Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Үшінші: Алтын мен күмістің зекеті

Нисабы толған алтын мен күмістің құймаларынан, олардан жасалған зергерлік бұйымдар мен ыдыс-аяқтардан зекет төленуі парыз.

Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿وَالَّذِينَ يَكْنِزُونَ الذَّهَبَ وَالْفِضَّةَ وَلاَ يُنفِقُونَهَا فِي سَبِيلِ اللّهِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ {34} يَوْمَ يُحْمَى عَلَيْهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ فَتُكْوَى بِهَا جِبَاهُهُمْ وَجُنوبُهُمْ وَظُهُورُهُمْ هَـذَا مَا كَنَزْتُمْ لأَنفُسِكُمْ فَذُوقُواْ مَا كُنتُمْ تَكْنِزُونَ {35}

«Алтын мен күмісті қазына етіп жинаушыларды және оны Аллаһ жолында жұмсамаушыларды, (әй, Мұхаммед), оларды қинаушы азаппен сүйіншіле! Қазыналары жәһаннам отына қыздырылған күні: «Бұл - өздерің үшін жиған қазыналарың. Енді, жиған нәрселеріңнің дәмін татыңдар»-делініп, онымен олардың маңдайлары, жамбастары және арқалары күйдіріледі»1.

Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كنت ألبس أوضاحاً من ذهب فقلت: يا رسول اللّه - صلى اللّه عليه وسلم - أكنز هو؟ قال: (ما بلغ أن تؤدى زكاته فزكي فليس بكنز)

Мен алтыннан жасалған әшекейлерді тағынатынмын. «Әй, Аллаһтың елшісі! Мұным қазына ма?»-дедім. Ол: «Нисабы толғанда одан төленуге тиісті зекетін шығарсаң, қазына жинағанға жатпайды»2.

Алтынның нисабы 20 мысқал немесе 20 динар. 1 динардың салмағы 1 мысқал. Динар мен мысқалға қатысты өлшем бірлігі Ирак пен Хижазда әртүрлі болғандықтан, ханафи мәзһабінда ирактік 1 мысқал дегеніміз - 5 гр. Ал басқа мәзһаптарда 1 мысқал дегеніміз 4,186 гр. Осы есеппен ханафи мәзһабінда 20 мысқалдың салмағы 100 гр. Ал басқаларда 20 мысқалдың салмағы 83,72 гр. Алайда бүгінгі күні ислам әлемінде сақтық шарасы тұрғысынан осы екі көрсеткіштің ортасы ұсталады. Сонда 1 мысқал дегеніміз - 4,25гр, ал 20мысқал немесе 20 динар - шамамен 85 гр болады.

Күмістің нисабы 200 дирхам. Ханафи мәзһабінда 1 дирхам дегеніміз - шамамен 3,5 гр. Ал басқа мәзһаптарда 3,208 гр. Осы есеппен ханафи мәзһабінда 200 дирхамымыз 700 гр, ал басқаларда 641,6 гр болады. Алайда бүгінгі күні ислам әлемінде сақтық шарасы тұрғысынан осы екі көрсеткіштің ортасы ұсталады. Сонда 1 дирхам дегеніміз - 2,975гр, ал 200 дирхамымыз - шамамен 595 гр болады.

Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(فإذا كانت لك مائتا درهم وحال عليها الحول ففيها خمسة دراهم، وليس عليك شيء - يعني في الذهب - حتى يكون لك عشرون ديناراً، فإذا كان لك عشرون ديناراً وحال عليها الحول ففيها نصف دينار)

«Сенде 200 дирхам болса және оған бір жыл айналса, одан бес дирхам төленеді. Сөйтіп, сенде 20 динар болмайынша, бұдан басқа нәрсе төлеуің саған жүктелмейді. Ал қашан сенде 20 динар пайда болса және оған бір жыл айналса, одан жарты динар төленеді»3.

Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ليس فيما دون خمس أواق من الوَرِق صدقة)

«200 дирхамнан аз күмістен зекет төленбейді»4.

Негізінде, алтын мен күміс зекетінде есепке алынатын нәрсе әрқайсысының жеке салмағы. Алтын да, күміс те жеке-жеке өлшеніп, әрқайсысының зекеті салмақ жүзінде жеке шығарылады. Сондай-ақ алтын мен күміс зекетін бір-біріне қосып та берсе болады. Мұндай жағдайда зекет салмақпен емес, екеуінің жалпы құнынан беріледі. Алтын мен күміс жеке-жеке өлшенгенде салмақтары нисапқа жетпесе, екеуі қосылып, зекет жалпы құннан беріледі. Екеуінің салмағы жеке-жеке өлшегенде нисапқа толса, екеуінің зекеттері жеке-жеке шығарылады.

Жеке өлшенген алтынның немесе күмістің нисабын толтыру үшін, бірін-біріне қосылуы секілді тауарлардың да ақшалай құны оларға қосылады. Зекет олардың салмақтарынан емес, құндарынан есептеп алынады. Мысалы, бір кісіде 100 дирхам және құны 100 дирхам болатын 5 мысқал болса, жеке түрде екеуінің салмағы нисабқа толмайды. Алайда бір-біріне қосса, нисап шығады. 100 дирхам + 5мысқал = 100 дирхам + 100 дирхам = 200 дирхам. Екеуінің жалпы құны 200 дирхамнан 5 дирхам зекет беріледі.

Алтын мен күмістен берілетін мөлшер

Алтын мен күмістен берілетін мөлшер 2,5℅.

20 мысқал алтын (20 динар) шамамен 85гр. Кімде 85гр алтын болса және оған бір жыл айналуымен нисап кемімесе, одан берілетін зекеттің мөлшері 2,125 гр. Бұл 85 грамм алтынның 2,50℅-і.

200 дирхам күміс шамамен 595гр. Кімде 595 грамм күміс болса және оған бір жыл айналуымен нисап кемімесе, одан берілетін зекеттің мөлшері 14,875 гр. Бұл 595 грамм күмістің 2,50℅-і.

Нисап толмаған немесе артқан жағдайдағы зекет үкімі

85 граммға (20 динарға) толмаған алтыннан және 595 граммға (200 дирхамға) толмаған күмістен мүлде зекет берілмейді. Өйткені бұл екі көрсеткіш зекетті парыз ететін шариғат белгілеген нисап. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Сенде 200 дирхам болса және оған бір жыл айналса, одан бес дирхам төленеді. Сөйтіп, сенде 20 динар болмайынша, бұдан басқа нәрсе төлеуің саған жүктелмейді. Ал қашан сенде 20 динар пайда болса және оған бір жыл айналса, одан жарты динар төленеді»1.

Алтын мен күмістің көлемі шариғат белгілеген нисап көрсеткішінен асқан жағдайда имам Әбу Ханифаның көзқарасында нисап үстіндегі сан 40 дирхамға толмайынша, одан ешнәрсе берілмейді. Нисаптың үсті 40 дирхамға толса, сол 40 дирхамнан 1 дирхам беріледі. Әл-Хасан әл-Басриден жеткен хабарда Омардың Әбу Муса әл-Ашъариға, Аллаһ тағала оларға разы болсын, жазған хатында былай делінген:

(فما زاد على المائتين ففي كل أربعين درهماً درهم)

«200 дирхамнан асқан әрбір 40 дирхамнан 1 дирхам беріледі»2.

Осы дәлелге негізделген имам Әбу Ханифаның көзқарасында күмістің нисабы 200 дирхамнан (595г) асқанда әрбір 40 дирхамнан 1 дирхам зекет беріледі. Нисап үсті 200 дирхамға толғанша осылай беріледі.

Мысал: 280 дирхамнан зекет былай беріледі: 200 + 40 + 40 = 5+1+1=7 дирхам зекет беріледі. Мұның жеңіл жолы былай: 280 дирхамнан 2,5℅-і беріледі. Бұл - 7 дирхам.

Алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың зекеті

Мәлики, шафиғи және ханбали мәзһаптарында алтын мен күмістен жасалған зергерлік бұйымдар саудалық мақсатпен ұсталса ғана олардан зекет беріледі. Ал ханафи мәзһабінда мейлі сауда, мейлі әшекей үшін ұсталса да зекеті беріледі. Өйткені алтын мен күміс жаратылысынан сауда көзіне айналған және әрдайым өсіп тұратын мал-мүлік.

Бір күні Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір әйел келеді. Қасында қызы болады және оның қолында үлкен екі алтын білезік бар екен. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) одан:

(أتعطين زكاة هذا؟ قالت: لا. قال: أيسرك أن يسوركم اللّه بهما يوم القيامة سوارين من نار؟ قال: فخلعتهما فألقتهما إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم وقالت: هما للّه عز وجل ولرسوله)

«Мыналардың зекетін бересің бе?»-деп сұрайды. Қыз: «Жоқ»-деп жауап береді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Қиямет күні Аллаһ Тағала ол екеуінің орнына саған оттан жасалған екі білезікті тағуын қалайсың ба?»-дейді. Қыз екі білезігін шешіп пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) қарай тастайды да: «Бұл екеуі Аллаһ тағалаға және Оның елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам)»-дейді1.

Інжулер мен бағалы тастардан зекет төлене ме?

Әшекей үшін ұсталған інжулер мен бағалы тастардан, тіпті олар тым бағалы болса да, зекет төленбейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(ليس في حجر زكاة إلا ما كان لتجارة من جوهر ولا ياقوت ولا لؤلؤ ولا غيره إلا الذهب والفضة)

«Алтын мен күмістен басқа бағалы тастарға гауһар болсын, жақұт болсын, інжу болсын, одан басқасы болсын, мүлде зекет төленбейді. Тек сауда үшін ұсталса ғана төленеді»2.

Қарыздағы малдың зекеті

Имам Әбу Ханифаның көзқарасында қарыз үш түрде қарастырылады:

1. Үлкен қарыз. Бұған қарызға сатылған саудалық тауар жатады. Мұндай қарыздан қолға қайтып келген ақшаның көлемі нисаптың бестен бірін құраса, яғни 200 дирхамның 40 дирхамын (119гр күмісті) құраса, жылдық айналымы ескеріле отырып, 1 дирхам (2,975гр күміс) зекет береді.

2. Орташа қарыз. Саудалық мақсаттан тыс қарызға сатылған үй, жиһаз секілді тіршілік қажеттіліктерінің бірі. Жыл айналымы сатылған күннен басталады. Бір жыл айналуымен қолына қайтқан қарыз көлемі нисапқа толса ғана зекет төленуі парыз. Нисапқа толмаса, ешнәрсе төленбейді.

3. Жеңіл қарыз. Бұған мирас, маһр секілді нәрселер жатады. Мұндай нәрселердің көлемі нисапты толық құраса, иесінің қолына нақты түсуімен және оған бір жыл айналуымен беріледі. Көлемі нисапты құрамаса, одан зекет төленбейді.

Ақша зекеті

Ақша нисабы және одан төленетін зекеттің мөлшері алтын мен күмістегідей 2,5℅ төленеді. Егер мұсылманның иелігінде 85г алтынның құнына тең ақша болса, оның 2,5℅-ін төлейді. Мысалы: 1гр алтын 1500 теңге болса, 85г алтын 127500 теңге болады. Оның 2,5℅-і 3187,5 теңге болады.

Айырбас бағамы

Зекет берілетін күні ақшаның нисап мөлшері алтынның немесе күмістің сол күнгі жергілікті айырбас бағамымен өлшенеді. Өйткені айырбас бағамы әлем бойынша әрдайым өзгеріп отыруда.

Құнды қағаздар

Акциялар мен вексельдер секілді құнды қағаздардан зекет төленеді.

Акция дегеніміз - белгілі бір тұлғаның акционерлік қоғамның капиталына ақша қосқанын айғақтайтын құнды қағаз. Сондай-ақ акциялар дегеніміз - сауда жолымен айналуға бейім, құндары бірдей және бір-бірінен бөлінбейтін құжаттар. Оларды әртүрлі құнға ие етіп шығаруға болмайды. Бірдей құн дегеніміз - шыққан акцияда заң тарапынан белгіленген атаулы құн. Акцияның атаулы құны оның саудалық құнынан да, шынайы құнынан да өзгеше болады. Саудалық құн дегеніміз - акцияның нарықтағы немесе биржадағы құны. Бұл құн ұсыныс пен сұранысқа қатысты, сондай-ақ нарық жағдайы мен бірлестіктің атағына байланысты өзгеріп отырады. Шынайы құн дегеніміз - бірлестік тараған кездегі акцияның мүліктік құны. Сөйтіп, акция дегеніміз - акционерлік қоғам шығаратын құнды қағаз. Ол қағаз акционерлерге сол акционерлік бірлестіктің ісін жүргізуге және одан дивиденд алуға құқық береді. Сондай-ақ бірлестік тараған жағдайда олар мүліктен үлес алу құқығына да ие. Дивиденд ақшамен не құнды қағазбен беріледі.

Вексель дегеніміз - алған қарыз ақшаны белгілі мерзімде төлеуге берілетін міндеттеме қағаз. Вексельдің акцияға ұқсас жері - екеуінің де атаулы құны бар және екеуі де саудалық жолмен айналуға бейім. Акция мен вексель арасындағы негізгі өзгешелік, акция - акционерлік бірлестіктегі дивиденд, анығырақ айтқанда, акцияның иесі бірлестіктегі серіктес. Ал вексель болса, ол қожайыны тарапынан бірлестікке берілген қарыз.

Акцияның қожайыны акционерлік бірлестік пайда тапқанда ғана пайда көреді. Ал вексельдің қожайыны бірлестік пайда тапса да, таппаса да жыл сайын тұрақты пайда көреді.

Түйін: Шариғат бойынша акциямен істесуге болады. Өйткені акционерлер бірлестіктің серіктестері және олар бірлестік пайда тапса ғана пайда көреді. Ал вексельмен істесуге шариғат тиым салады. Өйткені вексель қожайындары бірлестік пайда тапсын, таппасын, бәрібір, жыл сайын өсімқорлық жолмен тұрақты пайда көреді. Акция мен вексель секілді құнды қағаздар зекеті сауда тауарлының зекеті секілді төленеді. Жыл аяғында жалпы құннан 2,5℅ зекет беріледі. Вексельдің зекеті тек негізгі капиталынан ғана беріледі. Ал үстіндегі пайда арам болғандықтан, одан зекет берілмейді.