Жоспар
Кіріспе...............................................................................................................3
1. Құрама жем түрлері......................................................................................4
2. Құрама жем сапа көрсеткіштері...................................................................5
Қорытынды.......................................................................................................8
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі....................................................................9
Кіріспе
Құрама жем — арнайы рецепт бойынша жасалған азықтың майдаланған дайын қоспасы. Қоспа ретінде дән, қатқыл азықтар, өсімдік және шөп ұны, техникалық, химиялық және микробиологиялық өнімдер алынады. Толық рационды құрама жем құрамында малға қажет барлық қоректік заттар бар даяр азық рационы ретінде шығарылады. Концентратты құрама жем — сусымалы біркелкі азық, малға қатқыл, шырынды азықтармен қатар қосымша азық ретінде беріледі. Үстеме құрама жем — құрамында протеин, минерал заттар және витаминдер көп, құнарлы азық. Рацион құрамын теңестіру үшін пайдаланылады. Премикстер — биологиялық белсенді заттардың байытылған қоспасы. Премикстерді құрам жемнің құнарлылығын арттыру үшін және олардың мал организміне биологиялық әсерін күшейту үшін пайдаланады. Құрама жемді азық ұны, балық ұны, жарма, түйіршік, брикет, ұнтақ түрінде өндіреді. Минерал заттар мен витаминдер жағынан теңестіру үшін рационға (оның салмағының 1—5%-ы) қосып беріледі.
Жеке азықтарды әртүрлі қатынас пен үйлесімде қолдану толық құнды рационды жасауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда бір азықтағы қажетті қоректік заттардың жетіспеген мөлшері басқа азықтар арқылы толықтырылып, соның нәтижесінде құрама жемнің қоректік құндылығы жоғары болады. Құрамалы рационды құрауыштарды алдын-ала дайындамай, яғни тазалау, кептіру, ұнтақтау, жылумен өңдеусіз қолдану мүмкін емес.
Сонымен, құрамажем дегеніміз ғылыми негізделген рецепт бойынша дайындалып, малдың толық құнды азықтандырылуын қамтамасыз ететін әртүрлі жем қоспасы мен микроқосымшаның тазаланған және қажетті ірілікке дейін ұнтақталған біркелкі қоспасы.
-
Құрама жем түрлері
Мал азығында қолданылатын өнім жемдік азық деп аталады.
Ауыл шаруашылығы малдарына арналған жемдік азықтарға өсімдік және минерал текті азықтар жатады. Сонымен қатар, мал рационына минералды заттар мен ынталандыратын қоспалар енгізіледі. Азық өзінің шығу тегі, консистенциясы мен қоректілігіне байланысты мына топтарға бөлінеді:
-
ірі;
-
шырынды;
-
жасыл;
-
құнарлы;
-
минералды;
-
басқа өндіріс қалдықтары.
Ірі азыққа пішен, сабан, топан, ағаш азықтары, ал шырындыға (қыстық) – сүрлем, пішендеме, тамыржемістілер, картоп, бақшалық дақылдар; жасылға (жаздық шырынды) –шөптер, шөпті және жемісті дақылдар; құнарлыға -әртүрлі дәндік дақылдар, дәнді өңдеуде алынатын қалдықтар мен жанама өнімдер, тамақ өндірісінің әртүрлі саласының қалдықтары мен құрғақ жанама өнімдер; минералдыға- ас тұзы, бор, әктас және т.б. әртүрлі өндіріс қалдықтарына – қант қызылшасы, спирт, сыра және басқа өндірістердің жаңа қалдықтары (кептірілмеген) жатады.
Азықтың қоректік заттарының қолданылуының ең көп тиімділігіне малды азықтың кейбір түрі немесе біртекті азық қоспасымен емес, құрамалы жеммен азықтандыруда қол жеткізеді.
Құрамажем дайындауда алуан шикізат түрлері қолданылады.
Шикізат- құрамажем зауыттарында құрамажем құрауышын дайындауда қолданылатын жемдік азық.
Құрама жем құрауышы – деп оның рецепт бойынша технологиялық дайындалған құраушы бөлігін атайды. Құрамажем дайындау үшін 4-тен 12 дейін әртүрлі шикізат түрлері (көбінесе 6-9), микроқосымшаларды есепке алмағанда қолданылады. Құрамажем зауытында құрама жем дайындау үшін қолданатын шикізат, егер қажет болса, қоспалардан тазартылып, қауыздалып, ұнтақталады, одан кейін құрауыштар мөлшерленіп, араластырылады.
Құрама жемді ауыл шаруашылығы малдары, құстары, терілі аңдар мен балықтарға түрін, жасын, бағытын есепке алып дайындайды.
Құрамажем қажетті қатынаста малға қажетті барлық қоректік заттарды сақтайды. Құрамажем минералды заттарға (фосфор, калий, кальций, натрий) бай және микроқосымшалармен байытылған.
Микроқосымшалар – бұл малдың өсуі мен өнімділігін ынталандыратын биологиялық белсенді заттар: витаминдер (А1, В2, РР және т.б.), микроэлементтер (кобальт, мыс, йод және т.б.), антибиотиктер мен басқа да құрама жем құрамына ең аз мөлшерде (10мг-100г дейін 1т құрама жемде) кіретін заттар.
Құрама жеммен азықтандырғанда мал,құс, терілі аң мен балықтың өнімділігі әжептәуір жоғарылайды, яғни ол малдан ең көп өсім, жұмыртқалайтын тауықтан ең көп жұмыртқа мөлшері алынады, сүттің сапасы жақсарып, сауылатын сүт мөлшерін көбейтуге ықпал етеді.
Кейбір зауыттарда құрама жемге енгізу үшін ақуызды –витаминді қосымша (АВҚ) мен премикс жасалынады.
Ақуызды –витаминді қосымша (АВҚ)- қажетті дәрежеге дейін ұнтақталған жоғары ақуызды жемдік азық пен микроқосымшалардың біркелкі қоспасы. Ол құрама жем өндіру үшін қолданылады.
Премикс- биологиялық белсенді заттардан (антибиотик, витаминдер, микроэлементтер және т.б.) тұратын микроқосымшалар мен толықтырғыштың біркелкі ұнтақталған қоспасы. Ол құрамажем немесе АҚҚ байытуға қолданылады.
Премикс толықтырғышы - микроқосымшалардың дұрыс таралуына қажетті орта ретінде қолданылып, премикстің құрама жемде араласуының ең жоғарғы тиімділігін қамтамасыз ететін құрамажем құрауышы. Негізінен премикс толықтырғышы ретінде бидай кебегі көп қолданылады.
Физикалық күйіне байланысты құрама жемнің келесі түрлері болады: шашыранды, гранулданған, брикеттелген және галет күйінде.
Шашыранды құрамажем - біркелкі ұнтақталған өнім күйінде болады. Шашыранды құрамажем дайындағанда шикізатты бөтен қоспалардан тазалап, қауыздайды (қауызды дақылды) және ұнтақтайды. Осылай дайындалған құрауыштар мөлшерленіп, араластырылады.
Брикеттелген құрамажем – бұл биологиялық дұрыс пішіндегі және белгілі өлшемдегі тақта күйіндегі өнім. Мысалы, сегізбұрыш пішіндегі брикеттер, ұзындығы – 160-170мм, ені – 70-80мм, қалыңдығы (биіктігі) –30-60мм. Оны дайындау үшін ұнтақталған құрауыштардың қоспасын дайындайды, алынған сусымалы масса арнайы араластырғышқа түседі, оған бір мезгілде мөлшерленген меласса да түседі. Ұнтақталған құрауыштар мен мелассадан тұратын қоспа сығымдағышта брикеттеледі. Кейбір брикеттелген құрама жемге ұнтақталған пішен мен сабан қосылады.
Гранулданған құрамажем – белгілі пішін мен өлшемдегі тығыз түйірлерден тұратын сусымалы масса. Әдетте: белгілі диаметр мен биіктіктегі кішкене цилиндр күйінде болады. Гранул жасау үшін екі әдіс –құрғақ және сулы қолданылады.
Гранулданған құрамажем көбінесе тоған балықтары мен терілі аңдар үшін пайдалы.
Гранулданған жемді ұнтақтау арқылы тағы бір дайын өнім – құрама жем қиыршығын алады. Оны жас балапандарға, балықтарға арнап дайындайды.
Гранулданған және брикеттелген құрама жемдер тасымалдау, сақтау мен азықтандыруда қолайлы болып саналады.
Өзінің құрамы мен жемдік құндылығы бойынша құрамажем екі негізгі топқа: толық рационды құрамажем мен құрамажем –концентратына бөлінеді.
Толықрационды құрамажем - малдың қоректік, минералдық және биологиялық белсенді заттарға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ететін өнім. Тәуліктік жемдік рацион мөлшерінде толық рационды құрама жеммен малды азықтандыруда оған қосымша басқа азық беру қажет емес.
Құрамажем концентраты - мал (құс) рационына қосымша енгізіліп, оны толық рационды азықтандыруға арналған азық. Оған ірі, шырынды азықтар және әртүрлі өндірістердің ( қант қызылшасы, сыра, спирт және т.б.) қалдықтары қосылады.
Құрамажем концентраты да шашыранды, брикеттелген және гранулданған түрде дайындалады.
Құрамажем өндірісінде ақуыздың тапшылығына байланысты карбамидті концентрат қолданылуда.
Карбамидті концентрат – карбамид, ұнтақталған дән мен бентониттің біркелкі қоспасын экструдерде өңдеу арқылы алынатын қиыршық күйіндегі өнім. Карбамидті концентратты күйісті малға арналған құрама жем, АВҚ және жем қоспасында қолданады.
Қазіргі уақытта құрамажем ауылшаруашылығы малдары мен құстарының барлық түрлеріне, терілі аңдар мен балықтарға, иттерге арнап шығарылуда.
Малдың (құстың) жасы мен түрі, өнімділігіне байланысты құрама жемнің түрі мен рецептурасы өзгереді. Мысалы, тек қана тауықтарға арналған құрама жем түрлері: жұмыртқалайтын тауықтарға арналған; 1-30 күндік балапандарға; 31-60 күндік жас тауықтарға; 61-120 күндік жас тауықтар; 1-30 күндік бройлер балапандарына; 31-70 күндік бройлерге; 121-180 күндік жас тауықтарға арналған болып бөлінеді.
Ірі қара, жылқы, құс, қоян, тоғандық тұқы балықтарына арнап және сонымен қатар мал мен құстың жасы, қолданылу бағытын есепке алып құрама жемнің алуан түрлері шығарылады.