- •1.1 Тұқымдық жадығат (материал), оның маңызы мен сипаттамасы. Қазақстанда тұқымтану және тұқымдық бақылау қызметінің дамуы
- •Өсімдік шаруашылығы
- •Тұқымдық бақылау
- •1.2 Тұқымның даму кезеңдері
- •1.3 Тұқымның тыныштық күйі, тіршілікке қабілеттілігі және оның ұзақтығы
- •1.4 Өсімдік өнімділігі және тұқымның әртүрлі сапалылығы
- •1.5 Тұқым сапасына экологиялық және агротехникалық жағдайлардың әсері
- •1.6 Тұқымның өнуі, көктеуі және танаптық өнгіштігі, оларға әсер ететін факторлар мен жағдайлар
- •1.7 Тұқымның жарақаттануы (зақымдануы) және оны азайтудың шаралары
- •1.8 Тұқымның себу (егістік) сапасы
- •1.9 Тұқымдық жадығат сапасы жөніндегі құжаттар
- •1.10 Тұқымдық жадығаттың сапасын жақсарту шаралары
- •2.1 Өнімді бағдарламалау – ғылыми және оқу пәні
- •2.2 Биоклиматтық көрсеткіштерді және дақылдар мен сорттардың әртүрлі пісу топтарын өсіру мүмкіншілігін бағалау
- •2.3 Өнім мөлшерін фотосинтетикалық белсенді радиация (фбр) кірісімен анықтау
- •Кесте 11. Қазақстанның үш нысанында (пунктінде) жылы кезеңдегі фбр (млрд.КДж/га) көрсеткіштері
- •2.4 Танаптық (екпе) дақылдар егістіктерінің ылғалмен қамтамасыз етілуі және нақты мүмкін өнім (нмө) деңгейін анықтау
- •Пө Кфбр пәк 2,0%
- •Нмө шектелген ылғалмен қамтамасыз етілу фактор бойынша
- •Агротехника деңгейіне байланысты нө
- •Кесте 13. Екпе дақылдардың су пайдалану коэффициенттерінің орташа мәндері
- •Кесте 15. Ең төменгі сиымдылықтың 1 м топырақ қабатындағы өнімді ылғал мөлшері, мм
- •2.5 Өсімдіктердің фотосинтетикалық әрекеті және оның егістіктердің негізгі құрылым элементтерімен байланысы
- •2.6 Егін жинау алдындағы қолайлы сабақ жиілігін (шөп оттылығын) бағдарламалау
- •2.7 Бағдарламаланған өнім деңгейіне тыңайтқыш енгізу мөлшерін есептеу әдістемесін ілімдік (теориялық) негіздеу
- •3.1 Дәнді астық дақылдарының жалпы сипаттамасы
- •3.2 Жаздық астық дақылдары
- •3.3 Күздік астық дақылдары (жалпы сипаттамасы)
- •Күздік қара бидай
- •3.4 Дәнді бүріііақ дақылдары (жалпы сипаттамасы)
- •Майбұршақ
- •4.1 Майлы дақылдар (жалпы сипаттамасы)
- •4.2 Эфир майлы дақылдар (жалпы сипаттамасы)
- •5.1 Картоп
- •Кокшетауский ранний – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, сқо, Қарағанды облыстарында өсіруге рұқсат етілген.
- •5.2 Картоптың голландтық өсіру технологиясы
- •5.3 Ерте картоп
- •Әдебиеттер
- •Қ. К. Әрінов, қ. М. Мұсынов, а. Қ. Апушев, н. А. Серекпаев, н. А. Шестакова, с. С. Арыстанғұлов өсімдік шаруашылығы
Күздік қара бидай
Күздік қара бидай – маңызды азық-түліктік дәнді дақыл. Оның дәнінде толыққұнды белоктар, көмірсулары, майлар, өте бағалы айырбасқа жатпайтын амин қышқылдары (лизин, валин, триптофан), сонымен қатар А, В1, В2, Е, РР дәрумендері ж.б. элементтер бар, олар адамзат тіршілігінде өте маңызды.
Қара бидай ұнынан әртүрлі нан сорттарын пісіреді, олар жоғары қоректілігімен, жақсы дәмдік сапасымен, хош иістілігімен ерекшеленеді. Ол техникалық және мал азықтық мақсаттарға да пайдаланылады, арамшөптерден танапты жақсы тазартатын дақыл, әрі бірқатар екпе дақылдарға жақсы алғы дақыл.
Қазақстанда 2009 жылы күздік қара бидайдың егістік ауданы 59,8 мың га, ал астық өнімі 13,1 ц/га болды. Оның негізгі алқаптары СҚО, ШҚО, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында шоғырланған, оларда астық өнімі 10,8-17,2 ц/га аралығында. Әлеуетті астық өнімі - 18-20 дан 50-70 ц/га дейін. Өндірістік жағдайда бұл дақылдың астық өнімінің төмендігі оның өсіру технологиясының жетілдірілмегендігінде (тыңайтқыш қажетті деңгейде енгізілмейді, нашар алғы дақылдан кейін орналастырылады ж.б.).
Морфологиялық ерекшеліктері. Қара бидай қоңырбастар (Poaceae) тұқымдасына және Secale туыстығына жатады да 12 түрді біріктіреді. Дақылда негізінен күздік қара бидай өсіріледі, ал жаздық қара бидай – төмен өнімді, Қазақстанда мүлде өсірілмейді десе де болады (Сурет 22).
Тамыр жүйесі. Күздік қара бидайдың тамыр жүйесі қуатты дамыған, шашақты, ұрықтық және түйін тамырлардан тұрады, топыраққа 1,0-1,5м дейін бойлайды, алайда негізгі массасы топырақтың беткі қабатында шоғырланады. Күздік қара бидайдың тұқымдары көбінесе 3-4 ұрықтық тамырмен өнеді, олар өсімдіктер тіршілігінің алғашқы кезеңдерінде қоректенуде өте үлкен рөл атқарады. Негізгі өркеннің төменгі түйінінен түйін (екіншілік) тамырлар тарайды, олардың даму деңгейі топырақ-климат ерекшеліктері мен өсіру жағдайларына байланысты өзгереді.
Сурет 22. Қара бидай. 1, 2 - өну және масақтану кезеңіндегі өсімдік; 3 - масақ; 4 -масақша; 5 - дән; 6 - өсімдік сабағы мен жапырағының қосылған жері; 7, 8, 9, 10 -өскін, масақ, масақша және тритикале дәні.
Сабағы – сабан, іші қуыс, биіктігі 0,6-1,8 м дейін және буынаралығы төрттен жетіге дейін, оның жапырылуы сабақтың биіктігі, төменгі буынаралығының ұзындығы мен жуандығына қарай өзгереді.
Жапырақтары – ланцетті, бидаймен салыстырғанда ендірек.
Гүл шоғыры – күрделі масақ, ақшыл-сары, масақ білігі мен масақшалар бекитін тұғырдан құралған. Масақ білігінің тұғырлары қысқа, түкті келген, сопақ, сатылы орналасқан. Әрбір тұғырда бір бірден масақша орналасқан, ал қос гүлді, үшіншісінің сілемдері анық байқалады. Гүл қауыздары бес жүйкелі және бір-екі килі болады. Масақта 30-40 масақшалар дамиды.
Жемісі – жіңішке ұзынша келген немесе сопақша келген дән, жасыл, сары, сұр және басқа түсті, 1000 санының массасы – 18-25 г. Қара бидай – айқас тозаңданатын өсімдік (желмен немесе бір бөлігі жәндіктермен).
Биологиялық ерекшеліктері. Жылуға қажетсінуі. Күздік қара бидай тұқымы жеткілікті ылғал жағдайында 0,5-2,00С-да өне бастайды, ал температура 300С-дан асып кетсе - өнуі тоқтатылады.
Күздік қара бидай ауаның, 50С тәуліктік орташа температурасында жақсы түптенеді, жоғарырақ температурада оның түптенуі тездетіледі, алайда өркен саны аз қалыптасады. Күздік дақылдардың ішінде күздік қара бидай төменгі температураға барынша төзімді. Тіпті қар қабаты төмен болған қыстың өзінде ол – 25-300С аязды көтереді, ал қар қабаты 30-40 см болғанда күзгі шынығудан өткен өсімдіктер бір апта бойы – 40-430С аязды көтере алады. Қалыпты масақтану және гүлденуге қолайлы температура 14-150С. Ол гүлдену кезеңінде жоғары температураға өте сезімтал, дегенмен бидай мен сұлыға қарағанда шамалы деңгейде зақымданады. Жоғары температуралар дәннің байлануын күрт төмендетеді де босдәнділік пайызын арттырып жібереді. Пісу кезеңінде күздік бидайға оңтайлысы – 22-250С. Тұқымның өнуінен дәннің пісуіне дейінгі қажетті температура жиынтығы күздік қара бидайдың ерте пісетін сорттарында – 1000-17000С, орташа мерзімде пісетіндерінде – 1200-18000С, ал кеш пісетіндерінде – 1300-18500С.
Ылғалға қажетсінуі. Күздік қара бидайды негізінен ылғалды өңірлерде өсіреді, алайда оны құрғақшылыққа төзімді дақылдар қатарына жатқызады. Ол бидай мен сұлыға қарағанда ылғалды аз талап етеді. Транспирациялық орташа коэффициенті – 400-420, сортына топырақ-климат жағдайлары мен себу мерзіміне байланысты ол көрсеткіш 240-тан 585-бірлікке дейін өзгереді. Ол үшін өте маңыздысы күзде түптену кезеңінде жеткілікті ылғал мөлшерімен қамтамасыз етілуі. Күздік қара бидай алғашқы даму кезеңінде ылғалға қажетсінуі шамалы, бірақ түптену кезеңінде ылғалды 3 есе артық шығындайды. Түптену кезеңінде ылғал жеткіліксіздігі байқалғанда қысқа қарсы жақсы түптеніп үлгермейді де егістіктің селдір болуына және астық өнімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Күздік бидайдың ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі түтікке шығудан толық масақтануға дейін созылады, бұл кезеңдегі жеткіліксіз ылғал қоры, дәннің толысу кезеңінде де, босдәнділікке ұрындырады және өнімді төмендетеді.
Жарыққа қажетсінуі. Күздік қара бидай ұзақ күннің өсімдігі. Күзгі шынығуды өткенде ол жарыққа жоғары талап қояды. Күннің пәрменділі жарығы күзгі түптену кезеңінде күздік бидай жапырақтары мен түптену түйінінде көп мөлшерде пластикалық заттарды, әсіресе қантты, жинақтауды қамтамасыз етеді. Бұл уақытта органикалық заттарды белсенді синтездейді, нәтижесінде күздік қара бидайдың аязға төзімділігін арттыруға мүмкіндік жасайды. Көктемгі ұзақ ашық күн оның шапшаң өсуі мен дамуын қамтамасыз етеді және ауаның температурасы 150С-дан жоғары болғанда масақтануы және кейінгі кезеңдері тездетіледі. Органикалық заттарды толассыз түзу үшін басқа кезеңдерде де жарық күннің жеткілікті болғаны абзал.
Топыраққа және қоректік элементтерге қажетсінуі. Күздік қара бидай басқа дәнді дақылдарға қарағанда топыраққа азырақ талап қояды. Оның тамыр жүйесі жоғары сіңіру қабілетімен ерекшеленеді, әсіресе қиын еритін фосфор қосылыстарынан қоректік фосфорды жақсы сіңіреді. Оған жақсысы қара, күңгірт-қоңыр топырақтар, бірақ ауыр саз және батпақтанған топырақтардың жарамдылығы шамалы. Әрбір центнер астық пен соған сәйкес сабанды қалыптастыру үшін күздік қара бидай топырақтан 3 кг азот, 1,5 кг фосфор және 2,5 кг калий шығындайды. Күздік қара бидай өсімдіктері фосфор қоректік затын бүкіл тіршілік үрдісінде біркелкі пайдаланса, азот пен калийдің барынша жоғары мөлшерін күзде және ерте көктемде талап етеді.
Күздік қара бидайдың пісуі күздік бидайдан 8-10 тәулік, ал жаздық бидайдан 13-16 тәулік бұрын болады. Ал бұл егін жинаудағы қарбаластықты бәсеңдетіп, техника мен жұмыс қолын тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жалпы оның вегетация кезеңінің ұзақтығы 270-тен 350 тәулікке дейін созылады.
Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары:
Саратовская 5 - Ресейдің Оңтүстік-Шығыс АШҒЗИ-да шығарылған. Түршесі – вульгаре, орташа мерзімде пісетін сорт, қысқа, құрғақшылыққа, шашылып қалмауға төзімді (Қостанай, Павлодар, СҚО, Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, Батыс Қазақстан облыстарында).
Саратовская 4 - Ақтөбе, ШҚО, Батыс Қазақстан облыстарында.
Чулпан – Солтүстік Қазақстан облысы мен Павлодар облыстарында.
Күздік қара бидайдың астыққа өсіру технологиясы. Ауыспалы егістіктегі орны. Күздік кара бидай қолайсыз жағдайларға төзімділігінің арқасында, күздік бидайға қарағанда, көптеген алғы дақылдардан кейін егіле береді. Ылғал жеткілікті аудандарда оны екпе сүрі жерлерге себеді-ас бұршағы, сиыр жоңышқа мен сұлы қоспасы, картоп ж.б. Құмдауыт, жеңіл құрамды топырақтарда да екпе сүрі жерлерге себілген күздік қара бидай жоғары өнім түзеді.
Оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтардың қуаңшылық жағдайларында екпе сүрі жерлердің екпе дақылдары толық жетіліп үлгермейтініне байланысты күздік қара бидайды таза сүрі жерге сепкен тиімді.
Күздік қара бидай бір орынға қайтара сепкенде де жоғары өнім түзеді.
Солтүстік Қазақстанның шаруашылықтарында күздік қара бидайды таза сүр танабына, дұрысы ықтырмалы сүрі танабына орналастырған абзал.
Күздік қара бидай басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл: жүгеріге, картопқа, қант қызылшасына, мал азықтық тамыржемістілерге ж.б.
Тыңайтқыш жүйесі. Күздік кара бидай тамыры 2 м тереңдікке дейін кететін, топырақ кұнарлылығын аса кажет етпейтін құмды, сазды жерлерде өсе беретін дақыл. Басқа күздік дақылдарға карағанда қуаңшылық пен аязға төзімді.
Күздік кара бидайдың 1 тонна астығы және соған сәйкес мөлшердегі сабаны топырақтан шамамен 25-30 кг азот, 10-15 кг фосфор жене 20-25 кг калий пайдаланады. Қоректік заттарды түптену кезеңінен бастап түтіктену кезеңіне дейін өте көп мөлшерде қажет етеді.
Негізгі тыңайтқыш ретінде көң пайдаланылады, қуаңшылық жағдайында гектарына 15-20 тонна енгізіледі. Топыраққа көңмен бірге фосфорит ұнын енгізген жақсы нәтиже береді, мұндай компост 10-15 тонна көңнен, 3-4 ц фосфорит ұнынан тұрады.
Азотты ерте көтемде тыңайтқыш түрінде қосымша беру-оның өнімін арттырудың бірден-бір қолайлы шарасы. Күзде топырақта фосфор мен калийдің жеткілікті болуы оның суыққа төзімділігін күшейтеді, бұл дақылдың топырақтағы фосфорды пайдалануы көптеген дақылдардан жоғары.
Қолданылатын тыңайтқыш мөлшері топырақ типіне, алғы дакыл түріне және жоспарланған өнім деңгейіне байланысты. Қазақстанның ылғал жеткіліксіз далалық аймағында азот тыңайтқьшының тиімділігі төмендеп, керісінше, фосфор тыңайтқышының тиімділігі жоғарылайды. Мысалы, таза сүріге берілген 40-60 кг Р2О5 күздік кара бидай өнімін 2-2,5 центнерге арттырады. Тұкыммен бірге қолданған 10-15 кг P2O5 гектарынан 1-1,5 центнер қосымша өнім жинауды қамтамасыз етеді.
Топырақ өңдеу. Топырақты дайындау шамамен күздік бидайға ұқсас. Күздік қара бидай екпе сүрі алғы дақылынан кейін себілгенде оның күздік бидайдың топырақ өңдеу жүйесінен еш айырмашылығы жоқ.
Күздік қара бидай картоп және басқа отамалы дақылдардан кейін себілетін болса жер жыртудың орнына, бірге тырмалаумен 8-10 см-ге сыдыра қопсытылады.
Себу алдында топырақты себу тереңдігіне РВК-3,6, ВИП-5,6 немесе басқа агрегаттармен культивациялайды.
Тұқымды себуге дайындау. Себуге жақсы тазаланған, егістік кондициясы I-II классқа жататын тұқым пайдаланылады. Қазақстанда тұқымды себу алдында ауруларға қарсы өңдеуге 80% ТМТД (1,5-2,0 кг/т), Винцит, 5% к.с. (1,5 л(кг)/т), Дивиденд, 030 к.с. (2,5 л(кг)/т), Фундазол 50% с.п. (2,0-3,0 л(кг)/т) препараттарының бірін қолдануға рұқсат етілген, өңдеу ПС-10, ПСШ-5, «Мобитокс» машиналарымен жүргізіледі.
Себуге өткен жылғы өнімнен алынған тұқымды пайдалану керек, өйткені күздік қара бидай тұқымының піскеннен кейінгі физиологиялық жетілу кезеңі күздік бидайдікіне қарағанда біраз ұзақ. К.А.Тимирязев атындағы а.-ш. академиясы ғалымдарының деректері бойынша бастырғаннан кейін бірден себілген тұқымның өнгіштігі 38%, бір жұмадан кейін 69%, екі жұмадан кейін 74, үш жұмадан кейін 89%, бір айдан кейін 96% болған.
Жаңа бастырылған тұқымды себуге мәжбүр болған жағдайда 3-5 күн күн көзінде қыздырған жақсы нәтиже береді немесе тұқым кептіретін қондырғыларда 45-50°С температурада белсенді вентиляция жасау арқылы тұқымның ылғалдылығын 14-15%-ға дейін төмендету керек.
Өте ерте себілген күздік қара бидай егістігі швед және гессен шыбындарымен жарақаттанады. Төменгі температураларға төзімділігін жоғалтады. Тым өсіп кеткен өсімдіктері, нәзік үлкен вегетативтік массасының әсерінен, ақұнтақ (мучнистая роса) ауруымен залалданады да кейіннен ақ зең (снежная плесень) ауруынан зардап шегеді. Мұндай егістіктер күз құрғақ болғанда топырақты кептіріп жібереді. Өте кеш пісетін егістіктер түптеніп үлгермейді. Және өсімдіктері қорғаныштық қорлық заттарды жинақтай алмайды, нәтижесінде күздік қара бидай нашар қыстайды. Көктемде нашар түптенетіндіктен күздік қара бидайдың кеш себілген егістіктері селдір өседі, 5-7 тәулік кешігіп піседі, өнімі төмендейді, әрі астық ысырабы артады және күзгі жұмыстар созылып кетеді.
Себу мерзімі. Күздік қара бидайдың себу мерзімі күздік бидайға қарағанда ұзақ болғанымен, дер кезінде себілгенде ол жоғары өнім түзеді. Көптеген зерттеулер нәтижесіне қарағанда қолайлы себу мерзімі - тәуліктің орташа температурасы 10°С-қа жеткен кезең болып есептеледі. Күзде күздік қара бидай 45-50 тәулік ішінде 420±60°С белсенді температуралар жиынтығын қабылдап, 3-4 сабақ түзіп қысқа кеткен жағдайда оның қыстың қолайсыз жағдайларына төзімділігі артып, келесі жылы жоғары өнім түзеді.
Ақмола облысының күңгірт-қоңыр топырақтарында 2001-2003 жылдары С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының жүргізген зерттеулерінде себу мерзіміне байланысты күздік қара бидайдың астық өнімі мынадай болды: ерте себілген егістікте (10-15 тамыз) – 8,3 ц/га, орташа мерзімде себілгенде (20-25 тамыз)- 12,0 ц/га, ал кеш егістікте – 11,1 ц/га. Осы деректерге сүйене отырып, Солтүстік Қазақстан өңірінде күздік қара бидайдың астыққа өсіргендегі оңтайлы себу мерзімі – 20-25 тамыз деп есептеуге болады.
Қазақстанда күздік қара бидайдың кең тараған себу тәсілі- жаппай қатардағы тәсіл, тар қатарлап себуге де болады.
Озық өсіру технологияларының маңызды элементтерінің бірі – оңтайлы қоректену алаңын таңдап алу. Ал ол сорттың биологиялық ерекшеліктерін, нақты өсірілетін өңірдің топырақ-климат және өсіру жағдайларын ескере отырып тиісті себу мөлшері, әрі себу тәсілдерімен белгіленеді.
Себу мөлшері. Себу мөлшері топырақ-климат жағдайларына қарай гектарына 3,0-3,5 мен 5,0-7,0 млн өнгіш дән себу аралығында өзгереді. Ылғалмен қамтамасыз етілген аймақтарда себу мөлшері жоғарылайды, ал қуаңшылық аймақтарда азаяды. Қазақстанның әртүрлі аймақтарында 3,5-4,0 тен 6,0-6,5 млн өнгіш дән себу мөлшері қолданылып жүр.
Жоғарыда аталған жоғары оқу орнының ғалымдарының ғылыми деректері бойынша (Қ.М. Мұсынов, 2007), күздік қара бидайдың астық өнімі себу мөлшері мен тыңайтқыш аясына байланысты өзгерді. Атап айтқанда, себу мөлшерін 3,0-тан 4,5-млн/га өнгіш тұқымға дейін жоғарылатқанда өнімнің арту (13,5 ц/га-дан 15,4 ц/га дейін) тенденциясы байқалды, ал бұл күздік қара бидай үшін Солтүстік Қазақстан құрғақ-дала аймағында (жаппай қатардағы себу тәсілінде) бұрын ұсынылған себу мөлшеріне (3-4 млн/га өнгіш тұқым) сәйкес келеді.
Себу тереңдігі. Күздік қара бидай түптену түйінін топырақ бетіне жақын салатын болғандықтан, оның тұқымын күздік бидайға қарағанда таяз 4-5 см тереңдікке себеді. Құрамы ауыр топырақтарды 3-4, ал құрамы жеңіл топырақтарда 5-6 см тереңдікке себеді, негізінен ылғалды қабатқа сіңірген дұрыс.
Күздік қара бидай егістігін күтіп-баптау көктемде топырақтың физикалық пісуі жеткенде тісті тырмалармен егістікті тырмалауды қарастырады. Әдетте, күздік қара бидай егістігінде химиялық отау жұмысы қолданылмайды., өйткені ол арамшөптермен өзі жақсы күреседі. Алайда, сирек егістерде күздік бидайда қолданғандай, гербицид қолданған дұрыс.
Жапырылуға (сұламалыққа) қарсы сабақтану кезеңінің басында гектарына 2-3 кг мөлшерінде ретордант кампозанмен өңделеді. Кампозан М (1 кг/га) мен Тур (1,8-2,0 кг/га) препараттарының қосындысымен өңдеген жоғары нәтиже береді.
Күздік қара бидайды балауызданып піскенде бөлектеп (екі кезеңді) жинаған жөн. Мұндай жинау тәсілі астықты, кесілген ұзын сабақтарды (көбінесе кесу биіктігі күздік бидайға қарағанда жоғарырақ) дестеде жақсы кептіруге мүмкіндік береді және егін жинағаннан кейінгі дәннің пісіп-жетілуін тездетеді. Егін толық піскенде комбайн мен тікелей орып бастыруға да болады.
КҮЗДІК АРПА
Халық шаруашылығындағы маңызы. Күздік арпаны негізінен мал азықтық және жармалық дақыл ретінде өсіреді. Дәнінде ақуыздың аз болуы оны сыра қайнату өнеркәсібінің құнды шикізаты қатарына жатқызады. Дәнінің құрамында 13,4% ақуыз, 2,0%-май, 54,0%- крахмал, 9,0%- пентазондар, 5,7%- клетчатка және З,0 % шамасында күл бар. Арпа дәнінен ұн, жарма, кофе және сыра дайындайды. Нанының сапасы бидайдікіне қарағанда нашар болғанымен, асқазаны ауыратын адамдар үшін ол диеталық тағам.
Арпа, үй жануарлары мен құстары үшін бағалы концентратталған жем. Дақыл сабаны мен топанының, әсіресе бұқтырып пайдаланатындарының азықтық құндылығы жоғары.
Арпа егісін күзде сеуіп және оны ерте орудан жұмысшы қолдары мен техникалары тиімді пайдаланылады. Одан басқа ерте орылып-жиналатын күздік арпа бірқатар дақылдарға кұнды алғы дақыл.
Ылғал жеткілікті аудандарда күздік арпадан кейінгі танаптарды аңыздық дақылдар - тары, қарақұмық, судан шөбі және басқа да дақылдар егіп пайдаланған дұрыс.
Жемдік астықтар өндірісін арттыру міндеттеріне байланысты және күздік арпа жаздықтармен салыстырғанда өте өнімді болғандыктан, оның егісін қазіргі өсірілетін аймақтардан да әрі қарай кеңейте түсу көзделуде. Күздік арпа күздік жауыннан басқа, ерте көктемдік жаңбыр ылғалын әлдеқайда толық пайдалануынан, құрғақ онтүстік-шығыс желдері болмай тұрып ерте пісуінен, сондай-ақ кештеу пісетін жаздық арпанікінен гөрі өте толық салмақты дән беруінен жаздықтарға қарағанда көп өнім береді.
Күздік арпаның негізгі егістері ТМД бойынша - Солтүстік Кавказ, Украина және Орта Азия елдерінде. Біздің елімізде күздік арпа егістігі 2009 жылы 15,6 мың га, ал астық өнімі -21,3 ц/га болды. Азық-түліктік және жемдік астық мақсатында күздік арпа Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында өсіріледі.
Биологиялық ерекшеліктері. Күздік арпа күздік бидаймен, әсіресе күздік кара бидаймен салыстырғанда қысқа төзімсіз. Ол үшін -І2°С-тан төмен аяздар қауіпті. Күздік бидайға қарағанда ол ерте көктемгі қолайсыз жағдайлардан көбірек зардап шегеді.
Көктемгі жылы кездер басталысымен күздік арпа жедел өсе бастайды. Өсу-даму кезеңі жаздық арпадан 12-16 күнге, күздік бидайдан 6-9 күндей қыскарақ. Топыраққа қажетсінуі күздік бидайға ұқсас.
Күздік арпаның қазіргі өсірілетін сорттарының қыс пен суыққа төзімділігі күздік бидай мен қарабидайдан төмен болғандықтан, олар қысы жұмсақ аймақтарда ғана себіледі.
Топырақ құнарлығы мен алғы дақылдарға қоятын талаптары бойынша, күздік арпа күздік бидайға жақын. Ол топырақтағы күздік-қыстық ылғал қорын жақсы пайдалануының арқасында жаздық арпадан құрғақшылыққа төзімдірек.
Сорттары. Қазақстанда күздік арпаның мынадай сорттары өсіруге рұқсат етілген: Береке 54 (Параллелум), Роман (Паллидум), Росава (Паллидум), Циклон (Параллелюм) және Южноказахстанский 43 (Нутанс).
Өсіру технологиясының ерекшеліктері. Ауыспалы егісте әртүрлі алғы дакылдан кейін себіледі, бірақ ең жаксы алғы дақылдары - таза сүрі танабы, сондай-ақ жүгеріден, күнбағыстан, дәнді бұршақ дақылдарынан, күздік бидайдан кейін де себіледі.
Күздік арпа тыңайтқышқа өте жоғары талап қояды. Себу кезінде суперфосфатты (Р10) енгізу өсімдіктің шынығуына және жақсы кыстап шығуына ықпал жасайды. Аязға ең жоғары төзімділік тыңайтқыш (Р40-50, К40-50) енгізгенде байқалады. Аммиак селитрасымен (N50) ертерек үстеп қоректендіргенде өнімділік 10-15% артады.
Күздік арпа үшін астық дақылдарынан кейін топырақты өңдеу сыдыра жыртқышты колданудан басталады, соңынан жырту қабатының мүмкін тереңдігіне жыртып, іле-шала тырма жіберіледі. Себу алдында культивация жүргізіледі. Күздік арпаны жақсы күтіп-бапталынған отамалы дақылдардан кейін сепкенде, танап кеш босайтындықтан, жырту культивациямен немесе сыдыра жыртқышпен алмастырылады және тырма жіберіледі. Егер егістік арамшөптермен қатты ластанған және тығыздалған болса, отамалы дақылдардан кейін жыртады және тырма қолданады.
Себілетін тұқымды мұқият тазартып, егістік сапасының І-ІІ -класына сәйкестендіреді. Оларды себу алдында қатты күйеге қарсы дымқыл немесе құрғақ тәсілмен дәрілейді.
Қазақстанның, оңтүстігі үшін ең қолайлы себу мерзімі - қыркүйектін 20-жұлдызымен қазан айының 10-шы жұлдызының арасы. Бұдан кеш себу, әлсіз түптену мен өсімдіктің нашар қыстауының нәтижесінде өнімді кемітеді. Күздік арпаны тар қатарлап және тоғыспалы тәсілмен себеді. Тар қатарлап себу ең жоғары нәтиже береді. Тұқымның сіңіру тереңдігі - 4-6 см.
Суармалы аудандарда әр гектарға 140-160 кг немесе 3,5-4,0 млн өнгіш тұқым, ал тәлімі жерлерде тиісінше - 100-120 кг немесе 2,5-3,0 млн өнгіш тұқым себеді. Себу мерзімі кешеуілдегенде тұқымның себу мөлшерін 10-15%-ға көтереді. Арпаның тығыз себілген егістігі жақсы қыстап шығады.
Күздік арпаның қыстың қолайсыз жағдайларына төзімділігі нашар, сондықтан оның егістігіне қар тоқтатқан дұрыс. Ол кақ суға шыдамайтындықтан, оны тезірек аластатуды қарастырған жөн. Қазақстанның оңтүстігінің құрғақ аудандарында қар суын жинаудың маңызы өте зор. Ерте көктемде арпа егістігін орта есеппен әр гектарына 35-45 кг ә.е.з. келетіндей етіп азот тыңайтқышымен үстеп қореқтендіреді. Топырақ қабыршағын бұзу, егістіктерден өсімдіктің өлі қалдықтарын тазарту және егістікті көлденең немесе қиғаштап тырмалау қалған өсімдіктердің өсіп-дамуына қолайлы жағдай жасайды. Күтімнің басқа жұмыстары арамшөптермен күресуге бағытталады. Егістікті түптену кезеңінде 0,6-1,0 кг/га ә.б.з. бойынша 2,4-Д тобының амин тұзымен немесе басқа осы заманғы гербицидтердің бірімен өңдейді.
Күздік арпа күздік қара бидайдан және күздік бидайдан да ертерек және біркелкі піседі. Қазақстанның оңтүстігі жағдайында күздік арпаны комбайнмен тікелей орып бастырады.
КҮЗДІК ТРИТИКАЛЕ
Халық шаруашылығындағы маңызы. Тритикале-жоғары өнімді, ақуыз, алмастырылмайтын амин қышқылдарына (лизин, триптофан) бай, келешегі мол, жаңа, жасанды, азық түліктік және мал азықтық маңызы бар астық дақылы. Алғашқы «бидай-қара бидай» буданын 1875 жылы Шотландия ғалымы Вильсон алды, ал оның алғашқы ұрпақ беруге қабілетті будандарын 1888 жылы Германияда Римпау алған.
Әлемде, азық-түліктік дақыл ретінде кеңінен пайдаланылатын күздік бидайдың бірнеше кемшіліктері бар:
қысқа төзімділігі нашар;
көптеген аурулар және зиянкестермен залалданады;
кез-келген топырақтарда өсе бермейді;
дәнінде лизин аз ж.б.
Керісінше, күздіктердің ішінде қара бидай қыстың қолайсыз жағдайларына ең төзімді өсімдік, көктемде тез қаулап өсуінің арқасында жоғары өнімді көк балауса және масақ түзеді, дәнінің құрамындағы алмастырылмайтын амин қышқылы - лизиннің мөлшері күздік бидаймен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Тритикале күздік бидайдың нандық құнды қасиеттері мен қара бидайдың аталған басымдылықтарын бойына жинаған дақыл. Тритикаленің жаңа, сапалы, жоғары өнімді формалары өндіріске енгізілуде. Оларың ішінде 56-хромосомдық күздік және 42-хромосомдық жаздық тритикале топтарынан алынған будандарға ерекше көңіл бөлуге болады.
Тритикале дәнінің құрамындағы ақуыз мөлшері бидаймен салыстырғанда 1,0-1,5%-ға, ал қара бидаймен салыстырғанда 3,0-4,0%-ға жоғары, бірақ клейковинасы бидайдікімен бірдей немесе 2,0-4,0%-ға жоғары болғанымен сапасы төмен.
Тритикале дәні нан, кондитер, сыра өндірісінде және құнарландырылған жем ретінде пайдаланылады. Нандық қасиеттері бидаймен салыстырғанда көлемі, кеуектілігі төмен болғандықтан, жайылып кететіндігінен нашар болып есептеледі. Жоғары сапалы нан бидаймен (70-80%) тритикаленің (20-30%) ұнын қосып пісіргенде алынады.
Тритикале сабаны малға азық, төсеніш ретінде пайдаланылады. Жасыл балауса, ерте дайындалатын сүрлем, шөп ұнын алу үшін тритикаленің малазықтық сорттары себіледі. Тритикаленің жасыл балаусасы мен сүрлемінің құрамындағы қорытылатын протеиннің мөлшері бидайдікі мен қара бидайдікінен 0,5-1,0%-ға жоғары, мал сүйсініп жейді.
Ботаникалық және биологиялық ерекшеліктері. Тритикале – ботаникалық тегі екі түрлі - бидай мен қара бидай өсімдіктері хромосомалары кешенін біріктірудің нәтижесінде синтезделген ауылшаруашылық дақылы. Дақылдың атауы да, ата-анасының латынша атаулары бөлігінің қосындысы Triticum (бидай, пшеница) + Sekale (қара бидай, рожь) – Triticale (тритикале).
Тритикале – бидай+қара бидай буданы – амфидиплоидтар қатарына жатады.
Жоғарыда аталған ғалымдар тритикалені қолдан будандастырып алған болатын болса, 1918 жылы Саратов ауылшаруашылық тәжірибе стансасында Мейстер Г.К., 1925 жылы Белоцерковь селекциялық тәжірибе стансасында В.Н.Лебедев бидай мен қара бидайдың табиғи будандарын тапқан.
56-хромосомдық октаплоидтық тритикалені В.Е. Писарев күздік жұмсақ бидайды қара бидаймен және жаздық жұмсақ бидайды қара бидаймен будандастырудың нәтижесінде алды.
Алғашқылардың бірі болып гексаплоидтық 42-хромосомдық тритикалені 1933 қатты бидайды қара бидаймен будандастыру арқылы алған А.И.Державин.
Шаруашылықта пайдалану үшін октаплоидтарға қарағанда гексаплоидтық тритикалелер тиімді, өйткені олардың масағының дәнділігі, өнімділігі, дәнінің құрамындағы ақуыз мөлшері жоғары.
Қазақстанда күздік тритикаленің бір ғана Таза сорты Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіруге рұқсат етілген. Сорттың оригинаторы - Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты.
Б и о л о г и я л ы қ ерекшеліктері. Тритикале дәнінің өнуіне оңтайлы температура - 20оС, бірақ 5-20оС температура аралығында өне береді. Сепкеннен 5-7 күннен кейін көктей бастайды. Тритикале түптенуін күзде бастап көктемде жалғастырады, жалпы түптену дәрежесі 3-6, түптену түйнегінің деңгейінде 18-20 оС температура қауіпті. Күздік бидайға қарағанда төменгі температураларға тритикале төзімді.
Тритикале өздігінен тозаңданатын өсімдік, бірақ айқас тозаңдануы да мүмкін. Вегетациялық кезеңі - 250-325 күн, күздік бидайдан 3-5 күнге кеш піседі.
Бөртіп-өну үшін тритикале құрғақ тұқымының массасынан 50-60% су қажет, оның жақсы өсіп-дамуы және жоғары өнім түзуі үшін топырақтың ылғалдылығы ең төменгі ылғал сыйымдылығынан 65-75% болуы қолайлы. Сабақтану және дәннің қалыптасуы мен толысуы кезеңінде тритикале ылғалды ең көп қажет етеді.
Басқа күздік астық дақылдарына қарағанда тритикале топырақ талғамайды күлгін, сұр, құмдауыт, сазды топырақтарда өсе береді, қара топырақты жерлерде жоғары өнім түзеді. Оған бейтарап, аздап қышқыл (pH 5,5-7,0) топырақ реакциясы қолайлы.
Өсіру технологиясындағы ерекшеліктер. Ауыспалы егістіктегі орны. Тритикале алғы дақылдарға жоғары талап қоймайды. Ол үшін таза сүрі жер, ерте пісетін картоп, дұршақ дәнді дақылдар, бір жылдық шөптер жақсы алғы дақыл болып есептеледі. Тамыр шірігімен көп залалданбайтындықтан оны астық дақылдарынан кейінгі танаптарға да себуге болады. Тритикале басқа дақылдар үшін жақсы алғы дақыл.
Тыңайтқыш қолдану. 1 ц астық және соған сәйкес сабан түзу үшін тритикалеге 4-5 кг азот, 1,3-1,6 кг фосфор, 3,6-4,0 кг калий қажет. Қоректік элементтерді тритикале өсімдігі сабақтану және дәннің қалыптасуы мен толысуы кезеңінде барынша қажетсінеді.
Тыңайтқыш қолдану мөлшері топырақтың құнарлығына, ылғалмен қамтамасыз етілу, жоспарланған өнім деңгейіне ж.б. байланысты өзгереді.
Қазақстанда негізгі тыңайтқыш ретінде 10-15 т органикалық және N45-60, P60-65, K45-60 кг деңгейінде минералдық тыңайтқыштар беріледі. Жоғары өнім алу үшін себумен бірге (Р15-20 кг/га) тыңайтқыш беру және азотпен (30-40 кг/га) үстепе қоректендіру қажет.
Топырақ өңдеу жүйесінде күздік бидай мен күздік қара бидайдікінен айырмашылық жоқ, негізінде алғы дақылға және танаптың арамшөптермен ластануына байланысты.
Себу. Себуге тазалығы 97%-дан кем емес, сорттық тазалығы 1-ші және 2-ші категорияға жататын, астықтық сорттарының 1-ші класының өнгіштігі 95%, 2-ші классыныкі 92%, ал малазықтық сорттарынікі - тиісінше - 90 және 85% тұқым пайдаланылады. Мәжбүр болған жағдайда 3-ші классқа жататын тұқымдарды себуге болады. Қатты қара күйеге және қара күйеге төзімді болғандықтан тритикале тұқымдарын себу алдында дәрілеудің қажеті жоқ.
С е б у м е р з і м і. Тритикале күздік бидайға қарағанда себуді оңтайлы мерзімде өткізгенді қалайды. Тритикаленің оңтайлы себу мерзімі күздік бидайдың себу мерзімінің ортасы және соңы.
С е б у т ә с і л д е р і. Тритикалені негізінде тарқатарлы немесе тоғыспалы тәсілмен себеді, жаппай қатардағы себу тәсілі де қолданылады.
С е б у м ө л ш е р і. Тритикалені күздік бидайға қарағанда жиі себеді, себу мөлшері себетін аймақтың топырақ-климаттық жағдайларына қарай гектарына 3,5-7,5 млн өнгіш тұқым аралығында. Малазықтық сорттарды біраз көбірек мөлшерде себеді.
С е б у т е р е ң д і г і. Себу тереңдігіне күздік бидайға қарағанда тритикаленің талғамы зор. Топырақтың механикалық құрамына және ылғалдылығына байланысты тритикале 6-8 см тереңдікке себіледі.
К ү т і п - б а п т а у ш а р а л а р ы. Жаңа жыртылған жерге сепкеннен кейін егістікті тығыздау қажет. Тритикале көктемде тез көктеп өсе бастайтындықтан үстеме қорек күздік бидайға қарағанда ертерек беріледі. Тыңайтқыш енгізу әдістері мен мөлшері күздік бидайға ұқсас.
Өнімді жинау. Масақша қауыздары берік ұстайтындықтан тритикаленің дәндері піскеннен кейін шашылмайды. Тікелей және бөлектеп ору әдістері қолданылады. Тритикаленің дәндері бидайдікінен ірі болғандықтан бастырар алдында комбайнның барабаны мен барабан астының саңылауын ұлғайту керек және барабанның айналу жылдамдығын минутына 600-ге дейін азайтады.
Бастырғаннан кейінгі тазарту жұмыстары қолданыстағы тұқым тазартқыш машиналармен жүргізіледі, бірақ саңылаулары үлкен електер қолданылады.
