Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Бесінші бөлім: Құрбандық малы

Құрбандық малы дегеніміз - Құрбан айт күндері Аллаһ тағалаға жақындау ниетімен ихрамнан тыс мұсылмандар шалатын мал. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббың үшін намаз оқып, құрбан шал!»1.

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(ضحى النبي صلى اللّه عليه وسلم بكبشين أملحين أقرنين، ذبحهما بيده، وسمى وكبّر ووضع رجله على صفاحهما)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) құрбандыққа мүйіздері үлкен екі боз қошқарды қырымен жатқызып: «Бисмилләһи уаллаһу әкбар»-деп өз қолымен бауыздады»2.

Құрбан шалудың артықшылығы

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ما عمل ابن آدم يوم النحر عملا أحب إلى الله تعالى من إراقة الدم إنها لتأتي يوم القيامة بقرونها وأظلافها وأشعارها وإن الدم ليقع من الله عز وجل بمكان قبل أن يقع على الأرض)

«Адам баласы құрбан айт күні Аллаһ тағаланың алдында құрбан шалудан сүйкімідірек амал істей алмайды. Шалған құрбаны Қиямет күні мүйіздерімен, тұяқтарымен және жүндерімен келеді. Құрбаннан тамған қан жерге түсерінен бұрын Аллаһтың қасындағы бір орынға түседі..»3.

Үкімі

Имам Әбу Ханифаның көзқарасында жылына бір мәрте құрбан шалу ер кісіге де, әйел кісіге уәжіп. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من وجد سعة فلم يضحِّ معنا فلا يَقْرَبَن مُصلاّنا)

«Кім мүмкіншілігі бола тұра бізбен бірге құрбан шалмаса, (айт) намаз оқитын жерімізге жақындамасын»4.

Бұл хадисте мүмкіншілігі келе тұра құрбан шалмаған мұсылманға пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) сөгіс жариялағандығы көрініп тұр. Уәжіп болмаса, неге сөгіс айтылады?!

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من كان ذبح قبل الصلاة فْليُعِد)

«Кім намаздан бұрын құрбан шалып қойса, қайта шалсын»5.

Бұл хадисте дұрыс шалынбаған малдың қайта шалынуы бұйырылуда. Уәжіп болмаса, неге қайта шалынуы бұйырылсын?!

Михнаф ибн Сулайм, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге тұрған едік. Сонда оның былай дегенін естідім:

(يا أيها الناس على كل أهل بيت في كل عام أضحية)

«Әй, адамдар, әр отбасы әр жылы құрбан шалулары керек..»1.

Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарастарында құрбан шалудың үкімі бекітілген сүннет. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا رأيتم هلال ذي الحجة وأراد أحدكم أن يضحي فليمسك عن شعره وأظفاره)

«Зүлхижжа айының туғанын көрген кездеріңде біреулерің құрбан шалуды қаласа, шашы мен тырнақтарын алмай қоя тұрсын»2.

Құрбан шалуды уәжіп ететін шарттар

1 - Мұсылман болуы.

2 - Азат болуы.

3 - Тіршілік қажеттіліктерінен тыс мал-мүлкі өспесе де (зекет төленетін) нисапты құрауы.

4 - Тұрғылықты болуы. Жолаушы кісіге уәжіп емес. Әбу Бәкір мен Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, жолаушы кездерінде құрбан шалмайтын3.

Имам Әбу Ханифа мен Әбу Юсуптің көзқарастарында құрбан шалуды уәжіп ететін көлемде мал-мүлкі бар сәби құрбан шалуы уәжіп. Құрбандық малын қамқоршысы баланың қаражатынан алып шалады.

Қайсыбір мұсылман құрбан айт күндерінен басқа күндері Аллаһ үшін құрбан шалуға нәзір серт берсе, құрбан шалуы уәжіп, тіпті пақыр болса да. Сонымен қатар кім малды құрбан шалу ниетімен сатып алса, оны құрбандыққа шалуы уәжіп, тіпті пақыр болса да.

Құрбандық малы аталған уақытта туып қойса, немесе одан кейін жүкті болсын, баласы қоса шалынады. Ол малдың сүтін қожайынына ішуге болмайды.

Кім құрбандық малын жоғалтып немесе ұрлатып алса, орнына басқасын сатып алып шалады. Егер жоғалғанын тауып алса, екеуін де шалғаны абзал.

Құрбан шалудың дұрыстығына қажетті шарттар

1 - Шалынатын мал түйе, сиыр, қой және ешкі болуы. Мал ішінде түрі тұрғысынан құрбандыққа ең абзалы - қой малы, ал салмағы тұрғысынан ең еттісі. Сондай-ақ түсі тұрғысынан құрбандық малының ең абзалы - ағы, сосын сарысы, сосын бозғылты, сосын қызылы, сосын шұбары, сосын қарасы. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) құрбандыққа ақ қошқар шалғандықтан, қой малында құрбандыққа ең абзалы - қошқар. Ешкі, түйе және сиыр малдарында, салмақтары тең келсе, еркектеріне қарағанда ұрғашылары абзал. Өйткені ұрғашы малдың еті жақсы болады.

Сиыр мен түйе малына қатысты құрбандықты бірнеше адам бірігіп шалуларына болады, алайда кісі саны жетеуден аспауы шарт. Бірігіп шалуға жетеуі малды сатып алардан бұрын келісулері қажет. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(نحرنا مع رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عام الحديبية البدنة عن سبعة، والبقرة عن سبعة)

«Худайбия жылы Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге бір түйені жеті кісі бірігіп және бір сиырды жеті кісі бірігіп құрбан шалдық»1.

Алайда жеті кісі бірігіп сиыр немесе түйе шалғанға қарағанда әркім қой шалғаны абзал. Бірігіп құрбан шалушы жеті кісінің де ниеті Аллаһ тағала жақындау болуы шарт. Егер олардың бірінің ниетінде ет үйіне арналған болса, жетеуінің шалғаны құрбандық саналмайды2.

2 - Түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ешкі малы бір жастан асқан болуы шарт. Құрбандыққа қой малының бір жасарын, тіпті жеті айға аттағанын да шалса болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(يجوز الجذع من الضأن أضحية)

«Қойдың алты айдан асқаны құрбандыққа болады»3.

3 - Құрбандық малы түрлі аурулардан және айыптардан аман болуы шарт. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(أربع لا تجوز في الأضاحي: العوراء بَيِّن عورها، والمريضة بيّن مرضها، والعرجاء بيّن ظلعها، والكسير التي لا تُنقى)

«Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзі анық жоқ мал, ауруы анық мал, ақсақтығы анық мал және жілік майы жоқ (арық) мал»4.

Сонымен қатар құлағының, мүйізінің және құйрығының үштен бірі кесілген мал да құрбандыққа жарамайды. Әлидің, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтуынша Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) құлағы мен мүйізі кесілген малдың құрбандыққа шалынуына тыйым салды5.

Тістері жоқ және нәжісті жерде жайылған мал да құрбандыққа жарамсыз.

4 - Өз уақытында шалынуы. Құрбан шалынатын уақыт құрбан шалынатын күндердің біріншісінде айт намазынан кейін басталып, үшінші күні күн батар алдын тоқтайды. Ал-Барра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(خطبنا النبي صلى اللّه عليه وسلم يوم النحر قال: إن أول ما نبدأ به في يومنا هذا أن نصلي، ثم نرجع فننحر)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге Құрбан айт күні құтпа айтып: «Бұл күні ең бірінші атқаратын ісіміз - намаз оқуымыз. Сосын намаздан қайтып, құрбан шаламыз»-деді6.

Құрбан шалынатын күндер - зүлхижжаның оныншы, он бірінші және он екінші күндері. Ең абзалы - зүлхижжаның онында айт намазынан кейін шалынуы. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(الأضحى يومان بعد يوم الأضحى)

«Құрбан айт күнінен кейінгі екі күн де - құрбан шалынатын күндер»7.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісі құрбандық малды сатып алғанымен оны белгіленген уақытынан өткізіп алса, малды тірідей садақа етеді. Ал әлі сатып алмаған кісі уақытты өткізіп алса, бір қойдың құнындай садақа беруі уәжіп. Кім айт күні құрбан шалмастан дүниеден озса, уәжіп мойнынан түседі.

5 - Мұсылман кісінің бауыздауы. Малды мұсылман емес кісіге бауыздатуға болмайды.

Құрбан шалумен байланысты мустахап істер

1 - Құрбандық малын құрбан айт күнінен бұрын Аллаһ тағалаға жақындау ниетімен және шын көңілімен сатып алып, қорада ұстау. Бұл үшін үлкен сауапқа ие болады.

2 - Құрбандық малының ақ түсті қошқар болуы. Сипаты тұрғысынан семіз және жақсы мал болуы. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді: «..Кім Аллаһтың діннен еткен белгілерін ұлықтаса, онысы - жүректердің тақуалығынан болғаны»1. Бұл аяттың тәпсіріне қатысты Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Малдың семізін, жақсысын және үлкенін таңдау да Аллаһтың діннен еткен белгілерін ұлықтауға жатады».

3 - Зүлхижжаның оныншы күні кіргенде құрбан шалушы кісі малды бауыздамайынша шашы мен тырнақтарын алмауы мустахап. Алайда алып қойса, мәкрүһ емес. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Зүлхижжа айының туғанын көрген кездеріңде біреулерің құрбан шалуды қаласа, шашы мен тырнақтарын алмай қоя тұрсын»2.

4 - Малды құрбан шалушы кісінің өзі бауыздауы. Өйткені Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) құрбандыққа арнаған малдарын өзі бауыздаған. Мал бауыздауды білмейтін кісі малды қинамауы үшін және әйел кісі басқа мұсылманға бауыздатуына болады. Бауыздаған кезде малдың қасында тұрулары мустахап. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Фатимаға, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Құрбандық малыңның қасында тұр. Одан аққан қанның бірінші тамшысымен саған кешірім нәсіп болады»3.

5 - Бауыздаушы кісінің жүзі құбылаға қарауы. Сол секілді құрбандық малы да құбылаға бағытталып, жерге сол қырымен жатқызылады. Сосын: «Аллаһтың атымен. Аллаһ ұлы. Аллаһым, бұл Сенен және Саған»-делініп мал бауыздалады. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) құрбандыққа мүйіздері үлкен екі боз қошқарды қырымен жатқызып: «Бисмилләһи уаллаһу әкбар»-деп өз қолымен бауыздады»4. Сонымен қатар Әбу Дәуд жеткізген хадисте айтылғандай: «Жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаһқа нағыз мұсылманша жөнелттім. Расында, намазым, құрбаным, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Аллаһ үшін. Оның серігі жоқ. Маған осылай істеуім бұйырылды және мен мұсылмандар қатарынанмын. Аллаһтың атымен және Аллаһ ұлы. Аллаһым, бұл - Сенен және Саған»-деу мустахап. Арапша мәтіні:

"وجهت وجهي للذي فطر السماوات والأرض حنيفاً مسلماً، اللّهم منك ولك، بسم اللّه، اللّه أكبر"

Бұған қосымша: «Аллаһым, Ибраһимнен қабыл алғаныңдай қабылдай гөр»-деуге болады.

6 - Пышақтың өте өткір болуы. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Расында, Аллаһ әр нәрсені өте жақсы атқаруларыңды уәжіп (заңды) етті. (Соғыста дұшпанды) өлтіретін болсаңдар, өте жақсы жолмен өлтіріңдер. Сондай-ақ мал бауыздасаңдар, өте жақсылап бауыздаңдар. Әркім пышағын өте жақсылап қайрасын да бауыздайтын малын қинамастан рақатына батырсын»5.

7 - Құрбандық малының етінен жеу және садақа ету. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:

﴿ فَكُلُوا مِنْهَا وَأَطْعِمُوا الْبَائِسَ الْفَقِيرَ

«..Одан жеңдер және бейшара пақырды тамақтандырыңдар»6.

Құрбан шалғанда істелуі мәкрүһ істер

1 - Малдың терісін өзінде қалдыру немесе сату. Маъқал ибн Ясар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من باع جلد أضحيته فلا أضحية له)

«Кім шалған құрбандығының терісін сатқан болса, құрбандығы жүзеге аспады». Осы хадистің негізінде шалған малының терісін пайдаланып немесе сатып қойған кісі құрбандығы жойылмас үшін, терінің құнындай садақа беруі уәжіп. Сол секілді құрбандық малының жүнін қырқу мәкрүһ. Егер туған болса, сүтін ішу мәкрүһ.

2 - Құрбандық малын міну, шаруаға пайдалану және жалға беру мәкрүһ.

3 - Қасапшының ақысы құрбандық етінен берілуі. Алайда қасапшы пақыр болса, оған ақы ретінде емес, үлесі ретінде беріледі. Ал ақысы үлесінен бөлек қаражатпен берілуі қажет. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أمرني رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم أن أقوم على بُدْنه، وأن أتصدق بلحمها وجلودها وأجلَّتها، وأن لا أعطي الجزار منها. قال: نحن نعطيه من عندنا)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) маған жетектеп әкелген түйелерін шалуға тұруымды және олардың еттері мен терілерін бүтіндей міскіндерге үлестіріп беруімді және қасапшыға одан ешнәрсе бермеуімді бұйырды да: «Біз оған өз қасымыздан төлейміз»-деді1.