Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Kazakhsky_yazyk_metodichka_PZ_2semestr_2012-13g...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.61 Mб
Скачать

Рмқк «марат оспанов атындағы батыс қазақстан мемлекеттік медициналық университеті» практикалық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқаулар

Мамандығы: жалпы медицина, стоматология

Пәні: Қазақ тілі

Кафедра: Тілдер

Курс І

№ 81 тақырып: Терминдер.

Құрастырушы: аға оқытушы Сәбитбекова М.М.

Ақтөбе 2010 ж.

Кафедра отырысында бекітілген

«02» қыркүйек 2010 ж.

№ 1 хаттама

Кафедра (курс) жетекшісі ____________________

Тақырыбы: Терминдер.

Мақсаты: Терминдер туралы жалпы түсіндіру, медицина ғылымына байланысты терминдерді меңгерту және үнемі ізденіп жүруге үйрету.

ТАҚЫРЫПТЫҢ Негізгі (мәселелері) сұрақтары:

  1. Термин деген не?

2. Терминнің ерекшеліктері?

Термин сөздерге мына төмендегідей үш түрлі шарт қойылады: а) термин болу үшін сөздің мағынасы біреу-ақ болу қажет; ә) термин сөздердің қосымша, ауыс мағыналары болмау керек; б) термин сөздер нақты заттардың атауы емес, ғылымның тар аясындағы дерексіз ұғымдардың атауы болуы шарт.

Термин – латынның terminus деген сөзі. Қазақша мағынасы – бірдеменің шегі, шекара, шекаралық белгі. Терминдер – тілде ғылым мен техника, мәдениеттің әр саласына қатысты белгілі бір ұғымды дәл білдіретін арнаулы сөздер. Терминдер – нақты бір ұғым атауы. Терминдердің лексиканың басқа түрлерінен басты айырмашылығы: көп мағыналы емес, бір-ақ нақты мағыналы болып келеді; оларда эмоционалды бояу, экспрессивті-стилистикалық қызмет болмайды.

Терминдер, негізінен, ғылым-білімнің бір саласына – бір терминологияға тән болып келеді. Сонымен бірге кейбір термин ғылымның бірнеше саласында қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ ғылыми технология, ғылыми-техникалық, публицистикалық, техникалық, саяси, халықаралық, т.б. терминология сияқты тіркестер және соларға сай арнаулы атаулар – терминдер қолданылады.

«Ана тілі» газетінің №39 санында А.Алдашевтің «Медицинадағы мемлекеттік тілдің мүмкіндіктері» мақаласында медицина саласында тіліміздің мүмкіндіктерін мейлінше пайдалану туралы пікір білдірген. Мысалы, тек ауру деп қайталай бермей, сырқат, науқас, кесел, кінәрат, індет, дерт, т.б. синонимдерді рет-ретімен ауыстырып пайдаланып отырса, қандай орынды болар еді. Немесе, науқас адамның бет-әлпеті мен өң-түсіне сипаттама бергенде, орын-орнына қарай лайықтап, мынадай сөздерді неге пайдаланбасқа: бет, әлпет, өң, түс, пішін, нұр, шырай, ірең, көрік, кейіп, кескін, дидар, нұсқа, рай, бәден, ұсқын, нысай, сүрең, сықпыт, порым, пошым, сыңай, ажар, келбет, әліп, сұр, сүдін, сиық, тұрпақ, әр, т.б.

Бой бітімін (ұзын-қысқалығын) жазғанда – орта бойлы, дембелше, шапаты; әлде – аласа, тапал, қысқа, кішкене, тепелтек, бәлекей, тапалдақ, шарғы немесе денелі, ұзын бойлы, сүйекті, қапсағай, алпамса, еңсегей, еңгезердей, мүшелі, кесек, тұлға, ірі, т.б.

Жүдеу, ару, арықтау, таралу, азу, солу, тарау, ашаңдау, еттен арылу, жүзі солғын тарту, сарғаю, ұнжырғасы түсу немесе жіңішке, сида, сыптығыр, талдырмаш, жіптіктей, ашаңдау, жадаулау, әлді, иықты, жауырынды, жоталы, кеуделі, сом деген сөздерді орын-орнына қарай ылайықты келтіріп қолдану керек.

Сол сияқты асқыну түрлерін де меңдеу, жеңу, дендеу, күшею, ұшығу, ушығу, т.б. ұғымдармен даралаған жөн.

«Жарақаттанған дене бөлігі әуелі қызады. Содан кейін талаурап, албырайды, іседі, уыты өршиді. Ісік кезегіне қарай көтерілу, одан кейін үлкею, бөрту, дөңестену, тырсылдау, барттану, білеулену, жайдақтану деген сатылармен асқынады.

Жарақат ары қарай суланып, езіліп, өлі еттеніп, қан мен ірің аралас күйге жеткен кезін жара дейді. Жараны қазақша жай жара, бітеу жара, іріңді жара, соқталы жара, күйік, ісік деп бөледі. Жара аузы тобарсып, іріңінен тазарған соң, қарақотырланып ұстасып, дәнекерленеді де, ары қарай аузы бүртіктеніп, тыртықтана түссе, оңай жазылады» дейді.

1 - тапсырма. Төмендегі берілген терминдерді оқып, олардың қандай ғылым салаларына қолданылатынын анықтаңыз.

Жанр. Бұғаз. Поэзия. Драма. Эпитет. Кейіпкер. Конструктор. Электрик. Эпос. Лирика. Механик. Жазушы. Драматург. Трагедия. Комедия. Журнал. Газет. Кафедра. Дивизия. Рота. Полк. Солдат. Офицер. Слет. Компас. Құрылық. Арал. Мұхит. Артист. Мазмұндама. Шығарма. Бесжылдық. Музей. Озат. Жарыс. Шеңбер. Қорда. Кран.

2 – жаттығу. Берілген терминдерді қатыстырып 10 сөйлем жазыңыз.

Дәріхана. Емші-дәрігер. Медбике. Консерватория. Университет. Экватор. Сан есім. Драма. Идиома. Африка.

Ү л г і: Африка – жер шарындағы алты құрлықтың бірі.

3-жаттығу. СӨЖ-ден өткен анатомиялық терминдердің 30-ын жатқа жазыңыз.

Оқыту Әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап.

Қолданылатын Әдебиеттер:

1. М. Ә. Қараев «Қазақ тілі», Алматы, «Ана тілі», 1993 ж., 179 бет.

2. Б. Ж. Доскеева «Қазақ тілі», Мед.ЖОО арналған, А., «Қайнар», 2002, 91-92 беттер.

3. Бектурова А.Ш. Казахский язык для всех: учебник/ А.Ш.Бектурова, Ш.К.Бектуров. – Алматы: Атамұра, 2004ж. – 720 с.

4. Берікұлы Н. Қолданбалы қазақ тілі: оқу құралы/Н.Берікұлы, Ж.С.Есқарина. – Ақтөбе, 2005ж. – 320 б.

5. Қазақ тілі: оқу құралы/Мурзалина Б. ж.б. – Алматы: Ана тілі, 2003ж, - 264 б.

6. Оразақынова Н.А. Қазақ тілі (Сөзжасам. Морфология): оқу-әдістемелік/ Н.А. Оразақынова. – Алматы: Арыс, 2004, -176 б.

7. Күзекова З.С. Қазақ тілі: практикалық курсы/З.С. Күзекова. – Алматы, 2003ж.

Бақылау сұрақтары:

  1. Термин деген не?

  2. Терминнің қандай ерекшеліктері бар?

  3. Медицина саласындағы терминдерді атаңыз.

  4. Терминдермен кімдер шұғылданады, қайда бекітіледі?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]