Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
zhauaptar.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
105.25 Кб
Скачать
  1. Аударма теориясының тарихы

Жиырмасыншы ғасырдың ортасына қарай тіл мамандарына аудармашылық қызметке көзқарасын түбірінен өзгертіп, оны жүйелі зерделеуге кірісулеріне тура келді. Бұл кезеңде бірінші кезекке жеке авторлық стиль ерекшеліктері, әдетте, аз болатын саяси, коммерциялық, ғылыми-техникалық және өзге “іскерлі” материалдарды аударудың шыққанын білеміз. Соған байланысты аударма мен аудармашылық үрдістің бүкіл сипатының қиындығы сол үрдіске қатысатын тілдердің құрылымдары мен функциялық ережелеріндегі айырмашылыққа қатысты екенін айқын сезіне бастады. Егер әңгіме тілдердің әлдеқандай ара қатынасы туралы болса, онда оны зерделеумен тіл мамандары шұғылдануы керек қой. Сонымен қоса аударманың дәлдігіне өскелең талап тілдік бірліктерінің ролін атап көрсетті. Мұндай тұрпатты материалды аудару кезінде аударманың “тұтасынан алғанда” дұрыстығымен, түпнұсқа мен аударманың оқырманға бірдей әсер етуімен тоқмейілсуге болмайды. Аударма ақпараттың толығынан, жеке сөзінің мәніне дейін жеткізілуін, түрнұсқамен толығынан ұқсасуын қамтамасыз етуге тиіс. Аудармашылық үрдістің тілдік алғашқы негізі айқындала түсті. Бұл үрдістің лингвистикалық маңызының не екенін, тікелей лингвистикалық факторлармен қандай дәрежеде анықталатынын, мұндай факторлардың ақпарат беру дәлдігін қаншалықты шектейтінін айқындау қажет болды.

Аударманы лингвистикалық зерделеу қажеттілігі аудармашыларды жаппай дайындау міндетінен де туындады. Енді аудармашылық қызметпен өз бетінше, немесе әлдебір шебер аудармашының басшылығымен “шәкірттік” әдіспен аударма жасай алатын ерекше дарынды адамдардан өзгелер де айналыса бастады. Аудармашыларға деген орасан зор сұранысты қанағаттандыру үшін көптеген елдерде аудармашылар мектептері, факультеттер мен институттар ашылып, олардың алдына белгіленген мерзімде едәуір жоғары білікті аудармашылармен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Әдетте, аудармашыларды дайындау шетел тілдерін оқытатын оқу орындарының – университеттер мен институттардың – негізінде жүзеге асырылып, аудармаға оқытуға қажетті ұтымды бағдарламалар мен оқу құралдарын жасау тіл оқытушылардың үлесіне тиді. Ал ол үшін аудармашылық үрдістің мәнін ашу, оның барысы мен нәтижелеріне ықпал ететін лингвистикалық және экстралингвистикалық факторларды ажырата білу қажет. Маман тілтанушылар жоғары білікті аудармашылар дайындаудың тиімді курсын құру үшін ғылыми негіз жасауға тиіс болды.

Аудармашы кадрларды жаппай дайындауды жүзеге асыру аудармашының біліктілігіне қатысты айтылатын “Аударма жасау үшін екі тілді және сөздің мәнін білу керек” дәстүрлі формасының жетімсіздігі байқалды. Бұл формулада көрсетілген факторлар өз-өздігінен білікті аударма жасау шеберлігін қамтамасыз етпейді, оларды “аудармашылықпен”, яғни бір тіл бірліктерінің екінші тіл бірліктеріне көшу ережелері мен шарттарын үйлестіре білу керек. Аударма теориясы осы ережелер мен шарттарды анықтауға, мұндай “аудармашылық қостілділікті” жасау жолдарын көрсетуге тиіс болды.

Соғыстан кейінгі әлемде аудармашылық қызметтің дамуы тіл мамандарынан аудармаға дәстүрлі теріс көзқарасты жоюды талап етті, тіл мамандарының өзі аудармашылық проблематиканы сындарлы зерделеуге дайын болды. Тілтанымның өзінің дамуы аударма лингвистикасының тууына негіз дайындады. Осы кезде тілтанушылардың назарына қазіргі тілдерді синхронды сипаттау мәселесі ілінген. Тілдік бірліктердің екі жақты сипатын, оларда таныту жоспары мен мазмұн жоспарының болатынын тану жаппай таралды. Тіл таныту жоспарының құрылымын сипаттауда елеулі табыстарға қол жеткізілді де, тіл білімі семантикалық алқап, семантикалық көбейткіштер, терең семантикалық құрылымдар және басқа сол сияқты теорияларды жасай отырып, тілдік бірліктер мазмұнының жоспарын зерделеуге кірісті. Кейінірек мәтін лингвистикасының негіздері қаланып, тілдік бірліктердің ірі сөз бірліктерінің құрамындағы қызметі, олардың констексттің әрқилы түрлерімен өзара әрекеттестігі, айтылудың ойы мен коммуникативтік функцияларының алуандылығы зерделене бастады. Сөз қатынасы үрдісінде тілдің мазмұндық қыры мен тілдік бірлік қызметтерінің ерекшеліктерін зерделеу аударманың лингвистикалық аспекттерін анықтау мен сипаттауға жаңаша қарауға мүмкіндік берді.

Тіл мамандарының аударма үрдісін зерттеудің басқа көптеген тілтанымдық проблемаларды шешу үшін маңызды нәтижелер бере алатынын тез анықтауы аударманың лингвистикалық теориясының дамуына ықпал етті. Лингвоаудармашылық зерттеулер тілді қатынас құралы ретінде пайдалану туралы қосымша мәліметтер береді, түрлі тіл құралдарымен ойды жеткізудің сындарлы тәсілдерін ашады, сөз сөйлеулерде тілдік және когнитивтік мазмұнды шектеуге көмектеседі.

Тіл мамандары бұл құбылысты аудармашының жеке шығармасының нәтижесі ғана емес, сөз қызметінің ерекше түрі, оның барысында аударма тілінің бірліктері түпнұсқада пайдаланылған тілдік бірліктерге қатысты таңдап алынатынын қарастыра бастағанда аударманы лингвистикалық әдістермен зерделеу мүмкіндігіне күмәндар сейілді. Сондықтан кез келген лингвистикалық зерттеулердегідей аударма зерттеушілері аудармашы ұстануға тиіс ережелерді жасап қана қоймай, енді аударма үрдісінде белгіленетін екі тілдің тілдік және сөйлеу бірліктерінің арақатынасын зерделеумен айналысты. Түпнұсқа мен аударма мәтіндері зерттеудің “жұмыс” материалы болды, оларды салыстыру кейін теориялық жинақтау үшін объективті нақты деректер берді. Сөйтіп, аударманы зерделеу өз мақсаты етіп, бірінші кезекте, нақты аудармашылық фактілерді сипаттауды алған, яғни прескриптивтік емес дескриптивтік сипатқа ие. Аударма үрдісінде туындайтын екі тілдің бірліктерінің қатысын анықтап алып, аударма теориясы аударманың вариантын дұрыс таңдау үшін аудармашыға қай әдісті қолданудың жөн болатынын ұсына алады.

Аударманың лингвистикалық аспектілерін сындарлы зерттеудің негізін советтік тіл мамандары салды. 1950 жылы жариялаған мақаласында Я.И. Рецкер аудармашының аударманың белгілі бір вариантын кездейсоқ таңдай алмайтынын, оның аударма үрдісіне қатысатын екі тілдің бірліктерінің ара қатысымен айқындалатын заңды құбылыс екенін айтты. (Рецкер Я.И. О закономерных соответствиях при переводе на родной язык// Вопросы теории и методики учебного перевода Сб. ст./Под ред. К.А. Ганиной и И.В. Карпова-М.1950). Түпнұсқа тілінің көптеген бірліктері үшін аударма тіліне аударудың азды-көпті жүйелі тәсілдері бар. Я.И. Рецкер бұл тәсілдерді “закономерные соответствия” атап, сәйкестіктің үш типін – эквивалентті, аналогты және барабар алмастыруды (адеквантные замены) – ажыратуды ұсынды. Бұл жіктеу жалғасын таппағанымен (“барабар алмастыру” іс жүзінде сәйкестіктің ерекше түрі емес, сөздік сәйкестік болмаған жағдайда аудармашы пайдаланатын құбылтулардың әр түрлі типтері болып шықты), “сәйкестік” ұғымының өзі зерттеу тәжірибесіне берік енді. Аудармашылық үрдістің тілдік заңдылықтарын анықтау үшін аудармаларды түпнұсқаларымен салыстыру әдісін бекіту ерекше маңызды еді. Кейінгі он жылдықтарда тілдердің түрлі комбинацияларына қатысы бойынша көптеген авторлар аудармашылық сәйкестік проблемасына тоқталды. Л.С. Бархудоровтың “Язык и перевод” кітабында (М.1975) ағылшын және орыс тілдері үшін сәйкестіктің типтері мен тәсілдері туралы бай нақты материал келтірілген. Бұл материал осы оқулықтың VI тарауында кеңінен келтірілген.

1953 жылыА.В. Федоровтың “Введение в теорию перевода” кітабы (М.1953) шығып, онда аударманың лингвистикалық теориясын құру қажеттілігі мен мүмкіншілігі тұңғыш рет жарияланды. Кітап, тұтасынан алғанда, жалпы филологиялық сипатқа ие: онда аударманың әдебиеттанымдық аспектілеріне елеулі орын бөлінген, сонымен бірге аудармашылық қызметтің тілтанымдық талдауының маңыздылығы атап өтіледі. А.В. Федоров тілдердің кез келген комбинацияларына ұсыныс жасайтын аударманың жалпы теориясы мен әлдебір екі тілдің арасындағы сәйкестікті сипаттайтын аударманың жеке теориясын ажыратуды ұсынады, түрлі функциональды стильдер мен жанрлар мәтіндерін аудару ерекшеліктері зерттеудің қажеттілігін көрсетті, лексикалық, грамматикалық және стилистік сәйкестікке жіктеуді негіздеді (VI тарауды қараңыз), аударма сапасын бағалаудың ортақ ұстанымдарын белгіледі. Аударма үрдісінің тілдік шарты туралы көптеген қағидалар А.В. Федоровтың кітабында сындарлы теориялық негіздеме алмағанымен аударманың лингвистикалық теориясының дамуында маңызды роль атқарды. Советтік және шетелдік тіл мамандардың назарын аударма проблемаларына аударды, бұл проблемалардың лингвистикалық әдебиетте кеңінен талқылануына бастау болды.

Шетелде аударманың лингвистикалық аспектілеріне тұтастай арналған алғашқы кітап 1958 жылы жарық көрді. Авторлары Ж.П.Вине мен Ж.Дарбельне оны “Сопоставительная стилистика французского и английского языков” (Vinoi J.P et Darbelnet J. Stylistigue comparee du frangais et de Panglais-Paris,1958) атаған. Кітапта аударма кезінде бірін бірі алмастыра алатын бірліктерді анықтау мақсатында осы тілдерді салыстырмалы талдау жүргізіледі, алайда онда бөлініп алынған сәйкестіктердің нақты аудармаларда салыстырмалау жолымен тексерілгені немесе екі тілдің жүйесінде бірдей мағынаға ие болғаны үшін алына салынғаны әрдайым көрсетіле бермейді. Кітапта жиналған бай материал аударманың жеке теориясын жасау перспективасының теңдігін көрсетіп, соның үлгісімен басқа қос тілдер жөнінде осындай еңбектер жазылды. Аударманың түрлі тәсілдерін жүйелендіруге ұмтылыс Ж.П. Вине мен Ж. Дарбельненің зор еңбегі болып табылады, ол кейінірек аудармашылық трансформацияны сипаттауда пайдаланылды, солардың көмегімен аударма үрдісі жүзеге асырылады (VII тарауды қараңыз).

Р.Якобсонның “О лингвистических аспектах перевода” мақаласы (Jakobson R.On Linguistic Aspekts of Translation // Translation/ Bd R.А.Brower – Cambridge (Маss) 1959) тіл мамандарының назарын аудармашылық проблематикаға аударуда үлкен роль атқарды, автор “процесс перевода должен находиться под неусыпным наблюдением языкознания” деп тұжырымдайды. Р.Якобсон тіл білімінің басқа салалары үшін аударманың теориялық маңызының зор екенін тұңғыш рет көрсетті. Ол іс жүзінде ойдың көп мағыналығын сақтай отырып, айтылғанды құлпыртудың кез келгені аударма болып табылатынын атап өтіп, тіл ішіндегі аударманы, тіл аралық аударманы және бір белгілік жүйенің басқасына құлпыратын семит аралық аударманы ажыратуды ұсынды.

1963 жылы Ж. Мунэн қазіргі тіл білімі жетістіктерінің аударманы зерделеуге пайдаланылуының маңыздылығын көрсетуге сындарлы талпыныс жасады. Кейінірек аударма теориясы жөнінде басқа бірқатар қызықты туындылар жариялаған француз лингвисті өзінің “Теоретические проблемы перевода” (Mounin Q. Us problemеs theoriques de traduction. – Paris, 1963) кітабын екі тілдің жүйелеріндегі айырмашылықтың аударма кезінде түпнұсқа мазмұнын толық көшіруге салған шектеулерді талдауға арналған. Ж. Мунэн тілдердің семантикалық құрылымдардың айырмашылығына, тәжірибе деректерінің әрбір тілде мүшелену ерекшілігіне, тілде сөйлеуші ұжымның мәдениеті мен тарихының айырықшылықтарының көрініс табатынына ерекше назар аударды. Контрастивті лингвистика деректерінің түрлі тілдерде белгілейтіндердің ғана емес білдіретіндердің де сәйкес келмейтінін атап көрсете келіп, Ж. Мунэн аударманың бір тілдің сөздерінің екінші тілдің сөздерімен құр алмастыру емес екенін, тілдердің ара қатынасына қатысты білгілі бір түрлендірушімен әрдайым байланыста екенін иландыра дәлелдейді. Сонымен қоса мәтін мазмұнының бір тілден басқасына тікелей көшірудің мүмкін болмауы Ж. Мунэн үшін “Принципиальная непереводимость”-ті немесе аударманы тіл білімінен ажыратуды білдірмейді. Қайта мүмкіндігі мен шегін анықтау үшін аударманың тілдік ерекшелігін жан-жақты зерделеу қажет деп есептейді.

1964 жылы аударманың жалпы теориясының дамуына елеулі ықпал еткен екі еңбек шықты. Америкалық лингвист Ю.Найданың ”К науке переводить“ кітабы (Nida E. Toward a Science of Translating. – Leiden, 1964.См. статью Ю. Найды: Linguistics and Ethnology in Translation Problems //Word-N.У; 1945-№2). Библия аудармасының арнайы проблемаларына арналғанымен, бұл проблемалар теориялық тіл білімі тұрғысынан қарастырылады, кітап авторы ұсынған қағидалар өзге сипаттағы мәтіндердің аудармаларына да қатысты. Ю.Найда үшін аударма проблемалары – аудармашының түрнұсқа мәтінінің мазмұнын түсіндірумен және аударма рецепторының (қабылдаушысының) мәтіннің мазмұнын аударма тілінде түсіндірумен байланысты семантикалық проблемалар. Кітапта тілдік бірліктер семантикасын талдау әдістері мен мәннің түрлі типтерін-референттік, эмотивтік және лингвистикалықтың өзін басқа тілде беру тәсілін тиянақты қарастырады. Ю.Найда лингвистикалық зерттеудің түрлі әдістемелік тәсілдерін-компоненттік талдау, семантикалық түрлену, тікелей және кері трансформация мен сол сияқтыларды аударма теориясында пайдаланудың жемістілігін иландыра дәлелдейді. “Аударма моделі” ұғымын енгізуге еңбегі сіңді, соның көмегімен аударма үрдісі түпнұсқа бірліктерін аударма мәтінінің бірліктеріне бір қатар түрлену түрінде көрінеді (VII тарауды қараңыз). Кітапта аударма рецепторларына қажетті ықпалды қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді. Ю.Найда “динамикалық эквиваленттілік” ұғымын енгізді, соған жету үшін аудармашы аударманың барынша түсініктілігі мен табиғилығына аударма жасалынатын тілдің барлық нормаларының сақталуын қамтамасыз ете отырып, түпнұсқаның формальды ерекшелігіне (Библияны аударғандар істегендей) емес, аударма рецепторларының реакциясына бағдар ұстауы керек. Кітапта да, Ю.Найданың одан кейінгі еңбектерінде де бай материал берілген, онда аударма техникасына, аударма кезінде пайдаланылатын қалдырып кету, толықтыру, орын ауыстыру және өзгелеріне қатысты көптеген бағалы байқауларды табуға болады.

И.И. Ревзин мен В.Ю. Розенцвейгтің ”Основы общего и машинного перевода“ еңбегінде (Ревзин И.И., Розенцвейг В.Ю. Основы общего и машинного перевода. – М., 1964. Некоторые положения этой работы были ранее изложены авторами в статье: К обоснованию лингвистической теории перевода//В.Я.- 1962-№ 1) аударма теориясын құрудың бір қатар ұстанымдық мәселелері қарастырылды. Еңбек авторлары лингвистикалық теорияның негізгі міндеті аудармаға әлдебір априорлық талап формулировкасын беру емес, объективті ақиқатты зерделеу және сипаттау екенін әділ көрсетеді. Былайша айтқанда, аударма теориясы дескриптивтік емес, прескриптивтік сипатқа ие болуға тиіс. Кез келген нормативтік ұсыныстар сипаттаудың алдында жүрмей аударма үрдісін сипаттаудың нәтижесі болуға тиіс. Кітапта аударма теориясын құру кезінде дедуктивтік әдісті пайдаланудың, аудармашылық үрдіске жалпы лингвистикалық тұжырымдарды таратудың маңыздылығы атап көрсетіледі. Аударма үрдісін түпнұсқа мәтінін аударма мәтініне түрлендіруші ретінде қарай отырып, И.И.Ревзин мен В.Ю.Розенцвейг бұлай түрлендіруді жүзеге асырудың екі жолын ажыратуды қажет деп есептейді, олар: ”өздік аударма“, онда бір тілдің бірліктерінен басқа тілдің бірліктеріне тікелей көшу жүреді және ”түсіндіру“, онда аудармашы алдымен түпнұсқада тіл бірліктерінің сыртында қандай ақиқат тұрғанын түсіндіріп, содан соң сол ақиқатты аударма тілі құралдарымен суреттейді. Кейін бірқатар басылымдарда (қараңыз: Швейцер А.Д. Перевод и лингвистика. М, 1973-с 29-31) өздік аударма мен түсіндірудің қарама қарсы қойылуы сыналғанмен ақиқатқа бет бұру жолымен аудармашылық үрдісті жүзеге асыру туралы идея аударманың жағдайлық (ситуативная) моделінде жаңғырығын тапты (қара VII тарау).

Дж. Кэтфордтың 1965 жылы жарияланған ”Лингвистическая теория перевода“ (Catjord J. C. A. Linпuistic Theorу of Translation –London, 1965) еңбегі жалпы тілтаным тұжырымдамасының аудармаға табысты тарауының үлгісі болды. Дж. Кэтфорд аудармашылық эквиваленттілік ұғымының ашылуы, түпнұсқа мен аудармада тиісінше айтылған сөздердің арасындағы мазмұндық жақындық дәрежесін айқындау аударма теориясының орталық проблемасы екенін әділ есептеді. Оның пікірінше, эквиваленттілік нақты жасалған аударманы түпнұсқамен салыстыру жолымен эмпристті анықтау керек. Тіл бірліктері мазмұны жоспарының олардың айтылу жоспары тәрізді ерекше екені жайлы қағиданы негізге ала отырып, Дж.Кэтфорд аударма кезінде түпнұсқа бірліктерінің көшірілуі немесе жаңғыруы емес, мәндердің бір тілден екінші тілдегі мәнмен ауыстырылуының ғана өтетінін дәлелдеді. Сөздердің мағыналары мен грамматикалық бірліктерді компонентті талдауды қолдана отырып, ол мұндай алмастырудың негізінде түпнұсқа мен аудармадағы сәйкес айтылғандардың семалық құрамының ішінара сай болуының жатқанын көрсетеді. Дж.Кэтфорд келтірген талдау аударма үрдісін семантикалық модель шеңберінде жүзеге асыру мүмкіншілігін дәлелдеді ( VII тарау), алайда кейінгі зерттеулер аударма эквиваленттілігінің әрдайым семалардың ішінара қауымдастығына негізделе бермейтінін көрсетті.