Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Психиатрия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
408.58 Кб
Скачать

Психиатриялық көмекті ұйымдастыру

Психиатриялық көмек ауру адамдарға емханалар мен ауруханаларда көрсетіледі. Облыстық және қалалық психикалық денсаулық орталықтары мен кабинеттер емханалық қызметтер қатарына кіреді.

Ауруханадан тыс психиатриялық көмекті облыстық, қалалық, психоневрологиялық орталықтар мен аудандық кабинеттер көрсетеді.

Психоневрологиялық диспансерлердің негізгі мақсаты - психикалық ауруларды есепке алу, оларға диагностикалық және ем көмегін көрсету, реабилитация шараларын жүргізу, керек болған жағдайда ауруханаға жатқызу.

Психикалық ауруларды жедел түрде ауруханаға орналастыру - олар өздеріне немесе маңындағы адамдарға қауіпті болған жағдайда (өзін-өзі өлтіру қаупі, сананың бұзылуы, күшті сандырақтар) ұйымдастырылады.

Жедел көмек арқылы ауруханаға жеткізілген ауруларды дәрігерлерден құрылған комиссия қарап, психиатриялық емнің қажеттігі туралы қорытынды жасайды.

Мас адамдарды, психопаттарды, психикалық қызметі шекаралық түрде бұзылған адамдарды жедел түрде ауруханаға орналастыруға болмайды.

Ауруханаларда психиатрдан басқа терапевт, педиатр, невропатолог, нейрохирург, офтальмолог, ЛОР, хирург, тері аурулары дәрігері, сексопатолог, рентгенолог, функционалдық диагностика дәрігерлері қызмет атқаруы тиіс. Психологтар, электроэнцефалография, ине терапиясы, психотерапия кабинеттері, емдеу-еңбек шеберханалары жұмыс істейді.

Ауруханалардың жағдайы үйдің жағдайына жақын болуы керек. Ермек үшін радио, теледидар, ойындар, музыкалық аспаптар болуы қажет.

Балалар бөлімшелерінде мұғалімдер, дефектологтар, логопедтер жұмыс істейді. Әлеуметтік қауіпті адамдарға арнайы мейіркештер, олардың жүріс-тұрысын бақылайтын бөлмелер (палаталар) болады.

Невроз бөлімшелерінен басқа бөлімшелерде өткір, үшкір заттарды қолдануға тыйым салынады.

Медицина қызметкері ауру адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі қажет. Ол үшін медициналық психология саласын меңгеріп, өзінің білімін үнемі жоғары дәрежеде ұстауы керек. Көп жағдайларда аурулар тамақ ішуден бас тартуы, медицина қызметкеріне бағынбауы, қашып кетуге тырысуы, өзіне немесе басқа біреулерге қауіпті әрекеттер істеуі мүмкін.

Бұл жағдайларда ауруларды мәжбүрлеп емдеуге тура келеді. Дәрі-дәрмектің көмегімен тыныштандыру, не болмаса төсекке байлап тастау шаралары қолданылғаннан кейін, аурумен түсіндіру жұмыстары жүргізілуі қажет.

Жалпы психопатология

Жоғарыда біз адамның (тұлғаның) ауырмаған кезіндегі психикасының формуласын білдік.

Ол Т=ТБ.С.ҚЖС+ТММ+ПҚЖ.

Адам психикалық ауруға ұшыраған кезде:

танып-білу,

сезім,

қозғалыс-жігер,

санасында күрделі өзгерістер басталады, яғни психопатологиялық симптомдар (белгілер) пайда болады.

І.Танып-білу жүйесінің бұзылуы.

Сезу ағзаларының бұзылуы психиатрияда:

а)сағым (иллюзия) деп аталады.Бұл айналадағы заттар мен құбылыстарды басқаша, қате түрде қабылдау. Кейде сау адамдарда да кездесетін қате қабылдау өмірде жиі кездеседі. Мысалы, ілулі тұрған көйлек қорыққанда кіріп келе жатқан адам деп қабылдануы, желдің ызыңы басқан аяқтың дыбысы сияқты қабылдануы мүмкін. Ауру адам бөтен адамдардың өзара сөйлесуін өзіне қатысты сөз деп бұрмалаған түрде естиді, оның есімін атағандай, оған арнап жаман сөздер айтқандай болады. Көңіл-күйдің өзгеруі және басқа да психикалық бұзылуларға байланысты сағымдар көбіне психикалық ауруларда кездеседі. Қабырғадағы сағат маскүнемдік психоз кезінде шайтан, жын болып көрінеді.

б) елестеушілік (галлюцинация), бұл нақтылы заттың болмаса да объектісіз жалған қабылдануы. Сөз болмаса да есту, зат болмаса да көру, иіс болмаса да сезу, дәмді басқаша қабылдау. Сондықтан елестеушілікті – көру, есту, иіс сезу, дәм сезу және жанасу галлюцинациясы деп сезім мүшелеріне байланысты бөледі.

Көру елестеушілігінде аурулар жанды немесе жансыз нәрселерді, қозғалатын немесе қозғалмайтын нәрселерді әр түрлі түсте, дене мүшелерін бөлек-бөлек көріп, олармен қарым-қатынаста болады. Фантазияда ғана кездесетін жан-жануарлармен, адамдармен кездесіп, осы өмірде болып жатқан құбылыстай қабылдайды. Айқын елестеушіліктер маскүнемдік психоз жағдайларында көп кездеседі. «Допился до зеленых чертиков» деген орыс сөзі осыдан қалған. Мысалы, арақтан уланған адам кешке қарай жын-шайтандардан қашып, өзіне немесе айналасындағы адамдарға қауіпті іс-қимылдар жасайды. Қорғанамын деп тарпа бас салуы мүмкін, бұл жағдайда кісі өлімі көп кездеседі.

Есту елестетушілігінде аурулар қазіргі кезде болмаған, жалған дыбыстарды (атыс-шабыс, айқай, жылау, еңіреу, ұрсу) естиді. Дауыс әйелдікі, еркектікі монолог немесе диалог қалпында болуы мүмкін. Ұзақ жылдар бойы ауырған адамдар кейде осы дауыстарға үйреніп, жұмысын істей беруі мүмкін. Есту елестеушілігінің әмірлі (императивті) түрі қауіпті болып келеді.

Бұл жағдайда дауыстар ауруға: өлтір, өрте, балконнан секір, суға түс, өлең айт, боқта т.с.с. әмірлер береді. Тамақ ішпе десе, аштан өлгенше тамақ ішпеуі мүмкін. Дереу ауруханаға жатқызылып емделмесе, қоршаған ортаға аса қауіпті. Көбіне шизофоренияда уланғанда, энцефалит, ми ісіктерінде кездесетін белгілер.

Иіс сезу елестеушілігі кезінде жиі ұнамсыз (газ, шірік, нәжіс, өлік) иістер сезіліп, аурудың қоршаған ортадан бөлектенуіне себепші болады.

Дәм сезу елестеушілігінде ауру себепсіз тамақ ішуден бас тартады. Көбіне тамақтан керосин, бензин т.с.с. жағымсыз дәм (иіс) сезініп, басқалар оны улайды деп қорқады.

Жанасу елестеушілігінің өте айқын сезілетіні сондай аурулар үстеріндегі шыбын-шіркейлерді, қоңыздарды, құрттарды, жыландарды т.с.с. жағымсыз жәндіктерді қағып түсіруге, алып тастауға бар зейінін салады.

Іштегі немесе висцеральдық елестеушілік деп ауру адамның өзінің ішінде (қарын, жатыр, өкпе, бауыр) бөгде заттар бар екенін дәлелдеуге тырысуын айтады. «Ішімде жылан, жын-шайтан бар, алып тастаңыз» деп немесе «екіқабатпын, 9-10 жылдар бойы босана алмай жүрмін» деп медициналық көмек сұрауы мүмкін.

в) Сенестопатия – жоқ ауруды өзінде бар деп есептеу.

Ауруларда елестеушіліктің бар екенін оның мінез-құлқынан, іс-қимылынан байқауға болады. Өзімен-өзі сөйлеп, қорқып, қашып немесе көмек сұрап келеді.

Галлюцинация шынайы және жалған болып екіге бөлінеді.

Егер елестеушілік бейнені ауру айналадағы шындық ретінде қабылдаса, ол кімді, қай жерде көргенін, оның бет әлпетін суреттеп бере алса, шайтанның құйрығының ұзындығын, түсін, оның қимылын, бетін суреттей алса бұл шынайы елестеушілік.

Егер ауруда жалған көру елестеушілігі болса, онда ол заттың түсін, түрін айнытпай айта алмайды. Дауыс естісе оның кімдікі, қайдан шыққанын анық айта алмайды. Елестеулер айналадағы кеңістікке байланыспай, өзінің нақтылығын жоғалтады. Мысалы, ауру дауысты басының ішінен, кеуде қуысынан естиді. Жалған елестеудің тағы бір белгісі – оның қолдан, зорлықпен жасалуы, ауру өзінің организміне сырттан теледидар арқылы, космостық сәулелер арқылы әсер етіп жатыр деп есептейді. Ауру адам ойланған кезде өзінің ойларын дыбыс түрінде естиді.

Қабылдаудың бұзылуына деперсонализация мен дереализация жатады.

Деперсонализация – аурудың өзінің «менін» жоғалтуы. Ойларында тұтастық болмай тек психикалық емес ағзалар бойынша өзгергендерін байқауы. Дене мүшелері, аяқ-қолдары, басы т.с.с. ағзалары тым үлкен немесе бойы тым ұзындығын айтып шағымданады.

Дереализация кезінде қоршаған ортадағы айқындықты қабылдау өзгереді. Таныс нәрселерді танымай, керісінше танымайтын нәрселерді «танып», кейбір бөтен адамдарды өздеріне жақын тартады.