- •1‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •2. Тілдің шығуы туралы қазіргі және өткен кезең ойшылдарының, тілші-ғалымдардың пікірлерін салыстырып, ұстанған теорияларының мәнін айқындаңыз.
- •2 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 2 Тіл дыбыстарының психофизиологиялық аспектісі
- •§ 2 Тілдің актив және пассив лексикасы
- •4 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық сипаты
- •§ 2 Сөйлеу тіліндегі фонетикалық процестер
- •4 Лексикалық жүйедегі парадигмалық және синтагмалық қатынастар.
- •5 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жқмыстар
- •Құбылмалы көл
- •Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі мен құрамы
- •6 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •§ 1 Сөз формасы және сөзжасамдық модельдер
- •7 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Найман-Ана
- •Тіл біліміндегі функционалды грамматика мәселесі
- •8 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркесі және сөйлем синтаксисі
- •Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
- •Дүние жүзі тілдерінің генеологиялық жіктелімі
- •10 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Дене мүшелері атаулары
- •Дүние жүзі тілдерінің типологиялық жіктелімі
- •12 ‒ Дәріс бойынша орындалатын зертханалық жұмыстар
- •Птицы-символы
- •Жазудың шығу тарихы, дамуы және теориясы
- •Қазіргі қазақ тіл біліміндегі антропоөзекті бағыттың қалыптасу мен дамуы
- •Қазақ тіл білімінде қолданбалы лингвистиканың қалыптасуы мен дамуы
- •Негізгі әдебиеттер:
- •Қосымша әдебиеттер:
- •Сөздіктер:
- •Глоссарий
- •Пән бойынша әдістемелік нұсқаулықтар
- •Пән бойынша орындалатын тест тапсырмалары
- •86. Ұғым дегеніміз –
- •87. Сема дегеніміз –
Салыстырмалы-тарихи тіл білімі
Дәріс жоспары:
1 Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы.
2 Салыстырмалы-тарихи тіл білімін қалыптастырушылар мен қосқан үлестері.
3 Тілдердің тоғысу процестері: субстрат, суперстрат және адстрат процестері.
1 Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің қалыптасуы мен дамуы. Тілдердің туыстастығы туралы мәселе ХVІ-ХVІІ ғасырда Европада көтерілді, алғаш рет бұл мәселеге жиһанкездер назар аудара бастады. Айталық, итальян жиһанкезі Ф.Сассети «Индиядан хаттар» еңбегінде үнді тілінің европа тілдерімен қандай да бір жақындығы бар екендігін айта келе, өз ойын төмендегідей мысалдармен дәлелдейді: сарпа, два (санскрит) ‒ серпе, дуе (итальян). 1786 жылы ағылшын ғалымы Уильям Джонс өзінің «Азиялық зерттеулер» деген еңбегінде санскрит тілінің грек, латын тілдеріне өте жақын екендігін көрсете келіп, көрсетілген тілдердің о бастағы негізі бір болуы керек деген пікір білдіреді. Осыған ұқсас тұжырымды 1808 жылы шыққан «Үнділердің тілі және даналығы» деген еңбегінде Ф.Шлегель де айтқан болатын. Ф.Шлегельдің айтуынша, санскрит тілі сөз құрамы мен грамматикалық құрылысы жағынан грек, латын тілдеріне өте ұқсас. ХVІІІ ғасырдың соңғы жартысы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарында тіл ғылымының даму бағыты жаңа зерттеу әдісінің қажеттігін айқын көрсетті. Тілдердің өзара туыстығын, тіл мен тілдің туыстық мәселесін айқындауда, ондағы фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктердің сәйкестігін дәйектеуде салыстырмалы-тарихи зерттеу әдісі қалыптасты.
Салыстырмалы-тарихи әдіс ‒ тіл дамуының тарихи заңдылықтарын, тілдердің фоно-морфо-семантикалық жүйесіндегі ортақтық пен ұқсастықтарды, тілдердің туыстық мәселесін анықтау үшін қолданылатын зерттеу әдісі. Салыстырмалы-тарихи әдістің мақсаты ‒ дүние жүзіндегі тілдердің өзара фонетикалық, лексикалық және грамматикалық жүйесін өзара салыстыру арқылы туыстастығын айқындау, тілдердің грамматикалық құрылысын салыстырмалы тұрғыда сипаттау арқылы туыс тілдердің ататілдік моделін жасау, тілдік ерекшеліктердің хронологиялық және таралымдық шегін анықтай отырып, тілдердің генеологиялық классификациясын жасау. Осылайша, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында салыстырмалы-тарихи әдістің негізінде салыстырмалы-тарихи тіл білімі қалыптасты.
Салыстырмалы-тарихи әдістің негізгі тәсілдері ретінде ішкі және сыртқы реконструкция тәсілдері қолданылады. ж~с: жер (қазақ) - с´ир (чуваш), жыл (қазақ) – с´ул (чуваш); ж ~ й: жеңіл (қазақ) – йеңіл (түрікмен), жыл (қазақ) – йыл (түрікмен); ж ~ дж: жол (қазақ) – джол (қ.-балқ.); ж ~ ч: жоқ (қазақ) – чоқ (тува), жер (қазақ) – чер (тува); ж ~ с: жеті (қазақ) – сетте (якут), жат (қазақ) – сыт (якут) т.б. (1, 55).
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің қалыптасуына тіл туыстығы, тілдердің өзара жақындығы деген мәселе негіз болды. ХҮІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезінен бастап ғалымдар көне үнді тілінде жазылған ескерткіштер мен лингвистикалық зерттеулерге назар аудара бастайды. Еуропа тіл білімінде көтерілген тілдер туыстастығы мәселесі, тілдер жүйесіндегі фоно-морфо-семантикалық ортақтықтар мәселесі шығыс тіл білімінде ХІ ғасырдан бастау алады десек болады. Оған дәлел ретінде М.Қашқаридың 1074 жылы жарық көрген «Диван лұғат ат-түрік» атты энциклопедиялық еңбегін айта аламыз. Тіл білімі тарихында алғаш салыстырмалы-тарихи әдісті ғылыми принцип ретінде қолданған М.Қашқари болатын. М.Қашқаридың «Дивани лұғат ат-түрк» еңбегі түркі тайпаларының тілінде жиі қолданысқа түскен сөздер мен сөз тіркестері араб тіліне аударылып берілген. Еңбекте қамтылған сөз бен сөз тіркестерінің лексикалық мағыналарына түсініктеме беріледі, түркі тайпалары тіліндегі фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктері туралы айтылады. Бұл энциклопедиялық еңбек тек тіл мен әдебиет мәселелерін ғана емес, сондай-ақ түркі тайпаларының рухани дүниетанымы мен ой-өрісінен, олардың қоғамдық-экономикалық жағдайынан, материалдық және рухани дүниетанымынан құнды деректер беріледі.
1816 жылы неміс ғалымы Франц Бопптың санскрит тіліндегі етістіктердің жіктелу жүйесін грек, латын, парсы, герман тілдеріңдегі етістіктердің жіктелу жүйесімен салыстыра зерттеген еңбегі шықты. Бұл еңбекте жоғарыда аталған тілдердің туыстастығы дәлелденді. Ф.Бопп жиналған тілдік материалдарды парсы, славян, балтық және армян тілдері фактілерімен салғастыру нәтижесінде «Үндіеуропа тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» еңбегін жариялады.
Ал 1599 жылы Голландия филологі И.Ю.Скалигер «Европалықтардың тілі жөнінде қысқаша ойлар» атты еңбегінде Европа тілдерін өзара салыстыра зерттей келе, оларды он бір ата тілге жіктеп көрсетеді: 1) грек ата тілі; 2) латын ата тілі (роман тобындағы тілдер); 3) герман ата тілі (неміс, нидерланд); 4) славян ата тілі (чех, словен, сербхорват, лучиж); 5) албан тілі; 6) татар (түркі тілдері), 7) венгер, яғни мадьяр тілі; 8) фин (фин, лапланд, саам тілі); 9) ирланд тілі; 10) бретон тілі; 11) сантаброрум (баск) тілі (1,329).
1666 жылы Ю.Крыжанич фонетикалық сәйкестіктер негізінде славян тілдерінің толық классификациясын жасап берді. Неміс ғалымы Ф.Рунг литва, латыш және өлі прусс тілдерінің жақын туыстығын дәлелдей келіп, балтық тілдері тобы деген ұғымын қалыптастырды.
Балтық тобын құрайтын тілдер мен славян тілдерінің туыс екендігі туралы мәселені көтерген М.В.Ломоносов болатын. 1755 жылы М.В.Ломоносов өзінің «Россия грамматикасы» атты еңбегінде орыс тілінің оңтүстік славян тобындағы тілдермен өте жақын екендігін, сондай-ақ поляк, чех тілдерінен де алшақ еместігін көрсетіп, орыс тілінің балтық тілдерімен де алыс туыстық қатынаста екендігін айқындайды.
2 Салыстырмалы-тарихи тіл білімін қалыптастырушылар мен олардың негізгі үлестері. Тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді біртіндеп дамып, өзгеріп отыратын тарихи құбылыс деп танудан, оны зерттеу ісіне салыстырмалы-тарихи әдісті қолданудан басталады. 1816 жылы неміс ғалымы Франц Бопп санскрит тіліндегі етістіктердің жіктелу жүйесін грек, латын, парсы, герман тілдеріндегі етістіктердің жіктелу жүйесімен салыстыра зерттеген еңбегі арқылы аталған тілдердің туыстастығын дәлелдеді. Кейіннен жиналған тілдік материалдарды славян, балтық, армян тілдері фактілерімен толықтыра келіп, 1833–1849 жылдары «Үндіевропа тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» атты еңбегін жазды. Ф.Бопп еңбектерінің маңызы – тілдер туыстастығын айқындаудың бірден-бір сенімді құралы грамматикалық формалар жүйесін салыстырып зерттеуінде. Тіл білімі тарихында Ф.Бопп салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізін салушы деп саналады.
Салыстырмалы-тарихи әдісті қалыптастырушылардың бірі – дат ғалымы Расмус Раск. Оның айтуынша, тіл туыстығының белгісі – грамматикалық жақтан ұқсас болуында, өйткені грамматикалық формалар бір тілден екінші тілге ауыспайды деген дұрыс қорытынды жасайды. Ол өзінің «Исланд тілінің шығу тарихы» атты еңбегінде Скандинавия халықтары (швед, норвег, дания) тілдерінің европалық тілдермен туыстастығын айқындауды көздеді.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі – неміс ғалымы Якоб Гримм. Ғалым өзінің төрт томдық «Неміс тілі грамматикасы» еңбегінде тілдік элементтердің даму тарихын зерттеуге баса көңіл бөледі. Ол тарихи салыстырудың хронологиялық жолын енгізіп қалыптастырды. Сөйтіп, тілдегі өзгеріс-құбылыстардың қай-қайсысы да оның бірте-бірте дамуының табиғи нәтижесі екенін дәлелдеді. Тілдік құбылыстарды зерттейтін тіл тарихы деген ғылымның лингвистика құрамында болу қажеттілігіне көз жеткізеді.
Я.Гримм тіл тарихының қоғам тарихымен байланыстылығын, тілдің қоғам тарихын зерттеуде орасан зор рөл атқаратынын баса айтады. Тіл дамуындағы заңдылық дегенді сөйлеудегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары ретінде түсіндірді. Тіл білімі тарихында алғаш рет тіл дыбыстарында болатын өзгерістердің заңдылығын дәлелдеп берді. Бұл саладағы Гримм ашқан заңдылық ХІХ ғасыр лингвистикасының елеулі табысы болды. Тіл ғылымында фонетиканың өз алдына жеке бір сала болып қалыптасуына игі әсерін тигізді. Осылайша тіл білімінде Гримм заңы деп аталатын теория қалыптасты. Гримм заңының мәні мынада:
- көне үнді, грек, латын тілдеріндегі қатаң дауыссыздарға герман ата тіліндегі қатаң фрикативтілер сәйкес келеді;
- көне үнді тіліндегі ұяң дауыссыздары мен ертедегі гректің қатаң дауыссыздарына жалпы герман тіліндегі b, d, g фонемалары сәйкес келеді;
- көне үнді, грек, латын тілдеріндегі жалаң ұяң дауыссыздарына жалпы герман тілдеріндегі p, t, k дауыссыздары сәйкес келеді.
Сонымен қатар 1820 жылы жарияланған А.Х.Востоковтың «Славян тілдері жөніндегі пікірлер» деген еңбегінде славян тілдері фактілерін өзара салыстыра зерттеу арқылы олардың арасындағы ұқсастық, өзгешелікті көрсетеді. ХІХ ғасырдың ІІ жартысында салыстырмалы-тарихи әдісті орыс тіл білімінде кеңірек қолданған ғалымның бірі – Бодуэн де Куртенэ. Тіл тарихында аналогия бойынша даму заңдылықтары, тілдік өзгерістерді зерттеудің негізгі тәсіліне айналған хронология принципін ұсынды; жазуы жоқ диалектілерді зерттеді, соның нәтижесінде диалектологияны салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізгі бөлімдерінің біріне айналдырды.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімін қалыптастыруда Ф.Бопп, Я.Гримм есімдерімен қатар тұратын көрнекті ғалым – Вильгельм фон Гумбольдт саналады. Ол санскрит, қытай, малай, Америка үндістерінің тілдерін зерттеген. Тілдің құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл ғылымындағы антропоөзектік принциптің қалыптасуы сияқты мәселелер В. фон Гумбольдт есімімен байланысты.
Жалпы алғанда, тіл тарихы әр кезеңдегі тілдің жай-күйін өзара салыстыра зерттеу арқылы іске асырылады. Салыстыра-салғастыра зерттеу арқылы тілдік таңбалардың өн бойындағы тұлғалық және мағыналық өзгерістер нәтижесі алынады. Бұл өз кезегінде, тілдің тарихи даму сипатын айқындауда маңызды болмақ.
3 Тілдердің тоғысу процестері: субстрат, суперстрат және адстрат процестері. Тілдердің өзара әсері мен тоғысуының (этникалық топтардың бірігуі) нәтижесінде субстрат, суперстрат, адстрат құбылыстары пайда болады.
Суперстрат дегеніміз – тілдік қатынас жағдайындағы жеңген тілдің жеңілген тілге тигізген фонетикалық, семантикалық, морфологиялық ықпалы.
Субстрат дегеніміз – тілдік қатынас жағдайындағы жеңілген тілдің жеңген тілге тигізген ішкі лингвистикалық әсері.
Адстрат дегеніміз – екі халықта да жарыса қатар өмір сүретін тілдік элементтері.
Әдебиеттер:
1 Хасенов Ә. Тіл білімі. ‒Алматы, 1996.
2 Аханов К. Тіл білімінің негіздері. –Алматы, 1991.
3 Қалиев Б. Тіл біліміне кіріспе. – Алматы, 2000.
♦ Тапсырма
Тіл біліміндегі субстрат, суперстрат және адстрат процестері туралы баяндаңыз.
Салыстырмалы-тарихи және тарихи-салыстырмалы әдістің бір-бірінен ерекшелігі.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізін қалыптастырушылар және олардың негізгі зерттеу еңбектері.
♦ Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
Тіл білімінде «тілдер туыстастығы» мәселесі қай уақытта көтерілді?
Тілдер туыстастығы мәселесі алғаш кімдердің тарапынан көтерілді?
Тіл біліміндегі Гримм заңы деп аталатын теорияның мәнін түсіндіріңіз?
Тіл білімінде салыстырмалы-тарихи әдіс ұғымы қай ғалымның еңбегімен байланысты?
Я.Гримм тілдегі фоно-морфо-семантикалық өзгерістердің себебін қандай факторлармен байланыстырады?
Диалектологияны салыстырмалы-тарихи тіл білімінің бір саласы ретінде кім ұсынды?
Ф.Бопптың пікірінше, тілдер туыстастығын танытатын ең негізгі тілдік ерекшеліктер және оның мәні неде?
♦ СӨЖ тақырыптары:
1 Қазақ және түрік тілдері жүйесіндегі қатаң және ұяң дауыссыз дыбыстар сәйкестігі.
2 Қазақ тілінің қыпшақ тобындағы тілдермен сабақтастығының тарихи-лингвистикалық негізі.
3 Тіл тарихын зерттеудің әдіс-тәсілдері: салыстырмалы-тарихи әдіс және тарихи-салыстырмалы әдіс. Ұқсастықтары мен ерекшеліктерін айқындаңыз.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1 Айдаров Ғ., Томанов М., Құрышжанов Ә. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. ̶ Алматы, 1971.
2 Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков. ̶ Ленинград, 1970.
3 Türk lehçeleri grameri. Ankara, 2007.
4 Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Фонетика. Морфология. ̶ Алматы, 1981.
Дәріс 11
