Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65.62 Mб
Скачать

4.1 Майлы дақылдар (жалпы сипаттамасы)

Тұқымдары мен жемістерінің құрамында өсімдік майы болатын өсімдіктерді майлы дақылдарға жатқызады. Майлы дақылдар ботаникалық көптүрлілігімен ерекшеленеді, әртүрлі тұқымдастарға жатады:

  • астра тұқымдасынан – күнбағыс, мақсары;

  • қырыққабат тұқымдасынан – ақ және көкшіл сұр қыша, рапс, қышабас, крамбе;

  • бұршақ тұқымдасынан – майбұршақ, жер жаңғағы;

  • сүттіген тұқымдасынан – майкене;

  • күнжіт тұқымдасынан – күнжіт;

  • ерінгүлділер тұқымдасынан – ляллеманция, перилла;

  • көкнәр тұқымдасынан – майлы көкнәр.

Өсімдік майларының жануарлар майларымен қатар азық-түліктік маңызы бар, өйткені олар жоғары калориялы болып табылады. Оларды тағамға, консерві, наубайхана өнеркәсібінде, маргарин өндіруде, кеңінен қолданады. Азық-түліктік майлардың ішінде өндірісі бойынша бірінші орынды майбұршақ майы иеленеді, содан кейін күнбағыс, жер жаңғағы, мақта, рапс, күнжіт, мақсары майлары орналасады. Олар сыр, сабын, тері, тігін, парфюмерия, медицина ж.б. өндірістерде кеңінен пайдаланылады. Олиф, стеарин, линолеум дайындауда да қолданылады. Техникалық майлардың ішінде бірінші орында зығыр майы, одан кейін зәйтүн майы, майкене майы орналасады. Аталған дақылдар өсімдік белогінің маңызды көзі болып табылады. Майлы дақылдардан май өндіргеннен кейінгі қалдығында – күнжара мен шротта (майсызданған күнжара) 40 %-ға дейін белок болады. Күнбағыс, зығыр күнжарасы бағалы құнарландырылған мал азығы. Май бұршақ күнжарасынан казеин, желім, пластмасса өндіреді, сонымен қоса оны мал азығына да пайдаланады. Күнбағыс сабағының күлінен поташ (калий тыңайтқышы) алынады. Майлы дақылдар өсімдіктерінің көпшілігі – жақсы бал әкелетін өсімдіктер.

Осы заманғы үлгіқалып (стандарт) талаптарына сәйкес адам бір жылда 8,47 кг өсімдік майын (май түрінде – 6,53 л, маргарин – 1,75 кг, майонез түрінде – 0,73 кг ж.б. өнімдер) пайдалануға тиіс. 2002 жылы республикамызда 104630 т күнбағыс майы өндірілді, бұл қажет мөлшерінің 21,6 %, басқаша айтқанда 484,6 мың т майдың жетіспеген көлемі импорт есебінен толтырылды. Соңғы жылдары елімізде өсімдік шаруашылығында диверсификация үдерісін кеңінен қолдану нәтижесінде және нарық экономикасының талаптарына сәйкес майлы дақылдар өндірісі күрт артты.

Қазақстан Республикасында майлы дақылдардың өндірістік егістік аумағын күнбағыс, рапс пен мақсары алып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне қарағанда 2009 жылы майлы дақылдардың егістігі 1185,4 мың га болса, оның 722,2 мың гектары күнбағыс болды, майлы тұқымның жалпы түсімі 770,2 мың тоннаға жетті, ал өнімділігі – 6,5 ц/га. Майлы дақылдардың негізгі бөлігі Шығыс Қазақстан, Павлодар, СҚО, Қостанай (күнбағыс, рапс), Алматы, Жамбыл (майбұршақ) және Оңтүстік Қазақстан (мақсары) облыстарында шоғырланған.

Өсімдік майлары – үшатомды спирт глицериннің әртүрлі май қышқылдарымен байланысқан күрделі эфирлер болып табылады. Белоктар және көмірсуларымен салыстырғанда майлар азырақ тотыққан қосылыстар және жоғары калориялылығымен ерекшеленеді: 1 г май – 9500 калория, 1 г белок – 4400-5500, ал 1 г көмірсулары – тек қана 4000-4200 калория бөліп шығарады. Олиф дайындауда қанықпаған қышқылдары көп майлар барынша құнды. Майдағы қанықпаған қышқылдар мөлшерінің көрсеткіші – йодтық сан, бұл 100 г майдың қанша грамм йодты қосып алатындығымен анықталады. Йодтық сан неғұрлым көп болса, солғұрлым майдың кебу қабілеті жоғары. Барлық өсімдік майлары кебу дәрежесіне қарай 3 топқа бөлінеді:

1. Кебетін майлар – йодтық саны 130, бұлар техникалық мақсатқа пайдаланылады (зығыр, перилла, ляллеманция, арыш майлары);

2. Жартылай кебетін майлар – йодтық саны 85-130, негізінен тағамға қолданылады (күнбағыс, майбұршақ, күнжіт, рапс, мақсары, қыша);

3. Кеппейтін майлар – йодтық саны 85-тен төмен, оларға тағамға қолданылатын жер жаңғағының майы мен техникалық мақсатқа қолданылатын майкене (кастор) майы жатады.

Сапалы тағамдық және техникалық майларда өте төмен мөлшердегі еркін май қышқылдары болғаны дұрыс (олардың болуы майды қосымша өңдеуді талап етеді). Майларда еркін май қышқылдарының мөлшерін қышқылдық сан көрсеткішімен белгілейді. Ол 1 г еркін май қышқылдарын нейтралдауға қажет калий сілтісінің (КОН) миллиграммен (мг) алған мөлшері.

Көптеген өсімдік майлары сабын қайнатуда шикізат ретінде қолданылады. Майлардың мұндай мақсатқа жарамдылығын сабындану санымен анықтайды. Ол көрсеткіш – калий сілтісінің 1 г еркін май қышқылдарын және глицеринмен байланысты май қышқылдарын нейтралдауға қажет мөлшері: ол сан 170-200 аралығында өзгереді және сабын өндірісінде маңызды көрсеткіш.

Тұқымдарындағы майдың мөлшері мен сапасы бойынша майлы дақылдардың салыстырмалы сипаттамасы 34 – кестеде келтірілген.

Кесте 34. Майлы дақылдардың тұқымдарындағы майдың мөлшері мен сапасы

Дақыл

Абсолют құрғақ тұқымдағы майдың мөлшері, %

Йодтық сан

Сабындану саны

Қышқылдық сан

Күнбағыс

29,0-56,9

119-144

183-196

0,1-2,4

Мақсары

25,0-32,0

115-155

194-203

0,8-5,7

Жер жаңғағы

41,2-56,5

83-103

182-207

0,03-2,24

Майбұршақ

15,5-24,5

107-137

190-212

0,0-5,7

Көкшіл сұр қыша

35,2-47,0

92-119

182-183

0,0-3,0

Ақ қыша

30,2-39,8

-

-

-

Күздік рапс

45,0-49,6

94-112

167-185

0,1-11,0

Жаздық арыш

25,6-46,0

132-153

181-188

0,2-13,2

Майкене

47,2-58,6

81-86

182-187

0,9-6,8

Күнжіт

48,0-63,0

103-112

186-195

-

Ляллеманция

23,3-37,3

162-203

181-185

0,8-4,4

Перилла

26,1-56,0

181-206

189-197

-

Майлы көкнәр

46,0-56,0

131-143

192-198

-

Майлы зығыр

30,0-47,8

165-192

186-195

0,5-3,5

КҮНБАҒЫС

Морфологиялық ерекшеліктері. Күнбағыс астра (Asteraceae) тұқымдасына жатады, біржылдық күнбағыс (Heliаnthus annuus) екі дербес түрге ажырайды – мәдени күнбағыс (H.a. culfus) және жабайы күнбағыс (H.a. ruderalis). Мәдени күнбағыс екі түр тармағына – егістік (H.a.c. safivus) және әшекей күнбағысы (H.a.c. ornamentalis) – бөлінеді. Шекілдеуігінің мөлшері, майлылығы мен қабықтылығы бойынша күнбағыстың үш тобы ажыратылады: майлы, шағылатын және аралық. Майлы күнбағыстың өндірістік маңызы бар.

Біржылдық күнбағыс – шөптесін өсімдік. Тамыры кіндікті, топыраққа 2-4 м дейін бойлайды және 100-120 см дейін жан-жағына тарайды. Сабағы – тік өседі, қатты түктермен көмкерілген, ішкі қуысы борпылдақ өзекпен толтырылған, биіктігі 0,7-4,5 м дейін (майлы сорттары бұтақтанбайды және 2,5 м дейін). Жапырақтары қарапайым, ірі, сағақты, сопақ-жүрек пішінді, қатты түктермен жабылған, ұштары үшкірленіп аяқталады, ара тісті. Төменгі жапырақтары (2-3 жұбы) қарама-қарсы, ал жоғарғылары кезектесіп орналасқан. Гүл шоғыры – диаметрі 15-25 см, дөңгелек пішінді себет. Оның негізін гүл тұғыры құрайды, шеттерінде жыныссыз тілді, насекомдарды тарту үшін, ал ортасында – қос жынысты түтік тәрізді гүлдер орналасқан. Олар бірұялы жатыннан және бес аталықтан тұрады. Жемісі – шекілдеуік, 4 анық көрінген қыры болады, ол жеміс қабығынан және тұқымнан құралады. 1000 шекілдеуігінің массасы майлы сорттарында 40-80г, шағылатындарында – 170 г-ға дейін (Сурет 31).

Сурет 31. Күнбағыс. 1,2 – егін көгі және гүлдену кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – піскен себет; 4 – гүлдер және олардың мүшелері; 5 – тозаңдық дән; 6 - қиындағы гүл шоғыры; 7 – жемістері.

Өзінің дамуында күнбағыс мынадай өсу және даму кезеңдерінен өтеді: тұқымының өнуі, көктеуі, бүрленуі, гүлденуі, шекілдеуігінің өсуі, толысуы, пісуі (физиологиялық пісу кезеңінде себеттің төменгі жағы сары түске енеді, ал шекілдеуігінің ылғалдылығы 34-40%, толық пісу кезеңінде себет сарғыш-қоңыр түсті, тілді гүлдер қоңырланып түсіп қалады, жапырақтары қурап түседі).

Биологиялық ерекшеліктері. Күнбағыс шекілдеуігі 4-60С температурада өне бастайды, ал тіршілікке қабілетті егін көгі 16-180С-да пайда болады. Өскінді тұқымдар – 100С-ға дейінгі, ал егін көгі - -5-60С бозқырауды көтереді. Гүлдену кезеңіндегі оңтайлы температура – 25-270С.

Күнбағыс 300С-дан жоғары температураны басқа дақылдармен салыстырғанда жеңіл көтереді, себебі түкті жапырақтары мен сабақтары транспирацияны күшейту нәтижесінде өсімдік жақсы салқындайды. Толық вегетация кезеңіне қажетті белсенді температура жиынтығы 1800-25000С. Солтүстік Қазақстан жағдайында ерте және ортадан ерте пісетін сорттар үшін бұл көрсеткіш – 1900-21000С. Аталған аймақта күнбағыс вегетациясының ұзақтығы 95-120 тәулік.

Күнбағыс ылғалды көп қажетсінеді, алайда қуаңшылыққа да төзімді, бұл оның топыраққа терең бойлайтын және терең қабаттан су сіңіру қабілетін күшейтетін тамырына байланысты. Транспирациялық коэффициенті 470-550, 1 ц тұқымның құрғақ затын қалыптастыру үшін 200 м3, ал сүрлемге өсіргенде 1ц құрғақ затқа – 85-150м3 су шығындайды. Гүлденуге дейін күнбағыс бүкіл қажет ылғалдың 20-22,4 %, себет түзілгеннен (бүрлену кезеңі) гүлденуге дейін – 60 %, ал қалған 17,6 % - пісу кезеңінде пайдаланады. Сонымен ылғалмен салыстырғанда қиын-қыстау кезеңі – бүрлену-гүлдену кезеңі және ол созылыңқы сипатта. Күнбағыстың өсіп-дамуына қара және күңгірт қара-қоңыр топырақтар қолайлы болып табылады, ал құмдақ, сазданған және сортаң топырақтар ол үшін жарамсыз. Күнбағысқа топырақ ортасының реакциясы рН – 6,7-7,5 болғанымен бидайға қарағанда ол көп мөлшерде қоректік заттарды сіңіруімен ерекшеленеді.

Күнбағыс егін көгінен бүрленуге дейін азот пен фосфордың 30 %-ын, калийдің 35 %-ын сіңіреді. Оның 1 ц тұқымы топырақтан 6-7 кг азот, 2,0-2,5 кг фосфор, 10-12 калий шығындайды. Өсімдігі жарық сүйгіш, көлеңкеленгенде және бұлыңғыр ауа-райында өсуі мен дамуы әлсіз жүреді де вегетациялық кезеңі ұзарып кетеді.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары мен будандары: Ислеро (орташа мерзімде пісетін будан) – ШҚО, Павлодар обл.; Казахстанский 1 (орташа мерзімде пісетін будан) – Павлодар, ШҚО, Ақмола, Қызылорда обл.; Казахстанский 341 (орташа мерзімде пісетін будан) – Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан обл.; Сибирский 91 (ультра ерте пісетін сорт) – Қарағанды, Павлодар обл.; Солнечный 20 (ерте пісетін будан) – СҚО, ШҚО, Павлодар обл.; СПК-Кондитерский (орташа мерзімде пісетін сорт) – Ақтөбе, Ақмола, Павлодар обл.; Восточный (будан) – Ақмола обл.; Торедо (ерте пісетін сорт) – Павлодар облысында ж.б..

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Күнбағысты бір орында қайтадан орналастырып өсірсе егістік аурулар және маманданған зиянкестермен залалданады. Өсіру аймағында бұрынғы орынға 8-10 жылдан ерте орналастырмаған абзал. Күнбағысты қант қызылшасы, жоңышқа, судан шөбінен кейін сеппеген дұрыс, өйткені олар топырақты қатты ылғалсыздандырады. Асбұршақ, майбұршақ, рапстан кейін де орналастырмаған абзал, олар мен күнбағыстың ортақ аурулары бар. Ең дұрысы күнбағысты сүріден кейін өсірілген бірінші немесе екінші бидайдан кейін орналастырып өсіргенде жақсы тұқым өнімі жиналады.

Топырақ өңдеу. Қазақстанның солтүстігінде (күңгірт қара-қоңыр топырақтарда) топырақты негізгі өңдеуді 25-27 см тереңдікте жазықтілгіш-терең қопсытқыштармен (ПГ-3-100, ПГ-3-5) жүргізген дұрысырақ. Қара топырақтарда алғы дақыл жиналғаннан соң жел эрозиясы қаупі болмағанда танапты әуелі БДТ-7 ауыр дискілі тырмасымен өңдеп, соңынан терең аудара жыртқан (25-27 см) жөн, бұл агрошара атпа тамырлы агрошөптермен ластанған танаптарда өте тиімді. Қыста қар тоқтату да оң нәтиже береді. Көктемде жазықтілгіш құралдармен өңделген танаптарда БИГ-3, БМШ-15 немесе БМШ-20, ал аудара жыртылғанда – тісті тырмалармен тырмаланады. Себу алдында топырақ 6-8 см тереңдікте культивацияланады, бір мезгілде тырмалау мен бұдырлы катоктармен тығыздау іске асырылады.

Тыңайтқыштар. Күнбағыс органикалық тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді. Оның астына күзде 40 т/га дейін шала шіріген көң мен 60-90 кг/га әсер етуші зат мөлшерінде фосфор тыңайтқышын негізгі тәсілмен топырақты аудара жырту жолымен енгізуге болады. Калий тыңайтқышы 40-60 кг/га ә.е.з. мөлшерінде тек қана құмдауыт топырақтарға енгізіледі. Күзде тыңайтқыш енгізілмеген жағдайда себумен бірге 10-12 см тереңдікке және тұқым себілетін қатарлардан 10 см қашықтықта әр гектарға 10-15 кг ә.е.з. мөлшерінде түйіршіктелген тыңайтқыш енгізуге болады.

Тұқымды себуге дайындау. Кондициялы тұқым себуден 15-20 тәулік бұрын 80 % ТМТД улы химикатпен (2-3 кг/т), немесе 50 % фундазолмен (3 кг/т) аурулар мен тұқым өңезіне қарсы дәріленеді.

Себу жұмыстары. Күнбағыс ерте себу мерзімінің дақылы, алайда оның майлы сорттары жылуға жоғары қажетсінуімен ерекшеленеді, сондықтан оны тұқымның сіңіру тереңдігінде топырақ 8-100С-ға жылынғанда себеді. Мұндай температурада тұқым жаппай және тез көктейді, ал мұның өзі танапты арамшөптерден тазартуға, өсімдіктердің біркелкі пісуіне және себеттердің қолайлы жағдайда қалыптасуына мүмкіндік береді. Сонымен Солтүстік Қазақстанда күнбағысты майлы тұқымға өсіргенде оңтайлы себу мерзімі – 20-25 мамыр. Негізгі себу тәсілі пунктирлі, қатараралығы 70 см СУПН-8, СКП-12 дәл сепкіштерімен. Оңтайлы өсімдік жиілігінің бітіктігі жинау алдында орманды-дала аймағында 40-60 мың/га, құрғақ далалы аймақта – 20-30 мың/га, ал мұндай жиілік 6-10 кг/га күнбағыс тұқымын сепкенде қамтамасыз етіледі. Тұқымның сіңіру тереңдігі 6-8 см, топырақтың беткі қабаты кебіңкіреп кеткенде – 8-10 см-ге дейін.

Егістікті күтіп-баптау. Біржылдық астық тұқымдас және қосжарнақты арамшөптерге қарсы 2-4 кг/га мөлшерінде Гезагард, 50 (50% прометрин), трефлан, 24 (4-10 л/га), трофи, 90 % (1,4-1,7 л/га) көктеуге дейін, фроньтьер оптима 72 % (1,2 л/га), фроньтьер 90 % (1,4-1,7 л/га), Харнекс 90 % (2 л/га) гербицидтерінің бірімен себуге дейін және бірден топыраққа сіңіру қажет, немесе дақылдың көктеуіне дейін, сонымен қатар егістіктің ерте кезеңінде фуроре супер 7,5 % (0,8-1,2 л/га), флюзеланд супер 125 (1,0-1,2 л/га) біржылдық астық тұқымдастардың ерте кезеңінде (2-4 жапырақ). Гербицидтерді қолдану жерүсті бүріккіштерінің бірімен іске асырады. Арамшөптерді құрту және топырақты қопсыту үшін вегетация бойы тісті тырмалармен (көктегенге дейін және көктегеннен соң) танап тырмаланады, қатараралық өңделеді (ол үшін жебе табанды және бритва табанды құрылымдармен, сымды тырмалар және топырақсүйгіш құрылымдар жабдықталған культиваторлар қолданылады). Гербицид қолданған жағдайда көктеуге дейін тырмалау мен бір рет қатараралық культивация жүргізіледі. Егістікте гербицид қолданғанбаған жағдайда көктеуге дейін (себуден 5-6 тәулік соң) және көктегеннен кейін (1-3 жұп жапырақ кезеңінде) танап тырмаланады және 2-3 мәрте қатараралық культивация (біріншісін 6-8 см, екіншісін – 8-10 см тереңдікте) жүргізіледі.

Босдәнділікке қарсы егістік бал араларымен қосымша тозаңдандырылады (1 га егістікке 1,0-1,5 ұядан – омарта орналастырылады). Күнбағыстың пісуін тездету және өсімдіктерді тамырында кептіру үшін егістікті жаппай гүлденуден 40-45 тәуліктен соң (себеттің 10-20 % қоңырлағанда, 20-30 % сарғыш-қоңыр, 50-60 % сары түсте тұрғанда) жинау алдындағы десикация жүргізіледі: ол үшін себет қоңырланғанда Реглон супер 150 (2,0 л/га) толық физиологиялық пісу кезеңінде (тұқым ылғалдылығы 35-40 % кезінде) Харвейд 25Ғ (1,2 кг/га) препараттарын қолдануға болады.

Егінді жинау. Күнбағыстың піскен піспегенін мына белгілері бойынша анықтайды: себеттің астыңғы жағының сарғаюы, тілді гүлдердің солуы мен түсуі, шекілдеуігіндегі тұқымның қатаюы, көпшілік жапырақтарының қурап түсуі. Күнбағыс тамырында тұрып қалғанда шекілдеуігінің еріксіз шашылуы мен танаптың ластануына әкеліп соғады. Себеттерінің 85-90 % қоңырланғанда (тұқымның ылғалдылығы 12-14 %) күнбағысты жинай бастайды. Жиналған тұқымды бірден кептіріп, қалыпты сақтау үшін 8-10 % ылғалдылыққа жеткізген дұрыс.

РАПС

Рапс (Brassica napus) – қырыққабат тұқымдасына (Brassicaceae) жатады. Тегі ертедегі еуропалық біржылдық майлы өсімдік. Ғалымдардың түсіндіруі бойынша ол мал азықтық қырыққабат пен қышабастың спонтанды будандасуынан пайда болған. Дүние жүзінде рапстың егістік аумағы 9,0 млн гектардан асады. Біздің елімізде оның егістігі 2007 жылы 170,7 мың га болды, жалпы майлы-тұқымының түсімі 118,3 мың тоннаға жетіп, орташа өнімі 7,4 ц/га құрады. Қазақстанда соңғы жылдары оның егістік аумағы артып келеді. Атап айтқанда – 2008 жылы – 173,6, ал 2009 жылы – 195,1 мың гектарға жетті. Рапстың негізгі егістік алқабы Қазақстанның солтүстігінде – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында – шоғырланған (жартылай кебетін рапс майының тағамдық және техникалық маңызы бар).

Өнімнің әлеуетті (потенциалды) мүмкіндігі үлкен: суарылмайтын жағдайдың өзінде ол әр гектардан 15-18, ал суармалы егістікте – 22-25 ц және одан жоғары тұқым өнімін бере алады.

Шаруашылықтарда рапс екі түрде – күздік және жаздық - өсіріледі.

Күздік рапстың тұқымында 45-50 %, ал жаздық рапста 32-35 % жартылай кебетін май бар, оны тағамға, маргарин өндіруге, сонымен қатар лак-сыр, металлургия, полиграфия, сабын қайнату және басқа өнеркәсіп өнімдерін өндіруде пайдаланады. Майында 35-40 % эрук және 10-13 % линолен қышқылдары болады. Алайда, қазіргі кезеңде эруксіз сорттар шығарылған, олардың майлары жоғары сапалы. Күнжарасы мен шроты жоғары белокті (37% дейін) құнарландырылған мал азығы, алайда көп мөлшерде малды азықтандыруға болмайды, себебі құрамында глюкозоиноляттар бар.

Рапс барлық жануарлар ықыласпен жейтін жасыл балауса алу үшін де кеңінен қолданылады. Құрғақ затқа есептегенде оның жасыл балаусасында 31 %-ға дейін белок, көптеген дәрумендер, минералды тұздар, аз мөлшерде клетчатка болады. Оны сүрлем немесе жасыл тыңайтқышқа өсіруге болады. Күздік рапстың жасыл балауса өнімі 400-600-ден 700-900 ц/га дейін, ал жаздықта – 300-400-ден 600-700 ц/га дейін өзгереді. Рапс жақсы бал әкелетін өсімдік.

Л

Жапырақ

ист

С

Гүл шоғыры

оцветие

Ц

Гүлдері

веты

Сурет 32. Рапстың жапырағы, гүл шоғыры, гүлдері.

Солтүстік Қазақстанда негізінен жаздық рапс өсіріледі.

Рапстың тамыры кіндікті, түйреуіш пішінді, топыраққа 1,6-1,8 м бойлайды, беткі қабатта тарамдалған. Сабағы тік өсетін, қатты бұтақтанған, биіктігі 0,6-1,6 м-ге жететін және балауыз тұтымен көмкерілген. Бұтасы жиі түрде тармақты, кейде қомақты. Жапырақтары көкшіл-жасыл түсті, балауыз бен қапталған, төменгілері сағақты, ал жоғарғылары сағақсыз. Гүл шоғыры – болбыр шоқгүл, 20-40 ірі сарғыш-алтын түстес гүлдерден тұрады (31 – сурет). Қос жынысты. Жемісі – ұзын мұрыншасы бар бұршаққап (6-11 см), піскенде жарылады, онда 20-40 шар тәрізді, ұсақұялы беткі қабаты қара түсті тұқымдары бар, диаметрі 1,5-2,0 мм. 1000 тұқымның массасы 3-7 г.

Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары:

Кубанский – ортадан ерте пісетін сорт, құрғақшылыққа орташа төзімді, вегетациялық кезеңінің ұзақтығы – 90-100 тәулік.

Золотонивский – Ресейдің Сібір АШҒЗИ-да сұрыптау тәсілімен спонтанды буданнан шығарылған. Орташа мерзімде піседі (90-100 тәулік), құрғақшылыққа, ауруларға, зиянкестерге орташа төзімді, жапырылуға төзімді, тамырында тұрып қалғанда шашылуға бейім. Өнімді сорт, тұқымының майлылығы 42-43 %.

Соңғы жылдары елімізде Зефир, Носовский, Львовский, Народный, Восточно сибирский, Оро кеңінен өсіріле бастады.

Биологиялық ерекшеліктері. Жаздық рапс өсіру жағдайларына күздік рапсқа қарағанда аздау талап қояды, сондықтан ол кең тараған. Тұқымдары 1-20С жылылықта өне бастайды, ал +14-160С-да жақсы өседі, егін көгі – 3-50С, ал ересек өсімдіктері -80С жеңіл көтереді. Вегетативті массасының өсуі үшін қолайлы температура +18-200С. Гүлдену және тұқымының пісу кезеңдеріндегі оңтайлы температура 23-250С, ал жалпы өсіп-дамуына қажетті белсенді температура жиынтығы 1600-18000С. Өсімдіктері ылғал сүйгіш, барынша көп ылғалды бүрлену және гүлдену кезеңдерінде шығындайды. Осы уақытағы құрғақшылық тұқым өнімін төмендетеді. Транспирациялық коэффициенті – 550-620.

Өсіру технологиясы. Жаздық рапстың негізгі егістік алқаптары айтарлықтай ылғалды солтүстік аудандарында орналасқан, ал бұл оны суарылмайтын жағдайда өсіруге мүмкіндік береді. Рапсты жақсы алғы дақылдардан – (сүріден кейінгі дәнді дақылдар, дәнді бұршақ дақылдары, отамалы дақылдар) арамшөптерден таза, ылғалға мол, құнарлы- танаптарға орналастырған дұрыс, суармалы жерлер тіпті дұрыс.

Суарылмайтын жерлерде топырақты негізгі өңдеу жазықтілгіш терең қопсытқыштармен жүргізіледі. Себу алдында 5-7 см тереңдікте культивацияланады, қажет болғанда 2,4-6 л/га мөлшерінде 24 % трефлан енгізіледі.

Суармалы жерлерде топырақ өңдеу терең сүдігер жыртудан басталады, көктемде беткі қабаты қопсытылады (ылғал жабылады), себу алдында культивация және топырақ бетін тегістеу жұмыстары жүргізіледі (катоктар немесе сырғылармен). Рапстан жақсы өнім алу үшін суармалы жерлерде азот пен фосфор тыңайтқыштарын (N40-60, P60-90) енгізеді. Таза сүрі жерлерде, қара топырақтарда және күңгірт қара-қоңыр топырақтарда азот тыңайтқышы енгізілмейді.

Тұқым мен егін көгінің ауруларына (тамыр шіріндісі, қара сирақ, альтернариоз) қарсы витавакс 200 ФФ, 34 % улы химикатымен рапс тұқымы дәріленеді (2,5 л/т). Бұл препарат тұқымды залалсыздандыруымен қатар ынталандыратын (стимуляторлық) қызмет атқарады: жаппай егін көгін қуатты тамыр жүйесімен алуды қамтамасыз етеді, кейіннен оның әсерінен ірі жапырақты өсімдіктер дамиды да көп бұршаққындар қалыптастырады. Биологиялық ерекшеліктері бойынша жаздық рапс ерте себілетін дақыл деп есептеледі, алайда Солтүстік және Орталық Қазақстан жағдайында мамырдың 20-нан әрі қарайғы мерзім қолайлы болып табылады. Ерте мерзімде себілген рапс зиянкестермен қатты зақымданады және арамшөптермен тұншықтырылады, соның нәтижесінде тұқымның өнімі кемиді. Шығыс Қазақстан облысында рапстың тұқымға өсіргенде оңтайлы себу мерзімі – мамырдың бірінші онкүндігі. Жаздық рапсты жаппай қатардағы тәсілмен де (15, 23 см), кең қатарлы тәсілмен де (45-46 см) себуге болады. Жаппай қатардағы тәсілмен сепкенде рапс біркелкі піседі, бөлектеп жинауға жақсы жағдай жасалады. Себу мөлшері қатардағы тәсілде 10-12 кг/га, ал кең қатарлап себілгенде – 7-8 кг/га, тұқымның сіңірілу тереңдігі 3-4 см. Себуден кейін танап тығыздалады. Арамшөптерді құрту үшін егін көгінің 4-5 жапырақ кезеңінде жеңіл тісті тырмалармен тырмаланады (түстен кейінгі уақытта). Кең қатарлы егістікте 2-3 рет қатараралық культивация (5-6 және 6-8 см) тереңдікте жүргізіледі.

Зиянкестерге қарсы инсектицидтерді қолданады: қырыққабат бүргелеріне қарсы егістік егін көгі кезеңінде 50 % Актелликпен (0,5 л/га) бүркіледі, ал соңғы кезде біздің аймақта суми-альфа (0,25 л/га) жоғары тиімділікпен ерекшеленуде; қандала, жапырақкеміргіш қырыққабат көбелегінің сымқұрттары (гусеница), рапс пилилшігі, рапс гүлжегіштеріне қарсы 20 % Сумицин (0,3 л/га) да жақсы нәтиже береді.

Егінді жинау. Рапс біркелкі піспейді, ал піскен бұршаққындар жарылады да тұқымы шашылып көп шығынға ұрындырады. Ерте шапқанда тұқым семген түрде жиналады, майдың сапасы мен тұқым өнімі төмендейді, кеш жиналғанда – тұқымның шашылуынан егін шығыны артып кетеді. Егінді тікелей орып бастыруға және бөлектеп (екі кезеңді) жинауға болады: егістік біркелкі піскенде, арамшөптерден таза болғанда және тұқым ылғалдылығы 18%-дан төмен болғанда – рапс тікелей комбайнмен орып бастырылады; бөлектеп жинағанда төменгі жапырақтар қурап, негізгі сабақтағы бұршаққын сарғайғанда және ондағы тұқым қоңыр және қара түске енгенде рапсты дестеге шаба бастайды, бұл кезеңде тұқым ылғалдылығы 30-40%-ға дейін төмендейді; дестелердің кебуіне қарай (4-7 тәуліктен 8-12 тәулікке дейін) тұқым ылғалдылығы 10-11%-ға жеткенде дестелер бастырылады. Егін жинауға арнаулы реттеу жұмыстарынан өткен астық комбайндарын пайдалануға болады.

Дәстүрлі, айтарлықтай жетілдірілген қос кезеңді тәсілмен рапсты жинау бәрібір тұқым шығынына ұрындырады, оның үстіне бұл жинау тәсілі көп материалдық шығын келтіреді. Рапс тұқымын жинаудың жаңа технологиясын Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының мамандары ұсынып отыр. Оның мәні мынада: рапсты жинауға шамамен 5 апта қалғанда (өсімдіктердің төменгі және орта тұсындағы бұршаққындардағы тұқымдар қара түске енгенде) егістік «Эластик» препаратымен бүркіледі (препарат мөлшері – 1,0 л/га, жұмысшы ертіндінің шығыны – 50 л/га); препараттың желімдегіш қасиеті бар; өндеудің нәтижесінде бұршаққындарда жұқа полимерлі қабық (пленка) пайда болады, ол жемістерді жарылудан және тұқымды шашылудан сақтайды; тұқым ылғалдылығы 8-10 % жеткенде рапсты комбайнмен тікелей орып бастырады. Осындай егін жинау технологиясы рапс тұқымының шығынын азайту есебінен оның өнімін 24,4-28,8 % арттыруға мүмкіндік береді.

ҚЫША

Халық шаруашылығындағы маңызы. Күнбағысқа бәсекелес болуға мүмкіндігі бар дақылдың бірі – қыша. Ол топырақ күйін нашарлатпай өсімдік майы өндірісін арттыра алады. Нарық экономикасында оған сұраныс соңғы жылдары артып келеді. Қазақстанда қыша өсірудің агроэкологиялық артықшылықтары оның медициналық- биологиялық қасиеттерніде, өнімінің жоғары рентабельділігі (110%-дан жоғары) нарықта оның дамуына ,өнімін қайта өңдеуде, таза пайданың артуына әсері зор. Жоғары экономикалық тиімділікті қамтамасыз ететін тұрақты жоғары тұқым өнімін алуда дақылдың өсіру технологиясын тыңғылықты іске асыру қажет. Қышаның тұқымында 47-49% - ға дейін өсімдік майы жинақталады және мамандардың бағалауынша оның дәмі күнбағыс майынан дәмдірек. Тұқымында 3,0% - ға дейін эфир майы болады (сарепт қышасында). Ақ қышаның тұқымында 35% сұйық (өсімдік) майы мен 1% шамасында эфир майы бар. Тұқымынан майларды сығып алғаннан кейінгі қалдығы –күнжарасынан қыша ұнтағы өндіріледі, одан асхана қышасы мен медициналық қышалықтар дайындалады. Соңғысының медицина саласында емдік қасиеті зор (әсіресе суық тигенде). Қышаның агротехникалық маңызы да айтарлықтай: оның тұқымы жақсы ықтырма өсімдігін қалыптастырады; өсімдіктерінің тамыр жүйесі органикалық қышқылдар түзеді де топырақтағы қиын еритін тұздарды жеңіл сіңірілетін күйге айналдырады, әрі топырақта ол фитосанитарлық рөл атқарады (әсіресе картоптың фитофтороз, ризоктониоз, парша, фузариоз шірігі ауруларын басады) сонымен қатар қыша өсімдігін топыраққа жыртып енгізгенде ондағы сымқұрттар (проволочники) санын азайтатыны белгілі, өйткені олардың қыстап шығу жағдайлары нашарлайды да опат болуына ұрындырады; Қазақстанда қыша – жақсы бал жинағыш дақыл.

Қыша өсімідігінен сүрлемдік мал азығы дайындалады.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары. Қышаның екі түрі өсіріледі (көкшіл сұр немесе сарепт қышасы) – (Brassica Juncea L.) және ақ қыша – (Sinapis alba L.) және қырыққабат (Brassicaceae) тұқымдасына жатады. Екеуінің сыртқы құрылыстарында көп ұқсастықтар бар (Сурет 33).

Көкшіл сұр қыша – айтарлықтай биік (1,5-2 м-ге дейін) біржылдық өсімдік, бұтақты, балауыз тұтынан түсі көкшіл сұр болып келеді. Дамыған кіндік тамыры 2м топырақ тереңдігіне бойлайды. Жапырақтары шар пішінді, отырмалы немесе қысқа сағақты. Гүлдері төрттік түрде, қосжынысты, ашық сары түсті, маусым-шілде айларында гүлдейді, гүл шоғыры – шоқгүл. Гүлдегеннен кейін дөңес бұршаққын түзеді, оның ұзындығы 3-5 см-ге дейін жетеді, біз тәрізді мұрыншасы болады. Тұқымы шар тәрізді, қызғылт қоңыр немесе күңгірт-қоңыр түсті, 1000 тұқымның массасы – 2-4 г.

Сурет 33. Көкшіл сұр қыша. 1, 2 – дамыған егін және гүлдену-жеміссалу кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – сабақтың бір бөлігі; 4 – жемісі; 5 – тұқымдары.

Ақ қыша – біржылдық шөптесін өсімдік, тереңге бойлайтын кіндік тамыр жүйесін қалыптастырады. Сабағының биіктігі -30-80см. Көкшіл сұр қышадан шашақталған сабағымен ерекшеленеді және жапырақтары мен бұршаққындары сияқты ұсақ түктермен көмкерілген. Гүлдері сары түсті, бал иісті, жемісі -5-6 тұқымды бұршаққын және ол ұзын семсер тәрізді мұрыншасымен аяқталады. Жеміс піскенде жарылмайды, тұқымы шар тәрізді, сарғыш түсті, 1000 тұқымының массасы – 5-6 г. Қыша қоршаған орта факторларына жоғары талап қоймайды.

Сурет 34. Ақ қыша. 1, 2 – дамыған егін көгі және гүлдену-жеміссалу кезеңдеріндегі өсімдіктер; 3 – жапырақтары, гүл шоғырлары және жемістерімен сабақтың бір бөлігі; 4 – жемісі; 5 – тұқымдары.

Тамыр жүйесі қиын еритін тұздардан фосфор мен калий қоректік элементтерін сіңіре алатындықтан әлсіз қышқыл реакциялы құнарлығы төмен топырақтарда өсе береді. Көкшіл сұр қыша жылуға айтарлықтай жоғары талап қоймайды, тұқымдары 2-3°C жылылықта өне бастайды, егін көгі -5 °C-ға дейінгі үсікті (бозқырау, аязды) жеңіл көтереді. Қуаңшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді, транспирациялық коэффициенті – 320-350 бірлікке тең; оған ауыр, толқымалы және сортаң топырақтар жарамсыз, орташа байланысқан қара және қара-қоңыр топырақтарды жаратады; өсіп жетілу кезеңінің ұзақтығы – 90-100 тәулік. Ақ қыша ылғал сүйгіш және салқынға төзімді дақыл; тұқымы 1-2°C температурада өне бастайды, егін көгі – 6°C бозқырауды көтереді; ұзақ күннің өсімдігі сондықтан солтүстік аудандарда ерте гүлдейді және қысқа өсіп-жетілу кезеңімен (80-90 тәулік) ерекшеленеді. Қазақстанда қышаның өсіруге рұқсат етілген мынадай сорттары бар: Неосыпающаяся 2 (Ақмола, Павлодар, СҚО), Заря (Павлодар обл.), ВНИИМК 11 (Батыс Қазақстан обл.), Рушена (Ақмола, Павлодар, СҚО).

Өсіру технологиясындағы ерекшеліктер. Ауыспалы егістегі орны. Қышаға сүрі танабында өсірілген дәнді дақылдар, дәнді бұршақ дақылдары, отамалы дақылдар және сүрі жерлердің барлық түрлері жақсы алғы дақыл болып табылады. Қышаны күнбағыстан, тары мен қырыққабат тұқымдастары дақылдарынан кейін (рапс,қышабас, қыша ж.б.) орналастырмаған дұрыс. Қыша – масақты дәнді дақылдар үшін бағалы алғы дақыл: танапты ерте босатады, тамыр жүйесі 1,5 м дейін топырақ қабатына бойлай отырып оны жақсы борпастандырады, органикалық заттармен байытады; тамыр және аңыз қалдықтары топырақта сақталған аурулар және зиянкестерге езгілей әсер етеді.

Топырақ төңдеу жүйесі алғы дақылға байланысты өзгереді, алайда барлық жағдайларда ол ылғал жинақтауға, арамшөптерді құртуға, егін көгінің жаппай көктеуіне топырақтың тегіс және ылғалды бетін жасауға бағытталуы тиіс топырақты негізгі өңдеу оңтайлы мерзімде 22-25 см-ге терең жүргізіледі. Көктемде физикалық пісуінен бастап себу алдындағы топырақ өңдеу жұмыстары қарастырылады: 3-4 см тереңдікте тырмалау, 5-6 см себу алдындағы культивация және ұсақ кесекті топырақ құрылымын қамтамасыз ететін тығыздау.

Тыңайтқыш жүйесі. Қыша топырақтағы қоректік заттарға талапты тдақыл. Ол 1 ц тұқымы мен соған сәйкес жер үсті массасын қалыптастыру үшін топырақтан 5,5-6,0 кг азот, 2,0-3,0 кг фосфор және 2,5-3,5 кг калий шығындайды. Фосфорлы-калийлі тыңайтқыштарды топырақтың астына негізгі өңдегенде енгізеді. Дақыл органикалық тыңайтқыштарды да қажетсінеді, алайда оларды алғы дақылға енгізген жөн, өйткені тікелей енгізгенде танаптың арамшөптермен ластануын күшейтеді әрі қышаның пісуін ұзартып жібереді.

Себу жұмыстары. Қыша ерте себуді қажетсінетін дақыл. Оның жаппай көктеуіне топырақтың тұқым сіңірілген тереңдігінде температура 8-10°C оңтайлы деп есептеледі. Мұндай кезең әдетте масақты және дәнді бұршақ дақылдарының себу мерзіміне сәйкес келеді. Сонымен бірге ерте себудің артықшылықтары да бар:

-жоғары оң температура және топырақтың ылғалды беткі қабаты қуатты тамыр жүйесі мен жапырақ дегелегін қалыптастыруға мүмкіндік жасайды, ал бұл өз кезегінде дақылдың арамшөптермен бәсекелестігін арттырады.;

-қыша ұзақ күн өсімдігі болғандықтан, кеш себілген жағдайда ол барлық өсіп-даму кезеңдерін жеделдетіп өтеді. Ал мұның өзі тұқым өнімділігін төмендетеді;

-ерте себілген қыша егістігі қырыққабат бүргелерінен аз зардап шегеді.

Қышаның кең тараған себу тәсілі – жаппай қатардағы (15,23 см) тәсіл (СЗТ-3,6 ж.б.) танап арамшөптермен ластанған болса, кең қатарлап (45-46 см) себуге де болады. Жаппай қатардағы тәсілде себу мөлшері 2,5-3,5 млн/га өнгіш тұқым (10-12 кг/га), ал кең қатарлыда – 1,5-2,0 млн/га (6-8 кг/га). Себу тереңдігі топырақтың механикалық құрамы мен ылғалдылығына байланысты 2,0-4,0 см –ден 5,0-6,0 см-ге дейін өзгереді.

Егістікті күтіп-баптау кешенді агрошаралар жүйесін біріктіреді және негізгі мақсаты - өсімдіктердің өсіп-жетілуіне оңтайлы жағдайлар жасау: ең алдымен себуден кейін бұдырлы катоктармен танап тығыздалады; кең қатарлы егістікте арамшөптермен ластануына қарай 2-3 рет қатарарлық культивация жүргізіледі; елімізде соңғы жылдары дақыл егістінде гербицидтерді қолдану жақсы нәтижелер беруде – фенова экстра (0,5-0,75 л/га) қоңырбастар тұқымдас арамшөптерге қарсы немесе Лонтрел 300 (0,12-0,16 кг/га), Cтоун (0,3-0,4 л/га), Эльф (0,1-0,4 л/га) гербицидтерінің бірімен қосжарнақты арамшөптерге қарсы дақылдың 3-4 жапырағы кезеңінде егістік бүркіледі. Қышаның өскіндері мен егін көгін зиянкестерден қорғау үшін (қырыққабат бүргелерінен) тұқым себу алдында офтанол Т, 50% (4,0кг/ц), чинук, 20% (2,0 л/ц) және басқа жүйелі препараттардың бірімен тұқым дәріленеді, ал бұл агрошара егістікті алғашқы 20-30 тәулікте бүргелердің зиянынан қорғайды. Егер тұқым себер алдында дәріленбеген болса, онда аталған бүргелерге қарсы (1 шаршы метр алаңда 3 қоңыз немесе дегелең жапырақшасында бір із жарақат болса – 30% өсімдіктерде) Бульдок, 2,5 % (0,3л/га), Каратэ, 5% (0,15 л/га) инсектицидтердің бірімен егістік бүркіледі.

Егінді жинау қыша өсірудегі маңызды кезең. Дақылды тікелей орып бастыруға да бөлектеп жинауға да болады. Арамшөптерден таза алқапты және тұқым ылғалдылығы 12-15 %-ға жеткенде қышаны тікелей орып бастырады; мұндай жағдайда комбайн жылдамдығы сағатына 5-6 шақырымнан және барабан айналымы минутына 500-700 – ден асырылмайды. Бөлектеп (екі кезеңді) жинағанда тұқымның орташа ылғалдылығы 25-30% - ға жеткенде кесу биіктігі 20-25 см-ге дестеге шабады; тұқым ылғалдылығы 10-12 % түскенде дестелер таңертеңгі немесе кешкі сағаттарда бастырылады. Комбайннан түскен астықты бірден тазартып, қажеттік туындағанда қосымша кептіріп (тұқым ылғалдылығын 8%-дан асырмай), сақтауға жөнелтіледі.

МАЙЛЫ ЗЫҒЫР

Зығыр – бағалы майлы дақыл, оның тұқымынан сапалы кебетін май өндіріледі (35-42 %) және оны техникалық, тағамдық мақсаттарға пайдаланады. Техникалық маңызы – сыр, олиф, лак, линолеум өндірісінде қолданылуында. Майлы зығырдың тұқымы мен майы фармацевтикада да қолданыс тапқан.

Май өндірісінің қалдықтары (күнжарасы мен шроты) – бағалы құнарландырылған мал азығы, олардың құрамында 30 %-ға таяу белок болады. 1 кг күнжарасы 1,15 а.ө. тең. Зығыр өндірісінің қалдығы – кострадан – жиһаз плиталарын, изоляциялық жіптер, шпагат, қағаз ж.б. дайындау шикізаты болып табылады.

Зығыр – азиялық және жерортатеңіздік текті біржылдық өсімдік, ертеден өсіріліп келе жатқан дақыл. Дүниежүзілік егістікте майлы зығыр (кудряш) 1,0 млн га астам өсіріледі. Үлкен алқаптары Аргентина, АҚШ, Канада, Үнді елдерінде шоғырланған. ТМД елдерінде оның егіс аумағы жыл сайын жер шарындағы егістіктің 10 %-на таяу (90 мың га).

Құрғақшылыққа төзімділігі мен ерте пісетіндігіне байланысты майлы зығыр негізінен Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның орманды-дала және далалық аудандарында өсіріледі.

Солтүстік Қазақстанда 1986-90 жж. Жалпы егістігі 28-29 мың га, оның ішінде барынша үлкен алқаптары (16-17 мың га) Қостанай облысының үлесінде болды. Тұқым өнімі жоғары емес – 1,2-3,1 ц/га аралығында.

Ботаникалық және морфологиялық сипаттамасы. Көптеген түрлерінің ішінде барынша өндірістік маңызы бар зығыр түрі – мәдени, немесе кәдімгі зығыр (Linum usitatissimum).

Майлы зығыр – біржылдық аласа өсетін (40-50 см) өсімдік. Сабағы тік өседі, бұтақты және түксіз. Жапырақтары қарапайым, ланцетті, ұштары үшкірленген, сабақта кезектесіп орналасқан. Гүл шоғыры – борпас шатыр тәрізді шоқгүл. Гүлдері қосжынысты, бестік түрде, күлтеше жапырақтары ақ және күлгін түсті, жемісі – бес ұялы домалақ келген қорапша. Тұқымдары – сопақ, жылтыр, тегіс бетті, қоңыр түсті, 1000 санының массасы 4-6 г (34 – сурет).

Биологиялық ерекшеліктері. Майлы зығырдың басты ерекшеліктерінің бірі – оның жартылай қуаңшылықты далалық және орманды-дала аудандарының жағдайларына бейімділігі. Ол жылуға жоғары талап қояды, әсіресе пісу кезеңінде, тұқымдары 3-40С-да өне бастайды, көктеуіне оңтайлы температура 12-140С. Зығырдың егін көгі – 3-40С бозқырауды жеңіл көтереді. Орташа мерзімде пісетін сорттары үшін белсенді температура жиынтығы 1600-18000С. Майлы зығыр көктеуден гүлденуге дейінгі кезеңде қуаншылыққа барынша төзімді. Бұл уақытта тамыр жүйесінің өсуі мен топыраққа тереңдей бойлауы жүреді.

Майлы зығыр ылғалға орташа талап қояды, транспирациялық коэффициенті 370-430. Ылғалға барынша жоғары талабы гүлдену-тұқымның толысу кезеңінде байқалады. Бұл кезеңдегі ылғал жетімсіздігі өнімді күрт төмендетеді. Майлы зығырға ең жақсысы механикалық құрамы орташа қара және күңгірт-қоңыр топырақтар. Сортаң кешенді топырақтар оған жарамсыз.

Майлы зығыр өздігінен тозаңданатын өсімдік, алайда төменгі температура мен ауаның төмен салыстырмалы ылғалдылығында гүлдердін бір бөлігі айқас тозаңдануы мүмкін. Зығыр таңғы сағаттарда гүлдейді, жекелеген гүлдер 3-5 сағат бойы гүлдейді, алайда танаптың гүлдеуі 30-40 тәулікке дейін созылады.

Майлы зығырда мынадай фенологиялық кезеңдер ажыратылады: көктеу – 6-7 тәулік (тұқым жарнақтары жапырақтарының пайда болу кезеңі), қосқұлақ – 28-29 тәулік себуден бастап.

Майлы зығырдың Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары: Кустанайский янтарь (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО); Исилькульский (СҚО); Карабалыкский 7 (Ақмола, СҚО); Опал (Ақтөбе обл.).

Ө

Сурет 35. Зығыр. 1, 2 – өсімдіктері; 3 – сабақтың жоғары бөлігі; 4 – гүл; 5 – жеміс; 6, 7 – тұқымдары; 8 – зығырдың өсу кезеңдері.

сіру технологиясы. Майлы зығыр алғы дақылға талапты және міндетті түрде жеміс алмастыруды қажетсінеді. Аймақ жағдайында ол үшін сүріден кейінгі жаздық бидай, жүгері, дәнді бұршақ дақылдары, бұршақ-астық тұқымдастар қоспасы, көпжылдық шөптер қыртысы жақсы алғы дақыл болып табылады. Бұл Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір ғалымдарының зерттеулерімен дәлелденген.

Топырақ өңдеу жүйесі дәнді дақылдарға ұқсас. Ол топырақты алғы дақылды жинағаннан кейінгі негізгі өңдеуді (сүдігер дайындау), қысқы екі рет қар тоқтату шараларын қарастырады. Көктемде-топырақтың беткі қабатын қопсыту (ылғал жабу) және себу алдындағы топырақты тұқым сіңіру тереңдігіне (4-6) см өңдеу жүргізіледі. Қажет болған жағдайда (топырақтың тығыздалып қалуы, арамшөптермен ластануы жоғары болуы) себу алдындағы өңдеу қайталануы мүмкін, әсіресе жеңіл топырақтарда қосымша себу алдындағы тығыздау. Бұл шаралар егіннің жаппай көктеуін қамтамасыз етеді.

Аймақта сүдігер дайындағанда немесе себумен қатар фосфор тыңайтқышын (Р30) енгізу жақсы нәтиже береді.

Себу алдында тұқым құрғақ ауада қыздырылады және дәріленеді (ТМТД, 80 %, 2-3 кг/т).

Майлы зығырды топырақта тұқымның сіңіру қабатында температура 12-140С-ға жеткенде – күнтізбелі 15-20 мамыр – сепкен дұрыс. Себу тәсілі – жаппай қатардағы немесе таспалы, себу мөлшері – 6-7 млн/га өнгіш тұқым (45-50 кг/га). Қазақстанның өте қуаңшылықты жағдайларында кейде кең қатарлы тәсілмен әр гектарға 20-30 кг тұқым себуге болады. Екі бағытта пайдаланатын аралық зығырды (май және талшық өндіруде) өсіргенде тұқымның себу мөлшерін 10-15 кг/га арттыру ұсынылады. Тұқымның сіңіру тереңдігі 4-6 см. Қажеттігіне байланысты майлы зығыр егістігінде арамшөптерге қарсы гербицидтерді қолдануға болады: қосжарнақты арамшөптерге қарсы дақылдың «қосқұлақ» кезеңінде 2М-4Х гербицидімен (1,0-1,2 кг/га ә.е.з.) бүркеді; біржылдық астық тұқымдас арамшөптерге қарсы себуге дейін немесе майлы зығыр көктегенге дейін 1,0-1,2 кг/га ә.е.з. мөлшерінде топыраққа триаллат гербицидін енгізеді.

Егінді жинау. Егінді бөлектеп жинайды, қораптардың 75 % қоңырланғанда (толық пісуге 10-12 тәулік қалғанда) дестеге шабады да, тұқым ылғалдылығы 11-13 %-ға жеткенде дестелер бастырылады.

МАҚСАРЫ

Халық шаруашылығындағы маңызы. Археологиялық қазбалардың және әдебиет көздерінің куәлендірулерінше мақсары өте көне дақылдар қатарына жатады. Себебі, мақсары дақылының гүлінен жасалған бояулармен мысыр елінде оралатын маталар боялған. 2100 жылдан астам тарихы бар мәдениленген дақыл. П.П.Вавиловтың (1979) деректері бойынша, мақсары дақылы ертеректе Үндістанда, Египетте, Ауғанстанда, Орталық Азияда және Кавказ мемлекеттерінде белгілі болған. Аталған елдерде мақсарыны бояғыш және әсемдік зат ретінде пайдаланған. Оның латынша Cartamus атауы арабтың carton –бояу деген сөзінен шыққан, өйткені мақсары гүлдерінде картамин пигменті бар. Бұл пигменттің ерекшелігі – суда сары түске, ал спиртте – қызыл түске боялады.

Орта Азия елдерінде мақсары ертеде белгілі болған. Бұл өңірде мақта шаруашылығына дейін жергілікті тұрғындар мақсары тұқымын тағамдық майға және пілте шамға пайдаланған.

Алғашқыда мақсарыны бояғыш зат ретінде қолданған, кейіннен химиялық жолмен арзан және жоғары сапалы бояулардың алынуына орай, дақылдың бояу ретіндегі өндірістік маңызы жойылып, оны өсімдік майын алуға, дәрі – дәрмек жасауға және мал азығына өсірген.

Мақсары тұқымшасындағы жалпы май мөлшері 25-37%, ал ядросына 50-56% дейін ақшыл сары түсті бағалы сұйық майы болады.Өсімдік майының дәмділігі және жұғымдылығы күнбағыс майына пара-пар, ал тек қана ядросынан сығылған майдың сапасы зәйтүн майынан кем түспейді.

Халықтық медицинада мақсары жапырақтары, гүлдері және майынан әр түрлі дәрі дәрмектер жасалады, сонымен қатар, өсімдік майын сыр-бояу, линолеум, сұйық сабын өндірісінде т.б. техникалық мақсаттарда пайдаланады. Мақсары тұқымы құстардың азығы, әсіресе оны тауыққа берсе, қыс айларында жұмыртқалағыштық мүмкіндігі артады. Дәнін құрама жемге қосып сауын сиырларды азықтандырса, онда сүттің майлылығы жоғарылайды. Қабығы аршылған мақсары тұқымынан алынған күнжарасы – бағалы мал азығы. Қабықта және ядросының жұқа пергамент қабықшасында ащы заттардың болуы қабығын аршымай сығылған май күнжарасының сапасын төмендететін ащы дәм береді, бірақта оны басқа азық түрлеріне қосып, малдарды азықтандыруға болады. Мақсары күнжарасы құрамында орта есеппен 20,4% протеин бар, 1 кг күнжарасының қоректілігі 0,75 азықтық өлшемге тең. Соңғы кезде, көптеген елдерде мақсары мал азықтық дақыл ретінде танылуда. Себебі, оның көк балаусасының пішенінің және сүрлемінің қоректік қасиеттері жоғары. Мақсарының 100кг жасыл балаусасында 22,7 азықтық өлшем және 2,91 кг қорытылатын протеин болса, осындай мөлшерлі сүрлемінде олар тиісінше 15 а.ө. және 1,3 кг. С.Н. Прянишников (1963) деректері бойынша, мақсары пішенінің құрамында 16,5% шикі протеин және 48-50 азықтық өлшем болады.

Мақсарының дүниежүзіндегі егіс көлемі 2,0 млн гектарға жуық. Ең көп егісі Үнді, Мексика, АҚШ, Қытайда. Қазақстан Республикасы мақсары егісі ауданы жағынан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші орын алады. Егер, 1930 жылы Республикада мақсарының егіс ауданы 6,6 мың га болса, 2004 жылы 106 мың га, ал 2009 жылы ол көрсеткіш 170 мың гектарға жетті. Тұқым өнімділігі 6-7 ц/га құрайды. Мақсары дақылы негізінен еліміздің оңтүстік өңірінде тәлімі жерлерде (Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Жамбыл облыстары) өсіріледі. Соңғы жылдары ол Қазақстанның солтүстігінде және батысында да өсіріле бастады.

Морфологиялық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері, сорттары. П.М.Жуковскийдің (1964) жүйелеуі бойынша мақсарының 19 түрі белгілі, олардың ішіндегі егіске пайдаланып жүрген мәдени түрі (Cartamus tinctorius L.) – астра тұқымдасына (Asteraceae) жататын біржылдық қосжарнақты өсімдік. Ол 6 типті біріктіреді және республикада өсірілетін мақсары сорттары Түркістан типіне жатады. Дақылдың тамыр жүйесі жақсы дамыған (Сурет 36). Негізгі кіндік тамыр

жүйесінің ұзындығы 2-3 м дейін жетеді және жанама тамырлары негізгі тамырдан 60-90 см дейінгі қашықтықта орналасады. Мақсары тамырының тереңге бойлауы өсу жылдамдығы және топырақ қабатында бөліну сипаты ондағы ылғал мен қоректік заттардың орналасуына тікелей байланысты. Дақыл топырақтың төменгі қабатынан ылғал мен қоректік заттарды сіңіре алады, сондықтан құрғақшылыққа төзімділігімен ерекшеленеді (Арыстанкулов С.С., 2008).

Мақсары сабағы тік өседі, цилиндр пішінді, сырты жылтыр, әрі түксіз, түсі солғын ақшылт-жасыл.сабағының биіктігі сортына және климат жағдайына байланысты 50-100 см аралығында ауытқиды. Сабағы төменнен жоғары қарай жіңішкере береді және төменгі бөлігінің диаметрі 3-12 см аралығында. Биіктігі сортына байланысты өзгереді.

Сурет 36, Мақсары. 1, 2 – егін көгі мен ересек өсімдігі; 3 – сабақтың жоғарғы бөлігі (жапырақ, гүл шоғырымен); 4 – алғашқы нағыз жапырақтары; 5 – себет; 6 – шекілдеуігі.

Мақсары жапырақтары – отырмалы, сағақсыз, жалаңаш, етті, ланцетті пішінді және сабақта бір біріне қарама қарсы орналасады. Жапырағының шеттері тісті, түрлеріне қарай өткір тікенді немесе тікенсіз болады. Сабақтың ортасындағы жапырақтары ірі, ал жоғары жағындағылардың аумағы кішірейіп, гүл шоғыры орамына айналады. Толық жетілген жапырақтарының ұзындығы 9-25 см, ені 3-8 см. Бір өсімдікте 80-200 дана әртүрлі көлемді жапырақтар қалыптасады.

Мақсарының гүл шоғыры – диаметрі 1,5-3,5 см тостағанша. Гүлдері түтікті, бес бөлікті күлтешелерден тұрады, сары немесе қызғылт түсті, оның құрамында бояғыш зат картамин болады, жатыны бір ұялы және бағаналы. Дақыл көбінесе жәндіктер арқылы айқас тозаңданады. Жемісі ақ түсті тұқымша, жалаңаш, жылтыр, төрт қырлы. Бір өсімдікте 5-50 тостағанша, оның әрқайсысында 25-60 дана тұқымша болады. 1000 тұқымшаның массасы 25-52 г. Аралығында ауытқиды. Қауыздылығы тұқым массасының 40-60% құрайды, қабығы қатты, панцирлі. Піскен кезде тұқымы шашылмайды, өйткені орамының ішкі жапырақшалары тығыз қабысып тұрады.

Мақсары – жылу сүйгіш, қуаңшылыққа төзімді, қысқа күннің өсімдігі және құрғақ континентальді климатқа жақсы бейімделген. Жылуға талабы ерекше, әсіресе гүлдену және тұқымының пісуі кезеңдерінде оны өте қажетсінеді. Құрғақшылыққа қарағанда осы кезеңдердегі жауынды күндерді қаламайды, өйткені жауынды күндері өсімдік нашар тозаңданады және шіру қаупі туындайды. Мақсары тұқымы +1-2°C өне бастайды, +4-5°C жеткенде толығымен өнеді. Егер топырақтың тұқым сіңіру қабатындағы температура +5 °C болса, онда өскін – 16 тәулікте, 9°C – 9 тәулікте, ал 15°C – 4 тәулікте пайда болады. Мақсарының өсіп жетілуі үшін қажетті 5°C жоғары температура жиынтығы – 2000-2900°C, ал 15°C жоғары – 1500-2400°C. Мақсары өніп- өсу барысында тұқым жарнағын жер бетіне шығарады. Өскіні пайда болғаннан кейін 60-70 тәуліктен кейін гүлдейді, гүлдену кезеңі 25-30 күнге созылады. Алдымен негізгі сабақтағы орталық тостағаншалар гүлдей бастайды, содан кейін бұтақтағы тостағаншалар гүлдейді. Гүлдену тұқымның пісуі кезең аралық ұзақтығы 30-40 күндер құрайды.

Мақсарының вегетациялық кезеңінің ұзақтығы себу мерзіміне және өсіру жағдайына байланысты кең ауқымда өзгереді. Дақылдың көктемгі егісінде вегетация кезеңі 110-115 күнге созылса, ал күзде себілген мақсары 200 күнде піседі. Қазақстанның оңтүстігінде дақылдың вегетация кезеңінің ұзақтығы 109-116 тәулікке тең ( Арыстанғұлов С.С., 2003).

Мақсары – жарық сүйгіш өсімдік. Жарықтың жақсы түсуі дақыл тамырының тереңге бойлауына, жапырағының мол болуына, ерте гүлденуіне септігін тигізеді және тозаңдануы жақсарады.

Мақсары қуаңшылыққа төзімділігі жоғары бола тұра, ылғалды да қажетсінеді. Дақыл тұқымы топырақтан өз массасынан 30-40%-дан ылғал сіңіргеннен кейін өне бастайды. Ылғалға барынша қажетсіну кезеңі шашақтану гүлдену, осы кезеңде ылғалдың молдығы өсімдік қуаттылығы мен өнімділігін арттырады, ал аз болуы бұтақтануды азайтады, жапырақ көлемін кішірейтеді және өнімділікті төмендетеді.

Топырақ типі мен қоректік заттарға талаптары. Көптеген ғалымдардың тұжырымы бойынша мақсары топырақ талғамайды, құнарлылығы төмен жерлерде де тәп тәуір өнім қалыптастырады.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті ғалымдарының (С.С. Арыстанқұлов, 2008) зертханалық тәжірибелерінде мақсары тұқымы ас тұзының әртүрлі концентрацияларында сыналған (NаCL – 0,25-1,0%) тұз мөлшерінің жоғарлауына қарамастан зертханалық өнгіштік 60-70% - дан төмендемеген. Тұзға төзімділік жергілікті жағдайға бейімделіп өскен тұқымдарда сырттан әкелінгенге қарағанда 10-15% жоғары болған.

Мақсарының жақсы өсіп дамуы үшін топырақ реакциясы рН 5-8 аралығында болғаны дұрыс.

Мақсарының топырақтан сіңіретін қоректік заттарының мөлшері дақылдың сортына, вегетация кезеңінің ұзақтығына, жапырағының ассимиляциялық белсенділігіне, топырақ және ауа – райы жағдайына, ылғал қабылдау мүмкіндігіне, топырақ құнарлығына және өсіру технологиясына байланысты өзгереді. Мақсары дақылы азот, фосфор және калий элементтерін өсіп дамуының барлық кезеңдерінде қажетсінеді, алайда өсімдіктің қоректік заттарды ең көп қажет етуі шашақтану- гүлдену кезең аралығына сәйкес келеді. Бұл мезгілде топырақтан азоттың барлық қажетті мөлшерінің 60%, фосфор қышқылының – 80% және калийдің – 90% шығындайды.

Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Егістік дақылдардан жоғары және тұрақты өнім жинауды тек қана ғылыми негіздегі ауыспалы егісті дұрыс пайдалану арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Д.С. Васильев, Н.Г. Потеха (1986) пікірлерінше, жаздық және күздік астық дақылдары, дәндік және сүрлемдік жүгері мақсарыға жақсы алғы дақыл болып табылады. Я.Н. Момот (1956) тәжірибе деректеріне сүйене отыра, мақсары оңтүстіктің ыстығына және қуаңшылығына төзімді дақыл болғандықтан алғы егіс таңдамайды деп есептейді, сондықтан оны әртүрлі алғы дақылдардан кейін орналасыра беруге болады. Алайда, ауыспалы егісте астық дақылдарынан кейін өсіру тиімді, кейбір жағдайда монодақыл есебінде бір орында бірнеше жыл өсірілуі мүмкін. Ван Жау Му (1993) ұйғарымынша, мақсарыға жақсы алғы дақылдар – бұршақ, картоп, жүгері және бидай. Мақсарының өзі де астық дақылдарына жақсы алғы егіс болып саналады.

Тыңайтқыш. Мақсары танаптарына қолданылатын тыңайтқыштар жүйесі сүдігерге сіңірілетін негізгі тыңайтқыштардан, тұқыммен бірге берілетін және үстеп қоректендіруден тұрады.

Мақсары танаптарына органо- минералды тыңайтқыштар беру өнімділікті және тұқымша сапасын жақсартады. Ван Жоу Му (1993) ҚХР жағдайында мақсары танаптарына 30 т/га көң шашуды ұсынған, көптеген зерттеушілер мақсары егісіне 40-60 кг мөлшерінде азот, фосфор және калий тыңайтқыштарын беруді ұсынады. Кейбір ізденушілер пікірінше, минералды тыңайтқыштарды негізгі тыңайтқыш ретінде беруден гөрі, үстеп қоректендіру пайдалы деген тұжырымға келеді.

Республиканың ылғалмен қамтамасыз етілген аудандарында мақсары танаптарына азот 40-60 кг, фосфор – 60кг және 30кг мөлшерінде калий тыңайтқышын беру өнімділікті және дән майлылығын көтеруге әсерін тигізеді. Фосфордың жарты мөлшері мен калий толықтай сүдігер жыртар алдында азот пен фосфор тұқыммен бірге, қалған мөлшерді бірінші культивациямен бірге енгізеді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Мақсары танаптарында жүргізілетін негізгі топырақ өңдеу жүйесіне аңызды сыдыра жырту және күздік сүдігер тарту жатады. Республиканың оңтүстінде масақты астық дақылдарын жинап алғаннан кейін күзде танап 6-8 см тереңдікке сыдыра жыртылып, содан кейін 1-2 аптадан соң 20-22 см тереңдікке соқамен аударылып жыртылады.

Қытай Халық Республикасының Қазақстанмен шектес аймақтарында мақсары танаптары күзде 25-27 см тереңдікке жыртылады, себебі өсімдіктің тамыр жүйесі тереңге бойлайды. (Ван Жау Му, 1993).

Ерте көктемде сүдігер тырмаланып, қажетінше 1-2 рет культивацияланады. Себер алдындағы культивацияға дейін арамшөптерге тқарсы топырақ гербициді бүріккіш құралмен бүркіліп (ПОУ) іле тырмамен жабылады. Көпжылдық және біржылдық қосжарнақты арамшөптерге қарсы торфи (2,0-2,5 л/га), трефлан (4-10 л/га), астық тұқымдас арамшөптермен күресу үшін фюзилад супер (1-2 кг/га біржылдық және 2-4 кг/га көпжылдық арамшөптерге қарсы) қолданылады.

Тұқымды себуге дайындау. Мақсары тұқымы себу кондициясына жеткізіліп, тұқымға арналған үлгіқалып (стандарт) талаптарына сай келуі керек. Тұқым құрамындағы негізгі дақыл үлесі 95-98 % кем емес және зертханалық өнгіштік 85-95% болуы керек. Себу алдында ауруларға қарсы тұқымды 200 ФФ, 34% 3-4 кг/т; ТМТД 80% - 2-3л/т; фундазол -3кг/т улы химикаттарының бірімен дәрілейді (ПС-10 немесе басқа құрылымда).

Себу мерзімі. Мақсары ерте себілетін дақылдар қатарына жатады. Топырақтың 10 см қабаты 6-80С жылынған кезде себеді, себу мерзімін кешіктіру өнімділікті төмендетеді және зиянкестермен зақымдану қаупін күшейтеді.

Қазақстанның оңтүстік шығысының тау бөктері аймақтарында мақсарыны сәуір айының бірінші онкүндігінің аяғында , ал осы өңірдің шөлді-далалы аймағында наурыздың аяғы – сәуірдің басында себу ұсынылады (Т.Н. Нұрғасенов және т.б.,2003).

Қазақстанның оңтүстігінде наурыздың 2-ші онкүндігінде, ал солтүстігінде және батысында сәуірдің аяғы – мамырдың бірінші онкүндігінде сепкен дұрыс. Республиканың оңтүстік шығысының қары аз, көктемгі егістегі ылғалы жеткіліксіз шөлді-далалы аймағында мақсарыны қыс түсер алдында себу қарастырылады, яғни қараша айының бірінші онкүндігінде. Аталған жағдайдағы мақсары өнімділігі көктемгі мерзімде себілген дақылдан кем түспейді (С.С. Арыстанғұлов, 2009).

Себу тәсілі. Мақсарыны тұқымға өсіруде оны кең қатарлы тәсілмен (45-60 см) себу ұсынылады. Отамалы дақыл ретінде мақсарыны кең қатармен себу арамшөптермен күресуде тиімді. Ылғалмен қамтамасыз етілген жерлерде және суармалы егіншілікте дақылды жаппай қатардағы (15 см ) тәсілмен себуге болады.

Респуликаның оңтүстік шығысында мақсарыны тұқымға екі ізді таспалы тәсілмен (60х15х15) себу мүмкіндігі қарастырылуда. Дақылды таспалы тәсілмен себу, кең қатарға қарағанда өнімділікті 10-15% жоғарылатады.

Себу мөлшері. Кең қатарлап (45-60см) себуде гектарына 200-300 мың дана өнгіш тұқым немесе 8-12 кг себіледі, екі ізді таспалы тәсілмен-12-14 кг/га, жаппай қатардағы тәсілде -20-24 кг/га тұқым себіледі.

Тұқым сіңіру тереңдігі 5-6 см, ылғал төмен жерлерде – 7-8 см.

Егістікті күтіп-баптау шаралары. Танапты тырмалаудан (егін көгі шыққанға дейін және шыққаннан соң) және қатараралықты (2-3 рет) өңдеуден тұрады. Кең қатармен себілген мақсары егісі КРН 4,2 немесе КРН 5,6 культиваторларымен қатараралықтары өңделеді. Бірінші рет культивациялау 6-8 см тереңдікте, екіншісі 8-10 см, ал үшіншісі 6-8 см-ге жүргізіледі. Бірінші культивациямен бірге өсімдік минералды тыңайтқыштармен үстеп қоректендіріледі.

Суармалы егіншілікте мақсарыны 2-3 рет суару ұсынылады. Әрбір суару мөлшері 600-800 м3/га.

Республиканың оңтүстігінде және оңтүстік шығысында мақсары егісі 30 аса зиянкестермен зақымдалады. Олардың ішіндегі кең тараған түрлері: кіші және үлкен мақсары бізтұмсықтары, мақсары шыбыны, жидек кенесі және т.б. Күресу шаралары: егер бізтұмсықтар саны 1 шаршы метрде 2-3 данадан асса, онда 5 % каратэ немесе кинмикс 2,5% препараттарының бірімен 0,15-0,20 л/га мөлшерінде (жұмысшы ерітінді – 200-250 л/га) егістік бүркіледі.

Мақсары ауруларына қарсы (тат жапырақтың қоңыр дағы т.б.) алдын алу шарасы ретінде тұқым дәріленеді (жоғарыда жазылған).

Мақсарыны жинау. Мақсары тұқымын толық піскенде астық комбайндарымен тікелей орып бастырады. Мақсары тұқымдары біркелкі піседі және шашылмайды, сондықтан оны кешірек те жинауға болады.

АРЫШ

Арыш тұқымында 40-60 % дейін кебетін май бар, ол негізінен техникалық мақсатқа – лак пен сыр, сабын қайнату т.б. өнеркәсіп салаларында – пайдаланылады. Тағамдық сапасы күнбағыс, зығыр майларынан анағұрлым төмен, сондықтан аз қолданылады. Арыш күнжарасы – құнарландырылған мал азығы, оның 100 кг қоректілігі жағынан 115 азықтық өлшемге тең, алайда малға көп беруге болмайды, өйткені оның құрамында улы зат – гликозид – болады. Сонымен қатар арыштың басқа майлы дақылдарға қарағанда айтарлықтай артықшылықтары да бар: ерте және біркелкі піседі. Сақтандыру және шабылмалы дақылдар ретінде пайдалануға да болады. Бұл сапасы арышты вегетация кезеңі қысқа Солтүстік Қазақстан жағдайында өсіруге мүмкіндік береді. Ол Шығыс Қазақстан облысында кеңірек тараған, орташа тұқым өнімі 10-12 ц/га дейін жетеді.

Арыш өсірілетін аймақтардың шаруашылықтарында арыштың екі түрі өсіріледі – күздік және жаздық формалары. Егістікте жаздық арыш кеңірек тараған.

Жаздық немесе егістік арыш (Camelina sativa) қырыққабат тұқымдасына жатады. Бұл кіндік тамыр жүйесі бар бір жылдық шөптесін өсімдік, жіңішке бұтақты, биіктігі 50-60 см. Жапырақтары – қарапайым, сағақты, қатты және қысқа түктермен қапталған. Гүл шоғыры – шоқгүл. Гүлдері ұсақ, өңсіз – сары түсті. Жемісі – алмұрт пішінді бұршаққын, піскенде жарылып кетеді. Тұқымдары ұсақ (1,5-2,0 мм), ұзынша-сопақ, қызыл-күрең түсті, ылғалданғанда жылпылдағыш болып келеді. 1000 тұқымның массасы – 1,0-1,5 г (Сурет 37).

Сурет 37. Арыш

Биологиялық ерекшеліктері. Жаздық арыш өсіру жағдайларына жоғары талап қоймайды. Тұқымдары 1-20 жылылықта өне бастайды, ал ең қолайлы өну температурасы +12-140. Егін көгі – 10-120 дейінгі қысқа мерзімді үсікті көтере алады. Орташа мерзімде пісетін сорттардың толық вегетациясы үшін 1500-17000 белсенді температурада жиынтығы жеткілікті.

Жаздық арыш ылғалды тиімді пайдаланады және қуаңшылықты жеңіл көтереді. Ылғалға барынша көп қажетсінуі-гүлдену мен тұқымның толысу кезеңдері. Транспирациялық коэффициенті 350-380 бірлікке тең. Топыраққа қоятын талаптары айтарлықтай жоғары емес және құмдақ жеңіл сәл сортаңдау топырақтарда өсе алады.

Орташа мезгілде пісетін сорттарының өсіп-даму кезеңі – 70-90 күн. Қазақстан Республикасының Шығыс, Батыс облыстарында және СҚО-да ерте, орташа мерзімде пісетін Омский местный, Киргизский 1 сорттарын өсіруге рұқсат етілген.

Өсіру технологиясы. Жаздық арышты арамшөппен шамалы ластанған алғы дақылдан кейін – таза сүр жер, сүріден кейінгі екінші дақыл, отамалы дақылдар – орналастырылады. Өте ұсақ тұқымды өсімдік ретінде арыш топырақтың тыңғылықты өңделгенін қалайды, топырақты тығыздау жүргізіледі.

Жаздық арыш ерте себілетін дақыл болғанымен біздің аймақ жағдайында ең қолайлы себу мезгілі 15-20 мамыр болып табылады. Ерте себілгенде арыштың көктеуі кешігеді де егін көгі арамшөппен тұншықтырады. Оған қоса, өсіп-даму кезеңі қысқа болғандықтан арыш салыстырмалы кеш себілгенде де пісіп үлгереді. Шөп себетін сепкіштермен жаппай қатардағы әдіспен сепкен дұрыс. Себу мөлшері – 6-8 кг/га (4-5 млн/га өнгіш тұқым), тұқым сіңіру тереңдігі 2-3 см. Егістікті баптап-күту себілгеннен кейін топырақ тығыздау (әсіресе топырақтың беткі қабаты кеуіп кеткенде), зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын біріктіреді.

Арыш біркелкі піседі және механикалық әдіспен жинауға жарамды. Төменгі бұршаққын қоңырлана бастағанда егін жинауға кіріседі, ал тұқым ылғалдылығы 14-150 жеткенде дестелерді жинап үгітуге кіріседі. Ол үшін қайта жабдықталған астық комбайндарын пайдаланады.

КҮНЖІТ

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Маңызы, өсірілетін аудандары және өнімділігі. Күнжіт тұқымында майдың мөлшері 50-65% болғандықтан жоғары майлы дақылдар арасында бірінші орын алады.

Күнжіт майы – жартылай кебетін өсімдік майлары тобына жатады, иодтық саны 103-112. Салқын сығымдау арқылы алынған күнжіт майы өзінің жоғары дәмділік қасиеттерімен ерекшеленеді және зәйтүн майынан кем түспейді. Оны тағамға, кондитер және консерві өндірісінде, медицинада пайдаланылады, ал ыстық сығымдау арқылы алынған майын техникалық мақсаттарда қолданады. Дақылдың бүтін тұқымын конфет және шығыс тәтті тағамдарын жасауда, қабығы тазаланған және ұнтақталған дәндерінен халва дайындалады.

Салқын сығымдаудан кейін алынған күнжіт күнжарасында 8% май және 40% жуық ақуыз болады. Оны кондитер өнеркәсібінде пайдаланылады, ал ыстық сығымдау арқылы алынған күнжарасы – малға жақсы құрама жем. 100 кг күнжарасында 132 азықтық өлшем бар.

Күнжіт – Азия мен африка елдерінде белгілі болған көне дақылдар қатарына жатады. Негізгі өсірілетін аудандары – Үнді, Қытай, Бирма мемлекеттері. ТМД елдерінде күнжіттің егіс көлемі шағын. Негізгі егістері Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстанда орналасқан. Біздің республикада Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында аздаған көлемді жерлерде өсіреді. Тәлімі жерлердегі күнжіт дәнінің өнімділігі 10-12 ц/га, ал суармалы егіншілікте- 18-20 ц/га өнім береді.

Морфологиялық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Күнжіт (Sesamum indicum L.) – Күнжіт тұқымдасына (Pedaliaceae) жататын біржылдық өсімдік. Кіндіктамырлы, топырақтың 1 м тереңдігіне дейін бойлайды. Сабағы – тік төрт немесе сегіз қырлы, биіктігі 1,5 м дейін, жұмсақ түктері бар.

Жапырағы – сағақты, кезектесіп немесе супротивті орналасқан, алақандары түкті. Жапырақтарының пішіні сабақта орналасуына байланысты. Бір сорттарда барлық жапырақтар бүтін, төмендегілері- ірі және жалпақ, жоғарыға қарай майдалау; басқа біреулерінде – төменгілері тілінген, жоғарғылары – бүтін, жіңішке, ланцет тәрізді. Гүлдері – 1-3-тен жапырақ бауырында орналасқан. Күлтесінің түсі – ақ және алқызылдан-күлгін дейін. Тостағанша мен күлтелері түктенген.

Сурет 38. Күнжіт. 1, 2 - өсімдіктің гүлдеу кезеңі – көктеуі мен жемістің қалыптасуы; 3 – сабақ пен жапырақтарының кескіні, гүл шоғыры, гүлдері және жемістері; 4 – сабақпен пісіп-жетілген жемістерінің кескіні; 5 – жемісі; 6 – тұқым (төменде тұқымның қалыпты жүйесі)

Күнжіт өздігінен тозаңданатын дақыл, кейде аралардың көптігімен айқас тозаңдануы да мүмкін.

Жемісі – созыңқы түкті қауашақ, екі немесе төрт жеміс жапырақшаларынан тұрады. Бір өсімдікте 100-150 қауашақ болады. Піскен кезде қауашақ жарылады, әрбір қауашақта 70-80 дана тұқым бар.

Тұқымдары ұсақ, жалпақ, түсі-ақ, сұр, қоңыр немесе қара. 1000 тұқым массасы 3-5 г.

Күнжіт – жылу және жарық сүйгіш қысқа күн өсімдік. Оның тұқымы 15-160С өне бастайды және 0,5-1,00С үсікті көтере алмай, өсімдік көгі өледі. Өсіп-дамуына байланысты қолайлы орташа температура 25-300С. Егер ауа температурасы 12-150С дейін төмендесе өсімдік өсуін тоқтатады.

Ылғал мен қоректік заттарға үлкен талаптар қояды. Өсіп-жетілуіне қолайлы топырақ типтеріне-қара жеңіл саздақты және құмдауыт топырақтар. Өсімдік көгі шыққаннан кейінгі бастапқы өсу кезеңінде баяу өседі, ал гүлдеу алдында өсуі шапшаңдайды.

Өсу жағдайына және сортына байланысты күнжіттің вегетация кезеңінің ұзақтығы 90-120 күнге созылады.

Оңтүстік қазақстан облысында күнжіттің Ташкентский 122 сорты аудандастырылған.

Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Күнжіттің ең жақсы алғы егіс-күздік бидай, жүгері, дәнді бұршақ дақылдары және бұршақ тұқымдас шөптер.

Күнжіт тыңайтқыштарға қайтарымды. Толық минералды тыңайтқыштар (N90P90K90) беру қосымша өнім қалыптастырады. Көң мен минералды тыңайтқыш бірге беруде өнімділікті жоғарылатады.

Тұқыммен бірге түйіршіктелген суперфосфат (1 ц/га) сіңіру өте тиімді.

Күнжіт қоректік заттарды созып пайдаланатын дақыл болғандықтан, гүлдеу сатысында тыңайтқыштарды үстеп қоректендіру арқылы берген тиімді. Күнжіт алғашқы вегетациялық кезеңде жәй өсетіндіктен арамшөптерден көп зардап шегеді. Сондықтан ол топырақты өте мұқият өңдеуді қажет етеді. Күнжіттің топырағын өңдеу шараларына сыдыра өңдеуден кейін сүдігер жырту, ерте көктемде тырмалау және кемінде үш рет қопсытумен бірге тырмалау жүргізу жатады. Суарылмайтын учаскелерде тұқым себер алдында танапты нығыздайды. Күнжіттің тұқымын топырақтың беткі қабаты 16-180С жылынған кезде себеді. Тұқымды себер алдында (үш күн қалғанда) 80%-дық ТМТД (3-5 кг/т) өңдейді. Тұқым себу тәсілі- кеңқатарлы (қатараралықтар 45-70 см). Себу мөлшері гектарына шамамен 5-8 кг. Себу тереңдігі 2-3 см. Тұқымды сепкеннен кейін танапты нығыздайды.

Күнжіт егісінің қатарлары біліне басталысымен қатараралықтарды қопсытады. Әрі қарай қатараралықтарды өңдеу арамшөптердің пайда болуы мен топырақ бетінің қабыршақтануына қарай жасалынады. Өте жиі егісті сиретеді.

Суармалы танаптарды екі рет суарады: бірінші суару өсімдіктің шашақтану кезеңінде, екінші – жаппай гүлдеуде. Құрғақшылықты көктемде күнжіт егісін екінші жұп жапырақ пайда болғанда да суарады. Суару мөлшері гектарына 800-1000 м3. Әр суарудан кейін, топырақ кепкен бойда қатараралықтарды топырақ беті қабыршақтанбау үшін қопсытады.

Піскен кезде күнжіт тұқымы тез шашылады. Сондықтан дақылды жинауды төменгі қауашақтары бурылданғанда, бірақ әлі ашылмаған жағдайда жинай бастайды. Жақсы нәтижені өнімді екі сатылы әдіспен жинау береді. Тазаланған күнжіт тұқымдарын ылғалдылығы 9% аспайтын күйде сақтайды.

ЖЕРЖАҢҒАҒЫ (АРАХИС)

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Жержаңғағы (арахис) – дәнінен жоғары сапалы құрғамайтын тағамдық май алынатын өте маңызды бұршақ дақылы. Май жоғары сортты консерві жасауға және кондитерлік заттар мен маргарин өндіруге пайдаланылады. Жержаңғақ дәнінде 60% дейін май және 35% дейін ақуыз болады. Май өндіргенде қалатын қалдығы – күнжарасында да ақуыз мол. Күнжара – халуа, шоколад және басқа да азық-түліктер өндірісінде шикізат болып есптелінеді. Жержаңғақтың құрғақ сабағы мен жапырақтарында 15% дейін ақуыз болғандықтан, оларды малға жемге пайдаланады.

Вегетативтік массасы- малдың азығы. Бұршақ қабын отынға пайдаланады.

Жер жаңғағының отаны – Оңтүстік Америка.

Дүниежүзілік егіс көлемі 20 млн. гектарға жуық. Негізгі егістері Үнді, Қытай, Индонезия мемлекеттерінде шоғырланған. ТМД елдерінде жер жаңғағы 19 ғасырдың басында өсіріле бастаған.

Қазіргі кезде аздаған көлемде Украинаның оңтүстігінде, Солтүстік Кавказда, Орта Азия мемлекеттерінде өсіріледі. Біздің елімізде Оңтүстік қазақстан және Қызылорда облыстарында шағын көлемді жерлерде өсіріледі.

Дән өнімділігі – 15-18 ц/га. Суармалы жерлерде 40 ц/га дейін өнім береді.

Морфологиялық және биологиялық ерекшеліктері. Жержаңғағы (Arachis hypogaea L.) – біржылдық шөптесін бұршақ тұқымдас өсімдік. Арахистің кіндік тамыры күшті тарамданған топырақтың 1,5 м тереңдігіне дейін бойлайды. Түп бұтақтары негізінде дөңгелек, ал жоғарғы жағы төртқырлы, түкті. Жапырақтары қос қауырсынды, жоғарғы жағы жылтыр, төменгі жағы түкті. Гүлдері жапырақ бауырында бір-бірлеп немесе 2-3 отырады. Гүл күлтесінің түсі қызғылт-сары. Жер үсті гүлдері айқас тозаңданады, ал жер асты гүлдері өздігінен тозаңданады. Тозаңданғаннан кейін жер үсті гүлдерінің жатынының төменгі бөлігі ұзарып, гинофор түзеді, ол 5-6 күн жоғары қарай өседі де, содан кейін иіліп, төмен қарай өсіп топырақтың 10 см тереңдігіне дейін енеді. Содан кейін жатыннан жеміс дами бастайды. Жемісі – жарылмайтын бұршақ тәрізді пішінді қалың тор қабықты, онда 3-5 тұқым болады.

Тұқымы ұзынша сопақ және дөңгелек, қоңыр-қызыл немесе ақшыл-қызғылт түсті. 1000 тұқымының массасы 300-500 г және одан артық болады.

Негізгі тыңайтқыш ретінде жержаңғаққа гектарына 20-25 т көң және 40-60 кг фосфор мен калий береді. Дақылды сепкен кезде 10-15 кг азот пен фосфор қолданады. Жаз бойы азот-фосфор тыңайтқыштарымен үстеп қоректендіреді.

Сурет 39. Жер жаңғағы. 1, 2 – егін көгінің пайда болуы мен гүлдеуі және жемісінің жетілуі; 3 – сабақ бөлігі мен жапырағы және гүлімен; 4 – жемісінің бүтін кескіні және жартылай кескіні.

Жержаңғақты себуге топырақтың 10 см терендігіндегі температура 14-15°С жылығанда кіріседі. Оның бұршақбасын, немесе қабығы аршылған дәнін егеді. Аршылған дәнмен еккенде, оның көгі ерте және біркелкі шығады. Себер алдында дәнді нитрагинмен өңдейді.

Жержаңғақты шаршы-ұялы (ұяда 5-6 өсімдік), немесе қатараралықтары 60-70 см кеңқатарлы тесілдермен себеді. Қабығы аршылған дәнді себу мөлшері гектарына 50-80 кг, себу тереңдігі 6-8 см.

Жержаңғақты күтіп-баптауға келесідей шаралар кіреді. Көгі шықканға дейін топырақ қабыршықтанса, оны жеңіл тырмалармен (ротациялық шабықтауышпен) бұзады. Өсімдік көп шыққаннан сон жүйелі түрде арамшөптермен күреседі, ұядағы және катардағы артық өсімдіктерді алып тастайды. Қажеттілігіне қарай қатараралықтарды қопсытқыштармен өндеп, тыңайтқышты бірге береді. Гинофор пайда болып және оның топыраққа ену кезендерінде, әсіресе суарған немесе жазда жауын жиі болған кезде 2-3 рет түптеу (түбін көму) жүргізеді.

Өнімді жинауға бұршақбастар толық құралған кезде кіріседі. Жержаңғақтың піскендігін білдіретін белгісі жапырақтарының сарғая бастауы.

Жержаңғақты арнаулы арахис жинағыш машиналармен немесе картоп қазғыштармен жинайды. Жинағаннан кейін бұршақбастарды кептіреді. Олардың сақтауға қоярдағы ылғалдылығы 10% аспауы керек.

МАЙКЕНЕ – КЛЕЩЕВИНА

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Майкене – жоғары майлы өсімдік. Тұқымында жалпы 47-50% кеппейтін май болады, ал ядросында 64-71% болса, жаңа сорттар құрамындағы майдың мөлшері 73-74% жетеді.

Майкене тұқымында өте улы зат – рицин болады және оның құрамында циан тобы мен рицинин (алкалоид) кіреді.

Өсімдік майы өзінің жабысқақтылығымен және төменгі температурада (-160С дейін) қатаймайтын қасиеттерімен құнды. Сондықтан, оны машиналардың тез қозғалатын бөліктерін майлауға пайдаланады. Майкене майы соңғы кезде авацияда және космонавтикада сұранысқа ие. Сонымен қатар, тұқымын ыстықтай сығымдау немесе еріткіш қосып экстракциялау арқылы майкене майын өндіреді, оны тері илеу, мақта-мата, лак-бояу, сабын қайнату және өндірістің басқа салаларында кеңінен пайдаланады, ал суықтай сығымдау арқылы медицинада қолданылатын кастор майы алынады. Екі тәсілмен алынған майлардың айырмашылығы, егер майкене майында аздаған мөлшерде улы зат сақталса, ол кастор майында кездеспейді.

Күнжарасынан казеин желімін алады және тыңайтқыш ретінде пайдаланады, себебі оның құрамында 7,5% азот болады.

Соңғы жылдары май сығу зауыттарында майкене күнжарасын залалсыздандырып, малға азық ретінде қолданады. 100 кг күнжарасында 92 азықтық өлшем және 2,6 кг қортырмалы протеин бар.

Жапырағын жібек құрттарын қоректендіруге пайдаланады, сабағынан арқан, жіп есіледі.

Майкененің отаны – Африка елдері, атап айтқанда Эфиопия мемлекеті. Оны ертеректе Египетте өсірген, одан Азияға, Америкаға содан кейін Европаға таралған.

Дүние жүзілік егіс көлемі 1,5 млн гектарға жуық. Ең көп егісі Индия, Бразилия және Қытайда. ТМД елдерінде Солтүстік Кавказда, Украинада және Ресейдің Кубань, Ростов облыстарында және Орта Азияда өсіріледі. Егіс көлемі 100 мың гектарға жуық, ал Қазақстанда мүлдем жоқтың қасы, тек қана жабайы түрлері кездеседі. Стратегиялық маңызды дақыл бола тұра, қажетті деңгейде өсірілмеу себебі, тұқымын жинау қиыншылығы, яғни арнайы комбаиндардың болмауы кедергі болуда.

Тұқымның орташа өнімділігі 8-10 ц/га, ал суармалы жерлерде 15-20 ц/га түсім жинауға болады.

Ботаникалық сипаттамасы және биологиялық ерекшеліктері. Сорттары. Майкене Ricinus туыстығына, сүттіген тұқымдастығына жатады. Тропикалық және субтропикалық белдеулердің көпжылдық өсімдігі, ал біздің елімізде бір жылдық өсімдік ретінде өсіріледі, себебі қыстың суығына шыдамайды.

Сурет 40. Майкене. 1, 2 - өсімдіктің егін көгі және гүлдеуі; 3 – сабақ бөлігі мен жапырақтары және гүлшоғыры; 4 – аталық гүл; 5 – аналық гүл; 6, 7 – майкененің ал-қызыл жемісі мен тұқымы; 8, 9 – парсы май кенесінің жемісі мен тұқымы.

Майкене атауы латынша «Ricinus» - кене деген сөзден шыққан, себебі дақыл тұқымының пішіні кене пішініне ұқсас. Кәдімгі майкененің бірнеше түрлері бар, олар майлы (касторник), дәрілік (рицина) және жабайы рай ағашы.

Кәдімгі майкене төрт түртармаққа бөлінеді: қан-қызыл, маньчжуриялық, занзибарлық және персиялық. ТМД елдерінде персиялық және қан-қызыл түртармақтары таралған.

Майкене өсімдігі – кіндік тамырлы, тамыр жүйесі жақсы жетілген, топырақтың 3-4 м тереңдігіне және жан-жағына 1,5-2 м жайылып тарайды. Сабағы тік, ортасы қуыс, күшті бұтақтанған, биіктігі 1-3 м жетеді, ал көпжылдық жабайы түрлері 10 м дейін барады. Сабағының түсі жасыл немесе қызыл-қоңыр. Жапырақтары ірі, ұзын сағақты, ұзыннан тілінген 7-11 бөліктерден тұрады. Негізгі сабақта 5-20 аралығында ірі жапырақтар болады, сағағының ұзындығы 20-60 см. Жапырақтары кездесіп орналасады, алақаны тықыр, қалқан тәрізді, ені 30-80 см.

Гүл шоғыры – шашақгүл ұзындығы 60-80 см. Бір өсімдікте 2-12 дейін гүлшоғырлар болады. Шашақгүлдің жоғарғы жағында аналық гүлдер, ал төменгі бөлігінде аталық гүлдері жиналған. Біздің елімізде бір өсімдікте тек қана 3-5 шашақгүл ғана пісіп жетіледі, ал отанында 100-150 дейін піседі.

Әрбір шашақгүлдерде 50-200 дана гүлдер бар. Гүлдері ұсақ, жай бес ескекті гүл серігінен тұрады, дара жынысты. Аталық гүлдерде аталықтар көп, ал аналық – үш ұялы жатын, үш қос ескекті тозаңдардан тұрады. Майкене- айқас тозаңданатын өсімдік. Жемісі – үш ұялы шар тәріздес қауашақ, әрбір ұяда бір-бірден тұқым орналасады. Сырты тегіс, кейде тікенді. Алдымен орталық шашақгүлдегі қауашақтар піседі, содан соң бүйіріндегілері, піскен кезде қан-қызыл түртармақтың қауашақтары жарылып тұқымдары шашылады, ал персиялық түр-тармақ қауашағы жарылмайды. Тұқымы – сопақша жұмыртқа пішінді, қабығы әлсіз. Тұқымның сырты ала, түсі сұрдан – қара қоңырға дейін. 1000 тұқым салмағы 200-500 г.

Майкене – жылу сүйгіш өсімдік. Тұқымы 12-130С өне бастайды, көгі жаппай 16-180С пайда болады. өсіп-жетілуіне қолайлы температура 25-300С. Өсімдік барлық өсу кезеңдерінде аз уақыттағы үсіктерден (-20С) зардап шегеді.

Вегетация кезеңінің ұзақтығы 110-150 күн және өсу дәуіріндегі қажетті белсенді температуралар жиынтығы (100С жоғары) – 2500-32000С тең.

Ылғалға талабы жоғары. Жоғары өнімді ылғалды жылдары немесе суармалы жерлерде береді. Қуаңшыл жылдары өсімдіктің жапырақтары түсіп, гүлдері мен қауашақтары жетілмейді. Ылғалдың жетіспеуі өнімділікпен май шығымдылығына да кері әсерін тигізеді.

Жарық сүйгіш өсімдік. Топырақ құнарлылығына қатаң талаптар қояды. Ең жақсы топырақ типтері – қоректік заттарға бай қара және сұр топырақты жерлер. Топырақ ертіндісінің қолайлы реакциясы 6,0-7,3. Майкене үшін қолайсыз ауыр сазды, бастапқы және тұзданған жерлер.

Сорттары: Донская крупнокистная, ВНИИМК 165 улучшенная, Херсонская 10, Краснодарская 3, Хортицская және т.б.

Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Майкенені күздік бидайдан, жүгеріден және дәнді бұршақ дақылдарынан кейін орналастыру керек. Майкененің өзі де жаздық астық дақылдарына жақсы алғы егіс болып саналады. Фузариоз ауруымен залалдану қаупін ескере отыра, майкенені бастапқы орнына 8 жылдан кейін ғана қайтаруға болады.

Майкененің қоректік заттарға да талабы жоғары. Ол 1 ц тұқым қалыптастыру үшін топырақтан 7,2 кг азот, 1,7 кг фосфор және 5,0 кг калий жұмсайды. Дақыл үшін жақсы тыңайтқыш болып көң саналады және оны 20 т/га мөлшерінде шашу тұқым өнімділікті 20-25% жоғарылатады. Бүкілодақтық майлы дақылдар ғылыми зерттеу институтының деректері бойынша, майкене плантациясына N60-90Р90К30 кг әсерлі затпен минералды тыңайтқыштар беру тұқым өнімділігін 16-20% көтереді.

Топырақ өңдеу. Майкене өсірілетін танапты күзде алғы дақылды жинағаннан кейін сыдыра жыотып, содан соң 25-27 см тереңдікке сүдігер тартады. Ерте көктемде танап тырмаланып және қажетсінше культивацияланады.

Дақылды индустриальды технологиямен өсіруде арамшөптермен күресу үшін тиімділігі жоғары топырақ гербицидін трефланды (6-8 кг/га) себер алдындағы культивацияға салады.

Егістік материалға қатаң талаптар қойылады. Себуге ірі және біркелкі сортқа тән тұқым іріктеп алынады. Тұқымдық материалдың тазалығы 98% және өнгіштігі 85% төмен болмау керек. Себер алдында тұқымдық материалды ауруларға қарсы дәріленеді.

Майкенені үсік шалу қаупі өткеннен соң, топырақтың 10 см қабаты 120С жылынғанда себе бастайды. Ерте немесе кеш себу өнімділікті төмендетеді. Республиканың оңтүстік-шығысындағы майкене себудің қолайлы күнтізбектік мерзімі мамыр айының бірінші онкүндігінің соңы (Т.Н.Нұрғасенов және т.б., 2010).

Майкенені шаршы ұялы (70х70 см) және пунктирлі тәсілмен 70 см қатараралықпен СУПН-8, СПЧ-6МФ сепкіштерімен себеді. Т.Н.Нұрғасенов және т.б. (2010), республиканың оңтүстік-шығысының суармалы жерлерінде майкенені 90х60 см нобаймен себуді ұсынады.

Себу мөлшері ірі тұқымды сорттарды 20-25кг/га және ұсақ тұқымдыларды-10-12 кг/га. Себу тереңдігі 6-10 см. Гектардағы өсімдіктер жиілігі 45-60 мың дана аралығында болу керек.

Күтіп-баптау шаралары. Көгі шыққанға дейін тырмалау және қатараралықты өңдеу. Екінші нағыз жапырақ пайда болғаннан кейін сиретуге болады.

Вегетация кезеңінде қатараралық 2-3 рет өңделеді, сонша рет суарылады, әрбір суғару мөлшері 400-500 м3/га. Арамшөптермен күресуде гербицидтер қолданылады.

Майкене қауашақтары біркелкі піспейді, бірінші кезекте орталық шашақгүлдегі қауашақ піседі, содан соң басқа қатардағылар піседі. Жинау үшін қауашақтардың біркелкі пісуі және тұқым ылғалдылығы төмен болуы керек. Сондықтан қауашағы жарылмайтын өсімдіктерді десикациялайды, яғни тамырында құрғатады. Десикант ретінде магний хлораты 15 кг/га және оны 100 литр жұмыс сұйығына араластырып өсімдікке бүркеді. Десикант қолданғаннан кейін 12-15 күннен соң тұқымды жинауға болады.

Қауашағы жарылмайтын майкене сорттарын бір сатылы тәсілмен майкене жинайтын комбаиндармен ККС-6, ал екі сатылы тәсілмен жинау үшін алдына арнайы қондырғы қойылған астық комбайндарын пайдаланады. Соңынан майкене ұнтақтағышымен КЦМ-2 бастырады. Қамбада сақталатын майкене тұқымының ылғалдылығы 6% аспау керек.