Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Екінші тарау: Умра Бірінші бөлім: Умраға кіріспе

Умраның анықтамасы

Араб тілінде умра "العمرة" деп айтылады. "العمرة" сөзінің тілдік мағынасы - бір жерге барып шығу. "العمرة" сөзінің шариғаттағы мағынасы: Құлшылық жасау үшін Қағбаға барып қайту. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ وَأَتِمُّواْ الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلّهِ 

Бұл аяттың қазақша мағынасы: «Аллаһ үшін қажылық пен умраны толық атқарыңдар!..»1.

Умраның үкімі

Ханафи мен мәлики мәзһаптарында ғұмырда бір мәрте жасалуы бекітілген сүннет. Ал бірнеше мәрте қайталануы, шамасы келген мұсылманға мустахап. Өйткені екі умра араларында болған кіші күнәні өшіреді. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما)

«Умра мен умра өз араларындағыны (яғни күнәні) жуып кетеді»1.

Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن أعربيا جائ إلى رسول الله صلى الله عليه وسلم فقال: يا رسول الله, أخبرني عن العمرة, أواجبة هي؟ فقال: لا, وأن تعتمرخير لك)

Бір көшпелі арап Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Әй, Аллаһтың елшісі, умра жайында айтып берші, оның үкімі парыз ба?»-деп сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) «Жоқ! Алайда умра жасауың өзіңе жақсы»-дейді2.

Мағлұмат: Шафиғи мен ханбали мәзһабінда қажылық секілді умраның да ғұмырда бір мәрте жасалуы парыз. Олардың мұндай көзқарасы Аллаһ тағаланың: «Қажылық пен умраны толық атқарыңдар!»3-деген сөзіне негізделеді. Сондай-ақ Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әй, Аллаһтың елшісі, әйел кісілерге жиһад жасаулары парыз ба?»-деп сұрағанда ол: «Әрине, соғыссыз жиһад жасаулары парыз. Ол: қажылық пен умра»-деп жауап береді4.

Умраның уақыты

Умраның үлкен қажылықтан өзгешелігі, оны жылдың кез келген айында: қажылық айларында және басқа айларда жасауға болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) ғұмырында төрт умра жасаған. Айша анамыздың айтуынша, алғашқы үшеуін зүлқаъда айында, ал соңғысын қажылықпен бірге зүлхижжа айында жасаған болатын5.

Сондай-ақ рамазан айында жасалатын умра сауабы тұрғысынан қажылықпен теңеледі. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(عمرة في رمضان تعدل حجة)

«Рамазан айында жасалатын умра - қажылыққа тең»6.

Арафа күні, құрбан шалынатын күні және ташриқ күндері умра жасау мәкрүһ тахриман.

Умраның миқаты

Меккеге умраны атқару үшін келген кісі миқаттан Меккеге ихрамсыз асуына болмайды. Егер бұлай істесе, қатесін жуу үшін миқатқа қайта оралуы уәжіп. Қайта оралмаса, орнына қой шалуы уәжіп. Ихрамға миқатқа жетпей кіруге болады. Бұл, тіпті абзал көрінеді.

Бірінші: Меккеліктердің миқаты. Меккедегі адамдардың умраға шығатын миқаты - Мекенің өзі. Алайда олар үшін ең абзалы, ханафи мен ханбали мәзһаптарының көзқарасында умра ихрамына Айша мешітіне жақын орналасқан «Танъим» деген орыннан кірулері. Өйткені пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Әбу Бәкірдің баласы Абдрахманға Айша анамызды «Танъим»-нан умра жасатуын бұйырған болатын7. Танъимнан кейін абзалы - Жиърана. Жиъранадан кейін Худайбия абзал саналады.

Екінші: «Әһлул-хилл» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері Мекке сыртында орналасқан бес миқаттың қасындағы тұрғындар. Ханафи мәзһабінда бұлардың қажылық пен умраға шығатын миқаттары - тұрғылықты жерлерінің шеңбері немесе соңы мен Меккенің арасындағы жер.

Үшінші: «Әһлул-афақ» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері миқаттардың арғы бетінде орналасқан әлемнің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар. Бұл миқаттарды Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) солардың үстімен басқа елдерден қажылық пен умра жасау үшін өтетін әркімге белгіледі. Бұл миқаттардың саны бесеу. Олар: Зул-хулайфа, Әл-Жухфа, Қарн ал-маназил, Яламлам және Зәту Ъирқ. Бұл бес миқат Мекке тұрғындарынан басқалар үшін белгіленген және Меккенің түрлі тарапында орналасқан. Әлемнің түрлі тарапынан қажылық пен умраны қалаушы әрбір мұсылманға бұл миқаттардан мүлде ихрамсыз асуына болмайды.

Умраның шарттары

Умраның сыртқы парызы - ихрам. Ішкі парызы - тауаф. Тауафтың төрт айналымы ішкі парызды мойыннан түсіреді.

Умраның уәжіптері

1 - Айналым санын жетіге толтыру.

2 - Сағи.

3 - Шашты толық алу немесе қысқарту.

4 - Ихрамға миқаттан кіру.

5 - Ихрамның тыйымдарын сақтау.

Умраның бұзылуы

Тауаф атқарылмастан төсектік қатынасқа түсумен умра бұзылады. Бұзған кісінің қой шалуы және умрасының қазасын өтеуі уәжіп.