанған топырақтарда кең қатарлы тәсіл (45 см) жақсы нәтиже береді. Тұқымның себу мөлшері 1 гектарға – кәдімгі жаппай қатардағы егісте – 20, кең қатарлыда 12-14 кг. Себу тереңдігі 2-3 см. Сеуіп болғаннан кейін топырақты таптауышпен тығыздайды. Кең қатарлы егісті кемінде үш рет қопсытады: біріншісі – көктеу кезеңінде, келесілерін – арамшөптердің пайда болуына қарай және қатараралықтар қабыршақтанғанда.

Анисті бір немесе екі кезеңді тәсілмен орталық шатыршагүлдегі жемістер пісуінің басында немесе шатыршагүлдің 60% піскенде жинайды.

ЗЕРЕ – ТМИН

Халықшаруашылығындағы маңызы. Зере жемістерінде кондитер өндірісінде, медицинада, парфюмерияда, ликер мен арақ дайындауда пайдаланылатын 4-7% эфир майы болады. Алынатын тмин майының негізгі құрам бөлігі карвоннан (50-65%) және 35% дейін лимоненнен тұрады.

Эфир майынан бөлек тмин жемісінен 22% дейін сұйық май (өсімдік майы) алынады және оны техникалық мақсаттарда пайдаланады.

Тминнің бағалы түрлері Ресейдің, Беларуссияның және Кавказдың ылғалды шалғынды жерлерінде кездеседі, ал мәдени тмин ТМД елдері арасында Батыс Украинада себіледі. Орташа өнімі гектарына 8-10 ц құрайды.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Зере (Carum carvi) – Балдыркөктер тұқымдасына (Apiaceae) жататын екіжылдық өсімдік.

Тіршілігінің бірінші жылында қуатты кіндік тамыры мен жатаған жапырақтар пайда болады, ал екінші жылы жеміс береді. Сабағы – тік өседі, биіктігі 50-70 см, ортасы қуыс, бұтақты. Жапырағы – кезекті, үштік қауырсынды, тілікті. Гүл шоғыры – күрделі шатыршагүл. Гүлдері –ақ, ұзын гүлсағақты. Жемісі – біртұқымды, екі жемісшеден тұрады, әрқайсысының үстіне он ұзына бойы қабырғашалар болады.Онда эфир майы бар арықшалар орналасқан. 1000 тұқымның массасы 2,3-2,5 г.

Дақыл жылуды онша қажет ете қоймайды, жеткілікті ылғалды құнарлы топырақтарда жақсы өседі. Өсіруге рұқсат етілген сорттары – Хмельницкий, Подольский 9.

Өсіру технологиясы. Зеренің жақсы алғы дақылдары – көң енгізілген сүрі танабынан кейінгі күздік астықтар және дәндібұршақ дақылдары. Зеренің тыңайтқыштары мен топырағын өңдеу аниске ұқсас.

Дақыл тұқымын ерте көктемде, қатараралықтары 45 см болатын кең қатарлы тәсілмен себеді. 1 гектарға тұқым себу мөлшері 10-12 кг. Тұқым себу тереңдігі 2см.

Зерені күтіп-баптау жұмыстары топырақ қабыршақтары мен арамшөптерді жою үшін қатараралықтарды қопсытулардан тұрады. Тіршілігінің бірінші жылында, бұлардан басқа үсікке ұрынбас үшін өсімдік түбін жеңілдетіп көмеді, ал екінші жылы- ерте көктемде қатарға көлденең тырмалау жүргізіледі.

Зерені шатыршагүлдегі жемістердің 60% қоңырланғанда кәдімгі астық комбайнымен тікелей орып бастырады.

ЖАЛБЫЗ – МЯТА

Халық шаруашылығындағы маңызы. Жалбызды – 1,5-5,3% эфир майы болатын жапырағын алу үшін өсіреді. Сонымен қатар жалбыздың барлық жер үсті органдарында эфир майы болады: құрғақ жапырақтарында 2,40-2,75%, гүл шоғырында 4-6%, сабағында 0,3% дейін. Гүлдену кезеңінде өсімдік құрамындағы эфир майының үлесі артады.

Жалбыз майының негізгі құрам бөлігі ментолдан тұрады және оның мөлшері сортына байланысты 54-57% аралығында ауытқиды. Гүлдену кезеңінен кейін жиналған жалбыз құрамында ментол үлесі артып, жалбыз майына сүйкімді хош иіс береді.

Жалбыз майын медицинада, парфюмерия, кондитерлік және ликер-арақ өндірісінде қолданады.

Жалбызды негізінен ТМД елдерінде – Украина, Молдавия және Ресейде өсіреді. Оның құрғақ жапырақ өнімі гектарына, бірінші жылы-8-10, ал екінші жылы – 20ц дейін.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. Ерінгүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін, қоңыржай климаттың ылғал сүйгіш өсімдігі. Жалбыздың (Mentha) бірнеше мәдени түрлері бар: бұрышты (M. Pipera L.), жапондық (M. Japonica L.) және бұйра (M. Crispa) жалбыз. ТМД-да көбіне егілетіні бұрышты жалбыз. Бұрышты жалбыз – Тауқалақай тұқымдасына (Lamiaceae) жататын көпжылдық тамырсабақты өсімдік. Бұрышты жалбыздың екі негізгі формасы кездеседі-қара және ақ. Өндірісте қара формасы қолданылады. Жалбыз тамырсабағы топырақтың терең қабатында жатады. Сабақтары тік өседі, бұтақтанады, биіктігі 80 см жетеді. Жапырақтары – қарама-қарсы орналасқан, жиегі өткір ара тісті, сопақ қандауыр пішінді. Жапырақ жүйкелерін бойлай эфир майын түзетін көп мөлшерде бездер орналасқан. Гүлдерінің көп бөлігі аналық, ұсақ, қызғылттау бос масақ тәрізді гүл шоғырына топталып жиналған. Көптеп гүлденгенмен тұқым түзбейді. Жалбыз тамырсабағымен көбейеді.

Жалбыз жылуды аз талап етеді. Азғана қар жамылғысында ол жабусыз-ақ жақсы қыстайды. Тамырсабақтарындағы бүршіктер 2-3°C ояна бастайды. Жас өркендер 6°C өне бастайды да 6°C дейінгі үсікті көтере алады.

Жалбыз жарыққа қатаң талап қояды. Жапырақтары көлеңкеленсе, өнім мен ондағы эфир майының мөлшері төмендейді.

Жалбыз ылғал сүйгіш өсімдік. Жер үсті массасы топырақтың 80% төменгі ылғал сиымдылығында өте жақсы жетіледі. Өсімдік құнарлығы төмен топырақтарда жақсы өседі.

Бұрышты жалбыз өсіретін аймақтарда оның көптеген жергілікті сорттары өсіріледі. Селекциялық жұмыстардың арқасында Прилукская 6 және Краснодарская 2 сияқты құнды сорттары кеңінен пайдаланылуда

Өсіру технологиясы. Бұрыштық жалбызды ауыспалы егісте күздік дақылдардан кейін немесе арнаулы телімдерде орналастырады. Оған гектарына 15-20 т көң және толық минералдық тыңайтқыштар (N – 90кг, P2O5 – 60кг, К2О – 90кг) енгізіледі. Көңді толық, минералдық тыңайтқыштардың бір бөлігін күзде топырақты жыртқанда, ал минералдық тыңайтқыштардың қалған бөлігін қопсытудың алдында, тамырсабақты отырғызғанға және үстеп қоректендіруде қолданады.

Топырақты өңдеу 25-27 см тереңдікке сүдігер жырту (күздіктерден кейін алдын ала сыдыра жыртқыштармен өңдеу), ерте көктемдегі тырмалау және культивациялау жұмыстарын қарастырады.

Жалбызды тамырсабақпен отырғызады. Оны күзде ескі плантацияда дайындайды. Плантацияны 12-15 см тереңдікке қайырмасыз соқамен өңдейді, сонан соң тамырсабақты тырмамен жинап алады. 1 гектардан 40-50 ц тамырсабақ алынады. Оларды қыста арнайы қазылған орда сақтайды.

Жалбыз тамырсабағын ерте көктемде СКМ-3 арнайы көшет отырғызғыш машиналармен қатараралығы 70 см, қатардағы тамырсабақ ара қашықтығын 10-12 см етіп отырғызады. 1 гектарға отырғызылатын тамырсабақ материалының мөлшері 8-10 ц шамасында болады. Тамырсабақты отырғызу тереңдігі 7-8 см.

Плантацияны күтіп-баптау-көктемгі тырмалау, 4-5 рет қатараралық өңдеулер мен бірінші және екінші қопсытуларда минералдық тыңайтқыштармен (N – 30кг, P2O5 – 30кг, К2О – кг) үстеп қоректендіруден тұрады.

Жалбызды арнайы қарастырылған пішен шапқышпен гүлдену кезеңінде орады. Бұл кезеңде ол эфир майы көп мөлшерде болатын жапырақ өнімін береді. Өсімдік дестеде кептіріледі және оны толық кептіру үшін арнайы дайындалған жерге алып кетеді. Ұнтақтағыш машинамен жалбыздың эфир майы жоқ сабағынан жапырақтарды ажыратады. 11% аспайтын ылғалдылықтағы құрғақ жапырақтарды өңдеуге өткізеді.

Ү – ТАРАУ. ТҮЙНЕКЖЕМІСТЕР. КАРТОП.