Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
салы кодексi.doc
Скачиваний:
552
Добавлен:
18.02.2016
Размер:
6.09 Mб
Скачать

§ 3. Қосылған құн салығын төлеушілерді тіркеу есебі

 

568-бап. Қосылған құн салығы бойынша  тіркеу есебіне міндетті түрде қою

1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, резидент заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент еместер, дара кәсіпкерлер осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қойылуы тиіс.

Мыналар: мемлекеттік мекемелер;

осы Кодекстің 411, 420 және 442-баптарында көрсетілген тұлғалар тиісінше, ойын бизнесі салығы, тіркелген салық және бірыңғай жер салығы салынатын қызмет бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қоюға жатпайды.

2. Егер айналымның мөлшері күнтізбелік жыл ішінде осы тармаққа сәйкес айқындалған ең төменгі айналым мөлшерінен асып түскен жағдайда осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар ең төменгі айналымнан асып кетуі туындаған айдың аяқталған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей орналасқан жері бойынша салық органына келу тәртібімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті беруге міндетті.

Айналым мөлшері өсу қорытындысы бойынша:

резидент емес солар арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметін жүзеге асыратын жаңадан құрылған резидент заңды тұлғалар, филиалдар, өкілдіктер, - әділет органдарында мемлекеттік (есептік) тіркелген күнінен бастап;

салық органдарында дара кәсіпкер ретінде жаңадан тіркеу есебіне тұрған жеке тұлғалар, - салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күнінен бастап;

ағымдағы күнтiзбелiк жылда салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен алынған салық төлеушiлер – салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен алынған күннен кейiнгi күннен бастап;

басқа салық төлеушілер – ағымдағы күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап айқындалады.

Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін салық төлеушінің айналымына осы Кодекстің 232-бабында көрсетілген салық салынбайтын айналымды қоспағанда, мынадай:

1) Қазақстан Республикасында тауарлар өткізу, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету бойынша;

2) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын және қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместен өткізу орны Қазақстан Республикасы болып табылатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша айналым кіреді.

Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу орны осы Кодекстің 236-бабына сәйкес айқындалады.

3. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін шаруа немесе фермер қожалығы үшін арнаулы салық режимінде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеуші айналымның мөлшерін анықтау кезінде осы арнаулы салық режиміне жататын қызметті жүзеге асырудан түскен өткізу бойынша айналымды есепке алмайды.

4. Сенімгерлік басқарушы орналасқан жері бойынша салық органына сенімгерлік басқару шартын жасасқан күннен не егер құрылтайшы сенімгерлік шарты бойынша не пайда алушы сенімгерлік басқару туындаған өзге жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылса, сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болып табылатын өзге құжат күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей келу тәртібімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салық өтінішін беруге міндетті. Құрылтайшы сенімгерлік басқару шарты бойынша не пайда алушы сенімгерлік басқару туындаған өзге жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаған жағдайларда сенімгер басқарушыны қосылған құн салығы бойынша міндетті түрде тіркеу есебіне қою осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.

5. Ең төменгi айналым тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң 30000 еселенген мөлшерiн құрайды.

6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар, егер осы бапта өзгеше көзделмесе қосылған құн салығы бойынша олар тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш берген айдан кейінгі айдың алғашқы күнінен бастап қосылған құн салығын төлеушіге айналады.

7. Резидент заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиалдар, өкілдіктер арқылы жүзеге асыратын резидент еместер қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін ұсынылған салықтық өтінішке салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін міндетті түрде қоса береді.

Жылжымайтын мүлікке меншік құқығын немесе оларды пайдалану құқығын растайтын құжат салық төлеушінің орналасқан жерін растайтын құжат болып табылады.

Орналасқан жерді растайтын құжат көшірмесін нотариат куәландырған күні мен оны салық органына табыс ету күнінің арасындағы мерзім он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

8. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш тапсырмаған тұлға анықталған кезде, салық органы мұндай салық төлеушіні анықтаған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оған осы Кодекстің 608-бабында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықты жою туралы хабарлама жібереді.

9. Салық төлеуші осы баптың 8-тармағына сәйкес жіберілген салық органының хабарламасы бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш тапсырмаған жағдайда, осы Кодекстің 608-бабы 5-тармағында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін салық органы осы Кодектің 611-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады.

 

569-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою

1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 568-бабы 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қоюға жатпайтын тұлға, орналасқан жері бойынша салық органына келу тәртібімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтініш беруге құқылы.

Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде тұруға:

дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалардың;

мемлекеттік мекемелердің;

Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын резидент еместердің;

осы Кодекстің 411 және 420-баптарында көрсетілген тұлғалардың, тиісінше ойын бизнесі салығы және тіркелген салық салынатын қызметі бойынша;

резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің құқығы жоқ.

Резидент заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент еместер қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін ұсынылған салықтық өтінішке осы Кодекстің 568-бабы 7-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса береді.

2. Салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік бере отырып, салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қояды немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша оны қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюдан бас тарту туралы шешім шығарады.

Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш берген айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап қосылған құн салығын төлеушіге айналады.

3. Салық органдары қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті беру күнінде мынадай шарттардың біреуі немесе бірнешеуі бар болғанда:

салық төлеуші осы Кодекстің ерекше бөлімінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық есептілігін тапсыру бойынша салық міндеттемелерін орындамағанда;

2) аталған салық төлеуші салық органы шешімінің негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап екі жыл өтпесе;

3) осы Кодекстің 568-бабы 7-тармағында белгіленген құжаттар тапсырылмаса, салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қоюдан бас тартады.

4. Қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюдан бас тарту туралы шешім салық төлеушіге қолын қойғызып немесе жіберу фактісін растайтын өзге де тәсілмен тапсырылады.

 

570-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік

1. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік қатаң есептілік бланкісі болып табылады және салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою фактісін куәландырады. Куәліктің нысанын уәкілетті орган белгілейді.

Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік салық төлеушіге қолын қойдырып беріледі.

Куәлікті беру қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті беру журналында тіркеледі.

2. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік мынадай міндетті деректемелерді:

1) салық төлеушінің атауын және (немесе) тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда);

2) сәйкестендіру нөмірін;

3) салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою күнін;

4) салық органының қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікке қол қойған күнімен оны беру күнінің сай келуін;

5) куәлік берген салық органының атауын қамтиды.

3. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік қосылған құн салығын төлеушіде сақталады.

4. Салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған жағдайда қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік, салық төлеуші куәлікті жоғалтып алған жағдайды қоспағанда, салық органына қайтарылуы тиіс.

5. Қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою туралы куәлiктi ауыстыруды:

1) қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою туралы куәлiгi жоғалған (бүлiнген) жағдайда – салық төлеушiнiң салықтық өтiнiшi негiзiнде;

2) қосылған құн салығын төлеушiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде) немесе атауы өзгерген жағдайда – салық төлеушiнiң тегi, аты, әкесi атының (ол болған кезде) немесе атауы өзгеруi туралы сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерiнiң мәлiметтерi негiзiнде үш жұмыс күнi iшiнде салық органы жүргiзедi.

6. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы жаңа куәлік бе­ріл­ген кезде бұрынғы куәліктің бланкісі, салық төлеуші аталған куәлікті жо­­ғалтып алған жағдайларды қоспағанда, салық органына қайтарылуға жатады.

 

571-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару

1. Мынадай шарттар бiр мезгiлде сақталған жағдайда:

1) салық салынатын айналым мөлшерi салықтық өтiнiш берiлген жылдың алдындағы күнтiзбелiк жыл үшiн осы Кодекстiң 568-бабында белгiленген өткiзу бойынша ең төменгi айналымнан аспаса;

2) салық салынатын айналым мөлшерi мұндай салықтық өтiнiш берiлген ағымдағы күнтiзбелiк жылдың бастапқы кезеңi үшiн осы Кодекстiң 568-бабында белгiленген өткiзу бойынша ең төменгi айналымнан аспаса, қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығару үшiн қосылған құн салығын төлеушiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебi туралы салықтық өтiнiш беруге құқылы.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару үшін ұсынылған салықтық өтінішке мынадай құжаттар:

1) салық төлеуші куәлікті жоғалтып алған жағдайларды қоспағанда, қо­сылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәліктің түпнұсқасы;

2) қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы қоса беріледі.

3. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, салық органдары салық төлеушiнi осы баптың 2-тармағында белгiленген талап сақталған жағдайда қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығаруды салық төлеушiнiң салықтық өтiнiш берген күнiнен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жүргiзуге мiндеттi. Қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығару күнi мұндай салық төлеушiнiң салық органына салықтық өтiнiш берген күнi болып табылады.

Салық органдары салық төлеушiге салық төлеушiнiң салықтық өтiнiш берген күнiнен бастап бес жұмыс күнi iшiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарудан мынадай:

1) салықтық өтiнiш берген жылдың алдындағы күнтiзбелiк жыл үшiн салық төлеушiнiң салық салынатын айналымының мөлшерi осы Кодекстiң 568-бабында белгiленген өткiзу бойынша ең төменгi айналымнан асып түскен;

2) мұндай салықтық өтiнiш берiлген ағымдағы күнтiзбелiк жылдың бастапқы кезеңi үшiн салық төлеушiнiң салық салынатын айналымының мөлшерi осы Кодекстiң 568-бабында белгiленген өткiзу бойынша ең төменгi айналымнан асып түскен жағдайларда бас тартады.

Қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарудан бас тарту туралы шешiм уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша мұндай бас тартудың себебi көрсетiле отырып, салық төлеушiге жеке қолын қойғызу арқылы немесе жiберу фактiсiн растайтын өзге тәсiлмен табыс етiледi.

4. Уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органы шешімінің негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару салық төлеушіні хабардар етпестен мынадай:

1) қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін осы Кодексте оны табыс етудің белгіленген мерзімнен алты ай өткен соң табыс етпеген;

2) салық органы осы Кодекстің 558-бабында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығын төлеушінің орналасқан жері бойынша нақты болмау фактісін растаған;

3) сот үкімінің заңды күшіне енген не қаулысы негізінде қосылған құн салығын төлеуші жалған кәсіпорын деп танылған;

4) сот шешiмiнiң заңды күшiне енуi негiзiнде дара кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны тiркеу жарамсыз деп танылған жағдайларда жүргiзiледi.

5. Салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешімді салық төлеушінің орналасқан жері бойынша:

осы баптың 4-тармағы 1) және (немесе) 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар анықталған күннен бастап;

салық органы соттың салық төлеушіні жалған кәсіпорын деп тану туралы заңды күшіне енген үкімін не қаулысын алған күннен бастап;

салық органы дара кәсiпкердi немесе заңды тұлғаны тiркеудi жарамсыз деп тану туралы заңды күшiне енген сот шешiмiн алған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей шығарады.

6. Қосылған құн салығын төлеуші салық органының шешімі бойынша қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен:

осы баптың 4-тармағы 1) және (немесе) 2) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар үшін – осы шешім шығарылған күннен бастап;

осы баптың 4-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген тұлғалар үшін -қылмыстық іс-әрекет басталған күннен бастап;

осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында көрсетiлген тұлға үшiн – қосылған құн салығы бойынша тiр­кеу есебiне қою күнiнен бастап шығарылды деп танылады.

7. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару:

1) қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын резидент заңды тұлға, Қазақстан Республикасы аумағында филиал, өкілдіктер арқылы қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға, дара кәсіпкер қызметін тоқтатқан жағдайда - осы Кодекстің 37-43-баптарында көрсетілген салықтық өтінішті тапсыру күнінен бастап;

2) заңды тұлғалар бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайларда – қайта пайда болған заңды тұлғаның құрамына кірген заңды тұлғаларды, қосылған заңды тұлғаны Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен алып тастаған күннен бастап;

3) заңды тұлға бөліну жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті берген немесе ол жоғалған не бүлінген жағдайда қағазда жазылған түсініктеме табыс еткен күннен бастап жүргізіледі.

8. Қосылған құн салығын төлеушіні банкроттық себебі бойынша таратқан кезде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару Заңды тұлғалардың мемлекеттік тіркелімінен алып тасталған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап жүргізіледі.

9. Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен қосылған құн салығын төлеушінің шығарылғаны туралы ақпарат қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның сайтына орналастырылады.

10. Салық органдары қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұруды салық төлеуші қызметін тоқтата тұру туралы салықтық өтінішінде көрсеткен кезеңге, бірақ осы Кодекстің 46-бабында белгіленген мерзімнен аспайтын кезеңге қосылған құн салығын төлеушінің салық есептілігін табыс етуін тоқтата тұру туралы шешімнің негізінде жүзеге асырады.

Қосылған құн салығын төлеуші салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұру мерзімін ұзартқан жағдайда қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәліктің қолданысы салық төлеушінің қызметті қайта бастау күніне дейін тоқтатыла тұрады.

11. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлік қолданысының тоқтатыла тұруы туралы ақпарат қосылған құн салығын төлеуші салық есептілігін тапсыруды тоқтата тұру туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде тоқтата тұру кезеңі көрсетіле отырып уәкілетті органның сайтында орналастырылады.

 

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]