Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
3-5 лекциялар.docx
Скачиваний:
147
Добавлен:
05.02.2016
Размер:
65.71 Кб
Скачать

4 Еңбек өнімділігі және оны арттырудың факторлары

Кәсіпорында еңбекті ұйымдастыру деп адамның еңбек етуі үшін қалыпты жағдай жасауды айтады және бұл кәсіпорынның табысын жоғарылататын факторлардың бірі.

Тиімді еңбек жағдайын жасау үшін еңбек үрдісін реттеу қажет, ол үшін еңбек өнімділігінің және жұмыс уақытының шығыны талданады.

Еңбек өнімділігі өнімді өндіру үрдісінде еңбектің тиімділігін және оның нәтижелігін білдіреді. Еңбек өнімділігінің деңгейі уақыт бірлігінде өндірілген өнім санымен көрінеді.

Еңбек өнімділігі экономикалық көрсеткіш, тек жеке адам жұмысының нәтижелігі ғана емес, тұтас ұжымның іс-әрекетінің нәтижесі.

Еңбек өнiмдiлiгi адамдардың өндiрiстiк iс-әрекетiнiң өнiмдiлiгiн бiлдiредi, бiр өнiмге келетiн жанды және заттанған еңбек шығынының шамасын анықтайды. Еңбек өнiмдiлiгiнiң өсуi тек тұтынылатын ресурстардың (ағымдағы шығындардың) қолданылуын көрсетедi, ал өндiрiс тиiмдiлiгi барлық шығындардың (ағымдағы және бiр мезгiлдiк) қолдануын бiлдiредi.

Еңбек үрдісі әрдайым белгілі бір уақыт ішінде жүреді, жұмыс уақыты еңбек шығынының өлшемі болып табылады.

Еңбек үрдісінің нәтижесі – осы үрдісте жасалынған өнімнің саны. Еңбек үрдісінің тиімділігін анықтау үшін сол үрдісте өндірілген өнім саны мен жұмыс уақытының шығынын салыстыру қажет. Белгілі бір жұмыс уақытының шығынында жасалған өнім саны еңбек өнімділігінің көрсеткіші болып есептеледі.

Жұмыс уақытының шығыны мен өндірілген өнім санының арасындағы қатыстың өзгерісі еңбек өнімділігінің қозғалысын көрсетеді.

Егер берілген өнім саны аз жұмыс уақыты шығынында өндірілсе, онда еңбек өнімділігі артады және керісінше, сол өнім санына кеткен жұмыс уақыты шығыны көбейсе, онда еңбек өнімділігі төмендейді.

Сонымен, еңбек өнімділігінің өсу үрдісінің экономикалық мәні мынада: белгілі бір уақыт бірлігінде өндірілген өнім санының артуы немесе өнім бірлігін жасауға кеткен жұмыс уақытын үнемдеу болып табылады.

Еңбек өнімділігі деген ұғыммен қатар еңбек интенсивтілігі деген бар. Егер еңбек өнімділігі уақыттың бір өлшемі ішіндегі өндірілген өнім мөлшерімен өлшенсе, еңбек интенсивтілгі өндіріс үрдісіндегі уақыттың бір өлшемі ішіндегі еңбек шығыны мөлшерімен сипатталады, яғни адамның дене – бұлшық ет, ақыл-ой, жүйке энергиясын жұмсауы.

Қалыпты еңбек интенсивтілігі адамның дене және жүйке күштерін дұрыс жұмсай білуі. Еңбек интенсивтілігін қоғамдық қалыпты деңгейде ұстау еңбек өнімділігін жүйелі арттыруға ықпал етеді, материалдық игіліктердің өндірісін өсіреді, айналып келгенде жұмыскерлердің қажеттіліктерін қанағаттандырады.

Еңбектің өндіргіш күштерін жоғарылату нәтижесі болып табылатын еңбек үрдісіндегі өзгерістер оның элементтерінің күрделі де өзара іс – қимыл сипатына ие болады. Еңбек үрдісінің элементтері – жұмыс күші, еңбек құралы, еңбек заты.

Еңбек өнімділігінің жеке және қоғамдық деген екі ұғымы бар. Жеке еңбек өнімділігі – бұл жанды еңбек шығынының тиімділігі болса, ал қоғамдық еңбек өнімділігі жанды және затқа айналған еңбектің жиынтық үнемделуін айтады.

Еңбек өнімділігін арттыруды қоғамның экономикалық дамуының жалпы заңы деп қарастыруға болады. Еңбек өнімділігінің өсу қарқыны өндірістің қажетті шарты, қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени прогресінің маңызды алғы шарты болып табылады. Еңбек өнімділігін арттырудың әлеуметтік-экономикалық мәні бар:

1.Еңбек өнімділігін арттыру өндіргіш күштерін дамытумен тығыз байланысты және ол тұрғындардың тұрмыс дәрежесін жақсартуға әкеледі, өйткені біз материалдық және мәдени игіліктерді неғұрлым көп әрі арзан, сапалы, өндіретін болсақ, оларды көп тұтына аламыз.

Бір жағынан, еңбек өнімділігі өндіргіш күштері дамуының нәтижесі және маңызды көрсеткіші. Өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартып, жақсарту, жұмыскерлердің мәдени-техникалық деңгейін өсіру, олардың біліктілігін көтеру еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екінші жағынан, еңбек өнімділігін үздіксіз өсіру өндіргіш күштерін әрі қарай дамытудың көзі болып табылады. Ол өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамытуға, тұрғындарға қызмет көрсету салаларын – денсаулық сақтау, оқу-ағарту, коммунналдық-тұрмыстық шаруашылық, мәдениет, ғылым т.б. кеңейтуге ықпал етеді. Ең соңында тұрғындардың материалдық және мәдени, тұрмыс деңгейін үздіксіз көтеруге жағдайлар жасайды.

  1. Еңбек өнімділігін арттыру еңбектің үнемделуін қамтамасыз етеді.

  2. Еңбек өнімділігін арттыру ұлттық табыстың көбеюінің және өнеркәсіптік өнімнің өсуінің негізгі факторы болып табылады.

  3. Еңбек өнімділігін өсіру жұмыс уақытын қысқартуға және жұмыскерлердің бос уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.

  4. Еңбек өнімділігі неғұрлым жоғары болса, әрбір адамның өмірі соғұрлым ауқатты да мазмұнды бола түседі, жасы ұлғайғандарды асырап – сақтауға, жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуға жұмсалатын қаржыны соғұрлым көп бөлуге болады.

Еңбек өнімділігін өлшеу өндірілген өнім көлемін еңбек шығынымен, еңбек нәтижесімен салыстыру арқылы жүзеге асады. Осы шамалардың тікелей немесе кері қатысына байланысты екі көрсеткіш қолданылады: өнімділік және еңбек сиымдылығы.

Өнімділік (сағаттық, күндік, айлық) - жұмыс уақытының бірлігінде (Т) өндірілген өнім саны (Q) немесе айдағы, тоқсан немесе жылдағы орташа тізім жұмыскеріне келетін өнім саны.

Өнімділік = Q/Т, яғни өндірілген өнім санының жұмыс уақыты шығынына қатынасы.

Кәсіпорындарда еңбек ресурстарының тиімді қолданылуы еңбек өнімділігінің өзгеруіне байланысты болады.

Сонымен, еңбек өнімділігі – өндіріс нәтижесінің тікелей жанды еңбекке қатысын білдіретін еңбек үрдісінің тиімділік көрсеткіші, өнімнің бір мөлшерін өндіруге жұмсалған уақыт мөлшерімен немесе уақыттың бір өлшемінде өндірілген өнім көлемімен өлшенеді.

Еңбек өнімділігінің негізгі көрсеткіші - өнім шығару көлемі, оны белгілеуде әртүрлі өлшем бірліктері қолданылады: табиғи өлшем бірліктері – тонна, метр, дана, дара, және т.б. Нормаланған жұмыс уақыты қолданылған кезде өнім шығару норма/сағат бойынша алынады, құндық әдісте ақшалай өлшемде есептеледі, өлшем бірлігі – теңге.

Кәсіпорындарда әрқашан да еңбек өнімділігін артырудың ұйымдық- техникалық шаралары қарастырылып отырылады.

Еңбек өнімділігін арттырудың факторларын былай топтауға болады:

  1. Ғылыми-техникалық прогресс, жаңа техниканы үздіксіз енгізу және қолдану, өндірісте қазіргі ғылым жетістіктерін кеңінен пайдалану, прогресті технологиялық үрдістер, жаңа материалдар мен энергия түрлерін енгізу.

  2. Жұмыскерлердің мәдени-техникалық деңгейлерін жүйелі түрде көтеру, жалпы және арнаулы білімді көтеру негізінде жұмыскерлердің біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыру, еңбекке деген саналы ынтаны дамыту. Жоғары мамандық қызметкерлерге жаңа техниканы, шикізатты, материалды неғұрлым тиімді пайдалануға, өнім сапасын жақсартуға және осының негізінде ең жоғары еңбек өнімділігіне жетуге мүмкіндік береді.

  3. Еңбекті ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіру, алдыңғы формаларды енгізу, өндірістің құрылымын жақсарту, еңбекке деген ынталаушы құралды барынша дамыту. Қазіргі уақытта бұл бағыт шешуші бағыттардың бірі болып отыр. Техника мен адамдарды бірыңғай технологиялық процеске ұтымды біріктіру, еңбектің, өндіріс пен басқару ісінің ұйымдастырылуын жолға қою.