Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Екінші бөлім: Оразаның түрлері

Үкім тұрғысынан ораза беске бөлінеді:

Бірінші: Парыз ораза

Парыз ораза екіге бөлінеді:

1 - Уақыты бекітілген ораза. Бұған рамазан оразасы мен уақыты белгіленген нәзір ораза кіреді.

2 - Уақыты бекітілмеген ораза. Бұған рамазан оразасының қазасы, уақыты белгіленбеген нәзір ораза және кәффарат оразалар кіреді.

Кәффарат оразасы дегеніміз – мұсылман кісі Аллаһтың атымен берген сертін орындамау, қателікпен кісі өлтіру, рамазан айының оразасында әйеліне жақындау секілді күнәсін жуу үшін ұстайтын ораза.

Рамазан оразасы

Рамазан айы бүкіл айлардың мырзасы саналады. Бұл айда Аллаһ тағала Қасиетті Құранды түсірді. Сондай-ақ ол - адамзатты Аллаһ тағалаға жақындатып, жақсылық істететін, кешірім мен рахымға бөлейтін, есендік пен береке шашатын құлшылық айы. Бұл айда өзіне мың ай тең келмейтін қадірлі Қадір түні бар. Осы мағынада сөйлейтін кейбір хадистерге тоқталайық:

- Абдулла ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(سيد الشهور شهر رمضان و سيد الأيام يوم الجمعة)

«Айлардың мырзасы Рамазан айы. Ал күндердің мырзасы Жұма күні»1.

- Әбу Масъуд Әл-Ғифари, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ولو يعلم العباد ما في شهر رمضان لتمنى العباد أن يكون شهر رمضان سنة)

«Аллаһтың құлдары Рамазан айында не бар екенін білгенде, әлбетте, олар Рамазан айының бір жылға созылуын армандар еді»2.

- Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا جاء رمضان فتحت أبواب الجنة وغلقت أبواب النار وصفدت الشياطين)

«Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылып, оттың есіктері жабылады. Сондай-ақ жындар кісенделеді»3.

- Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من قام رمضان إيمانا واحتسابا غفر له ما تقدم من ذنبه)

«Кім Рамазанды иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, ілгері кеткен күнәләрі кешіріледі»1.

Қадір түні

Қадір түнін күту мустахап. Өйткені ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Қадір түні ақиқаты тұрғысынан да, дәрежесі тұрғысынан да, сауабы тұрғысынан да, абсолютті түрде, бүкіл түндерден артық. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ

«Қадір түні мың айдан артық» 2.

Бұл түні атқарылған ғибадатқа мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадаттың сауабы жетпейді. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من قام ليلة القدر إيمانا واحتسابا غفر له ما تقدم من ذنبه)

«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, ілгері кеткен күнәләрі кешіріледі»3.

Қадір түні Рамазанның соңғы он түнінің тақ түндерінің бірі болып табылады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Рамазанның соңғы он түні кіргенде пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) түндерді (намазда тұруымен) тірілтетін. Отбасын да (құлшылыққа) оятатын. Білегін сыбанып кірісетін еді» 4. Әбу Саъид Әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(التمسوها في العشر الأواخر من شهر رمضان في كل وتر)

«Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінде іздеңдер!»5.

Ғұламалардың негізге алынатын сөзі бойынша, Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні саналады. Әбу Ибн Каъб, былай деді:

(والله لقد علم ابن مسعود أنها في رمضان وأنها في ليلة سبع وعشرين ولكن كره أن يخبركم فتتكلوا)

«Аллаһқа серт! Ибн Масъуд, Аллаһ тағала оған разы болсын, оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын» 6. Сондай-ақ имам Ахмад сахих хадисте Ибн Омардан, Аллаһ тағала оған разы болсын, жеткізеді:

(من كان متحريها فليتحرها ليلة سبع وعشرين)

«Кім оны іздесе, жиырма жетінші түні күтсін».

Қадір түнінің құпия болу сыры

Мұсылмандар құлшылыққа беріліп, оның сауабына деген ұмтылыстарын шындыққа шығарулары үшін. Қадір түні сүннет бойынша мына дұға жасалады:

"اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني"

«Аллаһым, расында, Сен кешірімдісің және кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөрші»7.

Қадір түнінің белгілері

Әбу Ибн Каъб, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إن الشمس تطلع في صبيحة يومها بيضاء لا شعاع لها)

«Ол күннің таңында күн аппақ болып шығады және сәулелері болмайды»1.

Ъибада ибн Ас-Самит, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا حر فيها ولا برد وإنها ساكنة صاحية وقمرها ساطع)

«Ол түн ыстық та, суық та болмайды. Сондай-ақ ол тыныш әрі бұлтсыз болады. Ол түнгі ай жарық болады»2.

Рамазан айында болған тарихи оқиғалар

1 - Рамазан айында болған оқиғалардың ең маңыздысы - пайғамбарымыз Мұхаммедке (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қасиетті Құранның түсуі.

2 - Бәдір шайқасы. Бұл ислам үмметінің тарихында ақиқат пен жалған арасында болған әуелгі шайқас. Бұл шайқаста ақиқатты қорғаушы мұсылмандар Аллаһтың медетімен жеңіске ие болады. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады: «Расында, Аллаһ сендерге Бәдірде жәрдем берген еді. Сендер онда әлсіз едіңдер. Олай бола, Аллаһтан сақсыныңдар! Мүмкін, шүкір етушілерден боласыңдар»3. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Бәдір шайқасы (һижраның екінші жылында) Рамазан айының он жетінші жұлдызында жұма күні болды. Ол күні осы үмметтің перғауыны және исламның қатты дұшпаны Әбу Жәһіл өлтірілді»4.

3 - Меккенің алынуы. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады: «Расында, Біз саған айқын жеңісті сыйладық»5. Бұл жеңіс һижраның сегізінші жылында Рамазан айының жиырмасыншы немесе жиырма бірінші жұлдызында жұма күні жүзеге асады. Бұл жеңістің нәтижесінде Қағбаның іші-сыртындағы пұттар халықтың өз қолымен талқандалып, Мекке пұтқа табынушылықтан тазарды.

4 - Һижраның тоғызыншы жылы Тәбук шайқасымен байланысты бірнеше оқиғалар Рамазан айында болды.

5 - Һижраның оныншы жылының Рамазан айында пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Йеменге Әлидің басшылығымен, Аллаһ тағала оған разы болсын, әскер жіберіп, Йеменде ислам діні тарайды.

6 - Омардың заманында, Аллаһ тағала оған разы болсын, мұсылмандар мен парсылар арасында қақтығысқан Қадисия шайқасы да Рамазан айында болып, мұсылмандардың жеңісімен аяқталады.

7 - Һижраның 92 жылы Рамазан айының жиырма сегізінші жұлдызында Тариқ ибн Зияд басқарған әскермен Испания алынады.

8 - Һижраның 658 жылы Рамазан айының он бесінші жұлдызында жұманың таңында Мысырдағы мәмлүктер сұлтаны Құтұз басқарған мұсылман әскерімен моңғолдар арасында Айн Жалұт сайында үлкен шайқас болады. Бұл шайқаста Аллаһтың қалауымен мұсылмандар жеңіске жетеді.

Рамазан оразасының үкімі

Рамазан оразасының үкімі: атқарушыға да, қазасын өтеушіге де парыз айн. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ

«Рамазан айында адамдарға жетекшілік қылатын және туралықты баяндап, ақиқат пен жалғанның арасын айырып түсіндіретін Құран түсірілді. Сендерден кім бұл айда бар болса, оны ораза ұстасын...»1.

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(بني الإسلام على خمس: شهادة أن لا إله إلا اللّه، وأن محمداً رسول اللّه، وإقام الصلاة، وإيتاء الزكاة، والحج، وصوم رمضان)

«Ислам бес нәрсеге негізделген: Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед Аллаһтың елшісі екеніне куәлік беруге, намаз оқуға, зекет төлеуге, қажылық жасауға және Рамазан оразасын ұстауға»2.

Рамазан оразасы һижраның екінші жылында шағбан айының онынша жұлдызында құбыла Қағба тарапына өзгерген соң парыз етілді. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) тоғыз жылдың тоғыз рамазанын ораза ұстап, һижраның он бірінші жылының рабиъ әл-әууәл айында өмірден озады.

Оразаны бастау үшін және аяқтау үшін айдың туған, тумағанына қарау

Шағбан айының отызыншы кешінде жаңа айдың (рамазанның) туған, тумағанына қарау үкімі жамағатқа кифая түрде уәжіп. Өйткені шағбан айы жиырма тоғыз күнмен шектелуі мүмкін. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إن الشهر يكون تسعة وعشرين يوماً)

«Негізінде, ай жиырма тоғыз күн болады». Сол секілді рамазан айының отызыншы кешінде жаңа айдың (шәууәлдің) туған, тумағанына қарау жамағатқа кифая түрде уәжіп.

Айдың туғаны қазының (мүфтидің) алдында қалай расталады?

1 - Күн бұлтты болса, айдың туғаны бір ғана мұсылманның көруімен расталады. Ол мұсылман балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, әділ болуы шарт. Әділ кісі айды көргеніне әкімнің алдында куәлік беруі қажет. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(جاء أعرابي إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم فقال: إني رأيت الهلال، فقال: أتشهد أن لا إله إلا اللّه؟ قال: نعم. قال: أتشهد أن محمداً رسول اللّه؟ قال: نعم. قال: يا بلال أذّن في الناس فليصوموا غداً)

Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) көшпелі бір кісі келіп: «Мен айды көрдім!»-дейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына куәлік етесің бе?»-деп сұрайды. Ол: «Иә»-дейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Мұхаммед Аллаһтың елшісі екеніне куәлік етесің бе?»-деп сұрайды. Ол: «Иә»-дейді. Сонда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әй, Биләл! Адамдарға ертең ораза ұстасын деп жарияла»-дейді3.

Сондай-ақ айды сипаттары ешкімге белгісіз бір мұсылман көрсе, немесе әйел кісі, немесе құл көрсе де, айдың туғаны құпталады. Әйел кісі айды көргеніне қамқоршысының рұқсатынсыз куәлік бере алады.

Бұлтты күндері шәууәл мен басқа айлардың туғандығын растау үшін екі әділ куәнің болуы шарт. Сондай-ақ ол екеуі парыз міндеттерін атқарушы азат мұсылман болулары шарт. Немесе бір ер кісі мен екі әйел куә болуы қажет. Рабъи ибн Хараш сахабалардың бірінен жеткізді:

(اختلف الناس في آخر يوم من رمضان، فقدم أعرابيان فشهدا عند النبي صلى اللّه عليه وسلم باللّه لأهلاّ الهلال أمس عشية. فأمر رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم الناس أن يفطروا)

«Рамазанның соңғы күніне қатысты адамдар қайшылыққа түседі. Көшпелі екі кісі келіп, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) алдында жаңа айдың кешегі күннің кешінде туғанына Аллаһпен ант етіп, куәлік береді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) адамдарға ауыз ашуларын бұйырады»1.

2 - Аспан ашық болса, Рамазан мен Шәууәл айларының туғаны көпшіліктің көруімен ғана расталады.

Қазы немесе мүфти болмаған жағдайда Рамазан айының туғаны сенімді бір ғана кісінің көруімен расталады. Ол жаңа айды нақты көргенін сол кеште мешітте жариялайды.

Рамазан оразасы қашан ұсталады?

1 - Аспан бұлтты немесе шаң болса, рамазан оразасы шағбан айын отыз күнге толтырған соң басталады. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(الشهر تسع وعشرون ليلة، فلا تصوموا حتى تروه، فإن غُمَّ عليكم فأكملوا العِدّة ثلاثين)

«Ай - жиырма тоғыз түн. Оны көрмейінше ораза ұстамаңдар! Егер күн бұлтты болса, айды отызға толтырыңдар!»2.

2 - Айдың кешкі уақытта нақты көрінуі. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(صوموا لرؤيته وأفطروا لرؤيته، فإن غُبِّي عليكم فأكملوا عدة شعبان ثلاثين)

«Айдың көрінуімен ораза ұстаңдар және оның көрінуімен ауыз ашыңдар! Аспандарың бұлтты болса, шағбанды отызға толтырыңдар!»3.

3 - Бір кісі жаңа айды нақты көріп, қазы (мүфти) оның куәлігін қабыл алмаса, оған ораза ұстауы парыз. Алайда басқа адамдарға ораза ұстауларын бұйырмайды, тіпті өзі имам болса да. Сол секілді шәууәл айы туғанын жалғыз өзі көрген кісіге ауыз ашуына да, адамдарға ауыз ашуларын бұйыруына да болмайды, тіпті имам болса да. Егер ауыз ашып қойса, күмән болғандықтан, сол күнгі оразасының қазасын өтейді.

4 - Айдың туғаны әлемдегі елдердің бірінде ғана расталса, басқа елдегі мұсылмандарға, ел арасы жақын болсын, алыс болсын, бәрібір, ораза ұстаулары уәжіп. Айдың астрономиялық оптикалық аспаппен көрілуі есепке алынбайды, тіпті дұрыс айтса да. Өйткені пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уа саллам) шариғаты бойынша айдың туғаны көзбен көрілу қажет.

Күмәнді күн

Күмәнді күн дегеніміз - шағбан айының жиырма тоғызыншы күнінен кейінгі күн. Бұл күн бұлтты болып, айдың туған, тумағанын растау қиынға соққандықтан, шағбан айының соңы, не рамазан айының басы болуы ықтимал. Мұндай жағдайда айдың туғанына ешкім куә бола алмайды. Бұл күннің рамазаннан емес екені анықталғанша, мүфти мұсылмандарға күн аспан биігіне көтерілгенше жеп-ішуден тыйыла тұруларын бұйыруы жақсы көрінеді.

Күмәнді күнгі оразаның үкімі

1 - Бұл күнді рамазанға санап, ораза ұстау мәкрүһ тахриман. Аммар ибн Ясир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(من صام اليوم الذي يشك فيه فقد عصى أبا القاسم صلى اللّه عليه وسلم)

«Күмәнді күні ораза ұстаған кісі Әбу Қасимді (саллаллаһу алайһи уа саллам) тыңдамаған болды»1.

2 - Бұл күні кім: «Рамазан болса, парызды ұстаған боламын, шағбан болса, нәпіл ұстаған боламын»-деген ниетпен ұстаса, үкімі мәкрүһ танзиһан. Алайда мұндай ниетпен ұсталған ораза, рамазан кіріп қойған болса, мәкрүһ бола тұра, парызға саналады. Ъимран ибн Хасин, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір кісіден:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم قال لرجل هل صمت من سرر هذا الشهر شيئاً؟ قال: لا. فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: فإذا أفطرت من رمضان فصم يومين مكانه)

«Бұл айдың (шағбанның) өліарасында ораза ұстаған күнің бар ма?»-деп сұрады. Ол: «Жоқ»-деп жауап берді. Оған Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Олай болса, мұның орнына рамазан оразасын аяқтаған кезіңде екі күн ораза ұста»-деді2.

Күмәнді күні ұсталған ораза рамазаннан екені анықталып жатса, кейбір ғалымдардың көзқарасында абзал ораза саналады. Ал басқа ғалымдардың көзқарасында ол күні ораза ұстамаған абзал. Олардың дәлелі: Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا تقدموا رمضان بصوم يوم ولا يومين إلا رجل كان يصوم صوماً فليصمه)

«Рамазанның алдында әдейілеп бір күн де, екі күн де ораза ұстамаңдар. Шағбан айында ораза ұстап жүрген кісіге ғана бұл күндері оразасын жалғастыруына болады»3.

Түйін: Кім күмәнді күні ораза ұстап, оразасы рамазанға тура келсе, ол күні ораза ұстағанын ешкімге хабарламағаны жөн. Өйткені бұл хабардың нәтижесінде, біріншіден, оның кеудесінде «Менің оразам абзал болды» деген ниет пайда болуы мүмкін. Екіншіден, Аммардың хадисіне сай адамдардың кеудесінде пайғамбарды (саллаллаһу алайһи уа саллам) тыңдамаушы саналуы мүмкін.

Рамазан айында ауыз ашуға қатысты жағдайлар мен үкімдер

Бірінші: Шариғат тарапынан рұқсатсыз ашылған оразаның қазасымен қатар кәффаратын өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1 - Рамазан айында күндіз, арам екенін біле тұра, төсектік қатынасқа түсу, тіпті ешнәрсе бөлінбесе де. Мұндай жағдайда ер кісі сол күннің қазасын және күнәсін жуатын кәффаратін өтейді. Әйел кісі төсектік қатынасқа күйеуі тарапынан мәжбүрленіп жасаса, сол күннің қазасын ғана өтейді. Алайда, төсектік қатынасқа әйелі күйеуін мәжбүрлесе, кәффаратін өтеу екеуіне де уәжіп.

2 - Рамазан айында күндіз біле тұра жеп-ішу, мейлі тамақ, мейлі дәрі болсын. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір кісі келіп:

(إني أفطرت يوماً من رمضان. قال: من غير عذر ولا سفر؟ قال: نعم. قال: بئس ما صنعت. قال: فما تأمرني؟ قال: أعتق رقبة)

«Мен рамазанның бір күнін ауыз ашып қойдым»-дейді. Пайғамбар: «Себепсіз бе? Сапарға шықпадың ба?»-деп сұрайды. Ол: «Иә, себепсіз»-дейді. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Істегенің қандай жаман болған!»-дейді. Ол: «Маған не бұйырасың?»-деп сұрайды. Пайғамбар: «Құл азат ет!»-дейді1.

Шылымды тастай алмай жүрген кісінің күндіз шылым шегіп қоюы да осыған кіреді.

Кәффарат кімге жүктеледі? Бұл алты шартты қажет етеді:

1 - Ораза ұстаушының кәмелет жасында болуы.

2 - Рамазан оразасына ниетті түнде жасауы.

3 - Сапарда немесе науқас болмауы. Әйел кісі үшін хайыз бен нифастың келмеуі.

4 - Мәжбүрлі болмауы.

5 - Біле тұра істеуі.

6 - Қателеспеген және ұмытпаған болуы.

Каффарат қалай жасалады?

Рамазан оразасының бір күнін немесе бірнеше күнін біле тұра бұзған кісі бір ғана кәффарат өтейді. Яғни құл азат етеді. Оған шамасы келмесе, екі ай бойы үзбей ораза ұстайды. Оған шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандырады. Кәффарат дегеніміз - шариғаттың мұсылманға қолданатын ескерту шарасы. Рамазан оразасын біле тұра бұзушы мұсылман қатесін жуу кәффәрәтін төмендегідей өтейді:

1 - Денесінде айыбы жоқ, дені сау құл азат ету. Құлдың мұсылман болуы шар емес. Азат ететін құлы болмаса, құлдың құнын төлейді.

2 - Құл азат етуге немесе құнын төлеуге шамасы келмесе, екі ай бойы ораза ұстайды. Яғни алпыс күн үзбей ораза ұстайды. Әйел кісі кәффәрәтін хайыз немесе нифас келген аралықта үзіп, сосын қайта жалғастырады.

3 - Әлсіздік пен ауруға байланысты екі ай оразаға шамасы келмесе, алпыс міскінді тамақтандырады. Тамақтандыру екі мезгіл тамақты құрайды: әр міскіннің таңғы асы пен кешкі асын көтереді. Немесе әр міскінге түскі ас екі еселеніп беріледі. Сол секілді алпыс күн бойы бір міскінді тамақтандырса да болады. Өйткені ол бүгін тамақ ішкенімен, ертең қайта мұқтаж күйге айналады. Тамақтандыру дегенде - міскінді тойғызу көзделуде. Мұның көлемі: 1кг 375,5г бидаймен (ұнмен) немесе 2кг 751г құрма не арпамен беріледі. Бұлардың орнына құны берілсе де болады.

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп:

(هلكت يا رسول اللّه. قال: وما أهلكك؟ قال: وقعت على امرأتي في رمضان. قال: هل تجد ما تعتق رقبة؟ قال: لا. قال: فهل تستطيع أن تصوم شهرين متتابعين؟ قال: لا. قال: فهل تجد ما تطعم ستين مسكيناً؟ قال: لا. قال ثم جلس؟ فأتي النبي صلى اللّه عليه وسلم بعَرَق فيه تمر، فقال: تصدق بهذا. قال: أفقر منا؟ فما بين لابَتيْها أهل بيت أحوج إليه مناّ، فضحك النبي صلى اللّه عليه وسلم حتى بدت أنيابه، ثم قال: اذهب فأطعمه أهلك)

«Әй, Аллаһтың елшісі! Құрыдым»-дейді. Ол: «Сені не құртты?»-деп сұрайды. Ол: «Рамазанда (күндіз) әйеліме жақындап қойдым»-дейді. Ол: «Азат ететін құл таба аламысың?»-дейді. Ол: «Жоқ»-дейді. Ол: «Екі ай бойы үзбей ораза ұстай аламысың?»-дейді. Ол: «Жоқ»-дейді. Ол: «Алпыс міскінді тамақтандыратын нәрсе таба аламысың?»-деп сұрайды. Ол: «Жоқ»-дейді. Сосын Аллаһтың елшісі біраз үндемей отырды. Сол уақытта оған біреу бір себет құрма әкеледі. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) анау кісіге: «Мынаны садақа етіп тарат»-дейді. Ол: «Бізден мұқтажырақ адам бар ма екен? Қаламыздың екі арасында орналасқан жұрттың ішінде бұл нәрсеге бізден мұқтажырақ отбасы жоқ шығар?»-дейді. Мұны естуші пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) күледі. Тіпті ит тістері көрінеді. Сосын оған: «Бар да, отбасыңды тамақтандыр»-дейді1.

Екінші: Шариғат тарапынан рұқсатсыз ашылған оразаның қазасын ғана өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1 - Тамаққа жатпайтын нәрсені біле тұра қабылдаса. Мысалы, дәрі қабылдаса, немесе бір дән, ұн, жемістің сүйегі, қағаз, мақта, тас, ұсақ темір, топырақ, былғары, тиын секілді заттарды аузына салып, жеп немесе жұтып қойса. Сол секілді құлағына, мұрнына, аузына, жыныс жолдарының аузына дәрі тамызса, аузына түскен жаңбыр тамшысын, қар немесе бұршақ жұтып қойса, сол күнгі оразаның қазасын өтейді.

2 - Төсектік қатынас болмағанымен, жұбайын құшақтап, сүйгендіктен немесе басқа жолдармен шәует бөлінсе.

3 - Өзін-өзі құстырса. Немесе мәжбүрлі келген құсықты жұтып қойса.

4 - Ұмытып тамақ жеген кісі үкімді білмегендіктен, оразасын бұзылған санап, тамақ жеуін жалғастырса.

5 - Біреудің тарапынан тамақ ішуге немесе жұбайы тарапынан төсектік қатынасқа мәжбүрленсе.

6 - Аузымен немесе мұрнымен әдейі кез келген түтінді тартса.

7 - Таңғы уақытта ораза болып, күндіз сапарға аттанған кісі тамақ жеп қойса, немесе әйеліне жақындасса, сол күннің қазасын өтейді.

8 - Таң әлі атпаған шығар деп бір нәрсе жеп-ішсе немесе әйеліне жақындасса, сосын өзіне таңның атып қойғаны анықталса, қазасын өтейді. Сол секілді күн батқан шығар деп, алайда күн әлі батпаған уақытта ауыз ашып қойған кісі де осылай істейді. Кім таң атпай тамақ жеп отырғанда немесе жұбайына жақындасып жатқанда таң ата бастаса, бірден тоқтаса, оразасы дұрыс болады.

9 - Ораза болған кісі күндіз ауру сезсе, сосын тамақ ішпесем зиян бола ма деп қорыққандықтан аузын ашса, алайда ешқандай ауру болмаса, кейін сол күннің қазасын өтейді.

Үшінші: Шариғат тарапынан ашуға рұқсат етілгенімен, оразаның қазасын өтеуді парыз ететін жағдайлар:

1 - Ауру. Рамазан айы туғанда нақты ауырған кісінің ораза ұстауы аурудың асқынуына, емнің кешігуіне кедергі болған жағдайда оған ораза ұстамауына болады. Оразаның ауруға зиянды екені не өзінің бұрынғы тәжірибесінен, не білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен анықталуы қажет. Ұстамаған күндерінің қазасын сауыққанда өтейді.

2 - Сапар. Сапардың бейнесі намазды қысқартып оқуға рұқсат ететін болуы қажет. Бұл 83 км қашықтықпен жүзеге асады. Сондай-ақ сапарға шығатыны таң атпай белгілі болуы шарт. Жолаушы кісіге рамазан айында ауыз ашуына болады. Кейін қазасын өтейді. Алайда, ораза кісі сапарға таң атқан соң шешім қабылдаса, оған сол күнгі оразасын үзуіне болмайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде айтады:

﴿ وَمَن كَانَ مَرِيضاً أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ

«..Кім сендерден науқас немесе сапарда болса, басқа күндері қайтарады..»1.

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(صام رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم في السفر وأفطر)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) сапарда ораза ұстады және аузын ашты»2.

Аллаһ тағаланың Құран Кәрімдегі:

﴿ وَأَن تَصُومُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ

«..Ораза ұстауларың өздеріңе жақсы, әрине, егер білетін болсаңдар?!»3 сөзін негізге алынса, әрине, егер зиян болмаса, сапарда ауыз ашқанға қарағанда ораза ұстаған абзал. Әбу Ад-Дарда, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(لقد رأيتنا مع رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم في بعض أسفاره في اليوم الحار، الشديد الحر وإن الرجل ليضع يده على رأسه من شدة الحَّر، وما في القوم أحد صائم إلا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم، وعبد اللّه بن رواحة)

«Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге ыстық күндері болған сапарларымыздың бірінде көргенім, күннің ыстық болғаны соншалықты, бәріміз ыстықты қайтару үшін қолымызды маңдайымызға қоятынбыз. Сонда арамызда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мен Абдулла ибн Раууахадан басқа ораза ұстаған ешкім болмады»4.

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Біз Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарға шығатынбыз. Сонда арамызда ораза ұстаған кісі ораза ұстамаған кісіні, ал ораза ұстамаған кісі ораза ұстаған кісіні еш айыптамайтын»5. Ал қатты науқас кісіге: «Ауырсам да ұстай беремін»-деп шешім жасауын болмайды.

3 - Шайқас. Ораза кезінде шайқастың күндіз болатыны белгіленсе, онда әлсіреп қалмас үшін оразасын үзуіне болады.

4 - Жүкті немесе бала емізуші әйел. Жүкті немесе бала емізуші әйел білікті мұсылман дәрігердің нұсқауымен немесе өмірдегі тәжірибесіне сай, өзі үшін немесе баласы үшін қорықса, ораза ұстамауына болады. Кейін қазасын өтейді. Анас ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إن اللّه عز وجل وضع للمسافر الصوم وشطر الصلاة وعن الحُبلى والمُرضع)

«Шындығында, үстем әрі ұлы Аллаһ жолаушының мойнынан ораза мен жарты намазды түсірді. Сол секілді жүкті және бала емізуші әйелдің мойнынан да»6.

5 - Ауыр еңбектегі кісі. Қатты шөлдеуі немесе қатты қарны ашуы нәтижесінде көзі қарауытып, әлсіздік пайда болса, басы айналса, оразасын үзуіне болады.

Ескерту: Бұл кісілердің бірі себебі тоқтаған бетте көз жұмса, қазасын өтеу мойнынан түседі. Алайда себеп тоқтаған соң қазасын өтеуге шамасы келетіндей бірнеше күн өткенде көз жұмған кісі үшін артында қалған мұрагер оның қарыз күндерінің есесін (пидия) төлейді. Парыздың есесін төлеу дегеніміз - жарты сағ7 ұнмен немесе бір сағ құрма, мейіз, арпа немесе оларды ақшалай беру жолымен міскінді тамақтандыру. Ақшалай беру абзал. Барлық қазаларының есесін бір ғана пақырға беруге де болады. Мұрагер кісі өзіне марқұм өсиет еткен мұраның үштен бірімен парыздың есесін төлейді. Төленетін ақшаның көлемі бұдан асса, асқан құнды төлеу міндет емес. Өсиет тастауға үлгермеген марқұм үшін мұрагердің өз малынан төлеген ақшасымен марқұмның мойнынан парыз түседі. Марқұм үшін оразасын немесе намазын қайтару дұрыс емес. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Ешкім біреу үшін ораза ұстамайды және ешкім біреу үшін намаз оқымайды. Алайда, оған біреудің әр күні үшін бір муд1 бидаймен (пақырды) тамақтандыруына болады»2.

Төртінші: Қазасы өтелуін талап етпегенімен, қаза күндердің есесін (пидия) төлеуді парыз ететін жағдайлар:

1 - Қаусаған шал мен кемпір ораза ұстауға шамасы келмесе, оразаның әр күні үшін пидия төлейді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһ тағаланың Құрандағы:

﴿ وَعَلَى الَّذِينَ يُطِيقُونَهُ فِدْيَةٌ طَعَامُ مِسْكِينٍ

«..Шамасы келгендер бір міскінді тамақтандыруы арқылы пидия төлейді»3-деген сөзіне берген тәпсірінде былай деді: «Бұл жерде ораза ұстауға шамалары келмейтін қартайған шал мен қартайған кемпір айтылуда. Олар әр күндері үшін міскінді тамақтандырады»4. Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, қартайған шағында бір не екі жыл ораза ұстай алмай, әр күннің орнына нанмен және етпен бір міскінді тамақтандырған еді5.

2 - Емделуі ауыр, созылмалы аурумен ауыратын кісі.

Бесінші: Оразаның ашылуы да, қазасы өтелуі де парыз болатын жағдайлар:

Бұл жағдай хайыз бен нифасы келген әйелге ғана қатысты. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان يصيبنا ذلك فنؤمر بقضاء الصوم ولا نؤمر بقضاء الصلاة)

«Бұл жағдайда оразаның қазасын өтеуіміз бұйырылып, намаздың қазасын өтеуіміз бұйырылмайтын»6.

Алтыншы: Оразаны үзбеуімен қатар қазасын өтеуі де парыз болатын жағдайлар:

1 - Таң атпады деген сеніммен сәресін таң атқанда ішкен кісі.

2 - Күн батты деген сеніммен аузын күн батпай ашқан кісі.

Бұл екі жағдайда сол күнгі ораза рамазанның қадірі үшін аяғына дейін ұсталуы және кейін қазасы өтелуі парыз. Ханзала, Аллаһ тағала оған разы болсын, Омардың, Аллаһ тағала оған разы болсын, досы болған еді. Ол былай деді:

(كنت عند عمر في رمضان فأفطر وأفطر الناس، فصعد المؤذن ليؤذن فقال: يا أيها الناس هذه الشمس لم تغرب. فقال عمر رضي اللّه عنه: كفانا اللّه شرك، إنا لم نبعثك راعياً. ثم قال عمر رضي اللّه عنه: من كان أفطر فليصم يوماً مكانه)

«Бірде рамазан айында Омардың қасында болдым. Күн батқанда ол ауыз ашты. Адамдар да ауыз ашты. Сонда азаншы адамдарға: «Әй, адамдар! Мына күн, әлі батпады»-деп хабар білдіреді. Мұны естіген Омар азаншыға: «Аллаһ бізді ширктен аман қылсын. Сені бақташы етіп тағайындамаған едік»-дейді. Сосын адамдарға: «Ауыз ашқандар бұл күннің орнына басқа күні ораза ұстасын!»-дейді7.

3 - Аузын немесе мұрнын шайғанда өңешіне байқамай жүгіріп кеткен сумен оразам бұзылды деген оймен қателесіп ауыз ашса.

4 - Мәжбүрлі түрде ауыз ашса.

5 - Бір күн толық ораза ұстағанымен, оразаға деген ниеті болмаса.

Оразаның қазасы келесі рамазанға дейін өтеліп болуы қажет. Қазасы өтелетін күндер кешіктірілмей және арасы үзілмей ұсталуы мустахап, бірақ шарт емес.

Жетінші: Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1 - Ұмытып тамақ жесе, сусын ішсе, жұбайымен төсектік қатынасқа түссе. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من نسي وهو صائم فأكل أو شرب فليتم صومه، فإنما أطعمه اللّه وسقاه)

«Ораза бола тұра ұмытып жеп-ішсе, оразасын толықтырады. Бұл - Аллаһтың оны тамақтандыруы және қандыруы»1. Мұндай адамды көруші кісіге оның ораза екенін есіне түсіріп, дереу тоқтатуы қажет. Есіне түсірмеу мәкрүһ тахриман.

2 - Күндізгі ұйқы кезінде шәуеттің бөлінуі. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ثلاثة لا يفطرن الصائم: القيء والحجامة والاحتلام)

«Үш нәрсе оразаны ашпайды: құсу, хижама және күндізгі ұйқыда шәуеттің бөлінуі»2.

3 - Ойлау немесе қарау нәтижесінде шәует бөлінуі. Сол секілді шәует жұбайын сүйгенде бөлінсе де ораза бұзылмайды. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يقبل ويباشر وهو صائم، وكان أملككم لإِرْبه)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүйетін және аймалайтын. Араларыңда өз қалауына ең ұстамды сол болатын»3.

4 - Терісін майласа немесе шомылса, ораза ашылмайды.

5 - Сүрме жағу. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(اكتحل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم وهو صائم)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза бола тұра сүрме жағатын»4. Сол секілді көзге дәрі тамызу да оразаны бұзбайды.

6 - Хижама жасату. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Үш нәрсе оразаны ашпайды: құсу, хижама және күндізгі ұйқыда шәуеттің бөлінуі»5. Сол секілді саусақ басынан және тамырдан қал алдырудың үкімі де осылай.

7 - Еріксіз кірген түтін.

8 - Жолдың шаңы немесе шыбын, маса, шіркей кірсе. Сәресі кезінде қабылдаған дәрі дәмінің өңеште сезілуі.

9 - Ер кісінің мүшесі аузына укол жасалуы немесе дәрі май салынуы имам Әбу Ханифаның жеке көзқарасында оразаны бұзбайды.

10 - Мұрыннан бөлінген шырыш ауыз қуысына түсіп, жұтылса. Әрине, түкіріп тастау мустахап.

11 - Суға малтығанда немесе шомылғанда құлағына байқаусыз су кетсе.

12 - Тістерінің арасына көлемі ұсақ бұршақтан кішкентай, тұрып қалған тамақ қалдығын жұту.

13 - Тіс жұлу. Алайда ішке қан мен дәрі кетпеуі шарт.

14 - Гүлді, жұпарды иіскеу.

15 - Мәсуәкті немесе кәдімгі тіс тазалағышты қолдану. Бірақ пастамен тазалауға болмайды. Өйткені ол сілекейге араласып ішке кетуі әбден мүмкін.

16 - Өз бетінше келген құсық, тіпті ауыз толтырса да, оразаны бұзбайды. Алайда келген құсықты жұтып қойса, бұзылады.

17 - Жүніп күйінде таң атыру оразаны бұзбайды. Бірақ таң намазы үшін ғұсыл құйынуы парыз.

18 - Белгілі бір себеппен ауыз ашуға ниеттеніп, сосын бұл ниетінен қайтса, ораза бұзылмайды.

19 - Естен тану.