Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник.docx
Скачиваний:
78
Добавлен:
15.02.2016
Размер:
6.17 Mб
Скачать
  • қате жіберемін деген қорқыныш (мектептен бері қалыптасқан)

  • лексикалық қордың жетіспеушілігі

  • жақсы сөйлейтіндердің жанында мен нашар сөйлеймін деген қорқыныш

  • менің сөйлегенімді дұрыс түсінбеуі мүмкін

    Қажетті сөз орамдары

    Бұл жақсы идея екен .

    Тілімнің ұшында тұр.

    Нақты айтқанда .......

    Мысалға алатын болсақ, ......

    Сондықтан да болар .........

    Тілім келмей тұр.

    Кеңесіңізге рахмет!

Топтық жұмыс. Мына жағдайларды жою жолдарын талқылап, тактикалар ұсыныңыз:

  • психологиялық сенімсіздік

  • тіл үйренудегі алғашқы сәтсіздіктер

  • студентте ынталандырудың болмауы

  • сөйлесу қарым-қатынасының болмауы

Тапсырма 8: Мына идеялардың қайсысын құптайсыз немесе құптамайсыз, салдарын қарастырыңыз.

  • Студенттер орыс тілінде сөйлегенді мақтаныш санайды.

  • Қазақ тілін үйрену үшін ол тілде сөйлейтін адамдар ортасында болу шарт.

  • Қазақ тілін үйрену үшін тілге, ұлтқа деген құрмет керек.

  • Қате болса да сөйлей берсе, адам тілді тез үйренеді.

  • Студенттер қоғамдық орындарда қазақша сөйлегенді ұят санайды.

  • Тіл үйренуде адам жеке бір стильді, әдісті ұстану керек.

  • Талаптанған тілді тез үйренеді.

  • Қазақша білсе де орысша сөйлейді.

Оқылым 3

Өз бетінше оқу

Тапсырма 1: Газет мақалаларын оқып, сұхбаттардың негізгі мазмұндарын анықтаңыз.

www.alashainasy.kz/.../10686/

Ахмет АЛЯЗ, «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры:

Қазақ тілін үйренуге қандай себептер болды?

– Білім іздеу себеп болды. Мен Қазақстанға 1992 жылы жоғары білім алу мақсатында келдім. Менімен қатар Түркиядан Қазақстанға білім алу мақсатында алғаш болып келген жастар он шақты адам еді. Осында келгеннен кейін бізге орыс немесе қазақ тілінің бірін таңдауға тура келді. Әрине, мен қазақ тілін таңдадым. Оның себептері көп. Біріншіден, біз тамыры бір халықпыз, екіншіден, тіл үйрену жеңіл тиеді деген ойда болдым. Өзіммен қатар келген жастардың ішінде қазақ тілін игеріп, оны болашағыммен байланыстыра білген мен ғана десем болады. Тіліміз қаншалықты жақын болғанымен, оны үйрене алмай, кетіп қалған жігіттер болды.

Тіл үйренуге қиындық тудыратын, айтарлықтай кедергі болатын себептер қандай деп ойлайсыз?

– Қазір тіл үйренушілерге жағдай жасалып жатыр. Біз алғаш келгенде қазақ тілін үйрететін бірде-бір оқулық болған жоқ. Тіл оқулықтарын былай қойғанда, жалпы, басқа пәндер бойынша да оқулықтар болған жоқ. Барлығы орысша. Сондықтан бізге орыс тілі мен қазақ тілін қатар үйренуге тура келді. Аз-аздап үйренген қазақшамызды көшеде, тұрмыстық жағдайда пайдалануға мүмкіндік болмады. Себебі көшедегінің бәрі орысша сөйлейді. Меніңше, қазір ондай құбылыс жоқ. Қоғам біртіндеп қазақыланып келе жатқан сияқты.

Қазақ тілін үйрену барысында өзіңіз түсіне алмай әлек болған мәселелер болды ма?

– Сөйлем құрылысы жағынан түрік тілі мен қазақ тілі өте ұқсас екені белгілі. Дегенмен түрік тіліне қарағанда, қазақ тілінің түсінуге ауыр тұстары да бар. Мысалы, түрік тілінде көптік жалғау «лер», «лар» арқылы ғана жасалады. Ал қазақ тілінде оған «дер», «дар», «тер», «тар» секілді жалғаулар қосымша пайдаланылады. Біз үшін бұл түсініксіз болып көрінді. Сондай-ақ қазақ тілінің сөйлем құрылысы ауызекі қолданыста бір бөлек, жазбаша нұсқасында бір бөлек болып келеді. Жазбашада сөздердің орын тәртібі мүлде басқаша болып кетеді. Әрине, бұл жағдай тілді алғаш үйренушіге түсініксіз.

Қазақ тілін үйренудегі ең оңай болатын әдіс-тәсілдерді ұсына аласыз ба? Өз тәжірибеңіз бойынша тіл үйренушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Тіл үйрену үшін, ең бірінші, адамның қалауы мен шын ықыласы, ынтасы болуы керек. Бұл – негізгі қажеттілік. Екіншіден, меніңше, қазақ тілін үйрену барысында жазу мен оқып-үйренуді қатар алып жүру керек. Себебі ауызекі қолданысты ғана үйрену жеткіліксіз. Жазып үйренген адам сөйлем құрылысына көп мән береді. Және болашақта сөйлеген сөздері де әдеби норма бойынша құралады. Ал ауызекі тілге бір жаттығып алса, одан арылу оңайға соқпайды. Бірақ адамды ынталандырушы құрал нақты қарым-қатынасқа келу, сөйлесу ғой. Сондай-ақ тілді алғаш үйреніп жатқанына қарамастан, мақал-мәтел, тақпақтарды, әзіл-оспаққа айтылған қалжың сөздерді жиі қолдану керек. Өйткені адам қалжыңды жақсы көреді. Ал көңілге ұнайтын нәрсе тез жатталады. Оның үстіне сөздің әрін кіргізеді. Содан кейін тіл үйренушіге ұятты ысырып қою керек. Жұрттың күлгенін елемеуді үйрену керек.

Токо ФУДЖИМОТО: «Маған қазақ тілінде тілдесу ұнайды» zhastulpar.kz/?p=249

Жапонияның ұлттық этнология мұражайының ғылыми қызметкері, PhD докторы Токо Фуджимотомен болған қызықты сұхбатымызды ұсынамыз.

- Токо, Сіз туралы көп естіген едік. Сіздің не себепті ғылыми зерттеу объектіңіз ретінде көшпелі халықтар жайлы, соның ішінде қазақ халқын таңдауыңызды білсек…

- Мұны ең алдымен мемлекеттік тапсырыс деп ойлап қалмаңыз. Бала кезімде Қазақстанның өткен тарихы мен бүгіні жайлы көркем фильм көрген болатынмын. Содан бастап көшпелі халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, нанымы мен дәстүрлерін терең білуге құлшыныс оянып іздене бастадым. Әсіресе, университетте оқып жүргенде Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан қазақ-қытай саудасы жайында кітап қолыма түскеннен кейін қазақ ұлтын тануға, білуге деген ынта кемелдене түсті. Кейіннен тек кітаптардан тұтас ұлтты тану мүмкін еместігін түсініп, қазақ жеріне келіп, алаш жұртымен жақын танысуды мақсат тұттым.

- Қазақ тілінде тұп-тура өз ана тіліңіздей сөйлейсіз. Тілді қалайша меңгеріп алдыңыз?

- Мен Баянауыл ауданындағы Теңдік ауылында 2 жыл тұрдым. Бірге тұрған кісілер мен ауыл адамдары мені жылы шыраймен қабылдады. Қазақы ауылда өзгелермен тең өмір кешіп, сиыр да саудым, қазанға от жағып, құрт та қайнаттым. Нан илеуді де көріп, ет асуды, бешбармақ жасауды да үйрендім. Қазақы күймен тірлікке араласқаннан кейін қазақ тілін қалайша үйренбейсің? Бастысы, ауылда мен қазақ ұлтының әдет-ғұрпы, салт-санасы мен дәстүрлері жайлы мол мағлұматтар алып, қазақ ұлтына жақындай түстім.

- Токо, жалпы тіл үйрену қиын болды ма?

- Жапонияда жапон-қазақ сөздіктерін оқыдым. Дегенмен, тіл үйренуіме кітаптардың көмегі аз болды. Тек қана 1998 жылы Алматыға келіп этнография институтында оқыған кезімде тілді біршама меңгердім. Ал Баянауылдағы Теңдік ауылында тұрған кезімде қазақ тілінде еркін сөйлейтіндей деңгейге жеттім. Негізі тіл үйрену үшін тілдік ортамен араласқан дұрыс екен.

Өз басым кейіннен Жапонияда оқыған кітаптардан тілді үйреніп кету мүмкін еместігін ұқтым. Сондықтан, тілді жақсы меңгеру үшін тек теория жүзінде оқымай, тілдік ортаға араласып, сөйлесе беру, сөйлесу беру, сөйлесу беру керек екен.

- Басқа қандай тілдерді білесіз?

- Қазақ тілінен өзге ағылшын, орыс, қытай тілдерінде тілдесе аламын. Бірақ, осы тілдердің ішінде маған қазақ тілі қалайда ерекше. Қазақ тілінде сөйлесу маған жеңілірек. Себебі жапон тілі мен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі бір-біріне ұқсас.

- Әдебиеттерді қай тілде оқисыз?

- Қазақстанда көбінесе қазақ тілінде.

Токо, сұхбатыңызға рахмет.

Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды  www.arzu.kz/news/355/

Уильям ФИЕРМАН, АҚШ Индиана университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы:

- Фиерман мырза, қазақ тілін қайда жүріп үйрендіңіз? Жап-жақсы, жатық сөйлейтініңізге таңғалып отырмын.

- Рақмет! Мен қазақ тілін кітап-журналдардан оқып үйрендім.

- Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?

- Жоқ! Онша қиын болмады. Мен тіл маманы емеспін. Саясаттанушымын. Қазақ тілін үйренбестен бұрын түркі тілдерінің біразын, әсіресе өзбек тілін жақсы білетінмін. Яғни қазақ тілін үйренерден бұрын менде негіз болды деуге болады. Қазақ тіліндегі кітап-журналдарды оқи отырып, тез арада біршама деңгейде меңгеріп кеттім. Жалпы, түркі тілдерінің бірін білсеңіз, басқа түркі тектес халықтардың тілін үйреніп алу оңай. Жалпы, мұндай сұрақ өте көп қойылады. Қайда барсам да, кезіккен адамдар қазақшаны қалай үйренгенімді сұрап жатады. Бұл, меніңше, өз тілін үйренгісі келмейтін немесе үйренуге өте қиын деп сылтау айтатын адамдардың сауалы секілді көрініп тұрады.

- Демек, қазақ тілін үйренуге мамандығыңыз себеп болған ғой?

- Иә, солай. Мен Қытайдағы және бұрынғы Кеңес Одағы қол астындағы елдердің тіл саясаты мәселесімен айналысқандықтан, Орталық Азия аймағындағы тілдерді үйрену қажеттілігі туындады. Алдымен өзбек тілінен бастадым. 1976 жылы мен Ташкентте диссертацияға деректер іздеп барып, бір жылдай уақыт сол жерде тәжірибеден өттім. Диссертациям қорғалып, Америкаға кетсем де, өзбек тілінен қол үзбедім. Көп жылдар бойы өзбектермен жұмыс істедім. Ал 80-жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ тіліне ден қоя бастадым. Қазақ тілінің ұшан-теңіз байлығы бар. Бір елді тану үшін алдымен оның тілін білген дұрыс емес пе? Сол себепті мен қазақ тілін өз бетімше кітаптардан үйрене бастадым. Бір жақсысы, өзбек тілін білгендіктен, маған бұл тілді меңгеру онша қиын болмады. Бірақ мен қазақ тілін меңгеру жолында аз тер төктім деп айта алмаймын. Оқулықтар, қазіргідей әдістемелік құралдар болған жоқ. Маған ең ауыр тигені - Қазақстанда тілдік ортаның болмауы. Сол себепті мен қазақ тілін орыс тілі арқылы меңгеруге мәжбүр болдым. Газет-журналдарға жазылдым. Қазақстаннан арнайы алдыртып отырдым.

- Әңгімені Отаныңызға, мұхиттың арғы жағы - Америкаға қарай бұрсақ. Ол жақта сіз секілді қазақ тілін үйреніп жүргендер аз шығар?

- Бізде қазақ тіліне сұраныс өте төмен. Бұған себеп қазақ тілінің өз еліндегі сұранысына байланысты. Америкалықтар Қазақстанда қос тіл - қазақ және орыс тілі бар екенін біледі. Алайда олардың екі тілді бірдей үйренуге мүмкіндігі жоқ. Ақшасы не қаржысы жетпейді. Біреуін таңдайды. Ол, әрине, орыс тілі болады. Себебі мұнда орыс тілі үстем. Себеп - осы.

Тапсырма 2: Мақалалардың мазмұны жағынан ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетіңіз.

Тапсырма 3: Сұхбат берген тіл үйренушілердің әрқайсысының өзіндік тәсілдерін сипаттайтын сөздердің астын сызыңыз.

Тапсырма 4: Бұл мысалдардан түйген бар ойыңызды 2 сөйлеммен жеткізіңіз.

Тыңдалым: Шетелдіктер қазақша сөйлейді

www.youtube.com/watch?v=n3UHYPyt_Rc

www.azattyq.org/content/kazakhstan_foeigners.../3555789.html

Жазылым

Тапсырма 1: Бейнематериалдарды көріп және тыңдай отырып, кестені толтырыңыз:

Кім?

Қайдан? Қашан келді?

Қай жерде?

Қашан?

Қалай?

Не істеді?

Тапсырма 2: Өз пікіріңізді білдіріңіз.Қандай әсер алдыңыз?

Олар тілді қандай жағдайда үйренді?

Олардың тіл үйренудегі кедергілері мен жетістіктерін атаңыз.

Толтырылған кесте бойынша әрқайсысы туралы 3 сөйлеммен айтып беріңіз.

Жұптық жұмыс.

Барлық материалдар бойынша тіл үйренудегі басты шарттар мен қажеттіліктер туралы сұрақ қойыңыз.

Қазақ тілін еркін білу деңгейіне жету үшін университетке қажет шараларды ұсыныңыз.

Аталған ұсыныстарға келісу/келіспеушілігіңізді білдіріңіз.

Басқа студенттерді тыңдап, ең жиі аталған ұсыныстарды түртіп алыңыз.

Топтық жұмыс: «Қазақ тілін үйренудің тиімді жолдарын ұсынамыз» Интеллект-картасын жасау.

Тапсырма:

  • Эссе жазу. «Қазақ тілін білу - менің болашағымның кілті»

  • Презентация дайындау.

Білім тексеру

Модульдің соңынан мына тапсырмаларды орындаңыз.

Не үйренгеніңізді тексеріңіз.

6-модуль Қоршаған орта