Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Arinov-Osimdik-sharuash.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
65.62 Mб
Скачать

3.3 Күздік астық дақылдары (жалпы сипаттамасы)

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Дәнді астық дақылдары екі биоогиялық топқа – жаздық және күздік – бөлінеді. Күздік астық дақылдарына күздік бидай, күздік қара бидай, тритикале және күздік арпа жатады. Олар күзде себіледі, ал қыстап шыққаннан кейін өнімі жазда жиналады. Көктемде себілсе күздіктер тек қана түптенеді, масақтанбайды, өйткені даму үрдісін аяқтау үшін оларға күзгі жарықталумен 35-60 тәулік бойы төменгі температура 0-30С (түптену кезеңінде 10-120С) қажет.

Жаздық астық дақылдары көктемде себіледі де сол жылы күзде астық өнімі жиналады, өйткені олардың дамуына көктемгі күн жарығы мен жоғары температура қажет. Аралық формалары да – «екіжүзді» - болады, көктемде сепкенде масақтанып және пісіп үлгіреді, ал күзде сепкенде қыс жылы болғанда ойдағыдай қыстап шығады да келесі жылы жазда астық өнімін береді.

Дүниежүзі мемлекеттері және Қазақстан Республикасы үшін күздік дақылдардың маңызы өте зор, өйткені олар тек азық-түлік, мал азықтық дақыл ғана емес, өндірісте кеңінен пайдаланылатын шикізат. Соңғы кезде олардың өнеркәсіпте пайдалану аясы биологиялық отын алу тарапында кеңейді.

Күздік астық дақылдарының азық-түліктік маңызы олардың дәнінің құрамындағы ақуыз бен дән ұлпасының (клейковинаның, желімшенің) мөлшеріне байланысты. Ақуыз бен дән ұлпасының мөлшері республиканың топырақ-климаттық жағдайына қарай өзгеріп отырады, егістіктер неғұрлым оңтүстік-шығыс, солтүстік аймақтарға ауытқыған сайын күздік астық дақылдары дәнінің сапасы солғұрлым жақсара береді. Орта есеппен дәннің құрамындағы ақуыз: күздік бидайда 12-14, күздік қара бидайда 8-11, күздік арпада 8-13, күздік тритикаледе 11-13% деңгейінде қалыптасады.

Астық дәнінің нандық сапасы оның құрамындағы желімшелік кешенге жататын ақуыздық заттардың қасиеттеріне байланысты. Олар негізінде ұнның су және газ ұстау қабілетімен тығыз байланысты және келесі көрсеткіштермен сипатталады:

  • нанның көлемдік шығымы;

  • нан пішінінің тұрақтылығы;

  • нанның сыртқы кескіні (тегіс жылтыр, түзу, кедір-бұдыр, аздап жарылған, айрыла жыртылған) немесе түрінің тартымдылығы;

  • жұмсағының кеуектілігі (саңылаулығы).

Қазіргі кезде өндірісте күздік қатты бидай сорттары да бар, олар негізінде макарондық заттар алу үшін пайдаланылады. Қатты бидай дәні шынылығы, дән ұлпасы және көлемдік массасының жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Мұндай бидай дәнінің эндорспермінде сары каротин пигменті көп болғандықтан одан өндірілген заттардың түрі сарғыш тартып тұрады.

Нан өндірісінде кеңінен пайдаланылатын күздік астық дақылының бірі - күздік қара бидай. Қара бидай дәнінен пісірілген нан асқазанда қорытылу жағынан бидай нанынан кем түскенімен биологиялық құндылығы жоғары.

Қара бидай дәні нанының сапалық көрсеткіштеріне ақуыз мөлшері және диастатиктік белсенділігі жатады. Қара бидай дәні ақуызы мен бидай дәнінің ақуызы фракциялық құрамы бойынша бөлінеді. Дән құрамында суда және тұзда еритін ақуыздар көп болғандығы оның құрамында ауыстырылмайтын амин қышқылдарының мөлшері жоғары деңгейде екендігінің белгісі. Қара бидай қамырының серпінділігі төмен болғандықтан нанның көлемдік шығымы да аз болады.

Күздік арпа мен күздік тритикале нан пісіруге пайдаланылмайды.

Малазықтық дақыл ретінде күздік бидай дәні аз қолданылады, ал күздік қара бидай дәні мүлдем қолданылмайды, оның есесіне күздік арпа дәнімен барлық мал түрлері азықтандырылады.

Күздік қара бидайдың жасыл балаусасы ерте көктемде малға жемшөп ретінде қолданылады, өйткені гектарынан 180-200 ц жасыл балауса алынса, ол 3200-3600 малазықтық бірлікке тең, оның сапасы күздік бұршақ тұқымдас дақылдармен бірге сеуіп өсіргенде арта түседі.

Мал азығы ретінде күздік тритикаленің дәні де, жасыл балаусасы да қолданыла береді, әсіресе араластырып себілген егістіктерде.

Күздік бидай, күздік тритикале және күздік арпа дәндерінің малазықтық сапасында айырмашылық шамалы - 108-118 малазықтық бірлікке тең (азықтық өлшемге).

Күздік астық дақылдары өнеркәсіпте спирт өндірісінде кеңінен пайдаланылады, ал күздік арпа дәні сыра өндірісінде көп қолданылмайды, өйткені күздік арпа сорттары көбінесе көп қатарлы түр тармағына жатқандықтан, дәндері біркелкі өнбейді де сыраның сапасына кері әсер етеді.

Күздік астық дақылдарының сабаны сапасы төмен қағаз, картон өндірісінде, ал дән өскіндері мен ұрықтан алынған май медицина өнеркәсібінде пайдаланылады.

Күздік астық дақылдары отамалы, бұршақ дәнді дақылдары, біржылдық және көпжылжық шөптер үшін жақсы алғы дақыл. Себебі:

  • жақсы түптеніп өскен күздіктер, әсіресе күздік қара бидай арамшөптерден басым түсіп, егістіктерді олардан тазартады;

  • ерте пісетіндіктерінен, танаптарды жаз-күз кезінде сапалы өңдеуге және аралық дақылдар сеуіп қосымша өнім алуға мүмкіндік береді;

  • күздік астық дақылдарын көпжылдық шөптерге жамылғы дақыл ретінде пайдаланғанның тиімділігі өте жоғары.

Күздік бидай, мәдени өсімдіктердің Орталық Азия, қатты бидай мен қара бидай Алдынғы Азия, ал күздік арпа Жерорта теңізі шығу орталығынан келген.

Қытай, АҚШ және Индияда күздік бидай басым өсіріледі, күздік қара бидай мен арпа Ресейде көп себіледі, қара бидайдың көлемді егістіктері Польша мен Германияда, арпанікі - Канада мен Германияда орналасқан.

Қазақстанда күздік дақылдар оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда орналасқан. Қыстың қолайсыз жағдайларына төзімділігі басқа дақылдарға қарағанда нашарлау болғандықтан күздік арпаның негізгі егістіктері Оңтүстік Қазақстан облысында, біраз егіс көлемі Жамбыл, Алматы облыстарында орналасқан. Қазақстанда жалпы алғанда астық дақылдары 16934 мың гектарға егілсе оның 578 мың гектарын күздіктер алып жатыр, ал оның 536,5 мың гектарына күздік бидай себіледі, басқа күздік дақылдардың үлесі 42 мың гектар ғана. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанның жекелеген шаруашылықтары да күздік астық дақылдарына (күздік бидайға) көңіл аударуда.

Күздік астық дақылдарының өнімділігі жаздық дақылдарға қарағанда әлдеқайда жоғары, өйткені олар күзгі, ерте көктемгі ылғал қорын тиімді пайдаланады және егістіктері негізінде суармалы аймақтарда орналасқан.

Дүниежүзінде астық дақылдарының өнімділігі 29,5 ц/га, оның ішінде бидайдікі 26,1, қара бидайдікі 21,0, арпанікі 23,3 ц/га. Бидайдың ең жоғары өнімі Францияда - 76,0, Германия мен Венгрияда - 41,5 ц/га; қара бидайдікі Францияда -47,0, Германияда - 51,5, Австрияда - 39,5 ц/га; арпанікі Францияда - 65,1, Ұлыбританияда – 51,8, Германияда – 57,4, Данияда 52,1 ц/га.

Ресурстар әлеуетін (потенциалын) дұрыс пайдаланбаудың салдарынан бұл көрсеткіштер Қазақстанда 2-3 есе төмен.

Жалпы биологиялық ерекшеліктері. Күздік астық дақылдары даму кезеңдерінің бірі яровизация сатысы ұзақ мерзімді қажет ететін және қыстың қолайсыз жағдайларына бейімделген, төзімді болғандықтан күзде себіледі, көктемде сепкенде олар көктейді, түптейді, бірақ генеративтік мүшелері жетілмеуінен сол жылы өнім бермейді.

Күздік дақылдардың жаздықтармен салыстырғанда бірқатар артықшылығы бар. Күзде олардың тамыр жүйесі жақсы жетіліп түптенеді, ал көктемде ерте көктеп, вегетативтік мүшелері тез қаулап өседі де жаздықтардан 10-15 күн ерте піседі.

Күздіктер, күздегі ылғалды жақсы пайдаланатындықтан және құрғақшылық пен аңызақтан аз зардап шегетіндіктен, өсіруге қолайлы аймақтарда жаздықтардан әлдеқайда артық өнім береді. Сонымен қатар, күздіктердің тағы бір маңызды ерекшелігі: күзде себілетіндіктен және жаздық дақылдарға қарағанда ерте пісетіндіктеріне байланысты егу, жинау кезінде шаруашылықтағы көктем мен күздегі қызу қарбаласты азайтады және техника мен еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бірақ күздіктерді күзде себу мен олардың қыстап шығуы, кейде дакылдардың бір бөлігінің зақымдануына, тіпті опат болуына әкеліп соғатын қолайсыз жағдайлармен байланысты. Күздіктердің зардап шегуі мен опат болуына қатты аяздар, температураның күрт ауытқуы, сондай-ақ жұқа немесе өте қалың қар жамылғысы және тағы басқа да қолайсыз жағдайлар себеп болады.

Арнайы шаралар қолданып күздіктердің қыс пен аязға төзімділігін арттыруға, қолайсыз факторлардың әсерін алдын алуға, немесе зардабын азайтуға болатынын ғылым мен тәжірибе дәлелдеген.

Қысқа төзімділік - күздік дақылдардың қыстап шығу кезінде қалыптасатын қолайсыз жағдайларға (борсу, тұншығу және тағы басқа) төтеп беру қабілеті.

Аязға төзімділік - өсімдіктердің 0°С-тан төменгі температураларға төтеп беру қабілеті.

Суыққа төзімділік - күздік дақылдардың 0°С-тан жоғары төмен температураларға төтеп беру қабілеті.

Күздік дақылдардың ішінде аязға тезімділігімен күздік қара бидай ерекшеленеді. Ол түптену түйіні орналасатын тереңдіктегі - 20°С және одан да төмен температураға төтеп береді, күздік бидай - 18°С, ал күздік арпа -12°С дейінгі аязға шыдайды. Бұдан төмен температуралар күздік дақылдар егістіктерінің опат болуына ұрындырады.

Күздіктерді үсуден сақтауда жоғары агротехниканың, кар тоқтату мен ауыл шаруашылығы өндірісіне суыққа төзімді сорттар енгізудің маңызы зор. Қар жамылғысы топырақ температурасының төмендеуінен қорғайды, ғылыми-зерттеу мекемелерінің деректері бойынша ауаның температурасы -32-33°С дейін төмендегенде қар жамылғысы жоқ топырақтың температурасы 2 см тереңдікте -20-22°С, қар жамылғысы 15 см болғанда -7 -11°С, ал қар жамылғысы 50 см болғанда -2 -3°С-ты көрсеткен. Демек, қар тоқтату - күздіктерді үсуден сақтайтын тиімді шара. Осы шараның арқасында күздік егістіктерінде көктемде қар еруінен пайда болған ылғал қоры айтарлықтай артады.

Шынықтыру – қыстың қолайсыз жағдайларына күздіктердің төзімділігін арттыруға бағытталған физиологиялық және биохимиялық процестер. Шынығу кезінде өсімдіктерде ерігіш көмірсулар мен бос амин қышқылдарының (олигосахаридтер, глютамин, пролин, аспарагин, ж.б.) қоры жинақталады. Шынығу екі кезеңде өтеді: біріншісі-күзде, күн көзінде, 8-150С күндізгі температурада, салқын түн жағдайында (0°С-қа таяу). Екіншісі-күздің аяғында әлсіз аязды (0...-50С) күндер мен түндерде [34].

Үсу – күздіктердің опат болуының негізгі себебі. Ұзақ уақыт аязға шалдығудың салдарынан өсімдік клеткаларында мұз түйіршіктері пайда болады. Мұз түйіршіктерінің маңайындағы суды өзіне тартып сіңіруінің салдарынан цитоплазма сусызданып құрғап оның коллоидтары коагуляцияға ұшырайды. Бұл қайта орнына келмес үрдіс – ақуыз денатурацияланады. Үсіген өсімдіктер көктемде көктеп шығады, бірақ біраздан кейін сарғайып опат болады.

Үсікке қарсы шаралардың ең негізгілері: төзімді сорттар себу және егістіктерде қар тоқтату.

Борсу - топырақ әлі тоңазымай, күздіктердің вегетациясы тоқталмай тұрып егістікті қар басып қалған жағдайда өсімдіктердің опат болуы. Бұл жағдайда өсімдіктер қоректік заттарды тыныс алуға жұмсайды, ал қар астында жарықтың жеткіліксіздігінен оны ассимиляциямен толықтыра алмауынан азады, түрлі ауруларға шалдығады және опат болады.

Борсумен күресу үшін күздіктерді мезгілінде және қажетті мөлшерде себу, қарды таптауышпен тығыздау және басқа да шараларды іске асыру керек.

Тұншығу - су жиналып, су басқан жерде өсімдіктердің оттегі жетіспеуінен тұншығып өлуі. Бұл жағдай ойпаң жерлерде жиналған судың көп уақыт тұрып қалуынан болады. Тұншығуды болдырмау үшін жиналған суды ағызып әкету қажет. Барынша тиімді шара – күздіктерді мүмкіндігінше жер бедері тегіс алқаптарға орналастырған дұрыс.

Дүмпу жаңа жыртылған, борпылдақ топыраққа себілген күздік дақылдар өсімдіктерін топырақ отырған кезде мұз қабыршығы оларды жер бетінде қылғындырып ұстап қалады да, түптену түйіні жер бетіне шығып, тамырларының үзілуі салдарынан опат болады. Оны болдырмау үшін күздік дақылдарды себу алдында топырақты бұдырлы катоктармен тығыздау оң нәтиже береді.

Мұз қабыршағы. Қыста жылымық кезінде қар еріп, одан кейін түскен суық кезінде су қатып топырақ бетінде мұз қабыршағы пайда болады. Бұл өте қауіпті. Қатқақ, қар сияқты аяздың әсерін бәсеңдете алмайды, қайта күшейте түсіп күздіктердің өліп қалуына әкеліп соқтырады. Жерге жабысып жатқан мұз қатқақтарын бұзуға болмайды, өсімдіктерді зақымдап алуымыз мүмкін. Мұз қатқақтарының зиянды әсеріне қарсы қар тоқтату мен қыстың аяғында күл, шымтезек ұнтақтары және басқа да материалдарды пайдаланып, олардың еруін тездету қажет.

Ақ зең және склероциния. Бұлар саңырауқүлақ сипатындағы аурулар. Оларға борсу, дүмпу және басқа да қолайсыз жағдайлардан әлсіреген күздіктер шалдығады. Ақ зең және склероциниямен күресу үшін оларға төзімді сорттарды өндіріске енгізу, тұқымды себу алдында виал (0,4-0,5 кг/т), витавакс 200 фф, 34% (1,5-2,0 кг/т) және басқа да препараттармен өңдеу, сондай-ақ басқа да шараларды атқару қажет.

Өндіріске төменгі температураларға төзімді сорттар енгізу - күздіктердің жақсы қыстап шығуын қамтамасыз ететін маңызды шара. Бірақ төмен деңгейлі агротехникада төзімді сорттардың өзі де үсіп кетуі мүмкін. Сондықтан күздіктер жақсы қыстап шығуы үшін кешенді шаралар қажет: топырақты тұқым себуге уақытында және сапалы дайындау; калий мен фосфор тыңайтқыштарын мезгілінде қолдану; аймақтың топырақ-климаттық ерекшеліктеріне байланысты себу мерзімі, себу мөлшері мен тереңдігін пайдалану; тұқымды улы химикаттармен өңдеу, қар тоқтату ж.б.. Осындай кешенді агротехникалық шаралар іске асырылған жағдайда ғана күздіктер жақсы қыстап шығып, мол астық өнімін қалыптастырады.

КҮЗДІК БИДАЙ

Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Қазіргі уақытта Қазақстанда астық өндіруді тұрақтандыру ауыл шаруашылығы ғылымдары мен өндірістің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Әіресе бұл мәселе нарықтық экономикаға көшуге байланысты өткір қойылып отыр, бір жағынан Республикамыздың дүниежүзіндегі дамыған 50 елдің құрамына кіру мақсатында және қуатты бидай астығын арттырудың, оның экономикалық әлеуетін тұрақтандырудың, әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айтарлықтай шарты.

Мұндай қосымша астық алу көздерінің бірі – Қазақстанда күздік дәнді дақылдарды өсіру. Астық дақылдарының ішінде барынша өнімдісі күздік бидай екендігі белгілі. Ол барлық астық дақылдарынан өнімі бойынша 4,0-тен 10-12 ц/га дейін асып түседі. Осыған қоса жаздық бидайға қарағанда азық-түліктік құндылығы кем болмаса да одан бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді: ол топырақтан, күзгі, қысқы, ерте көктемгі ылғалды және қоректік заттарды жақсы пайдаланады; топырақты су және жел эрозиясынан сенімді қорғайды; арамшөптерге қарсы күресте ерекше маңызы бар; аурулармен аз залалданады және астық зиянкесі – астық сұр көбелегі жарақаттануынан «өтіп кетеді», әрі 7-10-нан 15-30 тәулікке дейін вегетациясын ерте аяқтайды. Күздік бидайдың ерте пісуі нәтижесінде егін жылы, құрғақ уақытта жиналады, ауыл шаруашылық техникалары тиімді пайдаланылады, көктемгі-күзгі себу және жаздық дақылдарды жинау кезеңіндегі қаурыттылықты төмендетеді. Оның ерте жиналуына байланысты тамыз айының бас кезінде сүдігер дайындауды ерте жүргізуге мүмкіндік береді, ал мұның өзі аңыз қалдықтарының жақсы миерализациясын қамтамасыз етеді, топырақта ылғал жинауға және арамшөптер мен зиянкестерге қарсы ерекше маңызды. Күздік бидай алғы дақыл ретінде жартылай сүрі танабы болып табылады да кейінгі дақылдардың өнімін арттырады.

Дәнді астық дақылдары ішінде бидай өте құнды тағамдық өсімдіктердің бірі ретінде дүниежүзінде 230 млн. га егіс алқабын алып жатыр, оның ішінде күздік бидай егістіктері 35%-ын құрайды, ал оның астық өнімі орта есеппен 25,4 ц/га.

2009 жылы Қазақстанда күздік бидай 465,1 мың га егістікте өсірілді және орташа астық өнімі 19,4 ц/га құрады. Ал жаздық бидайдың астық өнімі 11,7 ц/га болды. Елімізде күздік бидайдың негізгі егістік ауданы Батыс Қазақстан (133 мың га), Оңтүстік Қазақстан (137 мың га), Жамбыл (113 мың га) облыстарының үлесіне тиеді. Бұл жылы солтүстік Қазақстан облыстарында күздік бидай 29,9 мың га алқапқа өсірілді.

Солтүсік Қазақстанда ұзақ уақыт бойы күздік бидайға жеткілікті көңіл бөлінбеді: аймақтық қатал климат жағдайлары оның биологиясына сәйкес келмейді, нашар қыстайды, маусым айының құрғақшылығын көтере алмайды да астық өнімін төмендетеді, - деп түсіндірілді. Соған қарамай Қостанай облыстық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы мен басқа да мекемелер аталған дақылды осы аймақта өсіруге болатындығын және жаздық бидайдың артық астық өнімін беретінін көрсетті.

Кезінде (бұрынғы ССРО-ның ыдырау қарсаңында) егіншілік мәдениетінің өсуі, дақылдарды өсірудің қарқынды (пәрменді) технологияларын игерудің ж.б. нәтижесінде Солтүстік Қазақстанның жекелеген облыстары, шаруашылықтар күздік бидайды кеңінен өсіре бастады. Атап айтқанда, 1989 жылы оның егістігі Солтүстік Қазақстан облысында – 20,1 мың га, бұрынғы Көкшетау облысында – 10,3, Қостанай облысында – 8,0 және Целиноград (қазіргі Ақмола) облысында – 0,7 мың га болды, ал астық өнімі тиісінше – 14,0; 14,3; 15,9 және 15,0 ц/га жетті, ал осы жылы жаздық бидай өнімі оларда – 7,3; 6,5; 6,1 және 9,1 ц/га ғана болған. Көпжылғы деректер де күздік бидай астық өнімі жаздықтан жоғары екенін көрсетті: орта есеппен 1986-1989 жылдары Қостанай облысында 2,9 мың/га егістіктің әр гектарынан күздік бидай 15,7 ц астық берсе, жаздық бидай (3,3 млн/га) – 9,0 ц астық берді; Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын өсірілген 6,1 мың га күздік бидай егістігінен 19,5 ц/га астық жиналды, ал жаздық бидайда бұл көрсеткіш (1,0 млн га егістіктен) – 11,6 ц/га болды. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының зерттеулерінде орта есеппен 3 жылда (2001-2003 ж.ж.) Ақмола облысының қара-қоңыр топырақтарында астық күздік бидайда 23,3 ц/га болғанда, бақылау варианты жаздық бидайда ол 13,4 ц/га тең болды. (Қ.М.Мұсынов, 2007). ҚР-ның АШМ-нің деректеріне қарағанда 2009 жылы елімізде күздік бидайдың астық өнімі 19,4 ц/га, ал жаздық бидайда ол 11,7 ц/га болғанда бұл көрсеткіштер тиісінше Ақмола облысында - 13,6 және 13,4, Қостанай облысында - 15,6 және 14,4 ц/га болды. Басқаша айтқанда, Солтүстік Қазақстан аймағында күздік бидай жаздыққа қарағанда әр гектар егістіктен 1,2-7,9 центнерге дейін қосымша астық өнімін берген. Келтірілген мысалдар Қазақстанның Солтүстігінде күздік бидай өсіру мүмкіндігін көрсетеді және оған тиісті көңіл аудару қажет.

Қазақстанда күздік бидай ретінде негізінен жұмсақ бидай өсіріледі. Осыған байланысты төменде аталған түрдің өсу, даму және өсіру технологиясының ерекшеліктері қарастырылады.

Биологиясындағы ерекшеліктер. Күздік бидай биологиясы бойынша жаздық бидайдан ерекшеленеді. Жаздық бидайдан айырмашылығы – оның вегетациялық кезеңі күзде басталады да, келесі жылы жазда аяқталады. Тіршілік үрдісінде күздік бидай өну, көктеу, түптену, түтікке шығу, масақтану, гүлдену және пісу (сүттене пісу, балауыздана және толық пісу) кезеңдерінен өтеді. Алғашқы үш кезеңдері күзде, қалғандары – келесі жылы көтемде және жазда өтеді. Осы кезеңдері бойынша оның биологиялық ерекшеліктерін қарастырайық.

Тұқымның өнуі – бұл тыныштық күйдегі тұқымның белсенді әрекетке көшуі, ол үшін жылу, ылғал және ауа қажет. Тұқымы өз массасының 45-50 % су сіңіргеннен кейін өне бастайды, топырақтың оңтайлы ылғалдылығы ТЫС-тың 60-70 % мөлшерінде болғаны дұрыс. Құрғақ-далалы аймақта алғы дақылды таңдағанда және дайындағанда бұл өте маңызды. Тұқымның суды сіңіруіне температура көп әсер етеді. Күздік бидай тұқмы 0оС-да суды сіңіре алады, бірақ мұндай жағдайда тұқым бөрткенімен физиологиялық өсу үрдісі тоқтап қалады. Топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың 60 %-да және температура 4оС-да тұқым ылғалдылығы 50 %-ға жетінші тәулікте, ал температура 10оС-да – 3,5 тәулікте жетеді. Тұқымның өнуі үшін оңтайлы ауа температурасы 14-16оС. топырақ ылғалдылығы өте жоғары, қатты тығыздалып қалғанда немесе топырақ қабыршағы пайда болғанда анаэробты жағдайларда тұқым өнбейді немесе нашар өнеді.

Тұқымның өнуінің алғашқы күндерінде органогенездің бірінші кезеңі жалғасады - өсу конусының әртүрлі ткандерге дифференциясы (оқшаулануы) жүреді, ұрықтық тамыршалармен жапырақшалардың ұзара өсуі күшейеді, ұрықтық сабақ оқшауланады, жаңа жапырақтар ұрықтары қалыптасады. Тұқымның өну мерзімі топырақтың тығыздығы мен оны өңдеу түріне, тұқымның сіңіру тереңдігі мен топырақпен түйісуіне байланысты өзгереді. Құрғақ ірі кесекті нашар өңделген, арамшөптермен ластанған топырақтар күздік бидай тұқымының жаппай өнуіне жағдай жасамайды, мұны өсіру технологиясын жасағанда ескеру қажет.

Егін көгі (көктеу) кезеңі. Топырақ бетіне әуелі колеоптиле шығады, ол жарылады да бірінші нағыз жапырақ пайда болады, осы сәтті егін көктеді деп есептейді. Себуден өсімдіктердің көктеу кезеңінің ұзақтығы температураға, ылғалға ж.б. байланысты. Қостанай облысы жағдайында жақсы дайындалған ықтырмалы сүрі танабында 12-17оС жылылықта күздік бидай 6-9 – тәулікте, ал қуаңшылықты жылдары және сүрі танабы нашар өңделгенде – 10-16 – тәулікте көктеген. Ақмола облысының бұрынғы «Красный флаг» кеңшарында ылғалы бойынша қолайлы 1990 жылы орташа тәуліктік ауа температурасы 18,6оС болғанда күздік бидай 5-тәулікте көктеді, ал температура 15,9оС және 12,8оС болғанда (себу мерзіміне байланысты) тиісінше күздік бидай 6 және 8 – тәулікте егін көгін берді (Аринов К.К., Мусынов К.М., 1996).

Ассимиляция мүшелерінің қалыптасуы 4-тен 30оС-ға дейінгі аралықта жүреді, алайда оңтайлы мөлшері – 12-15оС. көктеу кезеңі жапырақтың пайда болуынан алғашқы үш жапырақтың өсу аралығын қамтиды және органогенездің екінші кезеңіне сәйкес келеді – ұрықтық түйіндер, сабақтар мен олардың буынаралықтары, негізгі гүл шоғырының бас бөлігі оқшауланады, масақ негізі түзіледі. Күздік бидайдың көктеу кезеңінің ұзақтығы өнімді ылғал қоры жеткілікті болғанда және температура ережесі қолайлы қалыптасқанда, әрі қалыпты себу мерзімінде 15 тәулікке дейін өзгереді.

А.И.Носатовский (1965) деректері бойынша қалыпты жағдайларда көктеу кезеңінің өтуіне қажетті оң температура жиынтығы 200оС шамасында.

Күздік бидайды сепкенде топырақтың 0-10 см қабатындағы сіңімді ылғал қорын ескерген дұрыс: егер ол 10 мм-ден жоғары болса – бұл өсімдік вегетациясының қолайлы жағдайларда басталуының сенімді көрсеткіші; 10мм-ден кем болса – егіннің көктеуі жауын-шашынға өте тәуелді; 5 мм-де – егін көгі сирек шығады және оның бастапқы даму кезеңінде өсімдіктердің опат болуы мүмкін.

Жапырақтарының өсуімен бір мезгілде тамыр жүйесінің дамуы жүреді. Үшінші және төртінші жапырақтардың қалыптасу уақытында ұрықтық тамырлар 27-28 см-ге дейін топыраққа бойлайды, бұл уақытта түптену түйіні қалыптаса бастайды.

Түптену кезеңі. Түптену кезеңінің басын әдетте төменгі жапырақ қолтығына бірінші бүйір өркенінің пайда болуымен анықтайды. Бірінші бүйір өркенінің жапырағының өсуіне қарай негізгі өркеннің екінші жапырақ негізінде орналасқан бүршіктен екінші бүйір өркен қалыптасады ж.б. Орта есеппен 5-7 өркен түзіледі, егістік сирек болғанда олардың саны жоғары болуы мүмкін. Осы кезеңде негізгі өркендердің түзілуі және өсуімен қатар түптену түйінінен екіншілік немесе түйін тамырлары (әрбір өркенге 2-ден) қалыптаса бастайды. Күздік бидайда күзгі және көктемгі түптену кезеңдері ажыратылады. Күздік бидайға түйін тамыр жүйесі жаздық бидайға қарағанда қуатты дамиды.

Күздік бидайдың түптенуі 2-4оС-да жүре алады, алайда оңтайлы түптену температурасы 12-14оС. Солтүстік Қазақстан аймағы жағдайында оңтайлы себу мерзімінде себілген күздік бидай негізгі сабаққа қосымша 2-3 бүйір өркендерін (сабақтарын) қалыптастырады және түптену кезеңі 30-35 тәулікке дейін созылады. Жекелеген жағдайларда, топырақта ылғал жеткіліксіз болғанда, өсімдіктер түптеніп үлгермей қыстап шығуға кетеді.

Көктемде, топырақ температурасы 2-3оС жетісімен, өсу үрдісі басталады. Өркендерде күзде қалыптасқан күздік бидайды жапырақтарымен қатар, қыстап шыққан өркендердің төмен жапырақтарының қолтығында орналасқан бүршіктерден жаңа бүйір өркендер түзіледі. Күздік бидайдың көктемгі түптену кезеңінің ұзақтығы мен пәрменділігі топырақтың температурасы, ылғал және қоректік заттар қорына, оттегінің сіңірілуіне, қыстап шыққан өсімдіктер күйіне байланысты өзгереді және орта есеппен 30-35 тәулікті құрайды.

Түптенудің күзгі кезеңін (20-40 тәулік) және көктемгі бұл кезеңнің бір бөлігін (15-20 тәулік) органогенездің екінші кезеңі қамтиды. Органогенездің екінші кезеңінің соңында өсу конусы ұзарады да 0,5-0,8 мм жетеді. Көктемгі түптену кезеңі органогенездің үшінші кезеңіне сәйкес келеді – өсу конусы ұзарады, оның төменгі бөлігі оқшауланады, масақ білігінің тұғырлары түзіледі және дамиды. Түптену кезеңінің соңы деп алғашқы буынаралығының өсу кезеңін атайды.

Түтікке шығу (сабақтану) кезеңі. Бұл кезең бірінші буынаралығының 5-6 см-ге ұзаруынан басталады. Өсімдік сабағының шапшаң өсуі мен масақтың дамуы осы кезеңнен басталады, жапырақтардың негізгі массасының түзілуі аяқталады. Бұл кезеңде барлық буынаралықтар қалыптасады, тамыр жүйесі жайылып өседі. Аймақ жағдайында кезең сәуірдің соңы – мамырдың бірінші онкүндігіне дәл келеді де 20-30 тәулікке созылады. Бұл кезеңде топырақта ылғал жеткілікті, ал оңтайлы температура 10-22оС деңгейінде болады. Масақтың қалыптасуына азоттың өте көп мөлшері де, жетімсіздігі де теріс әсерін тигізеді. Фосформен жеткілікті қамтамасыз етілуі масақтың түзілуін тездетеді және генеративтік мүшелерінің дамуына, ал кейіннен масақтың дәнділігіне ықпал етеді, жоғары температура мен төмен салыстырмалы ауа ылғалдылығы масақ пен оның мүшелерінің (органдарының) қалыптасуына теріс әсерін тигізеді, бұл кезеңдегі ылғал мен қоректік заттардың жетімсіздігі өсімдіктердің кейінгі өсуі мен өнім шамасына теріс әсерін байқатады. Бұл кезең органогенездің IV-VII – кезеңдерін қамтиды: масақ төмпешіктерінің салынуы – IV-кезең; сабақтың бірінші буынаралығының жер үстінде пайда болуы мен бірінші және екінші буынаралықтарының ұзара өсуі – V–кезең; үшінші-бесінші буынаралықтарының өсуі мен генеративтік органдарының оқшаулануы – VI-кезең; сабақтың бесінші-жетінші буынаралықтарының өсуі және масақтың барлық мүшелерінің қарқынды өсуі – VII-кезең.

Масақтану кезеңі. Кезең масақтың жоғарғы жапырақ қынабы бөлігінен сыртқа шығуымен сипатталады және түтікке шыққаннан кейін 20-25 тәуліктен соң басталады, аймақ жағдайында бұл кезең мамырдың ортасы мен аяғына дәл келеді. Кезеңнің өтуі үшін оңтайлы ауа температурасы 18-20оС. Өсімдіктердің жеке дамуына бұл органогенездің сегізінші кезеңіне сәйкес келеді: ең жоғарғы буынаралықтың өсуі жалғасады, масақтың барлық мүшелерінің қалыптасуы мен тозаңдық дәндер мен ұрық қабының пісуі аяқталады. Жекелеген өсімдіктердің масақтануы 4 тәулікте тәмамдалады, ал танап түгелдей – 5-7 тәулікте. Бұл кезеңдегі ылғал жетімсіздігі, ауа мен топырақтың тым жоғары температурасы масақтағы гүлдердің жеміссіз қалуына, түптеп келгенде астық өнімінің күрт төмендеуіне ұрындырады.

Гүлдену кезеңі. Қолайлы жағдайларда күздік бидайдың гүлденуі масақтанудан соң іле-шала басталады. Оның ұзақтығы температураға, ауа мен топырақ ылғалдылығына тәуелді. Гүлдену мен тозаңдану жүретін ең төменгі температура 6-7оС, ал барынша қолайлы ауа температурасы – 20-25оС. Оңтайлы жағдайлар гүлдену мен тозаңдану уақытында топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың 75-80 % деңгейінде қалыптасады. Солтүстік Қазақстанда бір масақтың гүлденуіне 3-5 тәулік, ал бүкіл танап үшін – 5-7 тәулік қажет. Барынша жақсы гүлдену мен тозаңдану тәуліктің таңғы және кешкі сағаттарында өтеді. Гүлдену, тозаңдану, ұрықтану, зиготаның түзілуі мен эндоспермнің қалыптасуы органогенездің 9 – кезеңін қамтиды.

Пісу кезеңі. Ұрықтанған ұрық бүршігінде эндосперм қалыптасады, ұрық өсіп-дамиды, жатын қабырғасынан қабық түзіледі де тұқыммен бірігіп өседі, соңынан дәнге айналады. Күздік бидайдың пісу ерекшеліктері көп жағдайда басқа дәнді дақылдарға ұқсас және ол “Тұқымтану” бөлімінде толық қамтылған.

Күздік бидайдың қоршаған орта факторларына қажетсінуін қорытындылай келе мынаны көрсеткен жөн:

- барлық өсіп-даму кезеңдерінде топыраққа жоғары талап қояды – қара топырақтарда жақсы өседі, алайда күңгірт-қоңыр топырақтарда да өсіруге болады;

- вегетация кезеңінде күздік бидай жаздық бидайға қарағанда ылғалды көбірек шығындайды, бұл оның аталған кезеңнің ұзақтығына байланысты; барынша оңтайлы топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың (төменгі ылғалсиымдылықтың) 70-75 % мөлшерінде деп есептеледі; ылғалды өсу және даму кезеңдерінде пайдалану заңдылығы жаздық бидайға ұқсас;

- күздік бидайдың температуралық байқалатын өсу шекарасы 2-3-тен 37-40оС аралығы, алайда өсімдіктердің пәрменді өсу мен дамуына барынша қолайлысы – 20-25оС; танаптық жағдайда күздік бидайдың күзгі вегетациясы, түптенуді қоса есептегенде, 15оС-дан 3оС аралығында өтеді, басқаша айтқанда, оңтайлы шамадан төмен деген сөз; дегенмен төменгі температура өсімдіктердің дамуына оң әсер етеді; 2-10оС температурада күздік бидай түптену түйінінде бүкіл құрғақ затқа есептегенде 20-30 %-ға дейін қант жинақтайды, ал мұның өзі жасуша шырынының концентрациясын арттырады және жақсы қыстап шығуға мүмкіндік жасайды. Ашық күндер және қысқа кетерде температураның бірте-берте төмендеуі күздік бидайдың шынығуын жақсартады. Қысқы жылымық дақылдың аязға төзімділігін азайтады. Жақсы шыныққан күздік бидай өсімдіктері түптену түйіні орналасқан топырақ қабатының теріс 30оС температураны (аязды) көтере алады. Қыста қар қалың түскен жылдары (25 см және одан жоғары) күздік бидай 35оС дейінгі аязға шыдайды, өйткені қардың астындағы температура үстіндегіге қарағанда 10-15оС жоғары, әрі қар қабаты күздік бидайды көктемгі үсіп және кеуіп кетуден сақтайды. Қар қабаты болмағанда күздік бидай түптену түйініндегі – 16-18оС аяздың өзінен үсіп кетеді.

- Қазақстан Республикасында, әсіресе Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидай негізінен көктемгі қардың еру кезеңінде, әсіресе қары аз қыста, опат болады; бұл уақытта өсімдіктердің жапырақтары тіршілігін бастап, ылғалды буландыра бастайды, бірақ тамыр жүйесі топырақтың тоң қабатында әлі тыныштық күйде болатындықтан жапырақтарға ешқандай көмек жасай алмайды; өсімдіктер тез әлсірейді де түнгі 12-14оС аяздан опат болады; күздік бидай қолайлы қыстап шығу жағдайында көктемгі тіршілігінің басынан масақтануға дейін барлық қажетті ылғалдың 70 %, гүлденуден балауызданып пісуге дейін – 20 % шығындайды; топырақтың 60 см қабатындағы оңтайлы ылғал мөлшері ТЫС-тың 70-75 %, дақылдың транспирациялық коэффициенті – 460-500.

- Күздік астық дақылдарының ішінде күздік бидай топырақтарға барынша жоғары талап қояды; ол жоғары астық өнімін құнарлы, арамшөптерден таза, ылғалды қара және күңгірт-қоңыр топырақтарда қамтамасыз етеді; оған батпақтанған топырақтар жарамсыз; оған тегіс бетті, шұңқырларсыз танаптарды таңдайды – көктемде су жиналмайтын және өсімдіктердің тұншықпауы қаперге алынады. Күздік бидайдың вегетациялық кезеңінің ұзақтығы (қысқы тыныштық күйін қоса есептегенде) 180-310 күн аралығында өзгереді.

- Күздік бидайдың опат болу себептері: өсімдіктердің үсіп кетуінен (күзгі нашар дамуынан, қар қабатының төмендеуінен температураның күрт өзгеруінен ж.б.); ойпаң жерлерде судың артық мөлшерінен тыныс алу ережесінің бұзылуынан өсімдіктердің тұшығуы; түптену түйінінің топырақ бетіне шығып қалуынан (өсімдіктер әлсіреуінен); топырақ бетіне мұз қабыршақтарының пайда болуынан (ұзақ жылымықтан кейін күннің күрт суытуынан өсімдіктер мұздың бетіне жабысады да механикалық жарақаттар алады) т.б.

- Үсіп кетуге қарсы тиімді күрес шаралары – аязға төзімді сорттарды өсіру, фосфор-калий тыңайтқыштарын енгізу, дер кезінде себу, тұқымды топыраққа тереңірек сіңіру, сүрі танаптарында ықтырма өсіру арқылы қар тоқтату ж.б.; күздік бидайды шіруден опат болдырмауға топырақ тезірек қату үшін және өсімдіктерде тыныс алуға пластикалық заттардың шығынын азайту үшін қарды тығыздау қажет; ерте себуді және жиі егістік қалыптастыруды; артық мөлшерде азотпен үстеп қоректендіруді болдырмау ж.б.; түптену түйіндері мен тамырлардың топырақ бетіне шығып қалмауы үшін Тур препаратымен өңделген тұқымды топыраққа тереңірек сіңірген дұрыс, әрі себуге дейін және себуден кейін ЗККШ-6А бұдырлы катоктарымен егістікті тығыздаған жөн; Артюшенко А.В. мен Артюшенко О.Г. (1977) тұжырымдары бойынша Қостанай облысы жағдайында күздік бидайдың опат болуы қыстап шығудың қолайсыз жағдайларынан емес, ерте көктемгі құбылыстарға байланысты – қары жоқ жерлерде өткір күн сәулесінің әсерінен өсімдіктер мезгілсіз ерте тіріледі де ылғалды буландыра бастайды, ал тамыр жүйесі әлі топырақтың тоң қабатында жатады да оларды ылғалмен қамтамасыз ете алмайды, өсімдіктер түнгі аяздан да (-12-14оС) әлсірейді және опат болады; сондықтан өсімдіктердің тіршілік үрдісін көктемде кешіктірудің маңызы зор (жеткілікті қар қабатын жасау жолымен).

Өсіруге рұқсат етілген сорттар. Мироновская 808- Украинаның В.Н.Ремесло атындағы Миронов бидай селекциясы және тұқым шаруашылығы ҒЗИ-да топтық сұрыптау тәсілімен шығарылған. Масағы әлсіз призма пішінді, ақ, қылтықсыз, орташа ұзындықта және тығыздықта (түршесі – субэритроспермум). Дәні қызыл, жартылай шынылы немесе шынылы, ірі, 1000 санының массасы 36-45 г. Дәндегі клейковина 28-37 % аралығында өзгереді. Нандық сапасы жақсы, қуатты бидай сортына жатады. Сабаны берік, жапырылуға және шашылуға орташа төзімді. Қысқа және аязға өте төзімді. Құрғақшылыққа төзімділігі орташа және ортадан жоғары. Қоңыр тат ауруымен орта деңгейде заладанады, орташа мерзімде піседі. Сорт өнімді, орта есеппен 2001-2003 жж. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының Ақмола облысының күңгірт-қоңыр топырақтарында жүргізілген танаптық тәжірибелерінде зерттелген варианттарға байланысты 16,7-17,6 ц/га астық өнімін берді.

Ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігін жоғарылатудың маңызды шараларының ішінде күздік бидайдың ауруларға төзімді, жоғары сапалы сорттарын өндіріске ендіру және олардан жоғары өнім алу ең маңызды мәселе болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығысы үшін өнімділік потенциалы 90-120 ц/га жететін, ауруларға төзімді, дәнінің сапа көрсеткіштері жоғары және суыққа, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімділігі жоғары сорттар шығарылуда.

Мәселен, Р.А. Оразалиев пен А.Т. Сарбаевтың деректері бойынша соңғы жылдары Қазақстанның біраз аймақтарында, шет елдерде, жоғары сапалы агроэкотипіне жататын Прогресс, Алматинская полукарликовая, Қарлығаш сорттары өсірілуде, Богарная 56 және ОПАКС сорттары тәлімі жерлерде жоғары сапалы астық өндіру талаптарына сай келеді. Тұқымы жоғары сапалы күздік бидай сорттары алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектарынан 80-100 ц, ал қалғандарында 20-40 ц өнім береді.

Кезінде Қазақстанға Безостая 1 сортының орнына Опакс 1 күздік бидайының жаңа сорты келді. Ол 1993 жылы Алматы облысында 50 мың гектардан астам егістікке себілген болатын. Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты ғалымдарының бақылаулары бойынша күздіктер үшін қыс жағдайлары өте қолайсыз болған жылдары (1981, 1985) бұл сорттың көктемге дейін сақталуы стандарттан 5,8%-ға жоғары болған, қысқа төзімділігі жоғары болуы есебінен өнімділігі де стандарттан орта есппен гектарынан 0,2-0,3 тоннаға жоғары болған.

Р.А. Оразалиевтің тұжырымынша, сорт ауыл шаруашылық өндірісін өзгертетін негізгі буын, сондықтан жаңа сорттарды өсіру үшін олардың тұқымын жақсартып, өсірудің агротехникалық мәселелерін шешу қажет. Себебі, туындап отырған мәселелерді дұрыс шешу көп жылдар бойы, жоғары, әрі тұрақты өнім алуға және елдің, бүкіл ауыл шаруашылығының жоғары тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

1984 жылы Алматы облысында Прогресс сорты аудандастырылды. Гектарынан потенциалды өнімділігі 9,0-10,0 т. 1985-1986 ж.ж. қыс мезгілі жағдайларының қолайсыздығына қарамастан, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының «Қаскелең» тәжірибе шаруашылығының егістік жерлерінде оңтайлы себу мерзімінде себілген бұл сорттың көктемге дейін сақталуы 86%, ал гектарынан өнімділігі 7,6 т. болды, бұл сорт басқа сорттарға қарағанда суыққа төзімділігі және жоғары өнімділігімен ерекшеленді.

Пәрменді типтегі Алматинская полукарликовая сорты жауын-шашынмен қамтамасыз етілген тәлімі жерлерде өсіруге рұқсат етілген. Қысқа төзімділігі орташа. Оңтүстік Казакстан обылысының тәлімі жерлеріндегі мемлекеттік сорт сынау учаскелерінде сыналған жылдары бұл сорттың көктемге сақталуы орта есеппен алғанда 71% болды, бұл стандарт ретінде алынған Безостая 1 сортынан 5,7%-ға жоғары еді. Сонымен қатар орташа өнімділігі де стандарттан 0,84 т/га жоғары болды.

Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының селекционерлері шығарған күздік бидайдың Жетісу, Алмалы және Таза сорттары суыққа және қысқа төзімділігі жоғарылығымен ерекшеленді. Конкурстық сорт сынау нәтижелері бойынша олардың орташа өнімділігі стандарт Прогресс сортымен (8,61 т/га) салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып шықты (9,56 т/га). Бұл сорттардың қыстап шығу деңгейі де 4,9%-ға жоғары болды.

Елімізде 2007 жылға дейін күздік жұмсақ бидайдың 27 сорты өсіріліп келді. Көп таралғандары - Безостая 1, Миронов­ская 808, Карлығаш, Комсомольская 56, Богарная 56, Жетісу, Южная 12, Стекловидная 24, Красноводопадская және т.б.

Соңғы жылдары күздік бидайдың Актерекская, Алмалы, Юбилейная 60, Алия, Егемен және Сара­товская 90 атты жаңа сорттары өсірілуге рұқсат етілді.

Қазақстан бойынша (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) осы кезге дейін күздік қатты бидайдың бір ғана Айсберг одесский сорты өсіріліп келеді.

Тәлімі жерлерде өсіру технолгиясы. Орналастыру және ауыспалы егістегі орны. Күздік бидай жоғары өнімділіктің дақылы ретінде өзінің биологиялық потенциялын құнарлы топырақтарда және жақсы алғы дақылдарда іске асырады. Сондықтан оны өсіргенде жергілікті жердің топырақ-климат ерекшеліктері мен жер пайдалану аумағының бедеріне (рельефіне) ерекше көңіл бөлу қажет. Оны нашар ылғалданған, арамшөптермен ластанған және құнарлығы төмен топырақтарда орналастыруға болмайды. Оның егістігі үшін тек қана тегіс бедерлі жерлер емес, сонымен қатар көктемде су жиналып қалмайтын және өсімдіктердің тұншығуына жол берілмейтін, ой-шұңқыры жоқ аздаған еңкіш жерлер де жарамды. Негізінен күздік бидайды табиғи қар тоқтайтын, наурыз айында қардың қалыңдығы 40 см болатын танаптарда өсірген абзал.

Күздік бидай өсіру жоспарланғанда, учаскені таңдауда жер пайдалану аумағында қысқы ылғалдың (қардың) бөлінуін көрсетіп жасалған картограмманы негізге алу керек, басқаша айтқанда топырақтың қысқы жауын-шашынмен қамтамасыз етілуіне сәйкес егістік аумағын жоспарлайды. Агроландшафтық қар тоқтату картограммасын белгілі бір жер пайдалану аумағы үшін сол аймақтағы ғылыми мекемелер жасай алады. Күздік бидай егістігіне арналған алқаптар әдетте жартылай иілген қыраттың су жайылатын жел жағында орналастырады. Аталған аймақта мұндай топырақтар ылғалмен барынша жоғары деңгейде қамтамасыз етілген және құнарлылық потенциалы да жоғары.

Көпжылдық зерттеулер көрсеткендей, мұндай агроландшафтарда орналасқан танаптарда қар 10-12 тәулік кеш ериді. Қардың баяу еруі яғни сулардың топыраққа кеш сіңуі мен босқа ағып кетпеуіне алғышарт жасайды. Қорытындысында мұндай агроландшафтарға себілген күздік бидай тіпті нашар қалыптасып дамыған ықтырманың өзінде қармен біркелкі жабылады және ойдағыдай қыстап шығады.

Қардың еріп кетуін бір-екі аптаға кешеуілдетудің нәтижесінде бидайдың көктемгі тіршілік үрдісі кешірек басталады да қайталанатын көктемгі суықтың теріс әсерінен құтылады.

Күздік бидай өсіруге мұндай тәсілді тексеру үшін кезінде қазіргі ҚР АШМ-нің «Бараев атындағы астық шаруашылығы Қазақ ҒЗИ» РММ-нің аумағында (Азаров Н.К., Ахметов Қ.А., Аринов Қ.К., Мұсынов Қ.М., 1994) қар тоқтатудың картограммасы жасалды. Күздік бидайды бірнеше жыл бойы екі ландшафта (бірінде қар қабатының қалыңдығы 21-30 см, ал екіншісінде ол – 41 және одан жоғары болды) септік. Күздік бидайдың орташа астық өнімі бірінші жағдайда күздік бидайда – 11,6 ц/га, бақылау ретінде жаздық бидайда – 15,3 ц/га болды, ал екінші ландшафта – күздік бидайдың астық өнімі 24,0 ц/га, жаздық бидайда – 19,0 ц/га жетті.

Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидайға жалғыз алғы дақылға ықтырмалы сүрі танабы жатады. Ықтырмалы сүрі танабына себілген күздік бидай ылғалмен және қоректік заттармен барынша жақсы қамтамасыз етіледі, әрі егін көгі қысқы үсіктен жақсы қорғалады.

Күздік бидайды арнайы ауыспалы егістерде шамамен дақылдарды төмендегендей кескінмен кезектестіріп орналастыру ұсынылады:

  1. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай;

  2. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай;

  3. Ықтырмалы сүрі танабы – күздік бидай – жаздық бидай – жаздық бидай – арпа.

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығысында тәлімі жерлерде күздік бидай үшін (әсіресе ылғалы жеткілікті аудандарда) екпе сүр танабы да жақсы алғы дақыл қатарына жатады. Күздік бидайдың астқ өнімі бұл жағдайда таза сүр танабындағымен деңгейлес немесе сәл төмен. Алайда екпе сүр жердегі дақыл өнімімен қайтарылады. Сүрі жерге екпе ретінде – жүгері (жасыл балаусаға), ерте картоп, асбұршақ, сиыржоңышқа мен сұлы қоспасы, сиыржоңышқа мен қара бидай қоспасы (жасыл балаусаға), көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптер (жасыл балауса мен пішенге) және бөрібұршақ (жасыл тыңайтқыш пен балаусаға) өсіріледі. Күздік бидайды бұл аймақтарда сүрі жер емес алғы дақылдардан кейін орналастырып өсіруге де болады, бірақ бұл жағдайда алғы дақылдарды жинағаннан кейін күздікті себуге дейін кем дегенде бір айдан ұзақ уақыт болуға тиіс.

Күздік бидайды жаздық танаптық ауыспалы егістерге енгізу олардың өнімділігін арттырады және ауыспалы егістің әр гектарынан астық шығымын молайтады. Оның үстіне күздік бидайдан кейінгі ерте сүдігер топырақта қосымша ылғал, қоректік заттар жинақтауға мүмкіндік жасайды, арамшөптермен ластануын азайтады, ал мұның өзі кейінгі дақылдардың өніміне оң әсерін тигізеді.

Тыңайтқыш қолдану жүйесі. Ғылыми негізделген тыңайтқыш жүйесін қолданған жағдайда күздік бидайдың заманауи сорттарының әлеуетті (потенциалды) өніміне жақын - гектарынан 8,0-9,0 т өнім алуға болатыны дәлелденген дерек. Күздік бидайдың қоректік заттарды қажет ету мөлшері олардың топырақ құрамындағы мөлшеріне, өсірі жағдайына, өсімдіктің даму кезеңіне, сорттың ерекшелігіне тікелей байланысты. Ғылыми деректерге қарағанда Қазақстанның оңтүстігінде (Р.Е. Елешев, Т.С. Смагұлов, Б.С.Басибеков) күздік бидайға 1 ц өнім түзу үшін 3,0-3,5 кг азот, 1,0-1,5 кг фосфор, 2,4-2,5 кг калий қажет. Жоспарланған өнімге қажетті тыңайтқыш элементтерінің мөлшерін есептеу нұсқасы төмендегі кестеде келтірілген (Кесте 28).

Бұл дақылдың қоректік заттарды пайдалануы негізінен үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - тұқым өнгеннен бастап алғашқы жапырақ пайда болу аралығын камтиды. Бұл кезде ол фосфор элементін көбірек пайдаланады, ал азот пен калийді тұқым кұрамындағы сол элементтердің есебінен канағаттандырады. Екінші кезеңге - алғашқы жапырақ пайда болу мен гүлдену кезең аралығы жатады. Бұл кезеңде өсімдіктің вегетативтік мүшелерінің өсіп-дамуының қарқынды жүруіне байланысты күздік бидай топырақтан азот, фосфор, калий тағы басқа қоректік заттарды барынша көп сіңіреді. Үшінші кезең - гүлдену мен толық, піскенге дейінгі аралықты камтиды. Бұл кезеңде дақылдың вегетативтік мүшелерінде жиналған қоректік заттардың дәнге жылжуы қарқынды жүреді де топырақтан қоректік заттардың өсімдікке өтуі баяулайды немесе тоқталады. Алайда осы аталған қоректену кезеңдері бір-бірімен тығыз байланысты.

Күздік бидайға берілетін минералдық тыңайтқыш мөлшерін топырақтағы қоректік заттар шамасына, жоспарланған өнім денгейіне және алғы дакыл ерекшеліктеріне қарай белгілеудің маңызы орасан зор. Күздік бидай ылғалмен өте нашар (жылдық жауын-шашын мөлшері 200-220 мм), орташа (300-400 мм), мол (550-600 мм) қамтамасыз етілген тәлімі және суармалы жерлерде өсіріледі. Әрбір аймақтың ылғалмен камтамасыз етілуіне карай колданылатын тыңайтқыштың мөлшері мен мерзімі өзгеріп тұрады.

Кесте 28. Бағдарламаланған күздік бидай өніміне қажетті тыңайтқыш элементтерінің мөлшерін есептеу нұсқасы

Рет

саны

Көрсеткіштер

Тыңайтқыш элементтері

N

P2O5

K2O

1

1 т өнім түзуге қажет тыңайтқыш элементтерінің мөлшері, кг (М)

35,0

15,0

25,0

2

Түзету коэффициенті, Кк

1,0

1,3

1,3

3

Бағдарламаланған өнімге (5,0 т/га) қажет тыңайтқыш элементтерінің мөлшерін есептеу (ЕТМ-есептелген тыңайтқыш мөлшері) ЕТМ=ЖӨ×М× Кк

5,0×35×1,0

=175

5,0×15×1,3

=96,5

5,0×25×1,3

=162,5

4

Гектарынан 5,0 т өнім түзу үшін қажет NPK мөлшері = 434 кг ә.з.

Ылғалмен өте нашар қамтамасыз етілген аймақта күздік бидайды таза сүріден кейін сепкен дұрыс. Мысалы, Казактың ғылыми-зерттеу егіншілік институтының (Е. М. Зенкова, М.И. Рубинштейн) деректеріне қарағанда Алматы облысының боз топырағында таза сүріден кейін гектарына 384 кг, отамалы дақылдардан кейін - 180 кг, күздіктен соң - 139 кг нитратгы азот калады.

Жамбыл облыстық тәжірибе стансасының (Б.С.Бәсібеков) дерегі бойынша жауын-шашынмен орташа қамтамасыз етілетін ашық кара-қоңыр топыраққа орналасқан төрт танапты астықты-сүрілі ауыспалы егіс дақылдарын (сүрі танабы, күздік бидай, күздік бидай, арпа) тыңайтудың ең қолайлы жүйесі мынадай: 60 кг Р2О5 сүріге арналған танапты жыртар алдында, 30 кг азотты күздік бидайды үстеп қоректендіруде қолданған дұрыс. Мұндай тыңайту жүйесі гектарынан қосымша 1,23 т күздік бидай астығын жинауды қамтамасыз етеді.

Күздік бидай түсіміне алғы дақылдың әсері әсіресе құнарлығы төмен топырақтарда айқын байқалады. Жұргізілген ғылыми-зерттеулерге қарағанда күздік бидай үшін жақсы алғы дақыл ретінде жоңышқа, қант қызылшасы, сүрлемдік жүгері, бұршақ тұқымдас дақылдарды пайдалануға болады.

Сорт сынау учаскелерінің көпжылдық деректері бойынша дәнді дақылдардан кейін егілген бидай өнімінің мөлшері гектарынан 2,63-2,87 т, қант қызылшасынан кейін 4,51-5,01 т, бұршақтан кейін 5,0-5,45 т болған.

Фосфор мен калий тыңайтқыштарының тиімділігі топырақтағы осы элементтердің жылжымалы түрлерінің шамасына байланысты. Топырақтың жыртылатын қабатындағы 1 килограмында 30-35 мг жылжымалы фосфор мен 400 мг алмаспалы калий болғанда күздік бидайдың фосфор және калиймен қоректенуіне ең қолайлы жағдай туады.

Сондықтан фосфор, калий тыңайтқыштарының мөлшерін топырақтың агрохимиялық картограммасы немесе танап паспорты және өнім деңгейі жөніндегі меліметтерді пайдалана отырып белгілген дұрыс.

Күздік бидай егістігіне 15-20 кг Р2О5 түйіршікті суперфосфат түрінде тұқыммен бірге қолданудың маңызы зор. Тыңайтқыш көп мөлшерде берілетін кант қызылшасы, жүгері, көкөніс дақылдарынан кейін себілетін күздік бидайға фосфор мен калий берудің кажеті жок, өйткені күздік бидай жоғарыда аталған дақылдарға берілген тыңайтқыштан қалған фосфорды пайдаланады. Фосфор мен калий тыңайтқыштарын үстеп қоректендіруге пайдалану күздік өніміне айтарлықтай әсер етпейді.

Күздік бидай өнімінің артуына органикалық тыңайтқыштар да өте тиімді әсер етеді. Мәселен, Казақтың ғылыми-зерттеу егіншілік институтының деректері бойынша 20 тонна көң енгізілген тәлімі жердің гектарынан 1,5-2,0 ал суармалы жерден 5-6 центнер қосымша өнім жиналады.

Тыңайтқыштарды қолдану мөлшері мен мерзімі күздік бидай сорттарының түріне карай да өзгеріп отырады. Мәселен, Безостая 1 және Мироновская 808 сорттарына минералдық тыңайткыштардың (N60-120, P60-120) әсерінен Безостая 1 сортынан 15,5-17,1, Мироновская 808 сортынан І0,9 - 12,1 ц қосымша өнім алынды.

Екпе сүрі жердегі дақылға көктемде себералды қопсытуда 20-30 кг азот, ал сепкенде қатарға 10-15 кг фосфор мен калий енгізеді. Сүрі жерде орналасқан дақылды жинағаннан кейін жырту, немесе сыдырту кезінде 15-20 кг N, 35-50 - Р2О5, 30-45 кг К2О беріледі.

Күздік бидай өнімі мен сапасына микротыңайтқыштарды қолданудың да маңызы үлкен. Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институтының тәжрибесінде ашық қара қоңыр топыраққа себілген күздік бидайдың Безостая 1 сортын 0,5% күкірт қышқыл мыс пен күкірт қышқыл мырыш тұздарының ерітінділерімен ерте көктемде үстеп қоректендіргенде қосымша өнім 3,0-3,6 центнер аралығында болған.

Ауыр сазды және құм топырақтарда жасыл тыңайтқыштар ретінде пайдалану үшін көгін жыртып тастайтын бөрібұршақ, сиыржоңышқа және басқа да сидераттар себу жақсы нәтиже береді.

Топырақ өңдеу жүйесі. Күздік бидайға топырақ дайындау алғы дақылға, өсірілетін аймақтың топырақ климат жағдайларына, нақты шаруашылықтың ресурстық ерекшеліктеріне ж.б. байланысты анықталады және өңдеу жазықтілгішті немесе қайырмалы құралдармен жүргізіледі. Күздік бидайдың ерекше сипаты - оның күзден тығыз топырақтарда қалыпты дамуы.

Борпас топырақтарда олар нашар түптенеді, түйін тамырлар жүйесін әлсіз қалыптастырады және жиі түрде олардың үзіліп қалуы байқалады. Солтүстік Қазақстанның құрғақшылықты климатында күзде өңдеген топырақтың баяу тығыздалуына байланысты сүріге арналған танаптың негізгі өңдеуін көктемгі кезеңге ысырудың қажеті жоқ.

Күздік бидайға арналған сүрі танабын қара сүрі жер түрінде дайындаған дұрыс. Сүрі танабының негізгі өңдеуін күзде 25-27 см тереңдікке жүргізіледі.

Көктемгі кезеңде топырақтың физикалық пісуі жеткенде топырақ ылғалын сақтау және танапты тегістеу мақсатында ине тісті тырмалардың бірімен (БИГ-3, БМШ-15 ж.б.) тырмалау жүргізіледі. Сүрі танабының кейінгі өңдеулері арамшөп көктерін құртуға, топырақтан ылғалдың булануын азайтуға бағытталуға тиіс. Топырақтың беткі қабатындағы ылғалды сақтау үшін сүрі танабында арамшөптердің қаулап өсіп кетпеуі және көктемгі – жазғы терең өңдеуді болдырмаған жөн. Сондықтан өңдеу жұмыстарында 4-6 см тереңдіктен асырмайтын мүмкіндіктері бар құралдарды пайдаланады. Мұндай талаптарға СЗС-2,1 сепкіштері мен олардың морфикациялары және импорттық шетел құралдары сай келеді. Жаңбырлы дымқыл ауа райында 2 және 3 – механикалық өңдеуді гербицидтермен ауыстыруға болады, сонымен қатар танап шырмауық, қалуенмен ластанғанда да ықтырма себуден 20 тәулік бұрын танапты олармен бүріккен абзал.

Күздік бидайдан кепілді астық өнімін алу үшін тіпті табиғи қар қабаты қалыптасатын танаптарға да ықтырма себу қажет. Жақсы өскен ықтырмалар қар алғашқы түскенде-ақ біркелкі қар қабатын қалыптастырады, ал ол күздік бидайды қыста үсіп кетуден сақтайды, әрі мол өнімге жеткілікті ылғал қоры жинақталады. Көктемде 45-50 см-лік қуатты қар қабаты баяу ериді, тамыр жүйесі әлі тоң қабатында жатқанда күздік бидайдың жер үсті мүшелерінің тіршілік үрдісінің басталуын тежейді. Бұл дегеніміз, күздік бидайдың көктемде қайталанатын суықтардың теріс әсерінен құтылып кетуіне мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан жағдайында қышаның Неосыпающаяся 2 сорты жақсы ықтырма дақылы болып табылады. Оның маңызды биологиялық ерекшелігі – ерте піседі, жақсы бұтақтанады, сабақтары жапырылуға төзімді. Осыларға сәйкес оның өсімдіктері жаз ортасында сепкенде жақсы дамиды да суық түскенше сабақтары діңденіп үлгереді. 10-20 – шілдеде себілген қыша ықтырмасы 15-20 – қазанға қарай 80-110 см биіктікке жетеді және қар қабатын жасауда желге қарсы жақсы бөгесін болады. Оны желдің басым бағытына көлденең себеді.

Қыша ықтырмасын кезкелген құрғақшылықты жылы ойдағыдай өсіруге болады. Ол үшін сүрі танабын СЗС-2,1 сепкіш-культиваторымен топырақты 4-6 см-ден асырмай өңдейді. Сүрі танабын кезекті өңдегенде қыша себіледі. Оны екі немесе төрт сепкішті СЗС-2,1 агрегатымен (МТЗ немесе К-700 тракторларының бірімен) себеді: мұндай жағдайда қышаны екінші және төртінші сепкіштердің алғашқы екі сошнигі себеді, қалған сепкіш аппараттар жабылады нәтижесінде ықтырмалардың ара қашықтығы 4,2 метрге тең болады. Себу жұмысын жеңілдету үшін тұқым жәшігінде қалқа (аралық) жасалады немесе жүгері сепкішінің жәшігін бекітеді. Сепкіш аппаратта ең төменгі (минималды) айналым санын орнатады (сепкіш аппараттың білігіне 32 тісті жұлдызша кигізіледі). Катушканың жұмысшы бөлігінің ұзындығы 3,0 мм шамасында. Осы қалыптағы катушка әр гектарға есептегенде 1,0 кг қыша тұқымын себеді. Қыша тұқымы топыраққа 4-5 см тереңдікке сіңіріледі.

Бір есте ұстайтын жайт, қыша-майлы дақыл және тұқымының өнгіштігі оның сақтау жағдайлары мен ұзақтығына тәуелді. Сондықтан себу алдында тұқымның өнгіштігін тексеріп себуге жарамдылығын анықтаған жөн.

Қыша ықтырмасын себуге бессепкішті агрегатты пайдалануға да болады. Мұндай жағдайда қышаны екінші және бесінші сепкіштердің алғашқы екі сошнигі себеді, ал ықтырмалардың ара қашықтықтары 4,2 және 6,3 метрден кезектесіп қалыптасады. Кейіннен ықтырма аралық кеңістікті өңдегенде және күздікті сепкенде трактор кең жолақпен жүріп отырады, қозғалыс бағыты мен тәсілі ықтырма сепкендегідей болуға тиіс.

Ықтырма аралығын өңдегенде және күздікті сепкенде ықтырманың жарақаттанбауын қадағалау қажет, ол үшін сепкіш агрегат жаппай қатардағы себу тәсіліндегі реттеу жұмыстарын іске асырып, себуді түзусызықты жүргізеді.

Қолайлы жағдайларда қышанаң егін көгі 5-8 тәулікте пайда болады. Қыша жаппай көктегеннен кейін, ықтырма аралықтарындағы арамшөптерді құрту үшін культивация жүргізіледі. Ықтырмалы сүрі танабын өңдеуде ықтырма сепкен агрегатттар пайдаланылады, бірақ біршама конструкциялық өзгеріс жасалады:сепкіштен қыша ықтырмасын сепкен сошник катогімен бірге ағытылады, көрші сошниктерге оң және сол жағынан табанның орнына регіш (наральник) орнатады немесе ықтырма жақтан келетін табанды кесіп тастайды; қосымша сошниктердің тірегіштерін (стойкасын) 10-12 см оңға және солға жылжытуға болады, бұл танапты өңдегенде және себу жұмысын жүргізгенде ықтырманың жарақаттанбауын қамтамасыз етеді; Бұл жұмыстарды орындауға басты талап – 4-6 см тереңдікті сақтау.

Қыша өсімдіктерін зиянкестерден қорғаудың өте қажет кезеңі - өнуінен жапырақ розеткаларының пайда болу аралығы. Ең тиімді күрес шараларының бірі себуге дейін қыша тұқымын улы химикатпен өңдеу болып табылады. Осы мақсатпен 1 т қыша тұқымы 2 кг Тигам инсектицидінің 10-15 л судағы ерітіндісімен өңделеді. Жабыстырғыш ретінде Na KMЦ қолданылады. Осындай өңдеуден кейін өсімдіктер екі апта бойы зиянкестерден сенімді қорғалады да ширығып үлгереді. Алайда ықтырма өсімдігін жарақаттайтын қырыққабат көбелегі мен бүргелердің пәрменді байқалуында оларға қарсы Суми-альфа, 5 % к.ә. (0,2 кг/га) препаратымен егістік бүркіледі. Ылғалды жазда қыша тез өседі де зиянкестер қыша ықтырмасына айтарлықтай зиян келтіре алмайды.

Оңтүстік облыстарда алғы дақылды жинаумен бір мезгілде немесе оны жинап алысымен танапты сыдыра жыртқыштармен өңдейді: азжылдық арамшөптер болса 5-7 см, тамыр өркенді және тамырсабақтыларды 10-12 см топырақ тереңдігіне. Екінші жағдайда қайта сыдыра өңдеу жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Арамшөптер өсіп шыққаннан кейін танапты 22-25 см тереңдікке терң қопсытқыштармен немесе шолақ түренді соқамен өңдеуге(жыртуға) кіріседі.

Көктемде қара сүрі жерді ылғал жабу үшін тырмалайды, жаз бойы бірнеше рет арам шөптерді жою үшін қопсыту жүргізеді. Бірінші қопсыту - терең жасалынады, ал қалғандары алдыңғыларынан таяздау тереңдікке жүргізіледі. Тұқым себералды қопсыту тұқым енгізу тереңдігіне жасалынады.

Ерте сүрі жерге арналған танапқа көктемде сыдырту, сонан соң терең жыртумен бірге тырмалау жүргізіледі. Таза ерте сүрі жерді күтіп-баптау қара сүрі жердікіндей.

Таза сүрі жерлердің тиімділігі ықтырма сепкенде артады. Ықтырмалы өсімдіктер - күнбағыс, жүгері, қышаларды күздіктерден 40-45 күн бұрын егеді. Ықтырмалардың ара қашықтығы тұқымсепкіштің еніне байланысты. Күнбағыс, жүгері ықтырма жолақтарындағы қатараралық -70, ал қышада 12 см болады.

Екпе сүрі жерге арналған танапты алғы дақылды орудан кейін қыс түскенге дейін қара сүрі жер сияқты өңдейді. Ерте көктемде тырмалайды, сонан соң қопсытады да сәйкес дақылды егеді. Көктем құрғақ болса, егістік жерді таптауышпен нығыздайды. Отамалы дақылдардың қатараралықтарын қопсытады және тыңайтқышпен үстеп қоректендіреді. Екпе сүрі жер дақылын қысқа мерзімде ору керек.

Сүріге арналған жердің жаппай егілген дақылын орып болысымен топырақты сыдыртады, сонан соң жырту қабатының толық тереңдігіне жыртады да тырмалайды. Күздіктерді еккенге дейін арам шөптердің қылтыйып көрінуіне қарай танапты қопсытумен бірге тырмалайды.

Арамшөптерден таза танаптарды жыртуды, 10-12 см терендікке дискілі сыдыртқыш тырмалармен өндеуге ауыстыруға болады. Дискілі өңдеуден кейін танапты тегістеу үшін 8-10 см терендікке КНС-4, КПЗ-3,8, КПШ-9 қопсытқыштарын пайдаланады.

Егер сүрі жер емес алғы дақылдарды жинағаннан кейін, күздік дақылдарды себуге бір айдан көп уақыт қалатын болса, танапты дереу сыдыртады, сонан соң жыртып тырмалайды, алғы дақылдарды жинағаннан кейін күздіктерді егуге бір ай­дан аз уақыт қалатын жағдай болса, онда құрғақ ауа райы мен арам шөптерден таза танаптарды терең жыртудың орнына, 10-12 см сыдыртады да тырмалайды. Күздікті себер алдында танапты тұқым себу тереңдігіне қопсытады.

Жел эрозиясы болатын аудандарда А.И.Бараевтың эрозияға қарсы топырақ өңдеу жүйесі қолданылады. Түренсіз өңдеу үшін орылған өсімдіктердің тамырын қиятын КПГ-250А, КПШ-9 жазық тілгішті қопсытқыштар мен 8-30 см терендікке топырақты қопсытатын КПГ-2,2 уатқыш терең қопсытқышы, топырақты 5-10см дейін өңдейтін КШ-ЗА штангалы қопсытқышы, топырақты қопсытатын БИГ-ЗА тырмасы қолданылады. Себу СЗС-2,1 аңыздық түқым сепкішімен атқарылады. Ол тұқым себумен бірге қопсытқыш табанымен арам шөптерді қияды және себілген қатарды тығыздап өтеді.

Тұқымды себуге дайындау және себу жұмыстары. Жоғары сапалы тұқым күздік бидайдан мол өнім алудың маңызды шарты. Осы себепті себуге бірінші класты себу сапасына жеткізілген өткен жылғы өнімнен дайындалған күздік бидай тұқымы пайдаланылады. Өйткені жаңа жиналған астық тұқымдары себуге дейін қалған аз уақытта егін жинағаннан кейінгі пісіп-жетілу кезеңін – тыныштық күйін - өтіп үлгермейді, нәтижесінде олардың лабораториялық өнгіштігі 70-80 %-дан аспайды. Олар кондициялық өнгштікке 20-30 тәуліктен соң жетеді. Жаңа жиналған астықтан дайындалған тұқым кеш көктейді, танаптық өнгіштік төмен және егістік сирек болады, ал бұл астық өнімін төмендетеді. өткен жылғы өнімнің тұқымдары тез және жаппай көктейді, өсімдіктер жақсы түптенеді, қыстайды және айтарлықтай мол қосымша өнім береді (ғылыми мекемелер деректеріне қарағанда 3,0 ц/га және одан жоғары). Бұл шаруашылықтарда күздік бидай тұқымының ауыспалы қоры керектігін дәлелдейді.

Кондициялы тұқымды құрғақ ауада қыздырады, ал бұл агрошара өну энергиясы мен танаптық өнгіштікті арттырады.

Ауру қоздырғыштардан қорғау үшін пестицидтермен жартылай құрғақ тәсілмен күздік бидай тұқымын жаздық бидайға ұқсас дәрілейді.

Күздік бидай тұқымын себуге дайындаудың бір шарасы – тұқымды 60%-дық Тур немесе Кампозан препаратымен өңдеу. Ондай тұқымнан дамыған өсімдіктердің түптену түйіні топырақта тереңірек түзіледі. Құбылмалы температурадан аз зардап шегеді, өсімдіктер құрғақшылыққа және жапырылуға төзімдірек. 1 т тұқымға 5 л Тур немесе 6л Кампозан препараты жұмсалады.

Күздік бидайдың себу мерзімі мол өнім алуда ерекше рөл атқарады. Себу мерзімін анықтағанда мынаны ескеру қажет: қыстап шығуға кеткенге дейін күздік бидай түптеніп үлгеруге тиіс, басқаша айтқанда күздік бидай күзгі вегетациясы тоқтағанға дейін 55-60 тәулік бұрын себілуі керек (орташа тәуліктік температура 5оС-дан өткенше, ал бұл көп жылғы деректер бойынша 15-20 қазанға сәйкес келеді). Сондықтан Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидайдың оңтайлы себу мерзімі – 20-25 тамыз болып табылады. Қостанай облыстық тәжірибе стансасының зерттеулерінде орта есеппен 5 жылда 20 тамызда себілген мөлдектерде күздік бидайдың астық өнімі 16,3 ц/га, немесе ерте және кешірек себілгендерден 1,6-4,8 ц/га жоғары болды. Күздік бидайды ықтырма бойымен паялы (СЗС-2,1 немесе оның модификацияларымен) немесе дискілі сепкіштермен (СЗП-3,6) себеді. Соңғысымен ықтырмаға көлденең себуге де болады. Мұндай жағдайда жылы, ашық ауа-райында қыша өсімдіктері дегдігендеу (подвялены) болады да ауылшаруашылық құралдарымен жанасқанда айтарлықтай сынбайды.

Өндіріске прогрессивті технологияларды, күздік бидайдың жаңа сорттарын енгізудің тиімділігін арттыру мақсатында А.Қ.Апушев пен Г.Ә.Мырзабаеваның жүргізген зерттеулері соңғы 10-15 жылдың ішінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс тау бөктері аймақтарында климаттың айтарлықтай жылуы күздік бидайды себуді қазан айының бірінші онкүндігінде жүргізу керектігін анықтады.

Ауа райы жағдайына байланысты күздік бидайды елімізде әртүрлі мерзімде себеді: Алматы облысында қыркүйектің екінші онкүндігінде, Қызылорда облысының оңтүстік аудандарында қыркүйектің екінші-үшінші онкүндігі, ал Оңтүстік Қазақстан облысында қазан айының бірінші-екінші онкүндігінде.

Күздік бидайды ерте себу қажет емес, себебі бұл жағдайда ол өсіп кетеді де зиянкестер және аурулардан көп зардап шегеді. Өте кеш мерзімде себілсе, аязға дейін толық түптеніп және жақсы жетілген тамыр жүйесін кұрап үлгере алмай қалады. Екі жағдайда да күздік бидай нашар қыстайды және үсікке ұрынады. Жақсы түптену (3-4 сабақ) мен тамырлану үшін күздік астықтарға күзде 45-60 күн ауаның 5°С-тан жоғары температурасы, немесе аязға дейінгі тәуліктің орташа 5°С температурасының жиынтығы 550-580° құрау керек екендігі анықталған.

Күздік бидай үшін қатар аралықтары 7,5 см болатын тар қатарлы егіс жақсы болғанымен, өндірісте көп таралған себу тәсілі - қатараралықтары 15см кәдімгі жаппай қатардағы егіс.

С е б у м ө л ш е р і. Күн сәулесін және ылғалды, тыңайтқыштар мен топырақтағы қоректік заттарды тиімді пайдалану үшін өсіп жетілген өсімдік сабақтары жиілігінің маңызы зор. Бұл себу мерзіміне, сорттың биологиялық ерекшеліктеріне, топырақтың құнарлығына, тыңайтқыштармен тыңайтылуына, алғы дақылға және басқа да жағдайларға байланысты.

Қазақстанның Солтүстік өңірінің ғылыми мекемелерінің кепілдемелері бойынша топырақта жақсы ылғал қоры болғанда күздік бидайды 5,0 млн/га, ал ол жеткіліксіз болғанда – 4,0-4,5 млн/га өнгіш тұқыммен (130-170 кг/га) сепкен жөн.

А.Ш. Хафизовтың тұжырымы бойынша себу мерзімдері де себу мөлшеріне әсер етеді. Мысалы, Алматы облысы жағдайында оңтайлы мерзімде себілген Безостая 1 сортының жоғары өнімділік көрсеткіштері 1 гектарға 6,0 өнгіш тұқым сепкенде алынса, ал Днепровская 521 сортының жоғары өнімділік көрсеткіштері 1 гектарға 4,0 млн. өнгіш тұқым сепкенде алынды. Кеш себілген егістіктерде ең жоғары өнім әр гектарға сорттарға сәйкес 7,0 және 5,0 млн. дән сепкенде алынды.

Л.Л. Дзевульская мен А.Р. Избасаровтың Іле Алатау бөктерінің тәлімі жерлерінде себу мөлшерінің күздік бидай астығының өнімділігі мен сапасына әсерін зерттеумен байланысты жүргізген егіншілік тәжірибелері тәлімі жерлерде өсірілетін күздік бидай егістігіндегі өсімдіктер сабақтары жиілеген сайын жоғарғы өнім түзілетінін көрсетті. Күздік бидайды гектарына 5,0 млн. дән мөлшерімен сепкенде Днепровская 521 сортының өнімділігі 3,1-5,5 центнерге, ал Безостая 1 сортының өнімділігі 2,3-7,0 центнерге жоғарылады.

Себу мөлшері ауа райы жағдайы, тұқым сапасы, сорт, топырақ қасиеті, себу мерзімі мен тәсілдеріне байланысты қойылады. Кеш және құрғақ топыраққа егуде тұқымның егістік өнгіштігі төмендейтін жағдайда, оның себу мөлшерін көбейтеді. Құнарлы, ылғал жеткілікті топырақтар, жоғары агротехника, тар қатарлы себу тәсілі мен суармалы жерлерде де себу мөлшерін (10-12%) көбейтеді. Құнары төмен топырақты жерлерде себу мөлшерін азайтады.

Күздік бидайдың егін көгі мен оның күзде даму деңгейіне тұқымның сіңіру тереңдігі көп әсер етеді. Ол түптену түйінінің орналасу ерекшелігін өзгертеді: түптену түйіні неғұрлым тереңірек болса, солғұрлым қыста опат болу қаупі азаяды. Қазақстанда күздік бидай өсіретін аудандарда тұқымды топырақтың ылғалды қабатына (5-7 см) сіңіру қажет.

Егістікті күтіп-баптау. Өсімдіктердің өсуі мен дамуы, вегетация кезеңінде және қыстап шығу үрдісінде олардың сақталуы көп жағдайда себуден егін жинағанға дейінгі оларға жасалған күтімге байланысты. Ол күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы күтіп-баптау жұмыстарын қарастырады.

Күзгі күтім себу тәсілі мен сепкіштердің маркасына байланыссыз топырақты тығыздаудан басталады. Мұның себебі кей жағдайда егін көгінің дер кезінде және жаппай пайда болуына кедергі жасайтын факторға топырақтың беткі қабатындағы сіңімді ылғал қорының жетімсіздігі жатады. Сондықтан себуден кейін жүргізілген топырақты тығыздаудың әсерінен топырақ бөліктерімен тұқым арасындағы түйісу жақсарады және төменгі топырақ қабатындағы ылғалдың капиллярлық көтерілуі күшейеді. Солтүстік Қазақстанда топырақты тығыздау күздік бидайды сеуіп болысымен ЗККШ-6А катогімен қосымша жүк салып жүргізеді. Бұл агротехникалық шараны іске асырғанда ықтырманың жарақаттанбауы ескеріледі. Күзде ұзақ уақыт бойы, тіпті қараша айының соңына дейін қар жаумауы мүмкін. Мұндай жағдайда егістік күздігүні жер бетіне шашқыш машиналармен (1 РМГ-4, РУМ-3, дискілі сепкіштер) минералды тыңайтқыштармен (азот, фосфор) үстеп қоректендіріледі, есесіне бұл жұмыс көктемде жүргізілмейді және ылғи оған мүмкіндік те бола бермейді.

Түптену кезеңінде ақ зеңмен күресу үшін егісті фундазолмен (0,3-0,6 кг/га препаратты 300 л суда ерітеді) өңдейді. Көптеген ауруларға қарсы кешенді тиімділігімен Альто 400 к.с.-ципроконазол (0,1-0,2 кг/га), Байлетон, 25% ы.ұ. (0,5-1,0 кг/га), Тилт,25% э.к. (0,5-1,0 кг/га) препараттары қолданыста жоғары көрсеткіш көрсетіп жүр.

Егер күздік бидай жылы күздің ұзақтығынан шамадан тыс өсіп кететіндей жағдайлар болатын болса, онда оның егісін түптену кезеңінде өсімдік өсуін тежеуіш (ингибитор) - М кампозанмен (3-4 л/га), немесе турмен (6 л/га) бүркіп өңдейді. Егісті ретарданттармен өңдегеннен кейін жапырақтың биіктеп өсуі тежеледі, өсімдіктің түптенуі мен негізгі тамыр жүйесінің қалыптасуы күшейеді.

Қысқы күтім ықтырмасы сирек, немесе әлсіз дамыған танаптарда қар тоқтату жұмысын қарастырады. Ол үшін биіктігі 10-13 см шана танабы орнатылған қар тоқтатқыштармен қар жалдары жасалады. Алайда, бұл агротехникалық шараны өте мұқият жүргізу қажет, өйткені өсімдіктер беті жалаңаштанып қалмауы тиіс. Дегенмен, қар тоқтатудың ең сенімді тәсілі – сүрі танабында жақсы ықтырма қалыптастыру болып табылады.

Көктемгі күтім. Ерте көктемде жоғары ылғалдылық пен төменгі температура әсерінен топырақтағы нитрификация құбылысы өте баяу жүреді, соның әсерінен күздік бидайдың қоректік заттарға, ең әуелі азотқа, мұқтаждығы байқалады. Егер бұл уақытта үстеп коректендірмесе, өсімдіктердің бір бөлігі құрып кетеді де өнім төмендейді. Осыны ескере отырып, ерте көктемде, топырақ тоңы жібімей тұрғанда, Солтүстік облыстарда 30-40 кг/га, ал оңтүстікте 60кг/га әсер етуші зат (ә.е.з) мөлшерінде азотпен үстеп қоректендіреді. Бұл мезгілде қар еріп жатады, бірақ тыңайтқышты шайып әкететін су ағыны болмайды. Мұндай үстеп қоректендірудің тиімділігі өте жоғары, астықтың қосымша өнімі масақтың қарқынды өсуінің нәтижесінде алынады. Кеш жүргізілген үстеп қоректендірудің тиімділігі өте төмен, керісінше өсімдіктердің тым өсіп кетуі мен кеш түптенуіне әкеліп соғады, ал кейіннен масақтағы дәннің қалыптасуы нашарлайды және астық өнімі кемиді.

Күздік бидайға күзде мочевинаны, күкірт қышқыл аммонийді, ерте көктемде аммоний селитрасын, тамырдан тыс үстеп қоректендіруге мочевинаның судағы 20%-дық ерітіндісін қолданған сапалы мол өнім жинауды қамтамасыз етеді.

Топырақтың физикалық пісуіне байланысты ине тісті БИГ-3 немесе тісті тырмалармен егістіктегі ықтырма аралығы тырмаланады. Бұл агротехникалық шара топырақ қабыршағын ұсақтайды, ылғал шығынын азайтады, әрі жапырақ қалдықтарын аластатады, арамшөп көгін құртады, өсімдік тамырына оттегінің (О2) келуін жеңілдетеді, тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Осылардың әсерінен күздік бидайдың пәрменді өсіп-дамуы қамтамасыз етіледі. Күздік бидайдың 50 %-нан артығы құрып кеткен жағдайда оңтайлы себу мерзімінде жаздық дақылдар (арпа ж.б.) дискілі сепкіштермен 4-5 см тереңдікке агрегаттың ең төменгі жылдамдығы мен қосымша себіледі, сөйтіп танаптың астық түсімі сақталады.

Жазғы күтім негізінен қосжарнақты арамшөптерге қарсы бидайдың түптену кезеңінің соңында 2,4 Д (ДМА-6) тобының гербицидтерімен мынадай мөлшерде егістік бүркіледі: гектарына амин тұзы – 0,8-1,4 кг, ал эфирлер пайдаланылса – 0,4-0,5 кг ә.е.з; диален, 4,0 % с.е (1,9-2,5 кг/га), ларен, 60 % ж.ұ. (8-10 г/га) жақсы нәтиже береді. Ол үшін ОП-2000-01, ОПШ-15 ж.б. жер беті бүріккіштерімен таңертеңгі және кешкі сағаттарда, қоршаған ортаға улы заттарды шашыратпай өңдейді.

Күздік бидайды суармалы жағдайда өсіру технологиясының ерекшеліктері. Ылғал жетіспейтін оңтүстік аймақтарда күздік бидай өнімін арттыру үшін - суару бірден-бір тиімді агротехникалық шара. Күздік бидай егістіктері орналасқан Оңтүстік-шығыс аймақтарда себу алдындағы топырақ ылғалдылығы төмен болғандықтан тұқымның бөртіп, көктеп шығуын қиындатады. Ондай егістіктерден жоғары өнім алу мүмкін емес.

Суарылмалы егістіктерде күздік бидай тұқымдары сепкеннен 8-10 күннен кейін көктеп шығады және күзде тамырлары 120-140 см тереңдікке бойлап өсуіне жағдай қалыптасады.

Күздік бидайдың суармалы егістікте қарқынды өсіп-дамуы нәтижесінде өсімдіктердің қоректік заттарды сіңіру қабілеті де жоғарылайды. Күзден бастап фосфор және калиймен қажетті деңгейде қамтамасыз етілген егістіктерде өсімдіктердің жатып қалу, зиянкестермен зақымдану және ауруларға шалдығу қаупі төмендейді. Суармалы егістіктерде азот пайдалану деңгейі де артады.

Қазақстанда суармалы егістіктерде ең жоғары өнімді Жамбыл облысы жағдайында алынғандығы туралы көптеген деректер бар. Мысалы, Мерке ауданында Социалистік еңбек ері Р.Шанбаев 170 гектардан орта есеппен 7,0 т астық орған. Осы облыстың сортсынау учаскелерінде гектарынан Безостая 1 сорты 8,56-8,69 т, ал Днепровская 521сорты 9,43 т өнім алуды қамтамасыз еткен. Мұндай деректер Алматы облысы шаруашылықтарында да көптеп бар.

Ғылыми-зерттеу мекемелерінің деректеріне сәйкес суармалы жағдайда күздік бидай үшін ең қолайлы алғы дақыл жоңышқаның қыртысы және аударған қыртысы, бұршақ дәнді дақылдар (ас бұршағы), сүрлемдік жүгері, ерте пісетін көкөністер және қант қызылшасы. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша 4 жыл ішінде жоңышқаның қыртысына себілген бидайдан орта есеппен гектарынан 4,83 т өнім алынды, ал ас бұршағы - 4,63, қант қызылшасы - 4,49, сүрлемдік жүгері - 3,9 т өнім алуды қамтамасыз етті. Қайта себілген күздік бидай өнімділігін 2,96 га/т дейін, астыққа өсірілген жүгеріден кейін 3,49 т/га дейін төмендетті.

Суармалы жағдайда күздік бидайды қайталап себу егістіктің арамшөптермен ластануын, аурулармен залалдануын және зиянкестермен зақымдануын күшейтеді, сондықтан өсімдік қорғау шараларына көп көңіл бөлінуі қажет.

Күздік бидай өсірілетін суармалы жерлерде бағдарламаланған астық өнімін қамтамасыз етудің мүмкіндігі зор. Осыған байланысты «күздік бидайдың тәлімі жерлерде өсіру технологиясы» бөлімінде келтірілген тыңайтқыш қолдану жөніндегі деректерді тыңғылықты ескереген жөн.

Күздік бидай себілетін суармалы жерлерде өңдеу жүйесі мен тәлімі жерлерді өңдеу жүйесінде айтарлықтай айырмашылық жоқ, мұнда да өсімдік қорғау және топырақты су эрозиясынан сақтау шараларына көңіл бөлінуі керек.

Күздік бидайды суару жүйесі 1 рет күздегі дымқылдық және 1 ден 3-ке дейін вегетация кезіндегі суарудан тұрады. Әртүрлі аймақтарда дымқылдық суару мөлшері гектарына 1000-1800 м3. Қуаңшылық жағдайда себу алды суару пайдаланылады, оның мөлшері гектарына 500-800 м3 аралығында. Вегетация кезеңінде түсетін жауын-шашын мөлшері 250 мм шамасында болса, дымқылдық суару мөлшері 1200-1300 кейде 1500 м3-ге дейін арттырылады.

Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының деректері бойынша Алматы және Жамбыл облыстарында 1 дымқылдық, 1-3 вегетациялық суару жүйесін қолданғанда күздік бидай жоғары өнім түзеді. Вегетация кезеңінде 400-420 мм жауын-шашын түссе 800-900 м3 мөлшерінде 1 вегетациялық суғару жеткілікті, ал жауын-шашын мөлшері 300-350 мм болған қуаңшылық жылдары 600-750 м3 мөлшерінде 2-3 вегетациялық суару жүргізіледі.

Дымқылдық суаруды топырақ негізгі өңделгеннен (жыртылғаннан) кейін, вегетациялық суаруларды топырақ ылғалдылығы ең төменгі ылғал сыйымдылығынан 80%-ға дейін түскенде жүргізген тиімді.

Өнімді жинау. Күздік бидайдың піскен егінін жинау әдісін таңдап алу, оның жалпы жағдайына, ауа райының ерекшелігіне ж.б. тікелей байланысты. Өсірілген өнімді жинау дәннің толық пісу кезеңіне тікелей, ал дәннің балауызданып пісуінің ортасында ылғалдылығы 30— 35% болғанда, бөлектеп ору әдісімен жүргізіледі.