Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
лшылы фиы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
3.53 Mб
Скачать

Дәретсіз күйде не істеуге болмайды?

1. Намазды және оған ұқсайтын тиләуат сәждесі, шүкір сәждесі, жаназа намазы секілді құлшылықтарды атқаруға болмайды. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا تقبل صلاة من أحدث حتى يتوضأ)

«Дәреті бұзылған кісі қайта дәрет алмайынша намазы қабыл болмайды»5.

2. Құран кітабын, құран аяттары жазылған нәрсені, құран аяттарымен безендірілген қабырғаны және жиектемені ұстауға болмайды. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا يَمَسَّ القرآن إلاّ طاهراً)

«Құранды дәретті кісі ғана ұстайды»6.

Алайда Құран кітабы салынған қапшықты, сөмкені, қолдорбаны, портфельді ұстауға болады. Сонымен қатар дәретсіз кісіге Құран аятын қағазға жазуға тыйым салынбайды. Тәпсір кітабына келетін болсақ, егер тәпсірдің көлемі Құраннан көп болса, дәретсіз ұстауға болады. Тәпсірдің көлемі Құраннан аз немесе оған тең болса, дәретсіз ұстауға болмайды.

3. Қағбаны тауап ету. Ибн Аббастан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(الطواف بالبيت صلاة، إلا أن الله قد أحل فيه النطق فمن نطق فيه فلا ينطق إلا بخير)

«Қағбаны тауап ету дегеніміз - намаз. Айырмашылығы, Аллаһ тауап кезінде сөйлесулеріңе рұқсат етті. Кім тауап кезінде сөйлесе, жақсылықтан басқасын сөйлемесін»1.

Үзірлі кісінің дәреті

Зәрі тоқтамайтын, желі ұстамайтын, мұрны қанайтын, жараланған және жарасы бітпеген кісілер, сондай-ақ етеккірден кейін жатырдан тыс тамырдан қан келетін әйел кісілерге дәреттерін алып, намаздарын оқи берулеріне болады. Мұндай себептерді «үзір» деп атайды. Сол сияқты аурудың әсерімен құлақтан, кіндіктен, емшектің үрпінен қан, ірің, сарысу ақса, безеу мен сыздауықтың аузынан сарысу шықса және дәрет алынған соң, әлі де шығуын тоқтатпаса, намазын оқи береді.

Харижа ибн Зайд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)كبر زيد حتى سلسل منه البول فكان يداويه ما استطاع فإذا غلبه توضأ وصلى(

«Қартайған кезінде Зайдтің зәрі тоқтамайтын болды. Ол қолдан келгенше емделетін. Алайда зәрі тоқтамағандықтан, дәрет алып, намазын оқи беретін»2.

Әл-Масур ибн Махраманың айтуынша, Аллаһ тағала оған разы болсын, Омар ибн әл-Хаттаб, Аллаһ тағала оған разы болсын, соғыста жарақаттанған түннің таңында жарасынан қаны ағып тұрса да, намаз оқыды3.

Икримадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, мұрнынан қаны тоқтамай тұрған кісі туралы сұралғанда, ол:

)يسد أنفه ويتوضأ ويصلي(

«Мұрнын бітесін. Кейін дәрет алып, намазын оқи берсін»-деді4.

Үзірлі кісіге қатысты үкімдер:

1. Үзірлі кісі әр парыз намазының уақыты кіре сала дәрет алады. Бұл дәретімен парыз намазын да, нәпіл намазын да оқи алады. Сондай-ақ өткізіп алған намазының қазасын өтей алады, уәжіп намаздарын және Құран оқи алады. Бұл үкім пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мына хадисіне негізделеді:

)المستحاضة تتوضأ لوقت كل صلاة(

«Истихада1 келетін әйел әр парыз намазының уақыты кіргенде дәрет алады»2. Аналогия бойынша, басқа үзірлі кісілер де осылай істейді.

2. Үзір дәретті бұзбайды. Алайда, дәретті бұзатын басқа себептердің пайда болуымен дәрет бұзылады. Үзірлі кісінің дәреті парыз намазының уақыты шығуымен бұзылады. Имам Әбу Ханифа, оған Аллаһ тағаланың рақымы болсын, үзірлі кісінің дәреті жайлы былай деді: «Үзірлі кісінің дәреті намаз уақытының кіруімен емес, шығуымен бұзылады...».

Үзірлі кісі қолдан келгенше үзіріне сақтық қылғаны жөн. Мысалы, намаз оқығанда көп қозғалу, көтерілу, еңкею зәр немесе желдің қайта-қайта шыға беруіне әсер етсе, намазды отырып оқыған дұрыс болады.

Үзірлі кісіден талап етілетін шарттар

1. Үзірдің нақты болуы.

2. Үзірдің тоқтамауы.

3. Үзір тоқтай ма деп, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіруі. Мысалы, намаз уақыты кірді. Мұрыннан немесе жарадан қан ағып тұр. Қанның тоқтауын намаздың ақырғы уақытына дейін күтеді. Егер қан тоқтамаса, дәретін алып, намазын оқи береді. Қанның намаз уақыты шыққанға дейін тоқтамайтындығы сезілсе, намазын оқи береді және намазы үзірге қатысты жарамды болады. Бесін намазының уақыты кезінде жарадан қан ақса, оның тоқтауын бесіннің соңғы уақытына дейін күтеді. Сосын соңғы уақытында оқиды. Қан келесі намаздың уақыты кіруімен бірге тоқтаса, үзір жойылып, оқыған намазын қайта оқиды.

Үзірлі кісінің үзірі бір аптадан кейін тоқтаса, бір апта бойы оқыған намаздарын қайта оқымайды. Өйткені үзірлі жағдайда оқыған намаздарының бәрі - дұрыс. Үзірлі кісінің киіміне үзірінің нәжісі тисе, киімін жууы шарт емес. Өйткені үзірі тоқтамайынша таза киімі қайта былғанады. Алайда әр парыз намазына жаңа дәретпен тұруы шарт.

Бесінші бөлім: Мәсінің үстіне мәсх1 жасау

Мәсі дегеніміз - аяқ табанынан тобыққа дейін киілетін былғарыдан тігілген өкшесіз аяқкиім.

Үкімі. Мұсылмандар үшін жеңілдік мақсатымен, әсіресе сапарда, сондай-ақ қыстыгүні, суық күндері әскер қатарындағы сарбаздарға, зауыттарда ұзақ істейтін жұмыскерлерге, дәрет алу мүмкіндігі қиынға соққан оқу орындарында білім алушы талапкерлерге берілген шариғаттың рұқсаты. Ер кісіге де, әйел кісіге де, мейлі жолаушы болсын, мейлі тұрғылықты болсын, дәрет алған кезде аяқты жуудың орнына мәсінің үстіне мәсх жасауына болады.

Дәлелі:

Сексеннен астам мутауатир2 хадис аяқты жуудың орнына мәсінің үстіне мәсх жасаудың заңды екенін дәлелдейді. Мұғира ибн Шаъба, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады:

)كنت مع النبي صلى اللّه عليه وسلم في سفر، فأهويت لأنزع خفيه فقال: (دَعْهما فإني أدخلتهما طاهرتَيْن، فمسح عليهما)

Мен Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарда болған едім. (Дәрет алған кезінде) мәсілерін шешуге еңкейгенімде ол: «Мәсілерімді шешпе. Ол екеуін дәретті аяқтарыма кидім»-деп, мәсілерінің үстіне мәсх жасады3.

Сафуан ибн Ассал, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يأمرنا إذا كنا سَفراً أن لا ننزع خفافنا ثلاثة أيام ولياليهن إلا من جنابة، ولكن من غائط وبول ونوم)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жолаушы кезімізде түзге отыру мен ұйқыны есепке алмағанда, жүніп болмайынша мәсілерімізді үш тәулік бойы шешпеуімізді бұйыратын»4.

Имам Әбу Ханифа, Аллаһ тағаланың оған рақымы болсын, былай деді: «Маған күннің жарығындай айқын дәлел келгенше, мәсінің үстіне мәсх жасау мәселесінде ешнәрсе айтпадым».

Шарттары

1. Дәретті аяққа киілуі. Дәретті аяққа кию дегеніміз - толық дәрет алған бетте немесе біраздан кейін дәрет бұзылмай кию.

Мұғира ибн Шаъба, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады: «Мен Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге сапарда болған едім. Дәрет алған кезінде мәсілерін шешуге еңкейгенімде ол: «Мәсілерімді шешпе. Ол екеуін дәретті аяқтарыма кидім»-деп, мәсілерінің үстіне мәсх жасады5.

2. Мәсінің нәжістен таза болуы және аяқты тобықпен қоса жабуы. Тобыққа жаппаған мәсіге мәсх жасауға болмайды. Сондай-ақ доңыздың терісінен тігілген болмауы.

3. Мәсінің бір фарсах6 жерді жүруге жарауы.

4. Мәсінің аяқта баусыз берік тұруы.

5. Мәсіде үлкен тесіктің болмауы. Аяқтың кіші үш башпайының көлеміндей тесік үлкен саналады. Кішкене тесіктің болуына рұқсат етілудің себебі аяқкиімнің кішкене тесіктен аман болуы сирек кездесетін жәйт.

6. Су өткізбеуі. Мәсі былғарыдан не су өткізбейтін материалдан тігілген болуы шарт. Өйткені кез келген аяқкиімнің мақсаты аяққа су өткізбеу. Ал су өткізетін аяқкиім аяқты жылытпайды.

Мерзімі

Тұрғылықты адам үшін - бір тәулік, жолаушы үшін - үш тәулік. Әлиден, Аллаһ тағала оған разы болсын, мәсінің мерзімі жайында сұралғанда былай деді:

(جعل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم ثلاثة أيام ولياليهن للمسافر، ويوماً وليلة للمقيم)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) (мәсінің мерзімін) жолаушы үшін үш тәулік, тұрғылықты адам үшін бір тәулік қылды»1.

Тұрғылықты адам үшін бір тәулік бойы, жолаушы үшін үш тәулік бойы мәсілерін шешпеулері рұқсат. Дәрет алған сайын олар аяқтарын жуудың орнына мәсілерінің үстіне мәсх жасайды.

Тұрғылықты адам мәсісінің үстіне мәсх жасап, жолға шықса, мерзімді үш тәулікке толтырады. Жолаушы кісі бір тәуліктен соң, қайтып келсе, мерзімі тоқталады. Мерзім мәсі аяққа киілгеннен кейін, дәреттің бұзылуымен басталады.

Мәсінің үстіне мәсх қалай жасалады?

Мұғира ибн Шаъба, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)أن النبي صلى اللّه عليه و مسح على خفيه و وضع يده اليمنى على خفه الأيمن و يده اليسرى على خفه الأيسر ثم مسح إلى أعلاه مسحة واحدة)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мәсілеріне мәсх жасады. Оң қолын оң мәсісінің үстіне, сол қолын сол мәсісінің үстіне қойды. Сосын мәсілерінің үстіне (төменнен) жоғары қарай бір мәрте мәсх жасады2.

Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Дін ойға ерген болса, мәсх мәсінің үстіне емес, астына жасалар еді. Алайда, мен Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) мәсхті мәсілерінің үстіне жасағанын көрдім»3.

Қорытынды: Мәсх жасау үшін сулы қолдың аралары ашылған кіші саусақтарының үшеуінің ұштарымен аяқ башпайларынан тобықтың деңгейіне дейін мәсінің үсті сүртіп өтіледі. Оң қолдың саусақтарымен оң аяқтың мәсісінің үсті, сол қолдың саусақтарымен сол аяқтың мәсісінің сүртіледі.

Мәсхті бұзатын нәрселер мен жағдайлар

1. Дәретті бұзатын нәрселер мен жағдайлар.

2. Мәсінің шешілуі немесе үлкен тесіктің пайда болуы. Бір мәсі шешілсе де мәсх бұзылады. Сондықтан екіншісін шешуге тура келеді.

3. Судың өтіп кетуі. Тіпті біреуіне өтсе де, мәсх бұзылады.

4. Мерзімнің аяқталуы. Тұрғылықты кісі үшін - бір тәулік, жолаушы үшін - үш тәулік.

Мәсі шешілгенде, мәсіге су өткенде, мәсінің мерзімі аяқталғанда адам дәретті болса, дәретін жаңартуы шарт емес. Мұндай жағдайда тек аяқтарын жуады. Алайда, судың немесе күннің суықтығынан, немесе басқа да себептерге қатысты шарасыз болса, имам Әбу Ханифаның көзқарасында мәсілерін шешпей, үстілеріне мәсх жасауға болады. Аяқтарын жууға қолайлы жағдай туғанша осылай істейді.