Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65.62 Mб
Скачать

Майбұршақ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Майбұршақ — ертеден өсіріліп келе жатқан дақыл және ол дүниежүзілік маңызы бар басты мәдени өсімдіктер қатарына жатады. Майбұршақты жиі түрде таңғажайып өсімдік деп атайды, себебі тұқымның құрамында жоғары мөлшерде ақуыз - 33-тен 45%-ға дейін, 20-дан 25,7 %-ға дейін май (оның кұрамында холестеролдың болмайтынын атап өткен жөн) және 25-21% көмірсулары бар (углеводтар) бар.

Майбұршақтың ақуызы (белогі) амин қышқылдарымен (өте аз мөлшердегі метионин мен цистиннен басқаларымеи) жақсы теңдестірілген. Ол жоғары сіңімділігімен, суда жақсы ерігіштігмен ерекшеленеді. Майбұршақтың құрамына фитин мен сапонин, дәрумендер мен минералды тұздар кіреді. Күлінде көп мөлшерде калий, фосфор мен известь, майда еритін А, Д,, Е және С дәрумендері болады, ал В2 дәрумені бидай дәніндегіден 6 есе көп. Мұндай құрам майбұршақты тағамдық, техникалық және мал азықтық өсімдік ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Оның тұқымдарынан 250-ге дейін ас түрін және әртүрлі өнімдер дайындалады. Майбұршақты диетикалық тағам ретінде диабетпен ауыратын адамдарға ұсынылады. Майбұршақ пен оның өнімдері шығысазиялық (әсіресе жапон және қытайлық) және вегетариандық кухняларда кеңінен қолданылады.

Майбұршақ майы дүниежүзілік өсімдік майлары өндірісінде алғашқылардың бірі болып табылады. Ол тағамға, тігін өнеркәсібінде, сабын қайнатуға, клеенка шығаруда, линолеум, пластмасс өндірістерінде пайдаланылады. Рафинадталған майбұршақ майы тікелей асқа пайдаланылады, маргарин мен майонез алуға, сонымен бірге фармацептикалық препараттар кұрамында қолданылады. Оны смола мен пластмасса, сыр мен лак, желім, тығыздағыш кұрамдар, дезинфекциялық құралдар, инсектицидтер, матаға сіңіргіш, сабын және басқа өнімдер шығаруға қолданады.

Майбұршақ - бағалы мал азықтық дақыл. Мал азықтық мақсатқа күнжарасы, шроты, майбүршақ үнын, жасыл массасын пайдаланады. Күнжарасы мен шроты маңызы бойынша майынан да бағалы. Оның құрамында 60 % дейін белок (құрғақ затқа есептегенде) болады және он жоғары белокты концентрат болып табылады, өйткені ол жануарлар рационын сіңімді протеинмен теңдестіреді. 1 тонна майбұршақ белок пен амин қышқылдары құрамы бойынша 10 тонна құрама жемді теңдестіреді. Майбұршақтың 100 кг жасыл массасында 21 а.о. және 3,5 қорытылатын протеин болады. Онымен жануарларды жас күйінде, көмірсулы мал азықтарымен араластырып сүрлем немесе шөп ұны түрінде азықтандыруға болады. Сабанын қойларға мал азығы ретінде пайдаланады.

Майбұршақ бұршақ дақылы ретінде топырақты азотпен байытады. Оның егінін жинағаннан кейін 1 га танапта 70-80 кг сіңімді азот жинақталады. Отамалы дақыл ретінде - (жақсы күтім болғанда) майбұршақ танапты арамшөптерден таза қалдырады және көптеген екпе дақылдарға бағалы алғы дақыл болып табылады. Оны сидерат ретінде де пайдалануға болады.

Дақылдың тарихы. Майбұршақтың шыққан отаны Оңтүстік Шығыс Азия, мұнда оны біздің эрамызға дейін 6 мың жыл бұрын кеңінен өсірген. Ертеден ол басқа елдерде де өсірілген (Үнді, Жапонияда, Кореяда, Вьетнам және Индонезия елдерінде). Бұларда майбұршақ өсімдік белогі мен май алудың негізгі шикізаты болып саналады және тағамға түрлі-түрлі күйде қолданылады. Қытайдан майбұршақ егістігі Қиыр Шығысқа енді, мұнда оны ертеден орыс қоныстанушылары өсіреді. Қазіргі уақытта мәдени майбұршақ Азияда ғана емес Оңтүстік Европада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада, Орталық және Оңтүстік Африкада, Австралияда, Тынық және Үнді мұхиттары аралдарында экватордан 55-60° белдеуге дейін кеңінен өсірілуде.

Дәнді бұршақ дақылдары арасында майбұршақ дүниежүзінде бірінші орында, оны 40-тан астам елдерде 52 млн. га егістікте өсіреді. Негізгі өндірушілері АҚШ - 25 млн. га, Қытай - 15 млн. га, Бразилия - 2,3 млн. га.

ТМД елдерінде майбұршақтың негізгі аудандары Приморье, Хабаров өлкелері болып табылады. Келешекті майбұршақ өсіретін аудандарға Молдованы, Украинаның орманды-дала және солтүстік далалық аудандарын, Орта Азия, оңтүстік Қазақстанды жатқызуға болады. Қазақстанда майбұршақ өсірудің орасан зор потенциалына қарамай, оның өндірісі ауыл шаруашылығы саласында қосалқы рөл атқарады, оны өсіру басқа елдердегі сияқты ауқымды бола алмай тұр. Біздің еліміздегі майбұршақ дақылының егістік ауданының негізгі бөлігі Алматы және Жамбыл облыстарында шоғырланған.

Тұқым өнімі Қиыр Шығыстың, Грузияның, Краснодар өлкесінің озат шаруашылықтарында 20-25 ц/га, ал суармалы жерлерде - 30-40 ц/га дейін, дүниежүзілік орташа өнімі 18,0 ц/га, ал Қазақстанда орта есеппен 2004-2008 жылдары-1 6,1 ц/га болды.

Ботаникалық сипаттамасы. Жалпылама түрде кәдімгі майбұршақты жабайы (Glycine Soja), жартылай мәдени (Glycine gracilis) және мәдени (Glycine hispida) түрлерге ажыратады. Майбұршақтың мәдени түрін 5 түр тармақтарына бөледі: үнді (indica), қытай (chinensis), манжур (manchurica), корей (korejensis) және славян (slavonica) (Сурет 29).

Сурет 29. Майбұршақ. 1 – алғашқы үштік жапырақ кезеңіндегі өсімдік: а – тұқым жарнақтары, б – примордиалды жапырақ-тар, в – алғашқы үштік жапырақ; 2 – гүл-дену-жеміссалу кезеңіндегі өсімдік түрі; 3 – жапырақтары және гүлдерімен сабақтың бір бөлігі; 4 – тұқымдары; 5 – піскен бұршаққаптары.

Кәдімгі майбұршақ - бұршақ тұқымдасына (Leguminosae-Fabaceae) жататын біржылдық өсімдік, сабағы тік өседі, биіктігі 30-100 см, берік, күшті бұтақтанады және бұта қалыптастырады. Жапырақтары -- үштік, жиі түкті, тамыр жүйесі кіндікті (40-50 см), негізгі массасы топырақтың беткі 10-20 см қабатында шоғырланған. Гүлдері ұсақ, ақ түсті немесе ашықкүлгін, жапырақ қолты-ғында шоқгүл болып орналасқан. Майбүршақта өздігінен тозаңдану басымырақ. Жемісі 4-6 см ұзындықта және 2-3 тұқымды біріктіреді, жарылуға төзімді. Төменгі жемістері жерден 7-15 см биіктікте бекіген, төмен бекудің нәтижесінде егін жинау қиындығы туындайды, осыдан топырақ бетінің тегістігіне жоғары талап қойылады. Майбұршақтың тұқымдары сопақ, әртүрлі дөңесті, 1000 тұқымның массасы 100-149 г- нан 310 г-ға дейін, орташа көрсет-кіші - 150-199 г.

Биологиясы. Майбұршақ - жылу сүйгіш өсімдік. Ең төменгі өну температурасы 6°С, оңтайлы өнуіне 14-18°С қажет.

Температура майбұршақ түқымының өну жылдамдығын өзгертеді, ол вегетативтік мүшелерінің өсуі мен өсімдік массасының жинақталу уақытына да әсер етеді. Өсімдіктің өсу жылдамдығы температураның өсуіне тікелей байланысты (ылғал жеткілікті болғанда). Орташа тәуліктік температураның 25-26°С төмен болуы гүлдену кезеңінде бұл үрдісті кешеуілдетеді. Майбұршақтың өсіп-дамуына қажетті оңтайлы температура - 20-25°С. Егін көгі көктемгі қысқа мерзімді бозқырауды (- 1-2,5°С) жеңіл көтереді, алайда ондай жағдайда өсуі баяулайды. Күзгі бозқырау, гүлдену және тұқымның толысу кезеңдерінде, майбұршақты құртып жіберуі мүмкін.

Бұрынырақта майбұршақты өсіп-жетілу кезіндегі белсенді температура жиынтығы 2500-3700°С болғанда және атмосфералық жауын-шашын 300 мм түсетін аудандарда ғана өсіруге болады деп есептелген. Алайда соңғы жылдары селекционерлер майбұршақтың ерте пісетін сорттарын шығарды, олар вегетациялық кезеңдегі белсенді температура жиынтығы жоғарыдағы деңгейден айтарлықтай төмен болғанда да толыққанды тұқым өнімін бере алады. Ультраерте пісетін майбұршақ сорттарына белсенді температура жиынтығы 1700-2000°С-ға тең (орташа тәуліктік тсмпература 16-17°С-дан кем болмағанда).

Ылғалға талаптары. Жер үсті массасы баяу өскенде және тамыр жүйесі қуатты дамығанда майбұршақ алғашқы өсіп-даму кезеңінде ылғал жетімсіздігіне жақсы шыдайды. Майбұршақтың ылғалға қиын-қыстау кезеңі репродуктивтік мүшелерінің қалыптасу және даму кезеңдеріне (гүлдену, жеміссалу, тұқымның толыса бастаған уақыты) сәйкес келетіні анықталған. Сондықтан тұқым өніміне бәрінен бұрын ылғалдылық әсер етеді, дегенмен майбұршақ кең ауқымды ылғалдылық өзгерісіне төзімді дақыл қатарына жатқызылады және ол айтарлықтай тұрақты өнім береді. Майбұршақ егістігінің жалпы су пайдалануы өсіру орны мен өсіру жағдайларына байланысты 3000-нан 5500 м3/га дейін, супайдалану коэффициенті 150-ден 300 м3/ц дейін өзгереді. Оның транспирациялық коэффициенті 370-700 аралығында.

Жарыққа талаптары. Майбұршақ қысқа күннің жарық сүйгіш өсімдігі, алайда ерте пісетін сорттары оның ұзаруына әлсіз жауап береді.

Есею кезеңіне дейінгі күннің ұзақтығы (жарық кезеңі) майбұршақтың гүлденуі мен вегетациялық кезеңнің ұзақтығына әсер етеді. Түннің ұзақтығы (қараңғылық кезең) - гүлденуді тездететін қиын-қыстау кезең. Бүл параметр сортқа байланысты өзгереді. Күннің ұзақтығы өсімдіктің биіктігіне, жапырақ беті ауданы мен тұқым өніміне де әсер етеді. Гүлденудің күннің ұзақтығына тәуелділігі температурамен модификацияланады (реттеледі). Ұзақ жарық және жылы күндер (фотосинтез үшін оңтайлы) әдетте жоғары өнімділікпен тікелей байланысты.

Топыракқа талаптары. Майбұршақ кезкелген топырақ түрлеріне өсе алады, тек қана өте қышқыл орта болмасын және жақсы аэрация қамтамасыз етілсе болды. Ол ұзақ уақыт субасуды 3 тәуліктен жоғары), 0,05 %-дан артық тұздануды және рН=5,5-тан (аздап қышқыл орта) төмен қышқылдықты көтере алмайды. Майбұршақ жақсы тұқым өнімінің құнарлығы жоғары, органикалық заттарға бай топырақтарда ғана қамтамасыз етеді. Топырақтың оңтайлы құрылымы және жақсы аэрациясы мен көлем массасы 1,10-1,25 г/см3 болғанда, майбұршақтың тамыр жүйесі қалыпты дамиды да жоғары тұқым өнімін қалыптастырады.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Алғы дақылға өте талғампаз, майбұршақты көңмен тыңайтылған танапқа егілген күздік дақылдардан кейін, бедеден, жүгеріден және көпжылдық шөптен кейін орналастырылады. Қант қызылшасы, кавртоп және жүгері дақылдары да оған жақсы алғы дақыл болып есептеледі. Ылғал жеткіліксіз аудандарда майбұршақтың өзі (ерте пісетін сорттары) күздік дақылдарға жақсы алғы дақыл.

Тыңайтқыш қолдану. Майбұршақ органикалық және минералдық тыңайтқыштарды өте қажет етеді. Гектарына 20ц өнім түзгенде майбұршақ топырақтан 142 кг азот, 35 кг фосфор, 35 кг калий шығындайды. Қоректік заттарды гүлдену-тұқым салу кезінде көп қажет етеді. Топырақтың сапасына байланысты гектарына 15-25 т. Көң, 60-80 кг-нан азот пен калий және фосфорит ұны, немесе суперфосфат түрінде 80-120 кг фосфор енгізіледі. Қышқыл топырақтарға 2-3 тен 8-10 тоннаға дейін әк қолданады.

Көңді толық, фосформен калийдің қажетті мөлшерінің жартысын сүдігер жырту алдына беріп, қалған минералды тыңайтқыштар мөлшерін көктемгі қопсытуда (азот) – тұқым себу кезінде қатарға (түйіршіктелген суперфосфат) және үстеп қоректендіруде пайдаланады.

Калий тыңайтқышын ол жетіспейтін топырақтарға ғана қолданады. Қышқыл күлгін топырақты жерлерде қолданған молибден тыңайтқышы түйнектік бактериалардың ауа азотын байлау қабілетін күшейтеді, фотосинтездің екпінді жүруіне жағдай жасайды. Ол үшін 40-50 г молибденнен 1,0-1,5 л ыстық суда ерітінді дайындалады да тұқымды себер алдында нитрагинмен өңдегенде молибден ерітіндісін қоса береді.

Топырақ өңдеу. Майбұршақ топырағын өңдеу жүйесі мүмкіндігіне қарай терең және қопсытылған топырақ қабатын қалыптастыру, арамшөптермен тиімді күресу, топырақта ылғал жинау мен сақтау шараларын қамтамасыз етуге бағытталады.Көп жылдық арамшөптерді аз жерлерде алғы дақылды жинап алған соң бір рет 6-8 см тереңдікке ЛДГ-10, ЛДГ – 15 құралдарымен сыдыра жыртады, екінші рет арамшөп өне бастағанда БДТ-7,0 немесе БДТ-10 тырмаларымен 10-12 см тереңдікке тырмалайды. 10-15 күн өткеннен кейін ПТК-9-35 немесе ПЛП-6-35 соқаларымен 25-27 см тереңдікке сүдігер жыртылады.

Топырақтың жырту қабаты таяз болса, танапты терең қопсытып барып толық тереңдікке жыртады. Жүгеріден босаған егістік жерді қарама- қарсы бағытта сыдыра өңдейді де, 27-30 см тереңдікке соқамен жыртады. Күзде мүмкіншілік болған жағдайда арамшөптерді жою және топырақты ұнтақтау мақсатында 1-2 рет жырту бағытына 30º сыдыра өңдейді. Құрғақшылықты аудандарда сүдігерде қар тоқтатылады.

Майбұршақ себуге арналған танаптарды күзде П-4 немесе П-3 құралдарымен тегістейді. Көктемде топырақтың кебуіне байланысты ВП-8, ВИП-5,6 тегістегіштерімен немесе сүйретпелермен сүдігерге қайта тегістеу жұмыстары жүргізіледі. Тегістеу сапалы жүргізілген танаптарда тұқымның тиісті тереңдікке орналасуына, гербицидтерді тиімді пайдалануға, ылғал сақтауға мүмкіндік туады.

Топырақты тұқым себу алдындағы өңдеулері басқа жылу сүйгіш кеш себілетін дақылдарға ұқсас. Механикалық құрамы ауыр топырақтарды, әсіресе олар күз қыс кезеңдерінде қатты тығыздалып қалған болса, көктемдегі тырмалаудан кейін терең түренсіз қопсытумен бірге тырмалау және ауа райы жағдайына байланысты бір немесе екі рет қопсыту жүргізіледі.

Егін себуге бір аптадай қалғанда танапқа трефлан (5-10 кг /га) гербицидінің 25% ерітіндісін ОН-400, ОВТ-1В ж.б. машиналарымен шашып, БЗТС-1,0 немесе БДТ-7, БД-10А тырмаларымен сіңіреді. Бұл шара біржылдық арамшөптердің 95% -на дейін құртады.

Тұқымды себуге дайындау, себу. Майбұршақтың себуге арналған тұқымын бөгде қоспалардан тазартып, аскохитоз, фузариоз, сұршірік, бактериоз және басқа ауруларға қарсы тұқым себуден 3,5 ай бұрын 50%-дық, немесе 80%-дық фундазол және 80%-дық ТМТД (3-5 кг/га) рпепараттарымен залалсыздандырады. Себу алдында қолданылатын нитрагин препаратына кері әсерін тигізбеу мақсатында бұл препараттармен ерте өңдейді. Өңдеуге ПС-10, «Мобитокс» машинасын пайдаланылады. Себетін күні арнайы майбұршақ нитрагинімен өңдейді, себебі басқа бұршақ дақылдарының бактериялары майбұршақтың тамырларында түйнектер түзбейді.

Майбұршақтың егістік жер топырағы тұқым орналасатын тереңдікте 10-12ºC жылынғанда кең қатарлы, қатараралықтары 45 см болатын тәсілмен СКОН-4,2, немесе СПН-6, СПЧ-6МФ тұқым сепкіштерімен себеді (ылғал жеткіліксіз ауданждарда қатараралықтар 60см). Осындай қатараралықтармен жолақтап (екі қатарлы) себуге де болады.

Майбұршақтың себу мөлшері - егістік материалдың ірілігі мен егілетін аудандарына байланысты, гектарына 0,4-0,6 млн өнгіш тұқым немесе 40-80 кг. Себу тереңдігі - 5-6 см, жеңіл топырақ пен құрғақ ауа райында 8 см дейі. Тұқым сепкеннен кейін танап беті тығыздалады.

Егістікті күтіп баптау. Майбұршақты күтіп баптау танапты егін көгі шықпай тұрып және бірінші үштік жапырақ шыққанда қатар бағытына көлденең тырмалау, КРН-4,2 қопсытқышы және КРН-38 отағыш тырмасымен 2-3 қатараралық өңдеулер мен үстеп қоректендірулерден тұрады. Бірінші өңдеу 10-12, екінші – үшінші өңдеулер 6-8 см тереңдіктерге КРН-4,2, КЛТ-3,8, КРН-5,6 қопсытқыштарымен жүргізіледі. Дақыл гүлдегенге дейін егіс қопсытылып тұрады.

Қосжарнақты арамшөптермен күресу үшін қопсытумен бірге 48%-дық базагран (2л/га) гербициді пайдаланылады. Майбұршақ бізтұмсығына қарсы вегетация кезінде 25%-дық циткор (0,32 л/га), немесе 27%-дық омайт (1,3л/га) қолданылады. Ылғал жеткілікті болғанда майбұршақты түптеу (өсімдік сабағының түбін көму), сондай ақ азот және фосфор тыңайтқыштарымен (әрқайсысынан 30 кг/га ә.е.з. мөлшерінде) қоректендіру өте тиімді.

Суару. Құрғақшылық аймақтарда суаруды пайдалану өте тиімді, өнімділік екі есеге дейін көтеріледі. Майбұршақты оңтайлы ылғалмен қамтамасыз ету ережесі: гүлдегенге дейін топырақтың 50-70 см қабатында ылғалдылықты ең төменгі ылғалсиымдылықтың 70% деңгейінде ұстап тұру, ал гүлдену – тұқым толысу кезінде - 80%. Майбұршақтың ылғалды ең көп қажет ететін мерзімі гүлдену, бұршаққап пайда болу және тұқымның толысуы кезеңдеріне сәйкес келеді.

Майбұршақты 3-5 рет суарады. Суару мөлшері 300-400 - ден 500-600 м3/га. Негізінде Фрегат, Днепр,Волжанка, ДДА-100МА ж.б. агрегаттармен жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады.

Өнімді жинау. Майбұршақ піскен кезде оның жапырақтары сарғайып түсіп қалады, сабағы мен бұршаққаптары қоңырланады, тұқымдарында сортқа тән түс қалыптасады, қатаяды (шайқағанда бұршаққап ішінде сылдырлайды). Піскен бұршаққаптар жарылмайды, дәні шашылмайды. Тұқымдары біркелкі піспейтіндіктен, жинауды жеделдету үшін хлорат-хлорид кальциін пайдаланып (40-50 л/га), егістікті АН-2 ұшағымен десикация жасайды.

Майбұршақтың бұршаққаптары толық піскенде комбайнмен тікелей жинайды. Бөлектеп жинау тәсілі майбұршақ өсімдігінің сабақтары мен бұршаққаптары сарғайған кезеңде қолданылады.

Егін жинау кезінде- ақ тұқымды қоспалардан тазартады. Тұқымды ылғалдылығы 13-14% болғанша кептіреді де сақтайды. Сақтау үшін қойма құрғақ және жақсы желдетілетін болуы қажет.

ҮРМЕБҰРШАҚ (БАДАНА)

Халық шаруашылығындағы маңызы. Үрмебұршақ – Америка континентінің өсімдігі (Мексика, Гондурас, Гвателама, Панама). Ол ертеден бері Оңтүстік және Орталық Америка елдерінде өсіріледі. XVI ғасырдың аяғында үрмебұршақ Америкаға әкелінді, ал Ресей аумағында XVII-XVIII ғасырлардан өсіріледі. Дүниежүзінде таралуы бойынша майбұршақтан кейінгі екінші орынды алады.

Үрмебұршақтың ұсақ дәнді тобы (маш) 5-6 мың жыл бұрын Оңтүстік Азия елдерінен (Индия, Қытай, Жапон) өсіріле бастаған, біздің елде еліміздің барлық аймақтарында өсіріледі.

Үрмебұршақ тұқымы мен толық пісіп жетілмеген бұршағын пісірген және консервіленген күйінде пайдаланылатын бағалы тағамдық дақыл. Үрмебұршақ тұқымында 30% дейін ақуыз және дәрумендер мен амин қышқылдары бар.

Жақсы піскен үрмебұршақ адам, жануарлар ағзасына жеңіл сіңіріледі және жоғары дәмдік сапасымен ерекшеленеді. Оның жапырағынан лимон қышқылын алады. Кәдімгі үрмебұршақтың жасыл балаусасы мен сабанын мал жемейді және азиялық тобының кейбір түрі малға жемге жарамайды. Үрмебұршақты жасыл тыңайтқыш ретінде, ал оның кейбір формаларын әсемдік мақсатта пайдалануға болады. Отамалы және азот жинайтын өсімдік болғандықтан, үрмебұршақ отамалы дақылдар үшін жақсы алғы дақыл.

Үрмебұршақтың тұқымдық өнімі гектарына 12-15 ц, ал жоғары агротехникада ол 20-25 ц дейін жетеді.

Ботаникалық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары.

Үрмебұршақтың (Phaseolus L.) дақыл ретінде бес түрі таралған.

Кәдімгі үрмебұршақ (P. Vulgarus Savi.). Бұталы және шырмалып өсетін формалары бар.

Көпгүлді үрмебұршақ (P. Multiflorus Wild) – ұзын шырмалған сабақты, ақ және қызыл гүлді, өте ірі тұқымды. 1000 тұқымның массасы 700-1200 г.

Істік жапырақты үрмебұршақ немесе тепари (P. Acutifolius A. Grad.). Бұталы формалары бар, бұршаққаптары жалпақ, тұқымы ұсақ. 1000 санының массасы 100-140 г. Құрғақшылыққа төзімді.

Лимдік немесе ай тәрізді үрмебұршақ (P. Lunatus L.) – тағамға пайдаланылады, бұршаққаптары сопақ,, қысқа және жалпақ (жарты айлы), 2-3 тұқымды, жеңіл жарылғыш.

Сары үрмебұршақ (P. Aureus Piper, Орта Азияда – маш) – ұзын жіңішке бұршаққапты және ұсақ тұқымды. 1000 тұқымның массасы 30-60 г. Орта Азия мен Закавказьеде тағам ретінде пайдаланылады, сабаны малға жем.

Қазақстанда негізінен өздігінен тозаңданатын кәдімгі үрмебұршақ өсіріледі. Бұршаққаптары өсімдіктің төменгі жақтарында орналасады. Бір мезгілде піспейтіндіктен оларды жинау біршама қиындықтар туғызады.

Кәдімгі үрмебұршақ – біржылдық бұршақ өсімдігі (Сурет 30). Оның бұталы, шырмалатын және жартылай шырмалатын формалары болады. Бұталары формаларының сабағы жатып қалмайды, биіктігі 50 см дейін. Жапырағы- үштік, гүлшоғыры-2-3 гүлді шашақгүл, гүлдері ақ, алқызыл. Жемісі – бұршаққап. Бұршаққаптары – ұзын, домалақ және жалпайған, түзу немесе иілген болып келеді. Тұқымының пішіні – жұмыртқа және бүйрек тәрізді, көлемі орташа немесе ірі, 1000 санының массасы 200-480 г, түсі ақтан қараға дейін, кейде түрлі-түсті.

Үрмебұршақ өздігінен тозаңданатын, ұзақ күнді сорттары болғанымен қысқа күн өсімдігі, жылу сүйгіш дақыл.

Сурет 30. Үрмебұршақ (бадана): 1, 2 – екінші үштік жапырақ және гүлдену-жеміссалу кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – үштік жапырақ және гүлдер; 4 – бұршаққаптар; 5 – тұқымдары

Өсіп-жетілу кезеңі сортына байланысты 75-120 күн. Тұқымы 10°С шамасындағы температурада өне бастайды.Өсімдік көгіне 0°С әжептәуір зиян келтіреді, 0,5-1°С үсікке шыдамай опат болады. Өсіп-дамуы үшін оңтайлы температура 20-25°С. Үрмебұршақтың тұқымы бөртіп өне бастаған кезде ылғалға өте жоғары талап қояды, бірақ қажетті мөлшерден артық ылғалды қаламайды. Салқын ылғалды жаздары антракноз және бактериоз ауруларына шалдығады, ал өнім жинау кезеңіндегі артық ылғал тұқымының сапасына кері әсерін тигізеді. Құрғақшылыққа асбұршақтан гөрі төзімдірек, бірақ гүлдену мен жеміссалу кезеңдерінде қуаңшылыққа шыдамайды. Маш (сары үрмебұршақ), кәдімгі үрмебұршақ пен тепари өте жылу сүйгіш, ыстық пен құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер тобына жатады. Көлеңкеде өсуге бейім болғандықтан үрмебұршақты аралас егісте өсіруге болады.

Үрмебұршақтың топырақ құнарлығына және құрылымына қоятын талабы жоғары. Жеңіл қаратопырақ пен құмбалшықты құнарлы, әгі мол топырақтарды жақсы көреді. Топырақ ерітіндісінің бейтарап және әлсіз сілтілі (рН 6-7,5) реакциясы қолайлы.

Қазақстандағы кәдімгі үрмебұршақтың өсіруге рұқсат етілген сорттары- Грибовская 92, Меркуре, Триумф, Эхо және Сахарный 764; Оңтүстік Қазақстан облысында сары үрмебұршақтың (маш) Победа 104 сорты өсіріледі.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Үрмебұршақтың басқа дәнді бұршақ дақылдарына қарағанда топырақ құнарлығына және құрылымына қоятын талабы жоғары.Үрмебұршақты арамшөптерден таза танаптарда өсіру жоғары және сапалы өнім алудың бірден бір кепілі. Отамалы дақыл болғандықтан, ауыспалы егісте күздіктер, қант қызылшасы, картоп және тағы басқалардан кейін, отамалы танапта орналасады. Ортақ аурулары болғандықтан үрмебұршақты күнбағыстан кейін орналастырмауға тырысу керек. Солтүстік аймақтарда үрмебұршақ үшін картоп жақсы алғы дақыл.

Жаздық астық дақылдарынан, темекі және қарақұмықтан кейін өнім деңгейі төмен болады. Жазы ұзақ және ылғалы жеткілікті аудандарда үрмебұршақтың ерте пісетін сорттарын сүрі жер дақылы және аңыздық аралық дақыл ретінде өсіруге болады. Үрмебұршақ кейде опат болған күздіктердің орнына себіледі. Бір танапқа 4-5 жылдан ерте қайтадан себілетін болса вирустық ауруларға шалдығады.

Үрмебұршақ жылу сүйгіш дақыл болғандықтан, кеш себіледі, оның себілетін топырағын өңдеу жүйесі де кеш себілетін жаздықтарға ұқсас.

Тыңайтқыштар қолдану. 1ц тұқым өнімі мен соған сәйкес жер үсті массасын түзу үшін үрмебұршаққа 5-6 кг азот, 4-5 кг калий, 1,2-2 кг фосфор қажет. Үрмебұршақтың атмосфера азотын байланысқан түрге айналдыру мүмкіншілігі басқа дәнді бұршақ дақылдарына қарағанда төмен, сондықтан топыраққа 45-90 кг азот жақсы нәтиже береді. Негізінде азоттың қажетті мөлшерінің 50%-ын берген дұрыс.

Үрмебұршақ органикалық тыңайтқыштардың алғы дақылға енгізгенін қалайды, үрмебұршақ себілетін танапқа күзде көңнің аздаған мөлшерін (10-15 т/га) енгізген жақсы нәтиже береді.Фосфор және калий тыңайтқыштары сүдігер жыртылардың алдында, әрқайсысынан 45-60 кг/га ә.е.з. мөлшерінде енгізіледі. Бұл тыңайтқыштар өнімділікті жоғарылатумен қатар дақылдың пісу мерзімін жылдамдатады. Тұқым сепкен кезде себу қатарына түйіршік суперфосфатты гектарына 10-15 кг. ә.е.з. мөлшерінде тұқыммен бірге топыраққа енгізеді.

Бастапқы кезеңде өсімдіктердің өсіп-дамуына азот жетіспейтіндіктен көктемгі қопсытуда 1 гектарға 15-20 кг ә.е.з. мөлшерінде азот тыңайтқышы қолданылады.

Топырақ өңдеу. Үрмебұршақтың тамыр жүйесі нашар дамитындықтан топырақты мұқият өңдеген дұрыс. Күзде түренді соқалармен (ПН-4-35, ПН-8-35, ПТК-9) ерте сүдігер жыртылады. Ерте көктемгі жер өңдеу ылғал сақтау үшін тырмалаудан басталады (ЗБСС-1,0, ЗБТС-1) Бір аптадан кейін 10-12 см тереңдікке бірінші қопсыту, сонан кейін арамшөптер тұқымдарының тез өніп шығуы үшін топырақты тығыздау жүргізіледі. Екінші қопсыту – тұқым себу тереңдігіне (7-9 см), ал соңғы қопсыту мен тұқым себудің арасында үзіліс болмағаны жөн.

Тұқымды себуге дайындау және себу жұмыстары. Үрмебұршақтың себуге арналған тұқымын сорттайды, зақымданған және сапасы нашарлағандарын айырып алып тастайды да 80% -дық ТМТД (3-5 кг/т) препаратымен дәрілейді. Себер алдында жылы ауада қыздыру, ал себетін күні арнайы үрмебұршақ нитрагинімен өңдеген тиімді.

Үрмебұршақты тұқым себу тереңдігіндегі топырақ температурасы 12-14°С жылыған кезде кең қатарлы немесе шаршы ұялы тәсілдермен, 45 см қатараралықта (ылғал жеткіліксіз аудандарда – 60см) себеді. Шаршы ұялы тәсілмен сепкенде ұяға 3-4 өсімдік қалдырылады.

Себу мөлшері тұқым ірілігі мен өсірілетін аймақтың климат ерекшеліктеріне байланысты гектарына 0,3-0,4 млн немесе 80-120 кг тұқым себіледі, ал маштың себу мөлшері – 15-20 кг/га, ұсақ тұқымды түрлері астық сепкіштермен, ірі тұқымды түрлері жүгері немесе мақта сепкіштерімен себіледі.

Тұқымды топыраққа орташа сіңіру тереңдігі 5-6 см. Себу тереңдігі топырақ ылғалдылығы мен ауа райына байланысты терең немесе таяз болуы мүмкін. Тұқым сеуіп болысымен егістік тығыздалады.

Егістікті күтіп-баптау. Үрмебұршақ кеш себілетін дақыл болғандықтан себу мезгілінде топырақ көп жағдайда кебірсіп кетеді, сондықтан ең алғашқы баптау шарасына топырақты тығыздау және онымен бірге жеңіл тырмалармен тырмалау жатады. Тырмалау кезінде топырақ беті арамшөптер өскіндерінен тазартылуымен қатар пайда болған қабыршақтар ұсақталады.. Бірінші тырмалау танап диагоналі бойымен сепкеннен 3-4 күннен кейін жүргізіледі. Екінші тырмалау тұқым жарнақтары шыққаннан кейін себу қатарларына көлденең, күн қызып өсімдіктердің тургоры нашарлаған кезде жүргізіледі.

Өсімдіктер қатараралықтарда қабысып кеткенге дейін қатараралықтарды өңдейді және өсімдіктерді үстеп қоректендіреді. Бірінші қатараралық өңдеу егістік көктегеннен кейін 5-6 см тереңдікке, топырақтың тығыздылығына қарай екінші қатараралық өңдеу 7-8 см-ге, ал соңғы өңдеу өсімдіктер қатараралықтарда қабысып кетер алдында жүргізіледі. Қатараралық өңдеу кезінде үстеме қорек беріледі.

Біржылдық қосжарнақты және қоңырбас тұқымдас арамшөптерге қарсы 50%-дық прометрин (3 кг/га) гербицидімен үрмебұршақ көгі шықпай тұрып егістік жерді бүркеді. Көктемгі ылғал аз жылдары прометрин мен линуронды 1,0-1,5 кг/га ә.е.з. мөлшерінде себу алдында қолданған жақсы нәтиже береді, арамшөптердің 60-80%-ына дейін опат болады. Вегетация кезінде зиянкестерге (кене, жемір, көбелек және басқалары) қарсы 25%-дық циткор (0,32кг/га) немесе 27%-дық омайт (1,3л/га) қолданылады.

Өнімді жинау. Үрмебұршақты жинау екі кезеңді тәсілмен бұршаққаптарының 60-80%-ы қоңырланғанда және тұқым қатайған кезде жүргізіледі. Жинауды қысқа мерзімде аяқтау керек, себебі тамырында тұрып қалған немесе дестеде жатып қалған өсімдік тұқымдары көп шашылады. Өнімді жинауға бұршақ оратын ФА-4М комбайны пайдаланылады.

4 – ТАРАУ. МАЙЛЫ ЖӘНЕ ЭФИРМАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР