- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
Дәріс жоспары:
1 Тілдердің типологиялық жіктелімі және оның түрлері.
2 Тілдердің типологиялық жіктелімін түзуші ғалымдар.
3 Түбір типті тілдер жүйесі.
4 Флективті типті тілдер жүйесі.
5 Агглютинативті типті тілдер жүйесі.
6 Инкорпаративті типті тілдер жүйесі.
1 Тілдердің типологиялық жіктелімі және түрлері. Дүние жүзі тілдері фонетикалық және грамматикалық құрылысына қарай бірнеше типтерге, атап айтқанда, фонетикалық типология, синтаксистік типология, морфологиялық типологияға бөлінеді. Мәселен, фонетикалық типология бойынша тілдер дыбыс құрылысты және буын құрылысты болып жіктеледі. Дыбыс құрылысты тілдерде дыбыс пен әріп негіз болса, буын құрылысты тілдер буыннан құралып, иероглифтермен жазылады.
Қазіргі лингвистикада морфологиялық ерекшеліктер сандық көрсеткіштер арқылы беріліп жүр. Мұндай әдісті типологиялық индекс деп атайды. Индекс әдісін алғаш рет қолданған ғалым − американдық ғалым Дж.Гринберг. Дж. Гринберг еңбегінде кез келген тілде сөзі мен сөз ішіндегі морфемаларының ара-жігі бір-біріне сай келетін бірде-бір тіл жоқ екендігі анықталған. Қазіргі типологиялық классификация индексі екіден төмен тілді − аналитикалық, индексі екі мен үш аралығындағы тілді − синтетикалық, индексі үштен жоғары тілді полисинтетикалы тілдер қатарына жатқызып жүр.
Академик И.И.Мещанинов және шетелдік ғалымдар тілдердің синтаксистік типологиясын жасап, қалыптастыруда біраз еңбек сіңірді. Синтаксистік типологияның басшылыққа алатыны − тілдегі синтаксистік қатынастардың берілу жолдары, яғни қимыл субьектісі мен іс-әрекет обьектісінің бір-бірімен қарым-қатынасы көріністері. Синтаксистік типология тілдегі сөйлем құрастыру амалдарының негізгі үш типіне ерекше назар аударады: сөйлем құрылысының активті түрде құрастырылуы, сөйлем құрылымының эргативті түрде құрастырылуы, сөйлем құрылысының номинативті түрде құрастырылуы.
эргативті және посессив типті тілдер болып үш топқа бөлінеді:
-номинативті типті тілдерде бастауыш атау септігінде келіп, баяндауышпен жақ бойынша қиысады, баяндауыш не көмекші етістік соған сәйкес жіктеледі.
-эргативті типті тілдерде етістіктің салт немесе сабақты болуына қарай, белгілі бір септіктерді керек етуіне қарай бастауыштың (субъектінің) тұлғасы өзгеріп отырады, ал толықтауыш осы өзгерістерге керісінше басқа тұлғаларға орайласады. Яғни олардың тұрақты тұлғасы болмайды, бұл тұлға етістіктің қажетсінуіне байланысты.
-посессив типті тілдерде етістіктер актив және пассив болып қарсы қойылады, әрі бастауыштың тұлғасы осыған байланысты болып келеді. Қазіргі номинативті тілдердегі етіс категориясы осы өзгерістердің модификацияға ұшыраған бір тармағы болуы керек: етістер өзгергенде бастауыштар мен толықтауыштар өзгеріп кетеді.
Типологиялық жіктемелердің ішінде жақсы зерттелгені – морфологиялық типология. Тілдерді типологиялық тұрғыдан топтастыру − тілдердің фонологиялық, морфологиялық және грамматикалық құрылымынының ерекшелігіне негізделеді.
Тіл туралы ғылымның тілдердің құрылымы мен құрылысын зерттейтін саласы типологиялық тіл білімі деп аталады. Типологиялық тіл білімі туыс және туыс емес тілдердің грамматикалық жүйесіндегі сәйкестіктер мен ерекшеліктерді зерттеу пәнінің негізі ретінде қарастырады. Мәселен, фонологиялық типология тілдің фонетикалық құрылысы мен фонемалардың қызметін, буын, екпін және интонация мәселелерін қарастырады.
Тілдердің типологиялық классификациясын морфологиялық классификация деп те атайды. Морфологиялық классификация тілтаным жүйесінде жан-жақты қарастырылған сала болып табылады. Ал морфологияның негізгі нысаны − сөз құрамы мен құрылымы, сөздің түрлену және өзгеру жүйесі. Мәселен, тіл-тілде кездесетін морфеманың түрлері мен атқаратын қызметі, олардың жалғану тәртібі, инфикс және префикс тәсілінің түркі тілдері жүйесінде кездеспеуі, керісінше, конфикс, трансфикс тәсілдерінің семит тілдері жүйесіне тән болуы секілді ерекшеліктер негізге алынады. Осындай морфологиялық ерекшеліктерге негізделген тілдер жіктелімі морфологиялық принципке негізделеді. Тіл-тілді құрылымы мен сөз тұлғасы, құрылысы мен сөз формасының түрлену-өзгеру амал-тәсілдеріне қарай тип-типке бөлуді морфологиялық немесе типологиялық классификация деп атайды.
Осы морфологиялық жіктелім бойынша әлем тілдері былайша топтастырылады:
Түбір типті тілдерде сөз түрлендіруші аффикстер болмайды, сөздер орын тәртібі арқылы байланысады.
Жалғамалы типті тілдерде жұрнақтар мен жалғаулар түбірден соң үстемеленіп жалғана береді.
Флективті типті тілдерде қосымшалар түбірге кірігіп, түбір морфема өз ішінен өзгеріске түседі.
2 Тілдердің типологиялық жіктелімін түзуші ғалымдар. Тілдердің типологиялық классификациясының қалыптасу тарихына келетін болсақ, дүние жүзі тілдерінің типін айқындау мәселесіне алғаш назар аударғандардың бірі − неміс ғалымы Фридрих Шлегель. 1809 жылы жарық көрген Ф.Шлегельдің "Үнділіктердің тілі мен даналығы туралы" атты еңбегінде санскрит тілін грек, латын және кейбір түркі тілдері жүйесімен салыстыра келе, дүние жүзі тілдерін флективті және аффиксті типті тілдер деп жіктейді. Бұлай жіктелуінің негізгі принципі ретінде түбір сөздің өзгеру, өзгермеу қалпын басшылыққа алады. Август Шлегель "Провансаль тілі мен әдебиеті жөнінде заметкалар" деген еңбегінде тіл атаулыны аморфты, аффиксті және флективті үш топқа бөледі. Тіл білімінің теориялық негізін қалаушы әрі философ-ғалым, қоғам қайраткері Вильгельм фон Гумбольдт 1822 жылы «Грамматикалық формалардың шығуы және олардың идеялардың дамуына әсері жөнінде», ал одан соң 1836-1840 жылдары аралығында «Ява аралығындағы кави тілі жөнінде» атты үш томдық еңбегінде дүние жүзі тілдерін ірі төрт топқа жіктеп көрсетеді: даралаушы (изолирующие), жалғамалы (агглютинативті), қопармалы (флективті), инкорпоративті тілдер. Қазіргі тіл ғылымы тілдердің морфологиялық жіктелімін көрсетуде В. фон Гумбольдттың ұсынған типологиялық классификациясын басшылыққа алады. Сонымен қатар тілдердің типологиялық жіктеліміне қатысты академик Ф.Ф.Фортунатовтың еңбектерін айта кеткен жөн. Академик Ф.Ф.Фортунатов сөз формасының құрылымы мен морфологиялық белгілеріне қарай түбір типті тілдер, агглютинативті және флективті типті тілдер болатындығын айқындай отырып, соңғы топқа жататын семит және үндіеуропа тілдерінің грамматикалық құрылысында елеулі айырмашылықтардың, яғни аралық құбылыстардың орын алатындығына назар аудартады.
Американ лингвисі, американ этнолингвистикасының негізін қалаушы Эдуард Сепир тілдерді типологиялық тұрғыдан жіктеуде өз принципін ұстанды. Э.Сепир 1921 жылы тілдердің типологиялық сипаттамасының көп сатылығы деген принципті ұстанды. Яғни, тілдегі ұғымдарды білдіру табиғаты; қатынастарды білдіру техникасы; синтез аралығын білдіру техникасы. Э.Сепирше, тілдегі ұғымдарды білдірудің төрт түрлі амалы бар: бірінші ‒ нақты түбір ұғымдар (қимыл, сапаны білдіретін сөздер), екінші ‒ деривациялық ұғымдар (атрибуттық, субстантивтік), үшінші ‒ нақты релятивті ұғымдар (тек, сан категориялары), төртінші ‒ таза релятивті ұғымдар (таза қатынастық ұғымдар). Дегенмен, тілдердің типологиялық жіктелімін анықтауда бұл принциптерді жетілдіре түсу керектігі айқындалған болатын.
Әдебиеттер:
Хасенов Ә. Тіл біліміне кіріспе. −Алматы, 1996.
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 1978.
♦ Тапсырма
Флективті типті тілдерге тән өзіндік ерекшеліктерді сипаттаңыз.
Жалғамалы типті тілдерге тән өзіндік ерекшеліктерді сипаттаңыз.
Даралаушы типті тілдерге тән өзіндік ерекшеліктерді сипаттаңыз.
Полисинтетикалы типті тілдерге тән өзіндік ерекшеліктерді сипаттаңыз.
♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Тілдердің типологиялық жіктелімінде неліктен сөздің грамматикалық құрамы басты белгі ретінде саналады?
Дүние жүзі тілдерінің сөзжасам жүйесі мен грамматикалық құрылымына қарай қандай типтік белгілері көрсетіледі?
Қытай-тибет, түркі, үндіевропа, фин-угор, иберий-кавказ және семит тілдері қандай типті тілдерге жатады?
Синтетикалық және аналитикалық құрылысты тілдер арасындағы негізгі ерекшеліктер туралы баяндаңыз.
«Фузия», «агглютинация», «инкорпарация», «изоляция» ғылыми ұғым атауларының білдіретін терминдік мағынасын ашыңыз.
♦ СӨЖ тақырыптары:
Э.Сепир және тілдердің типологиялық жіктелімі.
И.Мещанинов және синтаксистік типология мәселесі.
В. фон Гумбольдт және тілдердің типологиялық классификациясы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Хасенов Ә. Тіл білімі. – Алматы, 2003.
2 Қалиев Б. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы, 1997.
3 Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 1990.
4 Кочергина В.А. Введение в языкознание. – Москва, 2004.
5 Алефиренко Н.Ф. Теория языка. Вводный курс. – Москва, 2007.
