Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник Психиатрия.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
408.58 Кб
Скачать

Бас сүйек пен ми зақымдануындағы психикалық бұзылулар

Ми жарақатынан кейін мидың шайқалуы (сотресение), жаралану (контузия) және жаншылу (компрессия) белгілері байқалады.

Ауырлығы жағынан үш дәрежеге бөлінеді:

жеңіл түрі – сана жоғалуы, бірнеше секундқа дейін (сана жоғалмауы да мүмкін). Есеңгіреу.

Орташа түрі – сананы жоғалту, бірнеше минутқа созылып, аз уақытқа кома болу.

Ауыр түрі – сананы бірнеше сағатқа не тәулікке жоғалту, сопор. Психикалық бұзылулар бірден болмаса араға бірнеше күндер, айлар, жылдар салып барып пайда болуы мүмкін.

Бассүйек қатты зақымданған кезде есенгіреу, кома, сопорға қатты зақымдану психозы қосылып, қарауытқан сана бұзылуы ретінде дамуы мүмкін. Психомоторлы қозуға сандырақ пен елестеушілік қосылады. Психоз бірнеше сағаттан бірнеше күнге созылып, шыққаннан соң ауру есіне ештеңе сақтамайды (амнезия).

Зақымданғаннан кейінгі психикалық бұзылулар соңынан зақымдану церебрастениясы, зақымдану энцефалопатиясы, зақымдану қояншығы және зақымданудағы ақыл кемістігі ретінде болады.

Зақымдану церебрастениясында психикалық қажу, ашуланшақтық, жүдеу және физикалық кемістік пайда болады. Ауру ұстамсыз, тез ренжігіш және араққа құмар болып алады. Осы мезетте психогенді бұзылулар оңай пайда болып, аздаған психикалық зақымдануға жауап ретінде қояншық ауруы және сананың қарауытқан бұзылуы дамиды. Ауа райы өзгерісіне тәуелді болып, көлікке отырса басы айналып, құсатын болады.

Зақымдану энцефалопатиясында ауру өз ауруын бағаламай, көңіл-күйі көтеріңкі жүреді. Бірақ әлсіз, немқұрайлы және зейінсіз болады.

Бұдан әрі ауру жазылмаса зақымдану деменциясы дамуы мүмкін. Ауруда ес бұзылып, ынтасыз, жайбарақат күйге енеді. Интеллекті төмендейді.

Емдеу:

бассүйек пен ми зақымынан кейін адам 2-4 апта төсекте жатып емделуі керек. Басын салқындатып, тамырына 40% уротропин, 25% күкірт қышқылды магнезия, 40% глюкоза ерітіндісін жіберу керек.

Жалпы денені нығайту үшін витаминдер, пирацетам, ноотропил, энцефабол, аминалон, цинарезин, кавинтон, церебролизиндер секілді ми қан айналымын жақсартатын дәрілер қолданылып, симптоматикалық емдер тағайындалады.

Психомоторлық қозу кезінде бұлшықетке 0,01 мг седуксен, 0,025 аминазин, тизерцин жіберу керек. Физио-психо-емдеулер жақсы көмектеседі.

Зақымданғаннан кейін еңбекке дұрыс орналастыру аурудың дұрыс жазылуына әсер етеді. 1 айдан 4 айға дейін еңбектен босатылу қағазы беріледі.

III - тарау

Маскүнемдік

Бұл спирттік ішімдіктерге патологиялық түрде құмартудан болатын прогредиентті (асқынатын) ауру. Алкоголь психотропты әсер етіп адамды ақыл-есінен айыратын ішімдік.Мас болу мен маскүнемдік екі бөлек нәрсе. Маскүнемдік – ауру.

Клиникалық түрде мас болудың үш кезеңі бар. Олар – жеңіл, орташа және ауыр.

Мастықтың жеңіл түрінде қандағы алкоголь мөлшері 0,5-1,5%0. Мастық тек арақтың мөлшерінде емес, ішкен тамаққа, оның сапасына, дененің салмағына, денсаулыққа, жоғарғы жүйке жүйесінің қызметіне, адамның жеке басының сезгіштігіне байланысты болады. Ішкен адам жылынғандай болып, бұлшық еттері босаңсып, рахаттанып, көңіл-күйі көтеріліп, батырланып, мақтана бастайды. Қатты және көп сөйлеп, би билеп, өлең айтуға кіріседі.

Мастықтың орташа түрінде қандағы алкоголь

1,5-2,5%0 болады. Мас адамның жүрісі бұзылып, сөзі түсініксіздене бастайды. Координация мен тепе-теңдік бұзылып, ол тез ашуланғыш, шамшылданады. Біреулерге ұрынып, өзінің күшін көрсетуге тырысады. Екінші күні мас күйіндегі істегендерін шала есте сақтайды, мойнына алмауға тырысады (алкогольді палимпсестер).

Мастықтың ауыр түрінде қандағы алкоголь

2,5-3%0 болады.

Адамда сананың қарауытқан бұзылуы байқалады, координациясы жоқ, сөздері түсініксіз. Кейде қояншық тәрізді құрысу болып, кіші, үлкен дәреттері жүріп кетеді. Есінде ештеңе сақталмайды.

Патологиялық мастық – мас болудың сирек кездесетін түрі. Әлсіреген, ауыр соматикалық аурулармен ауырған, миы зақымданған, қозғыш психопат адамдарда кездеседі. Аз мөлшерде ішкеніне қарамастан (50-100 г) клиникалық көрінісінде күшті психомоторлы қозу болып, елестеушілік-сандырақ түрінде қайғырып, үрейленіп, ашуланып, жаман әрекеттер (кісі өлтіру) жасауы сананың қарауытқан түрде бұзылуын көрсетеді.

Бірнеше минуттан бірнеше сағатқа созылған мастық кезінде біреулерді өлтіріп, сол жерде ұйықтап қалуы, есін жиғаннан кейін не болғанын білмеуі мүмкін (амнезия).

Күшті алкогольді улануды қайтару үшін емдеу комплексі қолданылады:

  1. Жұтқыншақты тітіркендіру арқылы құстыру. 5-10 тамшы нашатыр спирті не калий перманганаты қосылған жылы суды беру.

  2. Құстыратын және алкогольді жек көрінішті қылатын апоморфин және метранидазол беріледі (1,5-8 г дейін).

  3. 0,01 г фенамин, 0,1 г никотин қышқылы беріледі.

  4. Бұлшықетке В1, В6 витаминдері, аз мөлшерде инсулин, тамырға глюкоза, физиологиялық ерітінді, гемодез жіберіледі.

Басқа сөзбен айтқанда маскүнемдік дегеніміз - алкогольдік ішімдіктерге деген адамның тәуелділігі. Тәуелсіз адам баласы жоқ. Туа сала ауаға тәуелдіміз, емшек сүтіне, ата-анаға, балабақшада - тәрбиешіге, мектепте - мұғалімдерге, жұмыста бастықтарға, заңға бағыныштымыз, тәуелдіміз.

Демікпенен ауыратындар демігуді басатын, қант диабетімен ауыратындар оған қарсы берілетін дәрілерге тәуелді. Тағы да осылар сияқты қаншама аурулар бар. Осы тәуелділікке қоса адам өзінің нәпсісін тия алмауының кесірінен маскүнемдік деп аталатын айықпас ауру табатыны да белгілі.

Маскүнемдік – ауру. Ішілген алкоголь адам ағзасының бәріне әсер етеді. Адам миының қанмен қамтылуы басқа ағзаларға қарағанда 16 есе көп. Арақтың әсері бірден миға тиеді. Ойлау қабілеті төмендеп, өзінің не істеп, не қойғанын білмейтін жағдайға жетеді.

Маскүнемдік үш сатыдан тұрады:

1-ші сатыда аурулардың қорғау рефлексі жоғалып, арақты көп ішкенде құспайтын болады. Арақты көтеруі жоғарылайды. Алкогольге деген психикалық құштарлық пайда болып, ол енді өмір бойы жоғалмайтын дертке айналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек 1000 адамның ішінен 40-45 адам арақ ішуін қоймаса маскүнемдікке ұшырауға бейім екен. Оның ішінде әйелдер мен еркектер қатынасы 1/1 болды деген деректер бар.

Психикалық құштарлық алкогольге деген құштарлықты үдете түсіп, ауру ішімдік ішу үшін себептер іздейді. Мейрамдарда, қонақтықта, тойларда белсенділік көрсетіп, ретін тауып көбірек ішіп қалуға тырысады. Бірақ ертең жұмыс болса, сыйлы адамдар тоқтау айтса, әйелі, ата-анасы қастарында болса өздерін тежей алады. Екінші күні мас болған кезінің көбін ұмытып қалуы да мүмкін. Өзінің көңіл-күйін көтеру үшін арақ-шараптың көлемін көтеруге, күшті спирттік ішімдіктер іздеуге мәжбүр болады. Өзін қатты мас қылуға тырысады. Көп ішкен кездері үйінде ұрыс-керіс көбейіп, құқық қорғау қызметкерлерінің көзіне түседі. «Білмедім, жаздым-жаңылдым» деп кешірім сұрайды. Анда-санда айықтырғыш мекемелеріне түсіп те үлгереді. Созылуы 5-6 жылдар шамасы.

2-ші кезеңде абстинент белгісі немесе «бас жазу» ауруы пайда болады. Яғни ішімдікке деген физикалық тәуелділік қалыптасады. Арақ ішкен адам есін жиғасын өте қиын соматовегетативтік және жүйке-психикалық бұзылуларды басынан кешеді.

Жүрегі ауырып, тахикардия байқалып, қан қысымы көтеріледі. Тәбеті төмендеп, жүрегі айнып, іші өтіп, ұйқысы қашады. Өзінен өзі қорқып, дірілдеп, барар жер таппайды. Жеңуге болмайтын ішімдікке деген құштарлық пайда болады. Осы кезде ішкен арағы аурудың жағдайын жеңілдеткендей болады. «Бас жазу» одан әрі қарай жалғасып, келесі 5-10 күн ұдайы ішеді.

Біртіндеп аурудың есі төмендеп, интеллекті нашарлайды. Дөрекі, өтірікші, өзімшіл болып, отбасына қамқорлық жасамай, жұмыстан қуылады. Үйдегі заттарды сатып, араққа айырбастай бастайды. Өзіне сын көзбен қарауы мүлдем жоғалып, қисынсыз қалжыңдап, жаман анекдоттар айтып, өзін-өзі мақтайды.

Маскүнемдердің 10-13%-де, 2-ші сатыда (кезеңде) алкогольді психоз дамиды.

3-ші кезеңге ауысу организмнің алкогольге деген тұрақтылығының (толерантность) төмендегенінен белгілі болады.

Ауру аз мөлшердегі ішімдікке де мас бола бастайды. Ақ арақтан шарапқа көшіп, жалғыз өзі отырып ішетін жағдайға жетеді. Әлеуметтік тұрғыдан терең құлдилап, үйінен қуылады. Жұмыс істемейтін қаңғыбасқа айналады. Психопатия пайда болып, депрессияға кетеді, өзін-өзі өлтіруге баруы да мүмкін.

Ағзаларында органикалық өзгерістер пайда болады. Жыныстық қабілеті жоғалып, патологиялық қызғаныш пайда болады (бұл 2-ші кезеңде де болады). Аурудың сыртқы пішіні өзгеріп, беті ісінеді. Мұрны қызарып, үлкейеді. Беті жара-жара әрі әжімді ұсқынсыз болады. Гастрит, гепатит, бауыр циррозы, жалпы және церебральды атеросклероз, гипертония, авитаминоз ауруларының бәрі де денесін жаулап алады. Жүйке жүйесінің барлық бөлімдері бұзылып, көбіне полиневрит болады. Созылмалы психоздар қайталанады.

Дипсомания – салынып ішу немесе араққа деген аса күшті құштарлық 2-3 аптаға созылып, күніне 1-2 литр арақ ішіледі. Ауру тамақ ішпей жүдейді, салынып ішу кенеттен аяқталады.

Қазіргі кезде балалар және жасөспірімдер маскүнемдігі дамып келеді. Жас адамдарда маскүнемдіктің белгісі ересектерге қарағанда жылдам дамып, ауыр түрде өтеді, ішімдіктің мөлшерін бақылау ерте төмендейді. Абстинент белгісі бірнеше айда, әрі кеткенде бір-екі жылда қалыптасып болады.

Маскүнемдікпен бірге шылым шегу, нашақорлық, уқұмарлық, никотиномания қоса дамуы көп кездеседі. Қояншық тәрізді қозу да жиі кездеседі.

Әйелдер маскүнемдігі 25-35 жастарда дамиды. Қазіргі кезде әйелдердің ішімдік ішуі еркектермен 1/1 есебінде теңесіп келе жатқаны белгілі.

Күйеуінің маскүнемдігі әйел психикасын зақымдап, араққа деген жиіркеніш тудырмаса «мен кімнен кеммін» деген жалған намыс маскүнемдікке алып келеді.

Әйелге тән тағы бір белгі оның тығылып ішуінде. Жасырып ішіп жүріп, ауруы әбден асқынғанда елдің көзіне психикасы өзгеріп түседі. Өзін өзі күтуді қояды, бала-шағадан, достардан алшақтап, жаңа достар табады. Жеңіл жүріске салынады. Депрессивтік жағдайлардан тек ішімдік ішіп құтылмақ болады. Әйелдер маскүнемдігін емдеу өте қиын.