Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
20.02.2020
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Қажылық және умра Бірінші тарау: Қажылық Бірінші бөлім: Қажылық бөліміне кіріспе

Қажылықтың анықтамасы

Араб тілінде қажылық "الحج" деп айтылады. "الحج" сөзінің тілдік мағынасы - ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту.

"الحج" сөзінің шариғаттағы мағынасы: Шариғат тарапынан белгіленген уақытта арнайы құлшылық рәсімдерін атқару үшін Қағбаны ғана мақсат етіп жолға шығу. Шариғат тарапынан белгіленген уақыт дегеніміз - қажылық айлары: шәууәл, зүлқаъда, зүлхижжа және зүлхижжа айының алғашқы он күні. Қажылықтың әр рәсімі үшін арнайы уақыт белгіленген.

Қажылықтың шариғатқа енген жылы

Қажылық хижраның тоғызыншы жылының соңғы күндерінде Аллаһ тағаланың мына аятымен парыз етілді:

﴿ وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

Бұл аяттың қазақша мағынасы: «Аллаһ алдында Қағбаны қажылық ету - адамдарға парыз етілді, әрине, кімнің оған амал табуға шамасы келсе. Ал кім қарсы келсе, әлбетте, Аллаһ әлемдерге мұқтаж емес»1.

Қажылық пен умраның исламдағы орындары

Қажылық - ислам негіздерінің бірі. Аллаһ тағала оны атқаруға шамасы келетін мұсылманға парыз етті. Умра да сол секілді атқарылатын құлшылық. Ханафи мен мәлики мәзһабінда умра қажылығының үкімі бекітілген сүннет. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) өз ғұмырында бір мәрте қажылық және төрт мәрте умра жасаған. Бірінші умраны һижраның алтыншы жылында Худайбиядан жасады. Екінші умраны һижраның жетінші жылында жасады. Үшінші умраны Мекке алынған жылы, һижраның сегізінші жылы жасады. Төртінші умраны қажылықпен бірге һижраның оныншы жылында жасады. Алғашқы үш умра зүлқаъда айында, ал соңғысы қажылықпен бірге зүлхижжа айында жасалды2.

Қажылық жиһадтан абзал ма?

Амалдардың бір-бірінен артықшылығын баяндайтын хадистердің мәтіндері әртүрлі. Бір хадисте жиһад абзал, біреуінде иман абзал, тағы біреуінде намаз абзал, ал енді біреуінде қажылық абзал делінген. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(سئل رسول الله صلى الله عليه وسلم: أي الأعمال أفضل؟ قال: إيمان بالله ورسوله, قيل: ثم ماذا؟ قال: ثم الجهاد في سبيل الله, قيل: ثم ماذا؟ قال: ثم حج مبرور)

Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Қандай амал ең абзал?»-деп сұралды. Ол: «Аллаһқа және елшісіне деген иман»-деді. «Сосын қайсы?»-делінді. Ол: «Сосын Аллаһ жолында жиһад жасау»-деді. «Сосын қайсы?»-делінді. Ол: «Сосын игі қажылық»-деді3.

Тағы бір хадисте былай делінген:

(العمرة إلى العمرة كفارة لما بينهما والحج المبرور ليس له جزاء إلا الجنة)

«Умра мен умра өз араларындағыны (күнәні) жуып кетеді. Ал игі қажылық үшін жәннаттан басқа сыйақы берілмейді»4.

Хадистерде келген «игі қажылық» дегеніміз - қабыл болған қажылық. Имам ән-Науауи «игі қажылық»-ты ешқандай күнә араласпаған қажылық деп түсіндіреді.

Имам аш-Шауканидің айтуынша сахабалар тарапынан қойылған «Қандай амал ең абзал?»-деген сұраққа пайғамбарыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) әртүрлі жауап беруі олардың жағдайларының өзгешелегімен байланысты. Жиһадқа лайықты сипаты бар кісі сұраса, оған жиһад дейтін. Ауқатты бола тұра қажылықты кешіктіріп жатқан кісі сұраса, оған қажылық деп жауап беретін. Жағдайларының өзгешелігіне сай Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) еститін жауаптары да әртүрлі болатын1. Сондай-ақ әркімнің ақсап жатқан амалы да Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) белгілі болатын.

Шариғатта орын алуындағы сыры2

Қажылық пен умра арқылы мұсылмандар тарапынан әр жылы Қағбаны құлшылықпен жандандыру парызы атқарылуда. Бұл - кифая парыз. Сондай-ақ мұсылманның Раббысы үшін туған жерін қиюға, Оған жақындау үшін малы мен күшін жұмсауға талпындыру. Бұл сынақтан шамасы келген әркім ғұмырында бір мәрте өтуі парыз.

Игі қажылықтың мұсылманның жеке басына берер пайдасы және қоғамдық пайдасы да өте көп.

Жеке пайдалары:

- күнәні жояды;

- нәпсіні күнә әуестігінен тазартады;

- иманды күшейтіп, Аллаһ тағаламен байланысты нығайтады;

- шынайы тәубәға көмектеседі;

- ережелерді сақтау мен ұстануға, қиыншылыққа сабыр етіп, шыдамдылық танытуға дағдыландырады;

- Аллаһ үшін жан қиюға үйретеді.

Қажылық пен умра жасауымен мұсылман өзіне Раббысы берген мал-мүлік нығметі мен денсаулық нығметіне шүкір етеді. Жан дүниесі шынайы құлшылықпен және толық бой ұсынумен рухтанады. Аллаһ тағаланың діні мен шариғатына бағынады.

Қоғамдық пайдалары:

- Аллаһ тағаланың дидарын іздеп әлем тарапынан төгілген алуан түрлі ұлт өкілдерінен болған мұсылмандармен, олардың отандарымен және тілдерімен танысу;

- әлемдегі мұсылмандардың жағдайларымен танысу;

- бүкіл әлемнің Аллаһқа ғана құлшылық жасау үшін жаратылғандығын білу;

- ұлттарына, тілдеріне және түстеріне қарамастан мұсылмандардың бауыр және бір дене екенін түсіну;

- бәрінің де ортақ мақсаты - елдеріне оралғанда Аллаһтың дінін таратуға берілулерін білу.

Қажылықтың үкімі

Қажылық денсаулығы мен материалды тұрғыдан шамасы келуші әрбір мұсылманға парыз айн.

Құраннан дәлел: Аллаһ тағала айтады:

﴿ وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلاً وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Аллаһ алдында Қағбаны қажылық ету - адамдарға парыз етілді, әрине, кімнің оған амал табуға шамасы келсе. Ал кім қарсы келсе, әлбетте, Аллаһ әлемдерге мұқтаж емес»3.

Сүннеттен дәлел: Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(بني الإسلام على خمس: شهادة أن لا إله إلا اللّه، وأن محمداً رسول اللّه، وإقام الصلاة، وإيتاء الزكاة، والحج، وصوم رمضان)

«Ислам бес нәрсеге негізделген: Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Аллаһтың елшісі екеніне куәлік беруге, намаз оқуға, зекет төлеуге, қажылық жасауға және Рамазан оразасын ұстауға»1.

Негізінде, қажылықтың ғұмырда бір мәрте ғана жасалуы парыз. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(خطبنا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم فقال: (أيها الناس، قد فرض اللّه عليكم الحج فحجوا، فقال رجل: أكل عام يا رسول اللّه؟ فسكت، حتى قالها ثلاثاً، فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: لو قلت نعم لوجبت، ولما استطعتم)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әй, адамдар, Аллаһ сендерге қажылықты парыз етті, қажылық жасаңдар!»-деп құтпа айтты. Бір кісі: «Әр жылы ма, Аллаһтың елшісі?»-деп сұрады. Ол кісі сұрағын үш қайталағанша Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) үндемеді. Сосын Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Иә»-деп жауап бергенімде (әр жылы жасау) парыз болатын еді де оған шамаларың келмес еді!»2.

Ханафи, мәлики және ханбали мәзһаптарында қаражат пен денсаулығы тұрғысынан мүмкіншілігі бар мұсылман қажылық парызын сол жылынан кешіктірмей өтеуі парыз. Бұған қатысты ескертуші хадистердің бәрі әлсіз болғандықтан, қажылықты кешіктіру Аллаһ тағаланың алдында үлкен болмаса да, кіші күнә саналады. Сол хадистердің бірі: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Аллаһтың үйіне (Қағбаға) жеткізер қаражаты мен көлігі бол тұра қажылық жасамаған кісіге тек яһуди немесе христиан болып қана өлуіне болады»3.

Намаз оқымайтын және рамазан оразасын ұстамайтын мұсылман қажалыққа барса, қажылығы дұрыс болады. Ал қабыл болу, болмауына келетін болсақ, тіпті намаз оқушы мұсылманның қажылығы қабыл болды ма, болмады ма, оны бір Аллаһ тағала біледі. Ал енді арам жолмен табылған қаражатпен жасаған кісінің қажылығы дұрыс па, дұрыс емес пе дегенде, ханафи, шафиғи және мәлики мәзһаптарында оның қажылығы дұрыс.

Қажылықты парыз ететін шарттар

1 - Мұсылман болуы. Кәпір кісінің қажылық жасауы дұрыс емес. Кім атеистік сенімде бола тұра қажылық жасаса, сосын біраз уақыттан кейін мұсылман болса, қажылықты қайта жасауы парыз.

2 - Ақыл есі дұрыс болуы. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(رفع القلم عن ثلاثة، عن النائم حتى يستيقظ، وعن الصبي حتى يحتلم، وعن المجنون حتى يعقل)

«Қалам үш адамның амалын жазбайды: ұйқыдағы адам, оянғанша; сәби, кәмелетке толмайынша; жын ұрған кісі, есі оралмайынша»4.

3 - Балиғатқа толуы. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(أيُّما صبي حج، ثم بلغ الحنث، فعليه أن يحج حَجُّة أخرى)

«Қайсыбір сәби (әке-шешесімен бірге) қажылық жасаса, сосын балиғатқа толса, қажылықты тағы жасауы парыз»5. Бұл хадистің негізінде имам Әбу Ханифаның көзқарасында балиғатқа толмаған баланың жасаған қажылығы дұрыс емес және дұрыс болғанында парыз болар еді.

4 - Азат болуы. Қажылық жасау үшін қажетті бос уақыт, қаражат және көлік секілді нәрселер құлдың иелігінде болмағандықтан, азат болғанша және қажетті қаражатқа иелегенше оған қажылық парыз емес.

5 - Мүмкіндіктің болуы. Ханафи мәзһабінда мүмкіндік үшке бөлінеді:

1 - Денсаулық мүмкіндігі. Денсаулығы әлсіз, науқасқа, соқырға, параличке, мүгедекке, тіпті жетекші табылса да уәжіп емес. Сондай-ақ көлікке өзі мініп, өзі түсе алмайтын қартқа, қамаудағы адамға да уәжіп емес. Өйткені Аллаһ тағала қажылық парызы үшін мүмкіндіктің болуын шарт қылды.

2 - Материалды мүмкіндік. Материалды мүмкіндік дегеніміз - қажылық сапарында жол азығы мен көлік қызметін көтеруге жеткілікті қаражаттың болуы. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Аллаһ алдында Қағбаны қажылық ету - адамдарға парыз етілді, әрине, кімнің оған амал табуға шамасы келсе..» аятқа қатысты Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Амал табу»-деген не?-деп сұралғанда ол:

(الزاد والراحلة)

«Жол азық пен көлік»-деп жауап береді1.

Қажылыққа аттанушы кісі қажылықтан оралғанша артында қалатын отбасының күнделікті қажеттіліктерін жеткілікті етіп қамтамас етуі қажет. Егер оларды қамтамасыз етпей кетсе, күнәға ие болады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(كفى بالمرء إثما أن يضيع من يقوت)

«Қамқорлығындағы кісіні құртып алуы адам үшін жеткілікті күнә саналады»2.

3 - Қауіпсіздік мүмкіндігі. Қауіпсіздік мүмкіндігі дегеніміз - жолдың қауіп-қатерден аман болуы. Әйел кісі үшін қауіпсіздік мүмкіндігі дегеніміз - қасында ақыл есі дұрыс және балиғатқа толған махрамның болуы.

Әйел кісіге ғана қажетті шарттар

1 - Әйел кісінің қасында күйеуі немесе махрамы болуы шарт. Бұл екеуінің бірі болмаған жағдайда оған қажылық парыз болмайды. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا تسافر المرأة ثلاثاً إلا مع ذي محرم)

«Қасына махрам ермеген әйел кісі үш күннен астам уақытқа жолға шықпайды»3. Тағы бір хадисте былай делінеді:

(لا تحجن امرأة إلا معها زوج)

«Қасында күйеуі болмаған әйел қажылық жасамайды»4.

Сапарға қатысты махрам дегеніміз - әйел кісінің атасы, әкесі, туған ағасы, інісі. Әйел кісінің күйеуінсіз немесе махрамсыз қажылық немесе умра жасауы мәкрүһ тахриман және игі қажылық саналмайды. Дегенмен құлшылығының дұрыстығы жойылмайды. Махрамның қаражатын қажылық жасаушы әйел көтереді. Махрам табылса, күйеуі әйелін қажылық парызын жасауынан тоқтата алмайды. Өйткені қажылық әйелге де парыз. Алайда әйел кісінің күйеуінен рұқсат сұрауы ұнамды. Күйеуі рұқсат бермесе, қажылық парызын атқаруға рұқсатсыз аттана береді. Алайда нәпіл оразалары мен умраны күйеуінің рұқсатынсыз мүлде атқаруына болмайды.

2 - Ғидда кезінің болмауы. Ғидда дегеніміз - әйел кісінің талақ себебімен немесе күйеуінің өлу себебімен күту аралығы. Бұл аралықта әйел кісінің үйден шығуына Аллаһ тағала Құран Кәрімде тиым салады:

﴿ لَا تُخْرِجُوهُنَّ مِن بُيُوتِهِنَّ وَلَا يَخْرُجْنَ

«Оларды үйлерінен шығармаңдар және өздері де шықпасын»1. Талақпен немесе күйеуінің өлуімен байланысты әйел кісіге ғидда аралығының өтуін күту парыз.

Қосымша түсіндірмелер:

1 - Қаражаты бар кісінің алдында зекет беру, кәффарат өтеу және қажылық парыздары тұрса, алдымен, қажылық жасалады.

2 - Кімнің артық үйі, артық көлігі болса және оның құны қажылық қаражатына жеткілікті болса, оны сатып қажылық жасауы уәжіп болмағанымен абзал. Сондай-ақ қымбат көлігі болып, оның құнына бірнеше көлік алуға болса, да осылай істегені абзал, бірақ уәжіп емес.

3 - Қаражаты бар кісінің үйлену ниеті қажылық уақытына сай келсе, алдымен, қажылық жасайды.

Қажылықтың уақыты

Қажылық парызы үшін шариғатта арнайы уақыт белгіленген. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَّعْلُومَاتٌ

«Қажылық - бұл белгілі айлар»2. Ханафи мен ханбали мәзһаптарында қажылық айлары дегеніміз - шәууәл, зүлқаъда және зүлхижжа айының алғашқы он күні ғана. Зүлхижжа айының он күнінің өтуімен қажылықтың уақыты аяқталады. Бұл он күннен кейінгі күндер қажылық айларына жатпайды. Құрбан шалынатын күні тауап, тас лақтыру, құрбан шалу, шаш қырқу секілді қажылықтың көптеген ішкі парыздары атқарылады. Ибн Масъуд, Ибн Аббас, Ибн Омар және Ибн Зубайр, Аллаһ тағала оларға разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(يوم الحج الأكبر: يوم النحر)

«Үлкен қажылықтың күні - құрбан шалынатын күн»3.

Қажылық пен умраның миқаты

Миқат араптың"الميقات" сөзінен алынған және тілдік тұрғыдан шекара, шеп, аралық жер деген мағыналарды береді. Ал шариғаттық тұрғыдан миқат дегеніміз - қажылық пен умраның атқарылуы басталатын орын мен уақыт. Қажылық пен умраға ниеттенуші миқаттан ихрамсыз асуына болмайды. Егер бұлай істесе, қатесін жуу үшін миқатқа қайта оралуы қажет немесе қой шалуы қажет. Шариғатта ихрамға миқатқа жетпей кіруге де болады. Бұл, тіпті ханафи мәзһабінда абзал көрінеді, әрине, егер ихрамға кіруші ихрамды сақтауына сенімді болса.

Әлемдегі елдердің Меккеге қараған бағыттарының өзгешелігене байланысты, әр елден келуші қажылардың да ихрамға кіру миқаттары әртүрлі.

Бірінші: Меккеліктердің миқаты. Меккедегі адамдардың қажылыққа шығатын миқаты - Мекенің өзі. Ал умраға шығатын ең абзал миқат, ханафи мен ханбали мәзһаптарының көзқарасында «Танъим» деген орын. Өйткені пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Әбу Бәкірдің баласы Абдрахманға Айша анамызды «Танъим»-нан умра жасатуын бұйырған4. Танъимнан кейін Жиърана, Жиъранадан кейін Худайбия абзал саналады.

Екінші: «Әһлул-хилл» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері Мекке сыртында орналасқан бес миқаттың қасындағы тұрғындар. Ханафи мәзһабінда бұлардың қажылық пен умраға шығатын миқаттары - тұрғылықты жерлерінің шеңбері немесе соны мен Меккенің арасындағы жер.

Үшінші: «Әһлул-афақ» үкіміндегілердің миқаты. Бұлар - үйлері миқаттардың арғы бетінде орналасқан тұрғындар. Бұл миқаттарды Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) солардың үстімен басқа елдерден қажылық пен умра жасау үшін өтетін әркімге белгіледі. Бұл миқаттар - бесеу. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

وقت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم لأهل المدينة ذا الحُلَيفة، ولأهل الشام الجُحْفَة، ولأهل نجد قَرن المنازل، ولأهل اليمن يَلَمْلَم. فهن لهن، ولمن أتى عليهن من غير أهلهن لمن كان يريد الحج والعمرة، فمن كان دونهن فمُهلُّهُ من أهله، وكذاك حتى أهل مكة يُهلّون منها

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Мәдина тұрғындары үшін Зул-хулайфаны, Шам тұрғындары үшін Әл-Жухфаны, Нежд тұрғындары үшін Қарн ал-Маназилді, Йемен тұрғындары үшін Яламламді миқат етіп белгілеп, былай деді: «Бұл миқаттар қажылық бен умраны қалаған өз тұрғындары үшін, әрі оның үстімен өткен бөтен ел адамдары үшін. Ал кім олардан төмен орналасса, ихрамға өз жерінде кіреді. Сол секілді Мекке тұрғындары да ихрамға өз жерінде кіреді»1.

Бұл жерде төрт миқаттың орындары мен аттары аталды. Ал бесінші миқат «Зәту Ъирқ» деп аталады. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ومهل أهل العراق من ذات عرق)

«...Ирак тұрғындарының ихрамға кіретін жері - Зәту Ъирқ»2.

Бұл бес миқат Мекке тұрғындарынан басқалар үшін белгіліенген және Меккенің түрлі тарапында орналасқан. Әлемнің түрлі тарапынан қажылық пен умраны қалаушы әрбір мұсылманға бұл миқаттардан мүлде ихрамсыз асуына болмайды.

Миқаттар:

1 - Зул-хулайфа. Бұл - Мәдина тұрғындарының миқаты және Мәдинадан 6 миль3, ал Меккеден 460 км қашықтықта. Меккеден ең алыс орналасқан миқат осы.

2 - Әл-Жухфа. Бұл - Шам елдері, Мысыр және Марокко тұрғындарының миқаты. Меккеден 187км қашықтықта.

3 - Қарн ал-Маназил. Бұл - Нежд, Кувейт, Біріккен Араб Эмираттары және Тайф тұрғындарының миқаты. Бұл Меккеден 89 км ақшықтықта орналасқан тау.

4 - Яламлам. Бұл - Йемен, Тихама және Үндістан тұрғындарының миқаты. Яламлам - Меккенің оңтүстігінде шамамен 89 км қашықтықта орналасқан тау.

5 - Зәту Ъирқ. Бұл - Ирак пен Шығыс елдерінің миқаты. Зәту Ъирқ Меккенің солтүстік шығысынан шамамен 89 км қашықтықта орналасқан ауыл.

Қажылыққа немесе умраға құрлықпен, теңізбен, әуемен шыққан жолаушының жолы қай миқатқа жақын болса, соған қарама-қатар өткен жерінен ихрамға кіреді. Кімнің жолы екі миқаттың арасынан өтіп, екеуіне де жақын болса, қайсысы Меккеден алыс болса, ихрамға сол жерден кіреді. Ал енді жолына жақын миқатты анықтау қиынға соқса, миқаттан аспай тұрып, сақтық ниетімен алдын-ала ихрамға кіреді, өйткені ихрамға миқатқа жетпей кіруге болады.

Ихрамға миқатта кірген абзал ма, әлде тұрғылықты жерден кіргені абзал ма?

Қажылық пен умраға аттанушы мұсылман ихрамға тұрғылықты жерінде кіргені абзал, әрине, егер ихрамдық күйді сақтауына сенімді болса. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من أحرم من المسجد الأقصى إلى المسجد الحرام بحج أو عمرة غفر له ما تقدم من ذنبه و ما تأخر أو وجبت له الجنة)

«Кім Ақса мешітінен Әл-Харам мешітіне қажылық пен умра үшін ихрамға кірсе, оның өткен күнәсі дә, кейінгі күнәсі дә кешіріледі немесе оған жәннат уәжіп болады»1. Бұл хадис әлсіз болғанымен Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Илияда (Қудста) ихрамға кіреді. Сондай-ақ ол үйінен ихрамға кірген Даби ибн Маъбадқа:

(هديت لسنة نبيك صلى الله عليه وسلم)

«Пайғамбарыңның (саллаллаһу алайһи уа саллам) сүннетімен істедің»-дейді2. Дегенмен жол бойы кездесетін түрлі пітнәларға қарсы өзіне сенімді болмаған кісіге ихрамға миқатта кіргені абзал.