Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65.62 Mб
Скачать

3.2 Жаздық астық дақылдары

ЖҰМСАҚ БИДАЙ

Бидайдың жалпы сипаттамасы. Бидайдың шыққан жері - алдыңғы Азия орталығы - қазіргі Иран, Аравия аумақтары. Бұдан бидайдың 18 түрі, оның ішінде жұмсақ бидай тараған. Жерорта теңізі орталығынан (Греция, Италия) қатты бидай шыққан.

И.С. Сүлейменовтың (1973) қорытындылауынша Қазақстанда Семей маңында бидай суармалы жерлерде 1834 ж. өсіріле бастады, XIX ғасырда ол қазіргі Қостанай, Ақмола ж.б. облыстар аумақтарында себілген, ал XX ғасырдың басынан республикамыздың барлық жерлерінде өсірілуде.

Бидайдың дүние жүзіндегі егіс көлемі 220 млн га шамасында, екпе дақылдарының ішінде ол бірінші орын алады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда бидай өндірісі ең тартымды сала болып табылады (Кесте 24).

Кесте 24. Қазақстанда бидай өндіру көрсеткіштері

Көрсеткіштер

2005ж.

2006ж.

2007ж.

2008ж.

2009ж.

Орта есеппен 5жылда

Егістік аумағы, мың га

12638

12803

12885,0

13488,5

14753,9

13313,7

Астық өнімі,ц/га

9,5

12,7

13,0

9,7

11,9

11,2

Жалпы түсімі,мың т

12006,1

16200

16466,9

13083,8

17057,0

14962,8

Агроөнеркәсіп кешенінде және еліміздің экономикасында бидай өндірісі алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Мұнда дәнді дақылдардың егістік аумағы бүкіл егістіктің 80% астамын алып жатса, оның ішінде бидайдың үлесі 65-70% жетеді. Сыртқы саудада бидай астығы бағасы мен сапасы бойынша бәсекеге қабілетті деп есептеледі.

Жер шары халқының жартысынан көбі негізінен бидаймен- нан макарон, кондитер өнімдері т.б. қоректенеді. Аталған өнімдердің қоректілігі жоғары болып, халық мұқтажын қанағаттандыру үшін оларда бағалы сапа көрсеткіштері мен қасиеттері болған абзал.

Бидай дәнінің сапасын сипаттайтын маңызды көрсеткішке белок мөлшері мен дән уызы (клейковинасы) жатады. Бұл көрсеткіштер бидайдың пайдалану сипатын анықтайды.

Өңдеу өнеркәсібімен экспорт үшін күшті және қатты бидай сорттары жоғары бағаланады. Күшті бидайға белогі мен дән уызы мол жұмсақ бидай жатады.

Жұмсақ бидай сорттары ұн мен нанның сапасын анықтайтын жинақты көрсеткіш – ұнның «күшіне» қарай күшті, орташа және осал (әлсіз) болып үш топқа бөлінеді.

Күшті бидай белогінің көптігі, уызының жиырымдылығы және созылымдығы жағынан көзге түседі. Мұндай ұннан пісірілген нан көмпиіп тұрады, түрі өте ұнамды, бүйір қабығы жұқа немесе тор көзді,жұмсақ созылмалы келеді, сондай-ақ өте дәмді, сүйкімді иісі болады. Сонымен қатар күшті бидайдың байытушылық қасиеті бар: осал бидайдың ұнына аздап күшті бидайдың ұнын қосқанда одан шығатын нанның сапасы анағұрлым жақсарады. Күшті бидай ең таңдаулы бидай болып саналады, сондықтан ішкі және халықаралық нарықта оған деген сұраныс жоғары.

Орташа нандық күші (қуаты) бар бидай, басқаша айтқанда филлер, ешқандай қоспасыз-ақ жақсы сапалы нан береді. Оған жататын сорттар белогінің мөлшері орташа, уызының жиырымдылығы біршама төмен, сондай-ақ қамырының ашытылған кездегі ферменттік тұрақтылығы да төмендеу болады. Мұндай сорттар осал бидайдың нандық қасиетін жақсартуға қабілетті емес.

Осал (әлсіз) бидайдың белогі шамалы, дән уызының жиырымдылығы өте әлсіз болады. Сондықтан нан сапасының көрсеткіштері төмен болады. Осал бидай нанының сапасын жақсарту үшін міндетті түрде күшті бидай ұнын қосады.

Жақсы қатты бидай астығы жоғары сапалы макарон өндіруге таптырмайтын шикізат болып табылады. Жұмсақ бидай ұнынан макарон өнімдерін жасауға болады, бірақ олар өзінің пішінін сақтай алмайды, омырылғыш, піскен кезде жабысқақ келеді де тиімсіз түске өнеді. Сары янтарлы немесе лимон тәрізді сарғыш түсті макарон өте жоғары сапалы деп есептеледі. Мұндай түс каротиноид пигментіне байланысты, орта есеппен екі есе көп.

Жақсы макарон өнімдері мынадай талаптарға сай болуы керек: қамыры тығыз жабыспалы, қалыпқа салғанда жеткілікті дәрежеде механикалық берік және пішінді. Бұл қасиеттердің барлығы жоғары сапалы қатты бидай өнімдерінен дайындалған қамырға тән. Қатты бидай жоғары сапалы ұнтақ жармасынан өндіретін шикізат болып табылады. Қатты бидай дәнін диірменге тартқанда қырлы ұн бөліктері біріңғай масса болып түзіледі; ұн клеткалары қатты, бірақ нәзік келеді, ал жұмсақ бидайда олар борпылдақ әрі ұсақ саңылаулы болады. Дән уызының мөлшері мен оның сапасы да үлкен рөл атқарады. Қатты бидайдың дән уызы «қысқа» серпімді болып келеді, сондықтан оның ұнынан пісірілген нанның көлемі аз, тор көзділігі нашар болады. Газ ұстау қабілетінің төмендігінен қатты бидайдың нандық сапасы жұмсақ бидайға қарағанда төмен.

Дәннің жылтырлығына, көлемді массасына, түсіне, сары пигменттердің мөлшеріне т.б. қарай қатты бидайға жоғары талаптар қойылады. Талапқа сәйкес қатты бидай екінші типке жатады және қоңыр янтарлы және ашық янтарлы болып екі подтипке бөлінеді. Әрбір подтип үш класты және классыз бидайды біріктіреді. Класты астыққа кем дегенде 22-28% дән уызы болуға тиіс және екінші топтан төмен болмауы керек, көлемдік масса 770 г/л және одан да жоғары болады, бидай дәнінің басқа типтері 10-15% аспайды және астық қоспасы 15% аспауға тиіс: класты бидайдың барлығында дәннің түсі тиісті тип пен полтиптің түсіне сәйкес келуі керек: астық аурудан, қызып кетуден аман болуға , нақты сортқа тән түсі мен қалыпты иісі сақталуға тиіс.

Бидай түрлері. Бидай қоңырбастар (Роасеае) тұқымдасына және Triticum туыстығына жатады. Осы заманғы жіктеу бойынша бұл туыстық 22 түрді біріктіреді. Ол 4 генетикалық топқа бөлінеді.

  1. Диплоидты бидайлар, олардың соматикалық клеткасында 14 хромосом (2п-14) болады. Бұл топтың өкілдеріне мәдени бірдәнді, жабайы бірдәнді т.б. жатады. Диплоидты түрлердің ішінде дәніндегі белок мөлшері 35-37% жететін, саңырауқұлақ ауруларына төзімді үлгілері де бар.

  2. Тетраплоидты түрлер, соматикалық клеткаларда 28 хромосом (2п-28) бар, өкілдері ретінде қатты бидай, жабайы қосдәнді бидайды т.б. атауға болады. Тетраплоидты бидайлардың ішінде қатты бидай (T. durum) барынша үлкен маңызға ие, ол дүние жүзіндегі егіс көлемі бойынша екінші орын (жұмсақ бидайдан кейін) алады.

  3. Гексаплоидты түрлер (2п-42) соматикалық клеткасында 42 хромосомы бар көптеген бидай өкілдерін біріктіреді (жұмсақ бидай, спельта, карлик, мах т.б. бидайлары). Олардың ішінде ең көп тарағаны жұмсақ бидай (T.aestivum). Бұл бүкіл дүние жүзінде барынша көп тараған астық дақылы. Ол жер шарының барлық континенттерін қамтиды- полярлық шеңберден оңтүстік Африка мен Америкаға дейін: теңіз деңгейінен төмен жерлерде, сонымен қатар 4000 м биіктікке дейінгі белдеулерде өсіріледі. Осының бәрі бұл дақылдың үлкен бейімділігін көрсетеді. Тіршілікке бейімділігі бойынша да, морфобиологиялық ерекшеліктері бойынша да (күздік, жаздық, жартылай күздік және жаздық) жұмсақ бидай айтарлықтай полиморфты болып келеді.

  4. Октаплоидты түрі (2п-56) қолдан жасалған, оған грибобой бидайы ( T. Fungicidium) жатады.

Дәннің гүл қабықшаларынан ажыратылу дәрежесіне қарай барлық бидай түрлері жалаңаш дәнді немесе нағыз бидайлар және қабықты немесе полба бидайлары болып екі топқа бөлінеді. Жалаңаш дәнді немесе нағыз бидайлардың масағы сынбайды, қалыпты жағдайда бастырғанда дәндері қабықшалардан жеңіл ажыратылады (жұмсақ, қатты, карлик, персикум т.б.бидайлар). Қабықты (полба) түрлерінің масағы омырылғыш және бастырғанда өте қиын үгітіледі (спельта, мәдени бірдәнді, қосдәнді, зандури т.б. бидайлар).

Бидай түрлерінің ішінде барынша маңыздыларына жұмсақ және қатты бидайлар жатады.

Жұмсақ бидай (T. aestivum) жоғарыда көрсеткеніміздей, егіншілікте көп тараған, масағы борпылдақ, қылтықты және қылтықсыз, қылтықты формаларында қылтықтары жанжағына шашыраңқы орналасқан және масақ ұзындығынан қысқа. Масақ қабықшасы ұзынша әжімді, оның қыры (киль) жіңішке, негізіне қарай жойылып кетеді. Масақтың «бет» жағы бүйірінен жалпақ. Масақ асты сабанының бөлігі қалыпты жағдайда кеуек. Дәндері жеңіл үгітіледі ұсақ, орташа және ірі болып келеді, ұнды, немесе жылтыр (шынылы). Айдары айқын ажыратылады, қылдары ұзын.

Қатты бидай (T. durum) масағы тығыз, призма пішінді, бүйірі бет жағынан кең, негізінен қылтықты. Қылтықтары ұзын, параллель орналасқан. Масақ қабықшасының қыры (киль) негізіне дейін ажыратылған. Масақ асты сабаны паренхима тканімен толтырылған. Масағы қиынырақ үгітіледі. Дәндері сопақша, ірі, жылтыр, кейде әлсіз ұнды. Айдары әлсіз дамыған, қылдары қысқа.

Жұмсақ және қатты бидайлар кең тараған, сондықтан қоршаған орта мен адамзат әсеріне көп ұшыраған . Осының нәтижесінде көптеген түршелерге тармақталған. Бидайды түршелерге ажырату үшін тұрақты морфологиялық бес белгісі- масақтың қылтықтылығы, масақша түктілігі, масақтың ,дәннің және қылтықтың түстері алынған.

Қазақстанда барынша кең тараған түршелерге жұмсақ бидайдан лютесценс, эритроспермум және қатты бидайдан гордейформе, леукурум жатады.

Бидайдың әрбір түршесі биологиялық және өндірістік ерекшеліктерімен бір бірінен ажыратылатын бірқатар түршелерін біріктіреді: бір түршеде жаздық та, күздік те, ерте пісетін және кеш пісетін т.б. болуы мүмкін.

Бидайдың морфологиялық ерекшеліктері. Тамыр жүйесі шашақты, ұрықтық және түйін тамырларынан құралған.

Бидайдың ұрықтық тамырлары өсімдіктердің бүкіл өсіп-даму кезеңдерінің қоректенуіне қатысады, олар түйін тамырларынан (екіншілік) бұрын қалыптасады да өсіп-жетілуінің соңында 150 см және одан да тереңге бойлайды. Алайда жоғары өнімді тек қана жақсы дамыған түйін тамырлары есебінен алуға болады. Түйін тамырлары көктегеннен 12-18 тәуліктен соң пайда болады, олардың саны өсу жағдайлары мен сорттық ерекшеліктеріне байланысты өзгереді. Құрғақшылық жылдары түйін тамырлары түзілмеуі де мүмкін және бидайдың астық өнімі ұрықтық тамырлар арқылы қалыптасып 5-8 ц/га деңгейінен аспайды.

Сабағы – сабан (буынаралықтары 5-8), буынаралықтарының саны жапырақ санына сәйкес келеді. Сабаны қуысты, алайда қатты бидайда масақ асты паренхима жасушаларымен толтырылған, сондықтан тамырында тұрып қалғанда бүтін масақпен сынып кетуі мүмкін.

Жапырақтары – сызықты (линиялы), жапырақ тақтасы мен жапырақ қынабынан құралған, қынаптың (қынының) тақтаға ауысар жерінде тілше (түссіз пленка), ал жапырақ қынабының негізінде сабақты орап тұратын сызықты құлақша немесе мүйізшелер болады. Ылғал сүйгіш формаларында, сонымен қатар көптеген қатты бидайларда жапырақтары ірі, құрғақшылыққа төзімділерінде – ұсақ болып келеді. Жаздық бидайда екі түрлі жапырақтар ажыратылады: тамыр түбі жапырақтары және сабақтық жапырақтар. Тамыр түбі жапырақтары жер асты түйіндерінен түзіледі, олардың саны 4-5, ал сабақтық-жер үсті бөлігінде қалыптасады. Тамыр түбі жапырақтары қорлық қоректік заттарды жинақтаушы қызметін атқарады да кейіннен тамыр жүйесінің дамуы мен масақтың түзілуіне шығындалады.

Сабақтың биіктеп өсуі мен сабақтық жапырақтардың қалыптасуында өсімдіктердің қоректенуі де сол қорлық қоректік заттардың есебінен жүреді, ал тамыр түбі жапырақтары бірте-бірте солып қалады. Жекелеген жапырақтардың тіршілік ұзақтығы 6-дан 16 тәулікке дейін созылады, бір мезгілде екі жапырақтан артық өспейді. Барынша өсіп-дамыған кезеңде жоғары өнімді қалыптастыруға қоректік заттар және ылғалмен жақсы қамтамасыз етілгенде бидай өсімдігі оңтайлы жапырақ ауданын гектарына 35-40 мың м2 дейін ал ылғал жеткіліксіздігінде - 15-25 мың м2 қалыптастырады.

Гүл шоғыры - масақ, ол масақ білігі мен масақшалардан тұрады. Бидай масағы білігінің бір тұғырында бір масақша орналасқан, бірақ ол көпгүлді (3-5 гүлден тұрады). Агрономның міндеті – мүмкіндігінше масақтағы барлық гүлдер тозаңданып, дән қалыптастыру.

Жемісі – дән, ол үш бөліктен - қабақ, эндосперм және ұрықтан – құрылған. Дәннің ірілігі негізінен өсіру технологиясына байланысты өзгереді.

Бидай дақылының әртүрлі өсіп-даму кезеңдері мен одан дайындалған нан пішіні 10-суретте келтірілген.

10 - сурет – Бидай. 1,2,3 – жұмсақ: егін көгі мен гүлдену кезеңдеріндегі өсімдіктер, масақша; 4,5,6 - қатты, сондай; 7 – жапырақ пен сабанның қосылуы; 8 – дәннің көлденең қимасы: а – ұрық, б-эндосперм, в–жеміс және тұқымдық қабықтар, г-айдары; 9 – өсу кезеңдері; 10 – ұннан дайындалған нан:

а - әлсіз, б - орташа қуатты және в - қуат-ты бидайдан.

Сурет 10. Бидай. 1,2,3 – жұмсақ: егін көгі мен гүлдену кезеңдерін-дегі өсімдіктер, масақша; 4,5,6 - қатты, сондай; 7 – жапырақ пен сабанның қосылуы; 8 – дәннің көлденең қимасы: а – ұрық, б-эндосперм, в–жеміс және тұқымдық қабықтар, г-айдары; 9 – өсу кезеңдері; 10 – ұннан дайындалған нан:

а - әлсіз, б - орташа қуатты және в - қуатты бидайдан.

Жаздық бидайдың қоршаған орта факторларына талаптары

(биологиялық ерекшеліктері). Бидай, басқа дәнді дақылдар сияқты қоңыржай белдеудің өсімдігі. Дегенмен, климатқа (жылу, жауын-шашын ж.б.) талаптары бойынша сорттар арасында белгілі бір жағдайларға бейімделуінде айырмашылықтар бар.

Елімізде өсірілетін бидай сорттары өсіп-жетілу кезеңдері әртүрлі ұзақтығымен ерекшеленеді. Кеш пісетін сорттарында бұл кезең 100 тәулік және одан жоғары, ылғалды және салқын жылдары ол 115-120 тәулікке дейін созылады, ал ең ерте пісетін сорттары 70-80 тәулікте пісіп үлгереді.

Жаздық бидай өсуі мен дамуының алғашқы кезеңінде жылу ережесіне (режиміне) қажетсінуі жоғары емес.

Бидай тұқымының өне бастауына қажетті ең төменгі температура 1-2оС, алайда бастапқы өсуіне 4-5оС қажет, бірақ мұндай температурада өну және көктеу үрдістері өте баяу жүреді. Егін көгі – 6оС аязды (бозқырауды) көтереді. Алғашқы өсуі мен түптенуі топырақтың температурасы 10-12оС болғанда жақсы өтеді, мұның өзі өсімдіктердің жақсы тамырлануы мен түйін тамыр жүйесінің дамуына оң әсерін тигізеді.

Генеративті мүшелерінің (органдарының) дамуы мен гүлдену кезеңінде бидай температураға өте сезімтал. Бірқатар зерттеушілердің көрсеткеніндей, 12оС-дан төмен болғанда бидайдың тозаңдықтары дамымайды, 5оС-дан төмендегенде өсімдіктер ұрықтанбайды, ал 5-10оС-да ұрықтанғанмен эндосперм мен әсіресе ұрықтың өсуі өте баяу жүреді, дән қалыптасып үлгермей опат болады.

Бидайда жоғары температураны көтеруде үлкен айырмашылықтар бар. 38-40оС температураның үздіксіз әсерінен саңылаулардың (үстьицелердің) сал ауруы (каралич) әртүрлі сорттарында 10-17 сағаттан соң байқалады. Бидай гүлдену кезеңінде жоғары температураға топырақтағы ылғал қоры жақсы болғанда ғана шыдас береді. Жоғары температура ылғал жеткіліксіз болғанда бидай масағының босдәнділігіне ұрындырады.

Толысу кезеңіндегі - 1-2оС бозқырау өсімдік пен дәнді жарақаттайды (аяз ұрған дән).

Жұмсақ бидай сорттары бозқырауға қатты бидайға қарағанда төзімдірек. Түптену кезеңінде жұмсақ бидай – 5-8оС бозқырауды жеңіл көтереді, ал қатты бидай – 1-2оС температураның өзінде-ақ жарақаттанады.

Белсенді температура жиынтығы жаздық бидайда сорттарының пісу мерзіміне қарай 1500-1900оС аралығында өзгереді.

Ылғалды қажетсінуі. Жаздық жұмсақ бидай тұқымы құрғақ дән массасына есептегенде 50-60% мөлшерінде ылғал сіңіргенде өне бастайды. Ал қатты бидайға 5-7% артық ылғал қажет, өйткені оның құрамында ақуыз (белок) көбірек. Бір өлшем құрғақ зат түзу үшін ол өзінің ағзасынан 400-500 өлшем су буландырады немесе транспирация коэффиценті 400-500-ге тең.

Жаздық бидай өсіп-даму кезеңдерінде ылғалға жоғары талап қояды, алайда оны пайдалануы біркелкі емес:

барлық қажетті ылғалдың көктеу кезеңінде - 5-7%;

түптенуде -15-20%;

түптену–масақтануда – 50-60%;

сүттене пісуде – 20-30%;

балауызданып піскенде – 3-5% жұмсалады.

Жаздық бидайдың ылғалға барынша көп қажетсінуі, немесе «қиын-қыстау» кезеңі түптену-масақтану, басқаша айтқанда, репродуктивтік мүшелерінің (органдарының) пайда болу кезеңдерінде байқалады. Бұл кезеңдегі топырақтағы ылғал тапшылығы бидай дәнінің қалыптасуы мен толысуына теріс әсерін тигізеді де егін өнімін күрт төмендетеді. Оңтайлы мерзімде себілгенде жаздық бидайдың «қиын-қыстау» кезеңі, ауа-райының барынша қолайлы уақытында өтеді. Бидайдың әртүрлі мерзімде пісетін сорттарының ылғалға талаптары бірдей емес: ылғалға жоғары талап қоятын және құрғақшылыққа төзімді сорттары ажыратылады. Құрғақшылыққа барынша төзімді сорттарына өсіп-дамуының алғашқы кезеңдерінде баяу қарқынмен өсіп, масақты баяу қалыптастыратындары жатады. Олар әдетте Солтүстік Қазақстан аймағында болатын жаздың бірінші жартысындағы құрғақшылықты жақсы көтереді, әрі олар қарқынды өсіп-даму кезеңінде түсетін жаздың екінші жартысындағы ылғалды тиімді пайдаланады. Олар негізінен ортадан кеш және кеш пісетін сорттар болып табылады.

Ерте пісетін сорттар көктемгі құрғашылықтан көп зардап шегеді. Олар алғашқы уақытта тез өседі, масақты шапшаң қалыптастырады, алайда көктемгі және жаздың басындағы ылғал жетімсіздігінен әдетте төмен астық өнімін береді.

Тамыр жүйесінің сіңіру қабілетінің және оның басқа дәнді дақылдарға қарағанда айтарлықтай әлсіз дамитындығынан жаздық бидай топырақ құнарлылығына өте жоғары талап қояды.

Жаздық бидайдың тамыр жүйесінің тек қана 30 % топырақтың жыртылатын (құнарлы) қабатында, ал қалған бөлігі одан тыс орналасады. Осыған сәйкес оның топыраққа қоятын талабы да арта түседі. Бидай өсімдігі тіршілігіндегі қоректік заттардың рөлі әрқилы. Азот (N) жақсы түптенуге, қуатты сабақ пен жапырақ түзуге мүмкіндік жасайды, фотосинтетикалық қызметті күшейтеді, биологиялық массаның қорлануын, дәндегі ақуыз мөлшерін арттырады. Фосфор (P2O5) тамыр жүйесінің дамуын тездетеді, жалпы өнімдегі астық үлесін арттырады, қуаңшылыққа төзімділігін күшейтеді, су пайдалану коэффицентін төмендетеді, жаздық бидайдың пісуін 5-6 тәулікке тездетеді. Калий (К2О) фотосинтездің қалыпты жағдайда өтуіне мүмкіндік жасайды, өсімдіктің ылғал ұстау және тамырдың ылғал сіңіру қабілеттерін арттырады, қуаңшылыққа, аурулар мен зиянкестерге төзімділігін күшейтеді. Қоректік заттарды пайдалану тәртібі бидай өсімдігінің ылғалға қажетсінуіне ұқсас. Жаздық бидайдың қоректену элементтерінің шығындануы топыраққа байланысты және орта есеппен (әрбір центнер астық пен сабанға шаққанда) азот (N) – 3,7-4,0, фосфор (Р2О5) – 0,9-1,1 және калий (К2О) – 1,7-1,8 кг тең.

Көптеген зерттеулер көрсеткендей, жаздық бидай әуелі фосформен, содан кейін калиймен, ең соңында азотпен қорланады. Ол фосфорды масақтануға дейін, калийді – гүлденуге дейін, азотты сүттене пісуге дейін қажетсінеді.

Жаздық бидай өсіруге барынша қолайлы қара және қара-қоңыр топырақтар деп есептеледі. Ол тұзды топырақты нашар көтеретін дақылдар тобына жатады. Сортаңдау топырақтарда, әсіресе қуаңшылық жылдары, өнімді күрт төмендетеді. Жақсы өнімді реакциясы қалыпты немесе әлсіз қышқыл топырақтарда (рН – 6,0-7,5) алуға болады.

Нақты өсірілетін жерлерге және астықты пайдалану бағытына байланысты жаздық бидай сорттарын таңдап алу.

Сорттарды таңдағанда төмендегідей талаптарды (критерийлерді) ескеру қажет:

  • нақты жерде өсіруге жарамдылығы, әлеуетті (потенциалды) өнімділігі және өнімділікті қамтамасыз ету жолдары (өнімді сабақ жиілігі есебінен, масақтың дәнділігі және дәннің ірілігі немесе жиынтық әсері т.б.).

  • зиянды организмдерге төзімділігі. Төзімді сорттарды өсіре отырып қоршаған ортаны сақтау, өйткені оларды дұрыс өсіргенде зияндылықтың экономикалық шегі еңсеріледі.

  • стресті факторларға төзімділігі. Жапырылуға төзімді сорттар (инфекциялық жапырылуы қоса алғанда) өсіру реттегіштерін (регуляторы роста) тамыр шіріндісіне қарсы фунгицидтерді қолдануды талап етпейді.

  • тамырында тұрғанда дәннің көктемеуге төзімділігі (кеш пісетін сорттарда әдетте мұндай мүмкіндік жоғары).

Сорттың әлеуетті өнімділігі неғұрлым жоғары және оны жақсартуға кететін шығындар аз болса, соғұрлым ол бағалы.

Қазіргі уақытта мемлекеттік тізімнен ауыл шаруашылығында пайдалануға рұқсат етілген және ойдағыдай өсіріліп жүрген төмендегідей жаздық жұмсақ бидай сорттарын атауға болады:

Ақмола 2. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де күздік түрлерін жаздыққа будандастыру тәсілі мен (Лютесценс М – 808 х Целинная 60) трансформациялау арқылы шығарылған. Лютесценс түршесі. Сабағы орташа жуандықта, қуыс, берік, жапырылуға төзімді. Дәні жартылай домалақтау келген, қызыл түсті, шынылы ірі, негізі жалаңаш, тілігі берік, 1000 санының массасы 33,1-ден 41,1 г дейін.

Сорт орташа мерзімде піседі, Саратовская 29 бақылау вариантына деңгейлес немесе 1-2 тәулік ерте піседі. Негізгі аурулар мен зиянкестерге төзімділігі бойынша Саратовская 29 сортынан қалыспайды.

Ақмола 2 сорты дәннің жоғары физикалық және ұндық-нандық сапалары бойынша жоғары көрсеткіштермен сипатталады. 1999 жылдан Ақмола облысы бойынша пайдалануға рұқсат етілген және бақылау варианты (стандарт) ретінде қабылданған.

Астана – ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де шығарылған сорт. Түршесі – Лютесценс. Масағы призма пішінді, дәндері ұсақ, 1000 санының массасы 31,9 г. Сорт орташа мерзімде, 67-80 тәулікте піседі. Биіктігі орташа, өнімді түптенуі 1,24. Өнімділігі жөнінен стандартты Саратовская 29 сортының деңгейінде. Бәсекелі сорт сынау жылдары орташа астық өнімі 15,8 ц/га құрады. Жапырылуға және шашылуға төзімді. Құрғақшылыққа төзімді сорт. Айрықша белгілері: сабақ бітіктігі біркелкі және жаппай піседі. Тот ауруына Саратовская 29 сорт деңгейінде төзімді. Орталық және Солтүстік Қазақстанның далалы және орманды-дала аймақтарына ұсынылған.

Целинная 3С – ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де Шортандинская 25 х Lее2 (Kerya) х Лютесценс 164/6-24 сатылап будандастыру тәсілімен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Сабағы орташа жуандықта, қуыс. Жапырақтары жасыл, орташа балауыз, тұтымен және ұсақ түктермен көмкерілген. Дәні жартылай домалақ пішінді дән тілігі (ойығы) орташа деңгейде, 1000 санының массасы 32,0 г жоғары.

Өсіп-жетілу (вегетациялық) кезеңінің ұзақтығы бойынша сорт орташа мерзімде пісетін сорттар қатарына жатады, Саратовская 29 сорты деңгейінде немесе ертерек піседі. Табиғи жағдайда және инфекциялық ортада қара күйе, қоңыр тот, сабақ тоты және жасырын сабақты зиянкестермен Саратовская 29 деңгейінде залалданады. Өнімді сорт. Оның негізгі артықшылығы – құрғақшылыққа төзімділігі (Саратовская 29 сортына қарағанда 0,2-0,5 баллға жоғары), жапырылып қалуы бақылау вариантынан төмен.

1996 жылдан Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Целинная юбилейная – ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де қанықтырылған будандастыру тәсілімен (Бек кросс 1) күздік Мироновская 808 сорты және жаздық Целинная 21 сорттарынан трансформация жолымен шығарылған Лютесценс түршесі, 1000 дәнінің массасы – 31,9–34,6 г. өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы бойынша орташа мерзімде пісетін (Саратовская 29) және ортадан кеш пісетін (Целинная 21) сорттар аралығында орналасады. Саратовская 29 сортынан 3-4 тәулікке кеш піседі. Табиғи жағдайда және инфекциялық ортада Саратовская 29 сортына қарағанда айтарлықтай аз деңгейде залалданады және салыстырмалы түрде жасырынсабақты зиянкестермен залалдануға төзімді. Қоңыр және сабақ таттарымен залалдануы Саратовская 29 сортымен бірдей дәрежеде.

Сорт құрғақшылыққа төзімді, нандық сапалары жақсы, тұзды жерлерге жоғары төзімділігімен ерекшеленеді. Ақмола, Қостанай облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Целинная 24 – ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де ұлттық және шетелдік селекцияларының әртүрлі экологиялық түрлерінен Саратовская 29 х (Пиратрикс 28 х Джастин) х (Саратовсая 29 х Шортандинская 25 х Монитоба) сатылап будандастыру тәсілімен шығарылған. Лютесценс түршесіне жатады. Дән ойығы орташа тереңдікте, 1000 санның массасы – 30-34 г. Сорт тозаңды қара күйеге төзімді, қоңыр, сабақ таттарымен және жасырынсабақ зиянкестерімен Саратовская 29 сорты деңгейінде заладанады. Сорт салыстырмалы түрде өнімді, физикалық, биохимиялық, технологиялық және ұндық-нандық сапа көрсеткіштері жоғары. Ақмола облысы шаруашылықтарында пайдалануға рұқсат етілген.

Эритроспермум 35 – Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ мен ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де бірігіп 449/79 х (Эритроспермум 29/79 – 19 х Лютесценс 26/67 – 211) будандық комбинациясынан сұрыптау тәсілімен шығарған. Түршесі эритроспермум. Кеш пісетін сорт. өсіп-жетілу ұзақтығы 95 тәуліктен жоғары. Сорт салқынға төзімді, тозаңды қара күйеге жоғары төзімді және тамыр шірігі ауруларына төзімді. Қоңыр және сабақ тат ауруларына иммунитеті стандарт деңгейінде немесе сәл жоғарылау. Жапырылуға төзімділігі жағынан стандарттан жоғары. Астық сапасы бойынша жоғары сыныпты (қуатты) бидай талаптарына сәйкес келеді. Кеш пісетін сорт болғандықтан жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімінің басында сепкен дұрыс . орташа астық өнімі – 26-35 ц/га, бәсекелі сортсынаудағы ең жоғарғы (максималды) өнімі – 54,8 ц/га. Сорт Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Казахстанская 19 - ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де өзіндік сұрыптау тәсілімен Чайка х Саратовская 29 будандық комбинациясының Ғ4 ұрпағынан шығарылған. Түршесі - Эритроспермум. Қуатты бидай сортына жатады. Жапырақтары қаттылау, түкті. Сорт орташа мерзімде піседі. өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 92 тәулік. Сорт тозаңды қара күйеге төзімді, қоңыр және сабақтық таттармен әлсіз жарақаттанады. Септориозбен залалдануға өте бейім. Орташа астық өнімі 29,8 ц/га. Сорт 1994 жалдан Қостанай және Павлодар облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Казахстанская 25 - ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де өзіндік сұрыптау тәсілімен Россиянка х Набат будандық популяциясының үшініші ұрпағынан (Ғ3) шығарылған. Түршесі Лютесценс. 1000 дәннің массасы 36,5г. Қуатты бидайға жатады. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-даму кезеңінің ұзақтығы – 90 тәулік. Тозаңды қара күйе мен қоңыр татқа төзімді, сабақтық тат ауруына төзімділігі жеткіліксіз. Орташа астық өнімі – 23,5 ц/га. 1977 жылдан Қостанай облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Ертіс 97 – Павлодар ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да будандастыру жолымен одан әрі өзіндік сұрыптау тәсілімен Шортандинская 25 х күздіктердің тозаңдар қоспасы (Аврора + Кавказ + Юбилейная) х (Пиратрикс 28 х Безенчукская 98) будандық комбинациясынан шығарылған. Түршесі – Лютесценс. 1000 дәннің массасы 31-34 г. Сабағы тік өседі, жапырақтары күңгірт жасыл әлсіз түкті және балауыз тұтымен көмкерілген. Пісу мерзіміне байланысты сорт орташа мерзімде және ортадан кеш пісетін сорттар аралығында орналасқан. Өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 86-87 тәулік, орташа мерзімде пісетін Саратовская 29 сортынан 2-3 тәулік ұзақ, ал Казахстанская 15 сортынан 3-4 тәулікке қысқа. Қоңыр тот және тозаңды қара күйе ауруларына төзімділігі Саратовская 29 сортына қарағанда біршама жоғары. Сорт көктемгі және жазғы құрғақшылыққа жоғары төзімді, ал шашылуға және жапырылуға төзімді деп есептеледі. Сорт өнімді. Астықтың технологиялық сапасы жоғары, клейковина (дән уызы) мөлшерінің жоғарылығымен – 37,1- 42,5% - ерекшеленеді. 2003 жылдан сорт Павлодар облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Павлодарская 93 - Павлодар ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да жеке сұрыптау әдісімен Мироновская 808 х (Красная звезда х К-411 Б) будандық комбинациясынан шығарылған. Түршесі - эритроспермум. Сабағы берік, жапырылуға төзімді. 1000 дәннің массасы 32-38 г. Сорт далалық экологиялық топқа жатады, ортадан кеш піседі. Пісу мерзімі бойынша өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы орташа мерзімде пісетін Саратовская 29 және ортадан кеш пісетін Казахстанская 15 сорттарының аралығынан орын алады. Түптену – түтікке шығу кезеңінің ұзақтығынан сорт ерте жазғы құрғақшылықты жеңіл көтереді де, айтарлықтай өнімді масақ қалыптастырады. Шашылып қалмауға төзімді. Сорт сабақ бітіктігінің біркелкілігімен, біркелкі пісуімен және сабан өркеннің (поргон) болмауымен ерекшеленеді. Тозаңды қара күйе, қоңыр және сабақтық тоттармен жарақаттануы стандартты сорттармен салыстырғанда төмен. Сорт өнімді. Қуатты бидай сорттары қатарына жатады. Сорт тұрақты жоғары ақуздылығымен (17,0-18,5 %) ерекшеленеді, жекелеген жылдары оның мөлшері 23 % жетеді. Сорт құрғақшылыққа төзімді, дегенмен агрофон деңгейіне жақсы қажетсінеді, басқаша айтқанда, экологиялық бейімділігімен бөлектенеді.

Сорт 1999 жылдан Павлодар облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Карабалыкская 90 – Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да будандастыру тәсілімен Лютесценс 5714 х Целинная 21 популяциясынан жеке сұрыптаумен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы – 84-90 тәулік. Сорт салқынға, тозаңды қара күйе мен тамыр шіріндісіне төзімді, қоңыр тот ауруына орташа төзімді. Орташа астық өнімі – 25-30 ц/га, ең жоғары өнімі бәсекелі сорт сынауда – 56,3 ц/га, өндірістік жағдайларда – 25-40 ц/га. Сорт еліміздің солтүстік және орталық облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Карагандинская 70 - Орталық Қазақстан ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да (қазіргі Орталық Қазақстан өсімдік шаруашылығы және селекция ҒЗИ) Саратовская 36 х № 428010 буданы (Канада) будандық популяциясының үшініш ұрпағынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Дәні орташа ірілікте, 1000 санының массасы 29-38 г. Сорт ортадан кеш піседі, өсіп-жетілу (вегетация) кезеңінің ұзақтығы - 85-105 тәулік. Саратовская 29 сортынан 5-7 тәулікке кеш піседі. Алайда ылғалдану жағдайлары мен өсіру технологиясы өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығын айтарлықтай өзгертеді. Карагандинская 70 сорты салқынға, құрғақшылыққа төзімді, өсіру жағдайларын жақсартуды қажетсінеді. Қоңыр тот ауруымен ортадан жоғары, ал қара күйемен әлсіз залалданады. Сорт жоғары өнімді. Карагандинская 70 сорты ерекше құнды сорттар қатарына жатқызылған және Қарағанды облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Казахстанская 15 – «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталағы» РММ-де (Алматы) Прибой х Лютесценс – 497162 будандық популяциясының төртінші ұрпағынан (Ғ4) жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Лютесценс түршесіне жатады. Масағы әлсіз ұршық пішінді, орташа тығыздықта. Дәні жұмыртқа пішіндес, 1000 санының массасы 36,8 г. Қуатты бидайға жатады. Сабағы қуыс, берік, жапырақтары жасыл түсті, қатты. Сорт ортадан кеш піседі. өсіп-жетілу (вегетация) кезеңінің ұзақтығы 85-90 тәулік. Тозаңды қара күйеге, тамыр шіріндісіне төзімді. Қоңыр және сабақтық тот ауруларымен саратовская 29 бақылау вариантымен деңгейлес зақымданады. Орташа астық өнімі – 22,4 ц/га. Сорт Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Казахстанская раннеспелая. «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» РММ-мен (Алматы) Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы (Қостанай облысы) бірігіп Новосибирская 67 х Омская 9 75 будандық комбинациясынан жеке сұрыптау жолымен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Сорт айтарлықтай ерте піседі, салқынға, тозаңды қара күйеге, ұндық шыққа (мучнистая роса) төзімді. Құрғақшылыққа төзімді сорт. 1000 дәннің массасы 32-35 г. Қоңыр тат ауруымен орташадан күштіге дейінгі деңгейде зақымданады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тізімімен сорт солтүстік және орталық облыстарда пайдалануға рұқсат етілген.

Саратовская 29 - Ресей Федерациясының Оңтүстік –Шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында Альбидум 24 х Лютесценс 55/ 11 күрделі сатылы будандастыру тәсілімен шығарылған. Лютесценс түршесі далалық Еділ бойы экологиялық-жағырапиялық тобына жатады. 1000 дәннің массасы 32-42 г сорт шашылуға орташа төзімді, сабаны орташа ұзындықта немесе ұзын (75-120 см), жапырылуға орташа төзімді. Сорт орташа мерзімде піседі, аймаққа және өсірілу жағдайларына қарай 85-105 тәулікте піседі. Құрғақшылыққа төзімділігі ортадан жоғары. Тозаңды қара күйемен әлсіз, қоңыр жапырақ татымен және қатты қара күйемен күшті залалданады. Швед шыбынымен орташа деңгейде залалданады, сорт гессен шыбыны және астық қоңыздарымен жарақаттануға бейім. Сорт жоғары өнімді. Нандық сапасы жақсы және өте жақсы, қуатты бидай – жақсартқыш сортына жатады. 1957 жылдан Қазақстанның Солтүстік облыстарында, Қарағанды, Ақтөбе, Алматы облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Алтайская 50 - Ресейдің Алтай егіншілік және ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы ҒЗИ-да күрделі будандастырудың (Безостая 609хСкала) Ғ1 х Саратовская 46 төртінші ұрпағынан жеке сұрыптау жолымен шығарылған. Түршесі – лютесценс, орташа мерзімде пісетін топқа жатады. Көктеуден балауыздана пісуге дейінгі кезеңнің ұзақтығы 80-84 тәулік. Сорт орманды-дала сібірлік экологиялық топқа жатады, құрғақшылыққа жоғары төзімділігімен, әсіресе масақтануға дейін, ерекшеленеді. Қоршаған ортаның қолайсыз факторларына дамуының алғашқы кезеңдерінде төзімді. Тозаңды қара күйемен залалдануға бейім сорт, орташа деңгейде ұндық шық және қоңыр тотпен залалданады,септориоз ауруына шалдығуға бейім. 1994 жылдан сорт Ақмола облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Иртышанка 10 – Ресейдің Сібір ауыл шаруашылығы. ҒЗИ-да СкалахСаратовская 36 будандық популяциясынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Лютесценс түршесіне жатады. 1000 дәннің массасы – 32-35 г. Сорт ортадан ерте піседі, өсіп-жетілу кезеңі – 73-78 тәулік. Жапырылып қалмауға өте төзімді. Құрғақшылыққа төзімділігі жоғары. Ұндық шыққа, тозаңды және қатты қара күйеге орташа төзімді, ал қоңыр және сабақтық тотпен залалдануға бейім сорт. Сорттың негізгі құндылығы – ерте пісетіндігі, жоғары астық өнімділігі және астық сапасының өте жоғарылығы қабысқан. 1986 жылдан Солтүстік Қазақстан облысында өсіруге рұқсат етілген.

Любава – Қостанай облысының «Фитон» ғылыми-өндірістік фирмасында Любесценс П-368 х (РУ-18 х Саратовская 29) будандық комбинациясынан көпдеңгейлі жақсартқыш сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. 1000 дәннің массасы орта есеппен 38,2 г. Сорт орташа мерзімде ( 72-89 тәулік) піседі. Сартовская 29 бақылау вариантымен бір уақытта немесе 1-2 тәулік кеш піседі. Сорт сабақтық тот және тозаңды қара күйе ауруларымен залалдануға төзімді. Ол негізгі масағының жоғары дәнділігі және ірілігімен ерекшеленеді. Масағының сынып қалмауға және шашылуына төзімді сорт, жауын-шашынды және желді ауа-райында тамырында тұнып қалғанда шашылуға, дәннің өніп кетуіне, жапырылуға төзімді сорт. Өсіп-жетілуінің әртүрлі кезеңдерінде аптап ыстыққа және топырақ пен атмосфера құрғақшылығына төзімділігімен ерекшелінеді. 2003 жылдан Солтүстік Қазақстан облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Лютесценс 32 – ҚР АШМ-нің «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» РММ-де будандық популяция Жница х Иртышанка 10 үшінші ұрпағынан (Ғ3) жеке сұрыптаумен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Дәндері ірі, 1000 санының массасы – 38,3 г. Қуатты бидайға жатады. Өсіп-жетілу кезеңі 86 тәулікке созылатын орташа мерзімде пісетін сорт. Сорт тозаңды қара күйе, сары тот ауруларына төзімді, ал сабақтық және қоңыр тотқа төзімділігі шамалы. Сорт Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Омская 18 – Ресейдің Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да Омская 11 х Geines (АҚШ, күздік бидай) будандық популяциясынан жеке сұрыптау жолымен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. 1000 дәннің массасы 32-33г. Сорты ортадан кеш піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 85-90 тәулік. Құрғақшылыққа төзімділігі жоғары, ұндық шық және тозаңды қара күйеге орташа төзімді, қоңыр тот ауруымен залалдануға бейім. Жапырылып қалмауға төзімділігі жоғары. Сорт өнімді. Бұл сорттық коммерциялық құндылығы – жоғары және тұрақты астық өнімі, сабақ бітіктігінің егін жинау қарсаңына жақсы сақталуы және астығының өте жоғары сапасы. Сорт 1991 жылдан Қазақстанның солтүстік облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Омская 19 - Ресейдің Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да Лютесценс 1138 х Лютесценс 1210-70-10 будандық попоуляциясынан жеке сұрыптаумен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. 1000 дәннің массасы – 33-36. Сорт орташа мерзімде, 77-80 тәулікте, Саратовская 29 сортынан үш тәулікке кеш піседі. Ұндық шық ұнтағы мен тозаңды қара күйеге орташа төзімді, қоңыр және сабақтық тот ауруларымен залалдануға бейім. Жапырылып қалмауға жоғары төзімді қуатты бидай сорттарына жатқызылған. 1989 жылдан Қазақстанның Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Омская 20 - Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да (Ресей Федерациясы) Иртышанка 10 х Грекум 114 х Кавказ будандық популяциясынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Лютеесценс. 1000 дәннің массасы – 34-36 г. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 77-82 тәулік, құрғақшылыққа, жапырылып қалмауға жоғары төзімді ұндық шық ұнтағы, тозаңды және қатты қара күйе ауруларына орташа төзімді. 1996 жылдан Қостанай облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Омская 29 - Ресейдің Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да Лютесценс 204/80-1 х Лютесценс 99/80-1 будандық популяциясынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Лютесценс түршесіне жатады. Масағы призма пішіндес, сабағы берік, дәні сопақ және 1000 санының массасы 40-42 г. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 77-81 тәулік. Құрғақшылыққа, жапырылуға төзімді. Сорт жоғары сапалы астық қалыптастырады, қуатты бидай тобына жатады. 2002 жылдан Қостанай облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Омская 30 - Сібір ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да (Ресей) Омская 20 х Лютесценс 204/80-1 будандық популяциясынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Лютесценс. Сорт ортадан кеш піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 78-83 тәулік, Омская 18 сортынан 1-2 тәулік ерте піседі. Құрғақшылыққа және жапырылып қалмауға төзімділігі жоғары. Тозаңды қаракүйеге төзімді, ұндық шық ұнтағымен әлсіз залалданады. Сорт жоғары сапалы мол өнім қалыптастырады. Нандық сапасы жоғары. 2002 жылдан Қостанай облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Өсіру технологиясы. Жаздық бидайдың өнім деңгейі оған танаптарды дайындағанда жүргізілетін шаралармен ғана емес, сонымен қатар шаруашылықтағы бүкіл егіншілік мәдениетіне байланысты анықталады. Бидай өсірудің технологиясы оның морфологиялық және биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жасалуға тиіс. Жаздық бидай өсіруге қойылатын талаптарды төмендегідей жиынтық түрде көрсетуге болады: жаздық бидай барынша жоғары өнімді қоректік заттарға бай, жыртылатын қабаты қалың, бонитеті жоғары танаптарда қамтамасыз етеді. Топырақтың механикалық құрамы неғұрлым жеңіл болса, соғұрлым егіншілік мәдениеті мен пәрмендендіру факторларына талаптар да арттырылады. Бидайды өсіргенде шектеулі факторға өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңдеріндегі ылғалмен төмен деңгейде қамтамасыз етілуі де жатады; топырақ жеңіл болған сайын, жауын-шашынның мөлшері мен бөлінуі ерекше маңызға ие болады.

Алғы дақылдар. Дақылдың құндылығын ескере отырып, оның өсірілу жағдайларына талаптарын қанағаттандыру мақсатында жаздық бидайға барынша жақсы жерлерді, алғы дақылдарды таңдап алуға тура келеді. Ең жақсы алғы дақылдар: сүрі жері, сүріден кейінгі екінші дақыл, дәнді бұршақ дақылдары, сүрлемдік жүгері. Пішенге, жасыл балаусаға дәнді бұршақ дақылдарының бірімен (асбұршақ, сиыржоңышқа, ж.б.) немесе жеке өзі өсірілген сұлы, сонымен қатар ерте себіліп (жаздық бидайды себуге дейін) және жалқы азыққа (монокорм) жиналған арпа да айтарлықтай алғы дақыл болады.

Қазақстанның далалық, орманды-дала аудандары үшін кезінде ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және басқа ғылыми мекемелердің ғалымдары қысқа айналымды (4,5,6 танапты т.б.) дәнді сүр танапты, дәнді отамалы дақылдар ауыспалы егістерін зерттеп жасады және олар жазық тілгішті, минималды топырақ өңдеу технологияларына негізделген:

  1. Сүрі жері, бидай, бидай, арпа, бидай;

  2. Сүрі жері, бидай, бидай, бидай, арпа

  3. Сүрі жері, бидай, бидай, сұлы, бидай, арпа

  4. Жүгері, бидай, арпа немесе сұлы

  5. Біржылдық шөптер (пішенге, жасыл балаусаға), бидай; асбұршақ, бидай, сұлы немесе арпа;

тағы басқа кескінді ауыспалы егістер.

Эрозияға қауіпті алқаптарда жаздық бидайды жолақты сүрі танабында орналастырады: сүрі жер + жаздық бидай, жаздық бидай + сүрі жер, жаздық бидай, арпа (сұлы).

Механикалық құрамы жеңіл топырақты шаруашылықтарда (Павлодар және Қостанай облыстарының шығыс бөлігі) да жаздық жұмсақ бидайды жолақтарға орналастырады (жолақтың ені 50 м аспағаны жөн): егістің 50% біржылдық және көпжылдық шөптер, 10% сүрі жер, және 40% бидай болуға тиіс.

Екі жылғы жауын-шашынның есебінен сүрі жерде айтарлықтай ылғал қоры жинақталады, мұның өзі жаздық бидайдан тұрақты да мол өнім алудың негізі болып табылады. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-нің егіншілік бөлімінің деректері бойынша орта есеппен 14 жылда топырақтың 1м қабатындағы өнімді ылғал қоры күзде өңделген дәнді дақылдар танабында 101,1 мм, ал сүрі жерде 150,1 мм болды.

Бірдей жағдайда егістіктің арамшөптермен ластануы сүрі жер емес алғы дақылда сүріге қарағанда анағұрлым жоғары. Мәселен, орта есеппен 13 жылда карбонатты оңтүстік қара топырағындағы сүріге себілген жаздық бидай егістігінің 1м2 36,5 дана арамшөп болды, оның ішінде біржылдық - 34,6, көпжылдықтары - 1,9, үздіксіз жыл сайын бидай себіліп отырған танапта –тиісінше 128,9, 113 және 15,9 дана болды.

Сүрі жерде топырақтың құнарлығы да артады. Өйткені басқа танаптарға қарағанда мұнда өсімдік сіңіре алатын түрдегі азот қосылыстары көп мөлшерде жинақталады. Жоғары да аталған ғылыми мекеменің деректеріне қарағанда көктемде бидайды себу алдында топырақтың 1м қабатындағы нақты нитратты азот мөлшері сүр жерде 200-400, екінші дақылда - 150-350, үшінші дақылда - 100-300 кг/га болады.

Топырақта ылғал мен қоректік заттардың жинақталуы, жаздық бидай өнімінің артуына мүмкіндік жасайды. Әр түрлі алғы дақылдардың жаздық бидай өніміне тигізетін әсерін Қазақстанның солтүстік облыстарындағы ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі тұрақты ауыспалы егістіктердің көпжылдық деректері жалпы мағлұмат береді (Кесте 25).

Кесте 25. Алғы дақылға байланысты жаздық бидай өнімі, ц/га

Ғылыми мекемелер мен кезіндегі жауапты орындаушылар

Сүрі танабы

Сүріден кейінгі жаздық бидай

Сүрідегі екінші дақыл

Жүгері (сүрлемге)

Үздіксіз себілген жаздық бидай

ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» РММ (Шрамко Н.В.)

18,8

16,1

14,5

15,4

9,1

Қостанай ауылшаруашылық ғылыми зерттеу институты (Гилевич С.И.)

14,2

11,2

9,0

9,9

7,7

Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық ҒЗИ

(Иодко Л.Н.)

18,3

13,9

11,6

13,9

8,7

Кезкелген жылдары, метеорологиялық жағдайлардың ерекшеліктеріне қарамай, сүрі жердің жаздық бидайға өте жақсы алғы дақыл екендігін өндірістік деректер де көрсетті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстарының 97 шаруашылығында 285 мың га сүрі жердегі жаздық бидайдың орташа өнімі 14,1 ц/га болды, жүгеріден кейін 87 мың га егістіктен - 15,9 ц/га және 2-3 жылғы дәнді дақылдан кейін себілген жаздық бидайдың 780 мың гектарынан - 10,4 ц/га өнім жиналды.

Сүрі жерлер құрғақшылықты аймақта жаздық бидайға барынша жақсы алғы дақылдар қатарына жатады. Дегенмен, олар шаруашылықта экстенсивті жұмыстың белгісі. Сүрі жерлерді бағалағанда одан кейінгі дақылдар өніммен екі жылғы шығынның орнын толтырылуға тиіс екенін ескеру қажет. Сонымен қатар олар экологиялық тұрғыдан (жел эрозиясы) мәселе туындатады, әрі топырақ қарашірігін босқа шығындатады.

Осыған байланысты егіншілік мәдениеті жоғары шарушылықтарда сүрі жерлерді сүрі жерлерді иеленуші дақылдармен – сұлы, асбұршақ ж.б. – алмастыруда.

Топырақ өңдеу. Топырақ өңдеу нақты аймақ жағдайында алғы дақылға, топырақ ерекшеліктеріне, оның арамшөптермен ластануына, басым арамшөптер түріне және көптеген басқа – жағдайларға байланысты өзгереді.

Топырақ өңдеу жүйесі көктемгі себу қарсаңына барынша мол ылғал қорын жинақтауға және оның өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңдерінде үнемді пайдалануына мүмкіндік жасағаны абзал.

Сүрі жерді өңдеу. Сүрі жерді өңдеу аймақтық егіншілік жүйесіне сәйкес жүргізіледі. Қазіргі кезеңде ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің және басқа ғылыми мекемелердің жасаған жазықтілгішті, кешенді құрастырылған эрозияға қарсы, нөлдік, минималды – нөлдік және минималды сүрі танабын дайындау технологиялары қолданылуда.

Жазық тілгішті сүрі танабы алғы дақыл жиналғаннан кейін жазық тілгіш культиваторлардың бірімен 12-14 см тереңдікке өңделеді.

Соның нәтижесінде өсіп тұрған арамшөптер қырқылады, олардың тұқымының бір бөлігі топыраққа сіңіріледі және қопсытылған топырақ суды жақсы жұтады. Қара сұлымен қатты ластанған танаптарды күзде жазық тілгіштермен өңдесімен БИГ-3 имек тісті тырмалармен немесе олардың модификацияларының бірімен 4-6 см тереңдікке қосымша қопсытылады. Ал бұл агротехникалық шара қара сұлы мен басқа арамшөптер тұқымдарының ерте көктемде жаппай өсіп шығуына мүмкіндік жасайды.

Көктемгі жұмыс сүрі жерді қара сұлы жаппай көктегеннен кейін жазық тілгіш культиваторлардың бірімен өңдеуден басталады. Күшті ластанған танаптарда бұл жұмысты дәнді дақылдарды сепкенге дейін жүргізген дұрыс, соның нәтижесінде арамшөптер тым өсіп кетпейді, топырақты өңдегенде олар жеңіл құртылады, әрі топырақ артық кеуіп кетуден сақталады. Сүрі танабының бұдан әрі өңделуі атпа тамырлы арамшөптер күйіне байланысты – олардың сабақтанып кетуіне жол бермеген жөн. Осы мақсатпен пардысүрі жерді өңдегенге дейін (тамыздың соңғы онкүндігі) әрбір 18-20 күнде 10-12 см тереңдікте культивацияланады да жаз бойы кем дегенде 4 рет жүргізіледі. Жаз қуаңшылықты болғанда культиваторлармен сүрі жерді екінші немесе үшінші өңдеуден өткізгеннен кейін атпа тамырлы арамшөптер өсіп шығуы ықтимал. Олардың ішінде ең қауіптісі егістік шырмауық. Қуатты тамыр жүйесінің арқасында ол механикалық өңдеуге өте төзімді. Оны құрту үшін топырақты жазық тілгіш құралдармен өңдеумен қатар 2,4-Д немесе диален гербицидімен бүрку жұмыстарын қабыстырып жүргізу қажет. Бұл жағдайда сүрі жерді екінші өңдегеннен кейін 25-30 күн бойы егістік шырмауықтың өсуіне мүмкіндік беру керек, ал соңынан (тамыздың бірінші онкүндігінде) танап 2,4-Д тобының эфирлерімен (1,2 кг/га ә.е.з. мөлшерінде) немесе диаленмен (1,6-2,0 кг/га ә.е.з.) бүркеледі. Қоректік заттармен бірге төмен түсетін ағыстың нәтижесінде гербицидтер тамыр жүйесіне енеді де келесі жылы шырмауықтың толық жойылып кетуіне әкеліп соғады.

Тамыр сабақты жатаған бидайықпен ластанған сүрі танабын 4-5 рет 14-16 см тереңдікте КПЭ-3,8 немесе КТС-10-01 культиваторымен өңдеген барынша тиімді.

Тамыр сабақты қарабас шалғын (острец) арамшөбімен ластанған сүрі жерді дайындаудың технологиясы біршама өзгеше. Оның тамыр сабағы 18-28 см тереңдікке дейін орналасқан. Оны құрту үшін сүрі танабын қайырмалы соқамен маусымның басында 25-27 см жыртады, жаз бойы жаңа өркендерінің пайда болуына қарай 2-3 рет КПЭ-3,8 немесе КТС -10-01 культиваторымен өңделеді.

Қара сұлы мен итқонақпен, шырмауықты қарақұмықпен ластанған танапты сүріге дайындағанда мүмкіндігінше топырақты таяз өңдеген жөн, топырақтың беткі қабатының терең кеуіп кетпеуін қарастырады. Соның нәтижесінде арамшөптер жаппай өсіп шығады да, кейіннен культивациялаудың тиімділігі артады. Осы себеппен СЗС-2,1 және СЗС-2,1Л сепкіштерін де пайдалануға болады.

Сүрі танабының негізгі өңдеуін тамыздың екінші жартысында жүргізеді.

Солтүстік Қазақстанның карбонатты оңтүстік қаратопырағын, күңгірт қара-қоңыр және қоңыр топырақтарын 20-22 см-ден 25-27 см дейін қопсытады. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының қоңыржай қуаңшылық аймағында механикалық құрамы ауыр, бірақ ылғал қабілеті жақсы қаратопырақтарын 14 см асырмай қопсытса жеткілікті.

Эрозияға қауіпті топырақтарда жолақты сүрі танабы дайындалады. Жазда сүрі жолағы эрозиядан жолақпен себілген жаздық бидай өсімдігінің қыртысымен, ал күзде және көктемде - егін жинағаннан кейін қалдырылған аңыз паясымен қорғалады. Механикалық құрамы ауыр топырақтарда жолақтардың ені 50 м асырылмайды. Мұндай жағдайда танаптар сүрі жер арқылы екі жылда өтеді.

Таза сүрі танабында ылғал жинақтайтын арнаулы шаралар жүргізіледі. 2-3 рет қар тоқтатудың нәтижесінде сүрі танабында 40-50 см қар қабатын жасауға болады, мұның өзі бір метр топырақ қабатын ылғалмен төменгі ылғалсиымдылық дәрежесіне дейін қанықтырады.

Алғашқы қыста сүрі танабында жеткілікті мөлшерде тиімді ылғал қоры, бір метр топырақ қабатында 150-170 мм шамасында, жинақталған жағдайда келесі жазда ықтырма себудің қажеті болмайды, барлық күш танапты арамшөптерден тазартуға жұмсалады. Алайда, көбінесе ықтырмасыз сүріде жаздық бидай себудің қарсаңында тиімді ылғал қоры 120 мм аспайды. Сондықтан ықтырма сеуіп өсіру-жаздық бидайдың оңтайлы өсіру технологиясының бірден-бір қажетті шарты. Осыған байланысты сүрі танаптарында екінші қыстың қарын тоқтату үшін қышадан ықтырма өсіріледі. Ол шілденің алғашқы онкүндігінде арнаулы СКН-3 сепкішімен себіледі. Топырақтың беткі қабаты біршама кеуіп кеткеннің өзінде ол қышадан қос қатарлы ықтырманы қамтамасыз етеді. Кәдімгі СЗС-2,1 сепкішін де пайдалануға болады. Ол үшін 2-3 қатарлы ықтырмаға әрбір 8-12 м сайын 4-5 см тереңдікке гектарына 500-600 г мөлшерінде қыша тұқымын себеді.

Қыша ықтырмасы 30-40 см қар қабатын жасайды, соның нәтижесінде қар тоқтатқыштармен қар тоқтатудың қажеті болмайды.

Жекелеген өте құрғақ жылдары ықтырма себу алдында сүрі алқаптарының беткі қабаты (8-10 см дейін) барынша кеуіп кетеді де қыша ықтырмасының егін көгін алу қиындап кетеді. Мұндай жағдайда ықтырмаға сұлы себіледі, өйткені оның тұқымын тереңірек сіңіріп, жақсы егін көгін алуға болады. Шілденің басында аралығын 8-10 м етіп СЗС-2,1 сепкішімен немесе оның модификацияларының бірімен (СЗС-6/12) 4-5 қатарлы ықтырма себіледі. Сұлы ықтырмасының қышаға қарағанда қар тоқтату қарқыны шамалырақ, сондықтан қар тоқтатудың қажеттігі туады.

Еңкіштігі 1º дейінгі танаптарға ықтырманы қыратқа көлденең себу ұсынылады және су эрозиясынан сақтау үшін терең қопсытуды күзде жүргізеді. Еңкіштігі жоғары қыраттарда ықтырмалы сүрі жасау қауіпті, өйткені ондай алқаптарда су эрозиясы дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда сүрі танабы кезінде «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ–ның ғалымдары зерттеп жасаған құрастырылған сүрі жер технологиясы бойынша дайындалады.

Құрастырылған сүрі танабы су эрозиясына ұшыраған сүрі жер алқаптарының бір бөлігіне орналастырылады. Таза сүрі бүкіл танапқа орналастырылғанда, құрастырылған сүрі жолақтары оны жел және су эрозиясынан қорғауға пайдаланылады.

Құрастырылған сүрі танабы дайындаудың технологиясы төмендегідей: күзде топырақ жазық тілгіштермен 10-12 см тереңдікке өңделеді; мамырдың екінші онкүндігінде аталған құралдармен 12-14 см өңделеді де бір мерзімде фосфор тыңайтқышы енгізіледі; 15-20 маусымда 2,4-Д тобының амин тұзының 3 кг/га ә.е.з. мөлшерімен танап бүркіледі; 10-12 шілдеде топырақ себу алдындағы өңдеуден өтеді де әрбір 12м кейін қышадан, ал оның аралығында себу мөлшері 0,8-1,0 млн/га өнгіш тұқыммен сұлы себіледі; қыркүйектің аяғында сұлы көк балаусаға шабылып алынады және топырақ терең қопсытылады; егер қыша ықтырмасы нашар өскен болса, сұлыны шапқанда әрбір 6 м сайын жолақ қалдырылады, қажет болғанда қыста қар тоқтатылады.

Минималды сүрі танабында (қара сұлылы – атпа тамырлы арамшөптермен ластанғанда) топырақ өңдеу көпфункциялы сепкішкешендер, сепкіштер, культиваторлар, жазықтілгішті культиваторлардың бірімен 8-12 см тереңдікке жүргізуден басталады; екінші өңдеуге глифосатты гербицидтердің бірімен (арсенал 25% с.к., фозат 36% с.е., ураган 480 с.е.) шілде айының ортасында 3-4 л/га мөлшерде танап бүркіледі; үшінші өңдеу (соңғы) жаздың соңында, егін жинауға дейін терең қопсытқыш-саңылау жасағыштар, жазық тілгішті тереңқопсытқыштар, көпфункциялы топырақ өңдеуші кешендердің бірімен 20-27 см тереңдікке жүргізіледі.

Тамыр сабақты жатаған бидайықпен (пырей корневищный) және тамыр сабақты қарабас шалғын (острец) арамшөптерімен ластанған сүрі танабында бірінші өңдеуді шамамен маусым айының соңында арамшөптердің биіктігі 12-15 см жеткенде жалпы әсерлі гербицидтердің бірімен 4-5 л/га мөлшерде танапты бүркуден бастайды. Сонымен арамшөптердің пайда болуына қарай 10-14 см тереңдікте екі рет механикалық өңдеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде арамшөптер тамырлары оталып жұлынады да танап тазарады.

Минималды – нөлдік сүрі танабын өңдеу маусым айының екінші онкүндігінде глифосатты препараттардың толық мөлшерін қолданудан басталады да қара сұлылы – атпа тамырлы ластану түрінде 3-4 л/га, ал тамырсабақты-жатаған бидайықты – қарабас шалғынды ластану түрінде 4-5 л/га мөлшерде танап бүркіледі. Тамыздың соңы – қыркүйектің басында сүрі танабы терең қопсытылады (25-27 см). Осылай дайындалған сүрі танабында 70-80% егіс паясы (аңыздық қалдық) мен өсімдіктер қалдықтары сақталады, қарашіріктің ыдырауы азаяды, 40-53% жанар-жағармай үнемделеді.

Нөлдік сүрі танабын өңдеу маусымның екінші онкүндігінде (арамшөптер жаппай көктегенде) глифосатты препараттардың толық мөлшерімен, арамшөптермен ластану түріне байланысты 3-5 л/га, өңдеуден басталады. Арамшөптердің пайда болуына қарай екінші химиялық өңдеу (бүрку) 1,5 л/га раундап + 1,5 л/га 2,4–Д тобының амин тұзымен немесе глифосатты гербицидпен шамалы деңгейде ластанғанда оның азайтылған мөлшерімен жүргізіледі.

Нөлдік өңдеуде танаптарда 85-95% егіс паясы мен өсімдіктер қалдықтары сақталады, танаптарда барынша көп мөлшерде қар қабаты жинақталады, ылғал қоры сақталады, 20-30%-ға қарашіріктің ыдырауы азаяды (топырақ құнарлығының негізгі элементі) топырақ жел эрозиясынан барынша (максималды деңгейде) қорғалады, жанар-жағармай шығыны 4-10 есе азаяды.

Топырақ өңдеу жүйесіндегі жаңа тұжырым (концепция) бойынша дәнді-сүрі танапты ауыспалы егістер жүйесінде топырақ тығыздығының, қаттылығының, босқуыстылығының көрсеткіштері табиғи күйдегідей болса және механикалық өңдеуді гербицидтермен ауыстырғанда жаздық бидайдың өсіп-дамуына оңтайлы жағдайлар сақталғанда топырақты жыл сайын өңдеу міндетті емес.

Ресурсүнемдегіш технология жағдайларында қар қорын жинақтау мен тоқтатудың негізгі агрошарасына егінді жинау кезеңінде салыстырмалы түрде биік паясын (стерня) қалдыру болып табылады. Аңыз паясы аласа болғанда, қысқы қар тоқтатуды кең алымды гидрофицирлі қартоқтатқыш – атжалжасағыш СВШ – 10, СВШ – 7 және тіркемелі қартоқтатқыш-атжалжасағыш СВУ-2,6 қолданылады. Қар атжалдарын жасау аңыздағы қар қабаты 12-15 см-ге жеткенде және табанында 5 см қалыңдықта қар қалатын жағдайда жүргізіледі.

Атжалдар (қар қырқалары) желдің басым бағытына көлденең болғаны дұрыс және олардың арасы төбесінен есептегенде 4-5 метрден аспағаны жөн.

Солтүстік Қазақстан аймағында, жоғарыда көрсетілгендей далалық ауыспалы егістерде жаздық бидайды оңтайлы технологиямен өсіргенде сүрі емес алғы дақыл ретінде сүріден кейінгі бірінші бидайды, отамалы дақылдарды (сүрлемдік жүгері т.б.) пішенге, немесе жалқы азыққа біржылдық шөптерді, көпжылдық шөптерді т.б. пайдалануға болады. Топырақты негізгі өңдеу алғы дақылға, топырақ құрамы, тығыздығы, ылғалдылығы және рельефіне байланысты ерекше жүргізіледі.

Екінші бидай үшін алғы дақыл жиналғаннан кейін топырақ жазық тілгіш құралдармен (КПШ-9, КТС-10-1, КПЭ-3,8 ж.б) өңделеді. Алдындағы сүрі танабы 25-27 см қопсытылған болса, онда карбонатты Оңтүстік қара топырағы мен қара-қоңыр топырақтарда екінші бидайға негізгі өңдеу 10-12 см тереңдікке жүргізіледі. Өңдеу кезінде бұл топырақтардың ылғалдылығы 22%-дан жоғары болса күзгі өңдеуді 20-22 см дейін жеткізеді. Құмдақ, жеңіл және орташа саздақ топырақтарда 10-14 см жеткілікті. Сортаңдау топырақты рельефіне, сүрідегі тереңдігіне қарамай сүдігер 20-22 см тереңдікке өңделеді.

Тез тығыздалатын ауыр топырақтарда сүдігер 27-30 см терең жүргізеді. Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтарында сүрі танабының қалай өңделгеніне қарамай күзде топырақ 20-22 см қопсытылып жүр. Мұның өзі жаздық жұмсақ бидайды интенсивті өсіргенде екі рет қар тоқтатылып, оның қалыңдығы 40-45 см жеткізуге байланысты және көктемде мұндай танаптарға ылғал жақсы сіңіріледі.

Жаздық бидай өсіруде алғы дақылға отамалы дақылдар ішінде сүрлемдік жүгері жиі пайдаланылады. Әдетте жүгеріге топырақ 20-22- ден 25-27 см дейін жазық тілгіш құралдармен немесе қайырмалы соқамен терең өңделеді. Жеңіл топырақ тек қана жазық тілгіш құралдармен саяз өңделеді.

Аталған ерекшеліктер топырақты бидай өсіруге дайындағанда ескеріледі.

Мал азығына өсірілетін шөптерден бидайға қарағанда танаптар ерте (1,0-1,5 ай) босайды. Сондықтан шөптерді жинап алысымен ине тісті тырмалармен (БИГ-3) немесе сыдыра жыртқыштармен (ЛДГ-10, ЛДГ-15) 5-6 см тереңдікке өңдейді. Арамшөп көгі шыққаннан кейін топырақ тығыздығы мен ылғалдылығына байланысты жазық тілгішті құралдармен (КПШ-9, КПГ-2-150, ПГ-3-5 ж.б.) негізгі өңдеуден өтеді.

Солтүстік Қазақстан облыстарында нақты топырақ – климат жағдайында жаздық бидайға көпжылдық шөптен (еркекшөп) босаған танапты негізгі өңдеу мына технология бойынша жүргізіледі.

- құрғақ далада шөп жинап алынғаннан кейін оның қыртысы КПШ-5 немесе КПШ-9 жазық тілгішімен тілінеді, соңынан шымды бірнеше рет өңдеп терең қопсытылады (ПГ-3-5, КПГ-2-150 ж.б.);

- қуаңшылықты далада шөп қыртысын әуелі ауыр тырмалармен (БДТ-7) үгітеді, содан соң соқамен ( ПН-8-3,5, ПН-3-35) жыртылады және соңынан қажеттігіне қарай танап сыдыра жыртқыштармен өңделеді. Сондықтан қыста ылғал жинақтау шараларының маңызы өте зор. Солтүстік Қазақстанда қар түрінде түсетін ылғал мөлшері 60-80мм, алайда қысқы қатты желдің әсерінен қар танаптардан жыраларға, сайларға т.б. үйіледі. Осыған байланысты – қар тоқтату сүрі жер алғы дақылдарда жаздық бидайды оңтайлы өсіру жүйесіндегі қажетті шара.

Қар тоқтату - СВУ-2,6 немесе СВШ-10 қар тоқтатқыш құралдармен іске асырылады. Ол қар қабаты 12-15 см (қараша – желтоқсан) жеткенде басталады да желдің басым бағытына көлденең жүргізіледі. Егер танаптар еңкіш болса, қар жалдары негізгі қыратқа көлденең жасалады. Жалдардың ара қашықтығы төбесінен есептегенде 4-5 м аспағаны жөн. Қар тоқтатуда еңбек өнімділігін арттыру үшін агрегаттар 2-3 СВУ-2,6 қар тоқтатқыштан құрастырылады. Гидрокөтергішті СВШ-10 қар тоқтатқыштар бірден ара қашықтығы 4м екі қар жалдарын қалыптастырады.

Күзде топырақтың 1м қабатындағы тиімді ылғал қоры 70-80мм болғанда, қыста 38-40 см, ал ылғал 30-40 мм болғанда – қыста қар қабатын 50-55 см дейін жеткізеді.

Қар аз жылдары ол екі рет тоқтатылады, екінші рет қар жалдары алғашқыларының арасынан жасалады.

Ерте көктемгі топырақ өңдеу күзгі кесек топырақты сүдігерде, жазық тілгішті технологиямен дайындалған сүрі жерлерде жүргізіледі және оның физикалық пісу кезеңінде басталады. Негізгі мақсаты –екпе дақылдар тұқымдарын біркелкі сіңіру үшін топырақ бетін тегістеу және қара сұлы тұқымын сіңіру. Тәжірибеде алғашқы көктемгі топырақ өңдеуі «ылғал жабумен» теңдестіреді. Бұл жұмысты жүргізуге творчестволықпен қарау керек: барлық сортаңдау топырақтарда, жаз аяғында немесе күзде терең қопсытудың нәтижесінде ірі топырақ кесектері пайда болған танаптарда ерте көктемгі топырақ өңдеу – қажетті агротехникалық шара. Ол үшін тісті тырмалармен топырақ 4-5 см тереңдікке өңделеді. Ықтырмалы сүрі танабында тырмалау ықтырма бағытымен жүргізіледі, өйткені тырмалардың бітісіп қалмауы және көктемгі қатты желден топырақ бетінің қорғалуы көзделеді. Тым ірі кесекті топырақ бетін тығыздағыштармен (каток) тығыздайды. Карбонатты оңтүстік қара топырағында бетін тегістеу қажеттігі болмаса және 10-12 см өңделген сүдігер де, сонымен қатар күзде ине тісті тырмалармен өңделген алқаптарда ерте көктемде тырмалауды жүргізудің керегі жоқ.

Аралық культивация қара сұлы мен қатты залалданған және триаллат, немесе авадекс енгізілмеген танаптарда жүргізіледі. Культивация қара сұлының жаппай көгі пайда болғанда (1м2 алаңда 50 өсімдік болғанда ) жасалады. Аралық культивациядан қорқудың қажеті жоқ, өйткені қара сұлының жиі көгі топырақты қопсытқаннан кем ылғал жұмсамайды. Жалғыз-ақ бұл жағдайда топырақты қосымша тығыздау қажет. Аралық культивация табанды КПС-4 культиваторымен жүргізіледі, СЗС-2,1 сепкішін және дискілі сыдыра жыртқыштарды да пайдалануға болады (соңынан тырмаланып тығыздалады).

Қара сұлымен жоғары дәрежеде ластанған танаптарға триаллат немесе авадекс қолдануға болады. Оларды себуге дейінгі кезеңнің кезкелген уақытында топыраққа 3-5 см тереңдікке сіңіреді. Ең дұрысы мұны бір агрегатпен іске асырған дұрыс: бүріккіш штангасы тісті тырма немесе сыдыра жыртқыш рамасына бекітіледі. Сонымен гербицид енгізу аралық немесе себу алдындағы культивациялаумен қабыстырып жүргізіледі. Бір есте ұстайтын жайт, қара сұлыға қарсы гербицид енгізілетін танаптарда алғашқы көктемгі өңдеу жұмысын сыдыра жыртқыштармен жүргізген жақсы, өйткені аңыз паясы мен сабан қалдықтары топыраққа сіңіріледі. Бұл енгізілетін гербицидтің тиімділігін айтарлықтай арттырады.

Себу алдындағы культивация екі мақсатты көздейді: жаздық бидай тұқымы ылғалды қабат пен тығыз орынға орналастырылады және арамшөп көгі құртылады. Ластану дәрежесі және олардың тамырлануына қарай қара сұлыға қарсы дискілі сыдыра жыртқыштар қолданылады, қалуенді жазықтілгішпен кеседі, ал жатаған бидайықты ауыр культиваторлармен тарап құртады.

Себу алдындағы топырақ өңдеуді гербицидті өңдеумен алмастыруға да болады, бұл шара арамшөптерден тазартып қана қоймай, топырақтағы ылғал қорын да сақтауға жағдай жасайды. Себу алдындағы гербицидтік өңдеуді (раундап 36% с.е., 1,8-2,0 л/га) бидайдың кеш себілетін танаптарында себуден 7-8 тәулік бұрын жүргізген тиімді.

Тыңайтқыш қолдану. Тыңайтқыштар-өсімдіктердің қоректендіруін оңтайландыруды, топырақ құнарлығын, дақылдың өнімі мен сапасын арттыруды қамтамасыз ететін маңызды фактор. Жаздық бидай астығының бір тоннасын қалыптастыруға орта есеппен 35-45 кг азот (N), 8-12 кг фосфор (Р2О5) және 17-27 кг калий (К2О) қажет. Топырақтан қоректік заттарды жаздық бидай түптенуден дәннің сүттене пісу кезеңіне дейін барынша қарқынды сіңіреді. Алайда астық өніміне әсер ететін «қиын-қыстау» кезеңі – себу–түтікке шығу аралығы. Қазақстанның көпшілік аймақтарында, әсіресе орманды дала аймақтарында, жаздық бидай үшін тиімді тыңайтқыштардың бірі – фосфор тыңайтқышы. Негізгі астықты өңір Солтүстік Қазақстанда сүрі танабына енгізілген (Р2О5) әрбір киллограмы тура және соңғы әсерімен 10-12 кг-ға дейін қосымша жаздық жұмсақ бидай өнімін қамтамасыз етеді. Оның үстіне ол 5-6 тәулік ерте піседі, ал бұл дер кезінде егінді ысырапсыз жинап, жоғары сапалы астық алуға мүмкіндік береді.

Сүрі танабы фосфор тыңайтқышын енгізетін ең жақсы орын болып есептеледі. Бұл оның жоғары ылғалдылығына, нитратты азотпен қамтамасыз етілуіне және арамшөптерден тазалығына байланысты. Фосфор тыңайтқышы енгізілгенде сүр танабының аталған артықшылықтары толық іске асады және жаздық бидайдың қосымша өнімі артады. Бұлар Қазақстанның ауыл шаруашылық ғылыми мекемелерінің көп жылдар бойы жүргізген зерттеулерінде дәлелденген. Мәселен, Қостанай облысының оңтүстік қара топырақтарында жүргізілген біздің зерттеулеріміз фосфор тыңайтқышының жоғары тиімділігін көрсетті: сүрі танабына енгізілген 60кг Р2О5 бірінші жылдың өзінде жаздық жұмсақ бидайдан 3,4-3,6 ц/га қосымша астық өнімін берді (Қ.К. Әрінов, 1998); «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ–ның өсімдік шаруашылығы кафедрасының ғалымдарының (Қ.М. Мұсынов, Б.К. Әрінов, 2008). Қарағанды облысының күңгірт қара-қоңыр топырақтарының сүрі танабында (2005-2007 жж.) жүргізген тәжірибелерінде орта есеппен үш жылда жаздық бидайдың тыңайтқыш енгізілген (Р60) танаптағы астық өнімі 18,7 ц/га, клейковина мөошері - 32,5%, натуралық массасы - 783 г/л, шынылығы - 70%-ға жетіп, тауарлық астықтың бірінші класс талаптарына сәйкес келсе, тыңайтқыш енгізілмеген (Р0) танапта бұл көрсеткіштер тиісінше - 14,2; 29,9; 774 және 61 ғана болды.

Сүрі танабын дайындағанда әртүрлі себептермен (тыңайтқыш болмай қалғанда, кеш жеткізілгенде немесе қаржы қол байлау болғанда ж.б.) фосфор тыңайтқышы енгізілмегенде жаздық бидайды себерде қатарлап енгізілген Р20 да қосымша жоғары сапалы астық өнімін береді. Атап айтқанда, жоғарыда келтірілген жоғары оқу орнының Ақмола облысының «Исағали» ЖШС-де жүргізген зерттеулерінде (Қ.М.Мұсынов, Б.К.Әрінов, 2009) сүрі танабына Р20 мөлшерінде себумен қатар тыңайтқыш енгізілгенде Астана жаздық жұмсақ бидай сортының астық өнімі -15,9 ц/га, клейковинасы 37,0% болғанда, бақылау вариантында (Р0) астық өнімі 2,6 ц/га, ал дәндегі клейковина мөлшері 2,7%-ға төмен болды.

Ғылыми деректерге қарағанда, таза сүр танабына енгізілген 60 кг/га Р2О5 қанша жиынтық қосымша өнім берсе, қатарынан үш жыл енгізілген 20кг/га Р2О5 сондай қосымша өнім береді. Сондықтан жаздық жұмсақ бидай өсірудің оңтайлы технологиясында тыңайтқыш енгізудің аталған екі тәсілі де бірдей деп қорытынды жасауға болады.

Фосфор тыңайтқышын қатарлап енгізудің кемшіліктері де жоқ емес: қуаңшылық жылдары топыраққа енгізілген фосфор тыңайтқышы құрғақ қабатта қалып қояды да бидайдың жас өсімдіктері тиімді пайдалана алмайды, соның нәтижесінде астық өнімі төмендейді.

Ауыспалы егіс көлеміне толық мөлшермен (60-80 кг/га ә.е.з.) негізгі тәсілмен енгізілген фосфор тыңайтқышының бірқатар артықшылықтары да бар: 4-5 жылда бір рет енгізіледі және соның нәтижесінде бірінші және одан кейінгі жылдары бидай өнімінің артуы қамтамасыз етіледі; қуаңшылықты жылдардың өзінде, тыңайтқыш топыраққа дұрыс сіңірілген болса, қосымша өнім алынады.

Жаздық бидай өнімі мен сапасын арттыру жолында негізгі аймақтарда тыңайтқыш енгізудің мынадай шараларын орындаған дұрыс: 1га егістікке есептелген ауыспалы егістіктің бүкіл айналымына Р2О5 20-25 кг мөлшерінде сүрі танабына фосфор тыңайтқыштарын негізгі енгізу:

- төмен және өте төмен дәрежеде қамтамасыз етілгенде тыңайтқыштарды екі кезеңмен енгізген жөн- тыңайтқыштардың 2/3 бөлігін 14см және одан тереңірек сүр танабына, ал қалған бөлігін себу кезеңінде 10-12 кг ә.е.з. мөлшерінде, немесе барлық мөлшерін СЗС-2,1 сепкішімен (немесе оның модификацияларының бірімен) сүр танабына 10-12 см-ге сіңіру қажет;

- орташа дәрежеде қамтамасыз етілгенде себу кезінде енгізу тиімсіз; барлық мөлшерін ГУН-4, КПП-2,2У құралдарының бірімен аралық немесе негізгі өңдеу кезінде сүр танабына 14 см енгізген дұрыс;

- фосформен жақсы қамтамасыз етілген танаптарда фосфор тыңайтқышын өніммен шығындалатын мөлшерде енгізу керек;

- топырақ фосформен жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенде —тыңайтқыш енгізудің қажеті жоқ.

Фосфор тыңайтқыштарын енгізудің ең қолайлы мерзімі- жаздың соңы немесе сүрі танабын негізгі өңдеу алды, мұның өзі арамшөптердің тыңайтқышпен енгізілген қоректік заттарды босқа шығынға ұшыратпауға мүмкіндік береді.

Барлық жағдайда төрт танапты ауыспалы егісте екінші дақылға азотты тыңайтқыш (30-45 кг/га ә.е.з.), бес танаптыда – үшінші дақылға азотты тыңайтқыштардың бірін (N30-60 кг/га мөлшерінде) себу алдында немесе себумен қатар енгізген абзал.

Тыңайтқыштарды топырақ түріне, картограммаға сәйкес қоректік заттармен қамтамасыз етілуіне, ауыспалы егістегі айналым ұзақтығына, ылғалмен қамтамасыз етілуіне, бағдарламаланған өнімге байланысты жоғарыда келтірілген талаптарға сай енгізіледі.

Тұқымды себуге дайындау. Себуге өнімділік қасиеттері жоғары тұқымды пайдаланған жөн, әрі ондай тұқым сорттары мемлекеттік тізімнен себуге рұқсат етілген болуы тиіс.

Тұқымды тазалау және себу кондициясына жеткізу күзде аяқталады. Көктемде себу алдында тұқымды құрғақ ауада қыздырады, дәрілейді және қажеттігіне қарай кейбір препараттармен өңдейді.

Құрғақ ауада қыздыру тұқым сапасына оң әсерін тигізеді. Бұл өну энергиясы мен танаптық өнгіштікті арттырудың бір жолы. Құрғақ ауада қыздыруды күн көзінде 15-20оС-да жүргізген жақсы. Бұл жұмысты арнаулы белсенді желдеткіш құрылымдарында (15-20оС жылылықта) жүргізгенде ыңғайлы және тиімді.

Тұқымды дәрілеу. Тұқымды саңырауқұлақ және бактериялық ауру қоздырғыштарынан залалсыздандыру үшін уақытында және сапалы дәрілеу (себуден 1-2 ай бұрын) қажет. Қазақстанда қара күйе, тамыр шірігі ж.б. ауруларға қарсы жүйелі әсері бар витавакс 200 фф 34%, ТМТД 80% (1,5-2,0 кг/т), витарос (2,0-2,5л/т), раксил 6% (0,4л/т), премис 2,5% (1,0-1,5л/т) ж.б. улы химикаттардың бірімен өңдеген тиімді. Дәрілеуді негізінен ылғалдандыру тәсілімен жүргізген дұрыс (10л су 1т тұқымға), бұл экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, әрі препарат тұқымға жақсы жабыстырылады. Дәрілеуді арнайы машиналарда (ПС-10ж.б.) және алаңдарда жүргізген абзал.Тозаңды қара күйеге қарсы термиялық залалсыздандыруды қолданады.

Себу мерзімі. Жаздық бидайдың себу мерзімі аймақтың ерекшеліктерді ескере отырып анықталады, өйткені себу мерзімі алынатын астық өнімі мен сапасына айтарлықтай әсер ететін маңызды агротехникалық шаралардың бірі. Себу мерзімі, астық дақылдары дамуының физиологиялық ерекшеліктерімен және өнімділік мүшелерінің түзілу желісімен айқындалады.

Климат, топырақ жағдайлары және дақылдың ауыспалы егістегі орнымен қатар себу мерзіміне нақты шаруашылықтың техникамен жарақтануына, оның өнімділігіне тікелей байланысты. Әдетте шаруашылықтарда оңтайлы себу мерзімін таңдап алу барлық факторлар арасындағы ымыра болып табылады.

Қазақстанның өзіндік климат жағдайлары жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімін таңдауға ерекше амал талап етеді.

Републиканың солтүстік аудандарында ерте көктемгі құрғақшылық қалыпты үрдіс, ол топырақтың беткі қабатын кептіріп жібереді, сирек егін көгін қалыптастырады, бидайдың тамырлану жағдайларын нашарлатады. Құрғақшылықтың бұл түрі түптенуді, түйін тамырлардың түзілуін және генеративті мүшелердің (органдардың) қалыптасуын тежейді. Аймақтың айтарлықтай ерекшелігіне жауын-шашынның әркелкі бөлінуі және барынша мол ылғал шілде мен тамыз айларына сәйкес келуі жатады.

Бұл аймаққа тән жаздың екінші жартысындағы барынша жоғары мөлшердегі жауын-шашын өсірілетін дақылдардың сорттық құрамы мен өсіру технологиясына ерекше талап қояды. Сондықтан бұл аймақта жаздық бидайдың себу мерзімін анықтайтын басым белгілерге (критерий) мыналар жатады:

- өсімдіктердің өсіп-дамуының қиын-қыстау кезеңдерінде қажетті ылғал мөлшерімен қамтамасыз ету;

  • дәннің толысуы мен пісу кезеңдерінде температура ережесін ескеру қажет.

Орталық Қазақстанда жаз айларындағы аңызақтығымен қоса қатал атмосфераның және топырақ құрғақшылығы себепті мұнда жаздық бидайдың өсіп-дамуының алғашқы жартысында пәрменді тіршілік қызметін көрсететін сорттарын өсірген дұрыс, өйткені олар қысқы-көктемгі ылғал қорын жақсы пайдаланады.

Бұл өнірде жаздық бидайдың себу мерзімін анықтайтын негізгі белгілерге жататындар:

  • танаптың ластану деңгейі;

- өсіп-даму кезеңіндегі жауын-шашынның бөлінуі;

- күзгі бозқыраумен жарақаттану қаупі;

Ғылыми деректермен дәлелденгендей және озат шаруашылықтардың тәжірбиесі көрсеткендей, Солтүстік (Павлодар облысының 4-аймағынан басқа) және Орталық Қазақстанда жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімі 15-30 мамыр аралығы болып табылады. Оған дәлел, орта есеппен 25 жылда ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің Ақмола облысында жүргізген тәжірибелерінде жаздық жұмсақ бидайдың астық өнімі себу мерзіміне байланысты мынадай болды: 5 мамырда - 13,3; 10 мамырда - 14,1; 15 мамырда - 15,2; 20 мамырда - 16,1; 25-мамырда – 15,7; 30 мамырда – 16,0 және 4 маусымда - 14,4 ц/га. Солтүстік Қазақстанның басқа облыстарында осындай заңдылық байқалды. Бір есте ұстайтын жәйт, орташа мерзімде пісетін сорттарды 19-20 мамырда себе бастаған дұрыс және 28 мамырға дейін аяқтаған жөн, ал ортадан кеш пісетін сорттарды 15-18 мамырда сеуіп бітіру керек. Қара сұлымен ластанған танаптарда жаздық бидай себуді 20 мамырдан кейін бастап, 25 мамырға дейін аяқтауды жоспарлаған дұрыс, бидайдың күзгі бозқыраумен зақымданбауы ескеріледі.

Аймақта өсірілетін сорттардың пісу мерзіміне, көктемнің сипаты мен бір метр топырақ қабатындағы ылғал қоры, танаптың ластану деңгейіне, сонымен бірге шаруашылықтардың фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етілуіне байланысты жаздық бидайдың төмендегідей себу мерзімі ұсынылады:

- ерте құрғақшылықты көктемде орташа мерзімде пісетін сорттарды себуді 18 мамырдан ерте бастауға болмайды, ал көктем кеш әрі салқын болғанда тыңайтқыш енгізілген сүрі танабында құрғақ-далалы аймақта 23 мамырға дейін, құрғақшылықты аудандарда 21 мамырға дейін сеуіп бітіру қажет; тыңайтқыш енгізілмеген сүрі жерлерде бидай себуді 20 мамырға дейін аяқтайды.

  • ортадан кеш пісетін сорттарды орташа мерзімде пісетіндерге қарағанда 3-5 тәулік бұрын себе бастаған дұрыс; таза сүрі танабының ауданы шамалы болғанда, техникамен жақсы жарақтанғанда және жұмыс тыңғылықты ұйымдастырылғанда жаздық бидайдың мұндай сорттарының оңтайлы себу мерзімі – 20-22 мамыр;

Орташа ылғалды жылдары жаздық жұмсақ бидайдың оңтайлы себу мерзімі: орташа мерзімді сорттар үшін – 15-25 мамыр, ортадан кеш пісетіндерге – 15-20 мамыр. Оңтайлы себу мерзімі шеңберінде ең әуелі ортадан кеш пісетін сорттарды ылғалы мол және арамшөптерден таза танаптарға, соңынан - орташа мерзімде пісетін сорттарды ылғал мөлшері төмен және арамшөптермен біршама ластанған танаптарға себеді.

Павлодар облысының 4-аймағы үшін жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімі 10-20 мамыр аралығы.

Батыс Қазақстанда және оңтүстік облыстарда жаздық бидайдың оңтайлы себу мерзімі 25 сәуір мен 10 мамыр аралығы. Бұл мерзімдер гүлдену және дәннің толысуы кезеңіндегі аңызақтардың теріс әсерін азайтады.

Шығыс Қазақстан облысының таулы–далалы аймағында, көпжылдарғы зерттеулер көрсеткендей, жаздық бидайдың ең жақсы себу мерзімі- сәуір айының соңы (көктем ерте түскенде) және мамырдың бірінші онкүндігі (көктем кешігіп келгенде); облыстың құрғақ далалы аймағындағы оңтайлы себу мерзімі 15-25 мамыр; көктем ерте түскенде жаздық бидайды себуді 10 мамырдан, ал көктем кешіккенде 20 мамырдан бастауға болады.

Себу тәсілі. Себу тәсілі астық өнімімен қатар өнімнің біркелкілігі мен оның сапасына да әсер етеді. Барынша жетілдірілген себу тәсіліне неғұрлым өсімдіктердің қоректену алаңы квадрат пішініне жақындау егістіктер жатады. Мұндай қоректену алаңы егістіктерде өсімдіктердің жарықты, қоректік заттарды, ылғалды пайдалануы жақсарады. Бұл талаптарға тарқатарлы, тоғыспалы және тоғыспалы-диагоналды тәсілдер сәйкес келеді. Алайда, Республикамыздың барлық аймақтарында жаппай қатардағы себу тәсілі қолданылады; аңыз паясы сақталған танаптарда СЗС-2,1 сепкіштері және оның модификацияларымен себу тәсілі кең тараған; паясыз алқаптарда СЗП-3,6 және СЗ-3,6 сепкіштерімен себілген егістік жақсы нәтиже береді. Барлық жағдайда да шетелдік осы заманғы кешенді тұқымсепкіштердің артықшылықтары бұл бағытта күдік тудырмайды.

Себу мөлшері. Астық өнімінің мөлшері көп жағдайда бір өлшем егістіктегі өнімді масақтар санына байланысты өзгереді. Себу мөлшерін белгілегенде себілетін сорттың түптену деңгейі, танаптың ылғалмен қамтамасыз етілуі және арамшөптермен ластануы ескеріледі. Жаздық бидай арпа мен сұлыға қарағанда әлсіз түптенетіндіктен ол себу мөлшерін біршама арттыруды қажетсінеді.

Құнарлы топырақтарда және жеткілікті ылғал қоры болғанда әрі арамшөптермен ластанған танаптарда себу мөлшерін арттырады, ал құрғақшылықты аудандарда - азайтады.

Аймақтарға қарай жаздық бидайдың себу мөлшері 2,5-тен 4,5 млн/га өнгіш тұқым аралығында өзгереді:

- кәдімгі қара топырақтарда - 3,5-4,5 млн/га өнгіш тұқым;

- оңтүстік қара топырақтарда - 2,5-4,0 млн/га өнгіш тұқым;

- қара қоңыр (каштановые) топырақтарда - 2,0-3,2 млн/га өнгіш тұқым.

Себу тереңдігі. Жаппай егін көгін алуда және жаздық бидайдың біркелкі пісуіне тұқымның топыраққа сіңіру тереңдігі айтарлықтай рөл атқарады. Тұқымды тым терең немесе саяз сіңіруге болмайды. Бұл жағдайда егін нашар көктейді, жаздық жауын шашынның әсерінен қосымша егін көгі пайда болады, астық пісру дәрежесі әртүрлі дәндерден қалыптасады да сапасы төмен болады. Сондықтан тұқым ылғалды қабатқа сіңірілуге тиіс.

Еліміздің көптеген аудандарында жаздық жұмсақ бидайдың қолайлы себу тереңдігі 5-8 см болып табылады.

Тұқымның сіңіру тереңдігі оның сапасына, топырақ климат ерекшеліктеріне, нақты агротехникалық шараларға т.б. байланысты. Көктем салқын болғанда әрі жеңіл топырақтарда тұқымды саяз, ал құрғақ болғанда тереңірек сіңіреді. Сіңіру тереңдігі 8-10см жеткізілгенде егіннің көктеуі кешеуілдейді, далалық өнгіштік пен өнім төмендейді. Мұндай жағдайда себу мөлшері 10% арттырылады.

Кезінде «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ–ның өсімдік шаруашылығы кафедрасының күңгірт қара-қоңыр топырақтағы сүрі танабында жүргізген зерттеулерінде (Әрінов Қ.К., 1998) әртүрлі іріліктегі Сататовская 29 бидайы сіңіру терңдіктерінен түрліше өзгерді. Ірі, орташа және ірі тұқымдарының орташамен қоспасы бірдей тереңдікке сіңірілгенде шамамен бір біріне жақын өнім жиналды. Барынша жоғары далалық өнгіштікпен астық өнімі барлық тұқым фракцияларын 5 және 7,5 см сіңірілген алқаптан алынды. Көпжылдық тәжірибелермен өзіміздің экспериментальды деректерімізге сүйене отырып Қазақстанда нақты топырақ-климат жағдайына байланысты жаздық бидай тұқымының сіңіру терңдігі 5-6 см ден (ылғалды жылдары) 7-9 см дейін (қуаңшылықты жылдар) өзгереді демекпіз.

Егістікті күтіп-баптау. Жаздық жұмсақ бидайды өсіру технологиясында егістікті күтіп-баптауға үлкен маңыз беріледі және оның негізгі буындарына арамшөптерге, аурулар мен зиянкестерге қарсы күрес шаралары жатады.

Арамшөптерге қарсы керес. Сүрі танабын тыңғылықты дайындағанда арамшөптерді құрту мәселесі ойдағыдай шешіледі де көптеген шаруашылықтарда жаздық бидай егістігі бұл бағытта қосымша шараларды қажетсінбейді. Бірақ та жылдар бойы қорланған арамшөп тұқымдары арнаулы күрес шараларын жүргізуге мәжбүр етеді.

Жаздық бидай егістіне егістік қалуен, шырмауық, жатаған бидайық т.б. атпа тамырлы, тамырсабақты көпжылдық арамшөптер, ал біржылдық түрлерінен қара сұлы, жасыл және көкшіл-сұр итқонақ, құс тарысы т.б. үлкен зиян келтіреді. Егістік арамшөптермен шамалы ластанғанда астық шығыны 5-7%, ал күшті ластанғанда - 20-30% дейін жетеді.

Нақты шаруашылықтарда агротехникалық және химиялық қорғау шараларын ұйымдастырғанда танаптардың арамшөптермен ластану карталары жасалады, оларды дастану дәрежесі мен арамшөптердің түр құрамы анықталады. Ластанудың үш дәрежесі -әлсіз, орташа және күшті-ажыратылады. Егістіктің бір шаршы метр алаңында әлсіз ластанғанда тұқым саны (жыртылатын топырақ қабатында) 10 аспайды, 20 аз жылдық және 1 көпжылдық арамшөп өсімдігі болады, орташа ласстанғанда тиісінше - 10-50; 10-70 және 1-3, ал күшті ластанғанда - 50-70 және 3-тен артық.

Еліміздің шаруашылықтарында жаздық бидай егістігінде танаптарды арамшөптерден тазарту жолында арнаулы шаралар жүйесі қолданылады және олар арамшөптердің жаңа тұқымдары мен вегетативтік ұрықтарының таралып кетпеуін де қарастырады. Арамшөптерді құртып басу негізінен химиялық қорғау шараларын қолдану жолымен іске асады. Әрбір шаршы метр егістік алаңында 2 және одан да көп қалуен, 15 қара сұлы, 75 итқонақ және 20-30 басқа азжылдық арамшөп өсімдіктері болғанда гербицидтер қолданылады.

Көктегенге дейінгі тырмалау – арамшөп жіпшелеріне қарсы күрес және жауыннан кейін пайда болған топырақ қабыршағын қопсытуды көздейді. Арамшөптер тамырланбаған өскіндер кезеңінде, ал бидай өскіндері топырақ бетінен 3-4 см төмен жатуы қажет (себуден 4-5 тәуліктен соң). Тырмалау жеңіл немесе орташа тырмалармен жүргізіледі. Егін көгі кезеңіндегі тырмалауды тұқым терең сіңірілгенде егін көгі жиі болғанда, жақсы тамырланғанда, өсімдіктердің өсуі қарқынды жүргенде және топырақта ылғал болғанда жүргізеді. Тырмалауды түптену кезеңінде жүргізген дұрысырақ.

Жаздық бидайдың егістігінде өсіп-даму кезеңдерінде арамшөптерді құртып басу негізінен химиялық қорғау шараларымен іске асырылады.

Егістік қара сұлымен қатты ластанғанда, арамшөптердің 3-4 жапырақ кезеңінде егістік топик 080, к.э. (0,4-0,5л/га) гербицидімен бүркіледі, ал онымен орташа деңгейде және басқа біржылдық астық тұқымдас арамшөптер (құс тарысы, көкшіл, жасыл итқонақ) ластанғанда бидайдың түптену кезеңінде Пума супер 7,5% э.м.с. (0,8-1,2 кг/га) немесе Пума супер 100, 10% к.э. (0,6-0,9 л/га) гербицидімен бүрку жақсы нәтиже береді.

Біржылдық және көпжылдық қосжарнақты арамшөптерді (ала бота, қалуен, шырмауық т.б.) диален супер 480, с.е. (0,5-0,7 л/га) немесе зенкор комби, 73,6 % с.п. (0,4л/га) құртады, ларен 60% с.п. (8-10 г/га) да тиімді гербицид. Аталған гербицидтермен бидайдың түптену кезеңінде кезкелген бүріккіштердің бірімен егістікті бүркуге болады.

Ауруларға қарсы күрес. Қазақстанның көптеген аудандарында жаздық жұмсақ бидайдың кең тараған ауруларына тамыр шірігі, гельминтоспориоз, қара күйе, септориоз, тот ж.б. жатады. Оларға қарсы күрес кешенді түрде егістіктің фитосанитарлық және химиялық шараларды қарастырады. Агротехникалық шаралар негізінен себуге дейін, ал химиялық-себуге дейін және себілгеннен кейін жүргізіледі.

Жоғарыда себуге дейінгі шаралар қарастырылған. Жаздық бидай егістігінде химиялық қорғауды аурудың даму ерекшеліктерін ескере отырып жүргізеді. Ол үшін әрбір танапта 20орыннан кем дегенде 10 өсімдіктен алып талдайды. Егер түптену-түтіктенудің басы кезеңінде бір сабаққа 0,5 және одан да көп тот пустуласы, ал қоңыр тоттың жапырақта 1-2 пустуласы болса егістік бірден химиялық жолмен өңделеді. Екінші өңдеу жұмысы біріншіден кейін 6-10 күннен соң жүргізіледі.

Септориозға қарсы химиялық өңдеудің қажеттігі зиянның экономикалық шегімен анықталады, ал ол өсімдіктің кем дегенде 5% зақымданған бөлігін құрастырады.

Қара күйе, тамыр шірігі аурулары тұқымды дәрілегенде жақсы басылады, ол жөнінде жазылған.

Жаздық бидайдың гүлдену кезеңіне дейін қауіпті ауру түрлері байқалғанда мынадай фунгицидтерді қолдануға болады: қоңыр тот, септориозға қарсы Альто супер 330, к.э. (0,4-0,5 л/га); гельминтоспориозға қарсы Агат 25 к.т.п.с. (10,0 мл/га); ақұнтақ (мучнистая роса), қоңыр тот, гельминтоспориоздық теңбілдікке қарсы фалькон 46%, к.э. (0,4-0,6 л/га), фоликур ВТ, 22,5 %, к.э. (0,5-0,7 л/га), Рекс, 12,5% к.с. (0,5-0,8 л/га) препараттарының бірімен өңделеді.

Зиянкестерге қарсы күрес. Қазақстанның солтүстігінде жаздық жұмсақ бидай өсімдіктері мен өніміне жолақ астық бүргесі, сабақ бүргесі, бидай трипсі, сұр астық көбелегі, табынсыз крест шегірткесі т.б. көп таралған зиянкестер айтарлықтай зиян келтіреді.

Аталған зиянкестерге қарсы тиімді күрес жолдарының бірі жаздық бидай егістігінде химиялық қорғау тәсілін қолдану болып табылады. Бұл тәсіл егістікте зиянкестер саны экономикалық зиянды шекке жеткенде тиімді: жолақты астық бүргесі- бір шаршы метрде қуаңшылықты жылдары 300-400 және ылғалды жылдары 500-600 дана болғанда; сабақ бүргесі көктеу мен түптену кезеңінде сачоктың 10 сермелуіне 20-30 дана; бидай бүргесі сачоктың 20 сермеуіне 600, немесе бидай сабағының өсуі мен жапырақ жалауының пайда болу кезеңінде бір сабаққа 8-10 данасы болғанда; сұр астық көбелегі – дәннің сүттене – балауызданып пісу кезеңдерінде 100 масаққа қалыпты жылдары 20 және ылғалды - 10 жұлдыз құрт болғанда; табынсыз крест шегірткесі балапан құрттары жаппай туғанда химиялық шаралар қолданылады.

Бидай көгін жолақты астық бүргесінен, сабақ бүргесінен гессен шыбыны ж.б. сақтау үшін олардың саны экономикалық зиянды шекке жеткенде конфидор, 20% с.к. (0,06-0,1 л/га), Арриво, 25%к.э. (0,2 л/га) немесе биологиялық БИ-58, 40% к.э. (1,5 л/га) препараттарының бірімен өңдейді.

Бидайдың түптену–түтікке шығу кезеңінде табынсыз крест шегірткелеріне қарсы егістікті сумитион, 50% к.э. (0,8-1,8 л/га) немесе конфидор 20% с.к. (0,07 л/га), ал бидай трипсі, цикадкалар ж.б. залалдану қаупі туындағанда каратэ 050, к.э. (0,2 л/га) ж.б. препараттармен өңделеді.

Жаздық бидай дәнінің сүттене пісу-толысу кезеңінде сұр астық көбелегінің жұлдыз құрттарына (гусеницаларына) қарсы сумитион, 50% к.э. (0,6-1,0 л/га) немесе каратэ 050, к.э. (0,15 л/га ) препараттарымен егістікті өңдеу қажет.

Жаздық бидай егістігін арамшөптерден, аурулар мен зиянкестерден сақтауда химикаттармен өңдеу үшін кіші авиация , жер үсті бүріккіштері қолданылады. Көптеген жағдайларда егістікті авиациямен өңдегенде жұмысшы ерітіндінің шығыны 25-50 л/га, ал жер үсті бүріккіштерінде -100-300 л/га.

Пестицидтермен жұмыс істегенде техника қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет, сонымен бірге Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы саласында қолдануға рұқсат етілген арамшөптерге, аурулармен зиянкестерге қарсы пайдаланылатын химиялық құралдардың тізімінде бекітілген енгізу уақыты мен мөлшерін орындау шарт.

Қоршаған ортаның экологиялық қорғалуын қамтамасыз ету мақсатымен химиялық өңдеу жұмыстарын жел жылдамдығы 4 м/сек. аспайтын жағдайда жүргізілуі тиіс. Бір алаңды қайта өңдеу, жұмысшы ерітіндінің көрші егістікке, ағашты алқапқа шашырауына үзілді- кесілді тиым салынады. Орман жолақтары мен жоғары вольтты электр желілері өтетін егістікті жер үсті бүріккіш құралдарымен өңдеген дұрыс. Әдетте, егістікте химиялық өңдеу жұмыстарын таңертеңгі және кешкі сағаттарда жүргізеді, бұл уақыттарда ауа- райы айтарлықтай тымық және температура төмен болады да химикаттардың тиімділігі артады.

ҚАТТЫ БИДАЙ

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қатты бидайдың маңызы айтарлықтай. Оның астығынан жоғары сапалы мәнней жармасын, құнды макарон, кондитер өнімдерін өндіреді. Сыртқы саудада оның астығы жұсақ бидайдан жоғары бағаланады, бәсекеге қабілеттілігі дау тудырмайды. Өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда жаздық қатты бидай астығының өнімі жұмсақ бидайдан қалыспайды. Ақмола облысы жағдайында орта есеппен 5 жылда (1998-2002 ж.ж.) конкурстық сортсынауда қатты бидай өнімі 28,4 ц/га көрсетті. Қазақстанда оның егістік аумағының өсуі байқалады: 2008 жылы қатты бидай 253,6 мың га жерде өсірілсе 2009 жылы - 284,6 мың гектарға жетті. Дүние жүзіндегі егістік аумағы жыл сайын 20-22 млн га алқапты қамтиды, немесе жалпы бидай егістігінің 10%-на таяу.

Биологиялық ерекшеліктері. Қатты бидай бірқатар биологиялық ерекшеліктерімен сипатталады. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда ол климаты жұмсақ Жерорта теңізі елдерінен (Греция, Италия), ал жұмсақ бидай –қатаң климатты Иран, Аравиядан тараған. Бұл қатты бидайдың өсіп-жетілу сипатына айтарлықтай дақ қалдырған. Солтүстік Қазақстан климаты қатты бидай табиғатына сай келмейді. Осында, көп ғасырлы табиғи және қолдан сұрыптау ерекшеліктеріне қарамай, қазіргі қатты бидай сорттары осы түрге тән бірқатар биологиялық қасиеттерін сақтап қалды. Тиісінше қатты бидайдың өсіру жағдайларына ( ылғалға, топыраққа, агротехника дәрежесіне т.б.) өзіндік қажетсінуі қалыптасады.

Қатты бидай шынылы (жылтыр) әрі құрамында белок мөлшері көп болғандықтан өсіп-жетілуінің алғашқы кезеңінің өзінде-ақ ылғалға айтарлықтай жоғары талап қояды. Егер жұмсақ бидай тұқымының өнуіне құрғақ массасының 50-60 % мөлшерінде ылғал қажет болса, бұл көрсеткіш қатты бидайда - 55-67%. Қатты бидайдың сабақ жапырақтары ірі, түп тамырлары сылбыр өседі және түйін (екінші) тамырлары кеш қалыптасады да қатты бидай ылғал жетімсіздігінен көбірек жапа шегеді.

Ылғал жеткілікті жағдайда бір өлшем зат қалыптастыруға суды жұмсақ бидайға қарағанда аз шығындайды, ал қуаңшылықта керісінше, жұмсақ бидай оны тиімдірек пайдаланады.

Ғылыми деректерге қарағанда, қатты бидай топырақ қуаңшылығын нашар көтереді, бірақ ауа қуаңшылығын жұмсақ бидайдан жеңіл көтереді.Қатты бидайдың өсіп-жетілуіндегі «қиын-қыстау» кезеңі жұмсақ бидайға қарағанда ұзағырақ, бұл да оның қуаңшылыққа төзімділігін азайтады. Қатты бидайдың тамыр жүйесі әлсіздеу дамыған, өнімді түптенуі айтарлықтай төмен, мұның өзі көп жағдайда астық өнімін азайтады.

Қатты бидай өсіп-дамуының алғашқы кезеңдерінде жоғары ылғалдылықты және орташа жылылықты, ал соңынан - жоғары температура мен орташа ылғал қорын қалайды. Масақтану-пісіп жетілу кезеңіндегі жоғары температура мен ауа қуаңшылығы масақтың дәнсіздігі мен бос масақшалыққа әкеліп ұрындырады. Қатты бидайдың гүлденуі мен тозаңдануына қолайлы жағдайлар түнгі 10-12ºС және күндізгі максимум 25-31ºС болғанда қалыптасады.

Солтүстік Қазақстан аймағында қатты бидайға әлсіз байланған құмдақ, ауыр сортаңдау топырақтар жарамсыз деп есептеледі. Егін көгінің әлсіздігінен қатты бидай жұмсақ бидаймен салыстырғанда арамшөптерден көбірек зиян шегеді, сондықтан ол арамшөп өсімдіктерінен таза танаптарға орналастырады.

Жаппай тот ауруы байқалған жылдары қатты бидай өнімі жұмсақ бидайға қарағанда біршама жоғары болады, өйткені ол жергілікті танаптарда ол ауруға төзімдірек.

Солтүстік облыстарда қатты бидай егістігіне тамыр шірігі үлкен зиянын тигізеді: егін көгі селдірейді, өсімдіктер әлсіреп, өнімі төмендейді. Сонымен қатар алғы дақыл дұрыс таңдап алынбағанда қатты бидай гүл кенесінен де залал шегуі мүмкін. Аталған ерекшеліктерді қатты бидайдың оңтайлы өсіру технологиясын жасағанда өте мұқият ескеру қажет.

Мемлекеттік тізіммен Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген жаздық қатты бидай сорттары:

Дамсинская 90 – «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де (Шортанды) Гибрид 491 х Алмаздан будандастыру тәсілімен шығарылған. Түршесі – леукурум. Құрғақшылық жылдары 1000 дәннің массасы – 35-42 г, ылғалды жылдары – 45,0-56,9 г. Астық сапасы жоғары: шынылығы – 84-97 %, натурасы – 970-813 г, шикі дән уызы (клейковина) – 32-35 %, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы (көктеу-толық пісу) – 85-87 тәулік. Сорттың әлеуеттік өнім мүмкіндігі жоғары. Бәсекелі сортсынауда Безенчукская 139 бақылау вариантынан (стандарт) 3,6 ц/га, өндірістік жағдайда 4,1 ц/га артық астық өнімін көрсетті. Қазақстанның сортсынау учаскелерінде сынағанда астық өнімі бақылау вариантына 2,0-5,8 ц/га жоғары болды. 1995 жылдан Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында пайдалануға рұқсат етілген және Ақмола облысы бойынша ол стандарт болып табылады.

Костанайская 52 – Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірбие стансасында «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-нің үлгілерінен жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Гордейформе. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 82-85 тәулік, суыққа, қара күйе, тот, септориоз ауруларымен залалдануға төзімді. Орташа астық өнімі – 25-30 ц/га, тәжірбие учаскелерінде 58,4 ц/га дейін, өндірістік жағдайларда - 40 ц/га және жоғары. 2000 жылдан Қостанай облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Сид 88 - Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ мен «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-де «Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» РММ-гі бірлесіп будандастыру тәсілімен және кейіннен сұрыптаумен шығарылған: ол үшін аналық Безострая 54 х Харьковская 46, ал аталық түрге – 59-204 (В.А. Юрьев атындағы Украина өсімдік шаруашылығы және селекция ҒЗИ-нің үлгілері) пайдаланылған. Түршесі – Гордейформе. Масағы орташа ұзындық пен тығыздықта. Дәндері ірі. Сабағы берік. Сорт ортадан кеш піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 85-90 тәулік, суыққа, қара күйе, тот, септориоз ауруларына төзімді. Орташа астық өнімі – 25-30 ц/га. 1993 жылдан Қазақстанның Солтүстік және Орталық облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Безенчукская 139 - Ресей Федерациясының Самара ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да жеке сұрыптау жолымен Безенчукская 121 х Харьковская 46 будандық популяциясынан шығарылған. Түршесі – гордейформе. Дәндері ірі, 1000 санының массасы – 40-45 г. Сорт орташа мерзімде піседі, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 80-100 тәулік аралығында. Бүкіл органогенез кезеңдеріндегі құрғақшылыққа төзімділігі жоғары. Сорт тозаңды қара күйе және жапырақ тотына төзімді. Макарондық қасиеттері жақсы. 1982 жылдан Ақмола, Қостанай Солтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Алтайка - Ресейдің Алтай егіншілік және ауыл шаруашылық дақылдарының селекциясы ҒЗИ-да Харьковская 46 сортынан өсірілген жапырақтылығы жоғары, жапырылмайтын, жоғары өнімді өсімдіктерінен бірнеше дүркін жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Масағы призма пішінді, орташа ұзындықта. Дәні қысқарақ, 1000 санының массасы – 35-45 г. Макарондық сапасы жақсы және өте жақсы, орташа мерзімде піседі, 1981 жылдан Солтүстік Қазақстан облысында пайдалануға рұқсат етілген.

Омский рубин – Ресейдің Сібір ауыл шаруашылық ҒЗИ-да (Алмаз х Харьковская 46) х (Харьковская 46 х Гордейформе 10) х Wells будандастырылуынан кейінгі жеке сұрыптаумен шығарылған. Түршесі – Гордейформе. Сорт орташа мерзімде піседі,1991 жылдан Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Оренбургская 2 – Ресейдің Орынбор ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да Харьковская 46 х Безенчукская 105 будандық популяциясының екінші ұрпағынан (Ғ2) жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Гордейформе. Орташа мерзімде пісетін сорт. 1983 жылдан Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Оренбургская 10 – Орынбор ауыл шаруашылығы ҒЗИ-да (Ресей Федерациясы) Оренбургская 2 сортынан жеке сұрыптау тәсілімен шығарылған. Түршесі – Гордейформе. Орташа мерзімде піседі, 1990 жылдан Павлодар, Ақтөбе облыстарында пайдалануға рұқсат етілген.

Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Өндірістік тәжірибе көптеген жағдайда қатты бидайды жұмсақ бидайға жасалған кепілдеме бойынша өсіреді. Жаздық қатты бидайдың биологиялық ерекшеліктерін ескермейтін бұл кепілдемелер аталған дақылдың сапалы астық өнімін арттыра алмайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, жаздық қатты бидай танаптарының арамшөптерден тазалығына, ылғал мен қоректік заттарға үлкен талап қояды. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ және Қазақстанның басқа да ғылыми мекемелерінің зерттеулері көрсеткендей, қатты бидайға таза сүрі жері өте жақсы алғы дақыл болып табылады. Тәуір алғы дақылға тары, сүрлемдік жүгері, біржылдық қоңырбас және бұршақ тұқымдас шөптер қоспасы, жасыл балаусаға өсірілген күздік қара бидай жатады. Солтүстік Қазақстан жағдайында сүрі емес алғы дақылдан таза сүрі танабының артықшылығы жаздық қатты бидай 1,0-3,9 ц/га, немесе 6,6-25,7% қосымша өнімімен дәлелденеді, ал астық алғы дақылдар мен салыстырғанда бұл көрсеткіштер 2,1-2,9 ц/га , немесе 15,7-20,4% болды. Жаздық қатты бидайды өзінен кейін орналастыруға болмайды. Өйткені бір орында қатты бидайды бірнеше жыл қатарынан өсіргенде аталған дақыл гүл кенесі мен қатты жарақаттанады, масақтың бір бөлігі, тіпті бүтіндей масақтар шіріп кетеді де астық өнімі күрт төмендейді.

Қуаңшылық жылдары қатты бидай ылғал жетімсіздігіне сезімтал, жұмсақ топырақтарға қарағанда қыртыста аз өнім береді. Ылғалды жылдары керісінше, тың және тыңайған жерлердің қыртысы қатты бидай үшін жақсы алғы дақыл.

Тұқымды себуге дайындау жұмсақ бидайға ұқсас. Қатты бидайды өсіргенде кем дегенде өсу күші 70%және 1000 тұқымның массасы 40г бірінші класты тұқым себіледі. Біздің зерттеулерімізде (Қ.К. Әрінов, 1998) жаздық қатты бидайдың өсу күші (100 өскіннің массасы), далалық өнгіштік пен егін өнімінің төмендегені тек ұсақ тұқым фракциясында ғана байқалады.

Себу мерзімі. Солтүстік Қазақстанда қатты бидайдың өнімі мен сапасына айтарлықтай әсер етеді. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» зерттеулерінде орта есеппен 6 жылда жаздық қатты бидайдың мамырдың 5 жұлдызынан маусымның 5-не дейін әрбір бес күн сайын сепкенде ең жақсы нәтижелер мамырдың 20-30 аралығында себілген алқаптан алынды, алайда егістіктің ерте күзгі бозқырау әсеріне ұрынбауы үшін Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында оны 20-25 мамырда сепкен жөн. Ал Павлодар облысының бірінші аймағында оны 23-27 мамырда, екіншісінде 18-23, үшіншісінде 15-20 және төртінші аймағында 12-18 мамырда сепкен дұрыс. Себу мөлшері – жаздық қатты бидай өсіру технологиясындағы маңызды агротехникалық шара. Қостанай, Ақмола облыстарының шаруашылықтары үшін оңтайлы себу мөлшері 2,5-3,5 млн/га өнгіш тұқым себіледі.Қара қоңыр топырақты аймақтың шаруашылықтарында 2,5-3,2, ал қара топырақты аймақта - 2,8-3,5 млн/га өнгіш тұқым себіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының шаруашылықтарының бірінші аймағында 4,0, екінші аймағында - 3,0-3,5, ал үшінші аймағында - 2,5-3,0 млн/га өнгіш тұқым себу ұсынады; Қостанай облысының бірінші аймағында 3,2-3,6, екіншісінде - 3,0- 3,4 млн/га өнгіш тұқым себіледі. Павлодар облысының бірінші аймағында 2,5-3,0, екінші және үшіншісінде 2,2-2,4, ал төртінші аймағында 1,9-2,1 млн/га өнгіш тұқым сепкен дұрыс. Аталған себу нормалары қатты бидайдың нақты өсіру ауданына, алғы дақылға, себу алдындағы тиімді ылғал қорына, өсіру технологиясының басқа элементтеріне қарай өзгеруі мүмкін. Тиісті аймақтарда топырақ ылғалдылығы жетімсіз болғанда ұсынылған себу нормаларының төменгі шегі пайдаланылады, ал ылғалды аудандарда –жоғары шегі қолданылады.

Себу тәсілдері мен тұқым сіңіру тереңдігіне байланысты жаздық жұмсақ бидайдан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Атап өту керек, ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» (Қасқарбаев Ж.А., Кидралин А.И., 2003) танаптық тәжірибелерінде орта есеппен 4 жылда Дамсинская 90 жаздық қатты бидайының тұқымдарын 4,6,8 және 10 см тереңдікке сіңіргенде астық өнімі тиісінше 12,4; 11,9; 11,4 және 10,4 ц/га құрады да, 10 см тереңдікте ғана астық өнімі күрт төмен болды.

Жаздық қатты бидай егістігін күтіп-баптау жаздық жұмсақ бидайға ұқсас. Бір көңіл аударатын жәйт, қатты бидай гүл кенесімен жарақаттануы мүмкін және мұндай жағдайда өнім күрт төмендеп, астық сапасы нашарлайды. Сондықтан қатты бидай тұқымын себуге дайындағанда күнілгері оны Прометрин 40 инсектицидті дәрілегішпен өңдейді, мұның өзі егін көгін гүл кенесінен сақтайды. Аммофос негізіне жасалған 1,6 процентті түйіршіктелген фамидофос топырақ инсектицидін қолдануға да гүл кенесінен қорғап, айтарлықтай өнім алуға болады.

Гүл кенесінің жаппай дамыған жылдары 1,0-1,5 л/га 50% бициклад э.к. немесе 0,15-0,25 л/га 2,5% денис э.к. қолдану жақсы нәтиже береді. Аталған препараттармен қатты бидай егістігін көктеу-түптенудің басында өңдейді (Н.И.Можаев, Қ.К. Әрінов ж.б., 1993ж).

Егінді жинау. Бидайды жинау күрделі жұмыс, оның күрделілігі егістік аумағы, көп жұмылдырылуымен ғана емес, көп жағдайда қолайсыз ауа-райы жағдайларына сәйкес келеді де, астық шығыны мен сапасының төмендеуіне ұрындырады.

Егін жинауда екі тәсілді қолданады: бөлектеп жинау және тікелей орып бастыру.

Егістік бітіктігі мен арамшөптен тазалығы жақсы болғанда және ауа райы қолайлы қалыптасқанда бөлектеп жинау тәсілін қолданған дұрыс. Бұл егін жинауды ерте бастауға мүмкіндік береді, дәннің шашылып қалу шығынын азайтады, дестелер жақсы дегдігенде құрғақ астық алынады, жинау кезеңінің өзінде-ақ астық жақсы тазартылады.

Егер егістік аласа, сирек өссе, ауа-райы жиі түрде өзгермелі әрі жаңбырлы болса, дұрысы оны тікелей орып бастырған жөн.

Жалпы айтқанда, бидай егістігін жинау мерзімі мен тәсілі әрбір шаруашылық танаптарда қалыптасқан жағдайларды ескере отырып жүргізіледі.

Бөлектеп жинауға бидай астығының орташа ылғалдылығы 32-35 %-ға жеткенде кірісе беруге болады. Бұл кезеңде (балауызданып пісудің ортасы) дәнге пластикалық заттардың жинақталуы негізінен тоқталады.

Жаздық бидайды тікелей орып бастыруды астықтың ылғалдылығы 20 %-дан төмен түскенде (іссанада көбінесе 18-16 % жеткенде, оның толық пісу кезеңінде бастаған абзал.

АРПА

Халық шаруашылығындағы маңызы. Қазақстанның мал шаруашылығы саласын ойдағыдай дамытуда жем-азықтық дақылдар өндірісін арттырудың рөлі зор, өйткені жемазыққа бидай астығын пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Қазақстандағы негізгі жемазықтық дақылдарға арпа мен сұлы жатады.

Арпа – маңызды біржылдық малазықтық, азық-түліктік және техникалық дақыл. Арпа дәнінде (астығында) орта есеппен 60% крахмал, 12-13% ақуыз (белок), 2%-дан астам май, 3%-ға таяу күл, 5-7% клетчатка, көп мөлшерде дәрумендер (витаминдер) бар. Арпа астығының химиялық құрамының өзгеруі өсіру жағдайларымен, сорттық ерекшеліктері тікелей байланысты.

Арпа астығының малазықтық құндылығы ақуыз мөлшерінің көптігінен және қабықтылығынаң төмендігінен сұлыға қарағанда жоғары. Сұлының 1 кг-да 1 азықтық өлшем болса, арпада орта есепен – 1,21 а.ө. бар.

Арпа астығы – тамаша құнарландырылған жемазық. Әсіресе оның құндылығы шошқаны беконды және жартылай майлы етке семірткенде арта түседі. Арпамен азықтандырғанда құстардың жұмыртқалағыштығы мен еттілігі артады. Арпаның сабаны мен мекені де жақсы ірі сабақты мал азығы, бағалығы жөнінен ол тары сабанына ғана жол береді (Кесте 26).

Арпа өнімдігінен сүттене-балауыздана кезеңінде дайындалатын жалқы – азық өзінінің биологиялық құндылығы жағынан жоңышқаға жақын. Осы кезеңде жиналған арпа пішендеме дайындауға да пайдаланылады.

Кесте 26. Дәнді астық дақылдарының малазықтық құндылығы (М.Ф. Томмэ бойынша)

Дақыл

Малазық-тық өлшем, а.ө.

Күл, %

Қорыты-латын протеин

Каль-ций

Фос-фор

Каро-тин, мг/кг

г/кг

Астығында:

арпа

1,21

3,0

81

1,2

3,3

1

сұлы

1,0

3,3

85

1,4

3,3

0

бидай

1,20

3,0

117

0,6

4,2

1

қара бидай

1,18

1,8

102

0,8

3,4

2

Сабанында: арпа

0,33

7,2

13

3,7

1,2

4

сұлы

0,31

6,0

17

4,3

1,0

4

тары

0,41

6,6

23

6,4

0,9

10

Арпаның азық-түліктік маңызы да айтарлықтай. Ең алдымен ол жармалық дақыл, оның астығынан арпа жармасы мен перловка жармасын өндіреді. Арпаны кофе суррогатын (қоспасын) дайындау үшін пайдаланады. Оның ұнын қосымша ретінде (10-15%) бидай мен қара бидай ұнына араластырып, нанның ерекше сорттарын пісіреді. Таза күйінде арпадан торкөзділігі төмен, тез үгітілгіш, клейковинасының қасиеттеріне байланысты өте төмен көлемді нан алынады.

Арпа астығы сыра қайнату өндірісінде үлкен рөл атқарады, әсіресе сыра ашытқысын (солод) дайындауға қосқатарлы арпа сорттары өте құнды деп есептеледі, өйткені олардың дәндері біркелкі, ірі, ақуыздылығы төмен (9-12%), қабықтылығы аз мөлшерде (8-10%) және жоғары өну энергиясымен (95%-дан кем емес) ерекшеленеді.

Арпа астығы халықаралық саудада да сұранысқа ие. Қазақстанның арпа экспортының 70%-дан астамы ТМД елдеріне шығарылады, оның ішінде негізгі және дәстүрлі сатып алушы ел қатарына Ресей жатады. Алыс шетелдерден арпаның барынша үлкен көлемі Сауд Аравиясы мен Иранға сатылады. Алайда Қазақстандық арпаның ТМД елдері арасындағы бәсекелестік қабылеті әзірше төмен деңгейде, бағасы да жоғары емес.

Арпаның агротехникалық та өте маңызды жақтары бар: арпа егістігі көктемде танаптарды арамшөптерден толық тазартуға мүмкіндік жасайды, өйткені оның себу мерзімін мамырдың соңы – маусымның басына қарай жылжытуға болады, ол айтарлықтай ерте жиналатындықтан күзгі топырақ өңдеу жүйесіне ерте жүргізуге болады және осының нәтижесінде арамшөптерге жеткілікті қысым жасалады (жоюға мүмкіндік молаяды).

Арпаның көпжылдық шөптерге жақсы бүркемелі (жамылғы) дақыл ретінде де рөлі белгілі: шөптер жамылғыдан ерте босайды да жаздың соңы мен күзде жақсы дамиды.

Арпаның ауыл шаруашылығы өндірісіндегі рөлі, арпаның дәнді дақылдар құрамындағы үлес салмағы жөніндегі пікірталас ертеден жалғасуда, дегенмен дамыған елдерде бұл дақылдың егіс көлемі азайған жоқ, жекелеген жағдайларда егістігінің арту тенденциясы байқалады.

Республикада өткен жүзжылдықтың 90-жылдары жемазық дақылдарын дамытуға қолдау болмады, арпа мен сұлы астығын сатып алу тоқтады. Ал осылардың салдары мал шаруашылығының дамуына кері әсер етті.

Таралуы мен өнімі. Арпа бидай сияқты ертеден өсіріліп келе жатқан дақыл (б.э. дейінгі VI-V мыңжылдық). Оның шыққан тегі Алдыңғы Азия деп есептеледі.

Дүниежүзілік егіншілікте астық дақылдарының ішінде арпа маңызды орын алады және жыл сайын 30 млн. га астам жерге себіледі. Оны Қытай, Үнді, АҚШ, Батыс Европа, кіші Азия елдерінде өсіреді. ТМД елдерінің ішінде арпа өндірісі негізінен Украина мен Ресейде, айтарлықтай егістігі Балтық жағалауы елдерінде, Белорусь, Закавказье және біздің Қазақстанда.

Қазақстанда орта есеппен 2005-2009 жж. жыл сайын 1,8 млн. га алқапқа себілсе, оның 60% Солтүстік облыстардың үлесінде (Ақмола, СҚО, Қостанай және Павлодар). Осы жылдары еліміздегі арпа астығының орташа өнімі 12,1 ц/га болды. Алайда бұл дақылдың потенциалды өнімі әлде қайда жоғары және аймақ жағдайында 20-25 ц/га және одан артық.

Арпа өсімдігінің өнімділік потенциалының төменгі деңгейде пайдаланылуы негізінен оның өсірілуі «қалдық» технологиясы принципінде дақылдың морфологиясы мен биологиялық ерекшеліктері аса ескерілмей іске асырылып келеді.

Арпа сүріден кейін 4-5 дақыл ретінде өсіргеннің өзінде бидайдан 1,5-2,0 ц/га артық астық өнімін береді. Сондықтан арпаны ауыспалы егіске енгізу астық өндірісін айтарлықтай арттыруды қамтамасыз етеді.

Ботаникалық сипаттамасы. Агрономиялық тәжірибеде мәдени арпа - Hordeum sativum L. үш түр тармағына ажыратылады: көпқатарлы (H. s. vulgare L.), қосқатарлы (Н. s. distichum L.) және аралық (H. s. intermedium L.). Түр тармақтарға бөлінуі негізіне масақ білігінің кертпесінде орналасқан жемісті масақшалар саны алынған (Сурет 11).

Көпқатарлы арпада білік кертпесіндегі барлық үш масақшада қалыпты дамып жеміс береді. Көпқатарлы арпа екі топқа бөлінеді: дұрыс алты қатарлы немесе алты қырлы және бұрыс алты қатарлы немесе төрт қырлы. Алты қырлы арпаларда масақ өте тығыз, масақшалар масақ білігінен бірдей қашықтықта орналасқан және көлденең қимасында дұрыс алтықыр жасайды. Төртқырлы арпа масақтары айтарлықтай борпас келеді, ортаңғы масақшалар масақ білігіне қысыла орналасқан, ал бүйір масақшалары масақтың екі жағынан бір-біріне сұғына кіріп, қосарланған қатарлар қалыптастырады және жоғарғы жағында бірігіп кетеді; көлденең қимасында масақ төрт қыр жасайды.

Қосқатарлы арпаларда масақ білігінің әрбір кертпесінде тек қана ортаңғы масақша дұрыс дамып жеміс береді, ал бүйір масақшалары дамымай жеміссіз қалады. Сонымен масақтың әрбір жағында бір қатардан дәндер түзіледі де қосқатарлы масақ қалыптасады. Бүйір масақшаларының дамымай қалу дәрежесіне қарай қосқатарлы арпа нутанция (дамымай қалған масақшаларда масақша қауызы да, гүл қауызы да сақталған) және дефициенция (масақша қауыздары ғана сақталған) топтарына ажыратылады.

Сурет 11. Арпа: 1,2 – көктеу және дәннің толысу кезеңдеріндегі өсім-діктер; 3,4 – қос-қатарлы арпаның масағы және оның көлденең қимасы; 5 – білік кертпесіндегі масақшалар; 6 – дәндер (қабықты жә-не жалаңаш); 7, 8, 9, 10 – сол тәрізді көпқатарлы арпада; 11 – масақ түр өзгерісіне ұшыраған қылтықтарымен (фуркатты арпа); 12 – тегіс және ара тісті қылтықтар (үлкейтілген).

Аралық арпаның масақ білігі кертпелерінде бірден үшке дейін дамыған дәндер болады (бірінде бір дән, екіншісінде – екеу, ал үшінші кертпеде үш дән қалыптасуы мүмкін).

Арпаның түр тармақтары түршелерге ажыратылады (масақтың түсі, қабықтылығы, тығыздығы, қылтықтық сипатына қарай).

Арпа – жаздық және күздік түрде дамитын өсімдік. Ұзақ күннің өсімдігі. Тамыр жүйесі шашақты, сабағы сабан, бидайға қарағанда беріктілігі әлсіздеу, соның нәтижесінде жапырылуға көбірек бейім. Өнімді түптенуі бидаймен салыстырғанда жоғарырақ – 1,5-1,7.

Жапырағы балауыз тұтымен көмкерілген құрғақшылыққа төзімділігіне әсері бар. Гүл шоғыры – масақ піскенде төмен қарай иілгіш және тамырында ұзақ тұрып қалса сынғыш келеді. Арпаның 1000 дәнінің массасы кең алқымда өзгереді (25 грамнан 50 грамға дейін және одан жоғары) және бірінші кезекте агротехника дәрежесіне байланысты.

Қабықты арпада гүл қауызы тұқыммен жабысып тығыз өседі. Қабықтылығы 7-15% аралығында өзгереді және ол сорттық қана емес, өсіру жағдайларына да байланысты.

Биологиялық ерекшеліктері. Арпа қысқа өсіп-жетілу кезеңді дақылдар қатарына жатады (55-тен 111 тәулікке дейін). Солтүстік Қазақстанда өсірілетін сорттарының өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы – 68-80 тәулік.

Арпа жылуға аз талап қояды, оның тұқымы 1-20С жылылықта өне бастайды, алайда мұндай жағдайда көктеуі 20 тәулікке дейін созылады. 5-60С температурада көктеуі 8 тәулікке дейін қысқарады. Себу-көктеу кезең – аралығы 7-ден 12 тәулік аралығында өзгереді.

Егін көгі 7-80С бозқырауды (аязды) жеңіл көтереді, алайда жекелеген сорттары одан да төмен температураны көтере алады. Бірақ гүлдену және толысу кезеңдерінде арпа бозқырауға сезімтал. Теспература -10С-ға дейін төмендегенде оның жатыны мен тозаңдықтары жарақаттанады. Толысу және пісу кезеңдеріндегі шамалы бозқыраудың өзі (-1,50С) өсімдікке әсер етпегенмен дәннің тұқымдық сапасын күрт төмендетеді.

Арпа жоғары температураларға өте төзімді. 38-400С температураның үздіксіз әсерінен устьицелер (саңылаулар) сал ауруына тек қана 30-35 сағаттан соң ұшырайды. Оны әділ түрде ыстыққа төзімді өсімдіктер қатарына қосады. Сондықтан Қазақстанның барлық аймақтарында арпа жоғары астық өнімін береді.

Арпаның өсіп-даму цикліне қажет тиімді температура жиынтығы: ерте пісетін сорттарына – 1000-15000С және кеш пісетін сорттарына 1900-20000С. Осы себептен арпаны еліміздің барлық егіншілік аймақтарында өсіруге болады

Арпаның ылғалға қажетсінуі жоғары емес. Ылғалға шамалы талабы өне бастағаннан бүкіл өсіп-жетілу кезеңдерінде көрініс табады. Дегенмен бүкіл кезеңдерінде арпа өсімдіктері ылғалды біркелкі талап етпейді. Көктеу-масақтану кезеңдеріндегі ылғал жетімсіздігі өсімдіктердің өсуін тежейді. Түптенуді, масақшалар мен дән санын төмендетеді. Масақтану – пісу кезеңіндегі құрғақшылық пен жоғары температура 1000 дәннің массасы мен олардың толысуын азайтады.

Арпа құрғақшылыққа төзімді өсімдік, алайда өнімнің төмендеу деңгейі сортқа және өсіру технологиясының тиімді шараларын қолдануға байланысты өзгереді. Оның транспирациялық коэффициенті 350-450.

Арпадан жоғары өнім қалыптастыру үшін өсімдіктерді теңдестірілген қоректенумен, әсіресе бастапқы кезеңдерде фосфор, калиймен, сонымен қатар бүкіл өсіп-жетілу кезеңдерінде азотпен қамтамасыз еткен дұрыс. 10 ц астық және соған сәйкес вегетативтік массасын қалыптастыруға арпа дақылы 26 кг азот, 11 кг фосфор және 28 кг калий шығындайды.

Арпа бидайға қарағанда топыраққа аз талап қояды деп есептелінеді. Алайда бұл арпаны құнарлығы өте төмен топырақтарда өсіре беруге болады деген сөз емес. Қазақстанда арпадан жоғары астық өнімін барлық қара және қара-қоңыр топырақтарда алуға болады. Сортаң, кебір әрі құмдақ топырақтардың арпаға жарамдылығы шамалы, ол үшін топырақтың әлсіз қышқыл, ортасы оңтайлы болып табылады (рН көрсеткіші 5,5-тен төмен болмағаны дұрыс).

Жақсы астық өнімі жеңіл саздақ топырақтарда қалыптасады, алайда ауыр, толқымалы өте ылғалданған топырақтар арпаға жарамсыз.

Арпаның астыққа өсіру технологиясы. Арпаның өсіру технологиясына бидайға қарағанда аз көңіл аударылып келді. Соған қарамай, арпа көп жағдайда бидайдан жоғары астық өнімін беріп келеді. Айта кету керек, агротехника деңгейі төмен болғанда бұл «жаны берік» дақылдың өзі ылғал, қоректік заттар жетімсіздігінен, арамшөптерден қатты зардап шегеді.

Ауыспалы егістегі орны. Солтүстік Қазақстан жағдайында арпа үшін жақсы алғы дақылдарға дәнді бұршақ, күздік жіне жаздық дәнді дақылдар, біржылдық шөптер, көпжылдық шөптер қыртысы, картоп, қант қызылшасы жатады. Арпаның өзі бидай мен сұлыға қанағаттанарлық алғы дақыл деп есептеледі, өйткені ол танапты ерте босатады және өзінен кейін топырақта басқа астық дақылдарына қарағанда көбірек ылғал қорын қалдырады.

Топырақты өңдеу. Ылғал жинақтау мақсатында топырақты егістік паясын сақтай отырып өңдеудің маңызы зор. Әсіресе Солтүстік облыстарда паясы сақталған танаптарда аудара жыртылған сүдігерге қарағанда 19-22 мм қысқы ылғал артық жиналады.

Қар қабатының есебінен 60-90 мм ылғал қорын жинақтау үшін биіктігі 30-40 см егістік паясын қалдыру қажет, алайда бұл іссанада өте қиын мәселе.

Арпаға топырақ өңдеу жүйесі негізінен басқа дәнді астық дақылдарына ұқсас.

Арпаға топырақты негізгі өңдеуді күзде, мүмкіндігінше алғы дақылды жинағаннан кейін жүргізген жөн. Оның мақсаты – топырақта ылғал қорын молайту және сақтау, танапты арамшөптерден, зиянкестерден және аурулардан тазарту, өсімдіктердің қоректену ережесін жақсарту. Соңғы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстанның шаруашылықтарына осындай кепілдеме берілген қазіргі кезеңде іссанаға қысқа айналымды ауыспалы егіс жүйесінде топырақты минималды өңдеу тәсілі кең таралып келеді.

«ҚазАгроинновация» АҚ-ның «Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің ғалымдарымен дәлелденгендей, сүрі танабына жақсы күтім жасалғанда сүрі танабынан келесі сүріге дейін топырақты өңдеудің қажеті жоқ, ал себуді паялы сепкіштермен өнделмеген топырақта жүргізе берген абзал. Қалыпты ылғалданған жылдары жазық тілгішті саяз қопсытылған жермен салыстырғанда, мұндай тәсіл астық өнімін айтарлықтай төмендетпейтіні, тіпті қуаңшылықты жылдары астық өнімін 1,9-3,2 ц/га арттыратыны байқалды, өйткені мұндай жағдайда ылғал қоры жақсы сақталады, топырақтың су-физикалық қасиеттері мен қоректік ережесі оңтайландырылады.

Жемазықтық арпаны терең жазықтілгішті өңдеу (20-22 см) аясында өсіргенде аудара жыртылған жермен салыстырғанда ондағы өнім 14,0 ц/га болған (астық өнімі 2,4 ц/га артық болған).

Жазық тілгіштермен топырақты саяз (10-12 см) өңдеу астық өнімін 3,6 ц/га дейін арттырады. Ерте көктемгі топырақ өңдеуді (тырмалауды) егістік паясының сақталуына қарай БМШ-15, БМШ-20, БЗТС-1,0 бірімен 4-5 см тереңдікке жүргізген дұрыс.

Аралық және себу алдындағы топырақты өңдеуге 6-8 см тереңдікке ОП-8, ОП-12, КПШ-11, КПШ-5, КПШ-9 құралдарын пайдалануға болады. Қажеттілік туындағанда 10см тереңдікке КТС-10-01, КТС-10.02 культиваторларымен жүргізген жөн.

Тыңайтқыш жүйесі. Арпа, бидай, сұлы және басқа астық дақылдарымен салыстырғанда айтарлықтай қуатты тамыр жүйесін қалыптастыра алмайды, ал мұның өзі бұл дақылмен аз сіңімді қоректік заттарды қиын сіңіруіне себеп болып табылады. Арпа тіршілігінің алғашқы 40 күнінде қоректік заттардың жігерлі түсуін қалайды. Бұл уақыттағы қоректену молшылығы масақта барынша көп мөлшерде масақшалардың түзілуіне мүмкіндік жасайды.

Фосфор тыңайтқышы тамыр жүйесінің дамуына себеп болады, фенологиялық кезеңдер мен пісуін жеделдетеді, астықтың өнімі мен сапасын арттырады. Фосфор тыңайтқышының аймақтарға қарай астық өніміне әсер ету дәрежесі негізінен топырақтың ылғалдылығы мен өсіру технологиясына (сүрі танабына жақындығы, сүдігердің ерте дайындалуы, өсімдіктердің азот және басқа қоректік заттармен жақсы қамтамасыз етілуі, фосфор тыңайтқышын топырақтың ылғалды қабатына енгізу т.б.) байланысты өзгереді.

Арпа тыңайтқыштардың соңғы әсерін жақсы пайдаланады, сондықтан фосфор тыңайтқыштарын сүрі танабына бүкіл ауыспалы егіс айналымына есептеп енгізген дұрыс. Егер тыңайтқыштар сүрі жерге енгізілмесе немесе толық мөлшері берілмесе, онда көктемде себумен бірге 20 кг/га ә.е.з. мөлшерін енгізген жөн. Сүріден кейін 4-6 дақыл ретінде өсірілетін арпаға себу алдында 30-40 кг/г ә.е.з. мөлшерінде азот тыңайтқышын қолдану қажет.

Тұқымды себуге дайындау тазалау, іріктеу, дәрілеу, құрғақ ауада қыздыру және басқа арнаулы шараларды қарастырады.

Көптеген ғалымдардың зерттеулерімен дәлелденгендей, арпаның астық өнімі мен сапасы тұқымның мөлшері мен біркелкілігіне тәуелді. Біркелкі тұқымдар жаппай егін көгін береді, біркелкі пісуіне мүмкіндік жасайды, сондықтан тұқымды фракцияларға бөліп, оларды жеке-жеке себу – арпа өнімі мен астық сапасын арттырудың бір маңызды жолы.

Арпа тұқымын құрғақ ауада қыздыру нәтижесінде өну энергиясы, танаптық өнгіштігі және өсімдіктердің ауруларға төзімділігі артады.

Тұқымды себуге дайындауда маңызды агрошаралардың бірі – оны қара күйе, гельминтоспориоз, фузариоз, бактериялық т.б. ауру қоздырғыштарынан залалсыздандыру. Ал бұлар барлық арпа өсіретін аймақтарда дерлік айтарлықтай көп тараған. Арпа тұқымын витавакс 200 ФФ, 34% (1,5-2,0 кг/т), премис 2,5% (1,0-1,5 кг/т), дивиденд стар 036 (1,0-1,25 кг/т), раксил 6% (0,4 кг/т) және басқа улы химикаттармен ПС-10, «Мобитокс» ж.б. дәрілейді. Залалсыздандыру тұқымды (10л суды 1т тұқымға) ылғалдандыру тәсілімен іске асырылады.

Сортты таңдау. Сорт жоғары потенциалды өнімді, жапырылуға төзімді, аурулармен залалданбайтын, тыңайтқыштарға қайтарымы мол болуға тиіс.

Пайдалануға рұқсат етілген сорттар:

Ерте пісетін: Арна – (Ақмола, СҚО, Қостанай облыстарында); Сәуле, Бәйшешек (Жамбыл, Қызылорда, Онтүстік Қазақстан облыстарында).

Орташа мерзімде пісетіндер: Целинный 91 (Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан обл.); Донецкий 8 (Ақмола, Қостанай, СҚО, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан обл.); Медикум 85 (Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО); Гранал (Қостанай обл.); Кедр (Ақмола, СҚО), Карабалыкский 150 (Қостанай обл.); Жұлдыз (Алматы, Қызылорда обл.).

Ортадан кеш пісетін: Омская 87 (Ақмола, СҚО).

Себу мерзімі. Арпа барынша ерте мерзімде себілетін дақылдар қатарына жатады, ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі жерлерде танаптарға алғашқы шығу мүмкіндігі туғанда себеді. Оңтүстік облыстарда және Шығыс Қазақстан таулы-далалы аймағында топырақта жинақталған ылғалды толық пайдалансын деген мақсатпен ерте көктемде себеді. Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстанның негізгі аймақтарында оңтайлы себу мерзімі – 15-25 мамыр, ал Орталық Қазақстанда – 25-28 мамыр аралығы. Солтүстік Қазақстанда астыққа өсіргенде де, мал азығына өсіргенде де мамырдың соңы – маусымның басында сепкенде жақсы өнім алынады, өйткені бұл уақытқа дейін танаптар арамшөптерден, оның ішінде қара сұлыдан да, жақсы тазартылады, жазғы мол жауын-шашын тиімді пайдаланылады.

Себу тәсілі. Әзірше арпаның негізгі себу тәсілі, басқа дәнді дақылдар сияқты, жаппай қатардағы себу болып табылады, бірақ ылғалды аймақтарда тар қатарлы және тоғыспалы тәсіл жақсы нәтиже береді – қосымша астық өнімі 2-3 ц/га жетеді. Бұл тұқымдардың танапта біркелкі орналасуымен және қоректік заттар жақсы пайдаланылуымен түсіндіріледі. Оның үстіне шабылған дестелер егістік паясында жақсы ұсталады да бастырғанда астық шығынын азайтады.

Себу мөлшері өсірілу аудандарына байланысты 2,5-нан 5,5 млн/га өнгіш тұқымға дейін өзгереді. Қуаңшылықты аудандарда 2,5-3,5 млн/га өнгіш тұқым, ылғалы жеткілікті аймақтарда 3,5-4,0 млн/га, суармалы жерлерде – 4,0-5,5 млн/га өнгіш тұқым.

Тұқымның сіңірілу тереңдігі. Тұқымның сіңіру тереңдігін анықтағанда топырақтың механикалық құрамы мен ылғалдылығына, тұқымның сапасы мен себу мерзіміне байланысты нақты шешкен жөн. Тым терең сіңіру де, немесе тым саяз сіңіру де арпа үшін жарамайды. Тұқымды терең сіңіргенде танаптық өнгіштік төмендейді, егін көгі 2-3 тәулік кеш әлсізденіп шығады да арамшөптермен қатты тұншықтырылады. Әлсіз өскін өсімдіктердің жақсы дамуы, жоғары өнімділігін қамтамасыз ете алмайды.

Оңтайлы сіңіру тереңдігі арпа үшін 5-6 см, алайда топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде тұқымды 6-8 см дейінгі тереңдікке сіңіреді.

Егістікті күтіп-баптау. Арпа егістігін күтіп-баптау мынадай агротехникалық шараларды қарастырады: себуден кейін топырақты тығыздау, көктеуге дейін және көктегеннен кейін егістікті тырмалау, ауруларға, зиянкестерге және арамшөптерге қарсы күрес.

Тығыздау себуден кейін көктем құрғақ жылдары жүргізіледі. Мұндай жағдайда топырақты тығыздау екі мәселені шешеді: себу қатарындағы топырақты тығыздайды (нәтижесінде оның кебуін азайтады) және тұқымның топырақпен қабысуын жақсартады (ал бұл оның бөртуі мен өнуін тездетеді).

Егістікті тырмалау (жеңіл және орташа тырмалармен) арамшөптерді құртуды көздейді, 40-90% арамшөп өсімдіктері құриды. Тырмалаудың қажеттілігін анықтағанда арамшөптер құрамы ескеріледі. Егістікте көп мөлшерде тамырсабақты (корневищный) және атпатамырлы арамшөптер болса бұл шара тиімсіз. Көктегенге дейінгі тырмалау арпа өскіндерінің ұзындығы тұқым ұзындығынан аспаған жағдайда жүргізіледі, себебі тырманың тісі тұқым тереңдігіне жетпейді де егістік аз зиян шегеді, есесіне арамшөптер жіпшелері құриды, әрі топырақ қабықшалары уатылады.

Егін көгін тырмалау нәтижесінде біржылдық арамшөптер көгі құриды және өсімдіктердің тамыр жүйесіне ауаның енуі жақсарады. Тырмалау арпа өсімдігінің 3-4 жапырақ кезеңінде, өсімдіктер әлденгенде жүргізіледі.

Арамшөптерге қарсы күрес. Агротехникалық шаралармен арамшөптерді құрту мүмкін болмаған жағдайда гербицидтер қолданылады. Арпа егістігіне барынша көп зиянды атпатамырлы және тамырсабақты арамшөптер келтіреді: далалық қалуен, далалық шырмауық, көген тамырлы бидайық ж.б. Қазақстанның көптеген аудандарында біржылдықтардан кең тарағандарына қара сұлы, жасыл және көкшіл сұр итқонақ (щетинник) ақ алабұта, құс тарысы ж.б. жатады.

Бірқатар қосжарнақты арамшөптерді құрту үшін диален (1,8-2,0 кг/га), октапон (0,8-1,0 л/га) ұсынылады. Қара сұлыға қарсы триаллат (авадекс БВ) препаратын қолдануға болады. Ол үшін себуге дейін немесе себуден кейін бірден арпа тұқымының сіңірілу тереңдігінен 1-2 см саяз тереңдікке 2,5-3,5 кг/га мөлшерінде триаллат енгізіледі. Егістікте қара сұлыға қарсы (қара сұлының 3-6 жапырағы кезеңінде) иллоксан препараты (3,0 кг/га) немесе топик 080 (0,4 л/га) бүркіледі.

Гербецидтерді егістіктің әрбір шаршы метрінде екі және одан көп қалуен, 15-тен артық қара сұлы өсімдігі, 75 итқонақ немесе 20-70 азжылдық арамшөптер өсімдіктері болғанда қолданған дұрыс.

Егістік арамшөптермен жоғары деңгейде ластанғанда және мәдени өсімдіктердің жиілігі жеткілікті болғанда сирек егістік пен ластануы төмен танаптарға қарағанда гербицидтердің мөлшері арттырылады (кепілдемелер шеңберінде).

Егістікті зиянкестерден қорғау. Өсімдіктерді зиянкестерден қорғаудың негізін агротехникалық шаралар кешені құрайды, олар өз кезегінде зиянкестердің таралуын шектейді, өсімдіктердің жарақаттануға төзімділігін арттырады. Зиянкестерге қарсы күрес шаралары мыналарды қамтиды: ауыспалы егісті қолдану, ерте сүдігер дайындау, төзімді сорттарды таңдап алу, оңтайлы себу мерзімі мен тұқымның себу мөлшерін қолдану.

Солтүстік Қазақстан ж.б. жағдайында барынша қауіпті зиянкестерге швед шыбыны, астық бүргелері ж.б. жатады. Бұл зиянкестер жаппай көбейген жылдары оларды құрту үшін пестицидтерді қолдануға тура келеді. Мұндай жағдайда зиянкестердің келтіретін залалының экономикалық шегін ескеру қажет. Егістіктің көктеу және түптену кезеңдерінде сачоктың 100 сермелуіне 30-50 дана швед шыбыны немесе 25-30 дана сабақ бүргелерінің қоңыздары және түптену мен түтіктену кезеңдерінде 1 ш.м. егістікте 10-15 астық пьявицасының қоңыздары, сонымен қатар бір өсімдікте 0,5-1,0 дана жұмыртқа немесе балапан құрт болған жағдайда егістік өңделуге тиіс. Аталған зиянкестерге қарсы БИ-58 (0,8-1,0 л/г) биологиялық препаратын қолдануға да болады.

Егістікті аурулардан қорғау. Жаздық арпа қара күйелер, сары тот, ұнтақты шық (мучнистая роса), тамыр шірінділері, септориоз ауруларымен залалданады. Аурулардың алдын алу шаралары – ауыспалы егістер, кеңістік оқшаулау, тыңайтқыштарды тиімді қолдану, тұқымды себуге дайындау (тазалау, іріктеу, құрғақ ауада қыздыру) ж.б. Негізінен шаруашылықтарда арпаны аурулардан сақтауда тұқымды улы химикаттармен дәрілеумен шектелуде. Алайда арпаны аурулардың залалдауынан өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңдерінде де ойдағыдай қорғауға болады. Тот ауруына қарсы кем дегенде 1% жапырақ орташа деңгейде залалданғанда (1 жапыраққа 4-5 пустуладан келгенде) ұнтақ шық, теңбілділік, септориозға қарсы – кем дегенде 5% өсімдіктер, тамыр шірінділерімен орта деңгейде (10-15%) залалданған өсімдіктер болса егістік пестицидтермен өңделеді. Ол үшін жаздық бидай егістігінде қолданылатын препараттарды пайдаланған жөн.

Егінді жинау. Арпаның пісу ерекшеліктеріне төменгілерді жатқызуға болады: арпаның дәнінде құрғақ заттардың жинақталуы балауызданып пісудің соңында аяқталады, бидайға қарағанда, арпа сабаны әлсіздеу, тамырында тұрып қалған масақтар төмен иілгіш және омырылғыш келеді. Осылар егін жинауды күрделендіреді. Арпаны тікелей орып бастыруға да, бөлектеп жинауға да болады. Егінді жинау тәсілі сабақ бітіктігі күйіне (жиілігі, биіктігі), арамшөптермен ластану деңгейіне, өнім мөлшеріне ж.б. себептерге байланысты өзгереді.

Әдетте арпа біркелкі піскенде (кем дегенде 90% толық піскенде) арамшөптерден таза болғанда тікелей орып бастырылады. Арпа әркелкі піскенде (сабан өркен аралас болса) және арамшөптермен ластанғанда, әрі өсімдіктердің биіктігі 60-80 см-ден төмен болмағанда егістік бөлектеп жиналады. Бұл жағдайда негізгі дақыл астығының ылғалдылығы 25-30%-дан аспауға тиіс немесе толық піскен дәндер 75%-дан кем емес. Бөлектеп жинаудың нәтижесінде астық таза, сапалы, әрі 5-7 тәулік ерте жиналады. Дестеге ЖВН-6 А, ЖНС-6-12А, ЖВР-10-03, ЖСР-4,9А аспалы жаткаларының бірімен шабады. Себу бағытына көлденең шапқан дұрыс, өйткені дестелер аңыз паясына жақсы ұсталады да біркелкі дегдиді.

Дестелерді жинау мен бастыру СК-5А, НИВА, Джон-Дир ж.б. астықжинағыш комбайндарымен іске асырылады және А-54-102-1А немесе ППТ-3 подборщиктері пайдаланылады.

Сыра қайнатуда пайдаланылатын арпаның өсіру технологиясындағы ерекшеліктер. Сыра қайнатуға барынша оңтайлысы қосқатарлы арпалар, өйткені олар біркелкі, ірі дәндер қалыптастырады және біркелкі өнеді. Мұндай мақсатқа қабықты (қауызды)арпалар жарамды деп есептеледі, себебі арпа қабығы сүзгенде ашық түсті сыра алуға мүмкіндік жасайды. Сыралық арпа астығы ірі дәнді, әрі жұқа қабықты ашық сары сабан түстес, жоғары крахмалды және өну энергиясы да жоғары болған дұрыс.

Жер шарында өсірілетін бүкіл арпа астығының 8-10% ғана сыра қайнату өнеркәсібіне жұмсалады, қалған бөлігі мал азықтық мақсатқа пайдаланылады.

Қазақстанда сыра өнеркәсібі күрделі жағдайда қалып отыр, оның басты себебі - сыра қайнататын шикізаттың жетіспеуі.

Сыра өндірісіне жарамды географиялық аймақтар орташа жылылық және жеткілікті ылғалданумен сипатталады. Дәстүрлі елдері- Австрия, Англия, Германия, Польша, Чехия, Словакия және басқа Европа елдері.

5060-86 Мемлекеттік стандартына (МСТ) сәйкес Қазақстан аумағында сыралық арпа өндіруге топырақ-климат жағдайлары қолайлы екі облыс - Алматы және Жамбыл - айқындалған, бұларда басқа облыстарға қарағанда айтарлықтай қолайлы жағдайлар қалыптасқан, бірақ бұл өңірдеде жылға жыл сәйкес келе бермейді.

Аталған мәселе түйінін оңтайлы шешуге жаңа аудандарды қарастыруға тура келеді. Шетелдерден (Чехия, Германия т.б.) тасымалданатын арпа шикізаты өте қымбатқа түседі.

Негізінен сыра қайнатуға құрамында жеткілікті мөлшерде көмірсулары (углеводтары), оның ішінше крахмал мен қанты бар дақылдары (астығында, түйнектерінде, сабақтарында, тамырында) пайдалануға болады. Алайда бұл бағытта арпа астығына басымдық беріледі: арпа сырасына өзіне тән ерекшелігімен қатар (дәмі, түсі, хош иістілігі ) басқа шикізаттарға қарағанда арпа астығының салыстырмалы арзандығы маңызды рөл атқарады.

Жақсы сыра дайындау үшін арнайы биохимиялық құрамы бар астық қажет, ал ол сыра қайнатуға арналған ерекше сорттардан алынады. Өте сапалы шикізат өндіруге екі фактор- сыралық сорт пен тиісті топырақ-климат және агротехникалық жағдайларда өсіру – мүмкіндік береді береді.

Қазақстанда алғашқы сыра зауыттары XIX-ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Қазіргі уақытта елімізде ірілі-ұсақты 80-нен аса сыра зауыттары, оның ішінде Алматыда, Астанада, Оралда, Павлодарда, Қарағандыда ж.б. қалаларда бар және олар негізінен импорттық шикізатпен жұмыс жасайды.

Солтүстік Қазақстанның далалы аймағында сыралық бағытта Арна және Омский-90 сорттарын өсіру ұсынылады.

Арна сорты В.Р. Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтында шығарылған. Нутанс түршесіне жатады, өсіп-жетілу кезеңінің ұзақтығы 66-75 тәулік, ерте пісетін сорт. Жапырылуға және шашылуға төзімді, құрғақшылыққа орташа төзімді, дәндері ірі - 1000 санының массасы - 36-51 г, әмбебап сорт, сыралық бағыты бар, ақуыз мөлшері 12%-ға дейін. Технологиялық сапасы жақсы, қара күйе ауруымен орташа деңгейде залалданады, ал тот ауруымен заладануға бейім.

Омский-90 сорты РФ-ның Сібір АШҒЗИ-да шығарылған, түршесі медикум, 1000 дәнінің массасы 50,0-61,5 г, орташа мерзімде (65-75 тәулік) піседі. Сорт табиғи жағдайларға бейімділігімен ерекшеленеді. Сыралық сорт, ақуыз мөлшері - 9,0-11,5%.

Сыра қайнату бағытында өсіргенде арпа ерте мерзімде сепкенде жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Көкшетау ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының деректерінде орта есеппен 3 жылда (2002-2004 жылдары, М.А. Аужанова) себу мерзіміне қарай Арна сорты 8-мамырда - 24,0; 15 мамырда - 21,0; 24 мамырда - 21,2; 31 мамырда -23,6 және 7 маусымда - 22,0 ц/га астық өнімін берген, ал Омский-90 сортынан аталған себу мерзімдерінде тиісінше - 24,9; 21,3; 20,6; 22,6 және 22,3 ц/га астық жиналған. Барынша оңтайлы себу мөлшері - 4-5 млн/га өнгіш тұқым.

Сыралық арпаның сапасы көп жағдайда егінді жинау тәсілі мен мерзіміне байланысты өзгереді. Барынша тиімдісі екі кезеңде жинау: дәннің балауызданып пісу кезеңінде дестеге шауып, қысқа мерзімде астығын бастырған дұрыс. Тамырында тұрып қалғанда тыныс алудың күшеюінен дәндегі крахмал мөлшері азаяды да арпаның сыралық сапасы төмендейді.

СҰЛЫ

Халықшаруашылығындағы маңызы. Сұлы – біржылдық азық-түліктік және малазықтық өсімдік, оның дәнінде 12-13 % ақсыл (белок) 40-45% крахмал, 4-6 % май болады. Оның ақсылының құрамында адамға және жануарларға қажетті айырбасқа жатпайтын барлық амин қышқылдары бар; құрамындағы май жоғары сіңімділігімен ерекшеленеді. В1 (тиамин) дәрумені сұлыда бидай мен арпаға қарағанда анағұрлым жоғары. Сондықтан сұлы және оның өңдеу өнімдері диэтикалық, балалардың қоректенуінде қолданылады. Сұлы астығынан әртүрлі жармалар (үлпектер, геркулес, кисель ұны) дайындалады, печенье мен галеттер пісіріледі, ұнын қара бидай және бидай ұндарына араластырып нан өндірісінде қолдануға болады.

Сұлының химиялық құрамында әртүрлі қоректік заттардың мол болуына байланысты оны көптеген жануарларға мал азығы ретінде өсіреді (Кесте 27).

Кесте 27. Сұлының мал азықтық құндылығы және химиялық құрамы

Өнім түрі

Мөлшері, %

Азықтық өлшем

1 а.ө. қорытылатын протеин, г

су

күл

бе-лок

АЭЗ

май

клет-чатка

Астығы

13,0

3,2

10,2

61,0

5,4

8,3

1,0

85

Сабаны

15,0

5,8

4,0

39,0

1,9

34,3

0,31

45

Мекені

11,7

10,2

8,0

41,4

2,7

36,0

0,46

152

Жасыл балаусасы

74,8

2,3

3,8

11,6

0,9

7,1

0,15

112

Сұлыны мал азығына басымырақ пайдаланады: оның бір кило астығы малазықтық құндылық эквиваленті және бір азықтық өлшем ретінде қабылданған. Бұл барлық жануарлар түрлеріне, оның ішінде жас төлдерге, өте жақсы мал азығы болып табылады. Сұлыны сиыржоңышқа, егістік асбұршақпен араластырып өсіру кең тараған. Оны ноғатық, сиыржоңышқа және бұршақ тұқымдас дақылдар қоспасымен пішенге өсіреді. Сұлының таралу ауқымы бидай мен арпаға қарағанда шектеулі. Қазақстандағы егістік көлемі орта есеппен 5 жылда (2005-2009 жж.) небәрі 157.4 мың га шамасында болды.

Сурет 12. Сұлы. 1,2 – г; б - үлденушашақ және егін көгі кезеңдеріндегі өсімдіктердің жалпы көрінісі; а – сіпсебас (шашақ); б – дән; в - әртүрлі сұлы түрлері мен түршелерінің масақшасы: 3 – егістік қабықты сұлы; 4 – жалаңаш дәнді егістік сұлы; 5 – кәдімгі қара сұлы (овсюг); 6 – құмдық сұлы; 7 – византиялық сұлы; 8 – оңтүстік қара сұлысы.

Бұл дақылдың өнім потенциалы айтарлықтай жоғары: егіншілік мәдениеті жоғары болғанда 30-40 ц/га және орташа егіншілік жүйесінде 20-25 ц/га деңгейінде бола алады.

Сұлының Қазақстандағы астық өнімі орта есеппен 2005-2009 жылдары 12,0 ц/га құрады.

Ботаникалық сипаттамасы. Сұлы (Avena) қоңырбастар (Poaceae) тұқымдасына жатады. П.И. Жуковскийдің жүйелеуі бойынша ол екі секцияға бөлінеді:

Avena Griseb – барлық түрлері біржылдық (нағыз) сұлылар; бұған 16 мәдени және жабайы түрлер біріктірілген.

Avena strum Koch – түрлері көпжылдықтар, олар шалғындық астық тұқымдастар және малазықтық шөп ретінде пайдаланылады.

Avena туыстығының өсімдіктерінде гүл шоғыры, қомақты, қысылған немесе бірбүйірлі болып келетін сіпсебас (шашақ). Шашақ орталық біліктен тұрады және ол сабақтың жалғасы болып табылады, одан 2-3 – дәрежелі бұтақтар тарайды, әрбір бұтақтың басында 2-3 гүлді немесе көпгүлді масақшалар орналасқан. Масақша қауыздары (қабықшалары) ірі, әрі жалпақ (кең), жарғақты және көпжүйкелі. Гүл қауыздары дәнді тығыз қаптаған (бүркеген). Дәннің бүкіл беті жұмсақ түктермен көмкерілген.

Жабайы сұлы түрлері астық дақылдары және басқа танаптық дақылдар егістіктерін ластайды.

Қоршаған орта факторларына қоятын талаптары (биологиясы). Температураға (жылуға) талаптары. Сұлы – қоңыржай климаттың өсімдігі. Тұқымдары 1-2оС өне бастайды. Көктеу мен түптену кезеңдерінде салқындау (15-18оС) ауа-райы дұрысырақ. Егін көгі қысқа мерзімді бозқырауды (аязды) – 7-8оС – жақсы көтереді. Өсімдіктерінің дамуына қарай оның төменгі температураға төзімділігі төмендей береді және гүлдену кезеңіндегі бозқырау (-2оС) ол үшін қауіпті. Толысу кезеңінде салқынға сезімталдығы шамалы, оның астығы (дәндері) – 4-5оС бозқырауды қалыпты көтереді.

Өсіп-жетілу (вегетация) кезеңінде сұлы үшін белсенді температура жиынтығы ерте пісетін сорттарында – 1000-1500оС, орташа мерзімдегілерінде – 1350-1650оС, ал кеш пісетін сорттарында – 1500-1800оС.

Сұлы тез дамитын тамыр жүйесіне байланысты жаздық бидай мен арпаға қарағанда көктемгі құрғақшылықтан аз зардап шегеді.

Жоғары температура және жазғы ауа құрғақшылығын жаздық бидай мен арпаға қарағанда сұлы нашар көтереді. 38-40оС-да 4-5 сағаттан кейін сұлы өсімдігінің устице құрылымы сал ауруына шалдығады (ал жаздық бидайда ол 10-17 сағ., арпада – 25-30 сағ. соң басталады).

Дәннің толысуы сұлыда бидайға қарағанда төменірек температурада қалыпты жүреді. Сұлы жоғары температурадан осы кезеңінде ғана емес, сонымен қатар гүлдену және дәннің толысу кезеңдерінде де қиыншылық көреді. Ыстық ұруға сұлы өте бейім келеді. Оның үстіне жапырақтар жасыл күйінде қурап қалады, масақша қауыздары ағарып кетеді. Вегетативтік мүшелерінің қалыптасу кезеңдеріндегі оңтайлы температура 12-16оС.

Ылғалға талаптары. Сұлы ылғалсүйгіш өсімдік. Қабықты (қауызды) дәндері жалаңаш дәнді дақылдарға қарағанда бөрту үшін көбірек ылғалды талап етеді.

Сұлының тұқымы өну кезеңінде өзінің массасының 65 %-дай су сіңіреді. Сұлының транспирациялық коэффициенті 400-600 аралығында өзгереді. Оның ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі өсімдіктердің түтікке шығуынан шашақтануға дейін, әсіресе шашақтануға 10-15 тәулік қалған кездегі топырақтағы ылғал тапшылығы өте қауіпті.

Сұлы барынша жоғары астық өнімін ылғалды, жаздың бірінші жарытысындағы жауын-шашынды жылдары береді. Солтүстік аудандарда жаздың екінші жарытысында жауатын мол ылғалды сұлы нашар пайдаланады, өсімдіктерде сабан өркендер түзіледі де вегетация кезеңі созылып кетеді, нәтижесінде бозқырауға дейін сұлы пісіп үлгермейді.

Топыраққа талаптары. Сұлы салыстырмалы түрде топырақ талғамайды, алайда құмдақ және сортаңдау топырақтарда нашар өседі де сазданған жерлерді көтере алады. Ол үшін барынша байланған, қиын еритін түрде болса да қоректік заттары көп топырақтар жарамды. Басқа астық дақылдарына қарағанда қышқыл мүкті алқаптарда жақсы өсе береді. Сортаңдаған топырақтардың оған жарамдылығы шамалы.

Өсіп-жетілу (вегетация) кезеңі - 70-100 тәулік.

Өсіруге рұқсат етілген сорттары:

Синельниковский 14- Ақмола, СҚО, Қостанай облыстарында;

Мирный - Ақмола, СҚО, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарында;

Скакун

Черниговский 28 - Қарағанды облысында;

Ертіс – Солтүстік Қазақстан облысында;

Бітік - Ақмола, Қызылорда, СҚО;

Льговский 82 – Шығыс Қазақстан облысында;

Казахстанский 70 - Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында.

Астыққа өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны (алғы дақылдар). Тамыр жүйесінің дамуы және қоректік заттарды жақсы сіңіруіне байланысты сұлы бидай мен арпаға қарағанда топырақ құнарлылығына аздау талап қоятын дақыл деп есептеледі. Алайда сұлының астық өнімі жақсы алғы дақылдардан кейін күрт артады, сондықтан оны отамалы және дәнді бұршақ дақылдарынан кейін орналастырған дұрыс. Ол көп мөлшерде азотты (N) қажетсінеді, осыған байланысты оған дәнді бұршақ дақылдары, әсіресе асбұршақ жақсы алғы дақыл болып табылады. Фитосанитарлық жағдайға байланысты сұлыны өзінен және арпадан кейін орналастырмаған жөн.

Топыраққа аз талғамы, алғашқы кезеңдегі шапшаң өсуі және жоғары жапырақтылығы ауыспалы егісте сұлыны соңғы дақыл ретінде орналастыруға мүмкіндік береді. Ауыспалы егісте оны соңғы дақыл етіп орналастырғанда басқа дақылдармен салыстырғанда астық өнімін шамалы ғана төмендетеді. Сонымен қатар жақсартылған агротехника шараларына оның қайтарымы мол.

Сұлыға цикадкамен жұқтырылатын вирустық ауру шашақтың шыратылу (закукливание) – қауіпті болып табылады. Бұл ауруға, ол көктеу және түптену кезеңдерінде барынша бейім және сұлыға көп зиян шектіреді.

Тыңайтқыштар. Сұлы органикалық және минералды, әсіресе азотты тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді, сонымен қатар ол органикалық және минералдық тыңайтқыштардың соңғы әсерін жақсы пайдаланады. Алайда олар алғы дақылдарда жетімсіз болса, онда себумен бірге Р2О5 берген жөн (15-20 кг/га ә.е.з.мөлшерінде).

Тыңайтқыштардың жетімсіздігінен Солтүстік Қазақстан аймағында сұлы үшін тыңайтқыш енгізілмейді, ол әдетте сүрі танабына бидайға енгізілген тыңайтқыштардың соңғы әсерін пайдаланады.

Сұлы үшін топырақ өңдеудің негізгі мақсаты – оның өсуіне және дамуына қолайлы жағдайлар жасау, топырақта оңтайлы ауа – ылғал және қоректік заттар ережесін қаматамасыз ету, жалпы алғанда сұлыға топырақ өңдеу жүйесі арпаға ұқсас.

Экологиялқ және экономикалық себептерге байланысты топырақ өңдеу мақсаттары мүмкіндігінше жұмыс операцияларының санын, өңдеу қарқындылығын азайтуды қарастырған дұрыс, басқаша айтқанда, минималды топырақ өңдеу жағдайына егістікті тікелей себу ойдағыдай жауап береді. Қыста қар тоқтату (СВУ – 2,6, СВШ – 7, СВШ – 10) ылғал қорын молықтыруға көп септігін тигізеді. Көктемгі ылғал жабу (БИГ – 3, жалпақ дискілі сыдыра жыртқыштар), себу алдындағы топырақ өңдеу (КПШ – 5, КПШ – 4, КТС – 8 , КТС – 10 – 2 ж.б.).

Тұқымды себуге дайындау. Тазалау, бірінші (негізгі) және екінші дәндерді бөлу, сұлы триерлерін пайдаланып ірі дәндерді сұрыптау, құрғақ ауада қыздыру және дәрілеу жұмыстарын қарастырады. Негізінен аталған агрошаралар бидайға ұқсас. Алайда тұқымды дәрілеуде кейбір ерекшеліктерді есте ұстаған жөн: қатты қаракүйеге қарсы Витавакс 200 ФФ, 34 % (2,5-3 кг/т), ал тозаңды қаракүйені 40 % формалиннің судағы ерітіндісін (1 : 80 қатынасындай) пайдаланып (0,38 л/т) тұншықтыру тәсілімен дәрілегенде өңделген тұқымды брезент жапқыштың астында 4 сағат ұстайды да, соңынан ауада кептіріледі.

Себу мерзімі - Қазақстанда сұлыны астыққа өсірудің маңызды агрошарасы. Биологиясына байланысты сұлы ерте мерзімде себілетін дақыл. Алайда Солтүстік Қазақстанда ерте себілген сұлы төмен астық өнімін береді, ең алдымен қыста болатын тоң қабатының баяу жібуінің әсерінен топырақтағы микробиологиялық үдерістің әлі әлсіз жүруінен сұлыға азот қоректік затының жетімсіздігімен түсіндіріледі. Аталған ерекшелік негізінен сұлы дақылына тән, өйткені ол өсіп-жетілуінің басында өте тез өседі, ал сұлыны әдетте азот қоректік затының қоры аз топырақтарға орналастырылады. Оның үстіне, ерте себілген егістіктер Қазақстанда әдетте байқалатын көктемгі және ерте жазғы құрғақшылыққа тап болады да сұлының «ширатылу» ауруына ұрынады, осының нәтижесінде өнім күрт төмендеп кетеді. Айтарлықтай ерте себілгенде сұлының толысу кезеңі де қолайсыз жағдайларда өтеді.

Жоғары температурада (кейде өте ыстықта) піскенде сұлы қабықтылығы жоғары және ұсақ дән қалыптастырады.

Солтүстік Қазақстанда сұлының оңтайлы себу мерзімі – 25 мамыр – 5 маусым аралығы. Өйткені аталған аймақтың далалы және орманды-дала аудандарында өте ерте себілген сұлы егістігі «ширатылудан» көп зардап шегеді. Ауруға ұрынған сұлы молынан түптенеді және мүлде шашақ түзбейді, әсіресе бұл ауру ылғалды жазда күштірек байқалады.

30 мамыр – 5 маусымда себілгенде сұлының ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі – түтікке шығу – шашақтану – аймақта жиі болатын жаздың екінші жартысындағы мол жауын-шашынға сәйкес келеді. Орталық Қазақстанда сұлының жақсы себу мерзімі 28-30 мамыр. Батыс және Шығыс Қазақстан жағдайлары сұлының оңтайлы себу мерзімін мамырдың 15-нен 25 дейінгі аралыққа жылжытады.

Себу мөлшері топырақ, климат жағдайларына қарай 2,5-4,5 млн/га өнгіш тұқым аралығында өзгереді: Қарағанды, Павлодар облыстарында 2,5-3,5; Ақмола, Қостанай – 3,5-4,0; Солтүстік Қазақстан облысында – 4,0-4,5 млн/га.

Солтүстік аудандардың ауыр топырақтарында тұқымның себу тереңдігі 4-5 см, механикалық құрамы жеңіл топырақтарда, кеш себілгенде және ылғал жетімсіз болғанда – 6-8 см.

Егістікті күтіп-баптау себуден кейінгі топырақты тығыздаудан басталады. Салқын және ылғалды көктемде арамшөптерге қарсы және топырақ қабыршығын құрту мақсатында тұқым өскіндері, дән ұзындығына тең кезеңде егістікке көлденең бағытта тісті тырмалармен тырмалау жүргізіледі.

Қосжапырақты арамшөптерді құрту үшін жаздық бидай егістігінде қолданылатын гербицидтердің бірімен сұлының түптену кезеңінде бүріккен дұрыс.

Егінді жинау. Сұлы біркелкі піспейді, әсіресе сабан өркен (подгон) көп болғанда. Пісу кезеңінде бір өсімдіктің әртүрлі шашақтарында, тіпті бір шашақтың өзінде дәндердің пісуінде алшақтық байқалады.

Сұлы дәніне пластикалық заттардың жинақталуы бидайға қарағанда ұзағырақ жүреді, сондықтан тым ерте жинағанда айтарлықтай бөлігі толысып үлгермейді.

Сұлы сабанының пісуі дәннің пісуінен өте кешігеді (дәннің жинау кезеңінде сабақтары әлі жасылдау және өте ылғалды күйде болады). Сондықтан сұлының ең оңтайлы жинау мерзімі – шашақтағы масақшалардың жоғарғы бөлігі толық пісіп, ал төменгі бөлігі балауызданып пісу кезеңіне жеткенде жинау барынша тиімді деп есептеледі.

Дестеде дегдіткенде немесе бастырғаннан кейін дән толық пісіп-жетіледі де себу сапа көрсеткіштері қалыпты жағдайда болады. Мұндай жинау тәсілінде сабанның мал азықтық құндылығы да жоғары.

ТАРЫ

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Тары – өте ертеден өсіріліп келе жатқан дақылдардың бірі. Алғашқы қалыптасу орталығы мен шыққан тегі Шығыс Азияның таулы аудандары болып табылады.

Жер шарында жыл сайын тары 25,0 млн га жерге өсіріледі. Қазақстанда негізгі тары өсірілетін облыстарға Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан ж.б. жатады. Орта есеппен 10 жылда (1997-2006 ж.ж.) жыл сайын елімізде 98,6 мың га жерге тары өсірілді, оның 48,4 мың га Павлодар, 22,6 мың га Батыс Қазақстан, 12,5 мың га Актөбе облысында болды. Келешекте Республикамызда тары егістігінің аумағы өсуге тиіс, бұрындары оны 800 мың га дейін егістікте өсіргенбіз.

Тары - өте маңызды жармалық дақыл. Ақталған тары жақсы піскіштігімен және қоректілігімен сипатталады. Оның құрамында 12-13% ақуыз (белок), 81 % крахмал, 3,5-4,0 % май ж.б. бар. Тарының белок кешенінде глиадин, глютенин, глобулин, альбуминдер басым болып келеді. Крахмал амилаза мен амилопектиннен құрылады. Айырбасқа жатпайтын амин қышқылдары – лизин, метионин, триптофан – айтарлықтай көп мөлшерде кездеседі. Оның құрамындағы ферменттердің (мальтоза, амилаза, липаза ж.б.) белсенділігі өте жоғары, күлінде К, Na, Mg, P мен бірге Cu, Б, J микроэлементтері де жеткілікті, жармасында тиамин дәрумені 1,8-1,9 мг бір грамм дәнге, онда В1, В2 басқа астық дақылдарына қарағанда екі есе көп.

Т ары астығынан, жармадан басқа, ұн дайындалады, оны таза күйінде және бидай, қара бидай ұндарымен араластырып тағамға пайдаланады.

Т

Сурет 13. Тары. 1,2 – егін көгі және дәннің толысу кезеңіндегі кәдімгі тары; 3 – түр тармақтарының сіпсебастары: а – қомақты; б – тармақты; в- қысылған; г – тұтас; 4– масақша; 5–дән.

арының мал азықтық құндылығы да жоғары. Тары астығы мен мекені де құстар үшін теңдесі жоқ азық. Олармен құстарды азықтандыр-ғанда жұ-мыртқа өнімі мен оның қабығының беріктігі жақсарады. Астыққа өсіргенде тарының саба-ны мен мекенінің өнімі асты-ғынан 1,5-2,0 есе артық болады. 1 кг тары саба-нында 0,41 кг а.ө. және 24 г протеин, басқаша айтқанда аталған көрсеткіштер, бидайға қарағанда екі есе, сұлы сабанына қарағанда 1/3 есе артық.

Тары тұқымының себу мөлшері аз болғандықтан оны кейде жасыл балауса мен пішен өсіруге пайдаланады, ол сапасы жағынан сұлы, шәй жүгері және итқонақ пішенінен асып түседі.

Тары жақсы сақтық дақылы болып табылады. Кешірек себіле-тіндіктен, құрғақшылыққа төзімділігінен және салыстырмалы қысқа вегетациялық кезеңі опат болған күздіктер мен жаздық дақылдардан кейін орналастырып жасыл балауса ғана емес, жекелеген жағдайларда астық өнімін жинауға да мүмкіндік береді.

Тары бірқатар дақылдарға жақсы алғы дақыл. Өзінің биологиялық мүмкіндіктеріне байланысты тары жоғары өнімді дақыл және дұрыс өсіру технологиясын қолданғанда өте жоғары өнім бере алады. Қостанай, Павлодар ж.б. облыстардың озат шаруашылықтары кезінде үлкен егістік алқаптардан қолайлы жылдары әр гектардан 17,1-22,5 ц және одан да жоғары астық өнімін жинаған. Қазақстан тары өнімі бойынша дүниежүзілік рекорд елі болып табылады. Ондай өнім ұлы Отан соғысы жылдары Социалистік Еңбек Ері Ш.Берсиевпен өсірілді. 1943 ж. Ақтөбе облысының Құрманов атындағы ұжымшарында суармалы жағдайда 4 га егістіктің әр гектарынан 201 ц тары астығы жиналды. Бұл дегеніңіз тары дақылының әлеуетті (потенциалды) мүмкіндігі зор екенін көрсетеді. Өкінішке орай соңғы жылдары елімізде тары өсірудің қыр-сырына аз мән берудің кесірінен астық өнімі төмен деңгейде – орта есеппен 4,0-6,5 ц/га шамасында ғана.

Ботаникалық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары. Ботаникалық сипаттамасы. Тары 400 түрді біріктіретін Panicum туыстығына жатады. Барынша кең тараған түрі – кәдімгі тары (Panicum miliaceum). Сіпсебасының құрылысына байланысты бұл түр бес түр тармағына бөлінеді (13-сурет): қомақты, тармақты, қысылған (тығыз), сопақ, тұтас. Сіпсебасы қомақты тары әдетте ерте пісетін, топыраққа талғамы жоғары емес, ылғалға көбірек талап қояды және жеңіл шашылады. Сіпсебастары тығыз түр тармақтары оларға керісінше қасиеттерімен ерекшеленеді.

Қазақстанда өсірілетін тары сорттарының сіпсебастары (шашақтары) негізінен қысыңқы, кейде тармақты келеді және Flavum, Sanguineum, Coccineum түршелеріне жатады.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттар:

Саратовское 3. Ресей Федерациясының Оңтүстік-Шығыс АШҒЗИ-де шығарылған. Сангвинеум түршесіне жатады. Орташа мерзімде піседі: құрғақшылыққа төзімді, жапырылмайды, шашылмайды, 1000 дәнінің массасы 6,8-7,2 г. Біркелкі пісуімен ерекшеленеді. Технологиялық және жармалық сапалары жақсы, жарма шығымы 77 %. Жоғары өнімді, Ақмола облысының Шортанды және Целиноград сортсынау учаскелерінде 15,6-19,5-тан 20,8-22,4 ц/га дейін астық өнімін берген. Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Саратовское 6. Оригинаторы РФ-ның Оңтүстік-Шығыс АШҒЗИ. Сангвинеум түршесіне жатады, орташа мерзімде піседі, дәні қызыл, 1000 дәннің массасы 7,2-9,3 г. Шашылуға орташа, ал жапырылуға төзімді сорт. Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстарында өсіруге болады.

Шортандинское 7. Сорт ҚР АШМ-нің «Бараев атындағы астық шаруашылығы Қазақ ҒЗИ» РММ-де шығарылған. Ортадан кеш мерзімде піседі, жоғары өнімді технологиялық, жармалық сапасы жақсы. Ақмола сортсынау учаскелерінде көпжыл бойы 15,3-тан 22,6 ц/га дейін астық өнімін қамтамасыз етті. Ақмола облысында өсіруге рұқсат етілген.

Уральское 109. Бұрынғы Орал облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында шығарылған. Түршесі-сангвинеум. Ортадан кеш пісетін сорт. Дәндері ірі, 1000 санының массасы - 7,7-8,1г, дәмдік сапасы жақсы, қабықтылығы 16-17%, жармасының шығымы ортадан жоғары (83%). Батыс Қазақстанда өсіріледі.

Старт - РФ-ның Оңтүстік–Шығыс ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында шығарылған. Түршесі – Сангвинеум, орташа мерзімде піседі, шашылуға орташа төзімді, қара күйеге шалдығуға бейім. Технологиялық жармалық сапалары өте жоғары, дәндері ірі, 1000 санының массасы - 7,3-8,6г, дәнінің қабықтылығы 17%, жармасының шығымы 78% Ақтөбе облысында өсіруге болады.

Биологиялық ерекшеліктері. Тары жаздық түрде ғана өсіріледі. Тары сорттары вегетациялық кезеңінің ұзақтығына қарай көптүрлілігімен ажыратылады: 50-70 тәулікте пісетін ерте сорттарымен қатар, 100-120 тәулікте кеш пісетін сорттары да бар. Қазақстанда өсірілетін сорттарының вегетациялық кезең ұзақтығы 75-85 тәулік.

Тарыда, басқа да дәнді астық дақылдары сияқты, алты өсу және даму кезеңдері бар: егін көгі, түптену, түтікке шығу, шашақтану, гүлдену және пісу. Себуден егін көгіне және көктеуден түптенуге дейінгі кезеңаралық ұзақтығы барлық экологиялық –жағрапиялық топтарында шамамен бірдей және топырақ температурасы мен ылғалдылығына байланысты өзгереді. Егін көгі сепкеннен 3-20 – тәулікте пайда болады, ал түптенуі көктеуден кейін 10-30 – тәулікте жүреді. Көктеуден шашақтануға және шашақтанудан пісуге дейінгі кезеңаралық ұзақтық тиісінше 25-80 және 25-30 тәулікті құрайды, ол ауа-райына және сорттың пісу мерзіміне (піскіштігіне) байланысты.

Тары тұқымы айқын байқалатын егін жинағаннан кейінгі пісіп жетілу кезеңімен ерекшеленеді, сақтауда 20 жылға дейін өнгіштік қабілетін сақтайды және өз массасының 25-34 % ылғалды сіңіргеннен кейін өне бастайды. Тары өсімдігі алғашқы уақытта өте баяу өсу қарқынымен ерекшеленеді, ал бұл арамшөптерге өте сезімтал етеді. Өсімдігінің биіктігі вегетациясының соңына қарай 1,0-1,5 м жетеді. Қоректену алаңының өсуіне байланысты тары күшті түптенуге бейім. Тарының тамыр жүйесі шашақты, 1 м тереңдікке бойлайды. Түп тамырларының ұзындығы 60 см-ге дейін жетеді, өсімдік тіршілігінің соңына дейін тірі болады және вегетациясының қолайсыз жағдайларында белгілі бір мөлшерде аз да болса өнім қалыптастырады. Тарының тамыр жүйесінің қуаттылығы тұқымдық материал сапасына да байланысты. Тарының түптенуі мен түйін тамырларының өсуі ылғал жеткіліксіздігі мен топырақтың нашар жылынуынан баяу жүреді, тіпті бөгеледі.

Топырақ температурасы 6-100С тамыршалардың өсуі мүлде ақырындайды, 180С дейін жылынғанда түп және түйін тамырларының өсуі мен бұтақтануы күшейе түседі. Жоғары температурада және топырақтың беткі қабаты шапшаң кебе бастағанда түйін тамырлардың қалыптасуы тоқтап қалуы да мүмкін. Тары өсімдігіне тән сипат – алғашында тамыршалардың өсуі өскіндерге қарағанда тезірек. Тамыр жүйесінің негізгі массасы шашақтануға дейін түзіледі. Гүлдегеннен кейін тамыр жүйесінің массасы шамалы ғана артады.

Тары өздігінен тозаңданатын өсімдік. Гүлденуі шашақтанудан 2-8 тәулік соң басталады және ол таңғы 08-ден 1500-сағ. аралығында шашақтың жоғары бөлігінен бастап жүреді. Бір гүлдің гүлдену ұзақтығы 15-40 мин., ал бір өсімдіктегі шашақтың гүлденуі сорт пен ауа-райына байланысты 6-дан 20 тәулікке дейін созылады. Тарының маңызды биологиялық ерекшелігіне оның жоғары өнімділігі жатады. Жақсы шашақ (сіпсебас) жалпы массасы 8-10 г болатын 600-1200 дән қалыптастырады, салыстыру үшін – жақсы бидай массасы 1,0-1,5 г болатын 25-30 дән түзеді.

Тары өсу жағдайларын жақсартуға өте жоғары талап қояды. Ол – жылусүйгіш өсімдік. Оның тұқымдары 5-100 С жылылықта ақырындап өне бастайды, ал 15-200С-да – шапшаң көктейді (3-4 тәулікте). Вегетациясының бас кезіндегі төменгі температура тарының баяу өсуін одан сайын төмендетеді, ал ұзақ мерзімді орташа температура 6-100С және бұлыңғыр ауа-райы фотосинтезді әлсіретеді де егін көгінің опат болуына ұрындырады. Төменгі температура шашақтану мен пісу кезеңдерін ұзартып жібереді. Тары бозқырауды нашар көтереді, алғашқы 1-2 жапырақ кезеңінде төзімдірек болғанымен - 2-30С – жарақаттанады және - 3,5-40С–да опат болады; 3-жапырақ кезеңінде өсімдіктері тіпті - 1,50С-да жарақаттанады, гүлдену кезеңінде - 1,20С бозқырауға сезімтал; пісу кезеңіндегі егістік ондай бозқырауда сирек жарақаттанады. Өсіп-жетілу кезеңінде сорттарына байланысты тарының белсенді температура жиынтығы 1800-20000С аралығында өзгереді.

Тары – негізінен ыстық және құрғақшылықты климат өсімдігі. Оның өнуіне тұқым массасының 25 % ылғал жеткілікті, транспирациялық коэффициенті – 200-250, немесе бидай мен қарақұмыққа қарағанда 1,5-2 есе төмен. Бүкіл қажетті ылғалдың 90%-ын тары түптену кезеңінен кейін шығындайды. Тары өсу және даму кезеңдерінде ылғалды әркелкі шығындай отырып тіршілігінің алғашқы үштен бірінде барлық ылғалдың 27%, екіншісінде - 41%-ын, соңғысында - 33%-ын пайдаланады.

Ылғалды барынша көп қажетсінуі оның шашақтану кезеңіне сәйкес келеді.

Тары ағзасының ұзақ мерзімде ылғал тапшылығын көтеруі мен тамыр жүйесінің айтарлықтай бөлігінің топырақ бетіне таяу орналасуы оның құрғақшылықты жылдары кеш түсетін аздаған жауын-шашынның өзінде тез өсіп, жоғары өнім беру қабілетімен ерекшеленеді, ал мұндай жағдайда басқа астық дақылдары анағұрлым төмен астық өнімін береді. Ылғалға қажетсінуі шамалы болғанымен тары астықтан мол өнім қалыптастыру үшін топырақ ылғалдылығын суару немесе басқа да тәсілдермен молайтуды қалайды.

Тары – қысқа күннің өсімдігі, жарық күннің ұзақтығы оның вегетация кезеңін ұзартып жібереді. Алайда сібірлік сорттар жарық факторына онша әсер ете қоймайды және ұзақ жарық күннің өзінде жақсы пісіп жетіледі. Дегенмен тары дақылы пісу кезеңінде басқа астық дақылдарымен салыстырғанда жарық сүйгіштігімен ерекшеленеді. Әсіресе тұтас шашақты тары сорттары толысудан дәннің пісу кезеңіне дейінгі аралықта жарыққа жоғары талап қояды – жаздың екінші жартысындағы бұлтты, бұлыңғыр ауа-райы дәннің қалыптасу кезеңін кешеуілдетіп, тары вегетациясын ұзартып жібереді.

Топыраққа тары жоғары талап қоймайды, ол әртүрлі топырақтарда өсе алады және жақсы астық өнімін қамтамасыз етеді (қара, күңгірт-қоңыр, сұр, сортаңдау ж.б. топырақтар). Арамшөптерден таза, жеңіл сіңімді қоректік заттары мол, құрылымды топырақтар тарыға барынша жарамды, құрғақшылықты аудандарда айтарлықтай байланысқан, ал жеткілікті ылғалды аудандарда жақсы жылынатын жеңіл топырақ мол өнім кепілі болып табылады. Дәнді астық дақылдарының ішінде қышқыл ортаға барынша төзімді. Алайда оған дұрысы бейтарап, немесе әлсіз сілтілі орта (рН = 6,5-7,5).

Өсіру технологиясы. Алғы дақылдар. Тарыны тың және тыңайған жерлерге немесе көпжылдық шөптер қыртысына орналастырған дұрыс. Бұл жерлер жоғары құнарлығымен және арамшөптерден тазалығымен ерекшеленеді. Олардан кейін тары барынша жоғары астық өнімін қалыптастырады, сондықтан оны жер қыртысы өсімдігі деп те атайды. Тарыға отамалы және дәнді бұршақ дақылдары да жақсы алғы дақыл, сүріден кейінгі екінші дақыл болғанда да тәуір өнім береді. Вегетация кезеңінің қысқалығынан тары егістігін жинағаннан кейін күзде ерте сүдігер дайындауға мүмкіндік болады, ал мұның өзі Қазақстанның Солтүстік өңірінде тары жаздық қатты бидайға жап-жақсы алғы дақыл бола алады.

Топырақ өңдеу және қар тоқтату. Тары үшін топырақ өңдеу жүйесі танаптарды арамшөптерден тазартуды, егін көгінің жаппай пайда болуын және оның тамыр жүйесінің жақсы дамуын қамтамасыз етуге бағытталады. Оған ерте және сапалы дайындалған сүдігер бөлінеді. Ерте көктемгі себу алдындағы топырақ өңдеу ылғал жабудан басталады. Себу алдында арамшөптерден таза және тығыз топтарда себу алдында бір-ақ рет культивация жүргізіледі, ал арамшөптермен ластанғанда танапты жақсы тазарту мақсатында оны екі мәрте культивациялайды. Маңызды агрошаралардың бірі – тарыны себу алдында топырақ бұдырлы катоктармен тығыздалады. Соның нәтижесінде тары тұқымы топыраққа біркелкі тереңдікте сіңіріледі. Топырақпен жақсы қабысатындықтан тұқымның бөртуі және көктеуі, кейіннен өсімдіктердің біркелкі дамуы қамтамасыз етіледі. Топырақты тығыздаудың нәтижесінде астық өнімі 2,0-3,5 ц/га артады.

Тарының құрғақшылыққа төзімділігіне қарамай қыста қар тоқтатудың маңызы зор. Еліміздің оңтүстік –шығысында орта есеппен 20 жылда қар тоқтатудан тарыдан алынған қосымша астық өнімі 3,8 тан 5,6 ц/га жетті, ал Батыс Қазақстанның Орал облыстық тәжірибе стансасында орта есеппен 5 жылда қар тоқтатылмаған танаптан 7,4 ц/га, ал қар тоқтатылған танаптан 13,6 ц/га астық жиналды. Қар тоқтату Солтүстік Қазақстанның барлық тары өсіретін аудандары үшін міндетті агротехникалық шара болып есептеледі.

Тыңайтқыш қолдану. Тарының тамыр жүйесінің сіңіру қабілеті жоғары емес, сондықтан оған жеткілікті мөлшерде сіңімді қоректік заттар бүкіл вегетация кезеңінде болғаны абзал. Оның 25 ц/га астығы мен 50 ц/га сабаны топырақтан 35 кг фосфор, 75-80 кг азот және 87-90 кг/га калий шығындайды. Ол минералды, органикалық және бактериялық тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді. Оларды дұрыс қолданғанда тарының қосымша астық өнімі басқа дәнді дақылдарға қарағанда жоғары. Ғылыми зерттеу мекемелерінің деректері бойынша тарыға енгізілген тыңайтқыштан қосымша астық өнімі: көңнен – 6,0 ц/га, азотты – фосфор тыңайтқыштарынан – 0,5-5,5 ц/га, себумен қатарға енгізілген түйіршіктелген суперфосфаттан – 1,5-5,4 ц/га, ал тұқымды фосфорбактеринмен өңдеуден – 2,0-3,0 ц/га болды. Тарыға енгізілген тыңайтқыш астық өнімін арттырумен қатар оның сапасын жақсартады, өсімдіктердің даму үрдісін тездетеді, қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімділігін арттырады және ауруларға жақсы төтеп береді.

Тұқымды себуге дайындау. Тұқымдарының ұсақтығына байланысты тары сорттарын себуге дайындағанда сорттық сапасы, ірілігі, толықтығы жоғары және аурулармен залалданбаған тұқымдық материалды пайдаланған жөн. Тары тұқымынан қиын ажыратылатын қоспаларды (арамшөп тұқымынан да) ажырату күрделі астықтұқым тазалағыш машиналарды қолданады. Олардан өткен тұқым біршама іріленеді, алайда толық іріктелу пневматикалық сорттағыш құрылымдардан өткізгенде ғана қол жеткізіледі (ССП-1,5 ж.б.), ондай тұқымдардың меншікті салмағы жоғары болып келеді.

Себу алдында тары тұқымы құрғақ-ауада қыздырылады немесе 500 жылылықта 15 минөт жылы суда ұсталады. Кейіннен дәріленеді (витавакс 200 ФФ, 34% (2,5-3,0 кг/т), фундазол, 50% (2,0 кг/т), фенорам 70% (2,0 кг/т) химикаттарының бірімен).

Себу мерзімі. Тарының себу мерзімі оның биологиялық ерекшелігімен (жылусүйгіштігі) анықталады. Барынша қолайлы жағдайлар топырақтың 10 см қабатында температура 12-150С жеткенде және бозқырау қаупі өткеннен кейін қалыптасады. Ерте себілгенде де (салқын топырақта тұқымның бір-бөлігі шіріп кетеді, сирек егін көгі шығады, соңынан егістік арамшөптермен қатты ластанады, әрі жаздың екінші жартысында болатын жауын-шашынды нашар пайдаланады), кеш себілгенде де (ерте күзгі бозқырауға ұрынады) тары өнімі төмендейді. Тарының оңтайлы себу мерзімінің критерийлері (талаптары):

  • топырақтың 10 см қабатында температураның 10-120С-ға жетуі;

  • егін көгінің көктемгі бозқыраумен жарақаттануы;

  • тарының күзгі бозқырауға ұрынуы;

  • тұқымның сіңірілу тереңдігіндегі топырақ ылғалдылығы;

  • себу алдында танаптарды арамшөптерден тазарту мүмкіндігі.

Келтірілген көрсеткіш – талаптарға сәйкес тарының оңтайлы себу мерзімі (басталуы мен аяқталуы) Қазақстанның агроклиматтық аймақтары бойынша төмендегідей:

- Солтүстік облыстарда (Павлодар облысынан басқа) – мамырдың соңы – маусым айының бірінші бескүндігі (30-31.Ү – 5.ҮІ); Павлодар облысында екінші, үшінші және төртінші агроклиматтық аймақтарда – мамырдың екінші-үшінші онкүндігі (11-31 мамыр). Себуді кешіктіру өте қауіпті: топырақ кеуіп кетуі мүмкін, егін көгі сирек болады, астық піспей қалады.

- Орталық Қазақстанда – мамырдың бесінші бескүндігі (23-25 мамыр);

- Батыс Қазақстан облыстарында – мамырдың екінші-үшінші бескүндігі (5-15 мамыр);

- Еліміздің шығысында (ШҚО) тау бөктері аймағында-мамыр айының үшінші онкүндігінің басы (21-25 мамыр), ал құрғақ далалы аймағында - мамырдың үшінші онкүндігінің соңы (26-31 мамыр);

- Тарыны астық өсіретін оңтүстік облыстарда – сәуірдің соңы- мамырдың бірінші онкүндігі (30 суір, 31 мамыр аралығы).

Өңірлер мен аймақтар бойынша жоғарыда көрсетілген мерзімде себілген тары өсімдіктерінің көктемгі және күзгі бозқырауға шалдығу мүмкіндігі айтарлықтай төмен болады.

Тұқымның сіңіру тереңдігі. Тары тұқымының сіңірілу тереңдігі топырақтың беткі қабатының ылғалдылығына оның механикалық құрамы мен оның шаңдану дәрежесіне, сонымен бірге себу мерзіміне тәуелді. Тарының жаппай егін көгін алуда тұқымның сіңірілу тереңдігі үлкен рөл атқарады. Өсірілетін аудандары мен аймаққа байланыссыз тары тұқымы ылғалды қабатқа себілуге тиіс: дұрысы – 4-5 см топырақ қабатына сіңірген, алайда беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде 8-9 см тереңдетуге болады. Оның танаптық өнгіштігін арттыру, дер кезінде біркелкі егін көгін алу және соңынан жоғары астық өнімін қамтамасыз ету үшін себу тәсілі мен сепкіш маркасына қарамай танапты сепкеннен кейін бұдырлы катоктармен тығыздайды.

Себу тәсілі мен мөлшері. Ғылыми мекемелер себу тәсілі бойынша әртүрлі кепілдемелер береді. Біреулері жаппай қатардағы себу тәсілін ұсынса, екіншілері кең қатарлы себу тәсілінің артықшылығын уәжге келтіреді. Алайда өндірістік жағдайда тарыны, әдетте, жаппай қатардағы тәсілмен себеді. Кең қатарлы тәсіл егістіктің арамшөптермен ластану қаупі бар танаптарға ұсынылады, өйткені қатараралықтарды өңдеу жолымен оларды құртуға болады. Жекелеген жылдары таспалы себу тәсілінің артықшылығы байқалады.

Себу мөлшері өсіру аймағы мен себу тәсіліне байланысты өзгереді. Бір ескеретін жайт, тары жарықсүйгіш және арамшөптерге өте сезімтал өсімдік. Тары егістігі тым жиі болмауға тиіс, өйткені ол әр өсімдіктің өнімділігін төмендетеді, бірақ сирек болмағаны да жөн – арамшөптердің дамуына жол берілмеу керек.

Таза танаптарға және топырақтың беткі қабатында ылғал жеткілікті болғанда дискілі сепкіштерді (СЗТ-3,6; СЗП-3,6; СДС-18 ж.б.) пайдалануға болады. Топырақтың беткі қабаты 4 см-ден тереңірек кеуіп кеткен жағдайда сошниктері анкерлі сепкіштерді (СЗС-2,1; СЗТС-6; СЗТС-12) тиісті реттеуден өткізіп сепкен жөн. Тұқымның себу мөлшері топырақ-климат аймақтарына, тұқым сапасына байланысты төмендегідей өзгереді:

  • Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жаппай қатардағы себу тәсілінде 2,5-3,5 млн/га, ал кең қатарлыда – 1,5-2,0 млн/га өнгіш тұқым;

  • Павлодар облысының бірінші аймағында 1,8-2,0 млн/га, екінші және үшінші аймақтарында – 1,2-1,5 және төртіншісінде – 1,2-1,4 млн/га өнгіш тұқым.

- Қарағанды облысының негізгі егіншілікті аймақтарында жаппай қатардағы себу тәсілінде 2,0-2,5, ал кең қатарлыда 1,5—2,0 млн/га өнгіш тұқым сепкен дұрыс;

- Батыс Қазақстанда Ақтөбе облысының бірінші аймағында 2,8-3,0, екіншісінде 2,5-2,7, үшіншісінде - 2,0-2,3 және төртіншісінде - 1,2-1,5 млн/га өнгіш тұқым себу ұсынылады. Батыс Қазақстан облысында жаппай қатардағы тәсілмен агроклиматтық аймақтарға байланысты себу мөлшері төмендегіше өзгереді: бірінші аймақта - 2,2-2,4, екіншісі мен үшіншіде - 1,8-2,0 млн/га өнгіш тұқым.

  • Оңтүстік Қазақстанда жаппай қатардағы себу тәсілінде 2,4-3,0 ал кең қатарлы тәсілмен сепкенде -1,8-2,4 млн/га өнгіш тұқым дұрыс болады.

Егістікті күтіп-баптау. Тары егістігін күтіп-баптау ең алдымен арамшөптерге қарсы күреске бағытталған. Арамшөптерден таза танаптарға орналастыранда мұндай жұмыстын қажеті жоқ, ал нашар алғы дақылдан кейін орналастырғанда тары егістігінде арамшөптерге қарсы күрес міндетті агрошара. Ол үшін танапта тарының көктеуіне дейін арамшөп жіпшелері мен топырақ қабыршағын құрту мақсатында сепкеннен 3-5 тәулік соң егістік тырмаланады. Кең қатарлы егістікте негізгі күтіп-баптау жұмысы 2-3 қатараралық культивацияны қарастырады. Біріншісін егістік толық көктегенде және қатарлар анық байқалғанда 4-5 см тереңдікте жүргізеді. Екіншісін – 7-8 см тереңдікте бірінші қатараралық культивациядан 20-25 тәуліктен соң, ал үшіншісі – екіншіден 1,5-2,0 апта кейін 8-10 см-ге жүргізілу мүмкін.

Тары егістігінде арамшөптерді құртуда гербицидтерді қолдану да тиімді шара. Тарының түптену кезеңінде (4-5 жапырақ) қосжарнақты арамшөптерге қарсы базагран, 48% (2,0-4,0 кг/га), диален 40% (1,75-2,25 кг/га), лонтрел 300 (0,16-0,66 кг/га), луварам, 50% (1,2-2,0 кг/га) гербицидтерінің бірімен егістікті бүркіп, арамшөптерді құртуға болады. Ғылыми мекемелердің деректеріне қарағанда қосымша өнім 3,0 ц/га, ал арамшөптердің құруы – 75-87% жететіндігі анықталды. Тары егістігін жолақты астық бүргелері, тары шіркейі, трипстер сияқты зиянкестер аздап жарақаттайды. Оның кең тараған аурулары – қара күйе, бактериоз, мозаика. Тары өсімдіктерінің өсуі мен дамуына оңтайлы жағдай жасауға бағытталған агротехникалық шаралар оларға да қарсы күрес шаралары болып табылады.

Егінді жинау. Тарының пісуі бір шашақтың өзінде біркелкі емес және тамырында тұрып қалғанда піскен дәндері тез шашылады да көп астық ысырабына ұрындырады. Оны негізінен бөлектеп жинаған дұрыс. Дестеге шабуды сіпсебастың (шашақтың) орта кезіндегі дәндер балауызданып пісу кезеңіне жеткенде бастайды, бұл уақытта төменгі бөліктегі дәндер әлі сүттене- балауызданып пісу кезеңінде болуы мүмкін.

ҚАРАҚҰМЫҚ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Қарақұмық – бағалы және маңызды азық-түлік дақылы. Басқа жармалық дақылдардың ішінде азық-түліктік құндылығы бойынша ол бірінші орынды иеленеді. Азық-түліктік мақсатқа ол негізінен жарма түрінде, шамалы мөлшерде ұн түрінде қолданылады. Қарақұмық жармасы жеңіл қорытылатын ақсылдарға, майларға, минералды заттар мен дәрумендерге бай. Ол жоғары калориялығымен, жақсы дәмдік сапасымен ерекшеленеді және диетикалық қасиеттері бар.

Қарақұмық ақуыздары (белоктар) қоректік қасиеттері бойынша дәндібұршақ дақылдарының ақуыздарына жақын. Олар айырбасқа жатпайтын амин қышқылдарының көптігімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, қарақұмықта тарыға қарағанда лизин он еседей көп. Қарақұмық жемісінде емдік қасиеттерімен сипатталатын лецитин көп мөлшерде кездеседі. Қарақұмық жармасындағы ақуыздарға жоғары ерігіштік тән. Олардың арасында суда еритіндері (альбуминдер) 58 %, ал тұзда еритіндері (глобулиндер) – 28 %. Салыстыру үшін – бұл қасиеттер тары жармасында тиісінше 5,2 және 5,8 %.

Қарақұмық жемісінің құрамына кіретін майлар тотықтануға жоғары төзімділігімен ерекшеленеді және соның нәтижесінде тіпті салыстырмалы түрде астығы мен жармасы ұзақ уақыт сақталғанда қаңсымайды.

Қарақұмық жармасындағы органикалық қышқылдар (алма, қымыздық, лимон) және көп дәрумендер құрамы (В1, В2 ,В6, Е, РР ж.б.) ас қорытуды жақсартады, әрі адам ағзасында артық мөлшерде тұздардың жинақталуына кедергі жасайды.

Жеңіл сіңірілетін ақуыздардың айтарлықтай көп мөлшерде болуы және амин қышқылдарының, дәрумендердің, органикалық қышқылдар мен әртүрлі микроэлементтердің қарақұмық жармасы мен ұнынан дайындалатын қоректік азық-түліктің оңтайлы құрамы адам ағзасының физикалық жүктемеге, сонымен қатар радиоактивті және рентген сәулелеріне жоғары шыдамдылық пен төзімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды. Олар ішек-асқазан ауруларымен, қант диабеті, нефрит, мигрень, жүйке ауруына шалдыққан, жүрек-тамыр ауруларының түрлерінен зардап шегетін балаларға, ересек және ауру адамдарға өте пайдалы, әрі қажетті.

Қарақұмық жармасынан – ботқа (каша), пудингілер, запеканкалар, котлеттер, құймақ, пирогқа салынатын турамалар (фарштар) дайындалады. Қарақұмық ұны құймақ, варениктер, балалардың қоректік қоспаларын, дайындауда қолданылады. Майбұршақпен (қытайбұршақпен) араластырып әртүрлі кондитер өнімдерін, оның ішінде шоколад дайындау өндірісінде пайдаланылады.

Қарақұмықтың бал әкелетін дақыл ретіндегі рөлі де зор. Ғылыми деректерге қарағанда қарақұмықтың әрбір гектар егістігі орта есеппен 40-60 кг, ал қолайлы жылдары 100 кг дейін бал жинауға мүмкіндік береді, ал оның емдік қасиеттері жоғарыда айтылған. Сондықтан бұл дақылдың егістігі бал араларының жақсы азықтық қоры болып табылады.

Қарақұмықтың шырынды өнімділігіне ауа-райы жағдайлары, сорттық ерекшеліктері, өсірудің агротехникалық шаралары (себу мерзімі, тыңайтқыштар, пестицидтерді қолдану ж.б.) әсер ететіні анықталған.

Қарақұмықтың мал шаруашылығы үшін де белгілі бір маңызы бар.

Әдетте, мал азығына астыққа тазалағанда, іріктегенде және өндірістік өңдеуден өткенде алынатын қоспалар (семген, ұсақ, уатылған дәндер, мал азықтық ұн, кебек) пайдаланылады. Олармен үй құстарын, шошқаларды, азықтандырады. Мұндай жағдайда құстардың жұмырткалағыштығы артады, ал ет семіз, әрі ашық түсті болады. Шошқалардың қосымша салмағы артады және майының сапасы жақсарады. Шошқа мен ірі қара мал төлдері үшін қарақұмық мекені жақсы мал азығы.

Қарақұмық сабаны қоректілігі мен сіңімділігі жөнінен астық және бұршақ тұқымдас дақылдар сабандарының аралығынан орын алады. Жеміс салу кезеңінің басында жиналған қарақұмық массасы жасыл және құрғақ күйінде мал азықтық құндылығы бойынша шалғындық шөптерге таяу, ал оның сүрлемі ақуыздың мөлшері мен қоректілігі жағынан күнбағыс пен жүгері сүрлемінен қалыспайды.

Бір есте ұстайтын жайт, ашық алаңдарда ұсталатын (бағылатын) ақ түсті малдарды мол мөлшерде және ұзақ уақыт қарақұмық сабаны, мекені пішенімен, немесе жасыл балаусасымен азықтандырғанда оларда «қарақұмық бөртпесі» ауруы пайда болады. Ол ауру ылғалды қабықшалар мен терінің пигменттелмеген бөліктерінің қызаруы және қабынуынан байқалады. Аурудың ұзақ дамуынан мал терісіндегі жүн қабатының түсіп қалуы байқалады, теріде ісіктер түзіледі және коньюктивит, стоматит, ларингит пайда болады, тіпті, бастағы мидың қабыну үрдісі жүреді. Бұл ауру түрі қарақұмық өсімдіктерінде кездесетін ерекше зат - фагопириннің – болуына байланысты. Жануарлар ағзасына енген фагопирин тері мен ылғалды қабықшалардың күн сәулесі әсеріне сезімталдығын арттырады.

Ашық (ақ) түсті жануарларды қорада және әлсіз жарықта ұстағанда оларда «қарақұмық бөртпесі»-нің белгілері байқалмаған. Қарақұмықтан дайындалған мал азығын орташа мөлшерде, жас, көгермеген түрде және басқа мал азығымен араластырып азықтандырса бұл аурудан сақтандыруға болатыны дәлелденген. Қарақұмық сабаны мен мекенін малға буға қыздырып, немесе, басқа дақылдардың сабаны және мекенін орналастырып түйіршіктер мен брикеттерге өңдеп берген дұрыс. Қоңыр түсті малдар «қарақұмық бөртпесімен» залалданбайды.

Қарақұмық сабанынан жоғары сортты поташ (К2СО3) өндіріледі.

Қарақұмықтың жеміс қабығы (лузгасы) негізінен клетчатка мен пентозандардан құрылған. Оның құрамында қорытылатын қоректік заттар жақтың қасы және мал азықтық мақсаттарға тікелей пайдаланылмайды. Алайда лузганың құрамында айтарлықтай мөлшерде полисахаридтар болады, ал бұл микробиологиялық өнеркәсіпте мал азықтық ашытқылар өндіру мүмкіндігінің барлығын көрсетеді.

Қарақұмықтың агротехникалық маңызы да зор. Өткен ғасырда Ресейдің көптеген облыстарында үлкен алқаптарда қарақұмықты күздік дақылдарға жасыл тыңайтқыш ретінде өсірілгені белгілі.

Қолайлы жағдайларда қарақұмық әрбір гектар егістікте 200 ц дейін жасыл масса қалыптастырады. Оны жасыл тыңайтқышқа пайдаланғанда топыраққа 6 ц аммоний сульфатына, 2,5 ц суперфосфатқа және 3,6 ц хлорлы калийге парапар мөлшерде азот, фосфор және калий жинақталады, ал оларды әсер етуші затқа есептегенде: азот – 120 кг, фосфор – 50 және калий – 134 кг/га жеткен.

Қарақұмықты астыққа жинағаннан кейін топырақтың жыртынды қабатында 20-дан 40 ц/га дейін калий, фосфор, кальцийге бай аңыз және тамыр қалдықтары қалады. Есептеулер көрсеткендей, қарақұмықтың аңыз қалдықтары (паясы) калийдің мөлшері бойынша асбұршақ паясынан екі есе және бидайдан төрт есе асып түседі.

Кезінде Д.Н. Прянишников дәлелдегендей, қарақұмықтың тамыр жүйесі басқа дақылдар пайдалана алмайтын қиын еритін фосфор қышқылының қосылыстарын өзінің бойына жақсы сіңіру қабілетімен ерекшеленеді.

Қарақұмық егістігінің басқа жаздық дәнді дақылдарға қарағанда арамшөптермен шамалы дәрежеде ластанатыны белгілі. Өйткені қарақұмық өсімдіктері бастапқы өсіп-даму кезеңдерінде вегетативтік массасын айтарлықтай қарқынды қалыптастырады да, топырақты жақсы көлеңкелей отырып, көптеген арамшөптер түрлерінің егін көгін ойдағыдай басады. Жүргізілген тәжірибелер мен көптеген шаруашылықтардың іссанасы (практикасы) көрсеткендей, қарақұмықтан кейін танап арамшөптермен аз деңгейде ластанғанымен қоймай, аурулармен де шамалы залалданады. Оның үстіне ондай танаптарда зиянкестер де аз шоғырланады.

Қарақұмықтан кейін топырақ борпас қалады, ал мұның өзі ауылшаруашылық құралдарымен айтарлықтай жеңіл өңделеді.

Жоғарыда көрсеткендей, қарақұмық топырақ құнарлығын жақсартуға септеседі және басқа дақылдарға жақсы алғы дақыл бола алады. Кешірек себілуіне және тез піскіштігіне байланысты қарақұмықты опат болған күздіктер мен ерте жаздық дақылдар егістігіне сақтандыру дақылы ретінде жиі пайдаланады.

Қарақұмыққа тән көптеген құндылықтар кезкелген дақылда бола бермейді.

Даму тарихы, таралуы және өнімі. Қарақұмық шамамен 2,5 мың жыл бұрын Азия материгінің шығыс бөлігінде ылғалды аудандарында мәдени өсімдік ретінде қалыптасқан. Оның морфологиясындағы ерекшеліктер мен өсу жағдайларына талаптары осымен түсіндіріледі.

Мәдени қарақұмық жабайы татар қарақұмығынан (Fagopyrum tataricum L.) шыққан деп есептеледі. Бірінші жүзжылдықта ол Ресейге енген, ал кеңінен өсіріле бастаған кезеңі 15-ғасырдан бастау алады. Осы уақытта ол Европа елдерінде де тарады. Дүние жүзінде жыл сайын қарақұмық 3,5 млн га егістікте өсіріледі, оның көбі Ресейде, АҚШ, Қытай, Үнді ж.б. елдерде. Қазақстанда ол өткен ғасырдың 60-жылдарында (тың игеру жылдары) кең тарады. Соңғы 10 жыл (1997-2006 жж) ол жыл сайын орта есеппен 70,3 мың га алқапта өсіріліп, орташа астық өнімі 5,0 ц/га шамасында болды; негізгі егістігі Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында шоғырланған (бүкіл егістіктің 80% дейін) және орташа астық өнімі тиісінше – 3,5 және 6,7 ц/га құрады. Бұл дақылдың әлеуетті өнім мүмкіндігі айтарлықтай жоғары: мәселен, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ-ның өсімдік шаруашылығы кафедрасының кезекті бір танаптық тәжірибелерінде (Қарағанды облысының күңгірт қара-қоңыр топырақтарында) жекелеген варианттарда астық өнімі 19-22 ц/га дейін жетті. Қазақстанның әртүрлі аймақтарында сортсынау телімдерінде оның астық өнімі 13,5-19,0 ц/га және одан да жоғары. Қазақстанның озық шаруашылықтарының іссанасы көрсеткендей, қарақұмықтың өсру технологиясын дұрыс жүргізгенде тіпті үлкен егістік алқаптардың өзінде әр гектардың орташа өнімділігін 12-14 ц және одан жоғары көрсеткіштерге жеткізуге болатындығы байқалды.

Қазіргі кезеңдегі қарақұмықтың астық өнімінің төмен деңгейде болып тұрған себебі – негізінен оның өсіру технологиясын жасағанда ауыл енбеккерлері дақылдың морфологиялық, биологиялық және сорттық ерекшеліктерін ылғи ескере бермейді.

Ботаникалық сипаттамасы. Қарақұмық қарақұмықтар тұқымдасына (Polygonaceae), Fagopyrum туыстығына жатады және ол бірнеше түрлерді біріктіреді: Қазақстан аумағында мәдени қарақұмық (F. esculentum) өсіріледі, ал жабайы түрлерінен арамшөп өсімдігі ретінде татар қарақұмығы (F. tataricum) кездеседі; жартылай бұталы түрі (F. suffruticosum) – көпжылдық өсімдік, Ресейдің Сахалин аймағына тән.

Мәдени қарақұмық екі түр тармағына бөлінеді: кәдімгі қарақұмық (subsp.Vulgare S.) барлық жерлерде өсіріледі және көпжапырақты қарақұмық (subsp.multifolium S.) негізінен Ресей Федерациясының Қиыр Шығысында өсірілетін өсімдік.

Кәдімгі қарақұмық бірнеше түршелерге ажыратылған, олардың ішінде кең тарағандары екеу: var. alata Bat. – жемістері қанатты (қырлары бүгілген) және var. aptera Bat. – қанатсыз.

Қарақұмықтың өсіп-жетілу кезеңі қысқа (70-85 тәулік), бастапқы өсуі шапшаң, гүлденуі мен пісуі созылыңқы, ал бұл аймақ жағдайындағы бозқырауды ескеруді талап етеді.

Аталған дақылдың барлық өсіп-даму кезеңдері (егін көгінен басқалары) бір-бірімен ұштасып жүреді және егін жинағанға дейін созылады. Сондықтан кезеңдердің басталуы мен жаппай жүруі белгіленеді.

Өсіп-даму кезеңдері. 1. Тұқымның өнуі мен егін көгінің пайда болуы. Қарақұмық тұқымының өнуі ұрықтық тамыршаның түзілуімен басталады да, ұзара өсіп топыраққа бойлай сіңіріледі. Бір мезгілде тұқым жарнағының қалтасы (подсемедольное колено) ұзарады, оның пішіні доға тәріздес және өзінің төбесімен топырақ бетіне шығады, ал соңынан тұқым жарнақтары (7-8 тәуліктен соң) шығады. Осы кезеңді көктеу немесе егін көгі деп атайды (Сурет 14).

2. Бұтақтану және шанақтану (бүрлену). Көктегеннен 4-5 тәулік өткенде бірінші нағыз жапырақ пайда болады, ал тағы 3-5 тәуліктен кейін екіншісі түзіледі. Екінші нағыз жапырақ пайда болғаннан кейін өсімдіктер бұтақтана бастайды, осы кезде бірінші және екінші жапырақтардың қолтық өркендері өсе бастайды. Бұтақтанумен қатар егін көгінен 10-15 тәуліктен соң шанақтану немесе бүрлену (жарылмаған гүл бүрлерінің жетілген кезі) кезеңі басталады.

Сурет 14. Қарақұмық тұқымының өнуі

3. Гүлдену кезеңі көктеуден 25-30 тәулік өткенде басталады да 20-40 тәулікке созыла-ды. Гүлдену бір өсімдік шегінде, тіпті бір гүлшоғырында бір мез-гілде жүрмейді және ұзақ кезеңге созылады. Қарақұмықтың ұзаққа созылатын гүлденуі мен метеорологиялық жағдайларға үлкен

тәуелділігі жағымсыз

қасиет болып есептеледі. Ол барынша мол жеміс қалыптастыру үшін қолайлы жағдайларды күтетіндей дақыл.

4. Жеміссалу және пісу кезеңдері 35-40 тәулікке созылады (бір өсімдік деңгейінде, тіпті бір гүл шоғыры шегінде), сондықтан өсімдікте піскен дәндер де, жартылай піскендері де, сүттене піскен күйінде, сонымен бірге гүлдер де болады. Қарақұмық өсімдігінде байланған жемістер бүкіл гүлдер санының 20-30 пайызынан аспайды, ал олардың тек жарытысына жуығы қалыпты дамиды. Сондықтан қарақұмық өсімдігінің дәнділігі 10-15 %-ды ғана құрайды.

Қарақұмық өсімдігінің әлсіз дәнділігі генеративтік мүшелерінің тозаңдануына дейін, одан кейін көпшілігінің опат болуымен түсіндіріледі. Бұл дақылда вегетативтік мүшелерінің өсуі бір мезгілде репродуктивті мүшелерінің дамуымен қатар жүреді және егін жинау қарсаңында да аяқталмайды.

Морфологиялық ерекшеліктері. Мәдени қарақұмық – бір жылдық шөптесін өсімдік, сабағы борпас және бұтақты, биіктігі 30-дан 150 см-ге дейін, қолайлы жағдайларда сабақта 10-12 бұтақтар қалыптасады. Жапырақтары (Сурет 15) үшбұрышты – жүрек немесе жүрек – жебе пішінді болып келеді де төменгілері ірі, ал жоғары бөлігіндегілері біршама ұсақ (кішілеу). Тамыр жүйесі алғашқы (ұрықтық) кіндік тамыр мен одан тараған ұзын бүйір тарамдарынан және жеткілікті ылғалды жылдары сабақтан төменгі бөлігінен түзілетін екіншілік қосалқы тамырлардан құралған. Тамырлары топырақтың 70-90 см тереңдігіне дейін бойлауға қабілетті, алайда олардың негізгі массасы жоғары құнарлы қабатта (25-30 см) орналасады.

Сурет 15. Қарақұмық өсімдігі

Дегенмен, қарақұмықтық тамырлары сұлыдан екі есе қысқа, ал гүлдену кезеңінде оның үлесіне бүкіл өсімдік массасының 15 % ғана тиеді. Қарақұмық астығының өнімі оның тамыр жүйесінің дамуына тікелей тәуелді. Өсіру технологиясын жасағанда міндетті түрде тамыр жүйесін дамытуға бағытталған агротехникалық шараларды қарастырған дұрыс.

Қарақұмықтықтың гүлдері қос-жынысты, ақ, қызғылт немесе қызыл түсті және айтарлықтай күшті хош иісті, ал мұның өзі насекомдарды өзіне тартуға әсер етеді. Олар шоқгүл гүл шоғырына жинақталған, жоғарғы бөлігінде қалқан немесе жартылай шатыр қалпында болады. Бір өсімдіктерде ұзын аналықтар мен қысқа аталықтар (Сурет 16), ал екіншілерінде ұзын аталықтар мен қысқа аналықтар қалыптасады (диморфизм құбылысы). Аталықтар мен аналықтардың пісіп-жетілуі әркелкі. Бір өсімдікте 500 және одан да көп гүлдер қалыптасады.

Жемісі – үшқырлы жаңғақ (Сурет 17), 1000 санның массасы 18-32 Қарақұмық өсімдіктерінің 10-15 % гүлдері ғана жеміс салатындығы дәлелденген. Бұл құбылыс бірнеше себептермен түсіндіріледі:

  • жер үсті массасына қарағанда тамыр жүйесінің нашар дамуы;

  • бір гүлдің жапырақ беті алаңымен төмен деңгейде қамтамасыз етілуі (жаздық бидайға қарағанда 1,5-3,0 есе төмен);

  • тозаңдану кезеңіндегі гүлдердің қоршаған орта факторларына (ауаның температурасы мен ылғалдылығына) жоғары сезімталдығы.

Сурет 16. Қарақұмық гүлінің құрылысы: 1 - қысқабағанды; 2 - ұзынбағанды;

Сурет 17. Қарақұмық дәнінің пішіні: 1 – қанатты; 2 – аралық пішін; 3 – қанатсыз.

Ұзын бағаналы аталықтардың ұзын аналықтарға және қысқа бағаналы аталықтардың қысқа аналықтарға құйылуынан жеміссалу үдерісі жақсы жүреді (легитивті тозаңдану), ал әркелкі генеративті түзілімдерден шамалы ғана жеміс қалыптасады да, өнім төмен болады (иллегитивті тозаңдануда).

Биологиялық ерекшеліктері. Жылуға қажетсінуі. Қарақұмық жылусүйгіш өсімдіктер қатарына жатады. Оның тұқымдары 7-8оС топырақ температурасында өне бастайды, алайда өскіндердің дамуы 15-30оС аралығында жақсы жүреді. Оның егін көгі бозқырауға (үсікке) сезімтал және минус 2-3оС ауа температурасында жарақаттанады, ал - 4оС-да өсімдіктер мүлде опат болады.

Гүлдену – жеміссалу кезеңінде қарақұмық жоғары температураға өте сезімтал, өз кезегінде ол жемістердің түзілуіне теріс әсерін тигізеді, әсіресе ылғал жетімсіздігі байқалғанда. Бұл кезеңдегі ауаның оңтайлы температурасы 19-25оС аралығында және салыстырмалы ылғалдылығы 50 %-дан кем болмағаны жөн. Температураның 30оС жоғары және салыстырмалы ылғалдылығы 30 %-дан төмен жағдайда тозаңдану үрдісі нашарлайды да түйіндердің (завязь) жаппай опат болуына ұрындырады. Жеміссалуға биологиялық минимумнан (12-14оС) төмен температурада да теріс әсерін тигізеді.

Қарақұмық – ылғалсүйгіш дақыл. Бір өлшем құрғақ зат қалыптастыру үшін тарыға қарағанда 3 есе, арпа мен бидайға қарағанда 2 есе артық ылғал шығындайды. Оңтайлы температурада оның жаппай егін көгі топырақтың 20-30 % ылғалдылығында пайда болады. Қарақұмықтың ылғалға ең жоғарғы (максималды) қажетсінуі (50-60 %) гүлдену – жеміссалу кезеңінің алғашқы екі-үш аптасына сәйкес келеді.

Қарақұмықтың ылғалға жоғары талабы оның бірқатар анатомиялық және морфологиялық ерекшеліктеріне - буландыру беті ауданының үлкендігі, жапырақтарының жоғарғы және төменгі жақтарындағы көптеген устьице саңылауларының болуы, сабағының балауыз тотынсыздығы, әлсіз дамыған тамыр жүйесі, сонымен қатар температураға айтарлықтай жоғары қажетсінуі – ылғал мен жарыққа талаптарын арттыра түседі.

Қарақұмықтың транспирациялық коэффициенті жоғары және 500-600 бірлікке тең. Оның өнімді қалыптастыруында гүлдену-пісу кезеңдері шешуші рөл атқарады.

Қарақұмық жеміс салу кезеңінде жарыққа талабын күшейте түседі. Бұл ерекшелікті азот тыңайтқышы мен тұқымның себу мөлшерін белгілегенде ескеру қажет. Қарақұмық өсімдіктері мол ылғалдану және қоректену жағдайларына тап болғанда, тұқымның артық мөлшері себілгенде олардың өзін-өзі көлеңкелеуі байқалады және астық өнімі күрт төмендейді.

Қарақұмықтың тамыр жүйесі әлсіз дамуымен сипатталады, алайда физиологиялық белсенділігі өте жоғары. Тамыр жүйесінің массасы бойынша (бір өлшем алаңдағы) ол бидайдан 2,4 есе арпадан 1,6 есе төмен, ал жұту қабілеті, керісінше, бидайдан 2,7 есе және арпадан 5,5 есе асып түседі. Қарақұмық аэрациясы, ылғалсиымдылығы мен құнарлығы жақсы топырақтарда тамаша дамиды. Мұндай қасиеттер жақсы мәденилендірілген жеңіл және орташа саздақ топырақтарға тән.

Қарастырылып отырған дақыл артық қышқылдықты көтере алады, дегенмен мол астық өнімін әлсіз қышқыл және бейтараптылыққа жақын топырақтарда қалыптастырады.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген қарақұмық сорттары:

Сумчанка. Украина дәндібұршақ және жармалық дақылдар ғылыми зерттеу институтының Сумы мемлекеттік облыстық ауыл шаруашылығы стансасында шығарылған. Алята түршесіне жатады, ортадан ерте пісетін сорт,жапырылуға және шашылуға төзімді сорт. Сорттық технологиялық, жармалық сапа көрсеткіштері жоғары, дәндерінің қабықтылығы 19-20%, 1000 санының массасы 27,3-31,4 г. Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстарында өсіріледі.

Богатырь. Ресей федерациясының П.И. Лисицын атындағы Орлов ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында шығарылған. Түршесі алята, орташа мерзімде пісетін бейімді сорт, жапырылуға және шашылуға төзімділігі орташа, технологиялық және жармалық сапалары жоғары, жармасының шығымы 65-75%. 1000 дәнінің массасы 22-24г, қабықтылығы 20-24%. Ақмола, Алматы, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, Павлодар облыстарында өсіріледі.

Шортандинская крупнозерная. Қазақстанның АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де шығарылған. Түршесі алята, сорт жоғары өнімділігімен, орташа мерзімде пісетіндігімен және әлсіз шашылуымен ерекшеленеді. Басқа сорттармен салыстырғанда дәндерінің ірілігімен және ядросының 70% шығымдылығымен сипатталады. Технологиялық және жармалық сапасы жоғары. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Шортандинская 2. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де шығарылған. Сорт өсімдіктерінің биік өсуімен (80-100 см-ге дейін) ерекшеленеді, орташа мерзімде піседі, себуден шаруашылықты пісу аралығы86-91 тәулікті қамтиды. Жармасының шығымы 66-67% және жоғары дәмділік құндылығымен сипатталады. Солтүстік Қазақстан аймағында сыналған сорттардың ішінде барынша өнімдісі (әлеуетті өнімділігі 44 ц/га дейін). Ақмола, Павлодар облыстарында өсіріледі.

Крупинка. Украинаның Сумы мемлекеттік облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында шығарылған. Сорт жоғары өнімді, орташа мерзімде піседі. Шығыс Қазақстанда өсіріледі.

Қарақұмықтың өсіру технологиясы оның морфологиялық және биологиялық ерекшеліктеріне негізделген. Бұлар - өсімдіктердің жер үсті бөліктерінің пропорционалды емес деңгейде дамуы, гүлдену және пісу ерекшеліктері, көктемгі және күзгі бозқырауларға сезімталдығы, ылғалсүйгіштігі, құрғақшылықты күшейтетін желдің әсері және тозаңдатқыш – насекомдарды қажетсінуі.

Қарақұмықтан мол өнім алу үшін күрес оны орналастыратын танапты (алғы дақылда) таңдаудан басталады. Оған жақсы жарықталатын алаңдар дұрыс, мұнда өсіп- жетілу (вегетация) кезеңінде ауаның салыстырмалы ылғалдылығы жоғары микроклимат жасалады және тозаңдатқыш – насекомдар көп шоғырланған. Сондықтан дақылды орман жолақтары немесе ұсақ шоқылы, ағашты танаптарға сепкен дұрысырақ.

Алғы дақылдар. Негізінен қарақұмықты ауыспалы егістерде сүріден кейінгі дәнді дақылдардан, дәндібұршақтардан кейін, тыңайтқыш енгізілген қант қызылшасы, күздік дәнді дақылдар, картоп, сүрлемдік жүгеріден соң орналастырады.

Ауыспалы егістерде қарақұмықты алғы дақылға қанша тыңайтқыш енгізілгенін және оның соңынан себілетін дақылдарға алғы дақылға жарамдылығын ескереді, сонымен қатар өсімдік шаруашылығы саласын қарқындандыруды арттыруды қарастырады. Қарақұмықты күнбағыс, сұлы, біржылдық шөптерден соң орналастырмаған абзал.

Негізгі қарақұмық өсірілетін облыстарда (Павлодар, Батыс-Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай ж.б.) мынадай ауыспалы егістер ұсынылады:

  1. Сүрі танабы, бидай, қарақұмық, бидай, бидай;

  2. Сүрі танабы, бидай, жүгері, қарақұмық, бидай;

  3. Сүрі танабы, бидай, бидай, дәндібұршақ дақылдары, қарақұмық, бидай.

Топырақты өңдеу. Қарақұмық дақылына топырақ өңдеуге негізгі агрошаралар барынша мол ылғал қорын жинақтауға және сақтауға әрі танаптарды арамшөптерден тазартуға бағытталуға тиіс. Топырақты қарақұмыққа күзде және көктемде өңдейді.

Құрғақшылықты аудандарда және топырақтың жел-су эрозиясына ұшырайтын аудандарда топырақ бетіне егін паясын қалдыра отырып жазықтілгішті топырақ өңдеу жүргізіледі. Бұл қалың қар қабатын қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, ылғалдың булануын, судың ағып кетуін және топырақтың шайылуын азайтады. КПШ-9, КПШ-5, ПГ-3-5, КТС-10-2 ж.б. құралдарды қолдануға болады.

Ғылым мен өндірістік іссана дәлелденгендей, ерте (тамыз айында) сүдігер және арамшөптердің егін көгін құрту мақсатымен кейіннен жүргізілген жартылай сүрі танапты топырақ өңдеу қарақұмықтың астық өнімін барынша арттырады.

Ылғал жинақтау мақсатымен қыста қар тоқтатылады (СВШ-7, СВШ-10, СВУ-2,6), көктемде арамшөптердің жаппай көктеуіне қарай тұқымның сіңіру тереңдігіне аралық культивация жүргізіледі (КТС-10-01, КПШ-9, КПШ-5 ж.б.). Себу алдында культивацияны ОП-8, ОП-12 немесе басқа құралдармен іске асырады. Барлық өңдеулер міндетті түрде бір мезгілде тырмалаумен қабыстырылады (БЗСС-1,0).

Арамшөп тұқымдарының көктеуін тездету және топырақ бетін тегістеу үшін танаптар тығыздалады (ЗККШ-6, ЗККН-2,8).

Күзде жазық тілгіштермен терең қопсытылған танаптарда ерте көктемде ине тісті БИГ-3, БМШ-15, БМШ-20 құралдарымен ылғал жабылады. Себу алдындағы топырақ өңдеу КТШ-9, КТС-10-01, КПЭ-3,8А ж.б. құралдардың бірін штангалы құрылымдарды тіркеп іске асырылады.

Қарақұмық егістігінде тыңайтқыш қолдану оның астық өнімін арттырудағы маңызды буын болып табылады. Оның әрбір центнер астық өнімі мен соған сәйкес сабаны топырақтан 4,4 кг азот, 2,5 кг фосфор, 3,3 кг калий шығындайды. Қазақстан топырақтарының көпшілігінде фосфор жеткіліксіз, ал азот пен калий жеткілікті деп есептеледі. Сондықтан топырақты негізгі өңдегенде немесе себумен қатар фосфор тыңайтқышын енгізген дұрыс, ал бұл астық өнімін 1,5-2,0 ц/га және одан да жоғары арттырады, қарақұмықтың пісуін жеделдетеді. Ылғалды үнемді пайдалануға мүмкіндік жасайды, әрі астық сапасын жақсартады. Дақыл үшін топырақтағы азот пен фосфордың теңдестірілгені маңызды. Азоттың артық мөлшерінен өсімдіктер «майланады», жақсы өседі, алайда нашар жемістенеді; азоты жетімсіз топырақтарда әрі мардымсыз өседі, әрі күтілген өнімді бере алмайды.

Қарақұмықтың өнімділігі және тыңайтқыштардың тиімділігі топырақтағы қоректік заттардың мөлшері мен олардың арақатынасына, ең алдымен, азот пен фосфорға тікелей байланысты; қарақұмыққа тыңайтқыш қолдану жармаға есептегенде тіпті 0,1 ц/га нақты қосымша өнімнің өзі экономикалық тұрғыдан тиімді; қолданылған тыңайтқыштардың тиімділігі табиғи, қоректену элементтерімен қамтамасыз етілмеген, топырақ аясында барынша жоғары. Топырақтың фосфор ережесін (режимін) күшейтуден фосфор тыңайтқыштарының тиімділігі әлсірейді де, азотты тыңайтқыштардың әсері күшейеді.

Көп жылдар бойы Солтүстік Қазақстанның топырақтарында тыңайтқыш қолданаылмағандықтан және сіңімді қоректік заттардың жетімсіздігінен дақылдар өнімі мен сапасы төмендеуде. «С.Сейфуллин атындағы ҚазАту» АҚ-ның ғалымдарының зерттеулері көрсеткендей (В.Г.Черненок ж.б.), тіпті құрғақшылық жылдардың өзінде қарақұмықтың астық өнімі фосфор тыңайтқышынан 1,2-1,3 ц/га немесе 36,4-39,4 % артты (бақылау вариантындағы өнімі - 3,3 ц/га болғанда), ал азот тыңайтқышынан ол көрсеткіштер тиісінше - 1,4-1,5 ц/га, 42,4-45,5% болды.

Тұқымды себуге дайындау. Қарақұмықтан тұрақты астық өнімін алу үшін әрбір ірі шаруашылықта кем дегенде екі аудандастырылған сортты сепкен жөн және оның бір-бірінен пісу мерзімі мен агротехникалық шараларға қажетсінуі бойынша айырмашылықтарымен ерекшеленуі дұрыс.

Қарақұмықты ірі, толыққанды тұқыммен себу қажет. Оның тұқымын себу кондициясына жеткізу және ірі, ауыр салмақты фракцияларын бөліп алу жылжымалы тазалағыш машиналарды (СМ-4), кептіргіш-дәнтазалағыш кешендерде (КЗС-20Ш, ЗАВ-40 ж.б.) тұқымтазалағыш қосымшалармен бірге (СП-10), пневматикалық іріктегіш үстелдерде (ПСП-2,5 және СПС-5) қол жеткізіледі.

Өну энергиясы төмен тұқым тобын құрғақ ауада қыздырған дұрыс. Ол үшін арнаулы алаңдарда немесе қалқаның астында жұқа қабатпен (10 см шамасында) жайып тастайды. Тәулігіне бірнеше рет аударыстырады, ал түнге қарай үйіп, брезентпен жауып қояды. Қыздыру күн көзінде 2-3 тәулік және қоймада 5-6 тәулік жүргізіледі.

Тұқымды міндетті түрде дәрілеген жөн. Фузариоз, пероноспороз, церкоспороз, сұр шірік, өңездену ауруларына қарсы ТМТД 80 %, Фентиурам немесе Тигам улы химикаттарының бірімен ПС-10, ПСШ-15 «Мобитокс» дәрілегіш құрылымдарда 2 кг/т мөлшерінде дәріленеді.

Себу мерзімі. Қарақұмықтың себу мерзімі дақылдың биологиялық ерекшеліктері және оның өсіп-жетілу кезеңіндегі экологиялық жағдайларға байланысты анықталады. Қарақұмық тұқымның көктеу және гүлдену кезеңдерінде жылуға орташа, ал жеміссалу кезеңінде ылғалға жоғары талап қояды.

Бұл дақылдың ерте себілген егістігі көктемгі бозқыраулармен, ал кеш егістігі – ерте күзгі бозқыраулармен зақымдануы мүмкін. Қарақұмықты 10-12ºС дейін жылынған топыраққа сепкен дұрыс, бұл кезде көктемгі бозқыраудың қайталануы болмайды. Осыған байланысты Қазақстанның барлық облыстарында қарақұмық айтарлықтай кеш себіледі. Солтүстік Қазақстан жағдайында қарақұмықтын жаппай гүлденуі мен жеміссалу кезеңдері ылғалды уақытқа дәл келетін мерзімді таңдап алу керек – ол уақыт көп жылғы деректер бойынша шілденің үшінші он күндігі – тамыз айлары. Сондықтан қарақұмықтың мұндай күнтізбелі оңтайлы себу мерзімі – мамырдың соңы – маусымның басына (28.05-5.06) дәл келеді және топырақтың 8-10 см тереңдігінде температура 12-14оС дейін жетеді.

- Орталық Қазақстанның қара топырақты және күңгірт қара-қоңыр топырақтары аймағында – мамырдың 30-нан 5 маусымға дейін;

- Батыс облыстарда қарақұмық себетін шаруашылықтарда 11-20 мамыр аралығы;

- Оңтүстік Қазақстанда - 26-31 мамыр аралығы;

- Шығыс Қазақстан облысында тау бөктерлі аймағында 21-25 мамыр, құрғақ-далалы аймағында - 26-31 мамыр.

Себу тәсілі. Қарақұмықты жаппай қатардағы, тар қатарлы және кең қатарлы тәсілдермен себуге болады. Себу тәсілін таңдағанда есте ұстайтын жайт, кең қатарлы тәсілдің артықшылығы жаппай қатардағы тәсілмен салыстырғанда орташа мерзімде пісетін сорттарды ерте және оңтайлы мерзімдерде құнарлығы жоғары, жақсы мәденилендірілген немесе жеткілікті мөлшерде тыңайтқыш енгізілген топырақтарда себілгенде, әрі егістіктер кезінде жоғары сапалы күтіп-баптау жұмыстары жүргізілгенде байқалады. Ал жаппай қатардағы себу тәсілінің кең қатарлыдан артықшылығы орташа құнарлылықтағы және арамшөптерден таза танаптарда ерте пісетін сорттарды сепкенде, сонымен қатар шабыннан кейінгі егісті (поукосные посева) сепкенде көрінеді.

Себу мөлшері. Қарақұмықтың себу мөлшері көптеген топырақ-климат жағдайларына, себу тәсілі мен мерзімінен, танаптардың тазалығына, сорттың биологиясына байланысты өзгереді. Кең қатарлы себу тәсілінде – 2,0-2,5 млн/га өнгіш тұқым (1000 тұқымның массасы 25 г болғанда – 50-60 кг/га); жаппай қатардағы тәсілде – 3,0-4,5 млн/га өнгіш тұқым (75-95 кг/га).

Жаппай егін көгін алу, өсімдіктердің біркелкі пісуі үшін қарақұмық тұқымын ылғалды топырақ қабатына бірдей тереңдікке сіңіру қажет. Тұқымның сіңіру тереңдігі ең алдымен топырақтың механикалық құрамына, оның ылғалдылығына, температурасына, тұқымның ірілігі мен массасына байланысты. Ауыр, кез толқымалы топырақтарда дақылдың сіңіру тереңдігі 4-5 см, мәденилендірілген құрылымды топырақтарда – 5-6 см, ал топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде тіпті 8-10 см сіңіруге болады.

Жаппай қатардағы тәсілмен дән-түк сепкіш СЗ – 3,6, ал тар қатарлы тәсілде – СЗУ – 3,6 пайдалануға болады. Жел эрозиясы қаупі бар топырақтарда престі СЗП – 3,6 немесе СЗС – 2,1 сепкіштерін қолданған дұрыс. Кең қатарлы тәсілмен сепкенде СТЯ – 27000 құрылымымен жарақтандырылған ССТ – 12 А қызылша сепкішімен сепкен жөн.

Сепкіштерді себу мөлшеріне қойғанда, катушкалы сепкіш аппараттарда белгіленген себу мөлшері барынша төмен айналым саны мен катушканың ұзын жұмысшы бөлігіне сәйкес келуге тиіс. Катушканың айналым санын таңдағанда есте ұстайтын жайт – құрылымдағы дискінің бір ұясы қызылша сепкендегідей бір дана тұқым емес, бірнеше (4-10 дана) қарақұмық тұқымын себеді. Сондықтан әуелі дискінің 10-нан кем емес ұяларын қарақұмық тұқымдарымен толтырады да санау жолымен бір ұядағы орташа санын анықтайды. Содан кейін дискіге берілетін айналым қатынасын анықтайды және белгіленген себу мөлшерін қамтамасыз ететін сәйкес қарақоян тістерінің санын белгілейді.

Себу мөлшерінің дұрыстығын танаптарда тексереді, ол үшін үлгі ретінде аздаған алаң себіліп, шығындалған тұқымның қанша алаңға себілгенін анықтайды.

Егістікті күтіп-баптау. Қарақұмықтың жаппай және біркелкі, егін көгін алу аса маңызды, сондықтан бүкіл егістік (паялы сепкіштермен себілгендерден басқасында) бұдырлы катоктармен (ЗККШ – 6 А немесе ЗККН – 2,8) тығыздалады, ал бұл агрошара өте тиімді, әсіресе құрғақ ауа-райы жағдайында.

Кең қатарлы егістіктер КРН-4,2, КРН-5,6 культиваторларымен өңделеді. Бірінші қатараралық өңдеу қарақұмықтың бірінші нағыз жапырақ кезеңінде қорғаныс алаңын 8-10 см етіп жүргізіледі. Культиватор біржақты жазықкескіш табандармен жарақтандырылады. Екінші қатараралық өңдеуді қарақұмықтың бүрлену кезеңінде құрғақшылықты жылдары 6-8 см немесе ылғалды жылдары 10-12 см тереңдікте жүргізеді. Бір мерзімде өсімдіктер үстеп қоректендіріледі. Культиваторлар жебе тәрізді және қопсытқыш шапқы тәрізді табандармен жарақтандырылады. Қажет болған жағдайда үшінші қатараралық өңдеу іске асырылады. Өңдеу саны мен тереңдігі, культиватордың жұмысшы құрылымдарының түрлері топырақтың күйі мен ауа-райы жағдайларына байланысты өзгереді. Атап айтқанда, жеткілікті ылғалдану жағдайларында екінші қатараралық өңдеуді түптеумен айырбастауға болады, ол үшін УСМК – 5,4 А құрылымына дискілі түптегіштерді қолданады.

Арамшөптерге қарсы агротехникалық шараларға қосымша арамшөптермен қатты ластанған егістіктерде химиялық отау да қолданылады. Біржылдық қосжарнақты арамшөптерді құртуда тиімді гербицидтердің бірі – 2,4 Д тобының амин тұзы (1,0-1,2 кг/га ә.е.з.). Гербицид қарақұмықтың көктеуіне 2-3 тәулік қалғанда бүркіледі. Құрғақшылықты жылдары оны культивация астына енгізген дұрыс, ол үшін штангалы ОПШ – 15-01, ОП – 2000 бүріккіштерді немесе ПОМ – 630 үстеп коректендіргішті пайдалану қажет. Мұндай жағдайда жұмысшы ерітінді шығыны гектарына 200-400 л аралығында өзгереді.

Жоғарыдағыдай тәртіппен дезормон, 72% (0,7-1,2 кг/га), луварам, 50% (1,2-1,6 кг/га) гербицидтерінің бірін пайдалануға да болады.

Қарақұмықтан мол өнім алу жолында аралармен тозаңдандыру үлкен рөл атқарады. 1 га егістікке 2-3 толыққанды бал аралары ұяларын орналастырады (гүлденуден 1-2 тәулік бұрын). Оларды қарақұмық егістігінде ара қашықытығы 300-500 м сайын ұяларды топтарымен орналастырған абзал, мұндайда «қарама-қарсы тозаңдандыру» қамтамасыз етілуге тиіс.

Егінді жинау. Қарақұмық созылыңқы пісетін дақыл. Бұл жинау мерзімін дұрыс анықтауды қиындатады. Тым ерте жиналғанда толықпаған дәндердің, олардың жоғары қабықтылғы мен ядросының аз мөлшері есебінен астық өнімі төмендеп кетеді. Егін кешіктіріліп жиналғанда дәндердің айтарлықтай ысырабынан өнім төмендейді. Қарақұмықтың жинау мерзімін анықтағанда оның екіншілік (үздіксіз) жеміссалу мүмкіндігі барын ескеру шарт. Мұндай жағдай жеміссалу кезеңі басындағы құрғақшылық мол жауын-шашынмен алмасқанда байқалады.

Бөлектеп жинауды піскен жемістері 65-75 % жеткенде, ал тікелей орын бастыруды – 75-80 % жеткенде іске асырады. Егінді қысқа мерзімде (4-5 тәулік) жинап алу керек.

Сабақтарының кесу биіктігі 15-20 см. Осының нәтижесінде дестердегі өсімдіктер топырақ бетіне жанаспай, жақсы және тез дегдиді (кебеді).

Қарақұмықтың негізгі жинау тәсілі – бөлектеп жинау. Бұл астық ысырабын айтарлықтай азайтады, қырманда астық тазалау шығындарын төмендетеді. Мұндай жинау тәсілінде астық сапасы, әсіресе тұқымдық астықтың, сапасы жоғары болады, өйткені дестеде жатқанда дән тезірек кептіріледі де пісу толық жүреді.

Тікелей орып бастыру әдетте егін сирек, аласа болғанда, дәндері толық піскенде немесе күзгі үсікке ұрынғанда жүргізіледі. Тікелей орып бастырғанда астықтың ылғалдылығы жоғары болады, нашар тазаланады және арамшөп тұқымдарынан қиын ажыратылады.

Ыстық ауа-райы қалыптасқанда шабуды таңертеңгі және кешкі сағаттарда жүргізу керек. Бұл уақытта жемісаяқшалары (плодоножки) иілімді және мотовиланың айналымынан қирамайды.

Қарақұмықты астық жинайтын комбайндарға ЖВН – 6 А, ЖМС – 6-12 жаткаларын іліп және тіркемелі ЖРС – 4,9 А, ЖВС – 6 және басқаларымен шабады. Жапырылып қалған және арамшөптермен ластанған алқаптарды ЖРБ – 4,2, ЖСК – 4 А жаткаларымен шапқан дұрыс. Мотовила айналымының жиілігі шеңберлік жылдамдығы жатканың ілгерілемелі жылдамдығынан 1,2-1,3 есе артық болғаны абзал (шабылмалы массаның мотовила планкаларына бір-ақ рет жанасуы қарастырылады.). Астық ысырабын азайту мақсатында мотовилаға резеңкелі ремень бекітеді, ал бұл жатка пышағынан кесілген масса жерге түсіп қалмау үшін де керек. Резеңкенің ені 80-100 мм-ден асырылмайды. Егер қарақұмықтың массасы үлкен болса және көбінесе егін жинау кезеңінде тұрақсыз ауа-райы жиі болатындықтан шапқанда жатканың толық алымынан азырақ енінде қолданған жөн.

Бөлектеп жинағанда дестелерді шабудан 3-6 тәуліктен соң масса дегдігеннен кейін және астықтың ылғалдылығы 15-17 % жеткенде бастырады.

Тұқымдық алқаптарда қарақұмық өсіру ерекшеліктері. Сорттық тұқымның сапасы көбінесе өсіру жағдайларына байланысты. Сондықтан тұқымдық егістіктерде қарақұмық өсірудің барлық кешенді шаралары және тұқымның жоғары сорттық, тұқымдық, әрі өнімділік қасиеттерін сақтауға бағытталған кейбір қосымша агротехникалық тәсілдерді жүзеге асыру қажет. Тұқымдық алқаптарда барлық агротехникалық шаралар жоғары деңгейде жүргізілуге тиіс.

Тұқымдық егістер ең жақсы алғы дақылдардан соң құнарлығы жоғары, тыңайтқыш енгізілген және арамшөптерден таза танаптарға орналастырылады. Бірнеше сорттар өсірілгенде биологиялық ластанудан сақтану мақсатында олардың арасында 200 м-ден кем емес еңістік қалдырылады. Қарақұмықты алдыңғы жылы оның басқа сорты өсірілген танапқа орналастыруға болмайды, мүмкіндігі болса, татар қарақұмығы, жабайы шомыр ж.б. арамшөптермен ластанған танаптардан қашқақтаған дұрыс.

Дер кезінде жоғары сапада жүргізілген негізгі және себу алдындағы топырақ өңдеудің маңызы ұшан теңіз. Тұқымдық танаптарға минералды тыңайтқыштардың толық мөлшерін енгізу қажет, ал бұл өз кезегінде тұқымның өнімділік қасиеттері мен себу сапасын жақсартады.

Дақылды кең қатарлы тәсілмен оңтайлы себу мерзімінде себеді, ал мұның өзі тұқымның көбею коэффициентін арттырады, түраралық отау жұмысын жеңілдетеді және жоғары сапалы тұқымның қалыптасуына мүмкіндік жасайды.

Тұқымдық алқаптарда дұрыс күтіп-баптау жұмыстарын дер кезінде іске асырудан маңызы зор. Көктеуге дейін жүргізілген тырмалау, гербицид қолдану, қатараралық өңдеу, үстеп қоректендіру мен бал араларымен тозаңдандырудан басқа, егістіктердегі қиын ажыратылатын мәдени өсімдіктер мен арамшөптерді отау қажет. Біріншісіне – бидай мен арпа, ал екіншісіне – татар қарақұмығы, жабайы шомыр ж.б. жатады.

Тұқымдық алқаптарды бөлектеп жинайды және әуелі жоғары репродукциялы танаптан бастайды әрі дәннің 75-80 % піскен болуы керек. Дестеге шабу, оны жинау және бастыру қысқа уақытта жүргізіледі. Комбайнның барлық тетіктері мұқият реттелген, тауарлы қарақұмық жинауда тәжірибеден өткен және алдында жиналған дақылдардың дәндерінен арылтылған болуға тиіс.

КҮРІШ

Күрішті бағалы жармалық дақыл ретінде өндірудің жылдан жылға ұлғайуының бірнеше себептері бар. Біріншіден күріштің жармасы жоғары калориялы диетикалық азық, оның 1 килограмы 3590 калорияға тең. Жарманың абсолютті құрғақ зат құрамында 88% крахмал, 6-8% ақуыз, 0,5% май, 0,5% қант бар. Адам ағзасына сіңімділігі (96%) мен қорытылымдылығы (98%) бойынша әсіресе диетикалық және балалар тағамы ретінде азық-түліктік дақылдардың ішінде өте жоғары бағаланады.

Екіншіден күріш, жер шары халықтарының (Қытай, Үндістан, Корея, Вьетнам және басқа елдердің халықтары) жартысынан астамының сүйіп жейтін тағамы.

Күріштің сабаны - жоғары сортты қағаз, құрылыс, жеңіл аяқ киім, еденге төселетін шағын кілемдер, әшекей бұйымдар, балалардың ойыншықтары арқан, қап сыяқты тұрмыстық қажет материалдар өндіруде қолданылады.

Күріштің 1 кг сабанында 0,25 мал азықтық өлшем болғанымен, ол нашар қорытылады, сондықтан оған құрама жем қосып мал азығы ретінде пайдаланады.

Күріш Азияның оңтүстік-шығысынан тараған, сондықтан бұл дақыл егісінің көпшілігі - 83,4 млн гектары - Азияда орналасқан. Күріш Америкада 5,6 млн, Африкада - 9,3 млн, Европада - 0,6 млн гектардан астам жерге өсіріледі.

Қазақстанда күріш Қызылорда, Алматы (Балқаш және Қаратал аудандары) және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Соңғы жылдары республикада күріш егісінің ауданы азайып кетті, егер 1991 жылы күріш 135 мың гектарға егілсе, 2007 жылы 75,7, ал 2009 жылы 85,3 мың гектарға себілді.

Күтіп-баптау технологиясына байланысты күріштен мол өнім алуға болатынын өндірістік тәжірибе дәлелдеп отыр.. Өндірістік жағдайда гектарынан 35,0-45,0 ц, Краснодар өлкесінде 50,0 ц/га, Кубань тәжірибе шаруашылығында 78,1 ц/га өнім алынған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев кезінде күріштің әр гектарынан 171 центнерден өнім алған.

Морфологиялық ерекшеліктері. Күріш Oryza тегіне қоңырбастар (Poaceae) тұқымдастығына жатады және 25 түрді біріктіреді, оның ішінде қең тарағаны - мәдени (егістік) күріш - Oryza sativa L.. Ол екі түр тармақка бөлінеді:

1. Кәдімгі күріш.

2. Ұсақ күріш

Олардың бір-бірінен айырмашылығы-дәннің ұзындығында. Біріншісінің дәнінің ұзындығы 5-7 мм және одан да ұзын болса, екіншісінікі-4 мм-ге жуық болады.

Кәдімгі күріш екі тармаққа бөлінеді:

1) үнді (indica) - дәні ұзын және жіңішке. Ұзындығы мен енінің ара қатынасы 3,0-3,5:1 және оданда алшақ, гүл қауызы әлсіз түкті;

2) қытай-жапон (Sіnо-japonica) - дәні жуан және жалпақ, ұзындығы мен енінің ара қатынасы 1,4-1,9:1, «Қытай-жапон (Sіnо-japonica)» - гүл кауызы қалың түкті.

Кәдімгі күріштің екі тармағының көптеген түршелері бар. Қытай-жапон түр тармағының түршелері екі топқа бөлінеді:

а) кәдімгі күріш

б) желімді күріш

Олардың негізгі айырмашылығы, дән концистенциясы мен химиялық құрамының әртүрлілігінде; кәдімгі күріштің өсіріліп жүрген түршелері - үнді және қытай-жапон тармақтарына жатады.

Түршелерді бір-бірінен ажыратудың негізгі белгілері:

1) гүл қауызы төбесінің сипаты - тік немесе иілген;

2) қылтықтылық - қылтығы бар немесе жоқ;

3) гүл қауызының түсі – әртүрлі;

4) қылтық түсі- гүл кауызы түсіндей;

5) дән түсі - көбінесе ақ.

Кәдімгі күріш - біржылдық өсімдік (Сурет 18). Тамыр жүйесі шашақты, тереңге бойламайды (0,2-0,25 м терендікке ғана), тамыр талшықтары әлсіз дамыған, бірақ көп - 300-ге дейін. Тамырда арнайы ауа өткізгіш тканьдар (аэренхима) барлығының арқасында күріш үнемі су жайылған жағдайда өсіп-жетілуге бейімделген. Ондай тканьдар сабағында және жапырағында да болады.

Сабағы - биіктігі 0,8-1,2 м қуыс, түйін аралықтардан (9-дан 20-ға дейін) тұратын сабан. Сабақтар күшті түптенеді, 3-5 өнімді сабақ қалыптастырады.

Жапырақтары-сызықты-ланцетті, қырлы жүйкеленген, шеттері үшкірленіп біткен, ұзындығы 20-25 см, ені 1,5-2,0 см. Негізгі түсі - жасыл, алайда қызыл, қызғылт, қоңыр-күлгін де болады. Жапырақ саны - 10-ІЗ дана.

Гүл шоғыры - сіпсебас (20-30 см) қырлы орталық білігі бар, одан бірінші дәрежелі 2-3 бұтақшалар шығады, олардан екінші дәрежелі бұтақшалар тарайды да ұштарында бір гүлді масақшалар орналаскан. Масақ қауыздары қалың, ланцетті, гүл қауыздары катты, тығыз, қабырғалары мен қырлары болады, төменгілері қылтықты болуы мүмкін.

Масақшалары – бір гүлді. Гүл қауыздары сарғыш, қызыл, қоңыр, қоңыр-күлгін, қара болуы мүмкін.

Гүлдері басқа астық дақылдарынан 6 аталықтың барлығымен ерекшеленеді. Күріш - өздігінен тозаңданады. Дәні қабықты, бастырғанда масақ және масақша қабықшаларымен бірге бүтін масақша түрінде үгітіледі, «шалы», «шалтық» деп те аталады. 1000 тұ'қымның массасы 27-38 г. қауыздылығы, 14-32%, шынылығы - 65-98%.

Биологиялык ерекшеліктері. Күріш - жылу сүйгіш дақыл. Оның өнуіне қолайлы температура 11-12оС, ал 14-15о С жылулықта ол тез және тегіс көктеп шығады. Күріштің вегетация кезеңінде өсуі үшін оңтайлы температура 25-30°С шамасында. Оның жаңа шыққан көгіне 0,5° салқынның өзі қауіпті. Күріштің толық жетілуі үшін 3000-3500°С белсенді температура жиынтығы қажет.

Сурет 18. Күріш: 1, 2-түптену және сүттене пісу кезеңіндегі өсімдіктер; 3-масақша; 4-аналық гүл; 5- ауа өткізгіш ткань (аэренхима); 6- қытай-жапон тармағының сіпсебасы, масақшасы және дәні; 7-үнді тобының сіпсебасы, масақшасы және дәні.

Барлық ауыл шаруашылық дақылдарының ішінде суды көп пайдаланатын дақыл - күріш. Оның транспирациялық коэффициенті орта есеппен 500-600-ге тең болады, бірақ танапта үнемі су қабаты болғандықтан, бұл көрсеткіш төмендеуі мүмкін.

Вегетация кезеңінде күріштің суды қажет етуі әр түрлі. Суды өте қажет ететін кезі түптенуден сіпсебас шығаруға дейінгі кезең. Ол кезеңдерде күріш атыздарындағы қабаты 15 см-ден кем болмауы керек.

Күріш дәні сүттеніп піскен кезде атызға су жіберу тоқтатылады, ал қамырланып піскенде атыздағы су ағызылып, танап құрғатылады.

Бір гектар күріш егістігіне 15-18 мың текше метр су жұмсалады. Күрішті әртүрлі топырақта өсіруге болады, дегенмен оған механикалық құрамы ауыр топырақтар оңтайлы, Қазақстанда күріш егістіктері сұр топырақты жерлерде орналастырылған.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген күріш сорттары: Авангард, Алтынай, Арал 202, Златый, Қарақалпақстан, Кубань-3, Краснодарский 424, Лазурный, Лиман, Мадина, Маржан, Опытное, Пак-Ли, Солнечный, Уз-Рос 7-13, Уз-РОС 59, Уш-Тобинский.

Өсіру технологиясы. А л ғ ы д а қ ы л. Күрішті бір орынға екі, әрі кетсе үш жылдан артық орналастыруға болмайды, өйткені топырақ батпақтанып және сортаңданып кетеді. Сондықтан күрішті суда өспейтін жақсы алғы дақылдардан кейін орналастырудың үлкен маңызы бар. Сонымен қатар, топырақтың ауа режимі бұзылады, анаэробты процесс жүріп, алюминий, темір металдарының шала тотықтары пайда болады, сөйтіп, күріштің өсуіне зиян келтіріледі. Ғылыми-зерттеу мекемелері мен алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың тәжірибесі күріштің ең жақсы алғы дақылы жоңышқа екенін дәлелдеді. Одан кейінгі алғы дақыл жоңышқа қыртысының аударылған алқабы. Күріш ауыспалы егісіне екпе немесе таза сүрі жер (мелиоративті танап) енгізген дұрыс, одан кейін күрішті бір-екі жыл себуге болады. Сүрі жерлерге екпе ретінде ас бұршақ, үрме бұршақ немесе беде себіледі.

Қазақстанда негізінен күріштің 7 танапты ауыспалы егісі игерілген. Ондағы дақылдар келесі тізбекте орналасады: 1, 2-ші танаптар жоңышқа, 3, 4-ші танаптар-күріш, 5-ші танап екпе немесе таза сүрі жер кейде сүрлемдік жүгері, 6-7-ші танап-күріш.

Т ы ң а й т қ ы ш қ о л д а н у. Суармалы жерлерде өсірілетін астық дақылдарының ішінде күріш қоректік заттарға ерекше талап қояды. Тыңайтқыш колдану басқа дакылдардан гөрі күріштің өнімінің артуына көбірек әсерін тигізеді.

Бір тонна астығы мен сәйкес мөлшерде сабан өнімін түзу үшін күріш 22-25 кг азот, 10-15 кг фосфор және 30-35 кг калий пайдаланады. .

Күріш қоректену үшін минералды элементтер топырақта жетіспесе оның өнімі азаяды, әсіресе азоттың жетіспеуі күрішке көп әсер етеді: фотосинтез процесінің өнімділігі төмендейді, өсімдік сарғыштанып, түптенуі нашарлайды. Азот күрішке вегетациялық кезеңінің барлық сатысында қажет. Алайда, бір өлшем құрғақ зат түзу үшін күріштің бұл элементті ең көп қажетсінетін мерзімі-көктеу мен түтікке шығу аралығы.

Күрішке фосфор элементі де жан-жақты әсер етеді. Бұл элемент топырақта жетіспеген жағдайда өсімдікте ақуыздың синтезделуі нашарлайды, жапырағы жарылады, тамырлары нашар өседі, түптену кешігеді, щашақ басының көлемі де кішірейеді. Күрішке фосфордың алғашқы кезеңінде (көктеу) жетіспеуі, оның жақсы жетілуіне кедергі келтіреді, ал кейінірек берілген фосфор оның орнын толтыра алмайды. Сондықтан күрішті фосформен бастапқы кезде камтамасыз ету керек. Күріштің басқа дақылдардан өзгешелігі ол суда еритін фосфор қосылыстарымен қоса қиын еритін фосфор, калий, темір тұздарын жақсы сіңіреді.

Басқа қоректік элементтерге карағанда күріш топырақтан калийді көбірек алады, әсіресе түтікке шығу кезеңі басталарда калийді көп керек етеді. Сондықтан күрішті осы мерзімде калиймен камтамасыз етсе, солғұрлым тез жетіледі.

Барлық тыңайткыштардың ішінде күріш өніміне неғұрлым көбірек әсер ететін азот тыңайтқышы. Қызылорда облысының шалғынды-батпақ топырағында азоттың жеке өзін қолданғанда күріш өнімі 70%-ға артқан.

Күріш суда өсетін болғандықтан топырақтан азотты аммоний ионы түрінде сіңіреді, сондықтан күрішке аммоний сульфаты мен мочевина сияқты азот тыңайткыштары жақсы әсер етеді.

Азот тыңайтқышының мөлшері көбейтілген сайын күріштің өнімі де арта түседі. Алматы облысының Ақдала өнірінде жүргізілген ғылыми жұмыстардың корытындысында ең жоғары өнім гектарына 210 кг азот бергенде алынған.

Азот тыңайтқышының мөлшері алғы дақылға да байланысты өзгереді. Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу және Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институттарының деректері бойынша шалғынды-батпақты және боз топырақтарда үшжылдық жоңышқадан кейін себілетін күріш үшін 60-90 кг, үшжылдық жоңышқадан соң үшінші жылы себілетін күрішке 130-150 кг азот беру тиімді екені анықталған.

Күрішке баяу сіңірілетін азот тыңайтқыштарын (мочевинді-формальдегидті) қолданудың маңызы зор. Бұл тыңайтқыштар кұрамындағы азотты өсімдік 2-3 жыл пайдаланады. Сондықтан баяу сіңірілетін тыңайтқыштарды көп мөлшерде (2-3 жылдық мөлшерін) сүдігер жыртар алдында бірден беру керек.

Күрішке органикалық және жасыл тыңайтқыштарды қолдану оның өнімін едәуір арттырады. Жасыл тыңайтқыш ретінде асбұршақ, сиыр жоңышқа, май бұршақ сыяқты дақылдарды пайдаланады. Күріш ауыспалы егісінде органикалық тыңайтқыш (көң) мелиоративті танапқа гектарына 20-40 т есебінде беріледі.

Алайда, күріш ауыспалы егісінде әрбір танаптың құнарлылығын реттеу үшін және дақылдардың өнімділігін арттыру үшін минералдық, органикалық тыңайтқыштарды ұштастырып пайдалану керек.

Қазақстан жағдайында күріш өсімдігінің азот пен күл элементтерін ең көп пайдаланатын мерзімі үш-төрт жапырақ салғаннан бастап түтіктенуге дейін, аз пайдаланатын кезі гүлдену, әсіресе дамуының соңғы кезеңі болып саналады. Осыған байланысты көң мен фосфор, калий тыңайтқыштарының жылдық мөлшерін түгелдей сүдігер жыртар алдында немесе күрішті себер алдында, ал азот тыңайтқышын үш бөліп беру керек (30%-ын себер алдында, 30%-ын 3-4 жапырақ пайда болғанда, 40%-ын түптену кезінде).

Минералды тыңайтқыштарды (азот 50-70 кг/га, фосфор 100 кг/га) негізгі тыңайтқыш ретінде енгізу үшін тұқым себер алдындағы культивациялау кезінде РТТ-4,2, 1-РМС-4 машиналарымен шашып ЛПЛ-10-25, БДТ-7 құралдарымен топырақтың 10-12 см тереңдігіне сіңіреді.

Егісті азот тыңайтқыштарымен үстеп қоректендіру АН-2 ұшағымен немесе КА-26 машинасымен, соңғы кезде делтоплан арқылы күріштің 3-4 жапырағы пайда болған кезде жүзеге асырылып жүр, ал қажет болған жағдайда, екінші үстеп қоректендіру өсімдік 6-7 жапырақ жайған кезде жүргізіледі.

Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша, оның алғы дақылына байланысты егістікке минералды тыңайтқыштар енгізудің тиімді мөлшері мынадай: көп жылдық шөптер қыртысынан кейін 3 ц аммоний сульфаты, 5 ц суперфосфат, көп жылдық шөптердің екінші айналымынан кейін - гектарына 5-6 ц аммоний сульфаты, 4 ц суперфосфат, ал үшінші жылы күріш егілген жерге гектарына 7-8 ц аммоний сульфаты, 4-5 ц суперфосфат беріледі.

Топырақ өңдеу. Күріш өсіруді механикаландыру үшін инженерлік суару жүйесін жасау керек. Суару жүйесінің басты элементі - атыз. Оның көлемі 2-3 гектар. Суды танапта ұстап тұру үшін танапты айнала топырақ үйіндісімен қоршайды. Танаптың негізгі бөгеттері биіктеу болып бірнеше жылға жасалады, көлденең бөгеттері аласалау, биіктігі 30—40 см, бұлар әр күз сайын жаңартылып отырады. Жал аралығындағы жерді «атыз» деп атайды.

Атыздың ені 20 м, ұзындығы 700-1500 м болғаны дұрыс. Су бас арықтың екі жағынан бірдей жіберіледі.

Әр атыздың ұзын бойына, бас арыққа қарама қарсы тереңдігі ең кем дегенде 0,7 м арық қазылады. Ол негізінен егістік бетіндегі артық суды ағызып жіберуге арналады. Су бас арықтан атызға және одан қашыртқы арыққа ашып-жабатын қақпағы бар құбырлы тоспалар арқылы ағып барады.

Күріш танаптарының топырағын өңдеу көбінесе алғы дақылдарға байланысты. Көп жылдық шөптер ұлтанын өңдеуді, көктемде бірінші орымнан кейін немесе өсімдік биіктігі 8-10 см-ге жеткен кезде, күрішті себер алдында 7-8 см тереңдікке дискілі БДТ-2,8, БДТ-4,0 ауыр тырмаларымен бастаған қолайлы. Топырақ құнарлығын көп жыл бойы тиімді пайдалану мақсатында жерді таяз жыртудан, бірте-бірте тереңдетіп жыртуға көшу керек. Ол үшін екінші және үшінші жылдары күріш егісін жиып алысымен тиісінше 22-24 және 23-27 см тереңдіктерге аудара жыртады.

Мамыр айында топырақты 8-10 см тереңдікке дискілі БДТ-3, БДТ-7 құралдарымен екінші рет өңдейді, содан кейін ПА-ЗА, Д-20Б құралдарымен танап тегістеледі.

Топырақтың ірі түйіршектерін үгіту және жерді тегістеу үшін себу алдында танапты ЗКК-бА, ЗКК-1,4 таптағышымен тығыздайды.

Күріш көп жылдық шөптердің екінші айналымына себілгенде топырақ өңдеу наурыз-сәуір айларында 3-4 см тереңдікке БЗТС-1,0 тырмасымен ылғал жабудан басталады.

Сәуір-мамыр айларында танап РЧ-3,б чизел қыршуышымен 16-18 см тереңдікке қопсытылады, содан кейін Д-719, Д-20Б, ПА-4А құралдарымен танап тегістеледі.

Мелиорациялық танапты қазан айында түренді ПН-4035, ПН-8-35 соқалармен 25-37 см тереңдікке жыртады. Ерте көктемде 3-4 см тереңдікке ЗБТС-1,0 тырмасымен тырмалап, содан кейін Д-20Б, ПА-4А құралдарымен танап тегістеледі.

Күрмек тектес арамшөптермен күресте 25-27 см терендікке аудара жыртқан сүдігер тиімді. Ал батпақты жерде өсетін арам шөптерге қарсы топырақты 12-14 см терендікте жыртқан дұрыс.

Қайта игерілген тың мен тыңайған жерлерде (ең кемі 23 см), сонымен қатар қамыс басқан учаскелерде (25-27 см) сүдігер ерте жыртылады.

Екпе сүрі жерді өңдеу оған себілген дақылды жинап алы­сымен, жерді суарудан (гектарына 1000-1500 м3) басталады. Су топыраққа толық сіңіп, арамшөптер жаппай көктеп шыққаннан кейін, танапты сыдыра жыртқыш соқалармен (ППР-10-25, ППП-5-25) 20-22 см тереңдікке жыртады. Жыртылған қабат толық кепкеннен соң егістік жердің жөндеу-тегістеу жұмыстарына кіріседі.

Топырақты тұқым себу алдында өңдеу жұмыстарына көктемде топырақтың физикалық пісуі жетсімен кіріседі, Топырағы тығыз және ылғалы көп жерлерде сүдігер көлденең және ұзын бойына 16-18 см терендікте өңделеді.

Көктемгі егістік жерді тырмалау, тығыздау және кесектерді майдалау жұмыстарын тоң кесектердің оңай ұнтақталатын кезінде жүргізеді. Ауыр саз топырақты егістегі тоң кесектерді арнайы майдалағышпен немесе ауыр таптауыштармен ұсақтайды.

Арамшөптер басып кеткен жерлерді тұқым себерден 2-3 күн бұрын 16-18 см тереңдікке қайта жыртып, пайда болған тоң кесектерді соңынан «Зигзаг» тырмасы тіркелген ауыр дискілі БДТ-2,2 немесе БФД-2,5, БДГ-3,0, БДНТ-3,5 тырмаларымен ұнтақтайды.

Күріш егісінде минералдық тыңайтқыштарды пайдаланғанда, әсіресе оларды енгізудің мерзімдері мен тәсілдерін білудің үлкен маңызы бар. Егіске тыңайтқыш енгізудің мерзімдерін белгілегенде күріштің өсіп-жетілуінің ең жауапты кезеңі - оның түптенуі мен сабақтана (түтіктене) бастаған кезі екенін әрқашан ескерген жөн.

Тұқымды себуге дайындау. Себу алдында (себуге 7-10 күн қалғанда) тұқымды күнге қыздырады.

Күрішті суға шашып сепкенде тұқымды себу алдында 1,5-2 тәулік бойына таза суға немесе қоректік заттар (5-10 г аммоний сульфаты) ерітіндісіне салып бөрттіреді.

Әр түрлі ауруларға қарсы (фузариоз, бактериоз жэне басқалар) тұқымды дәрілейді.

Күрішті, топырақ, тұқым сіңірілетін тереңдігінде +12-14°С-қа қызған кезде немесе мамыр айының 1-20 жұлдызы аралығында себу ең қолайлы деп саналады.

Себу мөлшері топырақтың құнарлылығына, тұқымның сіңіру тереңдігіне, себу мерзіміне, сорттың биологиялык ерекшеліктеріне, танаптың арамшөптерден тазалығына, тұқым сапасына, алғы дақылға тікелей байланысты.

Көп жылдық шөптердің қыртысынан кейін себудің оңтайлы мөлшері - гектарына 7-8 млн өнгіш дән, көп жылдық шөптің айналымынан кейінгі танаптарға 7,0-8,5 млн, ал мелиорациялық танапқа 6,0-8,5 млн өнгіш дән себіледі.

Күрішті СЗТ-3,6, ЗРН-3,6 дән сепкіштерімен тар қатарлы немесе тоғыспалы әдіспен 1,0-1,5 см тереңдікке себеді.

Күріш вегетация кезеңінде суда тұрып өсетін дақыл, сондықтан суарудың бірнеше тәсілдері қолданылады:

1) Үзбей-тұрақты суару, тұқым себілген егістікке үздіксіз жіберілетін су деңгейі күріш піскенше бірқалыпты тұрады. Бұл ең кең тараған тәсіл.

2) Тарта суару, су деңгейі күріш көктеп шығысымен 3-5 см-ге дейін, түптенгесін 10-15 см-ге көтеріледі де, қамырланып піскенше сол қалыпта ұсталады.

3) Узбелі суару, тұқым себілгеннен кейін атыздарды 6-10 күн бойы 10-12 см су қабатында ұстайды, содан кейін 5-6 күн су жіберілмейді, осылайша кезектеп суару әдісін дәннің сүттеніп пісуіне дейін қайталайды.

4) Қезеңді суару, күріш егістігін жаңбырлату әдісімен немесе қатараралықтағы су жолдарымен күрішті көктеу, түптену, сабақтану және дән салу кезеңдерінде ғана суарады.

Қүріш егістігін суару негізінен егістіктің арамшөптермен (күрмек) ластануына және топырақтың сортаңдануына тікелей байланысты.

Көптеген шаруашылықтарда тұқым себіліп бітісімен 2-3 күн ішінде атызға 3-5 см деңгейінде су жіберіледі. Күріш түптенгеннен кейін су деңгейі 12-15 см-ге дейін көтеріледі.

Арамшөптерден таза, сортаңданбаған егістікте суды көп ұстамай, топырақты ылғалдандырған жөн. Күріштің, үшінші жапырағы пайда болысымен, атыздарға жіберілген су биіктігі жапырақтын 1/4 ұзындығынан аспауға тиіс. Түптенудің басында суаруды тоқтатып, үстеме қорек беріледі де су деңгейі 3-5 см-ге төмендетіледі, артынан дәннің сүттене пісуіне дейін су деңгейі 12-15 см-ге дейін көтеріледі.

Егістікте күрмек арамшөбі көбейіп кетсе, атыздағы су деңгейі арамшөптен 5-6 см, керек жағдайда 20 см жоғары болуы тиіс. Арамшөптер өлгеннен кейін су деңгейі 3-5 см-ге қайта төмендетіледі.

Күріш егістігіндегі бір жылдық астық тұқымдас арамшөптерді жою үшін себу алдында, сепкеннен кейін және көктеу кезінде тиген жеріне әсер ететін және жүйелі гербицидтер қолданылады.

Себу алдында (себуге 2-3 күн қалғанда) ялан, ордрам (4-7 кг/га) немесе сатурн (4-5 кг/га) қолданылады, бұл гербицидтерді жерге жеңіл тырмалармен жедел сіңіру қажет, өйткені олар тез буланып өзінің күшін жоюы мүмкін.

Көп жылдық арамшөптерді құрту үшін өсімдіктің толық түптену кезеңінде 2,4-Д тобынан 40% амин тұзын (1,2-2,0 л/га), 2М-4Х (1,0-1,5 л/га), базагран қолданылады. Бұл, жүйелі гербицидтер тобы арамшөптердің жер бетіндегі мүшелеріне ғана емес, тамыр жүйесіне де әсер етіп оларды толық жойып жіберуге мүмкіншілік береді.

Жүйелі гербицидтермен күрішті көктегеннен түптену кезеңі басталғанға дейін өңдеуге болмайды, өйткені күріштің өзі зақымданады. Оңтайлы өңдеу мезгілі: күріштің түптену кезеңінде, сабақтану кезеңі басталғанға дейін, ал арамшөптер-түйнекөлеңнің 8-10 жапырағы, бақажапырақ алисманың, жебежапырақтың майда жапырақтары пайда болғанда. Гербицидтер енгізгенде судың тереңдігі 7-10 см болуы керек.

Күріш егістігінде ең ерте пайдаланатын гербицид-базагран. Бұл селективті гербицид күрішті қай кезеңде болсын зақымдамайды

Күтіп-баптау жұмысына күрішті үстеп қоректендіру де жатады.

Балдырларды жою үшін суға, гектарына 0,5-1,0 кг мөлшерінде тотыяйын қосып суарады. Ол үшін су жіберетін арықтың басына тотыяйынды мәрліге орап байлап қояды, сонда тотыяйын суда біркелкі ериді. Балдырлар тым көбейіп кетсе егістіктің суын 7-8 күнге ағызып жіберіп топырақ беті кептіріледі.

Көктеу кезеңінде жағалау шыбыны және күріш масасына қарсы 25% э.к. ровикурт (0,3-0,6 л/га) немесе актеллик 500 э.к. (0,5 л/га) инсектицидтері қолданылады.

Күрішті жинау - ең жауапты кезең. Оны ору қыркүйек - қазан айларында жүргізіледі. Дестеге түсіру кезінде жер толық құрғақ болуы үшін күріштің дәні қамырлана бастағанда су беру тоқтатылады. Яғни, күріш толық піскен кезде атыздардағы су тартылап, жер құрғайды. Күріш негізінен екі кезеңді бөлектеп жинау тәсілімен іске асырылады:

ең алдымен ЖНУ-4, ЖРК-5 дестелегіштерімен шашақ бастағы дәннің 85-90% толық піскенде күріш дестеге шабылады, содан 3-5 күннен кейін СҚД-5Р, СКПР-6, СКГД-б комбайндарымен жинап, бастырылады.

ДӘНДІК ЖҮГЕРІ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Дүниежүзінде жиналатын жүгері дәні өнімінің 20-25%-ы азық-түлік ретінде қолданылады, соның өзінде ол, осы мақсатта ең көп пайдаланылатын дақыл болып есептеледі. Жүгері дәнінен ұн, жарма, барлығы 250-ден астам тағам түрлері дайындалады. Кондитер бұйымдарын даярлау үшін оны бидай ұнына қосады, өнеркәсіптік жағдайда жүгері дәні крахмал, декстрин, спирт, глюкоза, қант, май, бал, аскорбин және глютамин қышқылдарын алуға қолданылады. Оны техникалық дақыл ретінде де кеңінен пайдаланады. Сүттеніп піскен кезінде жиналған жүгері собықтары консервіленген (қантты жүгері), мұздатылған түрде қолданылады.

Жүгері дәнінің құрамында 9-12% ақуыз, 65-70% азотсыз экстракты заттар (АЭЗ), 4-6% май, 1,8-2,2% клетчатка, 1,2-1,5% күлді заттар, 12-14% су болады. АЭЗ құрамына 90% крахмал, 10% тростник қанты кіреді. Крахмал эндоспермде, қант ұрықта шоғырланады, дәннің майлылығы 6,5%, ал ұрықтың майлылығы 40%-ға дейін жетеді. Ұнның сапасын көтеру үшін, тартар алдында бөлініп алынған дәннің ұрығынан тағамдық және дәрілік май өндіріледі.

Дән құрамында ақуыз, көмірсулар, майлар, күлді заттардан басқа ферменттер мен витаминдер бар. Ферменттер тұқымдағы қоректік заттар қорын өніп келе жатқан ұрыққа сіңімді жағдайға дейін ыдыратады. Негізгі ферменттер: диастаз көмірсуларды ыдырататын (крахмалды қантқа дейін), липаза, майларды ыдырататын, ақуыз заттарды өзгертетін-протеолетикалық ферменттер, тотықтырушы ферменттер-пероксидаза.

Витаминдер- адам, жануарлар, өсімдіктер өмірінде маңызды рөл атқаратын күрделі және әртүрлі химиялық қосындылар. Жүгері дәнінде В витаминінің кешені (В1, В2, РР, В6) және А провитамині.

Жүгері егісін табиғи - экономикалық аудандарға дұрыс орналастырғанда және жоғары агротехника қолданып өсіргенде одан өте жоғары, тұрақты дән және көк балауса өнімі алынады.

Малазықтық дақыл ретінде де жүгерінің маңызы зор. 100 кг жүгері дәнінің қоректік құндылығы 134 малазық өлшеміне тең болса, ондағы қорытылатын ақуыздың мөлшері 7,9 кг, 1 кг дәнде 2-3,4 г лизин, 1-2 - метионин, 0,5-1 г триптофан бо­лады. Демек, жүгері дақылының дәні барлық мал түрлеріне бағалы құнарландырылған жемазық.

Жүгері біздің елімізде сүрлемдік дақыл ретінде бірінші орында. Оның сүттену-балауыздану мен балауызданып пісу кезеңінде жеке собықтарынан, немесе собықтарын жапырақтары және сабақтарымен қосып сүрлем дайындайды. Жүгері сүрлемінің жемдік қасиеті өте жоғары. Сүрлемнің ақуыздық тепе-теңділігін арттыру үшін оған бұршақты шөптерді немесе жембұршақты қосқан дұрыс. Жүгерінің құрғаған жапырақтары мен сабағын малға азық ретінде туралған күйінде, әсіресе шырынды жемдермен араластырып та пайдаланады. Ал жүгерінің жасыл жапырақтары мен сабақтары өңдемей-ақ тамаша мал азығы.

Жүгерінің жасыл балаусасында жинаудың алдында 21,8% құрғақ зат, 2,5% протеин, 1,8% ақуыз, 0,9% май, 4,7% клетчетка және 12,4% АЭЗ болады.

Жүгеріні өнеркәсіптің түрлі салаларында да кеңінен пай­даланады. Дәнінен спирт, крахмал, сірне, глюкоза, өсімдік майын өндіреді; сабағынан, собық өзегі мен орамынан - лино­леум, қағаз және тағы да басқа заттар жасайды.

Жүгерінің агротехникалық мақызы да зор. Отамалы дақыл болғандықтан, өзінен кейін егістік жер жақсы қопсыған, арамшөптерден тазарған және тамыр, сабақ қалдықтары түрінде органикалық заттармен молайтылған күйде қалады. Сондықтан жүгері басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл. Оны сүрі жерлерге ықтырма жасауға да себеді.

Жүгерінің шыққан тегі - Орталық Америка. Бұл дақыл XV ғасырда Америкадан Испанияға әкелінген. Россияда, Қавказда, Молдавияда және Украинада екпе дақыл ретінде XVII ғасырдан бастап егіле бастаса, қазір басқа да солтүстік аудандарға тараған.

Жүгері дуниежүзінде кең тараған дақыл, егіс ауданы жөнінен (140,1 млн га) бидай мен күріштен кейін үшінші орында. Егістік ауданы бойынша алдыңғы қатарда Солтүстік және Орталық Америка, Азия. Жүгері, сүрлемге өсіріле бастағаннан бері көптеген солтүстік аймақтарда орналасқан мемлекеттерде де өсіріле бастады.

Кеңестер Одағы кезінде Қазақстанда жүгерінің жалпы егіс ауданы 2,5 млн гектар болатын, оның 134,2 мың гектарына (1985 ж) дәндік жүгері себілетін. Қазіргі уақытта егіс ауданы күрт азайды, республика бойынша жүгері 170 мың гектарға өсіріледі, оның 100 мың гектары дәнді, 70 мың гектары сүрлемдік жүгері. Жүгеріні астыққа өндіруде бірінші орынды АҚШ-28,8 млн/га, екінші орынды Қытай 23,5 млн/га , үшінші орынды Бразилия елі иеленеді 12,0 млн/га.

Жоғары өнімді будандар өндіріске ендірілгенінің арқасында көптеген елдер жүгерінің потенциалды өнімділігін алуға қол жеткізіп отыр. Олар: Қытай әр гектардан орта есеппен 48,5 ц астық өнімін алып отыр, Иран - 76,2, Египет - 77,1, Канада - 78,2, Германия - 72,2, Испания - 77,4, Франция - 71,7, АҚШ - 89,2 ц, Австрия - 80,3, Италия - 87,0, Чили - 91,3 және Греция - 95,0.

Еліміздегі әр гектар жүгері егістігінен орта есеппен 44,6 ц астық алынып жүр. Республикамыздың мемлекеттік жүгері будандарын сынау учаскелерінде әр гектардан алынған жүгері астығы Алматы облысында - 94,4, Жамбыл облысында - 101,8 ц жетті. Жамбыл облысындағы сортсынау нәтижесі бойынша Южный 3 буданы жоңышқадан кейін өсіргенде - 116,7 ц, ВИР-156 ТВ - 106,1 ц астық берген.

Морфологиялык ерекшеліктері. Жүгері (Zea mays L.), қоңырбастар тұқымдасына (Роасеае L.) жатады, бірақ морфологиялык белгілері мен биологиялық қасиеттері бойынша осы тұқымдастың басқа дақылдарынан көп айырмашылықтары бар. Оның жалғыз мәдени түрі белгілі, жабайы түрлері табылған жоқ (Сурет 19).

Жүгері тұқымынан бір ғана тамыр өніп шығады. 2-3 жапырақ кезеңінде түптену буынынан буын тамырларының бірінші кезегі, 5-6 жапырақ кезеңінде екінші кезегі өсіп шығады. Буын тамырлары кезегі әрі қарай да пайда болып, көпқабатты тамырлар жүйесінің жетілуі жүгері өнімінің мөлшеріне үлкен әсер етеді. Жүгерінің тамыры оңтайлы жағдайларда топырақтың 2-3 м тереңдігіне дейін бойлап, 1-1,5 м жан-жағына тарайды. Оның ұзынсабақты сорттарының төменгі сабақ буы­нынан ауа тамырлары өсіп, өсімдіктің жапырылып қалуына қарсы тұрады және қоректену мүмкіншілігін жақсартады. Жүгерінің астық пен жасыл балаусадан жоғары өнім қалыптастыруы тереңге бойлаған қуатты тамыр жүйесінің болуынан. Тамыр жүйесінің жетілуіне терең өңделген және ылғал жеткілікті топырақ, күннің қарқынды сәулесі, тыңайтқыштар мен жоғары агротехника септігін тигізеді.

Сурет 19. Жүгері. 1, 2 – көктеу және гүлдену кезеңіндегі өсімдіктер; 3, 4 – аталық гүл шоғыры және масақша; 5, 6 – аналық гүл шоғыры және масақша.

Жүгерінің сабағы мықты, іші өзекшемен толтырылған, орташа биіктігі 2-2,5 м, буынаралықтар саны 8-25 дейін.

Жапырақтары - таспалы, ірі, шет жақтары кірпікті, тақтасының үстіңгі жағы түкті. Тілшесі қысқа, мөлдір, құлақшасы жоқ.

Жүгері – екі ұялы, бірақ даражынысты өсімдік. Аталық гүл шоғыры - шашақгүл (сіпсебас) сабақтың басында орналасады, ал аналық гүл шоғыры - собық (сұлтан) жапырақ қолтығында жайғасқан. Бір өсімдікте бір-екі, кейде үш собық қалыптасады. Оның орташа массасы 250-300 г. Собық өзектен тұрады. Оның ұяшықтарында тік қатарда жұптасып аналық гүлдерімен (200-800) масақшалар орналасқан. Тұқымның қатарлары жұп, көбіне олар - 10-12. Собық бірнеше қабатты түрі өзгерген жапырақпен жабылып тұрады. Гүлдену кезеңінде түйін бағаншалары жапырақ орамынан сыртқа шығып, буда түрінде салбырап тұрады. Жүгерінің дәні көпшілік түр тармақтарында ірі, 1000 санының массасы 250-300 г. Дән пішіні сортқа, қатарлардың орналасу тығыздығына байланысты, түсі - ақ, сары, қызыл және басқа да реңді болады.

Түр тармақтары. Жүгері қазіргі жіктеу бойынша төмендегідей түр тармақтарына немесе топтарға (дәннің сыртқы және ішкі құрылысы бойынша) бөлінеді (Сурет 20):

Сурет 20. Жүгері. Пісіп жетілген жүгері түр тармақтарының собықтары, бүтін дәндері және олардың көлденең кескіндері: 1-тіс тәрізді; 2-кремнийлі; 3-крахмалды; 4-қанттық; 5-жарылмалы

Тіс тәрізді (Z.m. indentata Sturt). Дәні ірі, ұзынша, үстіңгі жағы жаншылған. Оның ақуызы 8-20,0%, крахмалы -68-75%. Өсімдігі мықты, собығы ірі. Түр тармақ кең таралған, негізінен малазықтық мақсатқа арналған.

Кремнийлі (Z.m. indurata Sturt.). Дәні ірі және ұсақ, домалақ, беті тегіс, шыны тәрізді, ақуыз мөлшері 8-18,0%, крах­малы - 65-83%. Осы кең таралған түр тармақтың ұсақ собықты ерте пісетін сорттары көп. Кремнийлі жүгерінің азық-түліктік және малазықтық маңызы зор.

Қанттық (Z.m. saccharata Sturt.). Дәні ірі және орташа, бұрыштылау, беткі жағы қатпар-қатпар. Ақуыз мөлшері 12,8%, крахмал - 65-83%, май - 8,1%, қант пен полисахаридтер 30% дейін. Бұл түр тармаққа жүгерінің консерві өндірісінде пайдаланылатын көкөністі ерте пісетін сорттары жатады.

Крахмалды (Z.m. amylacea Sturt.). Дәні ірі, беті тегіс, домалақ, ақуыз мөлшері 6,9-12,1%, крахмал 71,5-82,6%. Дәні тез ұнтақталып, ақтүсті жоғары сапалы ұн береді. Крахмал-сірне өнеркәсібінде пайдаланылады.

Крахмалды-қантты (Z.m. amyle-saccharata Sturt.). Дәнінің қантты жүгеріге тән қатпары болады. Эндоспермі төменгі жағында ұнды, жоғары бөлігінде мөлдір болып келеді.

Жарылмалы немесе күріш тәрізді (Z.m. everta). Дәні ұсақ, төбе жағы дөңгелек үшкірлеу болып келеді. Ақуызы 10-12,5%, крахмалы - 62-72%. Жарма мен бадынақ жасауға пайдаланылады.

Балауызды (Z.m.сегаtіпа Kulesch.). Дәнінің эндоспермі балауыз тәрізді. Эндосперм сыртының қаттылығы жарылмалы жүгерінікінен кем емес. Декстрин алу үшін пайдаланылады. Бұл топқа жататын жүгерілер АҚШ-та және бірқатар Европа елдерінде өсіріледі.

Қабықты (Z.m. tunicata Sturt.). Бұл жүгерінің дәнін масақша қауызы тығыз жауып тұрады. Өндірістік маңызы жоқ.

Жүгерінің біздің елімізде кең таралғаны - кремнийлі және тіс тәрізділері. Малға жемге көбіне тіс тәрізділері, ал ұн және жармаға кремнийлі жүгерілер пайдаланылады. Өте ерте пісетін сорттары мен будандары кремнийлі жүгеріге жатады.

Биологиялық ерекшеліктері. Жүгері-ж ы л у с ү й г і ш өсімдік. Оның тұқымы 8-10°С-да өне бастайды. Бірақ бұл температура егін көгінің біркелкі қаулап шығуына жеткіліксіз. Жүгеріні онша жылынбаған топыракқа сепкенде тұқымдарының көп бөлігі ауруға шалдығып өліп қалады, ал шыққан көгі сирек және әлсіз болады. Өніп-шығуына оңтайлы температура - 10-12°С, көктеуден шашақгүл шыққанға дейінгі кезеңде жақсы өсіп-жетілуі үшін 20-25°С темпера­тура қажет. Ауаның температурасы 12°С дейін төмендегенде жүгерінің өсуі күрт бәсеңдейді, өсімдік сарғаяды және жиі ауырады. Ал температура 3°С-дан төмендесе көктемде жүгерінің көгі, күзде жапырақтары өліп қалады. Жүгері көгінің көктемгі үсіктен кейін бір аптада қайтадан өсіп шығатын қабілеті бар.

Күзде 3°С үсікке шалдыққан дәндер өнгіштігін жоғалтады. Үсікке шалдыққан өсімдіктерді тез жинап алып пішен ретінде кептіру керек немесе сүрлемге салу керек, кешеуілдеткен жағдайда шіріп кетеді.

Жүгері үшін биологиялық белсенді температура 10°С-дан жоғары болғанда басталады. Ерте пісетін жүгері сорттары мен будандары үшін қажетті биологиялық белсенді температура жиынтығы 1800-2000°С, орташа мерзімде және кеш пісетіндер үшін - 2300-2600°С

Жүгері қ ұ р ғ а қ ш ы л ы қ қ а т ө з і м д і, мезофиттар қатарына жататын өсімдік, ылғалды тиімді пайдаланады. Ол 100 кг құрғақ зат түзу үшін 174-тен 406 ц-ге дейін су жұмсайды. Жүгерінің транспирациялық коэффициенті - 230-370. Бірақ жүгерінің дән мен жасыл балауса өнімінің мөлшері басқа дәнді дақылдардан көп болғандықтан, оған кететін су шығыны да жоғары болады.

Көктеп шығудан сабақтануға дейін жүгері суды шамалы мөлшерде пайдаланады, әрі қарай оның қажеттілігі арта түседі. Суды ең көп қажет ететін кезеңі: шашақгүл шығаруға 10 күн қалғаннан кейінгі 20 күн. Осы аралықта ылғалдың жетіспеуі өнімнің төмендеуіне әкеліп соғады.

Жүгері жоғары агротехникалық жағдайда өсіргенде топырақ және ауа құрғақшылығына төзімді. Бұны былай түсіндіруге болады: жүгері ылғалды ең көп пайдаланатын кезеңге дейін топырақтың терең қабатында және ауадан су буын сіңіре алатын қуатты тамыр жүйесін қалыптастырып үлгереді. Бірақ жүгерінің құрғакшылыққа төзімділігі тары мен қонақтарыдан төмен.

Жүгерінің жақсы өсіп-жетілуі және жоғары сапалы өнім түзуі үшін топырақ ылғалдылығын ылғал сыйымдылығының ең төмен деңгейінен 75-80% жағдайында ұстап отыру керек. Сонымен қатар, топырақ ылғалдылығы мөлшерден артық жерлерде жүгері өнімі төмендейді, өйткені ондай топырақтарда өсімдік тамырларына фосфордың келуі бәсеңдейді де органикалық және нуклеиндік фосфордың мөлшері азаяды, фосфорилдену және энергетикалық үрдістер, ақуыз айналымы бұзылады.

Жүгері – ж а р ы қ с ү й г і ш, қысқакүндік дақыл. Ұзақ жарық күн жүгерінің вегетациялық кезеңін ұзартады, ал қысқа - пісуін тездетеді, 8-9 сағаттық жарық күн жағдайында өскенде тезірек гүлдейді. Күннің жарығы, әсіресе жүгерінің жас кезінде, оның өсіп-жетілуіне жақсы әсер етеді. Өсімдіктің көлеңкеленуі, көкті сиретуді кешіктіргенмен бірдей, жетілу үрдісіне зиянды әсер етеді: генеративтік мүшелерінің түзілуі тежеледі, аталық пен аналық гүлшоғырларының гүлденуінде алшақтық және жеміссіз өсімдіктер көбейеді. Жүгерінің осы ерекшеліктерін агротехникалық шаралар жүйесін жасағанда ескеруге тура келеді.

Жүгері т о п ы р а қ қ ұ н а р л ы ғ ы н а жоғары талап қояды және тыңайтқыштар бергенді жақсы көретін дақыл. Жүгеріден ең мол өнім, құнарлы топырақта жоғары агротехникада алынады. Жүгеріге құрылымды қара топырақтар мен қара-қоңыр топырақтар және өте құнарлы және сіңімді өзен арналарының шөкпе топырақтары жақсы. Топырақ ерітіндісінің оңтайлы реакциясы - бейтарап және әлсіз сілтілі (pH 5,5-7,0). Қышқыл, өте тұзды және батпақтануға бейім топырақтарда жүгері өсіруге болмайды.

Жүгері тұқымының жылдам өнуі үшін топырақта жақсы аэрация болуы керек, өйткені оның үлкен ұрығы өну үшін оттегіні көп қажет етеді. Топырақта ауаның мөлшері 18-20%-дан төмен болмағаны дұрыс.

А з о т т ы жүгері алғашқы даму кезеңдерінде көп қажет етеді. Азот жеткіліксіз болған жағдайда өсіп-дамуы бәсеңдейді. Азотты ең көп қажетсінетін кезеңі - шашақтануға 2-3 апта қалғанда, ал сүттене пісу кезеңінде азотты мүлдем қажет етпейді.

Ф о с ф о р д ы жүгері гүл шоғырлары түзіле бастағаннан қарқынды пайдалана бастайды (4-6 жапырақ), ең көп пайдаланатын мерзімі тұқым түзу кезеңі. Фосфор жеткіліксіз болған жағдайда собықтар толық дамымайды, дән қатарлары дұрыс қалыптаспайды. Фосфор жеткілікті болған жағдайда тамыр жүйесі жақсы дамиды, өсімдіктің құрғақшылыққа төзімділігі артады, пісіп-жетілу үрдістері жылдамдайды. Фосфорды жүгері өсімдігі толық пісіп-жетілгенге дейін баяу және біркелкі сіңіреді.

К а л и й жетіспеген жағдайда өсімдік бойында көмірсулардың қозғалысы, жапырақтардың синтетикалық жұмысы бәсеңдейді, тамыр жүйесі әлсізденіп жүгері жапырылуға (сұламалыққа) бейім болады.

Жүгерінің өсіп - жетілу кезеңдері мен өсруге рұқсат етілген будандары. Жүгерінің өсіп даму үрдісінде көктеу, 3-жапырақ кезеңі, бұтақтану, түтікке шығу, шашақтану, шашақтың гүлденуі, собықтың гүлденуі, дәннің сүттене пісуі, дәннің толық пісуі, барлығы 11 кезең ажыратылады. Оның өсіп-даму (вегетациялық) кезеңінің ұзақтығы пісу топтарына байланысты 75-180 тәулікке созылады. Жүгері будандары пісу мерзіміне қарай төмендегідей топтарға бөлінеді:

  • ерте пісетіндер, вегетациялық кезеңінің ұзақтығы 80-90 күн, негізгі сабақтағы жапырақ саны 10-12 дана;

  • ортадан ерте пісетіндер - 90-100 күн, 12-14 жапырақ;

  • орташа мерзімде пісетіндер - 100-115 күн, 14-16 жапырақ;

  • ортадан кеш пісетіндер - 115-130 күн, 16-18 жапырақ;

  • кеш пісетіндер - 130-150 күн, 18-20 жапырақ;

  • өте кеш пісетіндер - 150 күннен, жапырақ саны 20-дан астам.

Жүгері көктегеннен кейін алғашқы 3-4 аптада баяу өседі. Осы кезде егістікке жақсы күтіп-баптау жүргізу қажет, себебі жүгерінің жас көгі арам шөптерден катты зардап шегеді, ал бұның бәрі оның әрі қарай өсіп-жетілуіне көп зиян келтіреді. Жүгерінің ең қарқынды өсіп-жетілуі - буынаралықтардың бастапқы өсуінен шашақгүл шығуға дейінгі кезең.

Қазақстанда астыққа өсіруге рұқсат етілген жүгері будандары:

Одесский 80 МВ. Украинада шығарылған. Өсімдігі биік өседі (220-280 см), ортадан ерте пісетін будан, негізінен тіс тәрізді дәні сары, ақ түситі, 1000 санының массасы 250-300г. Қазақстанның бапрлық облыстарында өсіруге рұқсат етілген.

Молдавский 257 СВ. Атауы көрсетіп тұрғандай, ол Молдавияда шығарылған, ерте пісетін будан, биіктігі - 150-209 см, дәні сары түсті, жартылай кремнилі. 1000 тұқымының массасы 218 г, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге болады.

Молдавский 215 МВ. Бұл да Молдавияда шығарылған , ерте пісетін сортотип, өсімдік биіктігі 136 см-ге дейін, дәні тіс тәрізді, 1000 санының массасы - 260 г. Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге болады.

Қазіргі кезде жоғарыда аталғандардан басқа Сары –Арқа 150 АСВ (Алматы ж.б. облыстар), Целинный 160 СВ (Алматы, Шығыс Қазақстан обл., ж.б. обл.), Казахстанский 43 ТВ (Алматы, Оңтүстік Қазақстан обл., ж.б.), Казахстанский 700 СВ (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан обл.), Алтын 739, Алтай 319, Арман 689, Скиф 619, Сұңқар, Тұлпар 539 будандары да өсіру рұқсат етілген

Астыққа өсіру технологиясы. Алғы дақылдар. Жүгеріні арамшөптерден таза, құнарлы топырақты танаптарға сепкенде, агротехникалық шараларды толығынан, талаптарға сай өткізген жағдайда қант қызылшасынан басқа барлық алғы дақылдардан кейін жоғары өнім береді. Заманауи агротехниканы қолданғанда жүгеріні бір танапқа көптеген жыл қайталап себуге болады. Жүгерінің жақсы алғы дақылдары – сүрі танабы, күздік бидай мен күздік қарабидай, жаздық бидай, арпа, дәндібұршақ дақылдары және отамалылар. Ылғал жеткілікті жағдайда жүгері көпжылдық шөптердің қыртысы мен оның аударымына да өсіріледі.

Жауын-шашыны аз аймақтарда оны топырақты қатты құрғатып жіберетін күнбағыс және қант қызылшасынан кейін орналастыруға болмайды.

Жүгерінің өзі де жаздық және күздік дақылдар үшін жақсы алғы дақыл. Сүрі жер танабының дақылы болып сүрлем мен көк балаусаға себілген жүгері, келесі күздік бидайдың жоғары өнім беруін қамтамасыз етеді.

Т о п ы р а қ ө ң д е у. Жүгері тамыры топырақтың борпас болуын және терең жыртылуын қалайды. Сондықтан оңы себуге арналған жер, күз айларында алғы дақылдар орып алынғаннан кейін ЛДГ-10, ЛДТ-15 сыдыражыртқыштарымен немесе БД-10, БДТ-7 тырмаларымен 7—8 см-ге қопсытылады, сонан кейін 25—27 см-ге, ал механикалық құрамы ауыр сазды, батпақты жерлер 27-30 см тереңдікке жыртылады.

Жүгеріні жаңа ресурсүнемдегіш әдістермен, гербицидтерді тиімді қолданып өсіргенде, барлық аймақтарда да қатараралықты өңдеудің қысқартылуына байланысты, арамшөптерді тегіс құрту, топырақ ылғалын мол сақтау, негізгі жыртудың сапасымен тығыз байланысты.

Оңтүстік аудандарда суармалы жоңышқадан кейін сепкенде, өсімдік қалдықтарының минералдану бәсеңдету мақсатында жер өңдеу оларды жерге терең сіңіруге бағытталуы тиіс. Ол үшін қыркүйек айының басында жоңышқа пішенге орылып алынғаннан кейін оның тамырының мойнын қырқып кептіру үшін жер ЛДГ-10, ЛДГ-15 сыдыражыртқыштарымен немесе КПГ-350 сыдыра қопсытқышпен өңделеді. Осы өңдеуден 10-15 күннен кейін, тамыр мойындары кепкен кезеңде танапқа жыртаралды су беріледі де топырақ түренді соқалармен 30-35 см-ге жыртылады. Келесі жылдары өңдеу тереңдігі 25-27 см-ге, ал механикалық құрамы жеңіл топырақтарда 20-25 см-ге дейін азайтылады.

Отамалы дақылдардан кейінгі және арамшөптерден таза танаптарды алдын ала сыдыра өңдеусіз-ақ сүдігерге жыртады. Жел эрозиясы қаупі бар аймақтарда КПГ-250, КПС-2-150 жазық тілгішті қопсытқыштарды пайдаланып топырақты терең қопсытады. Ылғал жеткілікті аймақтарда топырақты жартылай сүрі жер типінде өңдейді.

Топырақты көктемгі өңдеу ылғал сақтауға, ұсақ түйіртпекті борпас топырақ қабатын қалыптастыруға бағытталуы керек. Ол ерте көктемгі тырмалау, 2-3 қопсытумен бірге қосымша тырмалаудан тұрады. Бірінші қопсыту, ерте мерзімде арамшөптер шыққаннан соң 10-14 см тереңдікке, ал тұқым себу алдындағы қопсыту тұқым себу тереңдігіне жүргізіледі.

Гербицид енгізілген егістікте, көктем ылғалды болғанда тегістеу жүргізілмес бұрын, БП-8 тырмасымен немесе УСМК-5, КПС-4, КПГ-4 қопсытқыштарымен қопсытылады.

Тыңайтқыш қолдану жүйесі. Жүгері егістігіне тыңайтқыштарды сол аймақтың ауа райын топырақ ерекшеліктерін ескеріп, оларды танапқа енгізу тәсілдерін, қолайлы мерзімін сақтап қолданған дұрыс.

Жүгері жоғары агротехникада мол астық өнімін қалыптастыратындықтан осы өнімді түзу үшін бірінші топ астықтарына қарағанда көп қоректік заттар шығындайды. Өсімдік қажетті қоректік заттардың көп бөлігін вегетацияның екінші жартысында пайдаланады. Сондықтан, жаздық үстеп қоректендірудің жүгері үшін маңызы зор, ал кеңқатарлы және пунктирлі себу тәсілдері вегетацияның барлық кезеңдерінде тыңайтқыштар қолдануға қолайлы жағдай жасайды.

Жүгерінің тыңайтқыштар қолдану жүйесі - негізгі, тұқым себу кезіндегі және үстеп қоректендірулерден тұрады. Негізгі тыңайтқыштарды сүдігер жыртқанда гектарына: қаратопырақ пен қара-қоңыр топырақтарда 10-15 т көң, 20-30 кг-нан фосфор мен калий. Азотты көктемгі қопсытуда гектарына 20-30 кг, ал тұқым сепкенде қатарға гектарына 15 кг дейін фосфор береді. Үстеп қоректендіруде 20-30 кг-нан азот пен фосфор, 15-20 кг калий қолданады. Құнарсыз топырақтарға гектарына негізгі тыңайтқыш ретінде 30-40 т көң, 45-60 кг фосфор, 40-50 кг калий, көктемгі қопсытуда - 50-60 кг азот, тұқым сепкенде қатарлы 15 кг фосфор жұмсалады. Үстеп қоректендіруге 20-30 кг-нан азот пен фосфор қолданады. Қышқыл топырақтарға күзде гектарына 3-5 т әк пайдаланады.

Бұл тыңайтқыштар мөлшерлерін топырақ сапасына, алғы дақылдарға, бұрын берілген тыңайтқыштарға, климат жағдайлары мен топырақтың химиялық сараптама нәтижелеріне байланысты нақтылайды.

Т ұ қ ы м д ы с е б у г е д а й ы н д а у. Шаруашылықтарға жүгерінің тұқымы арнайы зауыттарда іріктелген, яғни, себуге толық дайындалған күйінде келеді. Олардың өнгіштігі 96%-дан (1-ші класс) кем болмауы керек. Жүгері тұқымын себу алдында жылы ауада 5-6 күндей қыздырады. Себер кезде 34%-дық витавакс 200 ФФ (1,5-2,0 кг/т) немесе дивиденд 030 (2 кг/т) препараттарының бірімен өндейді. Жүгері тұқымын топырақтағы зиянды микрофлорадан қорғау үшін себуге бес күн қалғанда инкрустациялайды-қосымша қабықтайды. Инкрустациялау үшін құрамында хлороформ, фентиурам және полистиролы бар препараттарды пайдаланады. Жүгерінің бір т тұқымына препараттың 11 литрі (2 кг фентиурам, 16,5 кг хлорофо­рм және 0,5 кг полистирол) жұмсалады. Инкрустациялау үшін жаңа "Уныш" (9 кг/т) пен NаКМЦ (0,2 кг/т) қабықтүзгіш препараттары пайдаланылады. Инкрустацияланған жүгері тұқымын нақты мерзімінен 5-6 күн ерте себуге болады.

Тұқымды с е б у м е р з і м і, ә д і с і және с і ң і р у т е р е ң д і г і. Суық топыраққа мезгілінен ерте себілген жүгері тұқымы көп уақыт өнбей, шіріп кетеді, кеш себілген жүгері тұқымының көктеп шығуына ылғал жеткіліксіз болып, өнім мөлшері түсіп кетеді. Сондықтан жүгерінің себу мерзімін дәл анықтаудың зор мәні бар.

Жүгері тұқымын себу тереңдігінде топырақ 10-12°С жылығанда себе бастайды. Тез қызатын жеңіл топырақты жерлерге тұқым себуді ауыр топырақтыдан ерте бастайды: осыған сәйкес Алматы облысы жағдайларында кештеу және кеш пісетін жүгері будандарын 20-сәуір - 5- мамыр аралығында, ал ерте пісетіндерін - 1-15 мамырда себеді; Жамбыл облысында ортадан кеш пісетін будандарды 1-15 мамыр, кеш пісетіндерін – 20-сәуір - 5-мамырда, ал ерте пісетіндерін 5-20 мамырда себу ұсынылады; Қазақстанның оңтүстік шығысында суармалы жерлерде оңтайлы себу мерзімі көктем жағдайларына қарай тұрақты қырқаларда - 15–сәуір - 10–мамыр аралығы.

Жүгеріні себудің негізгі тәсілдері – кең қатарлы, пунктирлі және шаршы-ұялы. Қолданыстағы технологиялар бойынша жүгері қатар аралықтары 70 см, ал қатардағы өсімдік арасы 15-20 см етіп себіледі. Мұндай дәл орталастыруды заманауи сепкіштер толық қамтамасыз етеді.

Шаршы-ұялы (ұя аралығы 70×70 см) себу тәсілі қазір көп қолданылмайды, бұл тәсіл топырақты өңдеу екі бағытта да жүретіндіктен армшөптермен өте көп залалданған танаптарда және тұқымдық жүгері өсіргенде қолданылады.

Құрғақшылықты аймақтарда және жүгерінің биік сабақты сорттары мен будандарына себуде қатараралықтар 80-90 см және одан да үлкен арақашықтарға себіледі, ал аласа бойлы жүгері тұқымын себуде арақашықтық 60 см дейін қысқаруы мүмкін.

Жүгері тұқымының себу мөлшері аймақ жағдайы, дақылды пайдалану мақсаты, себу тәсілі мен тұқым ірілігі, буданға және тағы да көптеген жағдайларға байланысты. Шаршы-ұялы тәсілде бір ұяға 2-3 тұқымнан себіледі.

Бағдарламаланған астық өнімін алуда ерте пісетін жүгеріні гектарына 70-75 мың, орташа және орташа кеш пісетін будандарды 65-70, ал кеш пісетіндерді 60 мың тұқым мөлшерінде сепкенде ең жоғары астық өнім қамтамасыз етілген.

Салмақтық себу мөлшері гектарына 10-нан 25 кг-ға дейін өзгереді.

Жүгері тұқымын себу тереңдігі - себу мерзімі, топырақтың механикалық құрамы мен ылғалдылығына байланысты 5-6-дан 10 см-ге дейін.

Топырақ ылғалы жеткілікті жағдайда жүгері тұқымы 7-8 см тереңдікке себіледі. Құрғақшылық аймақтарда себу тереңдігін 10-12 см дейін ұлғайтады, ал ауыр топырақтарда 6-7 см дейін азайтады. Біркелкі тегіс көктеу үшін жүгері егісін сеуіп болысымен бұдырлы немесе басқа осы заманғы катоктармен егісиік тығыздалады.

Жүгері егісін күтіп-баптау негізінен арамшөптермен күресуге және топырақтың физикалық жағдайын жақсартуға бағытталады. Тұкымды сепкеннен кейін 3-4 күн өткеннен соң, жеңіл немесе орташа тырмалармен топырақ бетіндегі қабыршақтарды және өсіп келе жатқан арамшөптерді жою мақсатында себу қатарларына көлденең тырмалау жүргізеді. Осындай өңдеуді жүгері өсімдігі көктеп шыққаннан соң 2-3 жапырақ кезеңінде қайталайды.

Әрі қарай жүгеріні күтіп-баптаудағы маңызды шара – қатараралықтарды қопсыту мен үстеп қоректендіру. Ол үшін қопсытқыш өсімдік-қоректендіргіштер қолданылады. Бірінші қопсытуды 7-8 см, ауыр топырақты жерлерде 8-10 см дейінгі тереңдікке 3-4 жапырақ пайда болған кезеңінде, 10-12 см қорғаныш алаңын қалдыра отырып, ал екіншіні, егер қажет болса үшіншіні де 6-7 см тереңдікке жүргізеді.

Үстеме қоректі қатараралықтарды бірінші қопсытумен біріктіріп берудің тиімділігі өте жоғары.

Танаптар көпжылдық арамшөптермен ластанған жағдайда 50%-дық 2,4-Д амин тұзы (1,5-2,5 кг/га) және 40%-дық диален (1,0-3,0 кг/га) гербицидтерімен жүгерінің 3-4 жапырақ кезінде егісті бүркеді. Гербицидтермен өңдеу үшін тек қана штангалы бүріккіштерді қолдану керек.

Суармалы егістік жағдайында, тиімділігі жоғары гербицидтер қолданғанда (эрадикан, агелон, атразин) қатараралық өңдеу шараларын өткізбеуге де болады.

Суармалы егіншілікте өсіргенде топырақтың тамырлар әрекет ететін қабатындағы ылғалдылықты ең төменгі ылғал сыйымдылығынан 75-80% кем емес деңгейде суару арқылы ұстап тұрғанда ғана астық өнімі мол болады. Бұл жағдай күздегі ылғал жинау үшін суару мен вегетациялық суарудың жақсы үйлесуінің нәтижесінде қалыптасады: бірінші суару - 5-7 жaпыpaқ кезеңінде, екінші - шашақтану алдында, үшінші - гүлдену, төртінші және бесінші суарулар - дән түзу алдында және дәннің сүттеніп-балауызданып пісуінің алдында; жүгері егісін суару «Фрегат», «Днепр» және ДДА-100 МА суару машиналарының бірімен жүргізіледі.

Өнім жинау. Астыққа өсірілген жүгері гүлдей бастағаннан 50-55 күн өткен соң, собықтағы дәннің толық пісер алдында орылады.

Жүгері собықтарын 16%, ал дәнін 13%-дан аспайтын ылғалдылыққа дейін кептіріп қоймада сақтайды.

ҚОНАҚ НЕМЕСЕ ШАЙ ЖҮГЕРІ (СОРГО)

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Қонақ жүгері – азық түліктік және малазықтық дақыл.

Африка, Үнді және Шығыс Азия елдерінде негізгі тағамдық дақыл болып саналады. Сондықтан, тағамдық өсімдік ретінде әлемде бидай мен күріштен кейін үшінші орын алады.

Қонақ жүгері алуан түрлі мақсатта пайдаланылатын дақыл. Дәні –малдың бағалы азығы, құрама жем, крахмал, спирт және қант өнеркәсібінде шикізат.

Қонақ жүгерінің көк балаусасын мал азығына және сүрлемге пайдаланады. Қатайып кеткенге дейінгі орылған қонақ жүгері сабағынан сапалы пішен алынады, одан кейінгі өскен алшынкөгін күздік жайылымға қалдырады.

Қонақ жүгерінің 100 кг дәнінде 119 азықтық өлшем, ал көк балаусасында – 23,5, сүрлемінде – 22,0, пішенінде – 49,2 азықтық өлшем болады. Қонақ жүгері дәнінде 15 пайызға дейін протеин, лизинге бай, қантты сорттарында 10-15 пайыз қант бар, одан қою шырын алынады. Перспективалы қант беруші дақылдар қатарына жатады. Сыпыртқылық қонақ жүгері шашағынан сыпырғыш және шөткі дайындалады.

Қонақ жүгері қуаң және шөлейт аймақтарда сүрлемдік дақыл ретінде жүгеріні алмастыра алады.

Қонақ жүгері отамалы дақыл болғандықтан астық дақыларына жақсы алғы егіс және ықтырмалық дақыл ретінде пайдаланылады.

Қонақ жүгері – жақсы фитомелиорант, сондықтан сортаң жерлерде тұзды ыдыратқыш дақыл ретінде өсіруге болады. Нұрғасенов Т.Н., Арыстанғұлов С.С., Каракальчев А.С. (2010) тәжірибелерінде, қонақ жүгеріні АҚдала күріш өсіру массивінің «тастанды» жерлерін қайта игеру мақсатында биорекультивациялауға өсірген. Ғылыми тәжірибе нәтижелеріне сүйеніп, олар қонақ жүгері әрбір гектарда 164,5 ц органикалық қалдықтар қалдыратыны анықталған.

Ғалымдар Ақдала күріш массивінің қайта сортаңдануына байланысты деградацияға ұшыраған жерлерінің құнарлылығын қалпына келтіруге қонақ жүгеріні фитомелиорант ретінде ұсынады.

Қонақ жүгері отаны Африка болып есептелінеді. Біздің арамызға дейін 3 мың жыл бұрын Үнді және Қытай елдерінде өсірілген, ал Орта Азия мемлекеттерінде 2,5 мың жыл бұрын белгілі болған, Ресейге 17 ғасырда әкелінген.

Дүние жүзіндегі егіс көлемі 48 млн. га, дән өнімділігі – 14,2 ц/га. ТМД елдерінде қонақ жүгеріні 150 мың гектарға өсіреді, орташа өнімділігі – 15 ц/га. Республикадағы егіс көлемі ағын, бірақта перспективалы дақылдар қатарына жатады.

Морфологиялық сипаттамасы. Қонақ жүгері (Sorghum L.) дақылы Қоңырбастар тұқымдасына (Poaceae) жатады.

Сурет 21. Шай жүгері. 1, 2 – астық (нандық) шай жүгері егін көгі мен гүлдену кезеңдерінде; 3 – масақшалар (жеміссіз - а және жемісті - б); 4 – дән; 5, 6 – егін көгі мен гүлдену кезеңдеріндегі судан шөбі; 7 – судан шөбінің масақшасы мен дәні.

Көптеген түрлерінен біздің елімізде егілетіні кәдімгі қонақ жүгері (S.vulgare Pers., синонимі Antropogon sorghum) және малазығы үшін өсірілетін судан шөбі (S.sudanense Piper).

Қонақ жүгері өнімінің пайдаланылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді: дәндік, қантты (малазықтық) және сыпыртқылық.

Гүлшоғырының құрылысына қарай қонақ жүгерінің мынандай формалары болады: тармақты, сығымдалған және түйіртпекті. Қантты (малазықтық) қонақ жүгері ретінде негізінен сыпыртқы тармақты формалары пайдаланылады. Сыпыртқылық қонақ жүгері өкіліне тармақталмайтын нығыздалған формалы сорттары кіреді.

Қонақ жүгерінің тамыр жүйесі шашақты, жақсы жетілген, топырақтың 2,5 м және одан да терең қабатына бойлап кетеді. Сабағының биіктігі 2 м, ал суармалы жағдайларда 3-5 м дейін, іші бос өзекшемен толтырылған. Төменгі сабақ буындарында ауа (тірек) тамырлары болады. Жапырақ алақаны жалпақ, ысрты балауызданған қатпарлы көмкерілген. Бір өсімдікте 10-25 дана және оданда көп жапырақтар болады.

Гүл шоғыры – шашақ, ұзындығы 15-60 см, әрбір тармағының соңында екі масақша отырады, оның біреуі – қос жынысты, ал екіншісі- аталық, гүлденгеннен кейін түсіп қалады. Негізінен айқас тозаңданатын дақыл.

Дәні – қабықты немесе жалаңаш, пішіні – дөңгелек, жұмыртқа тәріздес, бояуы – ақ, қоңыр, сары, бурыл. 1000 дән массасы 25-45 г. Бір шашақта 1600-3500 дән болады.

Биологиялық ерекшеліктері. Қуаңшылыққа, ыстыққа төзімді дақыл. Транспирациялық коэффиценті 150-200. Жылу сүйгіш өсімдік. Қысқа мерзімдегі үсіктен өліп қалуы мүмкін. 30-350С температурада жақсы өсіп дамиды, 400С дейін ыстықты көтереді. Вегетация дәуіріне қажетті белсенді температура жиынтығы 2250-25000С. Жарық сүйгіш және қысқа күн өсімдігі. Топырақ талғамайды, барлық топырақ типтерінде өсе береді, бірақта жоғары өнімді жақсы жылынатын, бос және өткізгіштік қабілеті жоғары топырақты жерлерде қалыптастырады.

Вегетацияның бастапқы сатыларында өте баяу өседі, өсімдік көгі себілгеннен кейін 10-15 күннен кейін пайда болады, 25-30 күннен кейін түптенеді, 40-45 тәуліктен соң түтіктенеді, ал көгі шыққаннан кейін 55-65 күннен кейін шашақтанады. Гүлденуі шашақтанғаннан кейін 5-6 тәуліктен соң бсталады. Вегетация кезеңі сорттарының пісу мерзіміне байланысты 90-145 күнге созылады.

Қонақ жүгерінің біздің елімізде астыққа өсіруге рұқсат етілген селекциялық сорттары мен будандары: Молдавский 40, Камышынское 75, Ставропольское 63; сүрлемдік – Силосный 72, Цунами 85, Красноводопадское 246, Кинельское 3, Ранний Янтарь 161, Казахстанское 16, КИЗ-94.

Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Ауыспалы егістіктегі орны, бірінші кезекте, өсіру бағытына байланысты. Қонақ жүгеріні далалық және малазықтық ауыспалы егісте орналастырады.

Ең жақсы алғы егісі-күздік және жаздық масақты дақылдар, дәнді-бұршақтар, сүрлемдік жүгері, картоп, бір және көпжылдық шөптер.

Егіншілік мәдениеті жоғары жерлерде қонақ жүгеріні жалқыдақыл ретінде өсіруге болады.

Дақылды фитомелиоративтік қасиеттері жоғары болғандықтан, тұзды жерлерде де өсіреді.

Тыңайтқыштар жүйесі. Көптенген зерттеушілер қонақ жүгері егісіне органикалық және минералдық тыңайтқыштарды берудің тиімділігін көрсетеді.

Жоғары өнім қалыптастырылғандықтан, қоанқ жүгері топырақтан көптеген мөлшерде қоректік заттар жұмсайды, әсіресе кедей топырақты жерлерден. Сондықтан жұмсалған қоректік заттардың орнын толықтыру жоғары өнім алудың негізгі кепілі.

Қонақ жүгері вегетациясының бастапқы сатысында қоректік заттарды аз мөлшерде жұмсайды, сол себепті тыңайтқыштардың жеңіл сіңірілетін формаларын қажетсінеді, әсіресе түтіктену сатысында және шашақтанудың алдында. Сондықтан, негізгі өңдеу алдында гектарға 50-80 т/га көң, N90-120, Р90-120 және К50-60 кг/га әсерлі затпен сіңіру керек. Көңмен, фосфорды күзде, ал азотты топырақты жырту алдында берген жөн. Тұқыммен бірге түйіршіктелген суперфосфатты мөлшері – 30-40 кг/га беру тиімді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Қонақ жүгері дақылы ылғалы жеткіліксіз аудандара өсірілетіндіктен, топырақ өңдеудің негізгі мақсаты – ылғалды максималды жинау, сақтау және үнемдеп пайдалануға және арамшөптерді жоюға бағытталуы тиіс.

Қонақ жүгерінің топырақ өңдеу тәсілі алғы дақылға және танаптың арамшөптермен ластану дәрежесіне байланысты. Сондықтан, егер қонақ жүгері масақты дақылдан кейін орналастырса, онда, топырақты өңдеуді аңызды сыдыра жыртудан (7-8 см) бастайды.

Рахимбеков Т.С., Каракальчев А.С. (1991) пікірлерінше, қонақ жүгері өсірілетін танапты негізгі өсңдеуді 25-30 см дейін тереңдікке жүргізу өнімділіктің жоғарлауына септігін тигізеді. Топырақты 15-20 см-ден 30-32 см дейінгі тереңдікте жырту арамшөптер санын азайтады және соның әсерінен көк балауса өнімділігі 16,5 пайыз артады, яғни танапты тереңге жырту оң әсерін тигізеді.

Көктемгі топырақ өңдеу жүйелерінде ерте көктемгі танапты тырмалау және тұқымды себер алдындағы культивациялау шаралары жатады.

Тұқымды себуге әзірлеу және себу. Егістік материал болып, стандарттық талапқа сай қонақ жүгерінің өсіруге рұқсат етілген және перспективалы сорттары мен будандарының кондициялы тұқымдары пайдаланылады.

Тұқымды егіске дайындаудың маңызды және міндетті шараларына саңырауқұлақ ауруларына қарсы ТМТД 80 % (1,5-2,0 кг/т) және басқа рұқсат етілген препараттармен дәрілеу жатады.

Себу мерзімі. Қонақ жүгері сорттары мен будандарының биологиялық ерекшеліктерін, пайдалану мақсатын, топырақ ылғалдылығымен температурасын ескере отыра себу мерзімн белгілейді. Қонақ жүгері жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, тұқымды себуді топырақтың тұқым сіңіру тереңдігі 12-150С жылынған кезде бастайды.

Рахымбеков Т.С., Каракальчев А.С. (1991) Алматы облысының шөлді аймағында қонақ жүгеріні топырақтың 0-10 см қабаты тұрақты 12-180С жылынған кезінде себу керектігін айтады.

Тұқым сіңіру тереңдігі де себу мерзімімен тығыз байланысты. Көптеген зерттеушілердің анықтауы бойынша, қолайлы себу тереңділігі 4-5 см, егер топырақтың беткі қабаты өте кепкен жағдайда, онда тұқымды тереңірек сіңіру (8-10 см) ұсынылады.

Себу тәсілі мен мөлшері. Қонақ жүгерінің өнімділігі әрбір өсімдіктің жеке түсімінен және өсіру жағдайына байланысты болады. Сондықтан, белгілі көлемдегі өсімдіктер саны мен олардың орналасу тісілін дұрыс анықтаудың іссаналық маңызы зор. Сол себепті дақылдың қолайлы тісілі мен оңтайлы мөлшерін анықтау өнімділік қалыптастырудың басты факторлары болып есептелінеді.

Өндірісте кең тараған – пунктирлі. Аталған тәсілмен қонақ жүгеріні себуде СУПН-8 және СПЧ-6 дәл сепкіштері пайдаланылады. Тұқымдық қонақ жүгеріні кең қатарлы пунктирлі тәсілмен қатараралық ені 60-70 см себу керек. Кең қатармен сепкенде гектарына – 6-8 кг/га, немесе 180-200 мың дана өнгіш тұқым, ал жай қатармен -15-20 кг/га (400-600 мың дана) тұқым себіледі.

Егістікті күтіп-баптау. Сепкеннен кейінгі тырмалау, қатараралықты өңдеу, өсімдікті арамшөптер, аурулар мен зиянкестерден химиялық жолмен қорғау.

Қонақ жүгері танаптарында кешенді тырмалау (көгі шыққанға дейін және дақылдың 4-5; 6-7 жапырақтары пайда болғанда). Осы шараның әсерінен танаптағы 65-70 пайыз арамшөптерді құртуға мүмкіндік туады.

Механикалық және химиялық шараларды үйлесімді жүргізу елеулі нәтиже береді.

Дақылдың вегетация кезеңінде КРН-4,2 культиваторымен 3 рет қатараралық өңделеді: бірінші 7-8 жапырақ пайда болғанда 8-10 см тереңдікке, екінші – одан кейін 7-10 күннен соң, 6-8 см тереңдікке, ал үшінші – түтіктену сатысының алдында 4-6 см тереңдікте жүргізіледі.

Суару. Қазақстанның оңтүстігінде қонақ жүгері танабын 3-4 рет суарады. Бірінші суғару өсімдіктің қарқынды өсу кезінде, екінші-түтіктену кезеңінде минералдық тыңайтқышпен үстеп қоректендірумен бірге, үшінші-шашақтану кезеңінде, ал төртінші- дән толысу кезеңі. Бірінші суару мөлшері -300-400 м3/га, келесі – 600-700 м3/га.

Қонақ жүгеріні зиянды организмдерден қорғау агротехникалық және ұйымдастырушылық шараларынан тұрады. Агротехникалық шараларға ауыспалы егісті игеру және технологияны бұлжытпай орындау жатады. Қажетінше, агротехникалық шаралар химиялық әдістермен толықтырылады.

Арамшөптермен, аурулар және зиянкестермен күресу үшін рұқсат етілген химиялық препараттар пайдаланылады.

Өнімді жинау. Биік бойлы қонақ жүгері сорттарын тұқымға СМ-2,6 комбайнымен алдымен шашағы кесіліп, бастырылады, ал содан кейін сүрлем жинаушы комбайнымен – малазықтық массасы жиналады.