Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
билеты по каз.яз.docx
Скачиваний:
8
Добавлен:
17.09.2019
Размер:
78.73 Кб
Скачать

Билет № 29

1. Киіз үй[1] — Орталық және Орта Азия халықтарының негізгі баспанасы; Орталық және Орта Азия халықтарының көшпелі тұрғын үйі.[2]

Ол — көшпенділердің тез жығып, шапшаң тігуге, яғни көшіп-қонуға ыңғайлы үйі.

Көшпенділердің киіз үйі — тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік қүрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туристер де пайдаланады. Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен елдерге шатырдың орнына киіз үйлер апарып жүр. Шаңырақ

Киіз үйдегі кеңістік — қазақ дүниетанымының тоғысқан жері. Осында адам дүниеге келеді, үйленеді және соңғы сапарға аттанады. Яғни адамның түздегі тіршілігін қоспағандағы өмірі осында өтеді.

Шанырақ

Киіз үй — ғаламның моделі. Бүкіл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретінде қарастырсақ, киіз үй баспана ғана емес арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелі орын. Қазақ үйдің киесі шаңырақтан бастау алады.

Шаңырақ — қасиетті. Шаңырақ — күннің символы. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда үнсіздік орнауы тиіс. «Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді» деген сөз осының дәлелі. Шаңырақтың төрт күлдіреуіші — төрт тарапты білдіреді. Уықтарды күннің шашырандысы деп ұғыңыз.

Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнісі, құт құйылады деп есептеген.

Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ — адамның оты. Шаңырақтың үстінде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды.

[өңдеу]

Есік пен төр

Киіз үйдің есігі әдетте шығысқа қаратылады. Бұл — күннің сәулесі үйге бірінші түссін дегенді білдіреді.

Есікке қарама-қарсы бетте — төр. Төрдегі адам есікке қарап отырады. Егер ол малдас құрып отырса, оның әкесі жоқ деп есептеңіз. Әкесі тірі адам малдас құрмайды. Отырудың өзінің осындай таңбалық мәні бар.

Төрдегі адам төрелік айтады. Төрге ақ пен қара түсті сырмақ төселеді. Мәнісі, төр — ақ пен қараның ара жігін ажырата алатын адамның орны. Төрде отырып, билік айтқандар мемлекет билігіне дейін көтерілген.

Мұны Орхон-Енисей жазбасындағы «төр» сөзінің мемлекет мағынасында қолданылғанынан байқауға болады.

Қазақта: «Еділ үйдің — есігі, Жайық үйдің — жапсары, Түркістан — ұлы төріміз» деген сөз бар.

Шыңғыс дәуіріндегі Ақ орда, Көк орда, Алтын орда дегендердің өзі — кеңейтілген киіз үйдің көшірмесі іспетті.

Сосын төрге қыз бала отырған. Өйткені, қыз — қонақ. Бабалардан қалған бір сөз — «Қыз бала — төр иесі, ұл бала — үй иесі».

[өңдеу]

Керегең кең болсын, екі босағаң тең болсын!

Босаға — екеу. Оң жақ босаға және сол жақ босаға.

Сол жақ босағаға кебеже, саба, мес, күбі т.б. қойылады. Сол жақ босағаға келген дүниені ғалымдар «құт» категориясымен белгілейді. Өйткені жоғарыдағы аталған ыдыстарға айран, іркіт, қымыз, шұбат т.б. құйылады.

Демек сол жақ босаға — әйелдің символы. Дәл осындай түсінік әлемнің бірқатар елдерінде де бар. Ал қазақ шұңғыл ыдысты да әйелдің символы ретінде бағалайды. «Аяғын көріп, асын іш, анасын көріп, қызын ал» деген мақалдағы «аяқ» осындай мағынасы үшін де мақалға енген.

Сол босағадан кірген дүние сыртқа шықпайды, қапқа түседі. Қазақ мұны «қапқа түскен — қатындыкі» деп бір-ақ қайырады.

Ал оң босаға — еркектің символы. Оң жаққа ер-тұрман, ат әбзелдері, бүркіт т.б. қойылады. Қатты жауын-шашында малдың жас төлін де оң босағаға кіргізетін болған. Оң жақ — аралық меже. Босаға аттап келген келінді оң жақта қарсы алады. Аяғына «биязы болсын» деп ақсарбастың терісін төсейді. Босағаны пәк болып аттаған бойжеткен аралық межеден өтіп, жанұялық өмірін бастайды. Үйленген соң, төсек-орнымен сол жаққа өтеді.

Қайтыс болған адамды да қазақ ақ киізге жатқызып, оң жақтан шығарады. Демек оң жақ бір әлеуметтік сатыдан екінші әлеуметтік сатыға немесе бір әлеммен екінші әлемге өткізетін көпір іспеттес. Олай болса, «Керегең кең болсын, екі босағаң тең болсын!» деген тілектің кейінгі жолдарында әке-шешең аман болсын деген астар жатыр.

[өңдеу]

Қазан-ошақ

Шаңырақты көтергенде бақанның екінші ұшы тиген жерге, яғни үйдің дәл ортасына ошақ орналасады.

Ошақ орналасқан соң, қазан асылады. Ал қазан асылған соң міндетті түрде оған бірдеме құйылуы керек.

Қазанның бос тұруы жаман ырымға саналады. Құт деген түсінікті сарқа құйып алатын символдың басы осы — қазан. Оның бізге жеткен керемет үлгісі — Түркістандағы Тайқазан. Қазақтың қазанды қатын-баламен бірге атайтыны да осыдан келіп шығады. Қайда көшсе де қазанын тастамайтын ғұрып бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.

Қазанды татулықтың белгісі ретінде де мансұқтайтын аңыздар бар. Оның бірі: «жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерітіліп, қазан құйылған екен» деп басталады. Олай болса қазанды береке-бірліктің символы ретінде де таниды.

[өңдеу]

Бақан, адалбақан

Бақан да еркектің символы. Бақанды әйел адам ұстамайды. Бақан әлемді тіреп тұрған нәрсе. Ал адалбақанның рөлі бұдан да жоғары. Төсек-орнымен сол жаққа шыққан ерлі-зайыптылар жастары өсе келе төрге бір табан жақындаса, адалбақанға екі табан жақындайды.

Адалбақан — әлем ағашының символы. Әлем ағашы, әлем бәйтерегі дегеніңіз — Ертөстік ертегісінде айтылатын, самұрық құс қонатын, арғы әлем мен бергі әлемді жалғастырған ғажайып ағаш. Адалбақанға жақындаған адам — адалдыққа жақындаған адам. Дәл осы жастағылардың денсаулығы сыр беріп, жаны күйзелгенде «Төрімнен көрім жақын» деп қиналатыны да бар.

[өңдеу]

Табалдырықты баспа!

Ертедегі түсінік бойынша, әлем үш сатыдан тұрады. Аспан — рухтар мекені. Ондағы адамдар белбеуді басынан байласа, жердегілер белінен, ал төмендегілер аяғынан байлайды. Табалдырық сол төмендегі әлеммен байланысқа түсіретін мәнге ие.

Мысалы, ертеректе шала-жансар туылып, өліп қалған малдың төлін табалдырықтың астына көметін болған. Түсікті де сөйткен. «Табалдырықты баспа!» дейтін тыйымның шығу себебі, міне, осымен байланысты.

Оталмаған мылтық пен қаппаған қақпанды домдау үшін табалдырықтың астына қойып, бойын таза ұстайтын әйел адамға аттататын болған. Себеп, арғы әлем мен бергі әлемнің арасындағы қаскөй рухтар мылтық пен қақпанды байлап тастады дейтін түсінік.

[өңдеу]

Киіз үйге байланысты қарғыстар

«Шаңырағың шарт сынып, шандырыңа қадалсын, күлдіреуішің күрт сынып к…іңе қадалсын». Мұны кезінде Радлов жазып алған.

«Көк шөбің басылмасын, күлің шашылмасын». Бір қарағанда тәп-тәуір сөз секілді көрінгенімен бұл қарғыстың салмағы зіл батпан. Бұл — үйіңнің айналасын жайқалған шөп бассын, оны таптайтын үйіңде адам қалмасын, балаларың, үрім-бұтағың жойылсын деген сөз. (Ертеректе балаларды «күлшашар» деп те атаған). Бұл қарғысты Моңғолия қазақтарынан Ақеділ Тойшанұлы жазып алған.